Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 94 (574) ЖАҺАНША ДОСМҰХАМЕДОВ – АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ӨРШІЛ ҚАЙРАТКЕРІ

А. ИБРАЕВА, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ, Петропавл, Қазақстан

ӘОЖ 94 (574) ЖАҺАНША ДОСМҰХАМЕДОВ – АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ӨРШІЛ ҚАЙРАТКЕРІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(20)2019

Аңдатпа:
Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы тапсырмаларын орындау аясында «тұлғаландыру сипатына ие болған» отан тарихын шынайы түрде талдау мақсатында біртуар қайраткерлердің мемлекеттіліктің, елдің ғылымы мен мәдениетіне қосқан үлесін зерттеу өзекті болып табылады. Бүгінде қазақ тарихы мен сол тарихты қалыптастырған ұлы тұлғалардың басым бөлігі терең және үлкен зерттеулерді қажет ететіні анық. Алаш арыстарының бірі, Алашорданың Батыс бөлімі жетекшілерінің басшысы Жаһанша Досмұхамедов сынды тұлғаны жан-жақты тереңдете зерттеу бүгінгі күні өзекті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында жұртшылыққа бүгін ұсынылып отырған бұл мақалада Жаһанша Досмұхамедовтың өмірбаяны, саяси қызметі туралы айтылады. Түйін сөздер: «Рухани жаңғыру», тұлға, зерттеу, сиез, буржуазиялық-демократиялық, дерек, қазақи орта.
Мазмұны:

Кіріспе. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және оның аясында жарық көрген «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы, еліміздің мәдени, рухани өміріне айтарлықтай серпіліс әкелгені сөзсіз. Жоғалтқанымызды іздеуге, ұмытқанымызды қайта жаңғыртуға мол мүмкіндік туды. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұсынылып отырған жобалардың алдағы уақытта жүзеге асырылуы мемлекеттік деңгейде қарастырылып отыр. Мақалада көрсетілген маңызды бағыттардың бірі «Ұлы Даланың ұлы есімдері» жобасы. Азаттық таңы атқан күннен бастап қазақ тарихы жан-жақты зерттеліп, зерделенді десек те, Алаш арысы, Алашорданың батыс бөлімі жетекшілерінің бірі Жаһанша Досмұхамедов сынды тұлғалардың саяси қызметі және мұрасы туралы әлі де қарастырар мәселелер баршылық. Ғылыми мақалада Ж. Досмұхамедтың саяси көзқарасының қалыптасу кезеңдері, «Алашорда» үкіметін құрудағы рөлі мен қызметі баяндсалады.

[1]

Дереккөзі мен әдістері. Қоғам және мемлекет қайраткері Ж. Досмұхамедовтың өмірі мен қызметіне қатысты зерттеулерді жан-жақты саралай келе, бірнеше топқа бөлуге болады. Алғашқылардың қатарына, Алаш қозғалысы өкілдерінің еңбектері енсе, екінші топқа – ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі еңбектер, үшінші топқа  –ХХ ғасырдың 30-80 жылдарында жарық көрген «Алаш» қайраткерлерінің революциялық бағыттағы рөлі жайында жазылған еңбектер жатады. Бұл кезеңде «Алаш-Орда» тақырыбы жабық болғандықтан, жалпы бұл қозғалыс және қайраткерлерінің еңбегі туралы толық мәлімет алу мүмкін болған жоқ. Төртінші топқа – тәуелсіздік кезеңінде жарық көрген ғылыми еңбектерді қатқызамыз. Бұл еңбектердің құндылығы ғалымдар тарапынан «Алаш-Орда» мәселесін жан-жақты және терең зерттеуге мүмкіндік туды. Бұрын беймәлім болған мұрағат деректеріне сүйене жазылған ғылыми зерттеулер жарыққа шыға бастады.

Мәселенің теоретикалық-әдіснамалық жағына жалпы ғылыми зерттеулер негіз болды. Әдіснамалық тұсынан келетін болсақ, жалпылама, жеке және арнайы әдістерге жүгіне отырып, ғылыми мақаланың жан-жақты зерделенуіне арқау болатын логикалық, тарихи, жүйелілік, салыстырмалық әдістер қолданылды. Тарихи-салыстырмалық және тарихи-жүйелелілік әдістері Ж. Досмұхамедовтың өмір сүрген кезеңіндегі қоғамдық-саяси ахуалды, әлеуемттік-экономикалық жағдайды саралай отырып, мәселенің терең ашылуына негіз болғанын айта кету керек.  

Талдамалар. Осы күнге дейін жарық көріп, ғылыми айналымға енгізілген зерттеулердің нәтижесінде Алаш қайраткері Ж. Досмұхамедовтың өмір мен саяси қызметі талданды. Талдау барысында қайраткердің туып-өскен, білім алған ортасы, саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен жағдайлар ғылыми түрде зерделенді. Қазақстанның патшалы Ресейдің қоластындағы жағдайы және ХХ ғасырдың басындағы саяси ахуал мен әлеуеметтік-экономикалық үдерістірдің қоғамның дамуына әсері жан-жақты қарастырылды.

Нәтижелер.Ғұмырнамасына келетін болсақ, Жаһанша Досмұхамедов 1887 жылы маусым айында Орал облысы, бұрынғы Жымпиты, қазіргі Сырым ауданы, Бұлдырты кеңшары жерінде дүниеге келген. Оның туған жылы туралы түрлі дерек айтылып келеді, дегенмен негізгі құжатты дерек Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан алынған (ҚР ҰҚКМ) № 424-ші тергеу хаттамасы. Бұл хаттама 1930 жылдың желтоқсанында Жаһанша Досмұхамедовтың өз қолымен толтырылған, онда Жаһанша Досмұхамедов «Мне 43 года» деп жазған, жылдармен салыстыра есептегенде, оның туылған жылы 1887 жыл болып шығады. Бұл жайында кейінгі шыққан еңбектерде айтылған. Туған күні туралы ақпаратты Халел Досмұхамедовтың қызы Қарашаш Халелқызының айтуынан алса – 28-інші маусым [1].

Сонымен қатар Жаһанша Досмұхамедовтің есімі жөнінде де бірнеше түрдегі жіктеулер кездеседі. Кезінде Жымпитыдағы медреседе мұсылманша білім алып, оны өз бетімен әрі қарай жетілдіре түскен, әрі-бері мұсылман халықтарының тарихынан хабардар әкесі Досмұхамед баласына азан шақырып Жаһаншаһ (ұлы моғолдар әулетінің атақты Тадж-Махалды салдырған үшінші патшасының атына ұқсастырып) деп ат қойған екен [2, 8-б.].

Жаһанша Досмұхамедов 1930 жылы 7 желтоқсанда Алматы қаласында өткен тергеу ісінің хаттама көшірмесінде оның есімі «Жаһанша» деп өз қолымен толтырылған. Әртүрлі құжаттық деректерді салыстыра қарап, Ж. Досмұхамедовтің өз қолымен толтырылған құжат дерегін басшылыққа ала отыра, оның есімі Жаһанша болып жазылуы керек.

Отбасылық, әулеттік жағдайы дәстүрлі қазақи ортада өсіп, тәрбиеленгенін өмір сүрген әлеуметтік ортасы айқындап отыр. Әкесі Досмұхамед өз кезеңінде сол өлкедегі ауқатты адамдардың бірі, руластарының беделді адамы болған. Досмұхамед екі ағайынды: ағасы – Ізмағамбет. Досмұхамедтен екі ұл тараған: Қабас (Ғаббас) және Жаһанша. Қабастан тоғыз ұл-қыз тараған. Анасы – Мыжық (Рабиға) ауыл-аймаққа беделді, ағайынға қадірлі адам болған. Жаһанша жастайынан зерек болып, ауыл молдасынан білім алып, кейіннен әкесінің жалдап алған мұғалімінен орысша тіл сындырып, Жымпитыда екі кластық «Приходская школада» мұғалім болған Сүйірбаев Құрбанғалидан білім алған.

Досмұхамед баласын оқуға жөнелтпекші болған кезде, баласына бата алу үшін дастархан жайып, ағайын-тума, көрші-көлеміне қосып, іргелес орналасқан байбақты, алшын, беріш руларының елбасыларын, атқамінерлерін қонаққа шақырды. Тойда бүкіл Сырым еліне белгілі Соналы болысының старшыны Ақшолақ Сарықожаұлы, оған көршілес Дат тұқымы Сырымның баласы Қазының ұлы Омар, Тайсойғаннан келген беріш руына танымал азаматтарының бірі – Досмұхамед және осы өңірдің әулиесі атанған хазірет Қуанай шақырылған.

1898 жылы Сырым елінің баласы Жаһанша Досмұхамедов Оралдағы әскери реалдық училищенің дайындық класына қабылданады. Училищенің 1 дайындық, 6 негізгі және 2 қосымша кластарында 300-ге жуық бала оқыған. Соның ішінде 18-і қазақ балалары. Жаһанша мектеп есігін алғаш ашқан күннен бастап-ақ оқу ынталылығын, зеректігін көрсеткен. Жаһанша зеректігімен дайындық кластан негізгі 1-ші класқа 1899 жылы тамыз айында емтихансыз қабылданған [3].

Әскери реалдық училищеде Ж. Досмұхамедов, Х. Досмұхамедов, Ж. Сейінтұров, Ғ. Бердиев, Ш. Көсепқалиев, С. Сарықожин, М. Бекімов, І. Көпжасаров, С. Танашев, Қ. Әзімұратов тағы басқа сияқты қазақ балалары білім алып, Жаһаншамен байланыста болып, қамқорлық жасаған. Жаһанша солармен бірге уақыт өткізіп, олармен достасты, сырласты. Училищеде 1902 жылы 21 ақпанда ұлы орыс жазушысы Н.В. Гогольдің қайтыс болуына 50 жыл толуын атап өтуде Жаһанша «Ревизордың» бірінші актісіне қатысып және «Майская ночь» повесінен үзінді оқуда өзінің әдебиетке көп көңіл бөлетінін танытты.

1905 жылы 31 мамырға дейін толық курсын оқып бітіріп, сол жылғы 27 қарашада № 991 аттестатпен 1906 жылы тамыз айында, Орал облысының стипендиаты ретінде Император атындағы Мәскеу университетінің заң факультетіне түсіп, оны № 175 бітіру куәлігімен 1910 жылы 4 наурызда бітіріп шыққан. Университет студенттерінің арасында ұлт аймақтарынан келген студенттер сирек кездесетін, деген олар оқуда, қоғамдық кездесулерде, пікірталастарда белсенділігімен көзге түсетін. Сол кезде Столыпин реформасы ресми әңгімелерде жарасымды пікірлер уағыздалды; Ресейде буржуазиялық-демократияға жол ашылды делінген. Жаһанша оның Орта Азия т.б. Шығыс аймақтарынан келген әріптестері Столыпиннің жер реформасын патша өкіметінің отарлау саясатының басты құралы деп түсінді.

Осы оқу орнында орыс және Батыс ғалым-заңгерлерінің озық ойлы бөлігінің еңбектері ықпалымен заңдық-құқықтық қоғам жетістіктеріне көз жеткізіп, қазақ тәрізді дамудың төменгі сатысында қалған ел үшін ескі кереге биліктен азаматтық-заңдық билік түріне көшудің аса қажет екендігін ұғынды. С.А. Андреевский, Н.П. Карабчевский, А.Ф. Кони, Ф.Н. Плевако, В.Д. Спасович сияқты Ресейдің атақты сот шешендерінің өмірі мен қызметін зерттеп, болашақ қызметіне керек шешендік өнердің қыр-сырын меңгерді. Оралға оралып, заңгер болып жұмысқа орналасты, жергілікті газетте жер, ұлт мәселесіне қатысты батыл ойлы мақалалар жариялады. Қырғидай қыршын юристтен сескенген Орал генерал-губернаторы соңына түсіп, Том қаласына қызметке кетуге мәжбүр болды [4].

Мәскеу университеті Жаһанша Досмұхамедовке тек құқықтық көзқарасын шыңдауға әсер етіп қоймады, оның адами қалыптасуына, ержетіп, қанатының қатаюына зор ықпал еткен. Ол университет қабырғасынан заңгерлік білім алуда басқалардан озыңқы, ыждағаттылық көрсетіп, өзін біліммен қаруландырып, алға қойған мақсаттарын орындап отырған. Университетте заңгер-профессорлардың лекцияларынан басқа Батыс Еуропа елдері заңгерлерінің еңбектері болды. Жаһанша заңгерліктің басты шарттарының бірі ораторлық (шешендік) өнерге барынша тырысып бақты. Шығыс тілдері факультетінде өтетін лекцияларға өз бетімен қатысып, бұрын сонңды естімеген деректерге көңіл аударып, Қазақстан, Орта Азия халықтарының Ресей империясының қол астына бағыну тарихымен және ол аймақтардағы ұлт-азаттық қозғалыстар жөніндегі ғылыми-зерттеу жинақтарын іздестіріп тауып оқыған. Қосымша шығатын «Вестник права», «Тюремный вестник» журналдарын, «Права» заңгерлік газетін т.б. оқып, өз білімін тереңдетумен айналысты.

Университет қабырғасында мемлекеттік, азаматтық, әсіресе қоғамдық құрылымдар құқықтары тарихынан және басқа да заң пәндерінен терең білім танытқан ол, оның ішінде қазақтың дәстүрлі халықтық құқық үлгілері мен соңғы француз революциясының республикашыл алдыңғы қатарлы құқықтық заңдары да бар, патшалы Ресейдің сот, прокуротура жүйесіне қызметке қабылдануына қол жеткізген.

Жоғары оқу орнын аяқтап шығу үшін бой тасалауды да ұмытқан жоқ. Оның басқалардан гөрі бақылаудан тысқары қалуына себепші болған жағдай – бұрын қазақ жеріндегі Черняев (Шымкент қаласының) оязы болған генерал Колоссовскийдің отбасымен жақындасуы, К. Колоссовскийдің осында, Мәскеуде медициналық курстарда оқып жүрген апалы-сіңілі қыздары Ольга мен Надежданың Жаһаншамен танысып, уақыттарын бірге өткізуі. Осы жағдайға байланысты Жаһанша мәртебелі адамдармен жиі кездесіп, елде болып жатқан жағдайларға байланысты, әсіресе, үкімет төңірегіндегілердің әңгімелерінен өзіне қажетті мәліметтерді естуіне, білуіне мүмкіндік алды. Аталмыш қыздармен жақын қарым-қатынаста болған большевиктер тобының жетекшісі В. Ульяновтың болашақ жұбайы Надежда Крупскаямен де танысуға қол жетті.

Кейінгі зерттеулерге және онда келтірілген деректерге жүгінсек, 1910 жылы 4 наурызда Мәскеу университетінің заңгерлік факультетін тәмамдаған дипломын алып, Жаһанша Досмұхамедов елге оралады. Оның Император атындағы Мәскеу университетінің құқық факультетін бітіргені жөнінде Мәскеу орталық тарихи мұрағаты 418-қор, 320-тізбе, 529-ісінің 8-ші парағында берілген. Бұл құжатта Жаһанша Досмұхамедовтің университет қабырғасында оқыған пәндерінің сағаттары, тапсырған емтихан, қосымша оқыған семинар сабақтары толық жазылған.

1911-1917 жылдары әуелі адвокат, кейін Том округтік сотының Каинск уезі бойынша прокуроры қызметтерін абыроймен атқарды [5].  1911 жылы Жаһанша Досмұхамедов Орал қаласында құрылған «Көші-қон басқармасының» қарамағында статистикалық комиссиясының құрамына мүше болып кірген. Бұл басқарма Ақмола, Торғай, Орал, қырғыз (қазақ) шаруашылықтарының есеп жинақтарын алу жұмыстарымен айналысты. Осы жұмыста істеп жүріп 1911 жылы Оралда шығатын «Уральский листок» газетінің қаңтар айында № 9, № 14, № 20 сандарында «Несколько слов о Киргизском (казахском) обычном праве и народном суде» атты мақаласы жарық көрген [6]. Мақалада Тәуке ханның басқару кезіндегі қазақ мемлекетіндегі «Жеті жарғы» заңы оның жүйелері толықтай суреттеліп, «Дала Конституциясы» деген атты иеленген бұл заң қазақ халқының мемлекеттілігін, заңдылығын жария ететіні жөнінде баяндаған. Жаһаншаның өткір мақаласы өкімет адамдарына ұнамай, оны елден, халықтан қол үздіру мақсатында Орал облысынан кетуге мәжбүр етеді.

1912 жылы Орал округтік сотында жұмыс істеп жүргенде, бақылауда болады, кейіннен Барнау уезінің 10-шы учаскісінде судьялық міндетін атқарған. Бұл Омбы судьялық палатасына қарайтын. 1913 жылы Жаһанша Змейногорск уезінің 1-ші учаскесіне жұмысқа ауыстырылады. Осы жылдың күзінде Барнауыл қаласына шақырылып, прокурордың көмекшісі қызметіне тағайындалады. 1914 жылы наурызда Томск округтік сотының жолдас-прокурор қызметіне тағайындалып, Каинск уезі бойынша жауапты болып есептеледі. Томск округтік сотында жолдас-прокурор қызметін атқара жүріп, ол саяси тұтқындарды бақылады және Жаһаншаның сол кездегі әскери шені генерал юстицй (әділет) еді. Ж. Досмұхамедов 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін округтық соттың прокурорының жолдасы (орынбасары) міндетін атқарған. Туған топырағына, өз қандастарына борышты екендігін Жаһанша еш уақытта ұмытпаған. Қазақтардың басым көпшілігінің қараңғылықта, әлеуметтік, саяси ағымдардан бейхабар қалғандығы жас заңгер барынша мойытты.

Томск қаласында округтік прокурордың жолдас-орынбасары болып және оған қоса адвокаттық жұмыс атқарған. Көп ұзамай  жас адвокаттың істеріне ризалардың қатары көбейген. Жаһанша Досмұхамедов осы жұмыста жүріп қазақ даласының саяси істеріне барынша өз көмегін берген. «Қолынан бәрі келеді» атанған заңгер Жаһанша Досмұхамедов Омск, Троицк, Санк-Петербург қалаларында өткізілген талай процестерге қатысып, абырой үстіне абырой жинап, үлкен беделге ие болған. Жан-жақты, қабілетте, терең білімді, орыстың айшықты тілін еркін меңгерген, сөздері өткір әрі дәл, шешен сөйлейтін Жаһанша ортақ заңдылықты мойындамаушыларға, сот жүргізушілердің озбыр қылықтарына қарсы болды. Жаһанша ортақ заңдылықты мойындамаушыларға, сот жүргізушілердің озбыр қылығына қарсы болды. Ол қазақ жұртынан шыққан тұңғыш прокурор еді.

1917 жылғы Ақпан төңкерісінің жеңісі күллі қазақ деген ұлт зиялыларының басын қосуға мүмкіндік берген. 1917 жылы сәуір-мамыр айларында көптеген облыс уездердің орталықтарында аймақтық қазақ съездері өткізіліп, қазақ комитеттері құрыла бастады. Оралдың жекеленген өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдары болған облыстық және уездік атқару комитеттерінің құрамына енген. 1917 жылы қазақ съездері Орынбор (Торғай облыстық), Орал (Орал облыстық), Семей (Семей облыстық), Омбы (Ақмола облыстық) қалаларында болды. Қазақ съездерін өткізу Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, Ж. Ақбаев, Ә. Ермеков, Х. Ғаббасов, Р. Мәрсеков, А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов т.б. белсене араласты.

Орал облыстық қазақ комитеті – Жайық өзенінің сол жағалауын қоныстанған қазақ ауылдарын басқару мақсатында құрылған атқару органы. 1917 жылы 19-22 сәуір аралығында Орал қаласында өткен Жайық сыртқы қазақтарының 1-ші съезінде бұрынғы Жайық сырты бөлігін басқару жөніндегі уақытша комитеттің орнына құрылды [6].

Сиезде облыстың қазақ комитетінің құрамына мына адамдар сайланды: Ж. Досмұхамбетов, И. Таңберменов, Х. Тасымов, Т. Сыпырбөлиев, И. Мұқанов, Д. Сарсенбаев, Ғ. Әлібеков, Д. Құсіпқалиев, Б. Жанқадамов, Р. Қаржаубаев, Д. Жұлдызов, Х.Досмұхамбетов, И.Топаев, И. Әбенов, К. Жаленов, Ғ. Есенғұлов, С. Қаратілеуов, Б. Жұманғалиев, С. Омаров, Б. Тілепов. Орал облысының барлық болыстарынан сайланып келген 800 делегаттың қатысуымен Орал қаласының қазіргі Ж. Молдағалиев ескерткіші тұрған жерде, бұрынғы цирк үйінде қазақ құрылтайы өткізілді. Оған Байұлы, Әлімұлы, Жеті ру өкілдері мен болыс басшылары қатысты. Сиез уақытша қазақ комитетінің төрағасы Ғұбайдолла Әлібеков ашып, құттықтау сөз сөйледі. Сол бірінші облыстық қазақ съезінің төрағалығына бір ауыздан Жаhанша Досмұхамедұлы сайланған. Сиез өз жұмысына тыңғылықты дайындықпен келді. Ұсынған бағдарламамен жүрген сиезд Жайық қазақтары үшін өмірлік маңызы бар бірқатар қарар қабылдады, соның ішінде тұрақты Жайық сырты облыстық қазақ комитеті сайланды, жаңадан жергілікті басқару құрылымы белгіленді. Сиез Жаһанша Досмұхамедовты Мәскеуде өтетін I Бүкілресейлік мұсылман съезіне делегат етіп сайлады .

Жаһанша Досмұхамедов съездің хаттамасындағы мәліметтерге қарағанда, Томск округтық соты прокурорының қызметін атқарған; ол съезд жұмыс істеген уақытта Оралда демалыста жүрген болатын. Округтық сот орынбасары үлкен лауазым иесі болған екен. Оған Томск губерниясындағы саяси айдауда болғандар мен қамау орындарының үстінен қарау құқығы берілген болатын. Халық өкілдерін қолайлы саяси ахуал шабыттандырса керек, олар ерекше көтеріңкі көңіл-күймен төрт күн бойы мәжіліс құрған. Құрылтай Төрағасы ретінде Ж. Досмұхамедов халық өкілдері жиналысының мазмұнды өтуіне тікелей әсерін тигізді. Жаһанша Досмұхамедұлының ұсынуымен съезд алғашқы күні мемлекеттік басқарудың түрі туралы және уақытша үкімет пен соғысқа көзқарасты айқындау жайында мәселелер қарады. Төрағасының ұсынысы бойынша съезд мынандай шешімдер алды: 1. Ресей халықтарын құлдықта, қараңғылықта ұстаған монархия осыдан былай жойылсын; 2. Ресейде Демократиялық Республика орнату идеясын түгел қуаттай отырып, қазақи халқына ұлттық территориялық автономия беруді талап етеді. 3. Қазақ еліне келімсектерді жіберуді тоқтатып, осы кезге дейін пайдаланбай келген монастырьлардың, шіркеулердің, дворяндардың жерлерін қазақтарға себеп-сылтаусыз қайтарылсын; 4. Бұрынғы бюрократтық әкімшілік жүйесі жойылып, оның орнына қазақ жерінде халық сайлаған өкілетті комитеттер құрылсын; 5. Халық ағарту ісін қанағаттанғысыз деп тауып, мұғалімдер съезін өткізу, Оралда гимназия бағдарламасы негізінде қазақ балаларына арнайы оқу орнын ұйымдастырып оны қазақ қаражатына салынған бұрынғы кәсіптік мектептің үйіне орналастыру белгіленсін; 6. Қазақ тілінде газет, кітапшалар шығу шаралары жүзеге ассын.

Орал облыстық қазақ съезінде құрамы 22 адамнан тұратын тұңғыш рет қазақкомитеті құрылды. Съезд қабылдаған шешім-қарарлар хаттамасына оның төрағасы Жаһанша Досмұхамедов, оның серіктестері (орынбасарлары) Ғ. Әлібеков пен А. Қалменов, хатшылары Ғ. Жетпісбаев, Х. Ахметше және Н. Арғыншиев сайланды [7]. Жаһанша Досмұхамедұлының ұсынуымен съезд алғашқы күні мемлекеттік басқарудың түрі туралы және уақытша үкімет пен соғысқа көзқарасты айқындау жайында мәселелер қарады. Талқылау нәтижесін қорыта келе: «...монархизм - демократияны құлдықта ұстаудың символы, бір халықты екіншісіне айдап салудың қайнар көзі – мәңгі жойылуға тиіс; қазақ халқы демократиялық Республика идеясын қолдайды, ұлттық-территориялық федерация туралы мәселені әзірге ашық қалдырады», «...қазақ халқы соғыстан басқа халықтармен бірдей зардап шегуде, оның ұлдары да отан қорғау үшін шақырылып алынған; ...қазақ халқы бастан кешіп отырған ауыр экономикалық жағдайға қарамастан, съезд мынаны мойындайды: күллі әлемнің тыныштығына қауіп төндіріп тұрған герман милитаризмі жойылғанға шейін соғысу қажет; жұмысшы және солдат депутаттары кеңесі жария еткен жоғары адамгершілікті принципте, яғни аннекциясыз, контрибуциясыз бітім жасалуға тиіс, алайда бұл бітім талқандалған елдердің тәуелсіздігін қайта қалпына келтіруді, ұсақ халықтарға өз тағдырын өзі айқындау құқын беруді және артынша барша мемлекеттердің қарусыздануын ескеріп жасалуға керек», «жария етілген бағдарламасын жүзеге асыруға және демократия мүддесін қорғауға қызметі бағытталып тұрған шақта – уақытша үкіметке жан-жақты жәрдем көрсетілcін» [5, 56 б.] деген қарарлар қабылданды.

Орал облыстық съезінің күн тәртібі басқа облыс съездерінен ерекшеленіп тұрды. Зерттеуші Кеңес Нұрпейісов атап көрсеткендей, көлемі де, деңгейі де, маңызы да әртүрлі бір-бірімен байланысты үш мәселе жалпымемлекеттік, ұлттық және аймақтық (жалпыроссиялық, қазақтық немесе қазақстандық және оралдық) мәселе жеке-жеке жүйеленген [6, 47 б.].

Съездің екінші күні (20.04.1917 ж.) аграрлық мәселелерді талқылауға арналды. Бұл мәселені түбегейлі шешуді Құрылтай Жиналысының үлесіне қалдырғанымен, делегаттар жер иемдену көлемі еңбек нормасына сай болу қажет деп шешкен.

Съездің үшінші күні (21.04.1917 ж) Халел және Жаһанша Досмұхамедовтардың облыстық қазақ аудандарын басқаруды қайта құру бағдарламасы мен «Орал облысының далалық бөлігін басқарудың Уақытша Ережесі» талқыланған.

Съездің төртінші күні облыстағы оқу-ағарту, мәдени және шаруашылық-қаражат мәселелері қаралды. Делегаттар Орал облысында қазақтар арасында бастауыш, орта және жоғары білім беру жүйесін қанағаттанғысыз деп тауып, төмендегі шешімдер қабылдады: мұғалімдер съезін шақыру керек; Орал қаласында уақытша орта оқу орнын ашу қажет, ерлер гимназиясының бағдарламасы негізінде қазақ балаларына арнайы оқу орнын ұйымдастырып, оны қазақтар қаражатына салынған бұрынғы кәсіптік мектептің үйінде орналастыру жөн деп табылсын; қазақ тілінде газет, брошюралар шығару қажет деп табылсын. Орал қазақтарының патша құлағаннан кейін өткен тұңғыш съезінің ерекшелігі оның ел басқарудың жаңа, тың бағыттарын айқындап беруінде, халқын талан-таражға салмауға, қолда бар мүмкіндікті жаңа билік орнағанша уыстан шығармауға тырысқандығында деп бағалау керек.

1917 жылдың 19 мамырында шыққан «Қазақ» газетiнде бұл жайында: «Жұрт бiрауыздан председательдiкке Жаһанша Досмұхамедовты, серiктiкке – Алпыспай Кәлменовты, Ғабдолла Әлiбековтi, хатшылыққа 4 кiсi сайлаған. Президиум сайлауы бiткен соң председатель Досмұхамедов Алаш ұранды халықты құттықтап, бостандық бекуiн тiлеп, бостандықты әперген ерлермен таныстырды» деп жазылды. Бұл съезде Орал қазақтары үшiн аса маңызды жер, дiн, азық-түлiк, т.б. бiрқатар қарарлар қабылданды. Жаһанша Досмұхамедов осы съезде Мәскеуде өтетiн I Бүкiлресейлiк мұсылман съезiне делегаттыққа сайланады.

Орал облыстық қазақ съезі 1917 жылғы көктем айларында өткен басқа облыстық және уездік қазақ съездері сияқты қоғамдық-саяси өмірдегі елеулі оқиға болды. Орал съезі облыстағы оқу-ағарту, мәдениет және шаруашылық шаруашылық-қаражат мәселелерін бір-бірімен байланыста қарады. Орал съезінің делегаттары торғайлықтардың жалпы қазақ съезін шақыру туралы идеясын қолдады және өздерінің Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне сайланған өкілдеріне басқа облыстан келген делегаттармен осы мәселе бойынша келіссөз жүргізуге, ортақ пікірге келуді тапсырды.

Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер Орал облысындағы ұлттық-демократияшыл зиялылардың көшбастаушылары болған. Олар қазақ съезін ойдағыдай өткізуге, қабылданған қарарлардың ұлттық мүддеге сай келуіне күш жұмсады. Екі азаматтың басшылығымен дайындалған уақытша ережелер, негізінен, қазақ автономиясын құруға деген талпынысты көрсетті. Оны «Ереженің» тоғыз баптан тұратын «Милицияны құру» деп аталған төртінші бөлімі дәлелдейді. ХХ ғасырдың екінші онжылдығындағы аласапыран төңкерістер кезеңінде қазақ халқының жеке ел болу мүддесін көздеп, Досмұхамедовтер автономия құруға ұмтылды және сол үшін де олар уақыттың тығыздығына, жағдайдың қиындығына байланысты қазақ жерінің батысында басқарушы аппараты, әскери, орталығы бар, тиісті қаржысы жинақталған, белгілі бір территориясы бар мемлекеттік құрылым жасады. Жаһанша жас кезінен-ақ халқы үшін өте маңызды мәселеге араласып, болашақта үлкен істің басына келетін азамат, тағылымы мол, көргені көп, хылқының өткен тарихынан жан-жақты хабардар ортадан өсіп шыққан адам.

1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында I Жалпықазақтық съезі шақырылды. Съездің күн тәртібінде 14 мәселе енгізілді. Олардың қатарында: мемлекет билеу түрі; қазақ облыстарында автономия; жер; халық милициясы; земство; оқу; дін; әйел; құрылтай жиналысына қазақ облыстарынан депутаттар сайлау; бүкіл Россиялық мұсылмандарының кеңесі; Қазақ саяси партиясы; Жетісу облысының оқиғасы; бүкіл Ресей федералистерінің съезіне, Петроград оқу комиссиясына қазақтан өкіл жіберу. Осы съезде Алаш партиясы құрылып төрағасына Әлихан Бөкейханов сайланды. Орынбасары Ахмет Байтұрсынов ұсынылып, Алаш билігінің құрамына қазақтың зиялы өкілдері – М. Тынышпаев, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердиев, Ғ. Қарашев, С. Торайғыров, Х. Ғаббасов, Ә. Ермеков, Ж. Досмұхамедов, М. Дулатов, Х. Досмұхамедов т.б. кірді. Бұл съезге Ақмола, Семей, Торғай, Жетiсу, Сырдария, Ферғана облыстары мен Iшкi Бөкей Ордасынан өкiлдер қатынасты. Съезде Құрылтай жиналысына депутат сайлау мәселесi көтерiлiп, Орал мен Манғышлақ облыстарынан сайланатын депутаттардың тiзiмi жарияланды. Сондай-ақ, Ә.Бөкейханов (1866-1937), У. Танашевпен бiрге Ж. Досмұхамедов тамыз айында Киев қаласында өтетiн федералистер съезiне белгiлi бiр себептермен 8 қыркүйекке қалдырылды.

Сол жылы Мәскеуде, көпес Асадуллаев үйінде өткен I Бүкілресейлік мұсылман сиезінде Жаһанша Досмұхамедов ерекше белсенділігімен танылды. Сиез оны Ресей мұсылмандарының кеңесі – Бүкілресейлік «Шуро-и-ислам» комитеті төрағасының орынбасары етіп бірауыздан сайлады. Осы сапар сондай-ақ Уақытша үкіметтің Құрылтай жиналысы жөніндегі заң жобасын әзірлейтін Айрықша Кеңесіне (Предпарламент) мүше болып енді. 1917 ж. жазда және желтоқсанда өткен I және II Жалпықазақ съездерінде Орал қазақтары атынан делегат болып қатысып, соңғы сиезде Алаш-Орда үкіметіне (Уақытша ұлт кеңесіне) мүше, «Шуро-и-исламға» II Жалпықазақ съезі атынан өкіл болып сайланды. 1918 ж. сәуірдің аяқ кезінде Қазақ Әскер үкіметі мен Орал Қазақ земство басқармасы арасын әскери-саяси одақ жөнінде келісімшарт жасалып, Жайық сыртына, қазақ ауылдары арасына көшіру жөнінде ойға әкеп тіреді. Таңдау Жымпиты қалашығына түсті. Ол 1918 ж. мамырда Жымпитыда өткен ІV Қазақ Орал облыстық сиезінде төрағалық етіп, осы сиезде Орал губерниясының Жайық сырты бөлігін біріктірген дербес әкімшілік бірлік – «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің төрағасы болып сайланды [8].

«Сарыарқа» газетiне жарияланған Орал облысы атынан Құрылтай жиналысына сайланған депутаттар тiзiмiнде Ж.Досмұхамедов турасында: «Жаһанша Досмұхамедов – өзгерiске шейiн Томск окружной сот товарищ прокурор едi. Өзгерiстен кейiн ол орнын тастап, халыққа қызмет етiп жүр. Бұл күнде Петроградта Шура-и-Ислам ағзасы, социалист-революционер» делiнсе, ал «Қазақ» газетiнде: «Жаһанша Досмұхамедов – юрист, Петроградтағы Шура-и-Ислам ағзасы» деген мәлiметтер келтiрiлдi. Ж. Досмұхамедов Орынборда 5-13 желтоқсан аралығында өткен II жалпықазақ съезiне арнайы шақырылды.

1917 жылы 3-5 желтоқсанда Орынбор қаласында II Жалпықазақ съезі шақырылды. Съезге төрағалық еткен – Б. Құлманов, серіктері Ә. Бөкейханов, Х. Досмұхамедов, Ә. Кенесарин, Ғ. Қарашев болды. Күн тәртібінде Алаш партиясы бағдарламасы жобасының талаптары және 10 мәселе ұсынылды [9]. Олар: Сібір, Түркістан автономиясы және Оңтүстік Шығыс одағы; қазақ-қырғыз автономиясы; милиция; ұлт кеңесі; ұлт қазынасы; муфтилік мәселесі; халық соты; ауылды басқару және азық-түлік жөніндегі мәселелер. Ұлттық территориялық қазақ автономиялы мемлекетін құруда съезд делегаттары бірауыздылық танытқанымен, автономияны ресми түрде жариялау мәселесінде пікірталастар жүргізілген. Автономияны жариялау мерзімі туралы қызу айтыстар бірнеше күнге созылды. Бұл айтыстардың негізінде Қазақ автономиясын жариялауға байланысты өлкені мекендеген басқа ұлт өкілдерінің пікірін анықтау және жариялауға тиісті автономияға Түркістанды мекендеген оңтүстік қазақтарының қосылу-қосылмауы туралы мәселесін нақтылы шешу қажеттілігі жатты. Съезді шақыруға және оның жұмысына белсенді түрде араласқан Халел Ғаббасовтың айтуынша, онда автономияны жариялау мерзімі туралы принципті мәселеде біріне-бірі қарама-қарсы екі бағыт қалыптасты. Оның бір жағында Әлихан Бөкейханов бастаған топ «кейінірек», яғни оны жақтаушылар съезде өкілдері болмаған орыстардың еркін білмейінше автономияны жариялауды кідірте тұру қажет деді. Ал Халел және Жанша Досмұхамедовтер бастаған топ «дереу» жариялансын деген ұстаным қалыптастырған. Дауыс беруге көпшілік бірінші бағыт жағында болды, бірақ қарсыластар мұнымен келіспеді. Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтардың автономияны дереу жариялауды ұсынуының себебі: Орал, Бөкей Ордасы Ресеймен шекаралас, Ресейдегі болып жатқан жағдай міндетті түрде қазақ жерлеріне тез арада тарайды. Егер де біз жан-жағымызға  жалтақтап қарап отырсақ, уақытты өткізіп алуымыз мүмкін. Халық Кеңестерді жақтап, тапқа бөлініп кетсе, қазақ халқының тұтастығынан айырылып қалу мүмкіндігінің зор қаупі бар екендігін айтты. Бұл ұсынысты Бөкей Ордасының өкілдері де қолдады. Автономия жариялаумен бірге жеке мұфтият құру қажеттілігін айтып, қазақтардың діни сезімдеріне қозғау салды. Ал бұл пікір, қазақ халқының қаймағын бұзбау ұстау үшін, сөйтіп, Ресейден өз отауын бөліп алудың қамы болатын.

Дегенмен, ұлттық, халықтық мүддені жеке бастарының саяси ұпай жинауынан жоғары қойған Ә. Бөкейханов басқарған съезд делегаттары мен Жаһанша Досмұхамедов бастаған Орал облысы мен Бөкей Ордасының өкілдері Алаш автономиясын жариялау мерзіміне байланысты ортақ, ымыралы келісіміне келді. Съезд шешімі бойынша Алаш автономиясы жарияланып, Алашорда үкіметі құрылды. Алашорда үкіметінің құрамына Орал облысынан Халел Досмұхамедов, облыстан тысқары Жаһанша Досмұхамедов сайланды. Ал Алашорда үкіметінің төрағасы болып Ә. Бөкейханов көп дауыспен сайланды.

Жаһанша Досмұхамедов 1918 жылы 8-23 қыркүйекте өткен Уфа кеңесіне белсене қатысып, Директорияның Старейшиналары құрамында жұмыс істеген. Кеңес күндері Ж. Досмұхамедов бастаған Уәлаят делегациясы орталық Алаш-Орда үкіметінің төтенше мәжілісін өткіздіріп, Ойыл уәлаяты үкіметін таратып, оның орнына бүгінде «Батыс Алаш-Орда» деген композит атау алған ірі әкімшілік бірлік – Алаш-Орданың автономиясының батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімшесін кұру жөнінде шешім шығартуға қол жеткізді. Мұнымен Батыс Алаш-Орда орталық Алаш-Орда үкіметі тарапынан заңды түрде мойындалды және оның әкімшілік басқару билігі Бөкей, Ырғыз, Маңғыстау жеріне тарады.

1920 жылы қыркүйектің аяғында аталмыш мекеменің жолдамасымен Түркістан Республикасы Халық шаруашылығы Ортақ кеңесінің жүн-жұрқа бөлімшесіне меңгеруші болып Ташкент қаласына жіберілді. Түркістан Республикасы Орталық атқару комитеті Қазақ бөлімінің хатшысы міндетін қоса атқарды. 1922-24 жылдары Ташкенттегі «Талап» мәдени-ағарту қауымының тапсыруымен «Жауыздық низамы» деген атпен қазақ тіліндегі алғашқы кеңестік Қылмыстық кодексті әзірледі. 1927 жылы қарашадан 1929 жылға дейін Қызылорда қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылық банкінде заң кеңесшісі болып істеді, 1928 жылы Қорғаушылар коллегиясына мүше болып қабылданды. 1930 жылы басына дейін осында болды, сол жылы ақпанда Надежда Константиновна Колоссовскаяның шақыруымен Мәскеуге ауысты. 1930 ж. қазан айында «Скотовод» басқармасында аға экономист болып істеп жүрген кезінде Замоскворечье ауданындағы Шаболовка келте көшесіндегі үйінде тұтқындалып, Бутырка түрмесіне қамалды, кейінірек Алматыда жауапталды. 1932 ж. 20 сәуірде Қазақстан ОГПУ Үштігінің «1921 ж. Ташкентте М.Тынышпаевпен бірге астыртын ұйым құрды және 30-жылдары Кеңес өкіметіне қарсы қимыл жасады» деп айып таққан қаулысымен Воронеж қаласына бес жыл мерзімге жер аударылды.

Воронежде жоғары оқу орындарында сабақ берді. Жаһанша Досмұхамедовтің бұдан кейінгі тағдыры жөнінде бір-біріне қайшы келетін ауызекі бірнеше дерек бар. Бір мәліметтерге қарағанда, жаза мерзімін өтеп келген соң 1938 жылы қыста Мәскеудегі пәтерінен қазақстандық екі қауіпсіздік қызметкері шұғыл алып кеткен. Енді бір деректер бойынша, бет-әлпетін өзгертіп Қарақалпақстанда бой тасалап жүріп, Мәскеуге келген жерде ұсталды. Үшінші бір дерек үйде сал болып жатқан күйінде Мәскеу түрмесіне салынғанын көрсетеді. Жаһанша Досмұхамедов 1958 жылы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімімен ақталды. Жымпиты ауданында бір көшеге және Орал педагогикалық колледжіне Жаһанша Досмұхамедов аты берілген.

Қорытынды. Қылышынан қан тамған кеңес кезеңінде елінің бостандығы үшін күресіп, игі істер атқарып, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған Алаштың абзал азаматы, қоғам және меслекет қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың есімі мәңгілік халық жадында сақталады.

Әдебиеттер

1. Қ.Х. Досмұхамедованың естеліктерінен (әңгіме). – Алматы, 2000. – 56 б.

2. Асыл тұлға: (Жанша-Жаһанша Досмұхамедов туралы) / Құраст. А. Боранқұл, О. Жолды. – Алматы: «Жаухар» баспасы, 2012. – 360 б.

3.Акбай Ж. Жанша (страницы истории) // Приуралье. - 1997. - 13 декабря.

4.Досжанов Д. Абақты. – Алматы, 1992. – 288 б. 

5.Аманжолова Д. На изломе. Алаш в этнополитической истории Казахстана. – Алматы, 2009. – С.158.

6. Досмухамедов Ж. Несколько слов о киргизском (казахском) обычном праве и народном суде // Уральский листок. - 1911. - 9, 14, 20.

7. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. - Алматы: Ататек, 1995. – 101 б.

8.Сүлейменова Д. Алаш тарихы – өлке тарихының құрамдас бөлімі. – Алматы, 2007. – 85 б.

9.Алаш-Орда. Сборник документов. - Алма-Ата: Айкап 1992. – С.190. 

References

1. Q.H. Dosmuhamedovanyń estelikterinen (áńgime). – Almaty, 2000. – 56 b.

2. Asyl tulǵa: (Jansha-Jahansha Dosmuhamedov týraly) / Qurast. A. Boranqul, O. Joldy. – Almaty: «Jaýhar» baspasy, 2012. – 360 b.

3.Akbaı J. Jansha (stranıcy ıstorıı) // Prıýrale. - 1997. - 13 dekabrıa.

4.Dosjanov D. Abaqty. – Almaty, 1992. – 288 b. 

5.Amanjolova D. Na ızlome. Alash v etnopolıtıcheskoı ıstorıı Kazahstana. – Almaty, 2009. – S.158.

6. Dosmýhamedov J. Neskolko slov o kırgızskom (kazahskom) obychnom prave ı narodnom sýde // Ýralskıı lıstok. - 1911. - 9, 14, 20.

7. Nurpeıisov K. Alash hám Alashorda. - Almaty: Atatek, 1995. – 101 b.

8. Súleımenova D. Alash tarıhy – ólke tarıhynyń quramdas bólimi. – Almaty, 2007. – 85 b.

9. Alash-Orda. Sbornık dokýmentov. - Alma-Ata: Aıkap 1992. – S.190. 

А. ИБРАЕВА1

СКГУ им. М. Козыбаева , г. Петропавловск, Казахстан

ЖАХАНША ДОСМУХАМЕДОВ  – АМБИЦИОЗНЫЙ ДЕЯТЕЛЬ АЛАШСКОГО ДВИЖЕНИЯ

Резюме

  В рамках реализации поставленных задач Главой государства Н.А. Назарбаева в программной статье «Семь граней Великой степи» актуально изучение вклада выдающихся общественных и государственных деятелей, представителей науки и культуры страны. На сегодняшний день многие имена великих личностей, игравших значительную роль в отечественной истории нуждаются в глубоких научных исследованиях. Среди них, актуальна углубленное изучение личности одного из представителей Алаш, руководителя Западного отделения Алашорды Жаханша Досмухамедова. Статья посвящена жизни и политической деятельности  Жаханша Досмухамедова в рамках программной статьи Главы Государства «Семь граней Великой Степи». 

  Ключевые слова: «Рухани жаңғыру», личность, исследование, съезд, буржуазно-демократическая, источник.

A. IBRAEVA1

1M. Kozybaev NKSU, Petropavlovsk, Kazakhstan

ZHAKHANSHA DOSMUKHAMEDOV – THE AMBITIOUS ACTOR

OF THE ALASH MOVEMENT

Summary

The study of the contribution of prominent public and state figures, representatives of science and culture of the country is relevant within the framework of realization of the assigned tasks the Head of State N.A. Nazarbayev in the program article "The Seven Faces of the Great Steppe". Today, many names of great personalities who played a significant role in Russian history need in-depth scientific research. Among them, an in-depth study of the personality of one of the representatives of Alash, the head of the Western branch of Alash-Orda Zhakhansha Dosmukhamedov, is relevant. The article is dedicated to the life and political activities of Zhakhansh Dosmukhamedov as part of the program article of the Head of State “Seven Faces of the Great the Steppe”.

Keywords: "Rukhani zhangyru" (“spiritual revival”), personality, research, congress, bourgeois-democratic, source.



* Мақала «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы үшін өзектендіру, ғылыми тұрғыдан талдау және ақпараттық қамтамасыз ету бойынша талдамалы зерттеу жасау» жобасы аясында даярланды.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз