Басты бет » Материалдар » УДК 94(574).084.91:321.7 Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚОҒАМ НЕГІЗІН САЛУДАҒЫ РӨЛІ

Н.Б. ӘДІЛЖАНОВ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің PhD докторанты, Нұр-Сұлтан қ., Е-mail: nurlykhan_nb@mail.ru

УДК 94(574).084.91:321.7 Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚОҒАМ НЕГІЗІН САЛУДАҒЫ РӨЛІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3(19)2019

Аңдатпа:
Тәуелсіздігімізді алып, егемендігімізді бекіткеннен кейінгі еліміздің дамуы, оның әлем алдындағы беделінің өсуі Елбасы бастаған қазақ халқының қажырлы еңбегі екені баршамызға аян. Ғасырларға созылған мемлекеттіліктің даму эволюциясында ең ерекше заңды факт, ол Елбасының Қазақстанды халықаралық құқықтың субъектісі ретінде дүние жүзіне танытуы. Кілт сөздер: Қазақстан, Қазақ елі, Елбасы, Н.Ә. Назарбаев, қазақ мемлекеттілігі, тәуелсіздік, демократияландыру, тұлға, ұлт Көшбасшысы.
Мазмұны:

Кіріспе. Әрине тәуелсіздігін қайта жаңғыртқан қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуының алғышарттары да тереңде жатыр. Сол үшін аз да болса өткенімізге көз жүгіртіп, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның Елбасы, тұңғыш Преиденті, ұлт лидері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы сөз қозғарда, ең алдымен тарихына көз жүгіртіп алсақ. Қазақ хандығының құрылуына дейінгі ұзақ тарихи кезеңде ұлан-байтақ Орталық Азия өңірін мекендеген түркі тілдес ру-тайпалардың ортақ аумақта өмір сүріп, бірте-бірте бірігуі мен дамуы арқылы өз алдына қазақ халқы болып қалыптасу үдерісінің алғышарттары қалыптасты. Ежелгі заманның тарихи деректері бүгінгі қазақ ұлтының арғы тегі сақ, үйсін, ғұн және қаңлы тайпалары екенін көрсетеді. [[1]].

Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев: «Қазақ халқының тарихы, кейбіреулер айтып жүргендей, кешегі қазақ хандығы шаңырақ көтерген ХV ғасырдан басталмайды. Хандықтың құрылуы бір басқа, бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандардан-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын ата жұртта сақтаған халық» [[2], 55-57-бб.], – деуі орынды.

Әдістері. Зерттеу методологиясы жүйелілік, обьективтілік,  тарихи-салыстырмалылық тәрізді ғылыми таным принциптеріне негізделген.  Сондай-ақ соңғы уақыттарда қалыптасқан жаңа бағыттағы ғылыми ой-пікрлер мен тұжырымдарды, жаңа тарихи көзқарас тұрғысынан жазылған еңбектер басшылыққа алынды. Мақаланы жазу барысында «Сталиндік аграрлық реформалар негізінде жүргізілген отырықшыландыру саясаты-қазақ халқының қасіреті» деген методологиялық принципті ұстандық.   

Нәтижесі. Ұлт тарихын зерделеуде терең де жан-жақты зерттеулер жүргізіп, кейінгі өскелең ұрпаққа ата тарихы туралы келелі ой-тұжырымдарын, атқарған ауқымды істері мен мағыналы мұрасын қалдырған қазақ зиялы қауымының шоқ жұлдыздай жарық шоғырының тарихын зерттеу, олардың мұрасын зерделеу, қазақ қоғамындағы орны мен рөлін анықтау бүгінгі тарих ғылымындағы жаңа сала тұлғатану тереңнен қарастырады. Өйткені үнемі үрдістік дамуға ұмтылып отыратын қоғамның тынысына өздерінің ой-интеллектісімен, нақтылы тұжырымдарымен ықпал ететін, сондай-ақ оның алар бағытына да әсер ете алатын негізгі күш – зиялылар қауымы мен саяси элита. Сондықтан да олардың тарихын зерттеу, олардың ғылым мен қоғамдағы алар орны мен қосқан үлесін саралай отырып зерделеу, тағылымдық жақтарын ашып көрсету, бағалау маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тұлға ретінде танылуы өзі өскен орта, отбасы, оқыған мектебі, Днепродзержинск техникалық училищесі қабырғасында білім алған жылдар, Қазақстан Магниткасындағы еңбек жолы, партия-комсомол ұйымдарындағы жауапты қызметтері, ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағалығы секілді өмір баспалдақтарының арнасында өзіндік «менін» қалыптастыра алуы арқылы шыңдалды.

Өткен ХХ ғасырдың 90-шы жылдарында қоғамдық өмірдегі орын алған алмасулар: КСРО-ның ыдырауы, сол кеңістікте орын алған ұлтаралық жанжалдар, экономикалық күйзеліс, қоғамдық дамудағы дағдарыс пен қаржылық тапшылық тарихи сахнада жаңа басшының шығуына алғышарттар дайындады. Міне осындай сындарлы сағаттарда қазақ халқының тағдырына үлкен жауапкершілікпен, білімділікпен, саяси көрегендікті мәмілегерлікпен тиімді ұштастыра алған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарих сахнасына шықты.

1990 ж. 24 сәуіріндегі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының ХІІ шақырылған Жоғарғы Кеңесінің І сессиясында Президент болып тағайындалған Н.Ә. Назарбаев екі онжылдықтан астам аралықта елімізді басқарып, республикада тұрақтылық пен бейбітшілікті, халықтар теңдігін сақтай отырып бәсекелестікке қабілетті мемлекеттермен қатар әлемдік деңгейдегі биіктіктерге алып шықты. Еліміздегі жаңа билік институты – Президенттік институтын енгізуге «Президент қызметін бекіту және ҚазКСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚазКСР-нің Заңы құқықтық негіз болды [[3]].

1991 ж. 1 желтоқсанда қазақстандықтар өздерінің Тұңғыш Президентін сайлап, сенім артты, ел тәуелсіздігін аманат етті, жауапкершілік жүгін арқалатты, халық өздері таңдаған Көшбасшысының не істеу керектігін білетіндігіне, елді адастырмайтынына, тура жолға бастайтынына сенді. Еліміз бен халқымыздың сол сенімін Елбасының толық ақтап отырғандығына да осы күндері көзіміз анық жетіп отыр.

Осы Президент сайлауының нәтижесінде сайлаушылардың 97,78 пайыз дауысына ие болып, айқын жеңіске жетті. Ұлт тарихының бір парағына алтын алтын әріптермен жазылған 10 желтоқсандағы Ант беру рәсімінен кейін тебірене сөйлеген Елбасы Н. Назарбаев: «Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаттықты көксеп келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп, ашаршылыққа ұрынып, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмытқанымыз да ақиқат. Шүкір, кештеу болса да ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық. Қазақ Республикасының Президентін бүкіл халық сайлағаны – осы жолдағы ең биік белестің бірі. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дарқан еліме, ата-бабамның аруағына сүйенемін» [[4]], – деп тебірене ағынан жарылды.

Президентке бүкіл халық атынан өкілдік берілгеннен кейін 1991 ж. 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң» қабылданғаннан бастап Тәуелсіз мемлекет құру - еліміздің тар жол, тайғақ кешулі қасиетті сапары, азаттықтың арпалысқа толы ақ жолы басталып еді. Сонау 90-шы жылдары тәуелсіздігін жарияланғандығын тойлау мақсатында Алматыдағы Орталық алаңға жиналған халықтың алдында сөйлеген сөзінде Президент Н.Ә. Назарбаев бүгінгі және болашақтағы даму үшін қажетті ұлттық идеяның құрамдас бөліктері мен дүниеге келген жаңа мемлекет – Қазақ елі туралы тебірене сөйлеген еді. Өз сөзінде: «Ел» - байырғы түркі заманынан бері бар ұғым-түсінік, халық, Отан Атамекен дегенді білдіреді. Басты мағынасы мемлекеттің бар-жоғына келіп тіреледі. «Дербес мемелекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік» [[5]], - деді.

Егер осы ойдың атарына тереңірек үңілер болсақ, онда мынандай пайымдауды ұғынар едік: «Президент пайымынан ұлтты идеяға қатысты екі ой-түйін туындар тұр. Бірі – ұлтық идея өзін-өзі таныған ұлт барда ғана дүниеге келетіні. Өзін-өзі тану тарих толқынында шыңдалған ұлттардың ғана пешенесіне жазылған. Ұлттық «Меннің» асқар шыңы – ұлттық мемлекет құру, ұлттық мемлекет – ұлттық «Менің қамал қорғаны. Екіншісі – ұлттық идеяның мазмұны мен өзегін, бүгінді кемел келешекпен жалғастыратын өміршең де қисынды арман құрайтыны» [[6], 234-б.]. Міне, өздеріңіз байқап отырғандай Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алғашқы күннен алға тартқан келелі ойы, болашақ бағдары – басты жетістігіміз тәуелсіздіктің табалдырығында тұрғандығымыз және осы жолдағы ұлттық идеяны анықтаудың маңыздылығы мен оны іске асыру болды. Сондықтан да әрбір қазақстандық азамат үшін Тәуелсіздік өткеннің қарызы мен парызын атқаруға есік ашуымен ғана қымбат емес, әлемдік өркениеттің  биік төрінен орын алу үшін барлық мүмкіндіктерді арттыратын ұлттық мүдде, ұлтық рух, ұлттық идеясымен де қымбат.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1991 жылғы 10 желтоқсандағы мәжілісінде ҚазКСР Президенті болып тағайындалуына байланысты сөйлеген сөзінде Қазақстан дамуының бағытын «Қазақстан халқы өзінің таңдауын жасады - өркениетті демократиялық қоғам құру» [[7]],- деп анықтауында терең мән жатыр.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы ескі кеңестік жүйенің күйреуінен кейін қалыптасқан жаңа қоғамды – зайырлы да демократиялық даму жолын таңдаған Қазақстанды жаңа бағытта аса күрделі кешегінің кертартпасынан өтіп, бүгінгінің босағасын бекітіп, келешектің жолындағы жауапкершілігі мол жүгін халықпен ақылдаса отырып алға бастап келеді. Халық та Елбасына алғашқы күннен қолдау танытып, сенім артты. Дегенменен осынау халық таңдауына түскен сындарлы сағаттарда Президент қандай болуы керек деген сауал бүкіл қазақстандықтардың көкейінде тұрды. Ендеше сол сауалға жауапты тарихшы ғалымдардың тұжырымдарынан іздеп көрелік:

«Ел көсемі, ел перзенті кім? Ұлт перзенті - ұлттық идеяның ту ұстары, ұлттық мүдденің пірі де құлы, ол құдай берген тірлігі мен ірілігінің, өмір бойы жинаған асыл қасиеттерінің арқасында, ұлттық стратегиялық мақсатын ғылыми-рухани биіктіктен көріп, ұлт тынысын күре тамырынан басып, болжай білетін көреген көсем, ұлт мұңын айтпай біліп, толғайтын шешен, халық жүгін өз еркімен арқалаған бейнетқор жан.

Ұлт перзенті болу үшін:

1. Пенденің жеке басының мүддесі ұлт мүддесімен қабысуы керек;

2. Жеке басының пендешілігінен ел қамын жеген Едігешілігі басым болып, халықпен табысуы керек;

3. Жүрексіну, қобалжу, қорқыныш сияқты пенделерге тән өзін-өзі сақтау сезімдерін ақылға жеңгізіп, тәуекелдің қайығына мініп, Отан үшін, ел үшін жан аямай шабысу керек.

Ер-азаматтың тарланы ұлт перзентіне айналар сәті заманға байланысты. Замана ерді болат семсердей отқа да, суға да салады, шыңдайды, сынайды. Күндердің күнінде көп ішінен көлбең етіп шыққан ер шыңға шығады, ұлт тағдырының бағдарын ұғады. Халық көсемі елді бірлікке, ұлдарын ерлікке бастады, халықтың қаһарлы күшін бір арнаға құйды, үш жүздің біртұтастығын шыңдады, қарулы жасағының бірлігін Отан мүүддесіне, ұлт мүддесіне, тәуелсіздікті сақтауға, ел аманатын ақтауға, ата қоныс, атамекен кіндік жұртты - Отанды іргелі ел етуге бар болмысын арнады. Ұлт көсемі ұлтпен біте қайнасқан алыр тұлғаға айналды. Міне, осындай халық көсемінің бір бейнесі Абылайдан көрінеді.

Тарих ел көсемі дәрежесіне көтерілу үшін ер талай сыннан өтетінін көрсетті. Мұндай ер ұлт шеңберінің аясында шектеліп қалмайды, халықаралық тұғырға қонады», - дей келе, ойын жалғастырған академик М. Қозыбаев: «Елбасы - саясаткер, қайраткер жан болуы керек. Үміткердің тіл білуі, оның ішінде ана тілі, шет тілдерін білуі жақсы. Меніңше ең бастысы: болашақ Елбасы ұлттың жанын білуі керек, еңбек адамының мүддесін білуі керек. Адами қасиеттері - қайырымдылығы, кішіпейілділігі, қанағатшылдығы, адалдығы, тазалығы, бір сөзбен айтсақ парасатты болуы шарт.

Ия, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын сөзімен айтсақ, Елбасы жақсылықтың, адамгершіліктің диханшысы болуы абзал.

Қазақ елін басқару оңай емес. Тарихы қалыптасқан ғасырлық қарым-қатынас, экономикалық мәдени байланыс, демографиялық даму өзгешеліктері, республиканың геосаяси жағдайы, бодандық халық психологиясы, даналық қыр баласының менталитеті басқару ісіне асқан жауапкершілік жүктейді[[8]],- деп жазған.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевты халқы қолдау танытып отырғандығына елімізде әлденеше рет өткен сайлау барысында, алғашқыда 1991 ж. 1 желтоқсанда өткен бірінші бүкілхалықтық сайлау барысында 98,7 пайыздық, кейін Президенттің өкілеттілігін 2000 ж. дейін ұзарту жөніндегі 1995 ж. 29 сәуірдегі бүкілхалықтық референдумда, 1999 ж. 10 қаңтардағы жалпыхалықтық сайлауда 79,8 пайыз, 2005 ж. 4 желтоқсанда 91,5 пайыздық дауысқа ие болса, 2011 ж. 3 сәуірде кезектен тыс өткен сайлауда да республика жұртшылығы оған шексіз сенім арттыратындығын 95,55 пайыздық дауыспен ашық білдірді.

Сайлауда халықтың қолдауына толық ие болған Н.Ә. Назарбаевтың тұлғалық қасиеттерінің басшылық қызметімен үйлесімділігі, яғни халық оны реформатор, Қазақстанды жаһандық даму көшінен қалдырмай алға сүйреп келе жатқан басшы, халықаралық қауымдастықта елдің де, өзінің де беделін жоғары көтеріп отырған Елбасы ретінде қабылдауында жатыр. Өз еңбегінде көрсеткендей «Шынайы саясатшының бойында кемінде үш қасиеттің белгілері болуы шарт: теориялық дайындығы, экономикалық тәжірибесінің болуы, қабылданған шешімдер үшін жауапкершілігі» болуы Президенттің халық сүйіспеншілігіне бөленуінің терең астары осында жатса керек [[9], 134-б]. 

Отандық тарихи кезеңнің ерекшеліктерін талдағанда біз көбіне қоғамның экономикалық, әлеуметтік құрылымы мен рухани өміріндегі түбегейлі өзгерістерді, оларға әкелген алғышарттарды талдап, сараптаймыз да, оны ұйымдастырушы, оған басшылық жасаушы элиталық топтың немесе жеке тұлғаның осы жолдағы бастамалық рөлі, қызметі, қол жеткізген табыстары мен жіберген кемшіліктері туралы үндемей өтеміз. Негізінде осылай бағалауымыз дұрыс емес, себебі, кез-келген қоғамдағы даму, мемлекеттік мәселесі, оның ішкі және сыртқы саясатының шешілуі сол басқарушы тұлғаның қызметіне және ол қызмет еткен тарихи кезеңнің басты өлшемі болып табылатындығы тарихи шындық және сабақ.

Пікірімізді дәлелдей түсу үшін белгілі тарихшы М. Қойгелдиевтің тұжырымдамасына жүгінейік: «осы тұрғыдан алғанда мемлекет басшысы Н.Ә Назарбаевтың, оның соңына ерген саяси басқарушы топтың жаңа сападағы мемлекет құру қызметі қазақ тарихының бұдан бұрынғы кезеңдерінің ешқайсысымен де салыстыруға келмейді. Өйткені жәнібек пен Керей сұлтандардың (ХVII ғ.), Қасым хан (ХVI ғ.) мен Тәуке ханның (ХVII-ХVІII ғғ.), Абылай ханның (ХVIIІ ғ.) тұсындағы хандық мемлекеттік құрылымдардың қазақ ұлты мен оның территориясының, мәденеті мен ұлттық санасының қалыптасу процесінде үлкен рөл атқарғандығын айта отырып, сонымен бірге ол билік жүйелерінің қазақ қоғамының үдемелі экономикалық дамуын, территориялық тұтастығы мен саяси тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмағандығын, соның нәтижесінде Қазақстанның екі жарым ғасырдан артық мерзім отарлық кіріптарлыққа ұшырағандығын мойындауға тура келеді» [[10], 27-б.],- деп бүгінгі Елбасының жетістігі мен ел басқарудағы айырмашылығының жігін ашып көрсетеді.

Сондай-ақ М. Қойгелдиевтің пайымдауынша тәуелсіз мемлекеттілікті баянды ету жолында «Н.Ә. Назарбаев бастаған ұлттық саяси элитаның бүгінгі мемлекеттік құру қызметі ... Он жылдан сәл ғана артық мезгілде:

1. Тәуелсіз, әлемдік қауымдастық ресми түрде мойындаған қазақ мемлекеттілігі өмірге келді. 2. Оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылған қарулы кштері, ұлтық ақшасы мен ұлттық банкі бар. 3. Елдің нарықтық қатынастарға негізделген, жылына 9-12 пайыз өсу жолында тұрған, тұрақтанған экономикасы бар. 4. Қазақ жерінде демократиялық принциптерге сүйенген мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасып келеді. Қабылданған Конституция (1995 ж.) азаматтардың негізгі құқықтарын қамтамасыз етеді. 5. Қазақстан – көрші елдермен шекаралық қатынасын анықтап, өз ішіндегі түрлі ұлт өкілдері арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа қол жеткізген ел» [12, 28-б.].

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің бетбұрысты кезеңдерінде Мемлекет басшысы ретінде әсіресе экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздікке қатаң қарсы тұра білді. Сонымен қатар жаңа астананы тұрғызу бастамасы мен оны ақиқатқа айналдыруы Елбасының модернизациялық жобасының басты табысының символына айналды. Қазақстанның жаңа астанасы шын мәніндегі жаңа дәуірдің қаласы бола алды. 1994 ж. Н. Назарбаев астананы көшіру ойын алғаш рет алға тартқан кезде бұл жағдай қоғамда екі ұдай пікір туғызған болатын. Дүние тарихында өз тәуелсіз мемлекеттіліктерін қалыптастыру кезеңінде бір де бір мемлекет басшысы мұндай түбегейлі батыл қадамға барған да емес. 1994 ж. 6 шілдедегі Жоғарғы Кеңес сессиясының пленарлық мәжілісінде ұсынылып, бектілді. Ал 1997 ж. 10 желтоқсандағы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының Астанасы деп жариялау туралы»» деп жарияланды [[11]]. Осы Жарлыққа сәйкес мұндай таңдайдың жасалуын Президенттің халыққа үндеуіде былай түсіндіріледі: «Қазақстан Еуразиялық ел болып табылады. Ақмола – Еуразия құрылығының географиялық орталықтарының бірі. ХХ ғасырдың шиеленісті тарихында біз тұңғыш рет өз мемлекетіміздің астанасы туралы дербес шешім қабылдадық... және де ХХІ ғасыр табалдырығында өз таңдауымыз – көне Сарыарқаның киелі аспаны астында қоныс тепкен жаңа астанамыз туралы мәлімдейміз» [[12], 368-б.].

Президенттік таңдау және шешіммен негізі қаланған тәуелсіз Қазақстанның жаңа Астанасының қарқынды дамуына Ел Президентінің бастапқыда 1996 ж. 9 қазандағы Ақмолада арнайы экономикалық аймақ құру туралы және 2001 ж. 29 маусымдағы «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын құру туралы», «Астананың гүлденуі – Қазақстанның Гүлденуі» Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2005 ж. дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» жарлықтары мен 2007 ж. 21 шілдедегі ҚР «Қазақстан Республикасы Астанасының мәртебесі туралы № 296 Заңының маңызы мен ықпалы өте зор.

Жаңа астананың салынуы және көшірілуі рекордтық аса қысқа мерзімде өтті. Астана саяси және экономикалық қана емес, сонымен бірге Н. Назарбаевтың жеке, адами жобасына да, ұлттық тарихтың жаңа келбетіне де айналды. Қазақстан тәуелсіздігінің жетістіктері мен ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың еліміздің жаңа астанасын қалыптастырудағы тарихи рөлі хақында әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекет басшылары, әлемдік саясаткерлер пікірі өте маңызды. Мысалға, Ресей Федерациясының бұрынғы Президенті Д.А. Медведев: «Қазақстан Ресей үшін стратегиялық әріптес қана емес. Он жыл тарихи санақ бойынша көп емес. Алайда осы уақыт ішінде ежелгі далада күллі Қазақстанға ырғақ пен екпін беретін заманауи және өмір суруге ыңғайлы қала қалыптасты. Дәл осы жерде көз алдымызда елдің жаңа кескін-келбеті қалыптасып, оның жаңа тариы жазылуда және астана мерекесін экономикалық дамудың жоғары ырғағы мен кемел әлеуметтік саясатын паш етіп, ірі жетістіктерімен қарсы алуда. Мұндай ауқымды көрсеткіштердің артында барша қазақ халқы тұрғаны сөзсіз. Әрине, және оның көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі зор» [[13], 352-353-бб.],- деп өте жоғары баға береді.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшылығына келген алғашқы сәттен бастап айрықша ерекшелігі бар өзгеше бір халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыстыққа салмай, уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлестіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп шешудегі даралығымен бірден әлем назарын аударды. Мысалға 1992 ж. 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңес құру жоспарын ұсынды. Халықаралық деңгейдегі кездесулерде ел мүддесін көздеген, қорғаған маңызды келіссөздер жүргізуі және оларда өзінің ұстанымын шегелеп жеткізуі Н.Ә. Назарбаевтың тұлғалық келбетін де, саяси басшылық келбетін де жаңа қырынан танытты. Сондай-ақ әлемдік қауымдастық Қазақстан атты мемлекетті және оның басшысын мойындай түсті.

Әлемдік деңгейдегі жаңа мемлекеттілікті қалыптастырудан бастап өзіндік мемлекеттік құрылыстағы, әлеуметтік-экономикалық дамудағы, елдің қоғамдық өмірінің кезең-кезеңімен демократияландыру бағытындағы қазақстандық жолы қалыптасты. «Назарбаевтың нұсқасы» деп аталған бұл стратегия шетелдік саясаттанушылар мен қайраткерлердің оң бағасына ие болуымен қатар қазақстандықтардың да басым көпшілігінің қолдауына ие болды. Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстанның өзіндік даму жолын таңдауы туралы бастамасы алғаш рет 1992 ж.  мамыр айында «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясында» жария етілді. Бұл мақалада ол қоғам мен мемлекеттің жаңаруына қатысты негізгі қағидаттарды айқындап, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі сипатын анықтап берді. Мұндағы айтылған негізгі тұжырымдар мен қорытындылар Н. Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде өз жалғасын тапты. Бұл еңбекте тәуелсіз қазақстанның жерсінген модернизациясының, яғни қазақстандық жаңартулардың тұтас бірегей тұжырымдамаы анықталды деп көрсетеді шетелдік және отандық сарапшылар мен зертеушілер [[14], 4-5-бб.].

Қазіргі дүниежүзілік қауымдастықты Қазақстанның тәуелсіз даму жолының өзіндік ерекшеліктері, яғни Президент таңдап алған «қазақстандық даму жолы» қызықтырады. Еуразия немесе Еуро-Азия деп аталатын геосаясат кеңістігінің жүрегіндегі елдің жетістіктері мен табысына шынайы қызығушылықты көпшіліктің бағалауынан және дүниежүзілік сараптау бірлестігі өкілдерінің сараптамалық есептерінен көруге болады [[15]].

Қазақстан алғаш тәуелсіздік алғанда Ұлыбритания Премьер-министрі және консерваторлық партияның жетекшісі Маргарет Тэтчер: «Қазір әлемде бес-алты ірі және өте ықпалды саясаткер бар. Назарбаев та – солардың қатарында. Мен оған өте сенемін және Қазақстан да ол жасап жатқан істердің бәрімен де келісемін» [[16], 6-7-бб.],- деген болатын Лондондағы пресс-конференцияда сөйлеген сөзінде.

Сол тұстағы АҚШ-тың Президенті Джорж Буш: «Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан жаппай жою қаруын таратпау жөніндегі істердің әлемдік көшбасшыларының біріне айналды. Құрама Штаттар терроризмге қарсы жаһандық күрестегі Қазақстанның достығы пен ынтымақтастығы үшін ризашылық білдіреді» [[17]], - деп Елбасының жаппай ядролық қарудан бас тарту саясатын жоғары бағалады. Бұны ФРГ-ның канцлері Герхард Шредер, Сингапурдың Премьер-министрі Ли Куан Ю, Еуропалық Даму банкінің Президенті Жан Лемьердің пікірі және т.б. одан сайын кеңейте түседі.

БҰҰ Бас хатшысы К. Аннан Қазақстанды «өзге мемелекеттер үшін ұлтаралық келісім мен тұрақтылықтың, ұдайы дамудың үлгісі» деп атаса, Ресей Президенті В.В. Путин: «Қазақстан үшін Нұрсұлтан Назарбаев – тарихи біртуар тұлға. Өйткені, қазақтарда дәл қазіргідей мемлекеттік құрылымы қалыптасқан мемлекет болмаған. Ол Қазақстанның тұңғыш Президенті ғана емес, ол – қазақтың, қазақстандық мемлекетті құрған тұлға»,- деп бағалайды [[18], 22-б.].

Президент Н.Ә. Назарбаевтың халықаралық деңгейдегі мемлекет басшысы, оның ұйымдастырушылық қабілетін туралы сөз еткенде Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммиті, Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, үшінші мыңжылдықтың бастауында Астанада өткен үш ірдей әлемдік және дәстүрлі діндердің съезі, республикада жаңа сипат алып отырған этносаралық және конфессияаралық келісімдер, Ислам мемлекеттері ұйымдарына төрағалық етуі Қазақстанның жетістігі.

Ендігі кезекте Елбасының отандық ғылым мен білімді, мәдениетті дамыту жолындағы істері де мақтаныш туғызады. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен үшінші мыңжылдық қарсаңында Орталық Азия елдерінің мәдениет, ғылым және қоғам қайраткерлерінің Астанада кездесуі өтті. Бұл көп жылдар бойы тоқырап қалған мәдени, ғылыми байланыстардың дамуына импульс беретін халықаралық акция екенін айту абзал.

Халықаралық деңгейде түркі халықтарының данасының бірегейі Мырза Мұхаммед Қайдар Дулатидің 500 жылдық тойы өткізілді, Таразда ұлы тарихшыға арналған мүсін орнатылды. Еліміздің әр жерінде Абылайханға, қазақтың үш биі – Төле , Қазыбек пен Әйтекеге, А. Байтұрсынұлына, Қарасай мен Ағынтай, Хан Кене мен Наурызбайға, Райымбек батырларға т.б. текті ата-бабаларға еңселі ескерткіштер орнатылды. Бұл туралы академик М. Қозыбаев: «Пендешілікті қойып, әділдігін айтсақ, ата тарихын таразылауда қол жеткен табысымыз аз емес. Соңғы он жылда Абылайхан қазақ тарихының есігінен төріне шықты. Алаштану туы көтерілді. Көкірегі басылып келген Абайтану тұлғаланып әлемдік аренаға шықты. Әуезовтану, Сәтпаевтану қалыптасты. Бұқар баба сайын даланың данасы ретінде танылды. Дала өркениетінің тарихын әлемдік тарихтың құрамды бөлігіне айналдырып таныту басталды. Бүгін біз күн тәртібіне Марғұлантануды, Қожабергентануды қойып отырмыз. Қазақтану – Отан тарихының 5 томдық академиялық басылымын жарыққа шығару жүзеге асуда. ... Жаңа тәуелсіздік заманасы қазақтың ұлттық мәдениетін мемлекеттік деңгейге көтерді. Ол көпұлттық сипаты бар Қазақстан мәдениетінің өзегіне айналды. Ұзақ жылғы қуғын-сүргін, зобалаңнан ақталған қазақ мәдениетінің ұлыларының мұрасы халық қазынасына қосылды» [[19], 209-б.], - деп жазды. 

Елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын және өр­кенді дамуға серпін беретін реформаларды жедел де тиімді жүргізу үшін және бұл мақсатқа жетуде бірінші кезекте халықтың қолдауына ие болатын қабілетті де күшті тұлғаның қажет болатындығын тарих парақтары әлдеқашан дәлелдеген. Тәуелсіз Қазақстан тарихында мұндай тұлға болды және алдағы уақытта да қажет. Сондықтан да Елбасы, Ел тәуелсіздігі, Ел ертеңі ұғымдарын қастерлей де, қолдай да білуіміз парыз етіледі. Бұл біздің, ұрпақтарымыздың болашағы үшін қажет.

Қорытынды. Сонымен, ойымызды қорытындылауда мынандай тұжырым жасауға бел будық. Еліміздің тәуелсіздіктің 20 жылдан астам уақыт аралығындағы жүріп өткен жолы халқымыз ғасырлар бойы армандаған ұлы мұраттарының бүгінгі ұрпаққа тиеселі мұрасы болды. Ал сол мұраны халықтың игілігіне айналдыруда талмай еңбек еткен Елбасы, тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың қайталанбас ерлігі - тәуелсіздік жолында үзбей жалғасқан ұлт-азаттық көтерілістерде дара тұлғаларымен ерекшеленген хандар мен батырлардың сара жолын жалғастырған ерлігі. Сондықтан да Н.Ә. Назарбевтың тұлғасы батырлық тұлғасы. Ендеше «XVIII ғасыр батырларын қазақ халқының ұлы перзентіне айналдырған құдірет олардың бар тағдырының азаттықты, төл мемлекеттің, ұрпақтың болашағын аянбай қорғауға арналғандығында. Ерлігі мен жүректілігі, намысқойлығы мен мәрттігі, ұлылығы мен қарапайымдылығы, қайраты мен ақылы ұлт мүддесіне, ұлттық идея мен идеологияға қалтықсыз берілгендіктен, сын сағатында буырқанып сыртқа шықпай тұрмады. Елдің атын шығарды, бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді, мызғымайтын сенім мен оптимизмнің, саф алтындай ізгілік пен зиялылықтың табанына жауыздықты, үрейді, сатқындықты таптатты. Сонысымен туған халқының мәңгі махаббатына бөленді.

Қазақ батырлары институтының әлеуеті отарлық кезеңде де, тоталитарлық қыспақта да сарқылмады. Мақсаты мен міндеті өзгеріске ұшырағанмен туған халқының өршіл рухын асқақтатқаны тарихи ақиқат. Батырларға, батырлыққа сұраныс тәуелсіздік тұсында да күн тәртібінде тұр деп есептейміз [[20]],- деп жазған белгілі тарихшы-ғалым Х.М. Әбжановтың пайымдауы Елбасы Н.Ә. Назарбаев туралы бүгінгі күннің талабы мен сұранысын, көзқарасы мен берер бағасын білдіретіні анық.



ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

[1] Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. (Очерк). – Алматы: Дәуір, 1994. – 446 б.

[2] Назарбаев Н.Ә. Бауырларымызға құшағымыз ашық (Дүние жүзі қазақтары құрылтайының 1992 ж. 1 қазандағы салтанатты мәжілісіндегі сөзі) // Тәуелсіздігіміздің бес жылы. - Алматы: Қазақстан, 1996. - 179 б.

[3] Қазақ КСР Президенті институтын енгізу және осы қызметке Н. Назарбаевты сайлау // Қазақтар. – 9 томдық анықтамалық. – Алматы, 2003. – І т. – 139-140-бб.

[4]Жолдасбеков М. Елдік туы берік қолда! // Егемен Қазақстан. – 2011. – 8 сәуір

[5] Назарбаев Н.Ә. Қазақтың бүкіл тархы – бірігу тарихы, тұтастану тарихы // Егемен Қазақстан. – 1998. – 18 наурыз

[6] Сейдімбек А., Әбжанов Х., Салғараұлы Қ. Ұлттық идея: тарихи тағдыры мен болашағы. – Астана: Фолиант, 2012. – 248 б.

[7] Назарбаев Н.А. Пять лет независимости. - Алматы, 1996. - 624 с.

[8] Қозыбаев М.Қ. Президент сайлауы: талғам мен талап // Қозыбаев М.Қ. Өркениет және ұлт. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2001. – 369 б

[9] Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. - Алматы, 2003. - 256 б.

[10] Қойгелдиев М.Қ. Саяси элитаның қалыптасу кезеңдері // Қойгелдиев М.Қ. Ұлттық саяси элита. Қызметі мен тағдыры. (ХVIIІ- ХХ ғғ.). – Алматы: Жалын, 2004. – 400 б.

[11] «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының Астанасы деп жариялау туралы». 1997 жылғы 10 желтоқсандағы ҚР Президентінің Жарлығы.

[12] Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х.М., Д.А. Махат. Қазіргі Қазақстан тарихы. Жоғарғы оқу орындарының тарихшы емес мамандықтарына (бакалавриат) арналған оқулық. – Алматы: Раритет, 2010. – 448 б.

[13] Н.А. Назарбаев – основополжник казахстанской модели межэтнического и межконфессионального согласия. / Составители: А.Н. Нысанбаев, А.Г. Косиченко. – Алматы, 2010. – 365 с.

[14]Республика Казахстан: политическая модернизация. Сборник выступлений и статей. – Алматы: ИД «Таймас», 2008. – 192 с.

  [15]Евразийская докторина Нурсултана Назарбаева / Сост.: А.Н. Нысанбаев, В.Ю. Дунаев. – Алматы: УМЦ «тіл», 2010. – 404 с.

[16]Мир о Назарбаеве. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2000. – 288 с.

[17] Мировая элита о Н. Назарбаеве: XXI век (Политики, духовные лидеры, интеллектуалы и бизнесмены мира о Н.А. Назарбаеве). - Алматы: Атамұра, 2005.-288 с.

[18]Независимый Казахстан глазами зарубежных экспертов: Книга-альбом на казахском, русс. и англ. языках / Составитель и автор С.Ф. Мажитов. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2011. – 440 с.

[19] Қозыбаев М.Қ. Тәуелсіздік даңғылы // Қозыбаев М.Қ. Киелі тәуелсіздік. / Құраст.: І.М. Қозыбаев. – Алматы: Баспалар үйі, 2009. – 448 б.

[20] Әбжанов Х.М. «Ежелден ер деген» Батырлар институты хақында // Нұр Астана. – 2008. - 9 қаңтар.

Referenses:

1. Qazaqstan tarıhy kóne zamannan búginge deıin. (Ocherk).  Almaty: Dáýir, 1994.  -446 b.

 2. Nazarbaev N.Á. Baýyrlarymyzǵa qushaǵymyz ashyq (Dúnıe júzi qazaqtary quryltaıynyń 1992 j. 1 qazandaǵy saltanatty májilisindegi sózi)  Táýelsizdigimizdiń bes jyly. - Almaty: Qazaqstan, 1996. - 179 b.

3. Qazaq KSR Prezıdenti ınstıtýtyn engizý jáne osy qyzmetke N. Nazarbaevty saılaý  Qazaqtar.  9 tomdyq anyqtamalyq.  Almaty, 2003.  I t.  139-140-bb.

4. Joldasbekov M. Eldik týy berik qolda!  Egemen Qazaqstan.  2011.  8 sáýir

5. Nazarbaev N.Á. Qazaqtyń búkil tarhy  birigý tarıhy, tutastaný tarıhy  Egemen Qazaqstan.  1998.  18 naýryz

6. Seıdimbek A., Ábjanov H., Salǵarauly Q. Ulttyq ıdeıa: tarıhı taǵdyry men bolashaǵy.  Astana: Folıant, 2012.  - 248 b.

7.  Nazarbaev N.A. Pıat let nezavısımostı. - Almaty, 1996. - 624 s.

8.  Qozybaev M.Q. Prezıdent saılaýy: talǵam men talap  Qozybaev M.Q. Órkenıet jáne ult.  Almaty: Sózdik-Slovar, 2001.  - 369 b

9. Nazarbaev N.Á. Ǵasyrlar toǵysynda. - Almaty, 2003. - 256 b.

10. Qoıgeldıev M.Q. Saıası elıtanyń qalyptasý kezeńderi  Qoıgeldıev M.Q. Ulttyq saıası elıta. Qyzmeti men taǵdyry. (ХVIIІ- ХХǵǵ.).  Almaty: Jalyn, 2004.  400 b.

11. «Aqmola qalasyn Qazaqstan Respýblıkasynyń Astanasy dep jarııalaý týraly». 1997 jylǵy 10 jeltoqsandaǵy QR Prezıdentiniń Jarlyǵy.

12. Aıaǵan B.Ǵ., Ábjanov H.M., D.A. Mahat. Qazirgi Qazaqstan tarıhy. Joǵarǵy oqý oryndarynyń tarıhshy emes mamandyqtaryna (bakalavrıat) arnalǵan oqýlyq.  Almaty: Rarıtet, 2010.  - 448 b.

13. N.A. Nazarbaev  osnovopoljnık kazahstanskoı modelı mejetnıcheskogo ı mejkonfessıonalnogo soglasııa.  Sostavıtelı: A.N. Nysаnbaev, A.G. Kosıchenko.  Almaty, 2010.  - 365 s.

14. Respýblıka Kazahstan: polıtıcheskaıa modernızatsııa. Sbornık vystýplenıı ı stateı.  Almaty: ID «Taımas», 2008.  - 192 s.

15.  Evrazııskaıa doktorına Nýrsýltana Nazarbaeva  Sost.: A.N. Nysanbaev, V.Iý. Dýnaev.  Almaty: ÝMTs «til», 2010.  - 404 s.

16.  Mır o Nazarbaeve.  Almaty: Qazaq entsıklopedııasy, 2000.  - 288 s.

17.  Mırovaıa elıta o N. Nazarbaeve:  ХХІ vek (Polıtıkı, dýhovnye lıdery, ıntellektýaly ı bıznesmeny mıra o N.A. Nazarbaeve). - Almaty: Atamura, 2005.-288 s.

18.  Nezavısımyı Kazahstan glazamı zarýbejnyh ekspertov: Knıga-albom na kazahskom, rýss. ı angl. ıazykah  Sostavıtel ı avtor S.F. Majıtov.  Almaty: Qazaq entsıklopedııasy, 2011.  - 440 s.

19.  Qozybaev M.Q. Táýelsizdik dańǵyly  Qozybaev M.Q. Kıeli táýelsizdik.  Qurast.: I.M. Qozybaev.  Almaty: Baspalar úıi, 2009.  - 448 b.

20.  Ábjanov H.M. «Ejelden er degen» Batyrlar ınstıtýty haqynda  Nur Astana.  2008. - 9 qańtar.

Н.Б.АДИЛЖАНОВ ,

PhDдокторант Евразийского национального университета им. Л.Н. Гумилева, г. Нур-Султан Е-mail: nurlykhan_nb@mail.ru

РОЛЬ Н.А. НАЗАРБАЕВА В ОСНОВАНИИ КАЗАХСТАНСКОГО ДЕМОКРАТИЧЕСКОГО ОБЩЕСТВА

Статья посвящена изучению роли Первого Президента Республики Казахстана Н.А. Назарбаева в создании нового независимого государства на постсоветском пространстве. В статье  также рассматриваются проблемы и особенности демократизации казахстанского общества. Кроме того, сделан акцент на становления личности Лидера нации в современной суверенной Республике.

Ключевые слова: Казахстан, Президент, Н.А. Назарбаев, казахская государственность, независимость, демократизация, личность, Лидер нации.

  N.B. ADILZHANOV

PhD doctoral student at Eurasian National University. L.N. Gumilyova, in Nur-Sultan., E-mail: nurlykhan_nb@mail.ru

THE ROLE OF N.A. NAZARBAYEV IN THE FOUNDATION OF THE KAZAKHSTANI DEMOCRATIC SOCIETY

This paper is devoted to the role of the First Presidnt of teh Republic of Kazakhstan N.A. Nazarbayev in  formation of the new independent state in the post-Soviet  space. In addition, some issues and peculiarities of the Kazakhstani society's democratization were considered in this paper. Also, the formation of personality of Leader of the Nation in the contemporary sovereign Republic was emphasized in this paper. 

Keywords: Kazakhstan, President, N.A. Nazarbayev, Kazakh statehood, independence, democratization, personality, Leader of the Nation. 


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз