Басты бет » Материалдар » 930.2 НҰРМАҚОВ - ТҮРКСІБКЕ ҚОЛДАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

Б.Ж. КАБДУШЕВ, «Қазақстан тарихы және мәдениеті» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к, доцент, Алматы энергетика және байланыс университеті ,Алматы қ., E-mail: bolat640701@mail.ru

930.2 НҰРМАҚОВ - ТҮРКСІБКЕ ҚОЛДАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3(19)2019

Аңдатпа:
Мақалада Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болған Нығмет Нұрмақовтың 1926-1929 жылдары Түркістан-Сібір темір жолының салынуына қатысты басшылық қызметі қарастырылады. Ол Қазақ үкіметінің Түрксібке қолдау көрсету комитетінің төрағасы ретінде құрылыстың бар ұйымдық жұмысын абыроймен атқарып шықты. Орта Азия мен Сібірді байланыстыратын жолдың ашылуы Қазақстаның астанасы Алматының өсіп гүлденуіне, оңтүстік облыстардың экономикалық-мәдени дамуына, қосқан маңызы шексіз болды. Түйін сөздер: Түрксіб, индустрияландыру, Нұрмақов, Фрунзе-Семей, темір жол құрылысына қолдау көрсету комитеті, Шоқпар бағыты, Мұхамеджан Тынышпаев.
Мазмұны:

Кіріспе. Н. Нұрмақовтың Халком кеңесінің төрағасы болған жылдардағы қызметінде ерекше орын алатын ірі құрылыстың бірі – Түрксіб құрылысы. Ол 1927-1930 жылдардағы Кеңестік индустрияландыру шежіресінің жарқын беттері болатын.

Қазақстандағы атақты Түркістан-Сібір темір жолының салынуының стратегиялық маңызы тарихи дәлелденді. Қазақстан астанасы Алматының өсіп гүлденуіне, оңтүстік облыстардың экономикалық-мәдени дамуына, қосқан маңызы шексіз. Бұл жолға деген сұраныстың пісіп-жетілуі тарихы тереңде жатыр. 1906 жылы Орынбордан Ташкентке дейін темір жол салынуына орай, Қазақстанның батысы мен оңтүстігін байланыстыратын төте жол ашылған еді. Кейін бұл жолды жалғастырып Сібірмен байланыстыру жобаларының бірде-бірі жүзеге асқан жоқ. Төңкеріске дейін төселінген Арыс-Бурное жол желісі, 1922 жылы Әулиеатаға (қазіргі Таразға) дейін жеткізілді. 1924 жылы ол темір жолдың шетін Фрунзе (қазіргі Пішпек) қаласына апарып тіреген болатын.  

Талқылау. Қазақстанның тәуелсіздігімен отандық тарихнамада тарихи тұлғаларды да зерттеп бағалаудағы жаңаша үрдістер жандана бастады [1]. Осыған орай, Н.Нұрмақовтың да қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметіндегі ұлттық мүдделерді қорғаған ұстанымы, көзқарасы жайлы объективті ғылыми баға беру мәселесі көтерілді. Алғашқылардың бірі болып белгілі тарихшы М. Қойгелдиев “Ұлтшылдықпен күрес науқаны”  деп аталатын 1990 жылғы “Социалистік Қазақстанда” жарық көрген сериялы мақалаларында 1920-30 жылдарда ұлтшылдықпен айыпталған бір топ қазақ қайраткерлерінің мемлекеттік-саяси қызметінің “ұлтшылдығының” мәнін талдап, тың тұжырымдар жасады. С.Қожанов, Ж. Мыңбаев, Т. Рысқұлов, С. Сәдуақасов, Н. Нұрмақов сынды қайраткерлердің ел үшін жанпида қызметіне ұлтшылдық рең беру ойластырылған жымысқы саясат болғанын салмақтап, Н. Нұрмақовтың да айтыстар барысындағы ұлттық ұстанымынан мысалдар берген. Мәселен, Ақтөбе губерниясының Елек ауданын Орынбор губерниясына беру туралы Бүкілроссиялық Орталық Атқару Комитетінің біржақты шешіміне үзілді-кесілді қарсы болғанның бірі Нұрмақовтың: “Орталық жеке аудандардың тағдырын ұлттық құрамына қарай өз еркінше шеше беретін болса, онда болашақта Қазақстан Республикасының сақталып қалуы мүмкін емес” деген пікірлерін береді. Сөйтіп, өзге де қазақ қайраткерлерімен қатар Н. Нұрмақовтың да мемлекеттік-саяси қызметін жаңа көзқарас тұрғысынан қарау жайлы мәселені көтеріп, мүлдем белгісіз зерттелмей келген тұстарын  мұрағаттық дәйектермен хабардар етті [2]. 

Тарихымыздың ақтаңдақ беттеріне арналған тарихшы-ғалым Т. Омарбековтың ғылыми талдамаларында Н. Нұрмақовтың да қайраткерлік болмысы турасында сындарлы пікірлер айтылады. Ф.И. Голощекинге қарсы оппозицияны құраған С. Қожанов, С. Сәдуақасов, Ж. Мыңбаев т.б. қатарына Н. Нұрмақовты да қояды. Ал тәркілеуге қатысты Халком Кеңесі төрағасының ұстанымын құжаттармен негіздеу қадамының өзі зерттеушілерді қызықтыра түскені аян  [3].

Осы бағытпен мемлекет қайраткері Н. Нұрмақовтың отырықшыландыру, қазақтың мал шаруашылығын дамытудағы көзқарасы жайлы мұрағаттық деректерге сүйеніп, жаңаша тұжырымдар жасаған тарихшы-ғалымдар Е. Қуандықов, Д. Махаттың еңбектерін де атаған жөн. Е. Қуандықовтың бірнеше тақырыпшадан тұратын шағын кітапшасында Орынбор губерниясының Ресей құрамына берілуге қатысты туған жер мәселесіндегі дауға Нығмет Нұрмақовтың көзқарасын тың деректермен беруі де ерекше назар аудартады. Автор Н. Нұрмақов, С.Сәдуақасов, Ж. Мыңбаев секілді қазақ қайраткерлерін “батыл оймен, қауіпті айтыстарға түскен, ұлты үшін басын тіккен” басшылар болған деп бағалайды [4, 104-б]. Д. Махаттың зерттеу еңбегінде Н. Нұрмақов қазақ зиялыларының 1920 жылдардағы қызметіне біржақты баға беруге қарсы шыққан алғашқы мақаланың авторы ретінде көрсетілген. Сондай-ақ қазақтарды жерге орналастыру, жұтқа тап болған қазақ шаруашылығына көмек беруге байланысты Ф.И. Голощекинмен арадағы келіспеушіліктердің болғанын мұрағаттық дәйектермен бейнелеген. Нәтижесінде Н. Нұрмақов Голощекиндік бағытқа қарсы тұрушы үшінші ағымының уағыздаушысы ретінде бағаланған. “Үшінші ағым – бұл іс жүзіндегі “сәдуақасовшылдық” ағым. Аналардан қауіптірек, зияндырақ ағым…” деп Ф.И. Голощекиннің өзі түсініктеме беруі арқылы Н. Нұрмақов және оның тобымен ешбір ымыраға келу мүмкін еместігін ашық білдірген еді [5, 304-б.].

Әдістер. Мақаланы жазуда объективтілік, тарихилық, жүйелілік және салыстырмалы талдау принциптері басшылыққа алынды.  Тәуелсіздік заманында тарихи тұлғалардың қызметін жаңа көзқарас тұрғысынан зерттеу талабы қойылуда. Сондықтан зерттеудің үлгісіне соңғы жылдарда жарық көрген саяси қайраткерлердің өмірі мен қызметі туралы еңбектер негіз болды. Мұрағаттағы ғылыми айналымға енбеген құжаттар салыстырмалы түрде сараптаудан өткізілді.

Нәтижесі.Еңбек және Қорғаныс кеңесінің 1926 жылғы 3 желтоқсанда өткен мәжілісінде Түркістан мен Сібірді жалғайтын Фрунзе -Семей темір жолын салу туралы қаулы қабылданды. Бұл темір жол құрылысын басқаруды толығымен атасақ, РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің құрамындағы Фрунзе-Семей темір жолына қолдау көрсету комитетінің төрағасы міндеті Түркістан өңірін терең білетін көрнекті қайраткер, РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловқа жүктелді [6].

Ізінше 1926 жылдың желтоқсанында өткен Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің мәжілісінде үкімет төрағасы Н. Нұрмақов баяндама жасап, одақтық үкіметтің Фрунзе-Семейді байланыстыратын темір жолын салу туралы қаулы қабылдағанын, оның бірінші кезектегі шаруа болып мойындалғанын хабарлады. Бұл жол құрылысының халық шаруашылығын ұйымдастырып, көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік беретіндігі атап өтілді. Нәтижесінде манадай шешімдер мақұлданды:

1.  Қолға алынған одақтық құрылысқа «Қазақ жолы» деген атау беру;

2.  Жол құрылысына қолдау көрсететін комиссия құрамын Халком Кеңесінің келесі мәжілісінде бекіту;

3.  Жолдың жүріп өтетін аймақтарының экономикалық мүмкіншіліктерін  зерттейтін комиссия құру  және т.б. [7].

1926 жылдың 29 желтоқсанында өткен Халық Комиссарлар Кеңесінің мәжілісінде Қазақстан үкіметі құрамында  Фрунзе-Семей темір жолына қолдау көрсету  комитетінің жұмыс құрамы бекітіледі: төрағасы Н. Нұрмақов, мүшелері – Еңбек Халкомы М. Тәтімов, Жер ісі Халкомы С. Қаратілеуов, Сауда Халкоматынан Төлепов, КСПС-тен Беляков енді [8]. 1927 жылдың көктемінен бастап жол салынатын жерлерді зерттеу үшін инженер-техник қызметкерлері Қазақстанға келді. Жолдың орталықтан қолайлы бағытын анықтау үшін Темір жол құрылысы басқармасы құрылды. Салынатын жол ұзындығы 14 учаскеге бөлініп, зерттеу жұмыстары басталып кетті. Әсіресе оңтүстік аймақтағы Алматы-Фрунзені жалғайтын жол бағытын анықтау қиынға түсті.

Қазақстан үкіметі де темір жол салу құрылысына қызу қамданып, тиесілі шараларды атқаруға кірісті. Оған Орталықтан тікелей басқарып, бағыт-бағдар беріп отырған  Т. Рысқұловтың өзі болатын.

1927 жылдың 5 маусымында РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары және РСФСР Халком Кеңесі құрамындағы Семей-Фрунзе темір жол құрылысына қолдау көрсету комитетінің Т. Рысқұловтың басшылығымен Қазақстан Халком  Кеңесі құрамындағы Семей-Фрунзе темір жол құрылысына қолдау көрсету комитетінің 3-ші мәжілісі өтті. Т. Рысқұлов жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен қысқаша таныстырған соң, мәжіліс жолдың Алматыны басып өту қажеттігін бір ауыздан мақұлдап, құрылыстың басталуы, уақыты, жалпы қарқыны мен ұсынған бағытына қанағаттанушылық білдірді. Сондай-ақ, Қазақстан үкіметі мүшелерінің баяндамалары негізінде Қазақ Халком Кеңесі құрамындағы темір жол құрылысына қолдау көрсету комитетіне таяу арада атқаруға тиіс мынадай шаралар белгіленді. Атап айтқанда:

–  Жол құрылысына қашық орналасқан аудандардың шаруашылығын қайта құру жобаларын жасап, нақты шараларын белгілеу;

–  Жол бойындағы жерлерге орналастыруды барынша жылдам жүргізу, яғни станциялық поселкелер ұйымдастыру, жол құрылысына көшірілетін жер үлесін берудің тәртібін нақтылау;

–  Мемлекеттік жоспарлау комитетіне Халық шаруашылығының даму жоспарын жасауда бұл аудандарда техникалық әрі дәнді дақылдарды егуіне орай аудандастыру, мақта егетін және өнеркәсіптік аймақтардың қажеттігін өтеуді ойластыру;

–  Темір жол аймағында геодезиялық, геологиялық су көздерін ашу үшін терең зерттеулер жургізу туралы Қазақстан үкіметінің сұрауына РСФСР Халком Кеңесінің тарпынан қолдау көрсету сияқты т.б. бірқатар шешімдер шығарылды. Сонымен бірге Қазақ Еңбек халкоматына құрылысқа қажетті жұмыс күшінің саны, сапасын анықтау, тұрғын үймен қамтамасыз ету  мәселесін шешу, оңтүстік және солтүстік жолдар құрылысы басқармасымен бірлесіп жұмыс күшін жалдаудың шарттарын белгілеу, құрылысқа жергілікті тұрғындарды жұмыс күші ретінде қалыптастыру сияқты шаруаларды атқару тапсырылды. Сауда халкоматына құрылыстағы жұмысшылар мен  қызметшілерді азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешу ұсынылды. Мәжіліс соңында Федерациялық және Республикалық қолдау көрсету комитеттері жаңа мүшелермен толықтырылды. Кейін мәжіліс қабылдаған шаралардың барлығы Қазақстан Халком Кеңесінде қосымша бекітіліп, жұмысты үйлестіріп отыру Н. Нұрмақовқа жүктелді [9, 77-б].

Осы кезде Қазақстанға Орталықтан келген мамандардың жұмысы нәтижесін бере бастаған еді. Аса күрделі бағыттың бірі және жан-жақты салмақтаудың жемісі болған Фрунзе мен Алматыны байланыстыратын темір жол желісін салуға 4 жоба жасалды. Олардың бәрі де тау асулары арқылы яғни Қастек, Қақпат, Шоқпар тауларының бірін басып өтетін еді.

1-жоба, Фрунзеден Тоқмақ қаласы арқылы тау жоталарын басып өтетін. Қастек бағыты атанған бұл жобаның қымбатқа түсетіні белгілі болғандықтан әуелден-ақ қабылданбады.

2-жоба, Қақпат арқылы, яғни Фрунзеден Шу жазығымен жүре келе, солға шұғыл бұрылу арқылы Отарға шығу тиіс болды. Алайда, тау жоталарымен паровозбен сүйреуге қауіпті еді. Сондықтан ол жоба қолдаусыз қалды.

3-жоба, Қордай бағытындағы 88 шақырымға созылған асудан шақыруға екі паровоздың күші қажет болатын. Ол Фрунзе қаласынан шығып, Шу өзенінен – Отар станциясына дейін жететін. Алайда, салыстыра келгенде бұл жобада  қабылданбай,

4-жоба, таңдалынды. Ол Шоқпар бағыты бойынша Луговой станциясынан басталып, Қарғалы өзені бойымен Шу өзенін кесіп өтіп, жазық жерлермен Алматыға дейін жетті. Қордай бағытымен салыстырғанда әлде қайда арзан болды және құрылыс жұмысының мерзімі 1 жыл уақытқа қысқарды. Бұл бағытты ғылыми тұрғыдан негіздеп жасап қазақтан шыққан тұңғыш темір жол маманы, мемлекет қайраткері Мұхамеджан Тынышпаевтың болғандығын мақтан тұтуымыз қажет [10].

Сөйтіп, 1927 жылдың күзіне қарай Шоқпар бағыты арқылы өтетін жобаға тоқталып, соңғы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатты. Фрунземен емес, Сібірді Луговой арқылы байланыстыруға орай, енді Фрунзе – Семей деген атауды  Түркістан-Сібір темір жолы деп атау өздігінен туындап еді.

Қазақстан үкіметінің құрамындағы Түрксіб темір жол құрылысын қолдау комитеті құрылыстың оңтүстігі мен  солтүстігіне қатысты дайындық шараларын негізінен атқарып үлгерді. Атап айтқанда: Жетісу және Сырдария губернияларының атқарушы органдарының құрылысқа жан-жақты қолқабыс беру жайлы қатынас хаттар жолданды; жол құрылысына қажетті жұмыс күшін жалдаудың тәртібі белгіленді; оңтүстік губерниялардың ботаникалық жағдайын, топырақ құрамын баяндаған зерттеулер, кестелі карталар дайындалып  Мәскеуге жіберілген болатын [11].

1927 жылдың қазанында Сырдария және Жетісу губернияларындағы жер органдарының заңды түрде  Түркістан-Сібір темір жолына қажетті жерді өндіруі туралы Жер ісі халкоматының ережесі жарияланды. Мұнда Түрксіб құрылысы басқармасының жер алу бөліміне кең құқықтар беріле отырып, мәселесі Жер кодексінің 3-ші бөлімінің 1-ші тарауына сүйеніп, шешу ұсынылды. Сондай-ақ, губерниялардағы ереже, нұсқауларды да басшылыққа алу, бау-бақша, орман және т.б. келетін шығындарды Ерекше комиссия құрып, бірлесіп шешудің тәртіптерін сақтау, суармалы су жолдарының бағытын өзгертіп қайта салу немесе көшірілуге тиіс тұрғын үйлердің  шығынын Түрксіб құрылысы басқармасы көтеру тиіс болды. Құрылыс барысында басшылыққа алынатын ережелер екі жақты келісім негізінде жасалынатын болды [193-б].

Бұлар жол салудағы қызу дайындық жұмыстарының аяқталуын бейнелеген соңғы сәттері болатын. Мысалы, 1927 жылдың 20 қазанында РСФСР Халком Кеңесінің орынбасары Т.Рысқұловтың жедел сұратуымен қазақ үкіметі Түркістан-Сібір  темір жолын статистикалық, экономикалық тұрғыдан зерттеудің кестелі бағдарламасы, оған жұмсалатын қаржы көлемі туралы есепті және Орта Азия (Ташкент) университетіндегі  топырақтану және ботаника институтының ғалым хатшысы Аболинаның баяндама хатын, Түрксіб аймағы туралы қолдағы бар зертеу қорытындыларын жібергендігін хабарлаған [5-6-п.п].

1927 жылы 28 қазанда өткен РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен  Еңбек және Қорғаныс Кеңесінің бірлескен мәжілісінде Түрксіб бойынша жинақталған ғылыми статистикалық қорытындыларға сүйену негізінде, Шоқпар бағыты арқылы жол салу толық дәлелденіп, мәжіліс тарапынан бұл жоба толық қолдау тапты [72-81 б].

Осылайша, 1927 жылы 21 қарашада Түрксібті салу жұмысы Луговой станциясында басталып кетті. Жолды салу екі жақтан бірдей, солтүстік  пен оңтүстіктен жүргізілді. Құрылыстың солтүстігінде 8 участок, оңтүстігінде 7 участок құрылды. Әрбір участоктар тікелей басқарылатын дистанцияларға бөлінді. Іле, Ертіс өзендерінің үстінен көпір салуға жеке пункттер құрылып, оған қызығушы құрылыс мекемелері мен ұйымдары (мысалы Югосталь) қатыстырылды [15].

Түрксіб құрылысшыларына жолды биік жоталарды жарып, сайларды толтырып, өзендердің үстімен өткізу қажет болатын. Техникасыз қолдың күшімен күніне кейде 5-6 шақырым жерге дейін темір жол төселіп отырды. Құрылыс барысында қиындықтар, қайшылықтар көп кездесті. Мұны Қазақстандағы ерекше саяси басқарма (ОГПУ) тарапынан РСФСР Халком Кеңесі құрамындағы Түрксіб темір жол құрылысына қолдау көрсету комитетінің төрағасы Т. Рысқұловқа және Н. Нұрмақовқа жолдаған (аса құпия белгімен тек жоғарғы билік басындағыларға ғана түсетін) ақпараттардан оқып көруге болады:

«20.08.1928. Түрксібтің оңтүстік құрылысы 1, 2, 3 жол учаскелерінде 3 мың жұмысшы  бар, олардың 800-і күнделік жалақы деңгейін 8 сомға дейін өсіруді талап етіп, жұмысты тоқтатты. Бұл талаптар қанағаттандырылмаған жағдайда жұмысшылар бүтін оңтүстік құрылыс бойынша ереуіл жариялайтындығын мәлімдеп отыр», деп хабарлайды. Ереуілді келісімге шақыру үшін, аталған учаскелерге Түрксіб басқарма өкілі, кәсіподақ және округтік партия өкілдерінің қатысуымен құрылған комиссия жөнелтілген екен [508 б].

«1.06.1928. Түрксіб участогының бастығы инженер Тихеев Орталық жұмысшы-шаруа инспекциясының ұсыныстарын елемей отыр... Айталық, штаттарды қысқарту жөніндегі талаптарды көпе-көрнеу бұзуда. Мысалы, негізгі базаға 14 адам керек болса, ол 33-ке өсті. Немесе, басқармадан 60 адамды қысқартуға келіспей отыр» деп, көптеген құрылыс басшылығындағы  белең алған келеңсіз жағдайлар тізіледі [17]. Аталған  деректер, көп  кешікпей әлгі Тихеевті жол құрылысын аралауға келген Т. Рысқұловтың қызметінен алынып тастағанын да хабарлаған [3-б].

Осы секілді Түрксіб құрылысының бар тынысын білдіретін ақпаратпен үкімет толығымен танысып, бақылап көмегін беріп отырған. Халық Комиссарлар Кеңесінде дұрыс шешім қабылдап, үкімет мүшелері, құзырлы органдар мен жергілікті басқару әкімшіліктеріне міндет жүктеуде бұл мәліметтердің ролі зор болды.

Н. Нұрмақов негізгі міндеті құрылысқа қолдау көрсетіп, қолқабыс тигізу болғандықтан кадр мәселесін шешуге араласпаған. Ол Орталық қолдау комитетінің құзыры болатын. Мысалы, темір жол құрылысының бас инженері Будаси бастаған бір топ инженер-техниктерге қарсы Жоғарғы сот тарапынан қылмыстық іс қозғалып қамауға алынған кезінде олардың кінәлары  дәлелденгенше босаттырған Нығмет Нұрмақов еді.

Есесіне, құрылыстағы орын алған мұндай кемшіліктерді түзетіп, құрылыстарды аралап көру барысында шешім шығарып отырған ол – Т.Рысқұловтың өзі. Оған да жүгенсіздіктің небір түрлері суреттелген мәліметтерді ОГПУ-дің қырағы қызметкерлері жіберіп жатты. Әсіресе, жұмысшылар арасында әрі басшылық құрамында шовинизм, протекционизм, ысырапшылдық, көпір-жол құрылысындағы сапасыздық, еңбекті қанау (төменгі жалақы төлеу) сияқты қайшылықтар айрықша көрініс берген болатын.

Қазақстанда Түрксіб құрылысының үйлестіру жұмысын Н.Нұрмақов өзі бақылап, үнемі туындаған мәселелер бойынша РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловпен хабарласып, ақылдасып отырған. 1928 жылдың 5 ақпанында Н. Нұрмақов Түрксіб аудандарын зерттеуге келісілген несие ақшаның тез жіберілуін өтініп, Т. Рысқұловқа жеделхат жіберді. Сол жылдың 15 ақпанында Н. Нұрмақов  Мәскеудегі Т. Рысқұловқа Түрксіб бойында орналасқан аудандарда жерге отырықшыландыру жобасымен К. Тоқтабаевтың (Жер ісі Халық комиссариатындағы ірі қызметкерлердің бірі, ғалым – Б.Қ.) кеше ғана жол жүріп кеткендігін хабарлады [19]. Немесе Т. Рысқұловтың өзі қажетті мамандарды іріктеуде, жалпы орталық тарапынан белгіленген  көптеген шаралардың жүзеге асуын Н. Нұрмақов арқылы  тындырып, қадағалап отырған. Т.Рысқұлов 1928 жылы 15 тамыздағы Н. Нұрмақовқа жолдаған хатында Түрксіб құрылысы орталық, республикалық баспаларда мүлдем жазылмайтындығы, жалпы құрылыстың барысын ақпарат құралдарында жан-жақты баяндап отыруына қолқабыс беруін өтінген [20].

1929 жылы құрылыстың екі есеге өсу қарсаңында Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесі де жол құрылысының қарқынын тоқтатпау мақсатында тиісті шараларды жүзеге асырумен болды. Өткен жылдың тәжірибесі – кәсібін білетін маман жұмысшылардың тапшылығын көрсеткен еді. Сондықтан 800 қазақ құрылысшыларын дайындауға  орталықтан 280 мың сом ақша бөлінді [21, 70-75-бб]. Сонымен қатар Түрксібтің пайдалануын жүзеге асыратын теміржол мамандарын 6 курс бойынша ұйымдастыруды бекіткен  РСФСР Халық комиссариатынан 312.390 сомды құрайтын қаржы сұратылды [21,146-190-бб].

Н. Нұрмақов шаруаны терең білетін. Тек жоғарғы биліктің айтқанын орындап, берілген бағытымен жүре берді десек, қателескен болар едік. Оның құрылыс барысында өз жобасын, көзқарасын дәлелдеп, өткірлік танытқан тұстары да жетерлік. Жолды қысқарту мақсатында Алматыға соқпай өтетін жол жобасын жасауға Түрксіб басшылары кіріскен кезде Н. Нұрмақов  РСФСР Халком Кеңесінің төрағасы А.И. Рыковқа, орынбасары Т.Рысқұловқа жеделхат салып, бұл жобаға үзілді-кесілді қарсылығын білдірді [272-б]. Немесе, орталықтың 1928 жылғы желтоқсан айындағы Жетісу және Ташкент темір жолдарын Орта Азиялық темір жол басқармасының құзырына көшірілуі туралы шешіміне қазақ үкіметі қарсы шешім шығарып, мәселе түпкілікті шешілгенше Ташкент темір жол басқармасына жолды Орынбордағы Орта Азиялық темір жол басқармасына  өткізуді тоқтата тұруды сұраған. Шынында да, бұл дайынға ие болғысы  келетін одақтық мекемелердің құлқына деген Нұрмақов басқарған Қазақстан үкіметінің ашық наразылығы еді [23].

1929 жылғы 7 мамырда Н. Нұрмақов “Советская степь” газетінде “Түркістан-Сібір темір жолына қосылатын жолдар туралы” деп аталатын көлемді мақаласы  жарияланды. Мұнда негізгі жолға тірелетін су жолдары, қара жолдар, темір жол тармақтарының мәні мен маңызы терең талданды.  Мәселеге аз көңіл бөлініп отырғандығын ескертіп, алдағы уақытта бұл  мәселелер Түрксіб құрылысына, оның кейінгі дамуына айрықша әсер ететін факторлар болмақ деген түйін жасаған. Темір жол тармақтарының ішіндегі кезек күттірмейтін 4 жолдың маңыздылығы қойылады:

1.  Сергиополь-Бақты, Чугучак станциясы 290 шақырымды құрап, Қытайдың Синь-Цзянь провинциясымен сауда байланысын күшейтуге жол ашады;

2.  Шу-Қосқұдық сексеуіл саяжайы станциясы (1175,5 шақырым). Ол Орта Азия әрі Қазақстанды  отынмен қамтамасыз ету мәселесін шеше алады;

3.  Риддер-Түрксіб (Карловка 200 шақырым). Риддер өнеркәсіптік тресі –Алтайполиметалл  Сібір магистралымен  байланыстырады;

4.  Лепсі-Түрксіб темір жол тармағы (30 шақырым). Түрксібке Лепсінің бай өңірінен астық, ет өнімдерін жеткізуде ерекше роль атқаратын  болды.

Сондай-ақ, Іле  және Ертіс өзендерінің аймақтағы экономикалық өмірді жандандыруға маңызы көрсетіліп, сауда байланысының өсуіне орай, өкілетті мекемелердің кезек күттірмес міндеттерін атап көрсетті. Соңында Түрксібті  қара жол арқылы жалғайтын Алматы-Фрунзе, Алматы-Хоргос жол трактысы, басқа да  Түрксібпен түйісетін қара жолдардың одақтық немесе жергілікті маңыздылығына шолу жасалып, бұл жобалардың әлі де жетілдіретінін, анықталатындығын ескертеді [49 б].

Бұл мақала, Н. Нұрмақовтың  Түрксіб құрылысында 2 жылдық атқарылған шаруалардың нәтижесін шығарып, алдағы бағытын айқындап, жол сілтеген бағыт-бағдары болатын. Өкінішке орай, оның түпкілікті жүзеге асуына басшылық жасай алған жоқ. Сол тұста-ақ мақалада аталған шаруалардың дені Түрксіб құрылысының жобасына Н. Нұрмақовтың тікелей араласуымен енгізілген болатын. Ал, Фрунзе-Алматыны байланыстыратын қара жол Н. Нұрмақовтың үкіметтегі басшылық жылдарында салынып, пайдалануға берілген еді.

Қорытынды. Қазақстан тарихында зор маңызы бар Түрксіб құрылысының көшбасшысы ретінде  Нығмет Нұрмақовтың орны елеулі. Ол қазақ үкіметін басқара отырып, Түрксібке қолдау көрсету комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Түрксіб құрылысының басында жүріп, таяу арада жүзеге асыру тиіс болған міндеттерді негізінен орындап шықты.

Қорыта келгенде біріншіден, Түрксіб теміржолы Шу өңіріндегі жергілікті халықты жаңа құрылысқа тарту арқылы теміржол бойындағы ұлттық жұмысшы табының қалыптасуындағы маңызы зор болды.

Екіншіден, теміржол бойындағы елді-мекендердің қалыптасып, инфрақұрылымының дамуына жол ашты. Мәселен басқасын айтпағанда Шу станциясы бүтін Қазақстан және Орта Азия елдерін бір-бірімен байланыстарын стратегиялық маңызы бар жол торабына айналып отыр.

Үшіншіден, осы жолдың күре тамырында Қазақ елінің тәуелсіздігін айқындаған маңызды мәселелер шешімін тапты. Ол қазақ елінің кіндік орталығын Қызылорда – Алматы – Астана қылып өзгертуді қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарды. Астанаға тура жол салғанның өзінде жібек жолының маңызы өскен сайын оңтүстіктегі теміржол торабының болашағы кеңейе бермек.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1.  Қозыбаев М.Қ. Ата тарихы туралы сыр // Егеменді Қазақстан. – 1992. – 3 қазан; Cоныкі, Ақтаңдақтар ақиқаты. – Алматы, 1992. –272 б.; Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. – Алматы, 1995. – 256 б.; Садықов Т.С. Тарих тағылымы. – Алматы, 1995; Әбжанов Х. Қазақ интелегенциясы қашан туған?//Қазақстан коммунисі. – 1991. –№2. т.б.

2.  Қойгелдиев М. Ұлтшылдықпен күрес науқаны // Социалистік Қазақстан. –1992. – 5-9 мамыр.

3.  Омарбеков Т. Жұмабеков Ж. Қасірет хаттары // Ақиқат. – 1995. – №5. – 49 б.; Омарбеков Т. Голощекиннің төңірегі, ол туралы не білеміз? // Ақиқат. – 1995. – №9. – 27 б.

4.  Қуандықов Е. Сүрең салған сұрқия саясат. – Алматы: Санат,1999. – 104 б.

5.  Махат Д. Қазақ зиялыларының қасіреті. – Алматы, 2001. – 304 б.

6.  // Алматы ақшамы. – 1997. – 20 наурыз.

7.  Нұрымбетова Г.Р. Ораз Қиқымұлы Жандосовтың қоғамдық – мемлекеттік қызметі (1916-1939 жж.): тарих ғыл. канд. дисс... авторефераты. – Алматы, 1992.

8.  Сейфуллин С. Тар жол, тайғақ кешу. – Алматы: Жазушы, 1978.

9.  Политические репрессии в Казахстане 1937 – 1938 гг. – Алматы: Казахстан, 1998. – С. 77.

10.  // Еңбекші қазақ. – 1925. – 1 мамыр.

11.  Қазақстан Республикасы Президентінің архиві (ҚРПА), 193–қ., 3–т., 993–іс, 3–п.

12.  Из истории партийного строительства в Казахстане. Сборник статей и материалов. – Алматы, 1936. – С. 193.

13.  ҚР ПА, 141–қ., 1–т., 1648–іс, 5-6-п.п.

14.   Тимофеев Н. Брайнин С. О националистическойагентуре японско-германской разведки // Большевик Казахстана. –1937. – №9-10. –С. 72-81.

15.  Лекеров А. Жалынды большевик // Советтік Қарағанды. – 1960. – 21 қыркүйек.

16.  Мұқанов С. Есею жылдары. – Алматы, 1964. – 508 б.

17.  Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік архиві (ҚР ОМА), 440–қ., (Н. Ановтың жеке қоры), 1– т., 607–іс, 12-п.

18.  Бегалин С. Асыл азаматты еске алғанда // Қазақстан мұғалімі. – 1965. – 3 мамыр. – 3-б.

19.  Бектасов Ә. Аяулы азамат еді // Қазақстан мұғалімі. – 1975. – 25 сәуір; Соныкі. Сәкеннің серігі // Қазақ әдебиеті. – 1975. – 1 мамыр.

20.  Сармұрзин А. Верный сын казахского народа // Казахстанская правда – 1985. – 24 апреля.

21.  Бектұров Ж. Алыс жылдардың бір дерегі // Жалын. – 1989. – №4. – 70-75-бб.; Соныкі. Нәубет. – Алматы, 1990. – 146-190-бб.

22.  Қозыбаев М.Қ. Ата тарихы туралы сыр // Егеменді Қазақстан. –1992. – 3 қазан; Соныкі. Ақтаңдақтар ақиқаты. – Алматы, 1992. – 272 б.

23.  Қойгелдиев М. Ұлтшылдықпен күрес науқаны // Социалистік Қазақстан. –1992. – 5-9 мамыр.

24.  Омарбеков Т. Жұмабеков Ж. Қасірет хаттары //Ақиқат. – 1995. – №5. – 49-б.

 

REFERENCES

1.  Qozybaev M.Q. Ata tarihy turaly syr // Egemendі Qazaqstan. - 1992. - 3 qazan; Sonykі. Aqtandaqtar aqiqaty. – Almaty, 1992. – 272 b.; Nurpejіsov K. Alash һәm Alashorda. – Almaty, 1995. - 256 b.; Sadyқov T.S. Tarih tagylymy. – Almaty, 1995; Әbzhanov H. Qazaq intelegenciyasy qashan tugan? // Qazaqstan kommunisі. – 1991. –№2. t.b.

2.  Qojgeldiev M. Ultshyldyqpen kүres nauqany // Socialistіk Qazaqstan. –1992. – 5-9 mamyr.

3.  Omarbekov T. ZHumabekov ZH. Qasіret hattary // Aqiqat. – 1995. – №5. –49 b.; Omarbekov T. Goloshchekinnіn tonіregі, ol turaly ne bіlemіz? // Aqiqat. – 1995. – №9. – 27 b.

4.  Quandyqov E. Sүren salgan surqiya sayasat. – Almaty: Sanat,1999. – 104 b.

5.  Mahat D. Qazaq ziyalylarynyn qasіretі. – Almaty, 2001. – 304 b.

6.  // Almaty aqshamy. – 1997. – 20 nauryz.

7.  Nurymbetova G.R. Oraz Qiqymuly ZHandosovtyn qogamdyq – memlekettіk qyzmetі (1916-1939 zhzh.): tarih gyl. kand. diss... avtoreferaty. – Almaty, 1992.

8.  Sejfullin S. Tar zhol, tajgaq keshu. – Almaty: ZHazushy, 1978.

9.  Politicheskie repressii v Kazahstane 1937 – 1938 gg. – Almaty: Kazahstan, 1998. – S. 77.

10.  // Enbekshі qazaq. – 1925. – 1 mamyr.

11.  Qazaqstan Respublikasy Prezidentіnіn arhivі (QRPA), 193–q., 3–t., 993–іs, 3–p.

12.  Iz istorii partijnogo stroitel'stva v Kazahstane. Sbornik statej i materialov. – Almaty, 1936. – S. 193.

13.  QR PA, 141–қ., 1–t., 1648–іs, 5-6-p.p.

14.  Timofeev N. Brajnin S. O nacionalisticheskoj agenture yaponsko-germanskoj razvedki // Bol'shevik Kazahstana. –1937. – №9-10. –S. 72-81.

15.  Lekerov A. ZHalyndy bol'shevik // Sovettіk Qaragandy. – 1960. – 21 qyrkүjek.

16.  Muqanov S. Eseyu zhyldary. – Almaty, 1964. – 508 b.

17.  Qazaqstan Respublikasynyn Ortalyq Memlekettіk arhivі (QR OMA), 440–q., (N. Anovtyn zheke qory), 1– t., 607–іs, 12-p.

18.  Begalin S. Asyl azamatty eske alganda // Qazaqstan mugalіmі. – 1965. – 3 mamyr. – 3-b.

19.  Bektasov Ә. Ayauly azamat edі // Qazaqstan mugalіmі. – 1975. – 25 sauіr; Sonykі. Sakennіn serіgі // Qazaq adebietі. – 1975. – 1 mamyr.

20.  Sarmurzin A. Vernyj syn kazahskogo naroda // Kazahstanskaya pravda – 1985. - 24 aprelya.

21.  Bekturov ZH. Alys zhyldardyn bіr deregі // ZHalyn. – 1989. – №4. – 70-75-bb.; Sonykі. Naubet. – Almaty, 1990. – 146-190-bb.

22.  Qozybaev M.Q. Ata tarihy turaly syr // Egemendі Qazaqstan. –1992. – 3 qazan; Sonykі. Aqtandaqtar aqiqaty. – Almaty, 1992. – 272 b.

23.  Qojgeldiev M. Ultshyldyqpen kүres nauqany // Socialistіk Qazaqstan. –1992. – 5-9 mamyr.

24.  Omarbekov T. ZHumabekov ZH. Qasіret hattary //Aqiqat. – 1995. – №5. – 49-b.

Б.Ж.КАБДУШЕВ 1

1Алматинский университет энергетики и связи,

Заведующий кафедрой «История и культура Казахстана»,к.и.н., доцент

г. Алматы, Казахстан

E-mail:bolat640701@mail.ru

НЫГМЕТ НУРМАКОВ - ПРЕДСЕДАТЕЛЬ КОМИТЕТА ПО СОДЕЙСТВИЮ СТРОИТЕЛЬСТВУ ТУРКСИБА

Резюме

В статье рассматривается руководящая деятельность Ныгмета Нурмакова, председателя Совета Народных Комиссаров Казахстана, по строительству Туркестано-Сибирской железной дороги в 1926-1929 годах. Он с честью выполнял всю возложенную на него организационную работу строительства Турксиба. Открытие дороги, связывающей Центральную Азию и Сибирь, было огромным вкладом в процветание столицы Казахстана, Алматы, а также экономическое и культурное развитие южных областей.

Ключевые слова: Турксибский, индустриализация, Нурмаков, Фрунзе-Семей, комитет по поддержке строительства железных дорог, маршрут Шокпар, Мухамеджан Тынышпаев.

B.Zh. KABDYSHEV 1

Head of the Department "History and Culture of Kazakhstan", 

Candidate of Historical Sciences, Docent

1Almaty University of Power Engineering and Telecommunications,

Almaty, Kazakhstan

E-mail:bolat640701@mail.ru

NYGMET NURMAKOV - CHAIRMAN OF THE COMMITTEE FOR THE ASSISTANCE OF TURKSIB CONSTRUCTION

The article deals with the guiding activity of Nygmet Nurmakov, Chairman of the Council of People's Commissars of Kazakhstan on the construction of the Turkestan-Siberian railway in 1926-1929.All the organizational work on the construction of Turksib allocated to him, was performed by N.Nurmakov him with dignity. The opening of the road linking Central Asia and Siberia was a great contribution to the prosperity of Almaty, the capital of Kazakhstan, and the economic and cultural development of the southern regions.

Keywords: Turksib, industrialization, Nurmakov, Frunze-Semey, the Committee to support the construction of the railway, the route Shokpar, Mukhamedzhan Tynyshpaev.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз