Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 94 (574) АТАТҮРІК БИЛІГІ КЕЗІНДЕГІ ТҮРКИЯДАҒЫ ЖӘНЕ ПОСТКЕҢЕСТІК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТАРИХИ ЖАДЫ МЕН ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН Р

Т.А. Еришева, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, PhD докторант, Нұр-Cұлтан қ., Қазақстан

ӘОЖ 94 (574) АТАТҮРІК БИЛІГІ КЕЗІНДЕГІ ТҮРКИЯДАҒЫ ЖӘНЕ ПОСТКЕҢЕСТІК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТАРИХИ ЖАДЫ МЕН ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН Р

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3(19)2019

Аңдатпа:
Мақалада Ататүрік билігі кезіндегі Түркиядағы және посткеңестік Қазақстандағы тарихи жады мен ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған реформалар қарастырылған. Негізінен Ататүріктің тарих және тіл салалары бойынша жүргізген реформаларының тарихи жады мен сананы қалыптастырудағы маңызы көрсетілген. Ататүріктің халық алдындағы беделінің жоғары болуына байланысты бұл реформалар сәтті жүзеге асты. Соның нәтижесінде елде жаңғыру мен жаңару процесі жан-жақты өтті. Түрік халқының ұлы реформаторы жаңа мемлекетті «Бір ел, бір халық, бір көсем» деген принциппен құрды. Қазақстанда Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен тарихи сананы қалыптастыру бағытында бірқатар реформалар жүргізілді. Түркия мен Қазақстанда іске асырылған реформалардан сабақтастық айқын байқалады. Түйін сөздер. тарихи жады, ұлттық сана, Қазақстан, Түркия, реформа.
Мазмұны:

Кіріспе. Қазақстанда тарихи жады мен ұлттық сананы жаңғырту мәселесі күн тәртібінді тұрған өзекті мәселелердің бірі. Бұл мәселе бойынша Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен бірқатар реформалар жасалды. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары да тарихи сананы қалыптастыру бойынша жұмыстардың жалғастырылып жатқанының көрінісі. 

Түркия Республикасы құрылғаннан кейін Мұстафа Кемал Ататүріктің жүргізген реформалары мен Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін тұңғыш президент Н.Ә. Назарбаевтың жүргізген реформалардың арасында бірқатар ұқсастықтар бар. Түпкі тарихы ортақ аталмыш екі мемлекеттегі тарихи жады мен ұлттық сананың жаңғыртудағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды бағамдау үшін оларды салыстыра зерттеу қажет.

Материалдар мен әдістер. Зерттеу жұмысына тарихи жады мен ұлттық санаға қатысты тарихи еңбектер, баспасөз материалдары, ғылыми мақалалар  қолданылды. Зерттеу жұмысының методологиялық негізі ретінде тарихилық, объективтілік, жүйелілік тәрізді тарих ғылымының негізгі принциптері басшылыққа алынды. Зерттеу барысында жалпы ғылыми және арнайы тарихи әдістер: салыстыру, сипаттау, жүйелеу әдістері қолданылды.

Талқылау. Түркия Республикасы ХХ ғасырдың 20 жылдары дүниеге келіп, Ататүрік елді 1923-1938 жылдар аралығында биледі. Қазақстан тәуелсіздікке ХХ ғасырдың 90-жылдары қол жеткізді. Екі мемлекет те біреуі ғасырдың басында, біреуі ғасырдың соңында тарих тереңіндегі жадын қайта жаңғыртып, тәуелсіз ұлттық санасын қалыптастыруға бет бұрды.

1923 жылы 29 қазанда жаңа парламенттің шешімі бойынша түрік мемлекеті – Түркия Республикасы деп жарияланды, осы күні түнде құпия дауыспен республикасының тұңғыш президенті болып Мұстафа Кемал Ататүрік сайланды. Ататүрік қысқа уақыт ішінде батыл түрде реформа жүргізуді қолға алды. Реформаның ең басты бағыты идеологиялық басымдықтарды өзгертіп, жаңа ұлтты қалыптастыру болды.

Бұл реформалар он жылдан артық уақытқа (1923-1934 жылдар) созылды және қоғам мен мәдениеттің дәстүрлі құрылымын түбірімен өзгертті [Азиатский прорыв, 2005: 23.].

Түрік ұлтын заманауи өркениет деңгейіне жеткізу жолында Ататүрік жүзеге асырған реформалардың (Түркияда оларды «Ататүрік революциялары» деп атайды) негізі болған принциптердің жиынтығы «Ататүрікшілдік» (немесе «Кемализм») деп аталады. Бұл - жалаң теория емес, Ататүрік құрған Түркия республикасы мемлекетінің практикалық тұрғыдағы тұғырнамасы, идеологиялық арқауы болып табылады. Олар мыналар:

1. республикашылдық (мемлекеттің және ұлттың тұрақты түрде республикалық құрылым жолымен басқарылуы);

2. халықшылдық (мемлекеттің халық үшін қызмет етуі және оның халық тарапынан басқарылып отыруы);

3. ұлтшылдық (ұлтжандылық, түрік ұлтының мүдделері мен мерейінің басты мақсат болып табылуы);

4. мемлекетшілдік (барлық саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени шаралар Түркия мемлекетінің мәңгі өмір сүруін және нығаюын қамтамасыз етуі керек);

5. лаицизм (діни емес, зайырлы мемлекет жүйесі);

6. революцияшылдық (тоқырауға жол бермеу, үнемі даму, жаңару үстінде болу, әлемдік өркениеттен артта қалмау) [Ф. Әли, 2002: 2.].

Қазақ халқының біртуар тұлғасы Мұстафа Шоқай «Ататүріктің қазасы» деп аталатын мақаласында Түркияда жүргізілген реформаларға былай деп баға береді: «Ататүрік реформалары... Бұл ұлы адамның дарыны мен қабілеті соғыс майдандарындағы шайқастарда көбірек көрінді ме, жоқ әлде аяқ асты болған Түркияны осы заманның жас та салауатты ұлттық мемлекеттер қатарына қосқан реформалары кезінде көбірек көрінді ме? Ол жағын дәл басып айту қиын. Ататүрік басшылық еткен соңғы 10 жылдық реформа барысында Түркияда қол жеткен оңды өзгерістерді, бәлкім, дүние жүзінде ешбір ел бастан кешірмеген шығар. Бұл реформалар елдің сыртын ғана емес, ең бастысы ішін, түрік халқының таным-түсінігін, ойлау жүйесін өзгертті» [М. Шоқай, 2007: 334.]. 

Нәтижесі. Біз осы түрік ұлтының таным-түсінігіне, ойлау жүйесіне, санасына ықпал еткен реформаларды шартты түрде екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі - тарих саласындағы реформалар, екіншісі - тіл саласындағы реформалар.

Ататүріктің тарих реформасын жасауына жаңа ұлттық мемлекетке сай ұлттық тарихты қалыптастыру, түрік халқының жоғары мәдениетін әлемге таныстыру, жас мемлекетті баянды ету сияқты үш мәселе түрткі болды. Ататүрік 1920 жылдары жаңа мемлекет қалыптастыруға кіріскен кезде түріктерді артта қалған, төл мәдениеті жоқ халықтар санатына жатқызатын еуропалық ғалымдар аз емес еді. Ол кезде Түркияда тарих ғылыми тұрғыда қолға алынбағандықтан, тарих кітаптары шетелдік авторлардың еңбектерінен жасалған аудармалар арқылы жазылғандықтан, мұндай жаңсақ көзқарастар ел ішінде кең тараған еді. Сол себепті түрік халқы өзіне деген сенімін жоғалтып, өзге халықтарға еліктеп отырған жағдайда болатын. Ататүрік түрік халқының Византиядан да бұрын ұлы мемлекеттер құрғанын дәлелдеу үшін тарихқа жүгінді. Халқының өз ұлтына және мемлекетіне деген сенімін қалпына келтіру үшін ұлттық тарихты қалыптастырды [Ә. Қара,  2012: 39.].

Қазақстанда да тарихи реформалардың жасалуына осыған ұқсас жағдайлар ықпал етті. Тәуелсіз мемлекетке тән ұлттық сананы қалыптастыру үшін қазақ тарихындағы «ақтаңдақтарды» зерттеп, қазақ тарихын мектептерде, жоғары оқу орындарында оқыту және әлем тарихындағы қазақ тарихының рөлін анықтау міндеттері қойылды.

Негізгі бөлім. Ататүріктің көзқарасы бойынша, ұлттық намыс жігерді күшейту тек тарихи санамен болатын еді. Өйткені экономикалық және саяси тәуелсіздікке қол жеткізген ұлттың рухани тәуелсіздігін де қамтамасыз ету үшін тарих туралы зерттеулерді тереңдету маңызды еді. Ататүрік тарих арқылы ғана елдің тәуелсіздігінің баянды болатыны жайында былай деген: «Түрік таланты мен құдіретінің тарихтағы табыстары жарыққа шыққан сайын бүкіл түрік балалары өздері үшін қажетті қозғалыс күшін сол тарихтан табатын болады. Сонымен бұл тарихтан олар тәуелсіздік пікірін де алады да, сол үлкен табыстар мен ұлы тұлғаларды біліп өздерінің бір қаннан екенін ойлап, ешкімге мойынсұнбайтын болады».

Ататүрік зерттеулерде тарихты бұрмаламай, сол қалпында жазып шығудың маңыздылығын мына сөздерімен түсіндірген: «Тарих жазу, тарихты жасаудай маңызды. Жазған жасағанға адал болмаса, өзгермейтін ақиқат адамды таң қалдыратын мазмұн алады».

Ататүрік тарих саласындағы шындықтың орнатылуы үшін жұмыстарға ең алдымен өзі ат салысқан. Ол 1927 жылы Түрік Республикасының құрылу тарихының маңызды қайнар көзі саналған өзінің «Нұтық» деген баяндама еңбегін партияның құрылтайында оқыған. Сөйтіп, ол дүниежүзілік соғыс кезінде жау қолына түскен елдің қалай жеңіске жеткенін өзі баяндаған, және сол кездің деректерін де келтірген. 

Ататүрік тарих реформаларының алғашқы қадамы ретінде ұлттық тарихи көзқарасты қалыптастыру үшін «Түрік тарихы тезисін» жасатты. 1928 жылы Афет Инанның бір француз ғалымының түрік нәсілділерді мәдениеті жоқ халықтар ретінде сипаттаған кітабы туралы пікірін сұрағанда, мұның қате екенін көрсетіп зерттеулер жүргізуін сұрады.

Афет Инанның осы тұрғыдағы зертеулері нәтижесінде 600 беттік «Түрік тарихының негіздері» деген кітап өмірге келді. Түрік нәсілділердің ұлы мәдениетке ие екендіктерін көрсету мақсатында жазылған бұл кітап Ататүріктің «Түрік тарихы тезисі» деп аталды [Ә. Қара, 2017: 43.]. 

Н. Назарбаевтың бастамасымен тарихшы-ғалымдардың арқасында ұлттық тарихымызды зерделеу бойынша бірталай шаруалар атқарылып, ғылыми еңбектер дүниеге келді. Елбасы «Тарих толқынында» деген еңбекті жазып, өзі де тарихқа ден қойды.

Ұлттық сана-сезімінді қалыптастыруда тіл саласындағы реформалардың ерекше маңызы болды. Ататүріктің келесі сөздері бұған дәлел: «Түрік ұлты деген сөз – түрік тілі деген сөз. Түрік тілі – түрік ұлтының ең қасиетті, ең киелі, ең иелі қазынасы. Түрік тілі – түрік халқының жүрегі, ақылы һәм ойы!» [С. Сәкен, 2009: 3.].

Осыған орай, түрік ұлтшылдығында тілдің екі маңызды тұсы болды. Біріншісі, тіл, жеке тұлғаны анықтайтын ең маңызды элемент. Егер ашып айтатын болсақ, мемлекет «түрік» тұлғалығын қабылдайды, Түрік болу болса «түрік» тілінде сөйлесумен тікелей байланысты еді. Түрік тілі түрік болудың тауарлық белгісі болды. 

Екіншіден, тіл ұлттық бірлікті кепілдікке алатын ең маңызды элемент болып табылады. Ұлт бірлігінің құрылуы, сақталуы және бұл бірлікке ешқандай зиян келмеуі үшін барлық адамдар бір тілде сөйлесулері керек [Г.Қ. Қортабаева, А.Б. Балахожаева,  2012: 84.].

Түркияда республика тарихы, бір жағынан, режимнің әртүрлі мекемелер септігімен түрік тілін тазартып стандарттау және бүкіл ел бойынша түрікшені жалғыз тіл ретінде егеменді ету саясатының тарихы ретінде айта аламыз. Республика режимі бір тілді түрлі заң, мекеме және нақты қысымдар жасау арқылы орнатты, көп жылдар бойы «ана тілі» дегенде түрікшеден басқа ешқандай тіл адамның есіне келмеді, қандай да жағдай болмасын «түрік тілі» ұғымы қолданылды.

Режимнің тіл саясатындағы ең өткір әрекеті латын әліпбиінің қолданылуы болды. Бұның қиын болғаны соншалық, процестің әрбір кезеңі Мұстафа Кемал Ататүріктің бастауымен жүргізілді. Басқа әліпбиге көшу жарияланды және саясат жүргізіле бастаған айларда Мұстафа Кемал елді аралап жаңа әріптер жайында  түсіндірмелер жасап, әркімнің бұл әріптерді тез арада үйреніп және басқа отандастарына үйретуін сұрады [Г.Қ. Қортабаева, А.Б. Балахожаева,  2012: 85.].

Тіл мәселесіне қатысты жүргізген реформаларда екі елдің арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Біздің елде қазақ тілі мәселесі әлі толық шешімін таппай келеді. Ал қазір үш тілділік саясаты жүзеге асырылып жатыр. Біз ұлттық сананы қалыптастыруда Қазақстан халқының бір тілде сөйлесуі үшін Ататүрік саясатынан үлгі алуымыз керек.

Кемал-пашаның билікте атқарған қызметі біздің елдің көшбасшысы Н.Назарбаевтың іс-әрекеттерімен ұқсас жақтары да өте көп. Есімдері аталған екі тұлға да – Тұңғыш Президенттер. Олардың елдеріне сіңірген еңбегі өлшеусіз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен үшін киелі халқыма қызмет етуден қымбат ештеңе жоқ... Осы жолда күшімді де, білімімді де, тәжірибемді де сарп етемін және бұл ойымнан ешқашан да айнымаймын» десе, Мұстафа Кемал «Менің мақсат-мұратым бар. Бірақ ол жақсы қызметтік карьера немесе үлкен ақша жасауға қатысты емес. Менің мақсат-мұратым менің елімнің жарқын болашағы жөніндегі ұлы идеяның табысты болуына қатысты. Тек туған Отаныма қызмет ету ғана маған парызымды өтегенім үшін терең қанағат сезімін бере алады. Тек осы сезім ғана менің бүкіл өмірімнің ұстанымына айналады... Мен өз парызымды орындаймын және мен ол парызымы өле-өлгенше адал боламын...» деген болатын. Қарап тұрсақ, бұл екі тұлғаның өмір сүрген дәуірі бөлек, екеуі де екі бөлек елдің азаматтары, бірақ оларды байланыстыратын бір нәрсе – Отанға деген сүйіспеншілікте, елге деген құрмет пен ел алдындағы жауапкершілік олардың бар мақсат-мұратына айналған. Бірі – кеңес өкіметі, екіншісі – Осман империясы құлауынан кейін жаңа мемлекет құрады. Екі елбасы да жаңа астананың негізін салды. Мұстафа Кемалдан кейін, Н.Назарбаев ел астанасын ауыстыратындығын жариялағанда, ешкім екі қаланың дәл бүгінгідей әсем қалалардың біріне айналатынына сенбеген болатын. Алайда, екі ел Президенті өз мақсаттарына асқан табандылықпен, қайсарлықпен жетті [Д.Ғ. Қаратаева, 2013: 234.].

Ататүрік шын мәнінде біртұтас түркі халықтарының ұлтжанды азаматы болды, түрік бірлігіне жан тәнімен берілген, тәуелсіздік идеясын ең биікке көтерген көсемі болды деп айтуға болады. Ол Кеңес одағының келешегін көрегендікпен болжай білді. Ататүрік Түркия Республикасының 10 жылдық мерекесінде Түркия халқына айтқан өсиет сөзінде былай деген болатын: «Бүгін Кеңестік Ресей – досымыз, көршіміз, одақтасымыз. Бұл достыққа біз мұқтажбыз. Бірақ ертең не боларын ешкім кесіп айта алмайды. Дәл Осман империясы сияқты, дәл Австрия-Венгрия сияқты ол да ыдырауы мүмкін, бөлшектенуі мүмкін. Міне, сонда не істейтінін Түркия білуге тиіс. Біздің бұл «досымыздың» билігінде тілі бір, наным сенімі бір, өзегі бір бауырларымыз бар. Соларға қол ұшын беруге дайын болуымыз керек»  [А. Айдосов, 2008: 84.] 

Халыққа ұлттық сана берді. Осман империясының уақытында түрік ұлтының тарихы, тілі елеусіз қалған. Ататүрік билікке келген бойда бірнеше рет реформа жасап негізін қалаған екі мекеме бар. Бірі «Түрік тілі» ұйымы, екіншісі «Түрік тарихы» ұйымы. «Түрік тілі» ұйымы ішінде парсы, араб сөздер әбден араласып кеткен, халық түсінбейтін, оқи алмайтын тілдің орнына таза түркі негіздегі сөздерді жаздырта отырып, тілді тазалау және сауаттандырумен шұғылданды. «Түрік тарихы» ұйымы түрік тарихын ұлттық тұрғыдан жазуды қолға алды [М. Бұлұтай, 2012: 80.].

2007 жылдың желтоқсанындағы Түрік Республикасының жаңадан сайланған Президенті Абдолла Гюльдің Астанаға мемлекеттік сапары барысында, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә: Назарбаев Үкіметке Түркияның тұңғыш президенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Кемал Ататүрікті мәңгі есте қалдыру үшін Қазақстанда ескерткіш орнату туралы тапсырма берді. Мұндай ізгі бастама – түркі дүниесінің көсемі, заманының ұлы перзенті Мұстафа Кемал Ататүрікке деген Елбасының аса зор ілтипаты [Л. Иісова, 2008: 31.]. 

Н. Назарбаев Ататүрік ескерткішінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде: «Мұстафа Кемал Ататүрік Түрік Республикасының негізін қалаушы, түрік ұлтының қайта өрлеуін жүзеге асырушы, мемлекет басқарудың ерекше үлгісін көрсете білген дарынды тұлға ретінде әлемге танымал. Ататүріктің мемлекет, қоғам жөніндегі өміршең идеялары бүгінге дейін өзіне тән ерекшеліктерімен әспеттеліп, әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Мұстафа Кемал Ататүрік ұлтын шексіз сүйген ұлы қайраткер ретінде мемлекет тарихында, ұрпақтар жадында мәңгі қалды» [Г.Қ. Қортабаева, А.Б. Балахожаева,  2012: 3.] - деп айтты.

Қорытынды. 1938 жылғы 26 желтоқсанда Түркияның Ұлы Ұлттық жиналысы Ататүрікке қайтыс болғаннан кейін «мемлекеттің Мәңгілік басшысы» атағын берді.  Ататүрік барлық өмірін өз еліне, өз халқына арнады. Халқы оның осы еңбегін бағалап, қазіргі күнге дейін құрмет тұтады.

Ататүрік реформалары аз уақыттың ішінде жылдам жүзеге асырылса, біздің мемлекеттегі реформаларға одан көбірек уақыт кетті. Мысалы, латын әліпбиіне көшу Түркияда небәрі 3 айда жүзеге асырылса, бізде әлі күнге талқылануда. 

Қорыта айтсақ, Түркия мен Қазақстандағы тарихи жадыны жаңғырту мен ұлттық сананы қалыптастыруға бағытталған реформалардан сабақтастық байқалады. Екі мемлекет басшысы да тәуелсіз ұлттық тарихты қалыптастыруға қыруар еңбек сіңірді. Екеуі де елдің жаңа астанасын ұлттық символға айналдырды. 

Әдебиеттер

Азиатский прорыв. – Астана. -2005. – 307 с.

Айдосов А.  Түркі әлемін тануда Ататүріктің жүргізген реформаларының маңызы // Саясат - Polіcy. - 2008. - №6. - 82-87-бб.

Әли Ф. Ататүрік // Қазақстан-Заман. – 2002. – 17 мамыр. - 2-б.

Бұлұтай М. Ататүріктің өнегесі // Ақиқат. – 2012. - № 5. – 79-81-бб.

Иісова Л. Мұстафа Кемал Ататүрік - ұлт көсемі, бүкіл түркі дүниесінің ортақ мақтанышы. // Қазақ тарихы. - 2008. - № 2. - 31-34-бб.

Қара Ә. Ататүрік Ақсақ Темірді ерекше мақтан тұтқан  // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам. – 2012. - №3. – 38-39-бб.

Қара Ә. Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркияның Тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің тарихи сананы жаңғыртудағы сабақтастықтары // Рухани жаңғыру – ел тірегінің негізі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына қазақстандық және шет мемлекеттер ғалымдары мен зиялыларының ұлттық құндылықтар мен ұлттық бірегейлік туралы жазылған мақалалар жинағы. – Петропавл. – 2017. – 37-46-бб.

Қаратаева Д. Ғ. Түрік елінің көшбасшысы - Мұстафа Кемал Ататүрік  // Қ.Я. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Хабаршысы: қоғамдық ғылымдар сериясы. - 2013. - № 2 (83). - 226-235-бб.

Қортабаева Г.Қ., Балахожаева А.Б. Ататүрік реформасы: түрік тілінің қалыптасуы // Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті хабаршысы. Шығыстану сериясы. - 2012. - №3. - 84-88-бб.

Сәкен С. Ататүрікке атажұрттан ескерткіш // Алаш айнасы. – 2009. – 9 қазан. – 1, 3-бб.

Шоқай М.  Таңдамалы шығармалар: үш томдық. 2-т. - Алматы: Қайнар, 2007. - 392 б.

References

Aziatskij proryv. – Astana. - 2005. – 307 s.

Aidosov A. Tүrkі әlemіn tanuda Atatүrіktіng zhүrgіzgen reformalarynyng mangyzy // Sayasat - Polіcy. - 2008. - №6. - 82-87-bb.

Әli F. Atatүrіk // Qazaqstan-Zaman. – 2002. – 17 mamyr. - 2-b.

Bұlұtai M. Atatүrіktіng onegesі // Aqiqat. – 2012. - № 5. – 79-81-bb.

Iіsova L. Mustafa Kemal Atatүrіk - ult kosemі, bүkіl tүrkі dүniesіnіng ortaq maqtanyshy // Qazaq tarikhy. - 2008. - № 2. - 31-34-bb.

Qara Ә. Atatүrіk Aqsaq Temіrdі erekshe maqtan tutqan // Zhyldyzdar otbasy. Angyz adam. – 2012.- №3. – 38-39-bb.

Qara Ә. Qazaqstannyng tunggysh Prezidentі Nursultan Nazarbaev pen Tүrkiyanyng Tunggysh Prezidentі Mustafa Kemal Atatүrіktіng tarikhi sanany zhangyrtudagy sabaqtastyqtary // Rukhani zhanggyru – el tіregіnіn negіzі. Elbasynyng «Bolashaqqa bagdar: rukhani zhanggyru» maqalasyna qazaqstandyq zhane shet memleketter galymdary men ziyalylarynyng ulttyq qundylyqtar men ulttyq bіregeilіk turaly zhazylqan maqalalar zhinaqy. – Petropavl. – 2017. – 37-46-bb.

Qarataeva D.G. Tүrіk elіnіng koshbasshysy - Mұstafa Kemal Atatүrіk // Q. Yasaui atyndagy Khalyqaralyq qazaq-tүrіk universitetіnіng Khabarshysy: qogamdyq gylymdar seriyasy. - 2013. - № 2 (83). - 226-235-bb.

Qortabaeva G.Q., Balakhozhaeva A.B. Atatүrіk reformasy: tүrіk tіlіnіng qalyptasuy // Әl-Farabi atyndagy Qazaq ulttyq universitetі khabarshysy. Shygystanu seriyasy. - 2012. - №3. - 84-88-bb.

Saken S. Atatүrіkke atazhurttan eskertkіsh // Alash ainasy. – 2009. – 9 qazan. – 1, 3-bb.

Shoqai M. Tandamaly shygarmalar: үsh tomdyq. 2-t. - Almaty: Qainar, 2007. - 392 b.

Т.А. Еришева1,

1Евразийский национальный университет имени Л.Н.Гумилёва,  PhD докторант

Нур-Cултан г., Казахстан

ПРЕЕМСТВЕННОСТЬ РЕФОРМ, НАПРАВЛЕННЫХ НА МОДЕРНИЗАЦИЮ ИСТОРИЧЕСКОЙ ПАМЯТИ И НАЦИОНАЛЬНОГО САМОСОЗНАНИЯ В ТУРЦИИ В ПЕРИОД ПРАВЛЕНИЯ АТАТЮРКА И ПОСТСОВЕТСКОМ КАЗАХСТАНЕ

Резюме

Статья посвящена реформированию исторической памяти и национального самосознания в правлении Ататюрка в Турции и постсоветском Казахстане. По сути, реформы Ататюрка в истории и лингвистике были важны для формирования исторической памяти и сознания. Благодаря авторитету Ататюрка в обществе эти реформы были успешными. В результате в стране произошел процесс модернизации и обновления. Великий реформатор турецкого народа создал новое государство по принципу «Одна страна, одна нация, один лидер». В Казахстане по инициативе Н.А. Назарбаева был проведен ряд реформ для формирования исторического сознания. Преемственность реформ, осуществленных в Турции и Казахстане, очевидна.

Ключевые слова: историческая память, национальное самосознание, Казахстан, Турция, реформа.

T.A. Yerisheva1

1Eurasian National University named after L.N. Gumilyov, PhD Student

Nur-Sultan city, Kazakhstan

THE CONTINUITY OF REFORMS AIMED AT MODERNIZATION OF HISTORICAL MEMORY AND NATIONAL CONSCIOUSNESS IN TURKEY DURING THE REIGN OF ATATURK AND POST-SOVIET KAZAKHSTAN

Summary

The article is devoted to the reform of the historical writing and national identity during the government of Ataturk in Turkey and post-Soviet Kazakhstan. By the way, Ataturk reforms in history and in linguistics were important for the purpose of forming the historic memory and identity. Owing to the authority of Ataturk in the society, these reforms were successful. As a result, the country has undergone the process of modernization and renewal. The great reformer of the Turkish people established a new state on the principle of «One country, one nation, one leader». In Kazakhstan on the initiative of N.A. Nazarbayev there was carried out a number of reforms to form the historical consciousness. The continuity of the reforms implemented in Turkey and Kazakhstan is obvious.

Keywords: historical memory, national identity, Kazakhstan, Turkey, reform.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз