Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 368.08+94(574) ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ

С.Қ. ШІЛДЕБАЙ, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, тарих ғылымдарының кандидаты

ӘОЖ 368.08+94(574) ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3(19)2019

Аңдатпа:
Мақала түркі халықтары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, публицист, тарихшы және дипломат Тұрар Рысқұловқа арналған. Ол Кеңес империясының қоластындағы түркі халықтарының бірлігі мен азаттығы үшін күрескен түрікшіл тұлға. Түркістан халықтарының саяси құқықтары мен бостандығы, олардың еуропалықтармен теңдігі және Шығыстағы революция мәселелері туралы теориялық ой-пікірлер айтқан ірі теоретик, ойшыл. Коминтерннің Моңғолиядағы өкілі ретінде дипломатиялық әрі эмиссарлық қызмет атқарып, Моңғолияның тәуелсіз ел болып қалыптасуы жолында ересен еңбек сіңірген дипломат. Т. Рысқұлов өзінің бүкіл саналы ғұмырын туған халқының жарқын болашағы үшін күреске арнады. Бірақ, оның Қазақстандағы ресми қызметі бар-жоғы екі айға ғана созылды. 1926 жылдың сәуір-маусым айларында ол БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің Баспасөз бөлімін басқарды және «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып жұмыс істеді. Мақалада архивтің тың құжаттары негізінде Т. Рысқұловтың Қазақстандағы қызметі талдауға алынады. Түйін сөздер: Рысқұлов, түрікшілдік, Түркістан, Ташкент, Қазақстан, халық ағарту ісі, қарусыздандыру, Түріккомиссия, Мұсбюро, Қазөлкеком.
Мазмұны:

Кіріспе. Жалпы, Т. Рысқұловтың Қазақстандағы қызметі деген сұраққа жауап беру тек бір ғана тарихшының қолынан келе қоймайтын шаруа. Өйткені, Т. Рысқұловтың бүкіл саналы ғұмыры мен қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі қазақ халқының болашағы жолына бағытталды. Оның тағдыры – қазақ халқының тарихымен еншілес. Сондықтан, Т. Рысқұловтың сан-салалы қызметі мен қажырлы қайтпас күресі, ұлтқа сіңген еңбегі көптеген тарихшылардың зерттеу еңбегіне жүк болып келеді. Біз осы мақаламызда басқа тарихшылардың назарынан тыс қалып келе жатқан кейбір мәселелерге және нақты алғанда оның 1926 жылдың сәуір-маусым айларындағы екі айлық қызметіне тоқтала кетуді жөн көрдік.

Талқылау. Т. Рысқұловтың өмірі мен қызметі туралы осы уақытқа дейін аз зерттелген жоқ. Т. Рысқұловтың қоғамды-саяси және мемлекеттік қызметін зерттеуге алған ғалымдар мен журналистердің арасынан О.М. Қоңыратбаевтың, В.М. Устиновтың, М.Қ. Қозыбаевтың, Қ.С. Алдажұмановтың, О. Сәбден мен М.С. Жәпектің, М. Әбілтайұлы мен Н. Әбілдаевтың, К. Адырбекұлының еңбектерін ерекше атап көрсетуге болады [1]. Барлық зерттеушілер Т. Рысқұловтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметіне аса жоғары баға беріп, оның өте дарынды тұлға болғанын бірауыздан мақұлдайды. Мысалы, оның замандасы И.В. Сталин 1922 жылы 14 мамырда Г.К. Орджоникидзеге жолдаған хатында: «...Түркістандық коммунистерді еркелете берудің қажеті жоқ, олар ондай құрметке лайық емес, соңғы екі жыл олардың барлығы жиылып жалғыз Рысқұловқа татымайтындығын айқын көрсетті, мен оның (Түркістанға) қайта оралуына қарсы емеспін», [2, 252-б.] - деп, Т. Рысқұловтың қайраткерлік тұлғасына ерекше баға берсе, академик М.Қ. Қозыбаев осыдан 25 жыл бұрын: «...оның тек советтік шығыс емес, әлемдік ұлт қозғалысының көсемдерінің бірі екендігі сөзсіз. Т. Рысқұловтың әлем тарихындағы тұғыры биік, жұлдызы жарық, ол Сун-Ят-Сен, Д. Неру, Мұстафа Кемал-паша (Ататүрік) қатарындағы қайраткер екені күмән тудырмайды» [3, 239-б.], - деп объективті баға берген болатын.

Деректері және әдістері. Т. Рысқұловтың Қазақстандағы қызметі туралы осы мақаланы жазуға Қазақстан Республикасы Президентінің архивінен алынған тың құжаттар мен алдыңғы зерттеу жұмыстарының материалдары негіз болды. Жұмысты жазуда объективтілік, тарихилық, жүйелілік және салысырмалы талдау принциптері басшылыққа алынды.

Нәтижесі. Т. Рысқұлов Түркістан АКСР-інде қызмет істеп жүріп біртұтас кеңестік қазақ автономиясының ұйымдастырылуын жақтады. Қазақстанда азамат соғысы аяқталып келе жатқан тұста болашақ Қазақ АКСР-інің астанасы Ташкент қаласы болуы тиіс деген пікірді ұстанды. Ол 1919 жылы күз айларында ұлттық республикалар құрамына өз халықтарын біріктіру мәселесін көтереді. 1917 жылы желтоқсанда өткен екінші Орынбор сиезі күн тәртібіне қойған қазақ жерлерін біріктіру мәселесін ары қарай жылжытқан Т.Рысқұлов біріккен қазақ жерлерінің астанасы ретінде Ташкент қаласын белгілеуді үзілді-кесілді талап етеді [4]. Біз бұл жерден Т. Рысқұловтың алдымен ұлтшыл, содан кейін түрікшіл болғандығын көреміз. Сол кездегі ірі саяси, экономикалық, әрі мәдени-рухани орталықтардың бірі болған Ташкент қаласын Қазақстанның астанасына айналдыра отырып, шашылып жатқан қазақ жерлерін біріктіру идеясы сол тарихи кезенде ең ұтымды идея болатын. Себебі, қазақ халқының жартысынан астамы Түркістан өлкесін мекендейтін, сондай-ақ көшпелі қазақ аймақтарына қарағанда халқы тығыз орналасқан, шаруашылықтың сан түрі дамыған Түркістанға қарасты қазақ жерлері арқылы өзге қазақ жерлерін әкімшілік жағынан басқару, шаруашылығы мен тұрмысын ұйымдастырып, мәдени өміріне ықпал ету анағұрлым оңай әрі тиімді болар еді. 

Екіншіден, Ташкент қаласын Қазақстанның астанасына айналдыра отырып, қазақ жерінің астанасын тұтас түрік конфедерациясының да орталығы болуын қамтамасыз ету арқылы қазақ ұлтының алдыңғы қатарлы жетекші ұлт болуын қалыптастыру болатын. Саны жағынан түрік халықтары арасында Түркия түріктерінен кейінгі екінші орынды иеленетін және Ә.Бөкейхан айтқаңдай «мәдениет жолында бізден де төмен» өзге Түркістандық түріктердің арасыңдағы ең сауатты, көзі ашық халық ретінде қазақтардың бұл орынды иеленуі әбден дұрыс болар еді. Қазақстанның астанасы ретіңде Түркістан өлкесінің орталығында орналасқан Ташкент қаласының ұсынылуы Т. Рысқұлов тарапынан жасалынған, нақты мақсатқа бағындырылған, әрі өзге түрік халықтары тарапынан дәл сол кезеңде қолдауға ие болған әрекет болатын.

Тұрар Рысқұловтың аштықпен күрес сияқты және басқа да ірі тарихи қызметтерін айтпағанның өзінде, оның Түркістан АКСР-іне қарасты қазақ жерлері үшін жасаған нақты іс-шаралары бір төбе. Мысалы, ауылдық жерлерде кедейлер комитетінің құрылуы жөніндегі 1918 жылғы 11 маусымдағы декрет Жетісуда 1920 жылдан соң ғана жүзеге асырыла бастаған еді. Себебі, оған дейін кеңестік Түркістан Республикасына қарасты Жетісу облысының шын мәніндегі қожасы – байыған орыс кулактары мен қарулы казактар еді. Кеңес өкіметінің қаулы-қарарлары жергілікті тұрғындарға – қазақтарға дер кезінде жете бермейтін. 1920 жылы 21 қаңтарда Тұрар Рысқұловтың Түрікатком төрағасы болып сайлануынан кейін ғана бұл істің беті бері қарай бастады. Жетісудағы жағдайды реттеуде 1920 жылы 16 наурызда Т. Рысқұловтың күш салуымен жарияланған «Жетісу облысының тұрғындарына» үндеуі шешуші рөл атқарды. Бұл үндеуде ұлттық белгілеріне қарай қуғындауға қатаң тыйым салынатыны, бұған жол бергендердің ату жазасына кесілетіні, өз аумағында жергілікті халықты тонаған немесе өтірген болыс, станица, селолар мен деревнялар тұрғындарына ауыр салықтар салынатыны ерекше атап көрсетіліп, егер аумақтардың атқару комитеттері ұлтаралық қақтығыстарға жол берген жағдайда, толық құрамымен Революциялық-әскери трибуналдың сотына тартылатыны ескертілді [5, 168-169-б.].

Жетісудағы жергілікті халықтардың жағдайын жақсарта түсуде 1920 жылы 31 наурызда жарияланған Тұрар Рысқұловтың Жетісу облысы бойынша тезистері де аса маңызды болды. Осы тезистерді талқылаған ТК(б)П комитетінің 1920 жылғы 31 наурыздағы пленарлы мәжілісінде Т. Рысқұлов Жетісудағы кулактар мен казактарды қарусыздандыруды жүзеге асыруға, Жетісудың босқын қазақ және қырғыз халықтарын орналастыру үшін 100 000 000 сом қаржы бөлдіртуге қол жеткізді [5, 170-175-б.]. Яғни, қазақ халқының ата жауы – орыс-казактарының қазақ халқының басында ойнаған әңгір-таяғына тоқтау салып, оларға тұңғыш рет соққы берген Тұрар Рысқұлов болатын.

Тұрар Рысқұловтың осындай нақты іс-шараларының нәтижесінде, Жетісу облысының уездерінде алғаш рет кедейлер комитеттері құрыла бастады. Кедейлер мен жалшы-батырақтардың осы алғашқы комитеттері Кеңес өкіметі қабылдаған декреттер мен қаулыларды іске асырып, Түрікатком мен облатком, уездік атком тарапынан күн сайын келіп түсіп жататын түрлі нұсқаулар мен қаулыларды қалың бұқараға жеткізіп, оларды насихаттап отыруда үлкен еңбек сіңірді. Біз бұл жерден өзі шыққан әлеуметтік ортаның жай-күйіне жаны ашитын, үлкен жүректі азаматтың адами бейнесін көреміз.

Тұрар Рысқұлов Түркістан АКСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған жылдары кеңес өкіметінің оқу-ағарту саласындағы оң саясатының қазақ жерінде тиімді жүзеге асуына ерекше көңіл бөлді. Осы саясат нәтижесінде қазақ кедейлерінің ертеңгі күнге деген үміті арта түсті. Бұл туралы Т.Рысқұловтың 1923 жылы 24-28 қаңтар аралығында өткен ТКП Жетісу облыстық ІІІ партия конференциясына қатысып кеткен [6] Жетісу сапарының қорытындысы ретінде жазған «Жетісу мәселелері» атты кітабында жан-жақты баяндайды. «Жетісуда халық ағарту істерінің халі өте нашар, - дейді Т. Рысқұлов, - Облыста қанша мектептер бар екенін ағарту бөлімдері білмейді. Мектептердің дұрыс санын білу мүмкін болмаса керек... Мектептердің үйлері бар да, кітаптары, үй аспаптары жоқ. Балалары киімсіз һәм аш. Балалардың көбі кедейлер балалары. Әке-шешесі балаларға үйлерінен жалғасып тұратын болса керек. Білім алу, балалардың талаптары өте зор көрінеді... Сонда да қырғыз-қазақ арасында шығындарынан қашпай, мектеп ашуға талабы барлар көп. Халық арасында жастардың да саяси мәселелерге түсінгісі келіп, ұмтылулары мықты көрінеді. Қырғыз-қазақ өмірінде мұндай әлеуметтікті туғызған ұлы өзгеріс һәм кеңес үкіметі себеп болды...» [7, 15-16-б.]. Осылайша, Т. Рысқұлов қазақ ауылдарындағы білімге деген күшті ұмтылыстың бар екендігін айта отырып, қазақ ауылдарында жаппай мектеп ашуды ұйымдастыру үшін нақты іс-шаралар жүйесін іске асыруды ұсынды. «...Кедейлердің мектеп ашуға күші жетпейді, - дейді Т. Рысқұлов, - Өкімет оларға жәрдем етпеген. Үкімет бөлімдері кіріссе орыс, мұсылман қыстақтарында кеңестер мектептерін ашуға болатын. Ұзынағашта исполкомға бір мектеп ашыңдар деген соң халық қозғалып, мектеп ашуға кірісті. Қыстақтарда партия ошақтары болмағандықтан һәм газет алынбайтындықтан саяси ағарту істерінің аты да жоқ. Халық арасында мектеп ашу жұмыстарын жүргізуге болады. Мұғалімдер, кітаптар табылып, халық ағарту бөлімдері мектептер ашып берсе, халық мектеп шығындарын өз мойнына алатыны анық.» Т. Рысқұлов, мемлекет мектепке кететін шығындардың үштен бірін берсе де болады дей отырып, ең алдымен қырғыз-қазақтар үшін аудан орталықтарында мектеп-интернаттар ашылуы тиіс деп атап көрсетті [7, 16-17-б.].

1923 жылы өткен ТКП Жетісу облыстық ІІІ партия конференциясынан кейін, Жетісу облыстық әскери революциялық комитетінің төрағасы қызметін атқарып отырған Қабылбек Сарымолдаев (ол 1922 жылдың 14 қазаны мен 1923 жылдың 18 шілдесі аралығындағы облревком төрағасы болып жұмыс істеді – С.Ш.) Т. Рысқұловтың тапсырмасын орындай отырып, барлық аудан орталықтарында кедей балаларына арналған мектеп-интернаттар ұйымдастыруды қолға алады. Осы саясат аясында уездік революциялық комитеттер мен Қосшы одағынан жергілікті кеңестік орындарға Жетісу облыстық мектеп-интернаттарға жетім, жалшы және кедей балаларынан оқуға адам жіберу туралы арнайы нұсқаулар жіберілді. Міне, осы саясат аясында көптеген қазақ балалары білім алып, 30 жылдары қазақ халқына қызмет етті. Олардың қатарында Нұрбапа Өмірзақов, Ақай Нүсіпбеков және т.б. көптеген қазақ қайраткерлері болды [8].

Тұрар Рысқұлов Түркістаннан кеткеннен кейін, 9 ай көлемінде Коминтерннің өкілетті өкілі ретінде Моңғолияда жұмыс істегені белгілі. Ол 1925 жылғы шілде айының басында Мәскеуге қайтып келген соң өзінің Моңғолиядағы қызметіне есеп береді. Оған дейін-ақ, 1925 жылы 10 шілдеде өткен МХРП ОК-нің мәжілісінде Т. Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметін тұтастай мақұлдап, оған оң баға берілген болатын. Көп ұзамай, КСРО Сыртқы істер халкомы Г.В. Чичерин де осындай баға берді және оған қолдау көрсету қажет деген пікір білдірді [9]. Осыдан соң, БК(б)П ОК-і Т. Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметіне жоғары баға бере отырып, әбден ысылған партия және шаруашылық қайраткерін одан ары жұмысқа пайдалану мәселесін ойластыра бастады. Т. Рысқұлов бұл кезде Түркістан халкомкеңесінің төрағасы болған қызметі арқылы-ақ өзін шебер шаруашылық қожайыны, ТКП Мұсылман бюросындағы жұмысы арқылы дарынды партиялық ұйымдастырушы ретінде мойындатқан, Моңғолиядағы қызметі арқылы халықаралық дәрежедегі сұңғыла саясаткер, шебер мәмілегер екенін көрсеткен тұлға болғандықтан да оған қай саладан болса да қызмет ұсынуға болатын еді.

БК(б)П ОК Ұйымдастыру бюросы Т.Рысқұловты партиялық жұмысқа пайдалану орынды болады деген тоқтам жасайды. Сол кезеңде БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитеті аса қиын жағдайда жұмыс істеп жатқан еді. 1925 жылдың қыркүйек айында Қазөлкекомының бірінші хатшысы қызметіне кіріскен Ф. Голощекин Қазақстанда асқынып тұрған қазақ топшылдығымен күрес бастады. Әрине, бұл күрес өте тәжірибелі саясаткер, кәнігі басқарушы Ф. Голощекин үшін де оңайға соқпады. Бұл күрестің аса ауыр, әрі ұзаққа созылатынын БК(б)П ОК-і де, Ф. Голощекин де анық түсінді. 1925 жылғы желтоқсан айында өткен V Бүкілқазақстандық партия конференциясы мұны анық көрсетіп берді. Оның үстіне, бұл кезеңде республика шаруашылығы да 1913 жылғы деңгейге көптеген салалар бойынша жете алмай, ақсап жатқан болатын. Сондықтан, БК(б)П ОК-і Т. Рысқұловты Қазақ өлкелік партия комитетіне қызметке жіберуді ойластыра бастады. Көп уақыт Қазақстанда болмаған Т. Рысқұлов та осыған мүдделі еді.

Осы арада, «рысқұловшылдық» туралы мәселеге тоқтала кету қажет. Өйткені, 1925 жылғы кейбір тарихи құжаттарда «қожановшылдар» немесе, «рысқұловшылдар» деген сипаттаулар кездеседі. Мұның барлығы да Орталық пен оның Қазақстандағы жандайшаптарының негізсіз айыптаулары болатын. Шын мәнінде, Т. Рысқұловтың Қазақстандағы топшылдыққа ешқандай қатысы болған жоқ. Біріншіден, ол Қазақ АКСР-інде бұған дейін қызмет атқарған жоқ. Екіншіден, Түркістан АКСР-індегі оның тобы – Орталықтың эмиссарлық органы Түріккомиссияға қарсы жергілікті түрік халықтарының мүддесін қарсы қоя білген Мұсбюро болатын. Түріккомиссияның Т. Рысқұлов тобын талқандауы – Түрік Кеңес Республикасы мен Түрік халықтарының Компартиясын құру туралы идеяға берілген соққы болатын. Ал осының негізінде ұлттық мүдде жолындағы әрекеттерді «рысқұловшылдықпен» айыптауға жол берілді. Сондықтан, Т. Рысқұловты топшылдықпен айыптау ешбір қисынға келе қоймайды. Бірақ, Қазақ АКСР-індегі асқынған топшылдық одан әлдеқайда жоғары тұрған түрікшіл тұлға Т. Рысқұловқа да салқынын тигізбей қоймады. Ол 1926 жылы Қазақстанға қызметке келген кезде осы мәселемен бетпе-бет кездесті.

Т. Рысқұловты Қазақстанға жұмысқа жібермес бұрын БК(б)П ОК-і Ф.Голощекиннің және Қазөлкеком бюросының өзге де мүшелерінің көңіл-күй ауанын байқау мақсатымен Т. Рысқұловты Қазақстанға жұмысқа жіберсек қалай қарайсыңдар деген мазмұнда жеделхат жолдады. Өйткені, БК(б)П ОК-нің Ұйымдастыру бюросы 1919 жылы Түріккомиссияның мүшесі болған Ф. Голощекин мен Т. Рысқұлов арасының жақсы емес екенін анық білетін. Оның үстіне, оған дейін өте жоғарғы деңгейдегі партиялық және мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарып, халықтың құрметіне бөленген Т. Рысқұловтың қатардағы қызметке келмейтіні әу бастан-ақ белгілі. Яғни, бұл дегеніңіз, біреудің жылы орнынан жылжуы деген сөз. Бір қызығы, 1926 жылы 10 ақпанда өткен БК(б)П Қазөлкекомы бюросының Ф. Голощекин, И. Киселев, О. Жандосов, Н. Нұрмақов, Ж. Мыңбаев, А. Серғазиев, С. Сәдуақасов, О. Исаев, М. Тәтімов, И. Игеновтардың қатысуымен өткен мәжілісінде «Жолдас Рысқұловты Қазақстанда жұмысқа пайдалану туралы ОК-тің жеделхаты» қаралып, «жолдас Рысқұловтың жұмыс істеу үшін Қазақстанға келуіне қарсылық жоқ» деген қаулы қабылданды [10]. Осы жерде, барлық жағынан тығырыққа тіреліп, одан шығар жол іздеп отырған Ф. Голощекиннің бұдан басқа амалы жоқ болған шығар деген ойдамыз. Себебі, Т. Рысқұловтың керемет ұйымдастырушылық дарыны Қазақ АКСР-і үшін ауадай қажет болатын.

Қазақ өлкелік партия комитетінің ресми келісімін алған БК(б)П ОК Ұйымдастыру бюросы 1926 ж. 3 наурызда БК(б)П ОК Хатшылығының келісімімен Т. Рысқұловты БК(б)П Қазөлкекомының қарауына жіберу туралы шешім шығарды.

Біздің қолымызға Т. Рысқұловтың Қазақстанға дәл қай күні келгенін айғақтайтын құжат әзірге түсе қойған жоқ. Тек белгілісі – 1926 ж. 10 сәуірде өткен Қазөлкекомы бюросының мәжілісі оның қатысуынсыз-ақ «жолдас Рысқұловтың жұмысы туралы» мәселені қарап, оны БК(б)П Қазөлкекомының Баспасөз бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындады. Ал 19 сәуір күні өткен аталмыш бюро мәжілісі Т. Рысқұловтың қатысуымен өтеді. Осы мәжілісте Ф. Голощекин «Еңбекші қазақ» газетінің редакциялық алқасы туралы» хабарлама жасап, ол бойынша «Рысқұлов, Сәдуақасов және Жандосов жолдастар «Еңбекші қазақ» редакциялық алқасына мүше болсын, Т. Рысқұлов газеттің жауапты редакторы болып тағайындалсын» деген шешім қабылданды [11]. Яғни, Т. Рысқұлов Қазақстанға осы екі аралықта келсе керек.

Т. Рысқұлов Қазақстанға келе салысымен-ақ әдеттегіше жұмысқа қызу кірісіп кетеді. Ол кезде Қазақстанда 29 мерзімді басылым шығып тұратын еді. Оның 16-сы орыс тілінде болса, 12-сі қазақ тілінде, 1-уі ұйғыр тілінде шығатын. Т. Рысқұлов өлкелік баспасөз бөлімінің меңгерушісі ретінде ауыл кеңестерінің жұмысын жандандыру бағытында орасан жұмыс атқарды. Үнемі қазақ ауылдардарындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге, қазақ кедейлерінің кеңестердегі рөлін арттыруға баспасөзді жұмылдыруға күш салды. Сонымен қатар, республикалық баспасөзге жұмсалатын қаржыны көбейтуге, губерниялық баспасөз бөлімдерінің жұмысын жетілдіруге баса назар аударды. Біз Т. Рысқұловтың аз уақытта Қазақстанда атқарған жұмыстарын кеңірек көрсету үшін нақтылы деректермен бере кетуді жөн санап отырмыз.

Мысалы, Т. Рысқұлов 1926 ж. 21 сәуір күні өткен Қазөлкомы хатшылығының мәжілісіне қатысады. Т. Рысқұловтың мәжілістегі рөлі мен ықпалы, оның энергиясы хатшылықтың хаттамасынан-ақ айқын сезіліп тұр. Осы мәжілісте Т. Рысқұлов қаржының жетіспеушілігі салдарынан шығуы тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрған «Қызыл Қазақстан» журналына қаржы іздестіру туралы мәселені көтере отырып, журналды шығаруды тоқтатпау және оған бөлінген 3000 сом субсидияны жеткіліксіз деп есептей отырып, керекті қаржыны тез арада табуды Қазақ ХКК комфракциясына жүктеу, журналдың редакциясына журналды тарату мен насихаттау бойынша бірқатар шараларды жүзеге асыруды ұсыну, 5 мамыр күні өтетін «Баспасөз күні» мерекесіне орай Қазақстанның партиялық ұйымдарына журналдың беделін көтеру мен оны тарату мәселесіне көңіл аударуды сұрау жөнінде шешімдердің қабылдануына ұйытқы болды. Сонымен қатар, Т. Рысқұлов Сырдария губкомының Сырдария облысының «Ақжол» және «Смычка» газеттерін өлкелік «Еңбекші қазақ» және «Советская степь» газеттерімен біріктіру туралы 1926 ж. 27 наурыздағы қаулысы туралы айта келіп, губкомның шешімін мақұлдау және осы шешімді аяғына дейін жеткізу үшін Ә. Байділдинді Шымкент қаласына іссапарға жіберу жөнінде шешім қабылдатты [12].

Көріп отырғанымыздай, Т. Рысқұловтың бір күндік жұмысының нәтижесінің өзі осыншалықты ауқымды. Бірақ, Т. Рысқұловтың  басы үнемі кеңестік ноқта мен партиялық жүгенге сия бермейтін. Сондықтан да, Ф. Голощекин одан үнемі тартынып, аяғын аңдап басатын. Ф. Голощекин БК(б)П ОК-нің ресми өкілі әрі Қазөлкекомының бірінші хатшысы ретінде Орталықпен ым-жымы бір болғанымен, көп жағдайда Т. Рысқұловтың беделі, қайраткерлік қарымы мен тұлғалық мысы Ф. Голощекиннен басым түсетін. Сондықтан да, Т. Рысқұловтың Қазақстанда одан ары жұмыс істей беруі деген сөз – Ф. Голощекиннің көп ұзамай қызметтен кетуі болып шығар еді. Ал Т. Рысқұловтың Орталық үшін тиімсіз тұстары көп болатын. Өйткені, қазақ қайраткерлерін бір-біріне бөліп соғу тәсілімен Орталықтың отарлық жымысқы саясатын жүзеге асыратын әккі Ф. Голощекин кеткен жағдайда, Т. Рысқұлов қазақ қайраткерлерін тұтас бір арнаға біріктіріп, орталық пен ұлт аймағы арасындағы қарым-қатынаста республика мүддесін қарыса қорғауы сөзсіз еді. Бұл жағдай, кейіннен, 1928 жылғы ірі байларды тәркілеу науқанына байланысты Т. позициясынан анық көрінді. Осы жағынан келгенде, Т. Рысқұловты басқа жұмысқа ауыстыру Орталық үшін де Ф.Голощекин үшін де тиімді болатын. Екіншіден, Т. Рысқұловтың РКФСР-дің орталық мемлекеттік басқару органында қызмет атқаруы Қазақстан үшін де, өзі үшін де тиімді боларын Ф. Голощекин де анық бағамдаса керек. Осылайша, Қазақстанға келгеніне екі апта уақыт өтер-өтпес Т. Рысқұловтың басқа жұмысқа ауысуы туралы мәселе көтеріле бастады.

1926 ж. 25 сәуір күні Қазақ, Татар және Башқұр автономиялық республикалары қызметкерлерінің (Н. Нұрмақов – ҚАКСР ХКК төрағасы, Ж. Мыңбаев - ҚАКСР ОАК төрағасы, Ахсан Мұхаметқұлов – БАКСР ХКК төрағасы, Хафиз Кушаев – БАКСР ОАК төрағасы, Шайгардан Шаймарданов – ТАКСР ОАК төрағасы) қатысуымен өткен кеңесте «РКФСР орталық мекемелерінің жауапты орындарына ұлт қызметкерлерін ұсыну туралы» мәселе қаралып, Т. Рысқұлов - РКФСР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары қызметіне, Саитгалиев – РКФСР Кіші Халкомкеңесі төрағасының орынбасары қызметіне, Биишев – РКФСР Қаржы халкомының орынбасары қызметіне  ұсынылды. Ж. Мыңбаев осы кеңес шешімін бекітуді сұрап БК(б)П ОК-нің бас хатшысы И. Сталиннің, хатшысы В. Молотовтың, Орталық Бақылау комиссиясының төрағасы В. Куйбышевтың атына жазған хатында олардың тағайындалуын сұрай отырып, бұл шараның Орталық пен шет ұлт аймақтарының арасындағы шаруашылық және саяси байланыстарға жағымды дәнекер болатынын атап көрсетті [13].

Т. Рысқұловтың РКФСР ХКК төрағасы қызметіне бекітілуі туралы мәселе Орталықта қаралып жатқан тұста, ол өзінің қарымды қызметін жалғастырып жатқан болатын. Ол 1926 ж. 26 сәуір күні өткен Қазөлкеком хатшылығының мәжілісінде «комсомол баспасөзі туралы» айта келіп, комсомол газетінің қайта шығарылу қажеттігін, комсомол газетіне қатысты Қазөлкеком шешімінің қайта қаралуы туралы мәселені Бюро мәжілісіне қою керектігін, Қазөлкекомның баспасөз бөлімі мен БЛКЖО Қазөлкекомына бірлесе отырып бюроның келесі мәжілісінде шығатын газеттің сипаты мен оған керекті қаржы туралы мәселені баяндау тапсырылды. Т. Рысқұловтың осы еңбегінің нәтижесінде 1924 жылдың 8 ақпанынан бері «Еңбекші қазақ» газетінің 4-бетінде қосымша ретінде «Лениншіл жас» атауымен, 1925 жылғы 3 ақпаннан (С. Сәдуақасовтың редактор болуынан кейін – С.Ш.) бері «Жас қайрат» атауымен қосымша ретінде шығып келген комсомол газетін жеке шығару мәселесі орынды шешім тауып, 1927 жылдың басынан бастап «Лениншіл жас» газеті қайта шыға бастады [14].

Сондай-ақ, Т. Рысқұлов хатшылықтың осы мәжілісінде «Семей мембаспасы туралы» хабарлама жасап, Семей мембаспасының мүмкіндіктерін республика үшін пайдалану жөнінде шешім шығарып, Семей мембаспасының жұмысы мен Қазмембаспасының жұмысын ұштастыруды және оның орындалуы мен жүзеге асуын бақылауды өзі басқаратын бөлімнің қарамағына алуды ұсынды. Ұсыныс толық қабылданып, Семей мембаспасы республикалық маңызы бар баспаға айналды.

Мәжілісте қаралған келесі бір мәселе – «Қазақстандағы шаруалар көтерілісінің 10 жылдығын өткізу туралы» мәселе болды. Бұл мәселе бойынша да оң шешім қабылданып, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 10 жылдығын атап өтудің жоспарын жасау үшін Ж. Мыңбаев, Т. Рысқұлов, С. Сәдуақасов, О. Жандосов, Брудный, Рязанов және Хангереевтерден тұратын комиссия құрылды. Осы комиссия жұмысының нәтижесінде 1916 жылғы көтеріліске алғаш рет орынды тарихи баға берілгені белгілі.

Т. Рысқұлов Қазақстанға келгеннен кейін көп ұзамай, 1926 жылдың 30 сәуірі – 3 мамыры аралығында өткен 5-сайланған Қазөлкекомның ІІ пленумында жергілікті кеңестердегі байлардың ықпалына соққы беру қажеттігін көрсетті. Байлар рулық және туысқандық қатынастарға сүйенгендіктен емес, қолына биліктің экономикалық тұтқасын ұстағандықтан да кеңестерде жеңіске жетеді деді Т. Рысқұлов. Ал өз кезегінде осы жағдай қазақ ауылдарының әлеуметтік-экономикалық дамуына кедергі деді. Сондықтан, байларға салынатын салық көлемін өсіріп, қазақ шаруалары мен жұмысшылар одағының нығаюына жәрдемдесу керек деген пікір білдірді.

1926 жылы 5 мамырда қызылорда қаласындағы Іскерлер клубында Баспасөз күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтеді. Осы жиында баяндама жасаған Т. Рысқұлов қайта құру жағдайындағы Қазақстанның даму барысына тигізетін баспасөздің рөлі мен маңызын ғана айтып қоймай, ол республикалық баспасөздің алдына нақтылы міндеттер қоя білді. 1926 ж. 13 мамыр күні өткен Қазөлкомы бюросының мәжілісінде қабылданған «қазақ баспасөзін жетілдіру жөніндегі іс-шаралардың» (Қазөлкеком Баспасөз бөлімінің жоспары – С.Ш.) осы баяндама тезистері негізінде қабылданғаны айдан-анық. «Реализовать права Отдела Печати Крайкома, как самостоятельного Отдела» [15] деп басталатын аталмыш құжаттан Т.Рысқұловтың ноқтаға басы сыймайтын қолтаңбасы мен «төртінші билік – төрге шық!» деген ұран мүлтіксіз көрініп тұрғандай әсер қалдырады. Бюро мәжілісі Т. Рысқұлов басқаратын бөлімнің жұмыс жоспарын бекітіп қана қоймай, баспасөзге бөлінетін жаңа қаржы көздерін іздестіру мен тарту бойынша да Т. Рысқұлов ұсынған шараларды бекітті.

1926 ж. 19 мамыр күні өткен Қазөлкомы хатшылығының мәжілісіне қатысқан Т. Рысқұлов «Еңбекші қазақ» газетінің жазылу ақысын 8 миллион сомға дейін көбейту туралы шешімнің шығуына ықпал жасады. Мұның барлығы оның беделі мен іскерлігін көрсететін еді [16].

Көп ұзамай, БК(б)П Қазөлкекомына БК(б)П ОК хатшысы В. Молотовтан 1926 ж. 31 мамырдағы БОАК Төралқасының қаулысымен Т.Рысқұловтың РКФСР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары болып бекітілгені туралы хабарлама келіп жетті. «Еңбекші қазақ» газеті бұл жөнінде 8 маусым күнгі санында ресми хабар берді. Дәл осы күні өткен БК(б)П Қазөлкомы хатшылығының мәжілісінде, Т. Рысқұлов 5 мәселе бойынша хабарлама жасап, өз ұсыныстарын толық өткізіп кетті. Олар:

- Қазақ тілінде өлкелік шаруалардың жаңа газетін шығару шешілді;

- Өлкелік шаруалар газетінің редакторы болып Ж. Мыңбаевты, орынбасары етіп Ә. Байдильдинді бекітті;

- БК(б)П Қазөлкекомы Баспасөз бөлімін басқару уақытша Ә. Байдильдин мен А.В. Шверге жүктелді;

- «Еңбекші қазақ» газетінің уақытша редакторы болып О. Жандосов бекітілді;

- Қазақ тілінде ғылыми терминологияны тексеріп, оны Қазөлкекомға баяндау Баспасөз бөліміне тапсырылды [17].

Т. Рысқұлов 14 маусым күні өткен Қазөлкомы хатшылығының және 16 маусым күні өткен Қазөлкомы бюросының мәжілістеріне қатысады. 16 маусымдағы бюро мәжілісі Т. Рысқұловтың жаңа қызметке тағайындалуына орай, оны Орталыққа жіберу туралы шешім шығарды [18].

Қорытынды. Т. Рысқұловтың Қазақстандағы қызметі небәрі 2 айға ғана созылды. Осы қысқа ғана уақыттың ішінде Т. Рысқұлов Қазақстан тарихына өзінің өшпес қолтаңбасын қалдырды.

Тұрар Рысқұловтың есімі – Тұтас Түркістан идеясының баламасы іспеттес. Тұрар Рысқұловтың есімін еске алғанда оның 1918-1919 жылдардағы Түркістандағы аштықпен күресті басқарып, миллионнан астам адамды ажал аузынан арашалап алғаны; 1931-1933 жылдардағы ашаршылық кезінде И. Сталинге хат жазып, Қазақстанда аштан қырылып жатқан халқын арашалап алуды ұйымдастыруға өлшеусіз үлес қосқаны; «Түрік халықтарының Коммунистік партиясы» мен «Түрік Кеңес республикасын» құру жолындағы тарихи күресі; 1926 жылы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске дұрыс тарихи баға бергізудегі тарихи рөлі; Түріксібтің салынуын басқаруы және т.б. тарихи еңбектері көз алдымыздан тізбектеліп өтіп жатады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1 Адырбекұлы К. Алты алаштың ардақтысы: тарихи-танымдық кітап. – Алматы: «Тоғанай Т», 2018. – 240 б.; Алдажұманов Қ. Тұрар Рысқұлов: өмірі мен қызметі // Рысқұлов Т.Р. Шығармаларының толық жинағы. Полное собрание сочинений. Т.1. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы», 2007. – 392 б.; Әбілтайұлы М., Әбілдаев Н. Тұрар Рысқұлов Монғолияда. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 84 б.; Қоңыратбаев О. Тұрар Рысқұлов: Қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі. Түркістан кезеңі. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 448 б.; Қоңыратбаев О.М. Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметінің күндерегі. – Тараз: Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығы, тарМПИ баспасы, 2014. – 1-том (1894-1919 ж.ж.) – 2014. – 2016 б.; Қоңыратбаев О.М. Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметінің қысқаша очеркі // Түркістан жинағы = Туркестанский сборник. Ғылыми мақалалар мен очерктер жинағы. 2 том. / Жалпы ред. басқ.: т.ғ.д., проф. Д.П. Қожамжарова; Ғылыми ред.: т.ғ.к. О.М. Қоңыратбаев. – Тараз: Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығы, ТарМПИ баспасы, 2015. – 235 б.; Қоңыратбаев О.М., Жүнісбаев А.Ә. Мұсылман Бюросы – егемендік идеясының жаршысы (1919-1920 жылдар). – Алматы: ИП «Уатханов» баспасы, 2011. – 246 б.; Сәбден О., Жәпек М.С. Тұрар Рысқұлов публицистикасындағы экономикалық көзқарастары / О. Сәбденнің ғылыми редакциялауымен. – Алматы: Экономика институты ҒКБҒМ, 2014. – 356 б.; Устинов В.М. Турар Рыскулов: (Очерки политической биографии). – Алматы: Казахстан, 1996. – 464 б.

2 Большевистское руководство. Переписка. 1912-1927. Сборник документов / Составители: А.В. Квашонкин, О.В.Хлевнюк, Л.П. Кошелева, Л.А. Роговая. – М.: РОССПЭН, 1996. – 423 с.

3. Қозыбаев М.Қ. Ғасыр тауқыметін арқалаған арыстар // Тұлғалар тұғыры / Құраст. І. Қозыбаев. – Алматы: ҚазАқпарат, 2009. – 540-б.

4 Рыскулов Т. К открытию Всекиргизского съезда // Известия (Ташкент). - 1919. - 25-декабря.

5 Қоңыратбаев О. Тұрар Рысқұлов: Қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі. Түркістан кезеңі. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 448 б.

6 Третья областная партконференция Джетысу. Стенографический отчет. – Алматы, 1923. – 88 с.

7  Рысқұлов Т. Шығармаларының толық жинағы. Полное собрание сочинений. Т. 3. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2007. - 360 б.

8 Айдаралиев Қ. Нұрбапа Өмірзақов. – Алматы: «Қазақстан», 1993. – 72 б. 

9 Устинов В.М. Турар Рыскулов: (Очерки политической биографии). – Алматы: Казахстан, 1996. – 464 б. 

10 ҚР ПА. 141-қ.,1-т., 486-іс, 29-29-а.п.; 1039-іс, 50-50-а.п.

11 ҚР ПА. 141-қ.,1-т., 486-іс, 111-п.; 1039-іс, 174-п.

12 ҚР ПА. 141-қ., 1-т., 492-іс, 97-п.

13 РӘСТМА. 17-қ., 67-т., 327-іс, 145-146-п.

14 ҚР ПА. 141-қ., 1-т., 492-іс, 106-а.п.

15 ҚР ПA.141-қ., 1-т., 86-іс, 147-п.

16 ҚР ПА. 141-қ., 1-т., 492-іс, 118-п.

17 ҚР ПА. 141-қ., 1-т., 175-177-п.

18 ҚР ПА. 141-қ., 1-т., 487-іс, 1-3-п.

References:

1 Аdyrbekuly K. Alty Alashtyń ardaqtysy: tarıhı-tanymdyq kitap. – Almaty: «Toġanai T», 2018. – 240 b.; Aldajumanov Q. Turar Rysqulov: omiri men qyzmeti // Rysqulov T.R. Shyġarmalarynyń tolyq jınaġy. Polnoe sobranıe sochınenıı. T.1. – Almaty: «Qazyġurt» baspasy», 2007. – 392 b.; Ábiltaıuly M., Ábildaev N. Turar Rysqulov Monġolıada. - Almaty: Qazaqstan, 1994. – 84 b.; Qońyratbaev O. Turar Rysqulov: Qoġamdyq-saıası jáne memlekettik qyzmeti. Túrkistan kezeńi. – Almaty: Qazaqstan, 1994. – 448 b.; Qońyratbaev O. Turar Rysqulovtyń omiri men qyzmetiniń kúnderegi. – Taraz: Júsip Balasaġun atyndaġy Túrkistan ólkesiniń tarıhyn zertteý ortalyġy, TarMPI baspasy, 2014. – 1-том (1894-1919 j.j.) – 216 b.; Qońyratbaev O. Turar Rysqulovtyń omiri men qyzmetiniń qysqasha ocherki // Túrkistan jınaġy = Týrkestanskıı sbornık. Ǵylymı maqalalar men ocherkter jınaġy. 2 tom. / Jalpy red. basq.: t.ġ.d. prof. D.P. Qojamjarova; Ǵylymı red.: t.ġ.k. O.M. Qońyratbaev. – Taraz: Júsip Balasaġun atyndaġy Túrkistan ólkesiniń tarıhyn zertteý ortalyġy, TarMPI baspasy, 2015. – 235 b.; Qońyratbaev O.M.,Júnisbaev A.Á Musylman Bıýrosy – egemendik ıdeıasynyń jarjysu (1919-1920 jyldar). – Almaty: IP «Ýathanov» baspasy, 2011. – 246 b..; Sábden O., Jápek M.S.Turar Rysqulov pýblısıstıkasyndaġy ekonomıkalyq kózqarastary / O.Sábdennińġylymı redaksıalaýymen. – Almaty: Ekonomıka ınstıtýty ǴKBǴM, 2014. – 356 b.;Ýstınov V.M. Týrar Ryskýlov: (Ocherkı polıtıcheskoı bıografıı). – Almaty: Kazahstan, 1996. – 464 s.

2 Bolshebıstskoe rýkovodstvo. Perepıska. 1912-1927. Sbornik dokýmentov / Sostavıtelı: A.V.Kvashonkın, O.V.Hlevnıýk, L.P.Kosheleva, L.A.Rogovaıa. – M.: ROSSPEN, 1996. – 423 s.

3. Qozybaev M.Q. Ǵasyr taýqymetin arqalaġan arystar // Tulġalar tuġyry / Qurast. I. Qozybaev. – Almaty: QazAqparat, 2009. – 540-b. 

4 Ryskýlov T. K otkrytıý Vsekırgızskogo sıezda // Izvestıa (Tashkent). - 1919. - 25 dekabrıa.

5 Qońyratbaev O. Turar Rysqulov: Qoġamdyq-saıası jáne memlekettik qyzmeti. Túrkistan kezeńi. – Almaty: Qazaqstan, 1994. – 448 b.

6 Tretıa oblastnaıa partkonferensıa Djetysý. Stenografıcheskıı otchet. – Almaty, 1923. – 88 s.

7 Rysqulov T.R. Shyġarmalarynyń tolyq jınaġy. Polnoe sobranıe sochınenıı. T.3. – Almaty: «Qazyġurt» baspasy», 2007. – 360 b.

8 Aıdaralıev Q. Nurbapa Ómirzaqov. – Almaty: «Qazaqstan», 1993. – 72 b. 

9 Ýstınov V.M. Týrar Ryskýlov: (Ocherkı polıtıcheskoı bıografıı). – Almaty: Kazahstan, 1996. – 464 s. 

10 QR PA. 141-q.,1-t., 486-is, 29-29-a.p.; 1039-is, 50-50-a.p.

11 QR PA. 141-q.,1-t., 486-is, 111-p.; 1039-is, 174-p.

12 QR PA. 141-q., 1-t., 492-is, 97-p.

13 RGASPI. 17-q., 67-t., 327-is, 145-146-p.

14 QR PA. 141-q., 1-t., 492-is, 106-a.p.

15 QR PA.141-q.,1-t., 486-is, 147-b.

16 QR PA. 141-q.,1-t., 492-is, 118-p.

17 QR PA.141-q., 1-t., 492-is, 175-177-p.

18 QR PA. 141-q., 1-t., 487-is, 1-3-p.

С.К. ШИЛДЕБАЙ,

Институт истории и этнологии имени Ч.Ч. Валиханова, кандидат исторических наук, г. Алматы, Казахстан, S.Shildebai@mail.ru

ДЕЯТЕЛЬНОСТЬ ТУРАРА РЫСКУЛОВА В КАЗАХСТАНЕ

Резюме

Статья посвящена лидеру национально-освободительного движения тюркских народов, видному общественному и государственному деятелю, публицисту, историку и дипломату Турару Рыскулову, который боролся за единство и свободу тюркских народов Советской империи. Т. Рыскулов  - крупный теоретик и мыслитель, отстаивавший политические права и свободу народов Туркестана, боровшийся за равноправие тюркских народов с европейцами, и поднимавший проблемы революции на Востоке. Работал полномочным представителем исполкома в Монголии, участвовал в работе Великого Народного Хурала Монголии, принимал участие в разработке первой Конституции Монгольской Народной Республики.

Т. Рыскулов всю свою сознательную жизнь боролся за светлое будущее родного народа. Но его официальная работа в Казахстане длилась всего два месяца. В Апреле-июне 1926 года он возглавил Отдел печати Казкрайкома ВКП(б) и работал редактором газеты «Энбекши Казах». В статье на основе новых архивных материалов анализируется деятельность Т. Рыскулова в Казахстане.

Ключевые слова: Рыскулов, тюркизм, Туркестан, Ташкент, Казахстан, народное просвещение, разоружение, Турккомиссия, Мусбюро, Казкрайком.

S. SHILDEBAY,

Ch.Ch. Valikhanov Instituteof History and Ethnology, Candidate of Historical Sciences (Ph.D.), Almaty, Kazakhstan, S.Shildebai@mail.ru

THE ACTIVITIES OF TOURAR RYSKULOV IN KAZAKHSTAN

Summary

The article is dedicated to the leader of the national liberation movement of the Turkic peoples, a prominent public and statesman, publicist, historian and diplomat Turar Ryskulov. He fought for the unity and freedom of the Turkic peoples of the Soviet empire. T. Ryskulov, a prominent theorist and thinker who put forward political rights and freedom of the peoples of Turkestan, raised the issued related to equal rights of the Turkic peoples with Europeans and the issues of the revolution in the East. He worked as a plenipotentiary representative of the executive committee in Mongolia, participated in the Great People’s Hural of Mongolia, and participated in the development of the first Constitution of the Mongolian People’s Republic.

T. Ryskulov all his conscious life fought for the bright future of his people. But his official work in Kazakhstan lasted for two months only. In April-June 1926, he headed the Communist Party Kazkraykom’s Press Office and worked as editor of the newspaper "Enbekshi Kazakh". The article assesses Т. Ryskulov’s activities  in Kazakhstan (on the basis of new archival materials).

Keywords: Ryskulov, Turkism, Turkestan, Tashkent, Kazakhstan, public education, disarmament, Turkkomissiya, Musbyuro, Kazkraykom.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз