Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ СОҢЫ МЕН ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ҮДЕРІСТЕР

А.Д. САНДЫБАЕВА, Қ. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті, т.ғ.к. Түркістан, Қазақстан

ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ СОҢЫ МЕН ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ҮДЕРІСТЕР

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(18) 2019

Тегтер: азаттық, саясат, отарлық, хандығы, Қоқан, Ресей, патшалық, Түркістан, қозғалыс.
Аңдатпа:
Түркістан қаласының тарихында ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезі ерекше кезеңнің бірі болып табылады. Бұл кезеңде Түркістан қаласын патшалық Ресей жаулап алып, онда өзінің отаршылдық саясатын жүргізуімен ерекшеленеді. Сондай-ақ сол тарихи дәуірде қазақ халқының арасында отарлық тәуелділікке деген наразылықтың қарқын алуында Түркістан қаласы да өзіндік маңызға ие болды. Оның мұндай маңыздылығы 1917-1918 жылдардағы әлеуметтік-саяси үдерістер кезінде айқын сезілді. Патшалық Ресейдің Түркістан қаласын жаулап алуын, онда өзінің отарлық билік жүйесін құруы және отаршылдыққа қарсыластықтағы Түркістан қаласының орны отандық тарих ғылымында арнайы зерттелген емес. Сондықтан да бұл мәселені қарастыру өзіндік ғылыми маңызға ие деп санауға болады. Түйін сөздер: Түркістан, патшалық Ресей, Қоқан хандығы, отарлық саясат, азаттық қозғалыс.
Мазмұны:

Кіріспе. Патшалық Ресейдің үстемдігі тұсындағы Түркістан қаласының тарихы арнайы зерттеу объектісі ретінде қарастылған емес. Сол себепті де отандық тарих ғылымында Түркістан қаласында патшалық Ресейдің үстемдігі тұсындақандай әлеуметтік-саяси үдерістердің орын алғаны объективті тұрғыда көрініс тапқан жоқ.

  Түркістан қаласының тарихында ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде небір тарихи оқиғалар орын алды. Бұл тарихи оқиғаларды нақтылы деректік материалдар негізінде ашып көрсету Түркістан қаласы тарихының қыры-сырын терең аңғаруға өз септігін тигізеді.

Талқылау нәтижесі.  Түркістан қаласының ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі әлеуметтік-саяи үдерістер арнайы зерттелмесе де  оның әркелкі қырына өткен дәуірлерде әркелкі бағалар берілді. Бұл ретте  А.И. Макшеев [А. Макшеев, 1890: 126-142], К.К. Абаза [К. Абаза, 1902: 65-72], М.А. Тернетьев [М. Терентьев, 1906: 158-169] секілді орыс зерттеушілерінің еңбегінде патшалық Ресейдің жаулауы мәселесі көрініс тапқанын ерекше атауға болады. Аталған авторлар Түркістан қаласының жаулануын патша өкіметінің мүддесі тұрғынан қарастырады. А. Кенесарыұлының еңбегінде [А. Кенесарыұлы, 1992: 21-31] болса, Сыздық Кенесарыұлының Түркістан қаласы үшін күресі дәріптелетіндігі назар аудартады.

  А.И. Добросмысловтың еңбегінде [А. Добросмыслов, 1912: 69-81] Түркістан қаласының ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі тарихының мәлселері қарастырылған. Автор Түркістан қаласының патша өкіметі жаулап алғаннан кейінгі әлеуметтік-экономикалық өмірін суреттеумен шектелген. Соның нәтижесінде онда Түркістан қаласының қазақтардың өміріндегі рөлін назардан тысқалдырған.

Түркістан қаласының тарихы мәселелері М. Массон [М. Массон, 1930: 64-66], М. Қожаев [М. Ходжаев, 1995: 14-17 ], М. Тұяқбаев [М. Тұяқбаев, 2000: 78-79], О. Әметұлы [Ө. Әметұлы, 2002: 36-41] секілді зерттеушілердің еңбектерінде қарастырылған. Бірақ аталған авторлар еңбекетінде негізінен Түркістан қаласының ортағасырлық дәуіріне баса назар аударған.

Нәтижесі.   Түркістан қаласының тарихында ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр бас кезінде орын алған әлеуметтік-саяси үдерістер зерттеушілер назарынан тыс қалуда. Мұны ғылыми әдебиеттерге жасаған шолудан да аңғаруға болады. Сондықтан зерттелгелі отырған тақырыпты ғылыми сұранысқа ие деп айтуға толық негіз бар. Бұл бағыттағы зерттеу жұмысы Түркістан қаласы тарихының «ақтаңдақ» беттерін жоюға өз септігін тигізеді.

Негізгі бөлім.  Патшалық Ресей ХІХ ғасырдың екінші жартысына қарай Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс өңірлерін жаулап алу бағытындағы әрекетін қарқынды түрде жүргізе бастады. Қоқан хандығының иелігінде болған Қазақстанныңоңтүстік өңірінде патшалық Ресейдің әскери экспансиясына қарсы тұру бағытындағы іс-шаралар қолға алынды. Мұндай іс-шаралардың басында Қоқан хандығының көрнекті қолбасшылары тұрды. Сондай қолбасшылардың бірі Әлімқұл әмірлашкар болатын. Ол 1864 жылы Шымкент қаласын полковник Черняевтің әскерінің жаулап алуына тегеурінді қарсылық көрсетті. Патшалық Ресей әскері осы Шымкент қаласының түбінде қоқандық күштердің мықты тойтарысына алғаш кездескен еді.

  Патшалық Ресейге Түркістан қаласын жаулап алу да оңайға түскен жоқ. Перовскіден аттанған полковник Веревкиннің әскері 1864жылы 9 маусымда Түркістан қаласын қоршауға алды.

  Түркістан қаласының қоршауға алынғанын Шолаққорғандағы қоқандық бекіністің бастығы Сыздық Кенесарыұлы 120 сарбазымен Түркістан қаласын қорғауға аттанды. Сыздық Кенесарыұлы келгенше қала басшысы Мырзадәулет орыс әскеріне қарсы еш әрекет жасамған еді. Н.А. Веревкин болса қаланың шығыс жақтағы дуалдарының астын кеулеп қазып, жарылғыш оқ-дәрі  толтырып, қопаруға бұйрық берді. Түркістандағы қоқандық әскери басшылар орыс әскерлерінің Түркістанның дуалдарының түбін қазып жатқан әрекетеріне қарсы не шара қолданарын білмей, дағдарды. Сыздық Кенесарыұлы қоқандық әскерлерге бұл дағдарыстан шығудың жолы қазу жұмыстарын жүргізіп жатқан орыс әскерлеріне қарсы қамалдан шығып, соғысу керек деген ұсыныс жасайды. Қала бегі бұған қарсылық білдірмейді, бірақ өзі бастап, кірісіп те кетпейді. Қамал сыртына шығып, соғысу туралы бастаманы өз қолына алған Сыздық сұлтан 100 сарбазбен дуал астын қазып жатқан орыс солдаттарына түн ортасында тұтқиылдан тап беріп, 5 солдатты өлтіріп, қалғандарын қашырып, 30 мылтық пен құрал-саймандарын алып, қалаға оралады. Орыстар 3 күнбойы ес жия алмай, үңгір қазуын тоқтатады [А. Кенесарыұлы, 1992: 24].

  Сыздық Кенесарыұлы үшінші күні Мырзадәулетке жауды жеңу үшін қол қусырып, отыра бермей, тағы да қамал сыртына шығып, соғысуды ұсынады. Мырзадәулет өзбектердің қамалдан шығуына рұқсат бермейтінін, ал өзі сарбаздарымен шығамын десе, қарсылық білдірмейтінін айтады. Сыздық Кенесарыұлының тағы да қамалдан шығып, орыстарға шабуыл жасайтынын Н.А. Веревкиннің тыңшылары астыртын хабарлап үлгереді. Орыстар қала қақпасынан шығатындарды аңдып, жақындатып барып, оқтың астына алуға дайындалып тұрады.

  Түн ортасында тағы да Сыздық Кенесарыұлы мен Құрбанжан Қосымқажаұлы 200 жігітті бастап, орыс әскерлеріне шабуыл жасап, зеңбірек пен мылтықтың бораған оғына қарамастан 1 сағаттай соғысады. Сыздық Кенесарыұлының сарбаздары орыс солдаттарына тап бергенде, қала тұрғындарыкернейлетіп, ұран шақырып, айқайға басып, Сыздық Кенесарыұлының батылдығына қолдау көрсетіп, тілеулерін тілеп, дем береді.  Түркістан қаласы түбіндегі осы шайқаста Құрбанжан мен 40 сарбаз шаһид болы, 50 адам жараланады. Бүкіл түркі-мұсылман жұрты аса қастерлейтін Түркістан қаласы үшін болған күресте Сыздық Кенесарыұлының көрсеткен ерлік ісі көпшілікке мәлім болады.Әлімқұл әмірлашкар Сыздық Кенесарыұлының бұл ерлігін жоғары бағалап,оған пансат басы лауазымын берді.

  Әлімқұл әмірлашкар Түркістанды орыс әскерінің қоршауынан азат ету үшін Ташкенттен Мыңбай датха бастаған 2000 әскерді аттандырды. Бірақ олар Түркістанға кеш жеткен еді [ӨР ОМА. 715-қ.,1-т.,  64-іс,  390-п.]. Өйткені, 1864 жылы 12 маусымда 1495орыс әскері Түркістан қаласын алып қойған еді.

Орыс әскерлерінің Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зеңбірекпен аяусыз атқылауға алғанына шыдай алмай, қасиетті орынды құтқарып қалу үшін Жанти Өтепов басына төнген қауіпке қарамай, кесененің төбесіне шығып, жасыл туды көтеріп, қаланың берілетінін білдіруге мәжбүр болды. Түркістан қаласының қақпасын Ж. Өтепов ашып бергенде, Сыздық төре мен қала бегі Мырзадәулет қаладан шығып кеткен еді.  Өйткені, Сыздық Кенесарыұлы қаланы азат етуге қоқандық күштерді алып келуге аттанған болатын.

Сыздық Кенесарыұлының атсалысуымен, қоқандық күштердің патшалық Ресейдің әскерімен шайқасы орын алды. Ол шайқас 1864 жылы  желтоқсан айының 4-6 күндері Түркістан қ-на таяу маңдағы Иқан қыстағы қасында болды.  Шымкент қ-н орыс әскері алғаннан кейін, 1864 ж. 27 қыркүйекте Ташкентке ген. Черняев 12 зеңбірегі бар 1550 солдаттан тұратын отрядпен аттанып, оны ала алмай, 15 солдаты қаза тауып, 42 солдаты жарақат алып, қазан айында Шымкентке кері оралған еді. Бұл жәйт қоқандықтардың қолдан шығарып алған қ-ларды кері қайтарып алуға деген талпынысын күшейте түсті. Осыдан соң Әлімқұл әмірләшкар өзінің 10 мыңдық қолымен қараша айының соңына қарай Арыс өз. бойына келіп, Түркістан мен Шымкенттегі орыс әскери күштерінің өзара байланыс жасауына тосқауыл қойды. Әлімқұл әмірлашкар Иқанға жақындап келіп, әскерімен Шілік жағына, ал Сыздық сұлтан Кенесарыұлы  болса, 800 адамнан тұратын сарбаздарымен Түркістан жағына тоқтады. Қоқандық күштердің таяп қалғанын барлауға Түркістаннан Орал (Жайық)  казактарынан тұратын есаул Серовтың отряды Иқанға қарай жіберілді. Бұл отрядтың құрамында 114  адам болды. Олардың арасында 1853-56 ж. Қырым соғысы кезінде Севастопольды қорғауға қатысқандар да бар еді.  Есаул Серовтың отряды Иқанға таяп қалғанда, оны қоқандықтар кенеттен қоршауға түсіріп, өз еріктерімен берілуін талап етті. Оларға беріліп, мұсылмандықты қабылдайтын болса, онда өмірлері сақталып қалатыны жайлы хабар жіберілді. Бірақ отряд бұл шарты қабылдамаған соң, қоқандықтар оған шабуылға шықты. Сібір казактарынан қоқандықтар жағына өтіп кетіп, мұсылмандықты қабылдап, жаңадан Осмон деген есім алған адам өз сарбаздарымен есаул Серовтың отрядына алғашқы шабуылды бастады. Қорғанысқа көшкен  отрядқа Түркістан коменданты көмекке 5 желтоқсан күні 2 зеңбірегі бар 170 адамнан тұратын әскер жіберді. Көмекке жіберілген бұл әскерді Сыздық сұлтан Түркістан жолындағы Сасықбұлақ деген жерде қарсы алып, онымен шайқасқа түсті. Сол шайқаста Сыздық сұлтанның астындағы аты оққа ұшты, он сарбазы жарақат алды. Осыдан соң Сыздық сұлтан бар сарбазымен Түркістанға қарай бет алды. Мұны байқаған орыс әскері есаул Серовтың отряды қолға түскен екен ғой деп, Түркістанға кері оралды. Орыс отрядының Түркістанға жеткенін аңғарған Сыздық сұлтан Иқанға қайта келгенде, мұндағылардың есаул Серовтың отрядын ала алмай әлі атысып жатқанын көрді. Сол жерде Сыздық сұлтан Әлімқұл әмірлашкарға: «Бұл орыстарды осылайша шабуыл жасап жеңе алмаймыз. Әкем Кенесары хан осындай бекініп алған орыстарға шабуыл жасағанда, шөпті қалың буып, соны тасалана домалатып барушы еді, біз де солай істейік» деп ақыл берді. Сөйтіп, шабуыл Сыздық сұлтан айтқандай тәсіл бойынша жүзеге асырылып, есаул Серовтың әскеріне соққы берілді. Алайда, есаул Серовтың отрядындағылардың жартысынан астамы қоршауды бұзып жарып, Түркістанға қарай шегінді. Есаул Серов шегіне отырып, Түркістаннан қайтадан көмекке жіберілген 2 зеңбірегі бар 220 солдатқа қосылғанша шайқас жүргізді. Шайқас барысында Сыздық сұлтанның санына оқ тиген еді, астындағы атына да бес оқ тиіп өлді. Сыздықтың аттан құлағанын көрген Әлімқұл әмірлашкар қасындағы сарбаздарымен жетіп келіп, бірнеше казакты өлтіріп, Сыздық сұлтанды аман алып қалды. Иқан шайқасы кезінде есаул Серовтың қарамағындағы 57 адам өліп, 23 адам ауыр жарақат, 21 адам жеңіл жарақат алды. Сыздық сұлтанның көрсетуінше, осы шайқас барысында қоқандықтар тарапынан 400-ге жуық адам қаза тауып, көп адам жараланған. Бұл қоқандық әскердің атыс қаруы жағынан патшалық Ресейдің әскерінен көп артта қалуына байланысты еді. Генерал Черняев оралдық казактардың қоқандықтар қоршауын бұзып шығуына тәнті болып, Түркістан комендантының оларға дер кезінде көмек көрсете алмағанына реніш танытты. Иқан шайқасынан аман  қалған казактар патша өкіметі тарапынан марапатталды. Осыдан соң патшалық Ресей Ташкентті жаулап алуға қарқынды түрде даярлық жүргізе бастады [ӨР ОМА. 715-қ., 1-т., 65-іс., 64-п.].  Патшалық Ресей  Орт. Азияны өз отарлық жүйесін құрғаннан кейін, 1884 ж. Иқанда казак жүздігіне арнап ескертіш қойды. Бұл ескерткіш 1917 ж. қазан рев-нан кейін большевиктер тарапынан қиратылды.

Осы Иқан шайқасынан кейін Түркістан қаласында патшалық Ресейдің билік берік орныға түсті. Түркістан генерал-губернаторлығы құрылғаннан соң, 1872 жылы Сырдария облысының құрамында Түркістан уезі құрылды. Осы уездің орталығы Түркістан қаласы болды.

  Орталығы Түркістан қаласы ретінде құрылған Түркістан уезі  Сырдария облысының Перовск, Шымкент уездерімен және Ақмола облысының Сарысу уеезімен шектесті. Түркістан уезі ашылған кезде ондағы қазақтар 61400 адамды құраған. Сондай-ақ Түркістан уезі аумағында 9905 сарт, 270 орыс, 67 татар, 61 бұхаралық еврей тұрған. «Уақытша ережеге» сәйкес Түркістан уезі қазақтары түтін салығын, земство салығын, қалалық училищеге, егу жұмысына салық төлеуге міндеттелді. Олар бұдан бөлек әртүрлі еңбекпен өтейтін міндеткерліктер атқарды. Уездегі сарттар жер салығын төледі. 1879-1880 жылдары Түркістан уезінде жұт орын алды. Осы жұт кезінде Түркістан кезінде 24469 түйе, 7657 жылқы, 162400 қой, 7667 сиыр қырылып, қазақтардың қолында 7615 түйе, 5028 жылқы, 28983 қой, 3210 сиыр қалды. Бұл жұт Түркістан уезінің ғана емес, Түркістан қаласының да экономикалық жағынан құлдырауына әкеліп соқтырды. Аштық салдарынан Түркістан уезінің халқы көршілес уездерге жаппай көшуі басталды. Соның нәтижесінде уез халқы кеміп, 1884 жылы 44321 адамды құрады. Бұл өз кезегінде Түркістан уезінің 1886 жылы таратылуына алып келді. Түркістан уезі таратылып, оның аумағы Шымкент және Перовск уездерінің құрамына қосылды. Соның негізінде Түркістан қаласы Уез орталығы мәртебесінен айырылды.

  Түркістан қаласында ХІХ ғасырдың соңына қарай орыс халқының үлес салмағы арта түсті. 1897 жылғы санақ бойынша Түркістан қаласының 9 пайыз халқын орыс халқының өкілдері құрады.

  ХХ ғасырдың бас кезінде Түркістан қаласының аумағы 1400 гектар жерді алып жатты. 1903 жылы Түркістанда темір жол вокзалы салынды. 1908 жылы Түркістан қаласында 3616 үй, 41 мешіт, 2 кластық қалалық училище, қыздар училещесі, 1 медресе, 23 мектеп, 2 шіркеу болды. Қала халқы 1910 жылы 15236 адамға жетті.

  Түркістан қаласында өнеркәсіп орындарынан 1912 жылы 4 мақта тазалайтын, 10 ма  й шайқайтын, 8 сабын қайнататын, 5 кірпіш зауыты болды. Қалада 15 су диірмені жұмыс істеді [А. Добросмыслов, 1912: 71].

  1917 жылы Түркістан қаласы тұрғындары патша үкіметінің құлатылуын зор қуанышпен қарсы алды. Олар патша өкіметінің құлатылуы халықтың өзі-өзін басқаруға жол ашады деп қабылдады. Түркістан қаласының халқы Уақытша үкіметке барынша қолдау танытанын білдірді.

  Уақытша үкіметтің Түркістан комиеті мүшелері 1917 жылы сәуірде Ташкентте өз жұмысына кіріскеннен кейін Түркістан қаласына өз комисаррын тағайындау жөнінде жарлық шығарды. Алайда бұл жарлық Уақытша үкімет тұсында орын алған дағдарысты жағдайларға байланысты орындалусыз қалды. Осыған қарамастан Түркістан қаласы саяси өмірдің жандануында өзіндік елеулі рөл атқара білді. Бұған Түркістан қаласында «Шуро-и-Улема» ұйымының съез өткізуін мысал ретінде келтіруге болады. 

  Бүкілресейлік құрылтай жиналысына сайлау кезінде депутаттыққа кандидаттар ұсынуда Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі барлықұлттық ұйымдар атынан бір тізім жасау керектігін ұсынған болатын. Бірақ мұндай ұсыныстан, яғни «Шурои-ислам» ұйымымен бірлесе Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар белгілеуден «Шурои-улема» ұйымы бас тартты. 1917 жылы 2 қазанда «Шурои-улема»ұйымы Түркістан қаласында Сырдария облысы мұсылмандарының сиезін өткізіп, онда Құрылтай жиналысына өз алдына бөлек депутаттыққа кандидаттар тізімін жасады. 14 адамнан тұратын бұл кандидаттар тізімі қатарында С. Лапин, С. Махмұдқожа, С. Алдабергенов, С. Нұрмұхамедов, Садық Қожа ишан, Х. Ибрагимов, Т. Ғалым, О. Мерейов, М. Мабирхан, Ө. Топчибашев, Қ. Бұралқиев, С. Юсупов, С. Наргелов, Ғ. Махдум бар еді [ӨР ОМА. 528-қ., 1-т., 12-іс, 107-п.].

«Шурои-улема» ұйымы атынан Сырдария облысы мұсылмандарының сиезінде Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылғандарға ұлттық демократиялық күштер көңілдері толмайтындығын баспасөздер арқылы білдіріл жатты. Бұл жөнінде «Бірлік туы» газетінде: «Сырдария облыстық мұсылман съезі шын мәніндегі облыстық съезд болмаған. Өйткені, оған Қазалы һәм Әулиеата уездерінен тіпті ешкім келмеген. Барғандардың көбі Ташкенттен ертіп апарған Сералы мен Садық Қожа ишанның өз адамдары болған. Құрылтай жиналысына баратын адамдар саясат ісінен хабардар болуы керек. Олардың ұсынған тізімінде ондай адам жоқ. Көбі молдалар мен ишандар. Олар Петроградқа Николайдың жаназасын шығаруға бармаса, Құрылтай жиналысындағы топқа түсуге жарайтын адамдар емес» [Х. Болғанбаев, 1917: 1],– деп жазды.

  «Шуро-и-улема» ұйымының Түркістанда өткізген съезінен кейін 1918 жылы қаңтарда Сырдария облысының демократиялық күштері съез өткізуді жөн санады.

Сырдария облыстық қазақ съезі деп аталған бұл съез 1918 жылы қаңтардың 6-9 аралығында Түркістан қаласында өтті. Оған 82 өкіл жиналды. Олардың құрамында Перовск уезінен – 15, Әулиеата уезінен – 3, Ташкент уезінен – 9, Қазалы уезінен – 5, Черняев ууезінен – 10, Түркістан қаласынан – 20 өкіл болды.  Съезге Алашорда үкіметі атынан Б. Құлманов, Т. Құнанбаев,  М. Дулатов қатысты. Сондай-ақ съезге Түркістан автономиясы атынан және Орал обл-ның Темір у. мен Торғай обл-ның Ырғыз у. қазақтарынан бірнеше өкіл келді. Съезге  М. Шоқай пен М. Тынышбаев  арнайы шақырылған болатын. Бірақ олар бұл съезге қатыса алмады. Съезде Сырдария обл. қазақтарының Алаш автонмиясына қосылу жайы басты мәселе етіліп қойылып, қызу талқыланды. Сөйтіп, бұл жөнінде қабылданған қаулыда Сырдария обл. осы күні тегіс Түркістан автон-сында болғандықтан әзірге Түркістан автономиясы құрамында қалады; Алаш автониясы жарияланып, Түркістан автономиясымен одақ болса, Сырдария қазақтары сол күннен Алаш автономиясына қосылады; Сырдария қазақтары қосылғанда Алаш автономиясының астанасы Түркістан қаласы болады делініп көрсетілді. Осыдан соң Торғай обл-ның Ырғыз уезіненнен келген өкілдер сөз алып, олар 1917 ж. 28-29 желтоқсанда Ырғыз уезі қазақтарының съезі өткенін және онда Сырдария облысы қазақтары қайда болса, Ырғыз қазақтары да сонда болу туралы қаулы қабылдағанын, яғни Сырдария облысы қазақтарымен бірге Түркістан автономиясына кіруді қалайтындықтарын білдірді. Осыған орай съезде егер  белгілі бір себептермен Алаш автон. жарияланбай қалса, онда Ырғыз қазақтарының Түркістан автон-на қосылуына Сырдария облысы қазақтары көмек көрсететіні жөнінде шешім қабылданды. Съезде Ташкенттегі кеңестік биліктің өкілі комиссар П.Г. Полтарацкий кезектен тыс сөз алып,  Қоқанда жарияланған Түркістан автономиясы халық тілегіне қайшы келеді деген мазмұндағы пікірін алға тартты. Мұндай пікірге съезге қатысушылар қарсылық танытып, П.Г. Полтарацкийдің съезді тастап, шығып кетуіне мәжбүр етті. Делегаттар халық арасындағы большевиктер озбырлығы мәселесін қарап, қазақтар большевиктер үкіметін мойындамайды және олардың айтқанына еріп, айдағанына жүрмейді деген қаулы қабылдады. Бұл қаулыда большевиктерге еріп, халық берекесін кетірген қазақ азаматтарына наразылық білдірілуі керектігі де айтылды. Делегаттар Түркістан автон-сына сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдады. Съезде Түркістан автон-сының Ұлттық кеңесіне Ақмешіттен М. Шоқай, Әулиеатадан Ә. Кенесарин, Шымкенттен С. Сейітов, Ташкенттен Ә. Көтібаров, Түркістаннан Д. Алтынбаев, Қазалыдан М. Күзембаев ұсынылды.  Обл. аумағында қазақ милициясын құру мәселесі съезде арнайы қаралып, бұл істі жүзеге асыру Түркістан автон-сының Уақытша үкіметіне мүше болып сайланған азаматтарға және қазақ ұйымдарына тапсырылсын деген ұйғарым жасалды. Мұнан соң съезде делегаттар обл. тұрғындары азық-түлік тапшылығынан аштыққа ұрына бастағанын талқылап, мұны тез арада шешудің жолдарын қарстыру жөнінде Түркістан автономиясының Уақытша  үкіметі атына  өтініш жасалсын деген қаулы шығарды [Түркістан шаһарынде Сырдария қазақ-қырғызының съезі, 1918: 1].

  Осылайша, Алаш автономиясымен Түркістан автономиясы одақ құрған жағдайда Түркістан қаласы Алаш автономиясының астанасы болып жарияланатын болды.

  Алайда, сол тарихи кезеңде орын алған оқиғаларға байланысты Алаш автономиясы жарияланбай қалды. Алашорда үкіметінің мұны жүзеге асыру жолындағы әрекеті кеңестік биліктің орнығуына байланысты нәтижелі бола қоймады. Оның үстіне 1918 жылы көктемде Ташкенттегі кеңестік билік Түркістан автономиясын қару күшімен талқандады. Мұндай жағдайда Түркістан автономиясының төрағасы Түркістан өлкесінен кетуге мәжбүр болды.

Қорытынды. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы Түркістан қаласының тарихында орын алған әлеуметтік-саяи үдерістер қатарына Түркістан қаласының патшалық Ресей тарапынан жаулануын, Түркістан қаласының уездік орталық болғанын, қаланың отарлық жағдайда патша өкіметінің тірек пункттерінің бірінен саналғанын жатқызуға болады. ХХ ғасыр басында Түркістан қаласының әлеуметтік келбетіне өзгеріс ала келген оқиға Түркістан қаласы арқылы темір жол құрылысының жүргізілуін және Түркістанның темір жол бойындағы ірі станциялардың бірінен айналуын ерекше айтуға болады.

  Патша өкіметінің құлатылуымен Түркістан қаласы қазақтар үшін ірі саяси мәселелерді қарастыратын орынға айналды. Бұған қазақтар арасындағы түрлі саяси ұйымдардың съезінің өткізілуін дәлел ретінде келтіруге болады.

  1918 жылы қаңтарда өткізілген съездің шешіміне сәйкес Түркістан қаласын Алаш автономиясының астанпасы ету мәселесі көтерілді. Мұның өзі Түркістан қаласының қазақтар үшін ХХ ғасыр басында өзіндік маңызға ие болғанын аңғартса керек.

Әдебиеттер

Абаза К.К. Завоевание Туркестана: рассказы из военной истории, очерки природы,быта и нравов туземцев в общедоступном изложении. – СПб.: Типография М.М. Стасюлевича,1902. – 159 с.

Әметұлы О. Түркістан салтанаты. – Астана: Фолиант, 2002. – 202 б.

Болғанбаев Х. Түркістанда // Бірлік туы. – 1917. – 2 октябрь.

Добросмыслов А.И. Города Сырдаринской области (Казалинск, Перовск, Туркестан, Аулиеата, Чимкент). – СПб.: Издательство «Библиотечный фонд», 1912.

Кенесарыұлы А. Кенесары және Сыздық сұлтандар. – Алматы: «Жалын», 1992. – 48 б.

Макшеев А.И. Исторический обзор  Туркестана и наступательного движения в него русских. – СПб.: «Военная типография», 1890. – 350 с.

Массон М. Мавзолей Ходжа Ахмеда Яссави. – Ташкент: «Б.и.», 1930.– 128 с.

ӨР ОМА. 715-қ., 1-т., 64-іс.

ӨР ОММ. 715-қ., 1-т., 65-іс.

ӨР ОМА. 528-қ., 1-т., 12-іс.

Терентьев М.А. История завоевания Средней Азии. –т.1.- СПб.: Типолитография В.В. Комарова, 1906. – 547 с.

Тұяқбаев М. Түркістан сырлары. – Алматы, 2000.

Түркістан шаһарінде Сырдария қазақ-қырғызының съезі // Бірлік туы. – 1918. – 29 январь.

Ходжаев М. Туркестан – столица позднесредневекового Казахстана. – Чимкент: Ордабасы,1995. – 142 с.

References

Abaza K.K. Zavoevanie Turkestana: rasskazy iz voennoj istorii, ocherki prirody, byta i nravov tuzemcev v obshchedostupnom izlozhenii. – SPb.: Tipografiya M.M. Stasyulevicha,1902. – 159 s.

Ametuly O. Turkіstan saltanaty. – Astana: Foliant, 2002. – 202 b.

Bolghanbaev H. Turkіstanda // Bіrlіk tuy. – 1917. – 2 oktyabr'.

Dobrosmyslov A.I. Goroda Syrdarinskoj oblasti (Kazalinsk, Perovsk, Turkestan, Aulieata, Chimkent). – SPb.: Izdatel'stvo «Bibliotechnyj fond», 1912.

Kenesaryuly A. Kenesary zhane Syzdykh sultandar. – Almaty: «Zhalyn», 1992. – 48 b.

Maksheev A.I. Istoricheskij obzorTurkestana i nastupatel'nogo dvizheniya v negorusskih. – SPb.: «Voennaya tipografiya», 1890. – 350 s.

Masson M. Mavzolej Hodzha Ahmeda YAssavi. – Tashkent: «B.i.», 1930. – 128 s.

UR OMA. 715-kh., 1-t., 64-іs.

UR OMM. 715-kh., 1-t., 65-іs.

UR OMA. 528-kh., 1-t., 12-іs.

Terent'ev M.A. Istoriya zavoevaniya Srednej Azii. –t.1.- SPb.: Tipolitografiya V.V. Komarova, 1906. – 547 s.

Tuyaқbaev M. Turkіstan syrlary. – Almaty, 2000.

Turkіstan shaһarіnde Syrdariya khazakh-khyrgyzynyn s"ezі // Bіrlіk tuy. – 1918. – 29 yanvar'.

Hodzhaev M. Turkestan – stolica pozdnesrednevekovogo Kazahstana. – Chimkent: Ordabasy,1995. – 142 s.

А.Д. САНДЫБАЕВА1

1Доцент Международного казахско-турецкого университета  им. К.А. Ясауи

г. Туркестан, Казахстан

СОЦИАЛЬНО-ПОЛИТИЧЕСКИЕ ПРОЦЕССЫ В ГОРОДЕ ТУРКЕСТАНЕ В КОНЦЕ ХІХ - НАЧАЛО ХХ ВВ.

Резюме

В данной статье рассматриваются проблемы истории города Туркестана в конце ХІХ-начале ХХ века. Статья написана на основе материалов Центрального государственного архива Республики Узбекистан. В статье использованы материалы газеты "Бірлік туы" (Знамя единство).

Ключевые слова: Туркестан,царская Россия, Кокандское ханство,колониальная политика,освободительное движение.

A. D. SANDYBAEVА1

1K. A. Yassawi Kazakh-Turkish International University, Associate Professor

Turkestan, Kazakhstan

SOCIO-POLITICAL PROCESSES IN THE CITY OF TURKESTAN

(LATE XIX - EARLY XX CENTURIES)

Summary

This article discusses the issues of the history of the city of Turkestan in the late XIX-early XX century. The article is based on the materials of the Central state archive of the Republic of Uzbekistan. The article uses the materials of the newspaper «Birlik Tuy» (the Banner of unity).

Keywords: Turkestan, tsaristRussia, Kokand khanate,colonial policy,liberation movement.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 182

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Сандыбаева А. Д..docx 0.04 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

Бірінші Дүниежүзілік Соғыс тұтқындары Жетісуда ӘОЖ 94(=512.1+=16) ХІ-ХІІІ ҒҒ. ҚЫПШАҚТАРДЫҢ ОРЫС КНЯЗДІКТЕРІМЕН САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАРЫ ӘОЖ 94(574) «15/16» XV ғ. соңы мен XVI ғ. басындағы Қазақ хандығы тарихының мәселелері ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ УДК 323.1:94(476) Қазақстандағы белорус этносының өкілдері: қалыптасуының тарихы мен бүгіні ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ УДК 327(574:517.3)Сыртқы саясаттағы қазақ-моңғол қатынастарының басым-бағыттары МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАР – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУДІҢ ТИІМДІ ҚҰРАЛЫ УДК 930.001.83 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ЛИБЕРАЛИЗМНІҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ӘСЕРІ ӘОЖ 93/94 Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жасауылдар институты тарихы мен қызметі ӘОЖ 930.001.83 «ҮЛФӘТ» ГАЗЕТІ – БІРІНШІ ОРЫС РЕВОЛЮЦИЯСЫ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ӨМІРІНІҢ ДЕРЕК КӨЗІ 327(574+519.5) ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАН-АВСТРИЯ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ ӘОЖ 94(574)16/19 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СУБЭТНИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ СТАТИСТИКАЛЫҚ МАТЕРИАЛДАРДАҒЫ КӨРІНІСІ АЛАШ ТАРИХЫ - ТҰЛҒАЛАР ТАҒДЫРЫНДА: Жетісулық Алаш қайраткері Ыбырайым Жайнақовтың тарихи келбеті ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ СОҢЫ МЕН ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ҮДЕРІСТЕР ӘӨЖ 94 (574.51) ҰЗЫНAҒAШ ШAЙҚACЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ МЕН НӘТИЖЕСІ

Автордың мақалалары

ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ СОҢЫ МЕН ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ҮДЕРІСТЕР