Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 930.001.83 КӨНЕ ТҮРІКТЕРДЕГІ ТӘҢІРШІЛДІК

Н.Қ. КАТТАБЕКОВА, Қ. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің аға оқытушысы, т.ғ.к. Түркістан, Қазақстан

ӘОЖ 930.001.83 КӨНЕ ТҮРІКТЕРДЕГІ ТӘҢІРШІЛДІК

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(18) 2019

Тегтер: культ, Құдай, тәңіршілдік, дін, Ұмай.
Аңдатпа:
Ерте ортағасырлық дәуірде тарих сахнасына көтерілген түркілердің діни жүйесі олардың тұрмыс-тіршілігіне және қоршаған ортасына сәйкес қалыптасып, өзіндік ерекше құбылыс ретінде көрініс тапты. Оларда табиғат культі басымдық танытып, көне түріктер жер-суға, көкке табынып, аң-жауарларды осы тылсым күшпен байланыстырушы буын ретінде қарастырды. Бұл өз кезегінде көне түріктер арасында көк бөрі культін қалыптастырды. Сондай-ақ көне түріктер аң-жауарларды әруақтардың көрінісіне балап, олардың киелі санады. Мұның өзі көне түріктердің қоршаған ортамен, табиғатпен үйлесімділік табатын өзіндік дүниетанымына негіз қалап, оларда тәңіршілдіктің орнығуына алып келді. Тәңіршілдіктің қалыптасуы көне түріктерге дейінгі ғұндар дәуірінен,тіпті одан ертерек дәуірденбастау алады. Бірақ осы көне түріктер дәуірінде бұқаралық сипат алды. Сондықтан да мақалада тәңіршілдіктің көне түріктер арасындағы орнын талдау жәнеондағы сабақтастықты зерделеуге ерекше мән беріледі. Түйін сөздер: дін, тәңіршілдік, Құдай, культ, Ұмай.
Мазмұны:

Кіріспе. Тәңіршілдік ертедегі түркі-моңғол көшпелілерінің діндерінің бірінен саналады. Бұл діннің еуразиялық кеңістікте қалыптасуы буддизм мен Ислам діне дейін жүзеге асты. Сонымен қатар оның сарқыншақтары осы күнге дейін сақталып, қазіргі әлемдік діндермен астарласып кетті. Тіпті, соңғы кезде тәңіршілдікті қайта жандандыру мәселесін көтерушілер де бой көрсетуде. Мұны қазіргі кезде Ресейде тәңіршілдікті жақтаушылар ұйымының тіркелуінен, Моңғолияда тәңіршілдік ғибадаханасының салынуынан және Қырғызстанда тәңіршілдікті ата-баба діні ретінде құстануды жақтаушылар қатары қалыптасуынан аңғаруға болады. Сондықтан да тәңіршілдіктің дамуындағы ерекше кезең болып саналатын ерте ортағасырлық дәуірдегі тәңіршілдікті зерттеуді өзіндік ғылыми маңызға ие деп санауға болады.

Талқылау.   Көне түріктер арасындағы тәңіршілдік мәселесіне қатысты пікірлер Д. Банзаров [Д. Банзаров, 1997: 65] пен Ш.Ш. Уәлиханов [Ч. Валиханов, 1985: 111] еңбектерінде көрініс тапқан. Бұл ғалымдардың еңбектерінде негізінен тәңіршілдіктің жаға заман дәуіріндегі ерекшеліктері, дәлірек айтқанда, Сібірдегі түркі-моңғол халықтарының және қазақтардың арасындағы сарқыншақтары жайлы пікір білдіріледі. Сонымен бірге бұл ғалымдар тәңіршілдіктің шығуының себебін табиғат пен адамзаттың арасындағы байланыспен ұштастырады.

  Көне түріктердің діни наным-сеніміне қатысты тұжырымдарды З.У. Тоғанның 1912 жылы жарық көрген «Түрік-татар тарихы» атты еңбегінен де [З. Валиди, 1912: 19] кездестіруге болады. Оның еңбегінде тәңіршілдік көне түріктердің тарих сахнасына көтерілуіне және олардың алып мемлекет құруына негіз қалаған наным болды деп бағаланады. З.У. Тоған тәңіршілдік тек көне түріктердің ғана емес, кейін Шыңғыс империясының құрылуында да елеулі рөл атқарғанына көңіл бөледі.

Е. Паркедің [E.Parker, 1885: 96], Н.Я. Бичуриннің [Н. Бичурин, 1950: 178], К.А. Иностранцевтің [К. Иностранцев, 1926: 152], М.И. Артамоновтың [М. Артамонов, 1962: 155], Л.Н. Гумилевтің [Л. Гумилев, 1967; 149] еңбектерінен кездестіруге болады. Осы аталған ғалымдардың арасында тәңіршілдіктің көне түріктердің саяси-әлеуметтік өміріндегі рөліне ерекше көңіл бөлген ғалым ретінде Л.Н. Гумилевті ерекше атауға болады. Л.Н. Гумилев тәңіршілдікті көне түріктер арасындағы діни жүйе ғана емес, тіршіліктің, рухани болмыстың негізгі буыны болды деген пікір білдіреді. Оның мұндай пікірі Д.В. Поздняковтің [Д. Поздняков, 2001: 142] және Д.Г. Савиновтің [Д. Савинов,2002: 161] еңбегінде қолдау тапқан. Сондықтан да көне түріктер тарихын зерттеуде ерте ортағасырлық дәуірдегі еуразиялық кеңістіктегі тәңіршілдіктің орнын осы бағытта әлі де зерттей түсу қажеттігі ағарылады.

Нәтижесі.   Көне түріктер арасындағы тәңіршілдік мәселесін қарастыруда зерттеушілер оны ерте ортағасырлық дәуірдегі діни жүйе ғана емес, әлеуметтік-саяси маңызға ие дүниетаным екеніне назар аударғаны аңғарылады. Осыған орай тәңіршілдікті көне түріктердің өмір сүрген ортасымен тығыз байланыста қарастырған жөн. Бұл ретте көне түріктердің діни-намым сеніміне әсер еткен факторларды да назардан тыс қалдырмаған абзал.

Негізгі бөлім. Қоршаған орта, табиғат көшпелі түрік тайпаларының тұрмыс- тіршілігінің көзі ретінде маңызды рөл атқарды, бұған қоса олардың кәсіби қызметі, яғни малды күтіп-бағу  табиғи-климаттық  жағдайларға тәуелді болды. Сондықтан да көне түріктердің діни наным-сенімдері  табиғатқа табынушылық сипат алды.

Тәңірге табынудың идеялық негізі – табиғат заттары мен құбылыстарын жанды деп қарау болып табылады. Тәңіршілдік сана әр заттың иесі, жаны бар деп пайымдайды. Дүниенің барлық объектілері адам секілді, оларға сөзім мен сана тән-мыс.

 Өзінің мәні жағынан Тәңірі монотеистік дінге жақын болды. Діни көзқарастардың дамуы барысында көк аспан сияқты Тәңірінің: барынша күрделі құдай-космос – Тәңірі-каинат  түсінігі алмастырады. Мұндай ұғымдағы Тәңірі өзіне космосты, оның кез көрінетін бөлшектерін: күңді, айды, планетаны, жұлдызды, адамды, табиғат құбылыстарын, жан-жануарды, өсімдіктерді қамтиды. Енді табиғат культі және басқа культтер, наным-сенімдер  көзқарастар барынша күрделенген Тәңірі туралы ұғымға айналады. Тәңірі әрі рух, әрі дене, әрі олардың бірлігі секілді бейнеге ие болады [Н. Аюпов, 1998: 11].

Тәңірге табыну алғашында дін түрінде емес, космологиялық түсініктер мен идеялардың жиынтығы ретінде, табиғи құбылыстарға мінәжат етумен байланысты пайда болады. Жеке бір халық қана тәңірге табынған десек қателік болады. Тәңірге сенудің терең тарихи тамырлары бар. Ол күллі дін атаулыдан бұрын пайда болған [С. Ақатаев, 1990: 48].

Тәңіршілдік – монотеистік сипаттағы діни жүйе. Ол бір құдайды мойындайды және орталықтанған қаған билігінің, түрік империясының, кейіннен қағанаттардың идеологиясы ретінде қызмет еткен.

 Тәңірі бейнесі б.э.д. бірнеше ғасырлар бұрын пайда болған Орталық Азиядағы ең көне мифологиялардан келіп шығады. «Тәңірі» атауының шығу тегі ғұндардың «ченли» және қытайдың «тянь», тіпті шумерлік «дингир» сөздерімен байланыстырыла қарастырылады. Бұл сөздердің бәрі бір ғана мағынаны – аспан, мәңгі көк аспан дегеңді білдіреді. Басқа құдайлардан айырмашылы Тәңірі материяланбаған, ол – рух, бүкіл тіршіліктің иесі [М. Аджи, 1997; 131].

«Тәңірі – құдай» [Ш. Уәлиханов, 1985:181], – деп көрсетеді Ш. Уәлиханов. Ұлы Абай да Тәңірі ұғымын «жасаған» ретінде көп қолданған.

Тәңірінің «жасаған» ұғымына айналуы VII – VIII ғасырларда Орталық Азияда Түрік қағанатының пайда болуымен тығыз байланысты. Тәңірі идеясы Түрік қағанатының билігін уағыздап, дәріптеді.

Тәңір – құдайдың пайда болған уақыты қай кез деген мәселе бойынша оқымыстылардың пікірі бір ізді емес, француз ғалымы Жан – Поль Ру біздің заманымыздың аз алдында десе, қытайлық тарихшылар б.з.б. V – III ғ.ғ. дейді, ал белгілі лингивист-ғалым  О. Сүлейменов Шумер ескерткіштері негізінде б.з.б. ІV мыңжылдықта пайда болған деген ойды ұсынады. Ол: «Ғайса пайғамбар туғаннан 4 мың жыл бұрын философиялық ілім ретінде қалыптасып, жер бетіндегі ең ескі ілімдер – семит және үнді-иран  діндерінің анасы болып, ежелден мысыр діндеріне елеулі әсерін тигізген тәңіршілдік» [О. Сулейменов, 1992: 259], – деп жазды.

Әуелгі түрік дәуірінің өне бойында Тәңірге табынушылық бүкіл Евразия көшпелілері арасына тарайды.

«Биікте Көк Тәңірі,

 Төменде қара жер, жаралғанда,

Екеуінің арасында адам баласы жаралган» [Ежелгі дәуір әдебиеті,1991:  10], – дейтін  Күлтегін  жырының  үлкен  жазбасындағы  жыр жолдарыежелгі түріктерді  Аспан және адам бір мезгілде жаралды деп түсінгендіктеріне меңзейді. Кеңістікті Жоғарғы, Орта және Төменгі әлем деп (жоғарыда – аспан  төменде – жер екеуінің арасында адам) деп бөлу көрінісі байқалады.

  Көне түріктердің мифологиясындағы ең жоғарғы сатыда бір объект - көк аспан және кұдайды білдіретін Тәңірі бар. Тәңірі құдай көне түріктер түсінігі бойынша бірнеше сипатқа ие: а) жоғарғыны, яғни көкті көрсетеді; ә) жаратушы қызметін атқарады; б) жазалаушы қызметін де атқарады; в) еркектік бастаумен байланысты қаралады [И. Стеблева,1972: 213]. Осыған орай, Күлтегіннің үлкен жазбасынан тағы да мысал келтірейік:

 «Түркі халқы:

  Қырылайық, жойылайық» десті,

Ажалға жылжи бастады,

  Көкте түрік тәңірісі,

Түріктің қасиетті жері, суы

Былай депті:

  «Түркі халқы жойылмасын», – дейді.

  Орхон жазбалары мазмұны көрсеткендей, Тәңірі халыққа шексіз билік жүргізеді. Оның жердегі өмірін жүргізуші қағанның іс-әрекеті  де тікелей Тәңірінің тілегімен астасып жатады.

Түркі халқының атақ-даңқы

Өшпесін деп,

Әкем қағанды,

 Шешем қатынды

Көтерген тәңірі,

Ел берген тәңірі

Түркі халқының атақ-даңқы

Өшпесін деп,

  Мені каган етіп отырғызып еді.

Көп қолмен он екі жорық жасадым.

Сөйтіп тәңірі жарылқады [Ежелгі дәуір әдебиеті, 1991: 2].

Тәңірінің адамдарға қатысы Тоныкөк жырынан да байқалады:

Соғыстық,

Бізден екі-үш есе артық еді,

Тәңірі жарылқағандықтан,

Көп деп біз қорықпадық.

Жеңдік [Ежелгі дәуір әдебиеті, 1991: 5].

  Көне түріктер дәуіріңде «Тәңірі» сөзі бірнеше мағынада қолданылады: 1) аспан, дүние бөлігі ретінде; 2) Құдай ретінде; 3) құдайланған адам ретінде; 4) әмір етуші, әмірші [Дренетюркский словарь, 1969: 552]. Осы политеистік мәнде Тәңірі аспанда, жерде, суда, тау мен жануарлар әлемінде де болса керек. Қазақтарда: «Көк тәңірі», «Жер тәңірі», «Аң тәңірі», «Су  тәңірі», «Құс тәңірі» деген  ұғымдар сақталған. Барлық сөз тіркестерінде «тәңірі» сөзі «бұйырушы», «құдай», «билеуші» деген мағынаны білдіреді [А. Толеубаев, 1996: 169].

  Көне түріктердің түсінігі бойынша жердегі өмірмен байланысы бар көк аспанның негізгі атрибуттары бұлар күн мен ай болған. Енисейлік құлыптас ескерткіштерде «көк аспандағы күн мен айды жоғалттым» деген сөздер жиі кездеседі. Орхон түріктері күнге қарап бағыт – бағдарды  айқындаған [С. Кляшторный, 1981: 121].

  Тәңірі бейнесі түркі тіддес халықтардың ғана рухани мұрасы емес, ол – Орталық Азиядағы барлық халыққа ортақ дүние. Көне мифологиялық шығыстық бейне қатарына жатататын Тәңіріні алтайлықтар – «тенгри», буряттар — «тэнгри», сахалар – «тангара», тывалықтар – «дээр», шорлықтар – «тегри», монғолдар – «тэнгер», шорлықтар – «тура» дейді [Мифологический словарь, 1990: 523]. Айтылуы әртүрлі болғанымен, мағынасы барлық халықта бірдей: рух, алғашқы бастау дегенді білдіреді. Көне қытай және шумер халқы түсінігінде де Тәңірі өмір мен игіліктің кезі болып есептелінген [М. Аджи, 1994: 210]. Түркі, монғол және басқа халықтар түсінігінде Тәңірінің мекені – көк аспан, ол көк аспанның тұрғындарына иерархия тән. Сондықтан аспан тоғыз қабатқа бөлінеді. Әрбір қабат тағы екіге бөлінеді: жарыққа және қараңғыға, мейірбандыққа және әзәзілдікке. Бұл дегеніміз құдай мейрімді және қатал, құтқарушы және жазалаушы ретінде болады деген сөз. Ол бәрін көреді, шешеді, адам тағдыры да сол көктегі құдайдың қолында. Тәңіршілдік дінінің терең даналығы сонда, ол адамды кемсітпейді, қайта адамды ерлікке, жақсы іске қарай ынталандырады.

  «Көне түрік дінінде түрік Тәңірісі бейбітшілік Тәңірісі болатын, – деп жазды ұлы ойшыл Зия Гөкалп. Түрік дінінің өзегі болып табылатын ил (ел) сөзі «бейбітшілік» мағынасын беретін. «Елші, Елхан» «бейбітшілік қағаны» деген болатын. Түрік елхандары Манчжуриядан  Мажарстанға дейін бейбітшілік орнықтырған, бейбітшілік саясатының бастамашылары еді [З. Гөкалп, 1998: 11].

  Тоғыз қабат аспан әлемі туралы түсінік ұзақ уақыт бойғы даму сатысынан өткен және де өзге халықтар түсінігіне әсер еткен болса керек. Мысалы, монғолдардың  түсінігінде аспан тоқсан тоғыз қабаттан тұрады,  соған қарай Тәңірі атты 99 құдай бар. Ал еуропалық христиандар  шығысқа тән дүниетанымды толық алмай, тек құдайыланған үштік Троица туралы түсінік калыптастырған [М. Аджи, 1994: 210 ].

  Көне түріктік құдайлар пантеонында да бірнеше Тәңірі болған. Бірақ олардың саны нақты қанша болғанын айту қиын. Әйтсе де осы бағытта арнайы зерттеулер жарық көре бастағанын атап өткен жөн.

  Тәңіршілдік діни жүйесінде маңызда орын алған Бұт тәңірінің бейнесі көне түріктер мәдениетінде қаған билігінің символын және қағандық (ер) пен қатундық (әйел) бастаудың бірлігі идеясын  әйгілеген құдай болды деп түсіндіреді зерттеушілер Ю.А. Зуев пен Г.Е. Агелеуовтер [Ю. Зуев, 1998: 106].

  Шумер – түрік  мәдениетін салыстыра отырып, О. Сүлейменов тәңіршілдіктің өзекті идеясының бірі – қайта тірілуге сену болған, Монғолиядан Венгрияға дейінгі жалпақ далада тізілген қорғандар басына қойылған тас әйелдер мүсіні – адамдарды қайта тірілтуші Тәңірия—Иштордың бейнесі, өлікті тәңіршілдік рәсімімен жерлеудің бірден – бір  белгісі осы тас мүсіндер деп көрсетеді [О. Сулейменов,1992: 264].

  Көнетүріктік пантеонда бақыт сыйлайтын тағдыр құдайы – Жол тәңірі болды [Г. Агелеуов, 1998: 101]. Жол тәңіріге ұқсас бейнелер үндіеуропалық мәдениетте де кездеседі. Мысалы, Пушан – жол құдайы, көкке баратын екі жолдың иесі, бар құпияның сырын біледі. Жол тәңірі қыпшақтардың мифологиялық бабасы Ақ төр, яғни Ақ жол бейнесіне ұқсайды. Қазақ хандарының билігі де «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және т.б. деп жолмен байланыстырылған.

Ежелгі  түріктер Жол тәңірі құт – берекеге  жеткізеді деп түсінген. Бұл түсінік өзінің сабақтастық дәстүрін әлі күнге дейін жоғалтпай келеді.

Қорытынды. Тәңіршілдік көне түріктер дәуіріне дейінгі кезеңде қалыптасты. Оның қалыптасуы прототүріктер арасында орын алды. Содан кейінгі кезеңде көне түріктер арасында дамуының жоғары сатысына көтерілді. Көне түріктерден соң да тәңіршілдік өзінің әлеуметтік-саяи өмірдегі маңызын жоғалта қоймады. Түркі тайпалары арасында Ислам діні таралғанға дейінгі кезеңде түркі тайпаларының дүниетанымында, сенім жүйесіндегірөлін жоғалта қоймады. Ислам діні тарағаннан соң да тәңіршілдіктің сарқыншақтары жаңа заман дәуірінде дебой көрсетті. Тәңіршілдіктің белгілері Ислам дінін қабылдаған түркілер арасында таяу уақыттарға дейін бой көрсетіп келді. Тіпті,Ислам дінімен астарласып, түркі тілдес халықтардың дүниетанымында, сенімінде елеулі орын алды.

Әдебиеттер

Агелеуов Г.Е. Йол – Тенгри бог пути в миротворчестве древних тюрков // Военное искусство кочевниковЦентральной  Азии и Казахстана.  – Алматы: «Ғылым», 1998. – С. 63-111.

Аджи М. Полынь половецского поля.  – М.: «ЛитМир», 1994. – 265 с.

Аджи М. Тайна Святого Георгия.  – Алматы: «Жазушы», 1997. – 268 с.

Ақатаев С. Күн мен көлеңке. Ғылыми – танымдық  аңсар.  – Алматы: «Жалын», 1990. – 96 б.

Артаманов М.И. История хазар. – Л.: Изд-во Гос. Эрмитаж, 1962. – 376 с.

Аюпов Н.Г. Тенгрианство.  – Алматы: КазНПУ им.Абая,1998. -221 с.

Банзаров Д. Собрание сочинений. – Улан-Удэ: БНЦ СО РАН, 1997. – 240 с.

Бичурин Н.Я. Собрание сведении о народах обитавших в Средней Азии в древние времена. – М.: АН СССР, 1950. – 382 с.

Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинеий. – Т.2. – Алма-Ата: «Қазақ совет энциклопедиясы», 1985. – 289 с.

Гумилев Л.Н. Древние тюрки. – М.-Л.: «Наука», 1967.– 424 с.

Древнетюркский словарь.  – Л.: «Наука», 1969. – 612 с.

Ежелгі дәуір әдебиеті.  – Алматы: Жалын,1991. – 316 б.

Зия Гөкалп. Түрікшілдік негіздері // Жас Түркістан.  – 1998.  – № 2. – 21-39 б.

Зуев Ю.А., Агелеуов Г.Е. Буд – Тенгри – божество древнетюркского пантеона // Военное искусство кочевников Центральной  Азии и Казахстана.  – Алматы: «Ғылым», 1998. – С. 135-176.

Иностранцев К.А. Хунну и Гунны (разбор теорий о происхождении народа Хунну в китайских летописей, о происхождении европейских Гуннов и о взаимных отношениях этих двух народов). – Л., Ленинградский институт восточных языков им. А.С. Енукидзе, 1926. – 156с.

Кляшторный С.Г. Мифологические сюжеты в древнетюркских памятниках //  Тюркологический сборник. – М.: «Наука», 1981. – С. 54-116.

Мифологический словарь.  – М.: «Наука», 1990. – 616 с.

Поздняков Д.В. Формирование древнетюркского наследия Горного Алтая по данным антропологии // Археология, этнография и антропология Евразии. – 2001. – № 3. – С.121 – 151.

Савинов Д.Г. Народы Южной Сибири в древнетюркскую эпоху. – Новосибирск: Наука, 2002. – 262 с.

Стеблева И.В. К реконструкции древнетюркской религиозно - мифологической системы // Тюркологический сборник.  – М.: «Наука»,1972.

Сулейменов О. Аз и Я.  – Алматы: «Жазушы», 1992. – 302 с.

Толеубаев А.Т. Культ природы у казахов //  ВестникКазГУ.  – Серия историческая. – 1996. – №1. – 11- 24 б.

Уәлиханов Ш. Таңдамалы.  – Алматы: «Қайнар», 1985. – 416 б.

Parker E. Thousand Years of Tartas. – London: W.H. Allen,1885. – 242 p.

References

Ageleuov G.Е. Jol – Tengri bog puti v mirotvorchestve drevnih tyurkov // Voennoe iskusstvo kochevnikov Central'noj  Azii i Kazahstana.  – Almaty: «Ghylym», 1998. – S. 63-111.

Adzhi M. Polyn' polovecskogo polya.  – M.: «LitMir», 1994. – 265 s.

Adzhi M. Tajna Svyatogo Georgiya.  – Almaty: «Zhazushy», 1997. – 268 s.

Akhataev S. Kүn men kөleңke. Ғylymi – tanymdyқ  aңsar.  – Almaty: «ZHalyn», 1990. – 96 b.

Artamanov M.I. Istoriya hazar. – L.: Izd-vo Gos. Ermitazh, 1962. – 376 s.

Ayupov N.G. Tengrianstvo.  – Almaty: KazNPU im.Abaya,1998. -221 s.

Banzarov D. Sobranie sochinenij. – Ulan-Ude: BNC SO RAN, 1997. – 240 s.

Bichurin N.YA. Sobranie svedenii o narodah obitavshih v Srednej Azii v drevnie vremena. – M.: AN SSSR, 1950. – 382 s.

Valihanov Ch.Ch. Sobranie sochineij. – T.2. – Alma-Ata: «Қazaқ sovet enciklopediyasy», 1985. – 289 s.

Gumilev L.N. Drevnie tyurki. – M.-L.: Nauka, 1967. – 424 s.

Drevnetyurkskij slovar'.  – L.: «Nauka», 1969. – 612 s.

Еzhelgі dәuіr әdebietі.  – Almaty: Zhalyn, 1991. – 316 b.

Ziya Gөkalp. Tүrіkshіldіk negіzderі // ZHas Tүrkіstan.  – 1998.  – № 2. – 21-39 b.

 Zuev YU.A., Ageleuov G.Е. Bud – Tengri – bozhestvo drevnetyurkskogo panteona // Voennoe iskusstvo kochevnikov Central'noj  Azii i Kazahstana.  – Almaty: «Ghylym», 1998. – S. 135-176.

Inostrancev K.A. Hunnu i Gunny (razbor teorij o proiskhozhdenii naroda Hunnu v kitajskih letopisej, o proiskhozhdenii evropejskih Gunnov i o vzaimnyh otnosheniyah etih dvuh narodov). – L., Leningradskij institut vostochnyh yazykov im. A.S. Еnukidze, 1926. – 156 s.

Klyashtornyj S.G. Mifologicheskie syuzhety v drevnetyurkskih pamyatnikah //  Tyurkologicheskij sbornik. – M. «Nauka», 1981. – S. 54-116.

Mifologicheskij slovar'.  – M.: «Nauka», 1990. – 616 s.

 Pozdnyakov D.V. Formirovanie drevnetyurkskogo naslediya Gornogo Altaya po dannym antropologii // Arheologiya, etnografiya i antropologiya Еvrazii. – 2001. – № 3. – S.121 – 151.

Savinov D.G. Narody YUzhnoj Sibiri v drevnetyurkskuyu epohu. – Novosibirsk: «Nauka», 2002. – 262 s.

Stebleva I.V. K rekonstrukcii drevnetyurkskoj religiozno - mifologicheskoj sistemy // Tyurkologicheskij sbornik.  – M., 1972.

Sulejmenov O. Az i YA.  – Almaty: «Zhazushy», 1992. – 302 s.

Toleubaev A.T. Kul't prirody u kazahov //  Vestnik KazGU.  – Seriya istoricheskaya. – 1996. – №1. – 11- 24 b.

Ualihanov SH. Tandamaly.  – Almaty: «Қajnar», 1985. – 416 b.

 Parker E. Thousand Years of Tartas. – London: W.H. Allen, 1885. – 242 p.

Н.К.  КАТТАБЕКОВА1

1Старший преподователь Международного казахско-турецкого университета  им. К.А. Яссауи,

г. Туркестан, Казахстан

ТЕНГИРИАНСТВО У ДРЕВНИХ ТЮРКОВ

Резюме

До приниятия мировых религий – Ислама, христианства и буддизма, тюрки имели древнюю религию – тенгирианство. Тенгрианство– религия, основанная на вере в Создателя, предположительно возникла в конце II– начале I тыс. до н.э., но не позднее V-III вв. до н.э. Его сближают с хуннуским «ченли» («небо»), существуют и более широкие параллели с китайским Тянь, шумерским Дингир, «небо». Полного согласия среди ученых в понимании сущности тенгрианства пока не сложилось. Часть исследователей пришли к выводу, что это вероучение приняло форму законченной концепции с онтологией (учение о едином божестве), космологией (концепция трех миров с возможностями взаимного общения), мифологией и демонологией (различение духов-предков от духов природы) к XII-XIII вв.. В то же время в одном из древних рукописных источников сообщается, что к 165 г. до н.э. тюрки уже обладали полностью сложившейся религией с развитым каноном, во многом близким буддийскому, завещанному индийским царем Канишкой, от которого берет начало ветвь буддизма, получившая самостоятельное развитие и оформившаяся как тенгрианство. Часть исследователей настаивает на том, что системного письменного изложения теологической доктрины тенгрианство не оформило и имело небольшой по количеству священный реквизит, благодаря простоте и ясности которого просуществовало несколько тысяч лет в устойчивых формах религиозного ритуала и практики. В то же время другая часть исследователей заявляют о наличии главной священной книги тенгрианцев – «Псалтырь» (тюрк. – «венец алтаря»), содержащей тенгрианский канон – обычаи, обряды и правила, по которым надлежало обращаться к Богу.

Ключевые слова:религия, тенгрианство, культ, божество, Умай. 

N.K. KATTABEKOVA1

1K. A. Yassawi Kazakh-Turkish International University, Senior Lecturer Turkestan, Kazakhstan 

Summary

TENGRI OF THE ANCIENT TURKS

Before accepting the world religions – Islam, Christianity and Buddhism, the Turks had an ancient religion – tengri. Tengrianism – the religion based on the belief in a Creator, presumably arose at the end of II – beginning I thousand BC, but not later than in V-III centuries BC, It together with hunnycam «chenli» («sky»), there are wider Parallels with the Chinese Tien, Sumerian Dingir, «heaven». Full agreement among scientists in understanding the essence of Tengrianism has not yet developed. Some researchers came to the conclusion that this doctrine took the form of a complete concept with ontology (the doctrine of a single deity), cosmology (the concept of three worlds with the possibility of mutual communication), mythology and demonology (the distinction of ancestral spirits from the spirits of nature) to the XII-XIII centuries. At the same time, in one of the ancient handwritten sources it is reported that by 165 BC. the Turks already had a fully developed religion with a developed Canon, largely close to the Buddhist, bequeathed by the Indian king Kanishka, from which the branch of Buddhism originates, which received independent development and took shape as Tengrianism. Some researchers insist that the systematic written presentation of the theological doctrine of tengriism has not issued and had a small number of sacred props, due to the simplicity and clarity of which lasted several thousand years in stable forms of religious ritual and practice. At the same time another part of researchers claim the sacred book tengrian – «hymnal» (Turk. – «the crown of the altar»), containing the tengrian Canon – customs, rituals and rules by which it was necessary to appeal to God.

Key words:religion, Tengrianism,cult,deity, Umai.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз