Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 930.1 (4) МЕМЛЕКЕТТІК ДУМАҒА САЙЛАНҒАН ҚАЗАҚ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІНДЕГІ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕР (1906-1907)

Р.Ж. Жанұзақ, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 2-курс магистранты

ӘОЖ 930.1 (4) МЕМЛЕКЕТТІК ДУМАҒА САЙЛАНҒАН ҚАЗАҚ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІНДЕГІ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕР (1906-1907)

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(18) 2019

Тегтер: Мемлекеттік Дума, Мұсылман фракциясы, түркі-мұсылман халықтары., депутаттары, қазақ
Аңдатпа:
Мақала Ресей империясының Мемлекеттік Думасына сайланған қазақ депутаттарының қызметіне арналған. Бірінші және Екінші Мемлекеттік Думаға мүше болған қазақ депутаттарының қызметіндегі негізгі мәселелер қарастырылады. Сонымен қатар, Думадағы қазақ өкілдерінің түркі-мұсылман халықтарынан сайланған басқа да депутаттармен қарым-қатынасы, Мұсылман фракциясымен байланысы көрсетіледі. Түйін сөздер: Мемлекеттік Дума, Мұсылман фракциясы, қазақ депутаттары, түркі-мұсылман халықтары.
Мазмұны:

Кіріспе. Ресей империясындағы түркі-мұсылман халықтарының ұлт-азаттық қозғалысы ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде жаңа сипат алады. Бұл кезеңде өзінің шекараларында жүзден астам халықтарды біріктірген Ресей империясында күрделі жағдай қалыптасқан болатын. Империяны терең экономикалық, саяси және ұлтаралық қатынастар дағдарысынан шығару үшін Мемлекеттік дума құрылады.

Императордың 1905 жылғы манифесті негізінде құрылған Мемлекеттік Думаға империядағы мұсылман халықтары да сайлану құқығына ие болды. Осы кезден бастап Шығыс Еуропа мен Орталық Азияны мекен еткен миллиондаған түркі-мұсылман халықтарының азаттық жолындағы ұмтылыстары жаңа серпін алып, мұсылман халықтары Ресейдің саяси өміріне жаңа деңгейде араласа бастайды.

Материалдар мен әдістер. Мақаланы жазу барысында РФ Санкт-Петербург қаласындағы Ресей мемлекеттік тарихи мұрағатындағы құжаттар және Ресей Ұлттық кітапханасының қорындағы сирек басылымдар, тақырыпқа қатысты құжаттар жинағы, монографиялық еңбектер мен мақалалар пайдаланылды. Зерттеу барысында жалпы ғылыми және жеке тарихи әдістер пайдаланылды. Соның ішінде, анализ, синтез, логикалық әдістер, тарихи-жүйелі, салыстырмалы әдістер қолданылды.

Талқылау. Мемлекеттік Думаның тарихы отандық және шетелдік тарихнамада кеңінен қарастырылған. Ресейлік ғалымдар, соның ішінде татар және башқұрт зерттеушілері аталған тақырыпқа қатысты іргелі еңбектер жазып, Мемлекеттік Дума тарихының көптеген мәселелерін зерттеді. Олардың арасынан Л.А. Ямаеваны, Д.М. Усманованы және т.б. атап өтуге болады.

Мемлекеттік Дума және оның Қазақстанмен байланысы мәселелерін зерттеуге қазақстандық ғалымдар өз үлесін қосты. Мәселен, С.Н. Малтусынов «Аграрный вопрос в Казахстане и Государственная Дума России 1906-1917 гг.», Ө. Озғанбай «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан» еңбектерін жазып, Думаның Қазақстанның ХХ ғасыр басындағы қоғамдық-саяси өміріндегі орны мен рөлін көрсете білді.

Нәтижесі. 1906 жылдың 27 сәуірінде ашылған Мемлекеттік думаның бірінші шақырылымына түркі-мұсылман халықтарынан 22 депутат қатысты. Думада партиялық фракциялар, ұлттық-аймақтық топтар және т.б. түрдегі депуттардың бірлестіктері пайда болды. Соның ішінде этнотерриториялық, этноконфессиялық негізде Мұсылман фракциясы құрылады. Қазақ депутаттары екі Думада да негізінен осы Мұсылман фракциясына мүшелікке өтіп, түркі-мұсылман халықтарынан сайланған басқа да көрнекті қайраткерлермен бірге қажырлы қызмет жасайды [1, 157-б.]

Бірінші Мемлекеттік Думаға депутаттарды сайлау жұмыстары 1906 жылдың ақпан-наурыз айларында жүргізілгенімен, қазақ даласындағы сайлау кешіктіріліп өткізілді. Оның үстіне Дала облыстары мен Түркістан өлкесіндегі тұрғындар үшін Жалпы сайлау заңдарынан бөлек Ерекше ережелер шығарылып, аталған аймақтағы халықтың сайлауға түсу мүмкіндіктері шектеле бастады. Соның әсерінен, жергілікті мыңдаған тұрғындары бар әр облыстан тек бір-бір депутаттан сайланады. Қазақ халқының арасында депутаттыққа сайлау жұмыстарыныңөткізілуін Ә. Бөкейханов өз естелігінде сынға алған болатын. Ол барлық қазақ даласындағы сайлаулардың ең соңғы уақытқа қалдырылып, тіпті Жетісу облысындағы сайлаудың Бірінші Мемлекеттік Думаның таратылу күніне дейін жүргізіліп үлгерілмегендігін атап өтеді [2,36-39-бб.].Сонымен қатар,Дала облыстарындағы сайлау мамыр-маусым айларында, яғни, Петербургтағы Дума өз жұмысын бастап кеткен кезде өткізіледі.

Бірінші Мемлекеттік Думаға Торғай облысынан бұрынғы сот қызметкері А. Бірімжанов, Орал облысынан титулярлы кеңесші А. Қалменов, Семей облысынан Ә. Бөкейханов, Ақмола облысынан Ш. Қосшығұлов, Атстрахань губерниясынан Б. Құлманов пен Д. Ноян-Тұндұт сайланады [3].

А. Бірімжанов пен А. Қалменов Думаның жұмысына қатысып үлгереді. Ал Ә. Бөкейханов Петербургқа 8-шілдеде, яғни Думаның таратылуынан бір күн бұрын келген. Ақмола облысынан сайланған депутат Ш. Қосшығұловты облыстық сайлау комиссиясы орыс тілін жетік білмейді деген желеумен ұстап, ол да Думаның жұмыстарына қатысуға үлгермей қалады. Ал Түркістан өлкесіндегі сайлау 1906 жылдың тамыз-қыркүйек айларына қалдырылған болатын. Бұл мәселелер жөнінде Мұсылман фракциясының мүшесі, Уфа губерниясынан сайланған депутат Ш. Сыртланов аграрлық комиссияның сандық құрамын талқылау кезінде сөйлеген өз сөзінде Дума жұмыстарына үлгермей қалған, немесе кешігіп жеткен депутаттардың кінәлі еместігін, өйткені көп жерлердегі сайлау уақыттарының кейінгі уақытқа қойылғандығын атап өткен болатын. Ш. Сыртлановтың айтуынша, Мемлекеттік думадағы аграрлы комиссияға 99 адамды сайлау көзделген, ал барлық Кавказ, Сібір, Түркістан өлкесі және жалпы Орта Азия өкілдеріне тек қана 8 орын қалдырылған.

Қазақ депутаттары А. Бірімжанов пен А. Қалменов Петербургке 10-17 маусым аралығында келіп, Думаның жұмысына араласа бастайды. Бұл кезде Думадағы негізгі мәселелер бойынша комиссиялар құрылып қойғандықтан, аталған екі депутатат олардың қатарына енбей қалды. Сондықтан қазақ депутаттары бастапқы кезеңде өздері қатынаса алмаған Дума отырыстарының есебімен және құрылған комиссиялардың жұмыс барысымен танысады [4,124-125-бб.].

Көп уақыт өтпей А. Бірімжанов Думаның 36-отырысында сөз сөйлеп, аграрлық комиссияның құрамына қатысты өз ойын білдірді. Ол комиссияның құрамына бекітілген 99 адамның орнына 103 немесе 104 адамды сайлауды ұсынады. Сонымен қатар, бос қалған бес орынның үшеуін немесе кем дегенде екі орынды қазақ облыстарына (Жетісу, Семей, Торғай, Орал және Бөкей ордасы) беруді сұрайды [5,1863-б.].

Қазақ депутаттарын Дала облыстарындағы қоныстанушыларды орналастыру комиссияларының заңсыз әрекеттері алаңдатты. Бұл кезде Дала облыстарындағы қазақтар өз жерлерінен заңсыз түрде қуылып, олардың орнына қоныстану учаскелері қалыптаса бастаған болатын. Қазақ депутаттары бұл мәселені көтеріп, Министрлер кеңесінің төрағасына сұрау салып, оған 53 депутат қол қояды. Мұсылман депутаттары А. Бірімжанов, А. Қалменов, С. Жантөрин, А.-М. Топчибашев, Ш. Сыртланов және т.б. біріге отырып, қазақтар бұрыннан мекен етіп отырған жерлерге орыс шаруаларын қоныстандыруды тоқтатуды талап етеді. Осылайша депутаттар Егіншілік және мемлекеттік мүлік министрлігінің заңсыз әрекеттерін қатаң сынға алады.

Депутат А. Қалменов те Думаның жұмыстарына белсене араласып, өзі мүше болған фракцияның басқа да депутаттарымен бірге №№18, 19 және 262 сұрау өтініштерді жасауға қатысады [6, 60-б.]

Бірінші Мемлекеттік Думаның депутаттары негізінен саяси реформалардың тереңделе жүргізілуін қалап, Ресейді құқықтық мемлекеттке айналдырғысы келді. Мұсылман фракциясының мүшелері Думаның басқа да депутаттары секілді аталған бағытта қызу жұмыстар жүргізді. Мұндай талаптардың орындалуына жол бергісі келмеген император Николай ІІ 1906 жылдың 6 шілдесінде Думаны тарату жөнінде манифест жариялайды. Думаға мемлекеттіліктің негіздерін әлсіретуге ұмтылып, революциялық толқуларды жандандырды деген айып тағылды.

Бірінші Мемлекеттік думаның ғұмыры 72 күнге созылып, ол көптеген шиеленіске түскен мәселелерді шеше алмады. Дегенмен, Мемлекеттік думада Мұсылман фракциясының құрылуы және оның жұмысы Ресейдегі түркі-мұсылман халықтары үшін маңызды оқиға болып, мұсылман қауымының белсенді өкілдері империяның саяси өміріне жаңа деңгейде араласа білді. Қазақ депутаттары санының аздығына қарамастан Думада қазақ мәселелерін көтеріп, көпщіліктің назарын Дала облыстары мен Түркістан өлкесіндегі жергілікті халықты қыспаққа алған патша әкімшілігінің отарлық саясатына аудартуға тырысты. Қазақ депутаттары мүщелікке өткен Мұсылман фракциясы Мемлекеттік дума арқылы Ресей мұсылмандарын алаңдатқан мәселелерді толықтай шеше алмаса да, фракция мүшелері өз халықтарының діни-мәдени болмысын сақтап қалу, мұсылмандардың ресейлік азаматтар ретіндегі теңдікке заң жүзінде және іс жүзінде де қол жеткізу міндеттерін айқындап алды.

1907 жылдың қаңтар-ақпан айларында Екінші Мемлекекттік Думаға сайлау жүргізіліп, кезекті Дума өз жұмысын сол жылдың 20 ақпанында бастайды. Жаңа Думаға Ақмола облысынан Ш. Қосшығұлов қайта сайланды. Ол бұл жолы Думаның жұмысына толыққанды қатыса алды. Ш. Қосшығұловқа 1907 жылдың 28 ақпанындағы депутаттық тұлғасын куәландыратын құжат негізінде Мемлекеттік думаның мүшелік билеті беріледі [7, 1-2-бб.]. Ш. Қосшығұловпен қатар Бірінші думаның жұмыстарына қатыса аламаған Ә. Бөкейханов та бастапқыда қайта сайлауға түсу ниетін танытады. Бірақ Ә. Бөкейхановқа қарсы өкімет тарапынан «Выборг үндеуіне» қол қойғандығы үшін бірнеше іс-шаралар қолданылып, ол сайлау жұмыстарына толық қатыса алмады.

Екінші Думаға өткен Б. Құлманов та Бірінші Думаға Астрахань губерниясынан сайланып, бірақ Думаның таратылуына дейін Петербургқа келіп үлгермеген. Бұл жолы да депутат Б. Құлмановтың сайлануының дұрыстығын мойындау мәселесі Екінші Мемлекеттік думаның таратылуына байланысты Дума отырысында қарастырылмай қалды [8, 3-б.].

Жетісу облысынан теміржол қатынастарының инженері М. Тынышбайұлы сайланады. Бұл кезде ол Петербургтағы темір жол институтын тәмәмдаған, жоғары білімді, 27 жастағы азамат еді [9, 2-б.]. Орал облысынан заңгер, Петербург университетіндегі заң факультетінің 1890 жылғы түлегі, 46 жастағы Б. Қаратаев сайланды. Ол Екінші Думаға депутат болып сайланғанға дейін Орал және Торғай облыстарында сот тергеушісі және т.б. қызметтер атқарған.Семей облысынан Т. Нұрекен, ал Сырдария облысынан 51 жастағы Т. Аллабергенұлы сайланады. А. Бірімжанов Торғай облысынан қайтадан депутаттыққа өтеді.

Екінші думада қазақ депутаттарының көпшілік бөлігі мұсылман депутаттарының қатарына, ал М. Тынышбайұлы кадет фракциясына қосылды. Ал Мұсылман фракциясы «Иттифақ әл-Муслимин» партиясы бағдарламасының негізінде жасалған өзінің бағлармасын қабылдады.

Екінші Дума депутаттары талқылаған басты мәселелердің бірі – жер мәселесі болды. Бұл мәселе жөнінде Мұсылман фракциясының атынан Ф. Хойский сөйледі. Ол өз мәлімдемесінде мұсылман депутаттары жер мәселесіне қатысты кадеттердің ұстанымына қосылатының білдіреді. Қрым татарларының өкілі, депутат Р. Медиев те сөз алып, патша өкіметінің шет аймақтарда жүргізіп жатқан отарлау саясатын сынайды.

Қазақ депутаты Б. Қаратаев бұл кезде Дума жұмыстарына белсене араласып, бірнеше комиссиялардың, соның ішінде, корреспонденция, сұраулар бойынша комиссиялардың және аграрлық комиссияның құрамына сайланады [10, 1594-б.]. Ол Дала облыстарында жүргізіліп жатқан қоныстандыру саясатының шын мәнін әшкерелеп, бұл саясаттын ойластырылып жасалмағандығын алға тартқан болатын.

Б. Қаратаев Сібірде және Орта Азиялық облыстардағы қоныстандыру саясаты мәселесін бастапқыда Думаның 1907 жылғы 17-сәуірінде өткен 29-отырысында көтереді. Ол аталған өңірлердегі қоныстандырудың заңсыз жүргізіліп жатқандығын атап өтті [10, 2275-2276-бб.]. Ал сол жылдың 16-мамырда өткен 39-отырыста Дума мінберінен қазақ халқының атынан сөз сөйлеп, қоныстандыру саясатын сынға алды. Ол өз сөзінде: «Қазақ халқының атынан бұл мінберден ешкім сөйлеген жоқ. Біздің елімізде әбден шиеленіске түскен аграрлық мәселені шешу үшін крестьян-шаруаларды Дала облыстарына, соның ішінде Орал, Торғай, Ақмола, Семей және Жетісу облыстарының территориясына қоныстандырмақшы. Бірақ та ешкімді азиялық облыстарда шаруаларды қоныстандыру үшін бос жерлер бар ма, Дала облыстарының барлық бөліктері табиғи-тарихи, шаруашылық-статистикалық, топырақтық және климаттық тұрғыдан толық зерттелді ме деген мәселелер алаңдатпайды. Жергілікті халықтың мүддесі ескерілмей жасалған қоныстандыруды әділетті деп санауға болмайды. ...Біз, қазақ халқы, Ресейде туындаған аграрлық жер мәселесінің жақын арада шешілу керектігін жақсы түсінеміз. Біз шаруаларға, бауырларымызға жердің жетпей жатқандығын терең түсініп, сезінеміз. Егер де бізде бос жерлер табылатын болса, оны қуана бөлісуге дайынбыз. Бірақ та Дала облыстарының территориясы әлі де толық зерттелмеген. Бүгін депутат Тетеревенков жолдас Азияда үлкен жер алқаптары бар, сонда шаруаларды қоныстандыру қажет деп айтты. Бірақ, белгілі зерттеуші Щербина Дала облыстарының тек құнарлы солтүстік уездерін зерттеді, ал оңтүстік уездердегі жер жағдайы оған беймәлім. Негізінде, Дала облыстарының оңтүстік уездеріндегі жер құнарсыз, құмдақ. Мұндай жерлерге шаруаларды қоныстандыру мүмкін емес»,– деп өз ойын ашық айтқан болатын [11, 673-676-бб.].

Осы уақытта, Ақмола және Семей облыстарында жер мәселесіне байланысты қазақтар арасында толқулар болған еді. Нәтижесінде, өлкелік генерал-губернатор толқуға қатысқандарды жер аудартып жібереді. Мұндай әрекеттен кейін осы өңірдің қазақтары өздерінің өкілі, депутат Ш. Қосшығұловқа жеделхат жолдап, өздерінің құқықтарын қорғауды және бұл мәселені Мұсылман фракциясына жеткізуді өтінген. Кейін бұл мәселе фракция жиналысында қаралып, тиісті шешімдер қабылданады.

Думаның күнделікті күн тәртібіндегі жұмыстарға Семей облысынан сайланған қазақ депутаты Т. Нұрекенов те қатысып отырды. Ол Семей уезі Сейтен болыстығынан сайланып, Мұсылман фракциясына мүшелікке өткен [12,5-б.]. Т. Нұрекенов жұмыссыздық мәселесі қозғалған кезде, жұмыссыздарға көмек көрсетуді, қазақтарды жерсіз қалдырмауды өтінді. Т. Нұрекеновтың пікірінше, жер жоқ жерде – жұмыссыздық басым. Ал жерінен айырылған қазақтар жұмыссыздыққа ұшырайды [10, 594-б.].

А. Бірімжанов 1907 жылдың 19-наурызында әскери-далалық соттарды жоюдың заң жобасын әзірлеу үшін құрылған комиссияның құрамына кіреді. Бұл комиссияға А. Бірімжановтан бөлек 15 адам сайланған.Кейін А. Бірімжанов бұдан бөлек жергілікті сот комиссияның құрамына да енеді. [10, 695- б.].

Патша өкіметінің отаршылдық және аграрлық саясатын көп сынаған Екінші Мемлекеттік дума 1907 жылдың 3-маусымында таратылды. Аграрлық реформаны жүзеге асыру барысында өкімет пен Дума бір шешімге келе алмады. Қорыта айтқанда, бірінші Думадағыдай, екінші шақырылмның депутаттары негізгі мәселелерді толықтай шеше алмады.

Екінші Мемлекеттік дума таратылғаннан кейін Дала облыстары мен Түркістан өлкесінің тұрғындары сайлану құқығынан айырылды. Сондықтан қазақ депутаттары кейінгі екі думаның жұмысына қатыса алмады. Дегенмен олар Мұсылман фракциясы мүшелерімен байланыстарын үзбеді.Үшінші думаның жұмысы 1907 жылдың 1 қарашасында басталып, 1912 жылдың 9-маусымына дейін жалғасын тапты. Мұсылман фракциясында тек қана 8 депутат жұмыс жасады. Олар өздерінің санының аздығына қарамастан парламенттік фракцияны сақтап қалды. Сайлаушыларының құқықтарын қорғап, мұсылман қоғамындағы прогрессивті күштердің координациялық орталығына айналды. Мұсылман депутаттары өте қажырлы еңбек етті. Бірақ бұл уақытта Думаның өзі айтарлықтай саяси күшінен айырылған болатын.

Төртінші Мемлекеттік дума өз жұмысын 1912 жылдың 15 қарашасында бастады.Құрылтай жиналысқа сайлаудың басталысымен соңғы Думаның қызметін Уақытша үкіметресми түрде 1917 жылдың 6 қазандағы жарлығымен тоқтатады [13, 44-45-бб.].

Қорытынды. Тарихи уақыт өлшемі бойынша Ресей империясындағы Мемлекеттік Думаның аз уақыт өмір сүргеніне қарамастан, бұл ұйым империядағы саяси мәдениеттің дамуына зор әсер етті. Түркі-мұсылман халықтары империяның құрамындағы басқа халықтармен қатар Думаға сайлау жұмыстарына белсене араласып, ұйымшылдық таныта білді. Қазақ даласындағы сайлаулар әр-түрлі себептерге байланысты өткізілмей немесе кешіктіріліп өткізілгеннің өзінде де қазақ халқының өкілдері Думаның жұмыстарына қатысуға ынталылық танытып, өз халқының мүдделерін қорғауды мақсат тұтты. Думадағы басқа депутаттар секілді қазақ депутаттарына да Думадағы қызмет олардың саяси іс-тәжірибесін жетілдіруге көмектесті. Кейінгі уақытта бұл депутаттардың көпшілігі өздерінің өңірлері мен аймақтарындағы саяси өмірге белсене араласады. Жоғарыда келтірілген әр-түрлі деңгейдегі қиындықтарға қарамастан қазақ депутаттары негізінен ұйымшылдық танытып, түркі-мұсылман халықтарының өкілдерінен құралған Мұсылман фракциясына қосылды. Қазақ депутаттары негізінен ұлттық теңдік, азаматтық бостандық және аграрлық-жер мәселесін басты назарға алды.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Ямаева Л.А. Мусульманский либерализм начала ХХ в. как общественно политическое движение (по материалам Уфимской и Оренбургской губерний). - Уфа: Гилем, 2002. - 300 с.

2. Мусульманские депутаты Государственной думы России. 1906-1917 гг. Сборник документов и материалов. / Л.А. Ямаева. – Уфа: Китап, 1998. – 384 стр.: ил.

3. Боиович М.М. Члены Государственной Думы (Портреты и биографии). Первый созыв. 1906-1911. – Москва: Издание Т-ва И.Д. Сытина, 1906.

4. Озғанбай Ө. Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан (1905-1917). – Алматы, 2006. - 360 б.

5. Государственная Дума. Стенографические отчеты. 1906 год. Сессия первая. - С.-Петербург: Государственная типография, 1906.

6. Государственная Дума. Указатель к Стенографическим отчетам. 1906 год. Сессия первая. – С.-Петербург: Государственная типография, 1907. - 316 с.

7. РМТМ (РГИА). 1278-қ., 1-т. (ІІ), 213-іс.

8. РМТМ (РГИА). 1278-қ., 1-т. (ІІ), 225-іс.

9. РМТМ (РГИА). 1278-қ., 1-т. (ІІ), 446-іс.

10. Государственная Дума. Второй созыв. Стенографические отчеты. 1907 год. Сессия вторая. Т.1. - С.-Петербург: Государственная типография, 1907.

11. Государственная Дума. Второй созыв. Стенографические отчеты. 1907 год. Сессия вторая. Т. 2. – С.-Петербург: Государственная типография, 1907.

12. РМТМ (РГИА). 1278-қ. 1-т. (ІІ), 303-іс.

13. Усманова Д. Мусульманская фракция и проблемы «свободы совести» в Государственной Думе России (1906-1917). – Казань: Издательство «Мастер Лайн», 1999. - 164 с.

References:

1. Yamaeva L.A. Musul'manskij liberalizm nachala ХХ v. kak obshchestvenno politicheskoe dvizhenie (po materialam Ufimskoj i Orenburgskoj gubernij). - Ufa: Gilem, 2002. - 300 s.

2. Musul'manskie deputaty Gosudarstvennoj dumy Rossii. 1906-1917 gg. Sbornik dokumentov i materialov. / L.A. Yamaeva. – Ufa: Kitap, 1998 – 384 str.: il.

3. Boiovich M.M. Chleny Gosudarstvennoj Dumy (Portrety i biografii). Pervyj sozyv. 1906-1911. – M.: Izdanie T-va I.D. Sytina, 1906

4. Ozganbaj O. Resej Memlekettіk Dumasy zhane Kazakstan (1905-1917). – Almaty, 2006. - 360 b.

5. Gosudarstvennaya Duma. Stenograficheskie otchety. 1906 god. Sessiya pervaya. - SPb.: Gosudarstvennaya tipografiya, 1906.

6. Gosudarstvennaya Duma. Ukazatel' k Stenograficheskim otchetam. 1906 god. Sessiya pervaya. – SPb: Gosudarstvennaya tipografiya, 1907. - 316 s.

7. RMTM (RGIA). 1278-q., 1-t. (ІІ), 213-іs.

8. RMTM (RGIA). 1278-q., 1-t. (ІІ), 225-іs.

9. RMTM (RGIA). 1278-q., 1-t. (ІІ), 446-іs.

10. Gosudarstvennaya Duma. Vtoroj sozyv. Stenograficheskie otchety. 1907 god. Sessiya vtoraya. T. 1. - SPb.: Gosudarstvennaya tipografiya, 1907.

11. Gosudarstvennaya Duma. Vtoroj sozyv. Stenograficheskie otchety. 1907 god. Sessiya vtoraya. Tom 2. – SPb.: Gosudarstvennaya tipografiya, 1907.

12. RMTM (RGIA). 1278-q., 1-t. (ІІ), 303-іs.

13. Usmanova D. Musul'manskaya frakciya i problemy «svobody sovesti» v Gosudarstvennoj Dume Rossii (1906-1917). – Kazan': Izdatel'stvo «Master Lajn», 1999. - 164 s.

Р.Ж. Жанұзақ 1,  магистрант 2-курса,

1Институт истории и этнологии имени Ч.Ч. Валиханова

г. Алматы, Казахстан

ОСНОВНЫЕ ВОПРОСЫ В РАБОТЕ ДЕПУТАТОВ-КАЗАХОВ ГОСУДАРСТВЕННОЙ ДУМЫ (1906-1907)

Резюме

Статья посвящена деятельности депутатов-казахов Государственной думы Российской империи. Рассмотрена основная деятельность депутатов-казахов Первой и Второй Государственнной думы. Кроме этого, отражены взаимоотношения казахских депутатов с другими представителями тюрко-мусульманских народов в думе.

Ключевые слова: Государственная дума, Мусульманская фракция, тюрко-мусульманские народы.

R.Zh. Zhanuzak,  Master Student Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology,

Almaty, Kazakhstan

MAJOR ISSUES IN THE WORK OF KAZAKH DEPUTIES

OF THE STATE DUMA (1906-1907)

Summary

The article is dedicated to the activities of Kazakh deputies of the State Duma of the Russian Empire. The main activities of the Kazakh deputies of the First and Second State Dumas are considered. In addition, the relations of Kazakh deputies with other representatives of the Turkic-Muslim peoples in the Duma are shown.

Keywords: State Duma, Muslim faction, Turkic-Muslim peoples.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз