Басты бет » Материалдар » ХІХ ҒАСЫРДЫҢ АЯҒЫНДАҒЫ ОМБЫ УЕЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КӘСІПШІЛІГІ

Н.Ө. Қоңырбаев, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс докторанты Нұр-Сұлтан, Қазақстан Ақмешіт көшесі 1

ХІХ ҒАСЫРДЫҢ АЯҒЫНДАҒЫ ОМБЫ УЕЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КӘСІПШІЛІГІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(18) 2019

Тегтер: шаруашылығы, балық, тары, бидай, соқа, егіншілік, сөздер:, Түйін, орман, шаруашылығы, қолөнершілер.
Аңдатпа:
Бұл мақалада Щербина экспедициясының мүшесі болған Әлихан Бөкейханның Омбы уезі қазақтарының кәсіпшілік түрлері баяндалады. Мұнда жер-су атаулары, егін салу мен оны өңдеу, балық шаруашылығы, орман шаруашылығы, тұз өңдеу, сауда-саттық түрлері сипатталады. Түйін сөздер: егіншілік, соқа, бидай, тары, балық шаруашылығы, орман шаруашылығы, қолөнершілер.
Мазмұны:

Кіріспе. Мақалада ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханның 1896-1903 жылдардағы Щербина экспедициясы  кезіндегі Омбы уезі қазақтарының егіншілік, қолөнер, сауда-саттық, жер өңдеу, балық шаруашылығы түрлері еңбегі бүгінгі күнмен салысытрылып қаралады. Бұл ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басы халықтың бірте-бірте отырықшылыққа бейімделіп, түрлі кәсіп түрлерін игере бастаған кезі болатын. Жалпы егіншілік қай халық тұрмысында болсада орны ерекше. Жалпы жерді бір жерде отырып пайдалану, бірнеше кәсіп түрлерін игеруге мол мүмкіндік туғызады.

Омбы уезді аумағы қанша дегенмен солтүстік болып есептеледі. Сондықтан теріскей бетте көбіне бидай мен сұлы екті. Егістік егетін аумақтарды көбіне шаруалар ірі жер иеленушілерінен сатып алып отырған. Егер еістік егетін аумақ сор немесе құнарсыз болса, онда ол аумаққа бір-екі жыл ешнәрсе екпей жерді демалдырған. Бұл алдағы жылдарда жақсы  өнім алу үшін. Солтүстік жерлерінде өзен-көлдер мен орман тоғайлар өте мол. Бұл осы аумақтарда балық шаруашылығы мен орман шаруашылығының дамуына мол мүмкіндік туғызады.

Талқылау: ХХ ғасырдың басында Әлихан Бөкейханның өзі қатысқанЩербина экспедициясының әртүрлі есеп-түрлерінің жинақтары жарық көрді. Осы жинақтың 11 томы түгелдей далалық өлкеге арналған болатын.  Ол еңбек «Букейханов А. Общий очерк Омского уезда.//Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и обработанные, экспедицией по исследованию степныхъ областей. Омский уезд. Акмолинская область. Т. 11. Омск. Типографія штаба Сибирского военного округа. 1902 г.». Сондай-ақ мұндай зерттеулер әлихантанушы Сұлтан хан Аққұлұлының «Әлихан Бөкейхан туралы он бес томдық қазақша, орысша шығармалары» жинағын баса айтқан абзал. Осындай үлкен бағыттағы зерттеулер бұл тақырыпқа  жаңа қырынан қарауға мүмкіндік береді. 

Нәтиже. Әлихан Бөкейхан қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, шаруашылығын, төрт түлік малын, жер-суын, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жан-жақты зерттеген бірден-бір тұлға. Соның бірі, ХІХ ғасырдың аяғында қазақтың шоғыры өте көп орналасқан Омбы уезі болатын. Қазіргі таңда бұл жер Ресей мемлекетінің жері болып табылады.Өз кезегінде ұлт қайраткері Әлихан Бөкейхан Омбы уезін аралап халық қандай кәсіппен айналысады, шаруашылығы қалай, егіндік-шабындық жерлердің көлемін анықтап, жер-суын, орман-тоғайын, даласын есепке алды. Жалпы ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарына дейін қазақтар өңірдің жалғыз жер өңдеушілері болып келді. Ә. Бөкейхан өз жұмыстарын ең бірінші бұл аймақтың мал шаруашылығынан емес егін шаруашылығынан бастады [1, 12-13-бб.]. Омбы уезі егін шаруашылығы өте нашар дамыған аймақ болып табылған. Уезд (уезд – төменгі қатардағы әкімшілік-аумақтық бірлік) тұрғындарының 3,3 пайызының егістік шаруашылығына тиесілі өз жерлері болды. Ал әрбір егін егушілерге 11 пұтты (1 пұт – салмағы 16 келіге тең ауырлық өлшемі ) бидай себетін алқап тиесілі, яғни 2 десятина (1 десятина – 1 гектар 9 сотық - Н.Қ.) жер берілген. Уездің солтүстік бөлігіне қарағанда, оңтүстік аумағында қазақтар ауыл шаруашылығымен көптеп айналысқан. Оңтүстікте 4,5 % болса, теріскей жағы 1 % - ды ғана құрайды. Шаруалар көбінде бидай мен сұлы, тары, бұршақ аздап зығыр еккен. Бидай бұл – негізгі астық тұқымдасына жататын аса маңызды азық-түліктік дәнді дақыл. Қазіргі таңда Қазақстанда бидайдың  алты түрі: еділ бидайы, польша бидайы, көже бидай, жұмсак бидай, қатты бидай, көбен бидай өседі, жабайы түрлері сирек кездеседі. Егіс көлемі, түсімі, дәнінің сапасы жағынан жаздық бидай көбірек егіледі. Көбінесе Қазақстанның солтүстік, солтүстік-шығыс, орталық обылыстарында өседі. Биіктігі 40-130 см. Бидайды орып алған соң, оның сабағы яғни, сабанын қыстай малға береді немесе тұрғын үй салғанда лай-батпаққа араластырады. Сабан лай-батпақты біріктіріп өте жақсы ұстайды. Омбы уезінде көптеген шаруа қожалықтары егістік жерлерінің 53 % өз күштерімен игерсе, 25 % адамдарды жалдау арқылы қаратып, өнім алады. Жерді бірлесіп өңдеу жылқылары аз адамдар арасында кеңінен таралды.Жерді өңдеу үшін түмен соқалары (Түмен қаласынан әкелген) мен темір тістері бар тырмалар пайдаланған. Соқа қара жерді жырту үшін болса, тырма сол жыртылған жердің кесегін майдалап тегістеу үшін қолданылады. Бұл өңірде егіншілікпен тұрақты айналысу 1895-1897 жылдары ғана жүргізілді [ 2, 320-321-бб.].

Ал, бұл өңірде 1870-1880 жылдардан бері егін шаруашылығымен айналысқандар бар. Покровской болысында Қыпшақбай 20 жылдан (1882-1885) бері егін шаруашылығымен айналысады. Ал, оған дейін Сырым руынан шыққан әкесі де Сілеті көлінің бойында егін шаруашылығымен айналысқан. Жерді 7 рубльге сатып алған түмендік соқалармен жыртқан, жаңа егістікті бөлу кезінде, қалың көде (көде – көпжылдық тікен шөбі, биіктігі 100-250 см - Н.Қ.) өскен жерлерді таңдайды. Себебі көде өскен аумақтар басқа жерлерге қарағанда құнарлы келеді. Жер өңдеудегі құралдар біртекті болған. Оған кетпен, ағаш соқасы, үлкен тырма, қол тырма жәнемала пайдаланылды. Дақылды қолмен егіп, жерді жылқының күшімен жыртты. Күзде жиналған өнімді ұрада (ұра – астық сақтау үшін жерді қазып жасайтын қамба) сақтап, үстін мықтап жапқан.Ұраны әдетте су баспайтын құрғақ жерден аузын дөңгелек пішінде тар етіп, түбі мен бүйірін кең етіп қазады. Астық төгуден бұрын ішін тазалап, әбден кептіреді. Ол үшін ішіне от жағып құрғатады. Ұрада көбінесе бидай сақталған. Ұраға су, қар жаңбыр өтпеу үшін, ұраның бетіне жылқының немесе өгіз терісін қойып, оны топырақпен жақсылап жабады.Ұраның беті неғұрлым жақсы жабылса, соғырлым ішіндегі зат бұзылмай (бүлінбей) ұзақ сақталады. Соңғы кездерде оңтүстік өңірде ұраны картоп, сябіз сияқты көкөністер сақтауға пайдаланады [ 3, 548-б.].Көктемде себілетін егістікке қара күзде жер жыртуға қарағанда, ерте көктемде жырту жақсы нәтиже берген. Ал, қазіргі оңтүстік обылыстарда жерді көбіне көктемде жыртады. Жер жырту кезінде 5 жылқы немесе 6 өгіз соқаға байланған. Олар жерді 4 вершокқа (вершок – орыстың 4,4 см шамасындағы көне ұзындық өлшемі) дейін жыртады. Сонда шамамен 13-13,2 см тереңдігінде ғана жерді жырта алған. Көбінде жер жыртқанда жердің қара топырақты жерлерін таңдаған. Қара топырақты аумақтар басқа жерлерге қарағанда анағұрлым құнарлы келеді. Ескі жерді көбіне көктемде жыртады, себебі сол кезде жер қатпай қара топырақты болып тұрады. Ал, егер шақат жерлерде (шақат – еш нәрсе өспеген, қағы кепкен сортаң жер) үлкен  кесектер кездессе, онда 10-15 рет үстінен жүріп, толық тегістелгенге дейін тырмалаған. Тырма жыр жыртқаннан (жерді айдағаннан) кейін жерді тегістеуге арналған құрал. Тырма жерге қаттырақ батып кесектерді майдалауы және жердің сай жері мен қыр (дөң, биік) жерлерінің тегістелуі үшін жасалады [4, 2-б.].

Қазіргі таңда Сыр бойының орта ағысында ескі жерлерді көктемде жыртып, артынша топырағы кесек-кесек болып қатып қалмас үшін үстінен тырмамен тырмалайды. Жерді тырмалағанда тырманың үстіне ауыр темір немесе бөрене ағаш салады. Жер әбден тырмаланып, малалап болғасын барып, дәнді-дақылды (тұқымды) сепкен. Жаңа жерге бидайды алғашқы бірінші және екінші жылдары сепкен, ал сұлыны үшінші жылы егіп, содан кейін жерді демалдырған. Себебі сұлы еккен жерді келесі жылы арамшөптер басып қалады. Бұл келер маусымда осы жерге егілген дәнді дақылдың өсуіне, көп зиян келтіреді. Сондықтан сұлы егілген жерлерге келесі жылы дәнді-дақылдар себілмеген. Кейде жер жетпеген кезде ғана үйінде жұмыс күші көп адамдар еккен, бірақ өнім алу үшін бұл мол еңбекті қажет етеді [ 5, 2-б.]. Егін егілмей қалған жерлерге бірінші жылдары: қурай, қияқ, шырмауық, мысыққұйрық сияқты арам шөптер қаулап басады. Араға бір-екі жыл салып, қаулап өскен арам шөптердің орнына, төрт түлік малдың жеуіне жақсы шөптер өсе бастайды. Ал, 10-15 жылдан соң ғана бұл аумақтарға көде (көде – көпжылдық тікен шөбі, биіктігі 100-250 см - Н.Қ.) шығады. Осы жерде тұратын шаруа Қыпшақбай 18 жыл бос жатқан жерді пайдаланып, жақсы өнім алған. Қыпшақбай өзі таңдаған осындай жақсы учаскелерден (телімдерден) 2-3 пұт (1 пұт – 16 келі - Н.Қ.) ғана бидай алған. Бұл аумақта 6-7 пұт өнім беретін жерлер кездеспейді  [ 2, 322-323-бб.]. Күзде бидай піскен (оруға келген) кезде ерлермен бірге әйелдер де егістікті қол орақпен орып, тезірек жинап алуға тырысады. Өнімді уақтылы ертерек жинаса, жаңбыр мен қарға қалмайды. Жинап алынған бидайды баулап (баулау – бір шоқ етіп жинау - Н.Қ.) буып тоқыған. Егістік даласынан жиналған бидайды жауын-шашынның астында қалып, еңбек далаға кетпесін деп, 5-6 баудан кішігірім қоймаларға уақытша бірнеше күнге сақтаған. Сосын «қырман» (қырман – астық бастыратын ашық алаң) жасап, бидайды соған жинайды. Қырманға егістік жиналғасын оны күндіз құстардан, түнде ұрылар мен ірі қара малдардан қорғайды. Себебі аң құстың аяғы тиетін болса, өнім сатқанда арзан бағаға бағаланады. Егістігі орылып, бидайы жиналып болған аймақтарға бірінші ірі қара малдарын, одан кейінұсақ малдарды жайған. Бидайдың сабандары өте құнарлы болады. Бидайдан ең жақсы өнім алынғанда 40 пұт шығады, ал орташасы 15-20 пұттай болады. Сұлы мен бұршақтың жарты келі (0,5) пұт тұқымынан – сұлы 10 пұт, бұршақ 8-9 пұт өнім берген. Сұлы – астық тұқымдас дәнді-дақылдарға жататын біржылдық және көпжылдық шөптесін өсімдік. Жалпы әлемде сұлының жетпіс түрі бар. Біздің елімізде екі түрі ғана өседі. Сонымен қатар сұлы тағамдық және мал азықтық мақсатта да қолданылады. Сұлының сабаны мен топанының мал азықтық құндылығы, басқа дәнді дақылдардан әлдеқайда жоғары. Жалпы сұлы адам денсаулығына да, малға да өте пайдалы. Қазіргі таңда Қазақстанның оңтүстік аумағында сұлыны көкпар мен бәйгеге қосатын аттарға көбірек береді. Сабан мен топанмүйізді ірі-қара малдар мен жұмысқа (арбаға) жегілетін жылқыларға беріледі. Қорған болыстығының (Қорған – Ресей Федерациясының Батыс-Сібір жазығының оңтүстік-шығыс жағында орналасқан қала) 2-ші ауылының қазағы Смайыл Лекарь ұзақ жылдар бойы егін шаруашылығымен айналысқан. Смайыл Лекарь 8 жыл бұрын (1894 жылы) қазақтардың көшпенді мал шаруашылығымен айналысуынан өзінің егістік жерлерін тастауға мәжбүр болды. Алайда, 3 жылдан бері (1899 жылы) күн көрісінің қиындағанына байланысты қайтадан жер жыртып, егін егеді. Егер жаздық бидай себетін болса 3-4 елі (3-4) см тереңдігінде ғана егеді. Ал, күздік бидай егетін уақытта 4-5 елі тереңдікте бидай дәнін салады. Бидай себілгенен кейін, келесі жылы ол жерлерге қарабидай немесе сұлы сепкен. Егер бидай егетін жер нашар болса, онда жерді 3-4 жылға демалдырып, қайта егеді. Жерді парға (пар – жерді 6 ай немесе 1-2 жылға демалдыру - Н.Қ.) қалдырып, қарабидай (қарабидай – астық тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдік; Қазақстанда 2 түрі бар: бірі жабайы қарабидай, екіншісі мәдени қарабидай) егеді, төртінші жылы сұлы сеуіп, одан кейін жерді дем алдырады. Күзде қарабидай егетін жерді жыртып, көктемде ұрықты себетін кезде тағы бір рет тырмалап барып, сол жерге егеді. Сұлыны қолмен сеуіп, ер адамдаршалғы орақпен (шалғы – екі қолмен оратын орақ), ал әйелдер кішкене қол орақпен орады. Орылған егінді көбіне жылқымен үстінен бастырады. Шаруалар аздап картоп та егіп көрген, бірақ шопандар (қойшылар) тонап кететініне байланысты соңғы кезде екпейді. Жер өңдеушіліктегі жетістіктері үшін қазақтарға сый-сыяпаттар да берілген. Мысалы, сұлтан Досан Ханбабин 1833 ж. Көкпекті маңында жер өңдегені үшін топазды сақина алған [ 6, 2-б.].

Егін көп бейнетпен шықса да, жақсылап қараса беретін пайдасы мол. Егін көбіне жері құмшауыт, тың жерлерге егіледі. 1909 жылы Қостанай уезінде жүз үйдің 89-ы 670 десятина (1 десятина – 1 гектар 9 сотық - Н.Қ.) жерге егін салған. Соның бір дәлелі қазақтың көрнекті ағартушы-педагогы Ы. Алтынсарин Қыпшақ Сейітқұл еңбегінде былай дейді: «Қабырғаның бойына келген соң, Сейітқұл қолына кетпен алып, отыз үйлі кедейіне де кетпен беріп, жер тегістеп, егін егуге кірісті. Түркістан жағында көрген үлгісімен өзенге арық қазып шығарып, егінге су жіберді. Егіні піскен соң орып, жыйнап алып, артығын төңірегіндегі көшпелі елге сатып, мал етті. Жаңа мекен еткен жеріне орныққан соң, Сейітқұл егінді жылдан-жылға күшейтіп, арық басына шығыр салып, суды шығырмен айдап, астықтың (ол күнде бидай, тары, арпа егеді) артығын төңіректегі елге, малға айырбас етіп, осылай айналысу арқасында бұлардың малдары көбейіп, бай болды. Мұны көріп әрбір көшпелі елдегі жарлы-жақыбайлар да қосылып, бес-алты жылда Сейітқұл елі деген төрт жүз үйге таянды» дейді [ 9, 1-2-б.]. Мұжық (орыс мұжығы) жақсы қара топырақтағы жерін үшке бөліп, бұны «трехполье» деп атаған. Біріне бидай, екіншісіне қарабидай (қарабидай – лат. Secale – астық тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдік) салады, үшінші бөлігін келесі жылға тынықтырып бос (қалдырады) жатқызады.  Жердің егілмей бос жатқан бөлігіне келесі жылы міндетті түрде егін егіледі. Бір-екі жыл тыныққан жерлер, жылда егін егілетіп жүрген аумаққа қарағанда молырақ өнім береді. Қазіргі таңда Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде егін егетін кезде, көбіне бұрын 10-15 жыл соқа түспеген жерлерге егіледі. Қазақстанның солтүстік жағы жаңбырлы болып келгендіктен бұл өңірлерде бидай жаңбыр суымен өседі. Ал, оңтүстіктегі Қазығұрт тауының баурайларында да бидай жаңбыр суларымен өнім береді. Ал, Сырдарияның ортаңғы ағысында бидайды тек суармашылықпен ғана өсіреді. XIX ғасырдың соңында қазақтардың көпшілігі кәсіпшілікпен шұғылдана бастады. Мысалы, кәсіпшілікпен шұғылданғандар: Көкшетау уезінде – 38,0% болса, Атбасар уезінде – 15,2% болған [ 8, 3-б.].

Уездер арасында балық аулау шаруашылығының дамуы жағынан Омбы уезі бірінші орын алады. Балық аулау осы өңір шаруашылығының 63,7 % құраған. Балық аулаумен 1900-1901 жж. мәліметтер бойынша, 5679 ер адам айналысқан. Бұл осы жердегі жалпы ер адамдардың 29 % құраса, 150-дей әйел азаматтар да осы шаруашылықпен күндерін көрген. Мұнда күніне 1 балықшыға шамамен 1,4 келі балық аулау тиесілі, оның 1,02 келісі ер адамдарға, ал 1 келіге жуығы әйелдер үлесінде. Балық аулауға осы жердегі отбасылардың 5/4 жұмылдырылып, яғни жұмысқа жарамды адамдардың 79 % балық аулаумен айналысады. Ересектер мен қатар, жасөспірімдер және егде жастағы кісілер де балық аулаған. Балық ұстайтын балықшылардың 93 % ер адамдар, қалған 7 % әр түрлі жастағы адамдар. Балық шаруашылығында жұмыс істейтін әйелдердің жартысына жуығы осы  7% есебіне кірген. Балық аулайтын жасөспірімдердің 85 % үйінде тек бір ғана жылқы болған. Бұл көрсеткіштер қазақ арасында жылқы малының өркендеуіне белгілі бір мөлшерде кері әсерін тигізген. Осы жердегі халықтың көбісі балаларының жарамдысын балық аулау шаруашылығына жұмсайды. Жалпы осы өңірдегі кәсіпшіліктің 64 % балық шаруашылығына, одан кейін орман саласы мен оны өндіру өнеркәсібіне тиесілі болған. Ағаш пен орман саудасы  кәсіпшіліктің бірінші санатына жатқызылуы дұрыс болар еді, өйткені сол ағаштың иесі өзі қызметкер және сатушы кәсіпкер. Егер осы жердегі шаруашылықтарға жақсы мүмкіндіктер жасалса, онда бірінші орынға қолөнер бұйымдары мен сауда-саттық шығар еді. Кәсіпшілер арасында ауылшаруашылығы санатына жатқызылған салалар арасында, бірінші кезекте кедейлер еңбегі мен қол жұмыс күші тұрған. Мұнда кедей шаруадан шыққан, ауыл шаруашылығының жалдамалы жұмысшысы атанған батырақтар мен қара жұмысшылар казак ауылдарында жалданып жұмыс істейді. Біраз қазақ жұмысшылары теміржол желісінде жолды қардан тазалау жұмыстарын істеу арқылы ақша табады. Орман кәсіпшілігімен айналысатындар бұл учаскелерді сатып алып, қазыналық ормандардың кесу аймағын белгілеген. Қалада орман ағаштарының отынын сатумен 801 жұмысшы айналысқан. Көбіне кәсіпкер мен қызметкер бір адамдай бірігіп жұмыс жасаған. Олар өздері жиі сатып алатын учаскелерді (телімдерді) және орманнан әкелетін отынды дайындау мен пайданы бөлу кезінде бірге жұмыстар жасайды. Ормандар уездің солтүстік жағында көбірек тараған және ол аймақ темір жол магистралына жақын орналасқан. Ормандардың қасында отырған ауылдардың көбісі осы орман шаруашылығымен айналысады. Бұл бірнеше отбасылардың бірігіп жұмыс жасауына ыңғайлы. Мысалы, Омбы болысының 1-ші әкімшілік ауылының төңірегінде қыстап отырған шаруашылық ауылдар ат әбзелдерін, белдікше, әмияндар, қыздың жасауларын, тұрмыс-салт бұйымдарын қолдан тоқып, өріп жасаған [ 2, 323-324-бб.].

Тұз өндірумен 398 шаруашылық айналысады. Тұз Омбы мен Ақмола уезінің бірнеше көлдерінде тұнады. Теке көлінде тұздар жауын-шашынның салдарынан жылдар бойы түзіліп, оны табанына тұнған кезде алған. Өзен- көлдердегі тұзды алу үшін суға түсіп, тұзды бұзып, қолмен немесе қайламен (қайла – жер қазатын құрал, темірден жасалады, басының бір жағы үшкір, екінші жағы жалпақтау, ортасында сапқа арналған тесігі бар) сындырып, күрекпен жинап алады. Судан шыққан тұзды майда тастардан тазарту үшін жағаға шығарып, кепкесін арбаға салып қалаға апарған. Өзеннің 3/1-1 аршын (1 аршын – 0,711 метр немесе 71см) тереңдігіндегі жағасынан жұмысшы күніне 100 пұт тұз жинап, осы жерден күніне 2 мен 4 рубль арасындағы бағаға сатқан. Қалада тұзға бір пұтына 8-ден 20 копейка аралығында төлеген. Бір арбаға 20-25 пұт тұз артады. Тұзды жинап алу жұмыстары күздің қара суықы түскенше жалғасады. Жұмысшылар 2 күндік жұмыстан кейін 3-4 күн дем алған, себебі адамғада да, жылқыға да жұмыс ауыр тиген. Соңғы 10 жыл көлемінде (1890 жылдан бері) Теке көлінде тұз тұнбады. Теке көлінің аумағында тұз болмағасынөндірушілер Ақмола уезінің Қорғалжын болыстығы жеріне барады. Жалпы, Қорғалжын топонимі туралы этнограф Ж. Артықбаев: «Қалмақтар қорғасынды қорғалжын деп атайды екен. Қазақ тiлiндегi қорғасын мен қорғалжынның түпкi мағынасы бiр болар. Бұл қорғасындай көкшiл, қалың қамысты, қопалы жер дегендi бiлдiруi де мүмкiн»,- дейді  [ 7, 4-б.]. Тұзды бұзып алғаны үшін ақша төлемеген, тек тұзға жылқылармен келгені үшін 10-15 копейка төлейді. Бұл алып жатқан тұзға емес, осында арқандаулы тұрған уақыттағы жылқының жайылымы үшін. Сол сияқты тұз сақтайтын шанашты (шанаш – тұз сақтайтын тері қапшық) шаруалар өздері немесе шеберлерге қолдан өргізіп жасатқан.Жалпы қамшы, делбе (делбе – арбаға не шанаға жегілген көлікті бұрып отыруға арналған әбзел. Оны қайыстан немесе есілген қылдан жасайды. Ұзындығы шамамен 7-10 метр) және түрлі қажетті заттар салатын қорап тоқумен 51 отбасы айналысқан. Уездің солтүстік орманды жерлерінде ағаш өңдеу кәсіпшілігі де кездеседі. Олар киіз үйдің бөліктері, күрек түрлері, ағаш ыдыс-аяқтар, арба тағы басқа ағаштан жасалған заттарды  даярласа (36 отбасы), 8 отбасы қазақы ер-тоқымдар жасаған. Қазақтардың өмір-салты сауданың көшпенді дамуына әкелді. Яғни, мал сату кәсіпкерлер арасында алдыңғы қатарлы саудаға айналды. Сауда-саттықтан бірінші орында ірі қара, тері өнеркәсібі және ет тұрды. Қазақтар осындай саудамен айналысатындарды «алыпсатарлар» деп атаған. Әдетте, үлкен және кішігірім алыпсатарлар ауылдарды аралап жүріп, қалталарындағы ақша мен арзан бағаға көптеген заттарды сатып алып немесе айырбасқа ірі-қара малдарын және тері-жүн өнімдерін алады. Осыдан кейін қалаға шығарып сататын саудагерлерге жіберіп, өздері қайтадан далаларды (ауылдарды) аралауға шығады. Әсіресе, осы мал шаруашылығында орташа байлар күшейген. Сауда кәсіптерінен бұрын иен далада белгісіз болып келген кәсіп – қымыз саудасын айтуға болады. Бұл кәсіппен жылқылары көп 51 отбасы айналысады. Халықтың қай топтары қандай кәсіппен айналысатынын қарасақ, көбіне үлкен шаруалар батырақтардың жұмыс күшін сатумен айналысады. Яғни, 3144 кәсіптік жұмыс күшінің 2857 батырақтарға тиесілі, бұл демек барлық жұмыстың 92 % шамасында. Саудаға 18 жұмыс күші немесе 0,6 пайыз ғана тиесілі. Алайда, көшпелі сауданың беделі уақыт өте келе төмендей түсті, оның орнына жәрмеңкелік сауда келе бастады [ 8, 2-б.]. Батырақтардың жұмыс күшін пайдалануға көбіне ауыл шаруашылығы мен орман кәсібінен ұсыныстар көбірек. Мысалы,  1000 жұмыс күшінің 356, яғни 35% – осы кәсіптерге тиесілі. Сонымен қатар, қолөнермен айналысатын 248 шаруашылықтың 156 немесе 63 % осы батырақтар еңбегіне тиесілі. Ақылы жұмысқа жалданушылардың көбісі сауда саласында 560 еңбек күшінің 245-і, яғни жартысына жуығы осыған жатады.

Қорытынды. Жалпы Омбы уезді қазіргі таңда көрші Ресей жерінде болса да, ХІХ ғасырдың аяғында қалың қазақтың шоғырланған аумағы болатын. Осы жердегі халықтар ХІХ ғасырдың аяғында көбінде бидай, сұлы, тары және зығыр екті. Бидайды қазақ даласының жауын-шашынды жерлерінің көбінде екен. Бидай ең негізгі астық болып есептеледі. Омбы уездінің аумағында бидайды Сілеті көлінің бойында көбірек егеді. Жерді көбінде өзге жер иеленушілерден сатып алып, игерген. Егін егу үшін жерді өгіз немесе жылқыға ағаш соқа тиеп жыртқан. Солтүстік өңірлерде өзен, көл сулары көп болғандықтан онда міндетті түрде балық болады.  Омбы уезді балық аулау шаруашылығынан өңірде алғашқы орында. Балық ұстауға ересектермен қатар жас балалар және егде қарияларда атсалысады. Яғни, бұл жерде әрбір үшінші адам балық аулаумен айналысады. Уездің солтүстік жағында темір жол магистралы жақын болғандықтан онда орман шруашылығы да жақсы дамыған. Жұмысшылар орман ағашын отап, оны қалаға осы темір жолмен апарып үстеме бағамен сатады. Кейде сатып алушымен де тікелей сауда-саттық келісім жасап, ағаштарды отынғылып немесе тұрғын үй салуға ыңғайлап сатады. Сонымен қатар осы уезде жақсы дамыған шаруашылық түрі ол тұз өңдеу кәсібі. Тұз Ақмола мен Омбы уезінің бірнеше көлдеріне тұнады. Тұздарды көлдің табанына жылдар бойы жауын-шашынның салдарынан тұнған кезде ғана алған. Тұзды алу үшін өзен-көлдердегі суға түсіп, оны ауыр затпен ойып күрекпен жинап алған. Шаруалар тұзды судан сүзіп алғасын, оны сол жерде алып-сатарлар арзанға сатып алып, қалаға немесе ауыл аралатып қымбат бағаға сатады. Тұзды көлден алғанда ешкімге ақша төлемейді. Бай дәулетті адамдар сол кездерде де батырақтар мен кедейлердің жұмыс күштерін ақша төлеп пайдаланған. Кедейлер мен батырақтардың жұмыс күшін көбінде ауыл шаруашылығы мен орман кәсіптерінде жиірек пайдалануға тырысады. Сонымен қатар ерлермен бірге әйелдерде көптеген кәсіп түрлерімен айналысады. Олар көбінде үй тұрмысы жағдайында егін егу кезінде және аздап балық шаруашылығында да кездеседі. Жалпы Омбы уезіндегі егін шаруашылығы оңтүстік өңірлердегідей айтарлықтай керемет жақсы дамымасада. Сол жердегі халықтың азық-түлікке сұранысын толықтай өтеп тұрды десек болады. Бұл егін шаруашылығы тек оңтүстік өңірлерде ғана емес солтүстік аймақтарда да болды дегенге нақты жауап бола алады.  Сонымен қатар темірден, ағаштан түйін түйгендер көптеген үй-тұрмыс заттарын, ат әбзелдерін, қол өнер бұйымдарын жасаған. Шеберлер жасаған заттарын жәрмеңкелерге немесе ауылдастарына сатып, айырбас сауда жасап күн көрген. 

Н.О. Конырбаев,

Евразийский национальный университет им. Л.Н. Гумилева, докторант 2-го курса, г. Нур-Султан, Казахстан, nurjan12.kz@mail.ru

РЕМЕСЛА У КАЗАХОВ ОМСКОГО УЕЗДА КОНЦА XIX ВЕКА

Аннотация

В статье рассматриваются полевые исследования политического деятеля казахского народа, председателя партии Алаш Алихана Бокейхана о промыслах казахов Омского уезда собранные им во время степной экспедиции. Здесь описываются названия местностей, земледелие, рыбное хозяйство, лесное хозяйство, соляной промысел, виды торговли. 

Ключевые словаземледелие, плуг, пшеница, просо, рыбное хозяйство, лесное хозяйство, ремесленники.

N. Konyrbayev 1

1L.N. Gumilyov Eurasian National University, Nur-Sultan, Kazakhstan

РЕМЕСЛА У КАЗАХОВ ОМСКОГО УЕЗДА КОНЦА XIX ВЕКА

SANDCRAFTS OF THE KAZAKHS OF THE OMSK DISTRICT IN THE END OF THE 19th CENTURY

Summary

The article offered the proceedings of the national leader of the Kazakh people, the Chairman of the party Alash Alikhan Bokeikhan about the art sandcrafts of the Kazakhs of Omsk district, collected during the expedition of the steppe. It describes the names of areas, agriculture, fisheries, forestry, saltfishing, types of trade.

Keywords: agriculture, plow, wheat, millet, fisheries, forestry, artisans.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Бөкейхан Ә. Таңдамалы (избранное) / Гл.ред. Р. Нургалиев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1995. – 480 б.

2. Бөкейхан Ә. Шығармалары – Сочинения, – Астана: «Алашорда»  Қоғамдық қоры, 2017. 1 т. – 608 б.

3. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. – Алматы: ТОО «Алем Даму Интеграция», 2017. 5-том: П-Я,  – 816 б. (иллюстрацияланған)

4. Қыр баласы. Алым тарату жолы // Қазақ.  16.05.1913. №14

5. Аққұлы С. Әлихан Бөкейханның 1916 жылғы көтеріліске көзқарасы басқаша болды //  National digital history of Kazakhstan www.e-history.kz электронды сайты. 25 мамыр, 2016 жыл.

6. Жұмабеков Ж.А., Ерикова М.Е. Қазақстанның аграрлық дамуы ресейлік зерттеушілердің еңбектерінде // National digital history of Kazakhstan // www.e-history.kz электронды сайты. 06 Тамыз. 2014 жыл.
7. Артықбаев Ж. Қорғалжындағы ортағасырлық қоныстар // Астана Ақшамы. - 2012. - 5 сәуір. 

8. Сайфулмаликова С.С. Көшпелі қазақ қоғамындағы су көздеріне қатысты мәселенің кейбір теориялық аспектілері (XIX ғ) // National digital history of Kazakhstan // www.e-history.kz электронды сайты.  10 Тамыз, 2013 жыл.

9. Әмірхамзин А. Қыпшақ Сейітқұл туралы не білеміз? //  National digital history of Kazakhstan www.e-history.kz электронды сайты. 05 Қыркүйек, 2017 жыл.

REFERENCES 

1. Bokeihanov A. Tahdamaly (izbrannoe) / Gl. Red. R. Nurgaliev. – Almaty: «Qazaq ensioklapediasy», 1995.  - 480 b.

2. Bokeihan A. Shygarmalary – Sochinenia. - Astana: «Alashorda» Qogamdyq qory, 2017. 1 tom. – 608 b.

3. Qazaqtyh etnografialyh kategorialar, ugymdar men ataularynyh dasturli zhuiesi. Ensiklopedia. – Almaty: TOO «Alem damu Integratsia», 2017. 5-tom: P-YA, - 816 b. (ilistruatsiangan)

4. Qyr balasy Alym taratu zholy // Qazaq.  16.05.1913. №14.

5. Aqquly S. Alihan Bokeihannyn 1916 zhylgy koteriliske koz qarasy bashasha boldy // National digital history of Kazakhstan www.e-history.kz elektrondyh saity. 25 mamyr, 2016 zhyl.

6. Zhumabekov Zh., Erikova M. Qazaqstannyn agrarlyh damuy reseilik zertteushilerdih ehbeginde // National digital history of Kazakhstan www.e-history.kz elektrondy saity. 06 tamyz. 2014 zhyl.

7. Artyhbaev Zh. Qorgalzhyndagy ortagasyrlyh qonystar // Astana Aqshamy. - 2012. - 5 sauir

8. Saifulmalikova S. Koshpeli qazaq qogamyndagy su kozderine qatysty maselenih keibir teorialyh aspektileri (XIX g) // National digital history of Kazakhstan www.e-history.kz elektrondyh saity. 10 tamyz, 2013 zhyl.

9. Amirhamzin A. Qypshaq Seitqul turaly ne bilemiz // National digital history of Kazakhstan www.e-history.kz elektrondyh saity. 5 Qyrkuiek, 2017 zhyl.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 235

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

ХІХ ғасырдың аяғындағы Омбы уезі қазақтарының кәсіпшілігі 26.04.2019 (1).docx 0.04 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ ҰЛЫ ҒАЛЫМ, ГЕОЛОГ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ҰЛЫ ГЕОЛОГ, ҒАЛЫМ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ӘОЖ 39(574)(092) Нығмет Мыңжани - этнограф УДК 930.001.83 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ЛИБЕРАЛИЗМНІҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ӘСЕРІ УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДЕГІ РӨЛІ 395 (574) ҚАЗАҚТАРДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ ТАМАҚТАНУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЭТИКЕТ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ АЯҒЫНДАҒЫ ОМБЫ УЕЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КӘСІПШІЛІГІ ҒТАХР 03.81.37 ТАРИХ-И РАШИДИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ МОҒОЛСТАНҒА ҚАТЫСТЫ ЖЕР-СУ АТТАРЫ ДЖ. У. БУШ ТҰСЫНДАҒЫ АҚШ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ ӘӨЖ 94 (574.51) ҰЗЫНAҒAШ ШAЙҚACЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ МЕН НӘТИЖЕСІ

Автордың мақалалары

ХІХ ҒАСЫРДЫҢ АЯҒЫНДАҒЫ ОМБЫ УЕЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КӘСІПШІЛІГІ