Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 94(574) ІЛИЯС ОМАРОВ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ МҰРА

А.Т. Қаипбаева, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, т.ғ.к. Алматы қ., Қазақс

ӘОЖ 94(574) ІЛИЯС ОМАРОВ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ МҰРА

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(17) 2019

Тегтер: Ілияс, Омаров, қайраткер, мәдени, мұра, идеология, «эвфемистік, өнер, мәдениет, мәдениет».
Аңдатпа:
Мақалада белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың ұлттық мәдени мұрамызды жаңғырту аясында жасаған еңбектері туралы баяндалады. Еліміздегі мәдени үдерістер кеңестік идеологияның қатаң бақылауында болды. Соған қарамастан, ұлжанды азамат Ілияс Омаров патша үкіметі тұсында, кейін Кеңестік билік дәуірінде орыс мәдениетінің тасасында қалып қойған, бірте – бірте ысырылып, халық жадынан өшіріліп, ұмытыла бастаған ұлттық мәдени мұраларымызды қайта жаңғыртуды қажет ететін тұстарына үнемі ғалымдардың, өнертанушылардың, қоғам қайраткерлерінің назарын аударып отырды.Қызметінен айырылу қаупі төнгенде де, жеке басына қауіп төнгенде де бұл ойы мен жоспарынан ешқашан бас тартқан емес. Мақалада аталған тұлғаның коммунистік держава саясаты салдарынан қазақ қоғамының рухани әлемі үлкен трансформацияға ұшырап, орыстандырылып бара жатқанына орайқазақ халқы ұрпағының рухсыздануға, мәдени ерекшеліктерімізден ажырауымызға қарсы тосқауыл болу үшін басқада зиялы қауым өкілдерімен бірге жолдарын жанталаса іздеуі тарихи дереккөздер негізінде айшықталады. Қорытындысында Ілияс Омаровтың атқарған қызметтері мен мақалаларына, ой – талғамдарына тереңірек үңіліп, жан-жақты дәйектеу арқылы оның социалистік идеология заманында өмір сүріп, сол тарихи кезеңге тән қоғамдық құбылыс болып табылатын тотальды (жойдасыз) жүйеде ұлтқа шапағатын тигізе аларлық іс жасағандығын, қазақ руханиатына қатысты мәселелерді ашық түрде батыл қоя білген және эвфемистік жолды да ұстанған деген тұжырым жасалады. Кілт сөздер:Ілияс Омаров, қайраткер,мәдени мұра, идеология, өнер, мәдениет, «эвфемистік мәдениет».
Мазмұны:

Кіріспе. І. Омаровтың ғұмырбаяны мен қоғамдық – мемлекеттік қызметін зерттеп – зерделеген кезде бұл есімді ұлттық мәдени мұрамыздан ажыратып қарастыру мүмкін емес. Еліміздегі мәдени үдерістер кеңестік идеологияның қатаң бақылауында болса да І.Омаров қазақ халқының қазыналы мәдени мұрасына үстірт қарап көрген емес. Өзінің барлық саналы қызметінде ұлттық мәдени мұраларымыздың игерілмей жатқан тұстарына, жаңғыртуды қажет ететін тұстарына үнемі ғалымдардың, өнертанушылардың, қоғам қайраткерлерінің назарын аудартып отырды. І.Омаровтың соңғы демі бітерде жазған «Қоштасу хатында» елтаным мәселесі үшін өте өзекті ойларын білдіреді: «... Басымда айтылмаған ойларым бар еді. Олардың бәрі – өз қолыммен, өз басыммен орындай алмай кетіп бара жатқан – ел, халық алдындағы азаматтық, перзенттік парызым. 

Талқылау. Оның ең бастысы – туған халқымның мәдени өрісі, өскелең жолы және оның ғасырлар бойы сақтаған аса бай мұрасын байланыстыра зерттеу еді. Мен бұл салада көп уақыт әрекет, қызмет еткенімді еске алғаныммен, ол істердің атқарылуға тиістісінен әлдеқайда өз болғанына өкінемін» - деп, өзінің идеолгия мен мәдениет саласының тұтқасын ұстаған уақыттағы атқарған қызметтеріне сын көзімен қарап, жіберген олқылықтарын ой елегінен өткізді. Одан әрі: «Ойлап жатсам, осы бір дарқан да шалқар мол байлығымызды зерттеп, түйіндеп түсіндіруде, жеткізе баяндауда едәуір олқы соғып жатқан, шіркін, осылай болса игі еді ғой деген тілек, арман көңілде қала беретін.

Халық мұрасы дегенім – әсіресе, сан – дәуір, замандар көшінде өзінің қайталанбас, тозбас, өшпес қасиетімен бізге дейін жасап келген ән, күй, музыкасы мұрасы, дастандар, жырлар түйдегі. Бұлар – менің көзіме де, көңіл сарайыма да халқымның аса мықты тұлғасы, сын, сипаты болып елестейді. Осыларды жаңғырта, жаңарта, осы өз дәуіріміздің қажет – мұқтажына қызметіне бар бояу, кестесімен жеткізе жарату міндеті алдымызда тұра береді. Өйту үшін бізде қазір қаншама мүмкіндіктер бар. Соларды пайдалану, пайдалануды ұйымдастыру – қандай ғанибет жұмыс, қандай абыройлы іс дер ем! Бұл менің өтеп жеткізе алмаған, бірақ өзге азаматтар жеткізеді деген үлкен парыз екенін тағы да айтып жатырмын. Шынында, ойлаңыздаршы, біздің осы қазынамызды дүние көлемінде қандай өнерпаз халықпен болса да жарастыра, жарқырата көрсеткен, біздің бай тарихимыз арғы бергі өтіп келген жолымыз аян да анық болмас па еді. Сонда ғана барып, аса бай көне мұра мен жаңа өнердің құшақтаса қабысып, ұласа өркендегенін көрер едік», - деп жазады [1, 231-б.].

Негізгі бөлім. Патша үкіметі тұсында, кейін Кеңестік билік дәуірінде орыс мәдениетінің тасасында қалып қойған, бірте – бірте ысырылып, халық жадынан өшіріліп, ұмытыла бастаған ұлттық мәдени мұраларымызды қайта жаңғыртуды І.Омаров қай кезде болсын күн тәртібіне қойып отырды. Қызметінен айырылу қаупі төнгенде де, жеке басына қауіп төнгенде де бұл ойы мен жоспарынан ешқашан бас тартқан емес. Жоғарыда хаттан келтірілген үзіндіде бұл міндеттер алдымызда тұра береді деуі бүгінгі күнді болжап айтқан көрегенді ойы деп қабылдауымыз қажет. Аталған мәселе әлі күнге дейін көкейкесті болып отыр. Қазіргі тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық мәдени мұраны жаңғыртып насихаттауда біршама істердің басы қайырылғанымен, атқарылар жұмыстың ұшы-қиыры көрінбейді. Осыған сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен 2004 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, оны үкімет қаржыландырылды. Бұл болашақта атқарылған жүйелі әрі кешенді жұмыстың бастамасы, іргетасы болды. Бүгінде Елбасының «Тарих толқынында» атты мемлекеттік бағдарламасы аясында бірқатар істер атқарылуда. Егер осы мемлекеттік бағдарлама ойдағыдай жүзеге асатын болса, І.Омаровтың көтерген дабылының ізсіз кетпегені деп түсінеміз.

І.Омаров қазақ қоғамының Кеңес үкіметінің саясатына байланысты қол жеткізген жетістіктеріне қуанды, оны өзінің мақалаларында да әрдайым атап көрсетті. Сондай – ақ қазақ қоғамының рухани әлемі үлкен трансформацияға ұшырап, орыстандырылып бара жатқанын сезбеді, көрмеді десек, қатты қателесер едік. Соны сезіп, түсінгеннен кейін рухсыздануға, мәдени ерекшеліктерімізден ажырауымызға қарсы тосқауыл болудың жолдарын жанталаса іздеді. Бұл ізденісте І.Омаров жалғыз болған жоқ, әрине. Бірақ ұлттық мәдени мұраны сақтау үшін күрескен азаматтардың, зиялы қауымның үркердей тобының көшбасшысы болғаны анық еді. Өйткені І.Омаров, академик М.Қозыбаев атап көрсеткендей, алыптар сенімін арқалап, ұлттық мүддені алтын қазық еткен ХХ ғ. басында қалыптасқан гуманистік, ойшылдық, ағартушылық, қазақ халқын өркениеттің жаңа көкжиегіне жеткіземін деп алысқан Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсын, М.Дулат, Ж.Аймауыт дәстүрін бір қиын күнде қалыптасқан ұлы шоғырдың мұрагерлері арасында, Ғабең айтқандай, «ұйтқысы», «сүйіктісі» болды. Ендеше Ілекең ұлттық деңгейді одақтық, әлемдік деңгеймен теңестіруге күш салып, мәдениеттің сан-саладағы байланысын қиыннан қиыстырып, бүгінгісін даралап, ертеңгісін саралап отыратын ғажайып бір координатор, бағдарламашы, бағыт беруші болды [2, 149-б.]. Өзі тәлім – тәрбие алған М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ғ.Мүсірепов аманатын, өзі аузынан тастамайтын нарком Т.Жүргеновтің үлгілі істерін өмірінің соңғы күніне дейін өз деңгейінде атқарды. Біз бұл жерде І.Омаровтың қызметі мен іс –әрекетін абсолюттендіруден аулақпыз. Оның қоғамдық – саяси қызметіне де біржақты қарауға болмайды. Ол өз дәуірінің талаптарына сай жұмыс жүргізді, өйткені ағынға қарсы жүзе де алмайтын еді. Тоталитарлық жүйе оған еш мүмкіндік бермейтін де. Бұл туралы қазақ халқының кеңес заманындағы мәдениетіне терең аксиологиялық пайымдау тұрғысында талдау жасаған зерттеуші – ғалымдар А.Сейдімбек пен Х.Әбжановтардың тұжырымдары сол заман шындығын аша түседі: « ... Кеңестік жүйе кезінде өмірді социалистік идеал тұрғысында бейнелеу, сол идеалға өнердің көркемдік – құрылымдық принциптерін бағындыру қаза жіберуге болмайтын шарт ретінде қатаң қадалағанды. Амал жоқ, осы талғам – талап аясында өнер туындады және аса дарынды тұлғалар сол талғам – талапты орындай отырып, көкейіндегі өміршең ойларын өткізудің жолдарын тапты. Нәтижесінде, өнер тілінде ой мен идеалды астарлап жеткізуге мәжбүр болған жаңа типті эвфемистік мәдениет қалыптасты. Міне, біздің пайымдауымызда, осы құбылыс әсте алдын – ала не жетістік, не кемшілік тұрғысында бағаланбай, тек қана төл тарихымыздың айғағы ретінде объективтілікпен парықталуы тиіс»[3]. Шын мәнінде бұдан басқа амал іздеп табу қиынның қиыны еді. Өйткені репрессия, қуғын – сүргін, моральдық – психологиялық қысымның неше түрін бастарынан дүркін – дүркін өткізген қазақ зиялыларына «сен ашық күреспедің», «ашық жазбадың» деп кінә қою ағаттық деп ойлаймыз.

Жоғарыда аты аталған ғалымдар ойларын өрбіте келе: «Ел мен жер жаттың қол астында болып, өктем күштің отаршыл ындыны билік құрған кезде ешқашан ұлттық идея орындалмайды, орындалған да емес. Ол ғана емес, ұлттық идеалдың біртұтас болуы да мүмкін емес. Алайда, ұлт құрып біткенше оның баурынан ел қамын ойлайтын адал перзенттер дүниеге келуін тоқтатпайды. Олар замана талқысына орай әр жолды таңдағанымен, ұлы мақсаттары біреу болды. Ол – ел-жұртының бақыты, азаттығы және рухани кемелдігі», - деп жазады [3, 12-б.].

Міне, елінің бағына берген адал перзенттерінің бірі – І.Омаров болды. Оның атқарған қызметтері мен мақалаларына, ой – талғамдарына тереңірек үңілетін болсақ, қазақ руханиатына қатысты мәселелерді ашық түрде батыл қоя білген және эвфемистік жолды да ұстанған деген тұжырым жасауға негіз бар.

І. Омаров ұлттық мәдени мұра төңірегінде сөз қозғағанда қазақ тілін, ана тілімізді қызғыштай қорғауға үлкен мән берген. Бүгінгі күні қазақ тілі мемлекеттік статусқа ие болса да қолданыс аясы әлі тар шеңберден, ауылдан, отбасынан әрі асып кете алмай жатқаны сол тарихи дәуірде І.Омаров сияқты жоқшыларының аз болуында деп білеміз. «Ана тіліміз жөнінде» деген шағын мақаласында қазақ тілінің мәселелеріне тоқтала келіп, былай деп жазады: « ... көбінше жаңа сөздер орысша не басқа тілде алынады. Олардың кейбірі тіпті одағайлау. Телефонмен хабарласу біреулер «звондау» деп алыпты. Осында қандай әдемілік бар? Бізде басқа халықтардан, әсіресе, орыстардан кірген сөздер көп-ақ. Олардың көбі әлдеқашан төл сөз болып кеткен. Құлаққа жат сезілмейді. Өзге тілден жаңа сөз алудан қазақ халқы ешуақытта керенаулық жасаған жоқ. О да болса тілдің, оның сөздігінің баюына көп шарапатын тигізді. Осы арада айта кететін аса керекті бір жай бар. Ол – сол кірме сөздердің қалайша төл сөзге айналу қамы. Әр тілдің өсіп – өну заңы бар. Ол заң ең алдымен оның грамматикалық бітіміне байланысты. Кірме сөздер қабылдаушы тілдің грамматика заңдарына міндетті түрде бағыну керек. Өйтпегенде ол одағайлықтан арыла алмайды, «мен бөтенмін» деп айғайлап тұрады» [4, 163-б.]. Бұл І.Омаровтың тіл мамандарының көңілін осы мәселелерге аудару ниетінен жазылған мақаласы еді. Автор мақаласын: «Әсіресе, ана тілін білу, оның қасиетін түсіну – басты парызымыз», - деп аяқтапты. Ол тіл маманы болмаса да қазақ тілінің өмірдің барлық саласынан ығыстырылып бара жатқанына бей-жай қарай алмаған. І.Омаровтың жоғарыда айтылған ойлары бүгінгі күні де өзінің өміршеңдігін жойған жоқ. Өйткені қазақ тіліне орыс тілімен бірге ағылшын тілінің ықпалы күшейіп келеді. Ал, М.Әуезовтың туғанына 70 жыл толуы қарсаңында «Сөз қадірі» атты мақаласында «Сөзімізден қадір кетсе, өзімізден де қадір кететінін барлық уақытта ескере бермейміз» деген ойына жете мән берген адам оның қандай емеурінмен айтылғанын түсінсе керек. Ол тілінен айырылған халық ұлт болудан да қалады деген ой еді.

Бұл жерде І.Омаровтан басқалары қазақ тілінің мәселелеріне көңіл бөлмеді деген пікір туындамаса керек. Мәселен, әйгілі жазушы С.Мұқанов қазақ тілін оқытудың тиімді әдістері мен оны дамытудың бағдарламасын ұсынған. Ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде Республиканың алыс аудандарын аралап, қалыптасқан жағдайды өз көзімен көріп танысқан. Әсіресе, республиканың солтүстік аудандарында қазақ тіліне деген көзқарастың мүлде сын көтермейтіндігіне баса назар аудартады. 1956 жылы Жоғарғы Кеңестің сессиясында С.Мұқанов қазақ тілінің төңірегінде қалыптасқан ахуал туралы сөз сөйлейді. Онда:

«Республикалық деңгейдегі кейбір басшылар қазақ тілін тек қазақ тұрғындары тұратын аудандарда ғана қолдануға болады деп ойлайды, қазақ тілін берген садақа ретінде қолдануға болады деп ойлайды, қазақ тілін берген садақа ретінде қолдануға ешкімнің құқы жоқ. Қазақтар жалпы халықтың қанша пайызын құрайтынына қарамастан, олар өздерінің ана тілінде сөйлеулері тиіс», - деп ашына айтқан. Бірақ мұнан еш нәтиже шықпағаннан кейін осы мәселе бойынша Қазақстан Компортиясы Орталық комитетіне хат жолдайды. С.Мұқановтың хаты 1957 жылы 11 сәуірде қаралып, ол жөнінде төмендегідей шешім шығарылады:

1. Қазақстан КП ОК мүшесі С.Мұқановтың қазақ тілі мен қазақтың ұлттық мәдениетінің жағдайы мен даму болашағының мәселесі жөніндегі хатын талқылай келіп, КП ОК жолдас С.Мұқановтың хатында бірқатар қате және саяси зиянды тұстарының бар екенін атап көрсетті.

2.С. Мұқанов жолдастың Қазақстан Компартиясы ОК-не жазған хатында айтқан түйіндері мен қорытындыларының қате және саяси зиянды екенін түсінгенін және ол өзінің бұдан әрі қарайғы практикалық жұмысында өз қателігін түзететінін және түрі жағынан ұлттық, мазмұны жағынан социалистік ұлттық мәдениетті одан әрі дамыту үшін Қазақстан партия ұйымы жүргізіп отырған күреске белсене араласытынын мәлімдегені ескерілсін» [5].

Міне, халқының мұңын жеткіземін, жоғын жоқтаймын деген танымал жазушының өзін кінәлі етіп, ұлтшыл деген айдар тағып, тауын шақты.

1940 жылы жабылып, 1955 жылдың 1 қаңтарынан қайта шыға бастаған «Қазақ әдебиеті» газеті 1956 жылы қазақ тілінің жағдайы туралы, мектептер мен жоғарғы оқу орындарында қазақ тілін оқыту мәселесі, іс – қағаздарын ана тілінде жүргізу туралы өзекті мақалалар жариялаған газетке тағы да ұлтшылдық айыбын тақты. Қазақстан Компартиясы ОК Бюро отырысында «Қазақ әдебиеті» газеті туралы мынадай шешім қабылданды:

«Қазақ әдебиеті» қазақ халқының мәдени дамуында маңызды мәселелерді көрсетуде зиянды және қате ойларға жол берген. Бұл газет Қазақстанда қазақ тіліне қатысты ұқсастық көрсетіледі-мыс, ұлттық мүдделер мен талаптардың ескерілмейтіндігі, жоғары және орташа білікті мамандардың нашар даярлануы туралы айтқан, бұл шындыққа сәйкес келмейді» және газеттің ұлттық шеңберде қалғанын көрсетеді» [5, 13-б.]. Осы шешімге сәйкес газет редакторлары түгел ауыстырылады.

Сонымен бірге Шығыс Қазақстандық майдангер, қарапайым мектеп мұғалімі М.Елікбаевтың жеке адам құқықтарының бұзылу фактілері, ұлттық саясаттағы заң бұзушылықтар туралы, атап айтқанда, қазақ тілінде оқытатын мектептердің жабылуына қатысты наразылықтарын білдіріп Н.Хрущевтың атына жазған хаты ерекше орын алады. Өзінің азаматтық көзқарасын білдірген М.Елікбаевқа қарсы жазалау шарасы бірден іске қосылды. Шығыс Қазақстан облысы Күршім аудандық партия комитеті оны партия қатарынан шығарды. Одан кейін М.Елікбаевты психикалық аурумен ауыратын адамдарды емдейтін орынға жабады. Онда ол 2 мәрте аштық жариялаған.

КСРО Денсаулық Сақтау министрлігінің мәліметтеріне қарағанда бүкіл Кеңестер Одағына «өзгеше ойлайтын» 30 мыңнан астам адамды психиатриялық емдеу мекемелеріне зорлап өткізген екен [6].

Міне, осындай келеңсіз оқиғалардан кейін зиялы қауымда эвфемистік жолды таңдамасқа лажы қалмаған-ды.

1950 – 60 жылдар қазақ зиялылары үшін жеңіл болған жоқ. Бірақ осындай қиыншылықтар оларды ұлттық ғылым мен мәдениетті дамыту мәселесі төңірегінде біріктіре түсті. Сол кезеңдерде жетекші жазушылар мен ғылым, мәдениет қайраткерлері күрделі мәселелерді талқылауға көбінесе Қ.И. Сәтбаевта немесе М. Әуезовтың үйіне жиналып отырған. Әрбірінің шығармашылық жетістігіне қуанып, жаңа тақырыптар алып отырған. Осылайша С. Мұқановтың Шоқан туралы кітабы, Ғ. Мүсіреповтың Амангелді жайлы еңбегі, Е. Брусиловскийдің «Дударай», Қазақ драма театрында «Абай» пьесасының қойылымы, Л. Хамидидің «Қазақ вальсі» дүниеге келген [1, 89-б.].

Тіл мәселесінен кейін І.Омаровтың ұлттық мұра ретінде насихаттау, дамытуды қолға алғаны – айтыс өнері болды. Өз қызметінің әр деңгейінде ол айтыстар ұйымдастыруға көп көңіл бөлгенін жоғарғы тарауларда айттық. Сондай – ақ баспасөз бетінде айтыс өнерін насихаттауға да атсалысты. І.Омаров айтыс өнері жайлы: «Айтыс өлең қазақ халқының рухани өмірінде тарих бойы келелі орын алып келеді. Көркем сөзге, өлеңге құмарлығы күшті халық айтыс өлеңдерін үнемі пайдаланып отырды.

... Еліміздің тарихында елеулі орны бар бұл мұра халқымыздың өлеңге құмарлық, кемшілікті сынау, жақсыны мақтан ету сияқты керекті қасиеттерін дамытып, ой - логикасын кеңітіп, жұрттың белсенділігін көтеруге себепкер болып келеді. Ақындар айтысы – сол халыққа тән айтыстың шоқтығы болып, халық ауыз әдебиетіне айналған түрі деп білу қажет», - деп жазды [7]. Ал, «Ескі мұра жаңа мазмұнда» атты мақаласында: «Шын мағынасындағы ауыз әдебиеттің өкілдері – ақындар саны бұл күнде көп те болмас, бірақ та бұл ұрпақтан кейін де айтыстар болуы керек» - дейді. Міне, егер бүгінгі күні айтыс өнері өзінің қайта өрлеу кезеңін басынан өткеріп жатқан болса, осы І. Омаров сынды аға буын өкілдерінің жанашырлығының, өнерді өркендету жолындағы үздіксіз ізденістерінің нәтижесі деп білуіміз керек. І.Омаров сол мақаласында одан әрі ойын былайша сабақтай түседі: «Айтыс өнерін халық аса жоғары бағалайды, айтыс ақынын ынтамен тыңдайды, оған қошамет көрсетеді. Солай болса, осы әдістің күшті құралы болу – айтыстың қадірін кетермеу былай тұрсын, қайта дәрежесін көтереді. Екіншіден, айтыстар әділ, тура, нақты сынның құралы және айтыстағы сындар сынның өткірі, тез тарайтын әйгілі түрі. Үшіншіден, айтыстар халықтың тілді байытуға, тапқар теңеулер мен әдебиет тілін байытуға себепкер болады. Айтысты өрбіту біздің жазба әдебиетімізге нұқсан келтірмек түгіл оны өмірмен байланыстыруға себепкер бола ма деп те ойлаймыз. Сондықтан да бүгін біз үзілді – кесілді айтыстар керек және оларды жандандыру шарт деген нақты пікірге тоқтауымыз керек» - деп, өзінің үзілді – кесілді пікірін білдіреді [4, 117-б.]. Шын мәніндегі жанашырлық, ұлы мұраға деген сүйіспеншілік осындай болса керек. Сонымен бірге І. Омаров ақындардың жырлайтын тақырыптарына дейін айқындауға тырысқан. «Бізде»,- деп атап көрсетеді ол, - ақындар жырлайтын тақырыптар ұшан – теңіз. Ұлы Жамбылдың тілімен айтиқанда:

Жырға лайық елің бар,

Елге лайық ерің бар,

Төрі толған түлікке,

Ұлан – байтақ жерің бар.

Көк орайлы белің бар

Айдын шалқар көлің бар,

Сабасы мол көп өзен

Өлке толған егін бар.

Жаз өрісің – кең жайлау,

Қыс қонысы – соның бар.

Тау мен далаң сақтаған,

Қойны толған кенің бар:

Осы дәулет тұрғанда,

Не нәрседен кемің бар,

Осыларды толғайтын

Ақындарым, жөнің бар.

Қорыта айтарымыз, елге қызмет ететін өнімді бола берсін» [8].

І. Омаровтың «Ақын Сараның әдебиетіміздегі орны» деген ғылыми мақаласы да назар аударарлық. Бұл мақала айтыс өнеріне ғана емес, сол айтыстың шоқтығын биік еткен дарынды ақындардың бірі – Сара есіміне қатысты ғылыми – зерттеу мәселесіне арналған. І.Омаров өнердің барлық саласына, оның тарихына ғылыми тұрғыда қарауды жолдаған. Алдымен өнердің терең дәстүріне жан-жақты талдау жасап барып, өркендету жолын қарастырған.

«Сараның атын білмейтін адам жоқ. Бірақ сол Сара жөнінде бұрын-соңды лақапты былай қойғанда, ғылыми – зерттеулер жоқтың қасы еді. Жұрттың көпшілігі Сараның тарихта болған адам екеніне күдіктенбесе де, қалдырған еңбектері белгілі болмаған соң шын дарынды ақын болғандығынан шүбәланатын. Осындай жағдайдың боларын тегі зерек Сараның өзі де алдын ала білген сияқты. «Қош бол елім» деген ұзақ өлеңінде Сара:

«Қағазға жалғыз сөзім түспегенсін,

Ұмытылып қалар Сара құр аңыз боп ... » деп, І.Омаров қазақтың дарынды ақын қызы туралы қолда бар деректері арқылы біраз мәліметтер бере келіп, мақаласын былай түйіндейді:  « ...Кейде біз ел арасына іздену экспедицияларын жіберуді мезгілі өткен іс деп санаймыз. Әрине, Академия маңында жиналған заттар көп шығар, бірақ та ертеде қағазға түскен мәдени мұрасы аз елдердің ел адамының есіндегі мәдени мұра толық жиналды деп айта алмаймыз ... Біздіңше Академия болып, Жазушылар Одағы болып, тағы басқа ұйымдар осы жағдайды ескергені жөн»[8, 14-п.].

Бұл мақала 1959 жылы жазылған. Ал, І. Омаровтың айтқан этнографиялық экспедицияларды елдің ішіне шығару ісі бүгінгі күні де ғылыми әдіс ретінде қолданылып келе жатқаны бәрімізге аян.

Жалпы І. Омаровтың айтыс әлеміне қатысты ой – пікірлерін жинақтай келе және оларды іс жүзіне асырудағы нақты әрекеттеріне талдау жасай отырып, біз оның айтыс өнерін жаңғыртуға сүбелі үлес қосты деп есептейміз. І.Омаров қазақ халқының би өнеріне де ұлттық мәдени мұра ретінде қарады. Қазақ халқының қай өнері дамуы жағынан кенже қалып жатыр, соған ерекше көңіл бөлген. Оның қаз тұрып кетуіне өзінің ой – пікірлерімен де, салиқалы ұсыныстары мен де нақты іс  әркеттерімен де атсалысып, жағдай жасауға тырысқан. Мәселен би өнеріне қатысты «Би туралы» және «Проблемы казахской хореографии» атты мақалаларын жариялап, қазақ халқында би өнерінің тарихына шолу жасай келе, оны жоғары сатыға көтерудің жолдарын көрсетеді. «Қазақта би өнері болған ба деген таластың ешбір негізі жоқ. Көшпелі тұрмыс сенің биіңді не қылсын», - деп жазады І. Омаров. Дегенмен би өнеріне ән – күй және әсем қимыл қажет десек, бұл екеуі халқымызға тән зор қасиет. Қай ұлттан болмасын кем түспейтін қасиет болатын – ды. Кең дала төсінде еркін желмен жарасып, ат құлағында ойнаған ел азаматтарының қимылында, жүріс – тұрысында әдет – салтында би үшін қажетті элементтер қажет болатын. Қазақ музыкасының жүйелі әуені, күй ырғағы мен тұрмыс – салт жырының шарттылықтары – ұлттық хореография үшін бұлақ көзі еді. Яғни, би өнерінің қалыптасқан озық жолдаулау болғанымен сол өнердің бұрқ етіп дамып кетуі үшін қажетті алғышарттар жеткілікті деген ойларын білдіреді. Одан әрі: «Опера, драма, хор өнері, симфониялық шығармалар, қазіргі эстраданың тек советтік заманда, айналасы елу жыл ішінде осыншалық биікке көтерілуі тегін емес» - деп би өнерінің тереңнен алатын дәстүрінің негізсіз еместігін дәлелдей түседі [4, 190-191-бб.]. І.Омаров бұл жетістіктердің бәрін Кеңес үкіметінің мәдениет саласындағы іс – шаралардың нәтижесі ретінде қарастырады. Алайда «тақырға гүл шықпайды» деген мәтелді тілге тиек ете отырып, өнердің ұлттық қайнар көзіне маңыз береді: «Ұлтымыздың төл өнері  - биі өркен жайды. Ол ұлттық музыкамен ұлтқа тән көркем қимылдан туындады. Би – жеке кісінің орындауынан өсіп, опера спектакльдеріндегі көп кісі билейтін би түріне дейін дамыды. Бұрын Одақ картасында қазақ даласында хореография өнері белгілене қоймайтын. СССР халық әртісі Лидия Чернышева басқарған Қазақ ССР Мемлекеттік ән – би ансамблі бізде «би жұтаң» деген ұғымды жоққа шығарды. Ансамбль барған Азия, Европа, Америка континенті қазақ би өнерінің нелер үлгісін көріп қол соқты.

Шара Жиенқұлова қойған жеке билер, жас шеберлер әзірлеген би үзінділері тәуір баға ала бастады. «Біржан мен Сара» операсындағы Д.Әбиров қойған би, Шара мен Болат Аюханов әзірлеген «Балбырауын» би көріністері кез-келген спектакльге көрік береліктей» - деп, халықтың биден кәсіби қазақ би өнерінің мектебі қалыптасқандығын мақтаныш сезіммен жазады. Сондай-ақ І.Омаров жоғарыда атап көрсеткеніміздей өнердің барлық саласына ғылыми – зерттеушілік қырынан да қарауды ұмыт қалдырмаған. Өйткені оның көздеген мақсаты ұлттық мәдени мұрамызды өз ішімізде болсын, шет елдерде болсын насихаттап, таныстырғанда ғылыми негізінің берік болып, дәлелді етіп шығару еді. Осыған сәйкес І.Омаров « ... өнердің осы бір нәзік тұсын зерттейтін шеберхана біздің Ғылым академиямыздың зор шаңырағына керек-ақ. Еңбек, тұрмыс-салт, этнографиялық сәттерді ұлт өміріне байланыстыра зерттеу – көркемөнерге келіп құятын қайнар іспеттес. Оған қоса, балет өнерінің мазмұны ертегі мен аңыз сюжетінен шығатын кезі болды. Өмір өзі ұсынып отырған оқиғалар көркем ой дарыны үшін жаңа жағалауға меңзейді» - деп, өте маңызды пікірін білдіреді [4, 194-б.].

Осынау би өнері деген ұлттық рухани байлығымыздың өткен жаюына, оның әрдайым ұлттық бояуы айшықты болуына үлкен мән берген І.Омаровтың есімі өнертану тарихында ерекше орын алары анық.

Жоғарыда ой – пікірлерінен үзінді келтіріп отырған осы бір мақаладан-ақ І.Омаровтың ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін, құрметін әрі жанашырлығын терең сезінуге болады. Өзің тікелей айналыспағаннан кейін би өнері туралы пікір айту, мақала жазу қаншалықты қиын екенін түсінесің. Ал, бұл мәселе бойынша пікір айтып қана қоймай, оған сын айтқан І.Омаровтың соншалықты теориялық дайындықпен келгенін болжай беруге болады. Енді І.Омаровтың хореография мәселесіне қатысты сынына тоқталатын болсақ, төмендегідей сыни пікірлеріне еріксіз назар аударамыз: «Балет шығармасының негізгі екі авторы болады: композитор және либреттист. Жарты ғасырлық жасампаз жалдарды басымыздан өткеріп отырып, күні бүгінге дейін балет өнері үшін композитор мен драматург жоқ деу ұят сөз екен ...  бірақ шындығы сол. Кейбір композиторлардың өресі жетпейді, кейбірі балет туралы тарап кеткен өсектен қорқады. Ол өсек – «балеттің әлі жоқтығы, қиындығы. Балет өнеріне қанық жолдастар жәрдемін «сараңның сандығында» ұстап, білгенін бұлдаумен болады да, жәрдемін жасырып қалады. Барды қармап, біз Ғазиза, Құддыс, Нұрғиса шығармаларын ғана көреміз. Әлгіндей творчестволық достық болмағансын, мәселен Ғазизаның жоғарыда аталған балетінің («Ақ құс туралы аңыз» - А.Қ.) «Ақ қанат» бөлімі онша сәтті болмай қалды. Құддыс балетіне де осы кемшілік тән болып шықты. Мұнда тұрған еш құпия жоқ. Бар бәле – біздің балетмейстрімізде, кәдімгі көркем ой фантазиясы жүдеу-ақ.

...Және де балетмейстеріміздің бір әлсіздігі – олардың қазақтың би фольклорын зерттемеуі, би туралы түсініктерінің кемтар болуы, ән әуеніндегі, күй ырғағындағы көркем қимылды көре алмай қоюында жатады. (Терме, айтыс әндерінен хабарсыз болғанды былай қоялық)»,- деп сәтсіздіктердің себептерін ашып береді. Одан әрі ойын былайша сабақтай түседі: «Менің әсіресе, күй мен әнді үзіп-жұлып, берекесін кетіріп, әндегі ұлттық мазмұн бірлігін бұзған шығармаларға қарным ашады. Өйткені бұл – бір сәтсіздік жолы.

... В.Великанов жолдас «Қамбар мен Назым» балетінде кейбір әндердің қайырмасы ғана біріктірілген құрамыс болып шықты да, жақсы тақырыптың өмірін қысқарта салды.

Ал, мазмұн мен түр бірлігін бұзбаған, яғни халықтық музыканы тұтас, бұзбай алып, гармония жағын күшейткен Е.Брусиловский опералары, Шара мен Болат қойған спектакльдердің өмірі – соңғы кезде бұл тәжірибенің дұрыс екенін дәлелдеді» - деп, өнердегі ұлттық, халықтық атты қасиетті ұғымдарға үстірт қарамайтынын және соны басқалардан да талап ететінін баяндайды [4, 192-193-бб.].

І. Омаровтың «Проблемы казахской хореографии» атты орыс тілінде жазылған мақаласында дәл осы мәселелер көтерілген [9].

І. Омаровтың пайымдауы бойынша ұлттық өнерде маңызды орын алуы тиіс сала – қазақтың кино өнері. Бұл салыстырмалы түрде алғанда дәстүрге бай емес, жас өнер түрі – кино индустриясымен І.Омаров тікелей айналысқан-ды. 1959 – 1960 жылдары Алматы киностудиясының директоры қызметін атқарғаны мәлім. Одан кейін де кино өнері І.Омаровтың назарынан тыс қалып көрген жоқ. І.Омаров жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ кино өнерінің дамуына өзінің қолтаңбасын қалдырды. Қазақ халқында бұрын болмаған осынау күрделі өнер түрін шын мәнінде ұлттық рухани әлемімізге қосу бағытында бірқатар істер тындырды. Оны өркендетуге қатысты ойларын ортаға салды. Мысалы, «Үлкен творчестволық міндеттер алдында» деген мақаласында: « ... ұлттық киностудияның өзіне тән ұлттық ерекшелігі болу керек...  .

Сондай – ақ ұлттық деген ұғымның өзін дұрыс түсіну қажет. Оны тар шеңберде түсіну ұлттық оқшаулыққа, томаға тұйықтыққа, ұлтқа тән барлық қасиеттерді интернационалдық ұғымға қарама-қарсылыққа әкеп соқтырады. Егер ұлтқа тән қасиеттің барлығын тек қана жылтыраған оқшау көріністерге, бұрынғы әдет-ғұрыптарға, ұлттық киімдерге үйіп төксек бұл болмай қалмайды. Басқа ұғымдар сияқты ұлттық дегеннің өзін дамумен, қозғалыспен ... байланыстыра қарауымыз шарт», - деп жазады І.Омаров [4, 164-б.].

Шынында да кино өндірісі бір ғана ұлттың немесе мемлекеттің шеңберінде ғана қалып алмайды. Кино өнері, І.Омаров атап көрсеткендей, интернационалдық құбылыс болып табылады. «Ұлттық дүниелелер интернационалдық ұғыммен барынша қабысып кетуі керек» дей келе, ойын одан әрі былай деп жалғастырады: «Біз ұлттық түр дегенде, бірінші кезекте тілді аламыз. Бірақ кино өнері үшін бұл тән сипат емес, өйткені кинофильмдер бір ғана ұлт үшін жасалып қоймайды, дубляж арқылы басқа тілдерге аударылады. Сондай-ақ сценарийді тек ұлт тілінде жазу шарт емес».

Ілияс Омаров кино өнерін әр ұлттың өзінің ерекше қасиеттерін, мәдениеті мен тарихын басқа халықтарға танытудың, насихаттаудың тиімді әдісі ретінде қарастырады. Сондықтан да Қазақстанда түсірілген әрбір кино фильмде ұлттық рең көзге айқын көрінуі тиіс деген ұстанымда болады. «Біз, - дейді І. Омаров, - әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі туралы айтқанда ұлттық характерді барынша ашатын және интернационалдық мәдениетті байыта түсетін барлық жақсы қасиеттерді теріп алуды, интернационалдыққа зиянын тигізетіндердің бәрін қатты мінеуді айтамыз».

Қазақ кино өнерін дамытуға І.Омаров қандай үлес қосты дегенге келетін болсақ, қазақ жазушыларының кино сценарий жазуларына, қазақ жазушыларының шығармалары негізінде көркем фильмдер түсіруге жас актерларды тәрбиелеп шығаруға және ұлттық музыканы кино өнеріне қолдануға барынша жағадайлар жасауға тырысты. Оған дәлелдер келтіретін болсақ, өзі киностудияның тізгінін ұстаған аз ғана уақыт ішінде Ленин сыйлығының лауреаты М.Әуезовтың «Абай» эпопеясы негізінде қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбаев туралы көркем фильм түсіруді жүзеге асырды. Оған режиссер етіп жетекші маман ретінде танылған И.Луковскийді бекіттірді. 1960 жылы Қазақстан өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өтетіндіктен қазақ халқының әйгілі ұлдарының бірі, революционер Әліби Жангелдин жайлы фильм түсіруді жоспарға енгізіп, сценарий авторлығына Ғабит Мүсіреповты бекіттірді. Ілияс Омаров бұл көркем фильмдерді жылдық жоспардағы 5 фильмнен тыс қосымша енгіздірген [10].

І. Омаров өз қызметінде қазақ жазушыларының арасында кино сценарийге арналған конкурс жариялайды; екіншіден, кәсіби сценаристер бобын даярлау мақсатында сценаристік шеберхананы жетілідіріп, күшейтуді қолға алды; студия жанынан сценаристер даярлайтын курс ашқызды: үшіншіден, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросының Алматы киностудиясын қайта жабдықтау туралы шешім қабылдауына мұрындық болды. Осы мақсатқа арнап 19 млн. сом қаржы бөлінді [10, 4-26-бб.].

І. Омаров өз қызметінде Алматы киностудиясында негізінен Қазақстандық сценаристердің фильмдері экранға шығу қажеттігін қатаң талап етті. Ол жоғарыда аталған мақаласында былай деп жазды: «... жалпы жазушылардың кинодраматургияға әлі де алыстан қарайтындығын атап айтпақпыз. Бір мысал келтірейік. 1959 жылы Алматы конистудиясы 5 көркем фильм шығарса, соның тек біреуі ғана Қазақстан жазушысының сценарийі бойынша қойылды. Әрине, жақсы сценарийлер болса, киностудия кім жазғанына қарамай қоя беруге тиісті. Дегенмен жоғарыдағы жағдайды дұрыс дегіміз келмейді. Бұдан былайғы жұмысымызда біз дәл осы алшақтықты жоюға міндеттіміз, өйтпегенде киномотографияның республикада өсуіне нұқсан келтіреміз. Бұл үшін киностудия Жазушылар Одағымен байланысты күшейтуі керек болса, жазушылар болса студияны өз үйіндей көріп, оның жұмысының өркендеуіне атсалысқаны жөн»[4, 168-б.].

Ілияс Омаровты толғандырған тағы бір мәселе актерлар даярлау ісі болды. Бұл күрделі кадр мәселесі бойынша оның ішкі заңдылықтарына терең үңіліп оны шешудің нақты жолдарын ұсынады. «Республикамызда книо өнерінің өсуінің тағы бір шарты – актерлар мәселесі. Жылына бір - екі фильм шығарып жүрген кезде мұнда ешбір қиыншылық жоқ сияқты еді. Ал бүгін студия жылына бес – алты, таяу жылдардың ішінде 8 – 10 фильм шығаруымен байланысты бұл да бір күрделі мәселеге айналып тұр. Кино көрушілер республикамыздың көптеген әртістерімен экран арқылы таныс. Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Е. Өмірзақов, Қ. Бадыров, Қ. Байсейітов, Қ. Жандарбеков, С. Телғараев, Х. Бөкеева, Н. Жантөрин, Ш. Мусин, М. Сүртібаев тағы басқа әртістеріміз түсірілген фильмдерде үздіксіз рөл атқаруда. Солармен қатар кейінгі жылдары жұртшылдыққа сәтті қадаммен таныс болған З. Шәріпова, Г. Исмайлова, Л. Әбдікәрімова, А. Әшімов сияқты жастардың аты белгілі болды. Киноға байланысты әртістердің белгілі бір тобынан айрылмаудың тағы да екі түрлі келіспейтін жағы бар. Біріншіден бұл театр жұмысына ептеп кедергі келтіретін болғандықтан, екіншіден, бір әртістің ылғи түсе беруі жалықтыратындықтан. Осы жағдаймен байланысты бұдан былайғы жұмысында студия жоғарғы топтағы сахна шеберлерін әлі де тиісінше пайдалана отырып, оларға қоса көптеген жастарды киноактерлік жұмысқа тартпақ. Оның екі жолы бар: бірі – киностудияның жанында киноактерлік даярлайтын мастерской ашу, оған көркемөнер үйірмесінен талапты жастар тарту. Мұнымыз негізгі жол деп санаймыз. Екінші, облыстық, аудандық жердегі театрлардан да, халық театрларынан да әртістер іріктеп алу, әлі де өнері көпке көрінбей, ескерусіз жүрген жас таланттар кино арқылы өз өнерлерін көпке танытып, халықтық ісімізге үлес қосар деген үмітіміз зор» [4, 168-б.]. Осы ұсынылған екінші жол бойынша «Қыз Жібек» көркем фильміндегі Жібектің рөліне әлі көпке таныла қоймаған жас талант – Меруерт Өтекешованың таңдап алынғаны мәлім. Бүгінгі күні «Қыз Жібек» фильмінің 45 жылдық мерейтойы.

Сондай – ақ Ілияс Омаров Мәдениет министрі кезінде осы «Қыз Жібек» фильмінің түсірілуіне бас-көз болғандығына, қазақ кино өнерін өркендету бағытында жүйелі жұмыс жүргізгендігіне куә боламыз.

Театр және кино актерларының шығармашылығы, өсу жолы үнемі І. Омаровтың қырағы назарында болды. Ол осы өнер қайраткерлерінің халық алдындағы жемісті еңбектері жайында да қалам тартты. Олардың еңбек жолы мен өнердегі ізденістерін, жетістіктерін халыққа жеткізіп, жастарға үлгі етті. Мысалы, дарынды актер, талантты режиссер КСРО халық әртісі Шәкен Аймауытовтың 50 жылдық мерейтойына орай І.Омаров «Өнерпаз жолы» деген мақаласын жариялады. Онда Ш. Аймановтың шығармашылық өсу жолына театрда сомбаған рөлдеріне, қайраткерлігіне жан-жақты талдау жасаған. « ... Шәкен басынан көрінетін тағы бір ерекшелік, ол самародов дәрежесінде қалып қоймай оқу, іздену, үзбей өсу арқасында бүгінгі мәдениетіміздің нелер биік талабына жауап берумен келеді. Әсіресе, режиссерлік жұмысымен қоса актерлік ойындары көрерменнің талғамы мен талабынан шығып отыруы оның зор ізденіс үстінде, өрлеу жолында жүрген суреткер екенін танытады» - деп, оның ізденіс пен шыңдауға құрылған шығармашылық қарымына жоғары баға береді [4, 183 б.].

Ал, қазақ өнерінің тағы бір сахна тарланы Серәлі Қожамқұлов 70 жасқа келгенде І.Омаров оның өнегелі өмір жолы мен өнердегі қайталанбас келбетін үлгі ету мақсатында «Халқының төл баласы» атты мақала жазып, баспасөзде жариялады. Бұл мақалада: «Серәлі қазақ совет сахнасының аға буыны, саф алтыны, «халық өзі оқытқан, заманы тоқытқан» деген адам. Ол реалистік сахна өкілі, сол традицияны ілгері апарған кісі. Қазақ сахнасының «күштілер тобы»: Қалибек, Күләш, Құрманбек, Елубай, Жұмат және басқа іргетас қалаушылармен қоса, бұл да сөз жоқ, сол өнерді қалыптастырушы»,- деп атап көрсетеді. Одан әрі «Қазақ сахна шеберлерінде керемет бір асыл қасиет бар. Ол – татулық, бірлік. Өз басым осы күнгі аға буын арасында аз да болса өнерге зиянын тигізер салқындық болды дегенді естігем жоқ.

... Аға буынның осы қасиеті орта буынға да одан кейінгі жастарға да тамаша дәстүр болып ауысыпты. Бұл сапардағы Серәлі сіңірген еңбекті мәуелі ағашқа оның сапалы жемісіне теңеген жөн» - дей келе, ұлттық өнердің кең қанат жаюына дарын илерінің арсындағы татулық пен бірліктің қаншалықты маңызы бар екеніне көңіл аудартады [11].

Кино өнерінде І.Омаровтың тағы бір көтерген мәні зор мәселесі – кинода қолданатын музыка туралы болды. Ол: «Жұртшылыққа мәлім, музыканың киноға, киноның музыкаға тигізетін пайдасы көп. Бірі – картинаның көркемдік жағын күшейтсе, екіншісі музыканы халыққа насихаттауға себепші болды... Басқа халықтардай біздің Қазақстанда ән мұрасы адам айтқысыз бай. Амал не, осы олқылықтың орнын толтыру бағытында жұмыс жүргізу керектігін айқындады [4, 169 – 170-бб.]. Міне, осы бір ғана кино өнерінің төңірегінде ұлттық өнердің бірнеше бағытына дем беріп, үйлесімді дамыту жолын ұсынған Ілияс Омаров өзінің кең ойлайтын қызметкер екенін ғана емес, ауқымды ұлттық мәдениетті дамытуды мақсат еткен саясаткер екенін дәлелдеді. Әр сөзіне іспен жауап беретін І. Омаров Алматы киностудиясының 1959 жылғы жастарына «Степной соловушка» деген фильмді қалдырған. Бұл музыкалық көркем фильмнің желісіне ауылдан шыққан талантты әнші қыздың кәсіби әнші болғанға дейінгі өсу, даму жолы негіз етіп алынған. Ал фильмнің өн бояуында қазақтың халық әндері насихатталады деп қысқаша сипаттама берілген. Фильмнің сценарийінің авторы – К. Сатыбалдин, ал қоюшы режиссері – Д. Тналина мен А. Қарсақбаев болды [10, 4-26-бб.].

Қазақтың ұлттық кино өндірісін дамытуға қатысты І. Омаровтың айтқан ой-пікірлері бүгінге дейін өміршеңдігін жойған жоқ деп ойлаймыз. Қазіргі қазақ кино өнерінің тізгінін ұстап жүрген өнер қайраткері мен «Қазақфильм» жетекшілері кинофильмдер түсіруде І.Омаров атап көрсеткендей, ұлттық құндылықтарымызды негізге ала отырып, әлемдік кино деңгейіне көтерілу жұмысын жетекшілікке алуы керек деген ой көкейге еріксіз оралады.

І. Омаровтың ерекше ықыласын аударған өнер саласы – қазақ халқының ұлттық музыкалық дәстүрі болды. Ұлттық музыка жайында жазылған оның мақалаларында халықтың ән мен күйінің қазынасына деген мақтаныш сезімі, осы ұшан – теңіз байлықты игеруге, зерттеуге деген құлшынысы айқын байқалады. Қазақ халқының мұрасына байланысты жазған еңбектеріне тереңірек үңілсек, онда І. Омаровты музыкатанушы маман ба деп қаласыз. Бірақ мәдениет саласын басқаратын адамның өнердің әр саласынан хабары болуы, оны терең түсінуі заңдылық екені де белгілі. Дегенмен І. Омаровтың біліктілігі мен әмбебаптығын мойындаған ләзім. Ұлттық мұрамызды насихаттаудағы теориялық даярлығының тереңдігімен бірге І. Омаровтың қай салаға болсын айтатын өткір де әділ сыны қатар жүретін еді.

І. Омаровтың ұлттық музыка өнеріне қатысты толғандырар тақырып айдарымен баспасөзде басылған «Халықтың ән мұрасы хақында» және «Қайнар бұлақтың көзі көп» атты мақалаларының маңызы ерекше. Ал, сонау 1948 жылы «Өскен елдің өзіне лайық музыкасы болсын» деген еңбегі ән мұрасын насихаттауға қосылған зор үлес болып табылады.

І. Омаров қазақтың музыка тарихында Абайға, оның музыкалық мұрасына ерекше орын береді. « ... сөз басы етіп ұлы Абайдың өлеңінен «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген бір жолды алғымыз келеді», - деп жазды І. Омаров, - «Оның мәнісі бар. Ақын өзінің көркемдік ой жүйесін бұдан бір ғасыр бұрын осылай түйген еді. Әрине, қазақ халқы өнерінің Абай өмір сүрген тұстағы жетекші саласы өлең болғаны белгілі. Бірақ «өлең» деген сөзді Абай ұғымында ұлттық өнердің барлық түрлеріне айтылған ортақ ой деп қарағанымыз абзал», - дейді [12]. Ол Абайды музыка қайраткері деп бағалайды: «Абай да қазақ өлеңін өрге сүйреген. Абай өлеңіндегі өршілдігі жалпы Абай өнеріне тән өнімді өршілдікпен үндес, сабақтас. Абай әндерінде орыс, украин музыкасының әсері, ізі сайрап жатыр. Бірақ Абай әсерленуінің шеберлігі сонша, Абай әндерінен халық жатырқаулық, бірде-бір бөтендік сезілмейді. Халық құлағынан өтетін дөрекі жамал – жасқауы жоқ, тігісі жатық, тарихи, әдемі әндер. Сондықтан да Абай өлеңдері елге тез тарап, ел жүрегіне қона қалды. Абай өлеңдері бұл күнде халық аузынан түспейді», - деген ойын білдірген [4, 185-б.]. Одан әрі І.Омаров ойын былайша өрбітеді: «Мыңдаған халық ән – жырына қазақ халқының ертедегі солғын өмірінің таңбасы мөр болып басылған. Қазақ халқы бостандық пен қызық дәурен деп аңсаған ойын жақсы болашақтан тәтті үмітін ән мен жырға бөлеп әлпештеген. Қазақ өмірінің керемет сыры жырда екенін, қазақ даласы – өлең дариясы екенін Ұлы Абай тамаша айтқан:

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойлансаңшы бос қақпай елең-селең», - деген өлең жолдары арқылы тағы да Абайға жүгінеді.

Жалпы, І. Омаровты толғандырған мәселе музыкалық мұраның қаншалықты бай екенін ғана жеткізу емес, осы бай мұраны халық игілігіне айналдырып, әлемдік музыканың алтын  қорына қосудың жолдарын іздестіру еді. «Халық өнері қазір көптеген жанрлармен байып отыр. ... Вокальды өнердің өркендеуі, ең алдымен, опера негізінде туды. Операға еркін енген халық әндері мен әуендері жаңа жанрда орыс және Европа музыкалық мәдениетімен үндесті.

Симфониялық шығармалар көбейді. Оны орындайтын коллегтивтер туды. ... Өнерімізге кантата, оратония, романс сияқты өнердің жаңа түрлері енді. Қазақ халқының музыка өнері қазіргі жанр жағынан алып қарағанда өрлеу сатысында тұр.

... Романстың дара жанр болып өркендеу жолында бай дәстүріміз бар. Вокальды өнердің түрлі қазақ халқының музыкалық мурасында бұрында да болған. Әрине, ондай шығармаларға кезінде романс деп айдар тағылған жоқ еді. «Қорлан», «Алтыбасар», «Ардақ», «Қаракесек» және сол сияқты әндер романс жанрына жататын элементтер көп екені әркімге белгілі.

... Сөз арасында бізге бар, бар да болса жоқ бір жанрға назар аударғым келеді. Ол – оперетта. Бұл жанрды бар дейтін себебім, опера төл басы болып енген «Жалбыр», «Шұға» және қазақтың академиялық драма театры репертуарындағы «Айман - Шолпан» сияқты күрделі туындыларға операдан гөрі опереттаның элементтері басым және заңды да құбылыс. Өйткені, қазақ халқы табиғатында әнге жақын, оның өнері де опереттаға бейім тұрады. Халық ақындарының айтысын алайық. Екі ақынның өлеңі, әні бір сюжеттік желіге құрылады, композициялық қаңқасы бірін-бірі толықтырып тұратын тұтас шығарма. Егер осыған оперетта жанрына тән сахналық, режиссерлік түр берсек, одан оперетталық туынды алу аса қиындыққа соқпаған болар еді» - деп, біздің халыққа сырттан танылған ешнәрсе жоқ, тек европалық терминдер ғана енгізілгеннен хабардар еді [13]. Шын мәнінде жаңа жанрлардың бәрінің де ұлттық негізі бар екеніне, музыкалық дәстүріміздің тереңдігіне көз жеткізеді. Бұл жанрларды классикалық үлгіге салып енгізгенде, егер ешбір негізі болмаса өркендеп дамитын ба еді деген сауал еріксіз көңілге оралады. Халықтың ән – жырлар мұрасы қай жанрға да негіз болып оны жандандырып жіберуге ішкі мүмкіндігі жетерлік.

Қазақтың ұлттық музыкалық өнерінен сөз қозғағанда А. Затаевичтің еңбегін айналып өтуі мүмкін емес. Сондықтан да І. Омаров қазақ өнеріне өлшеушіз еңбек сіңірген А. Затаевичті ерекше бағалап қадір тұтады. А. Затаевич «Қазақтың 1000 әні» атты туындысын жарыққа шығарғанда Роман Роланның оның авторына жазған хатын І. Омаров өзінің «Рахмет» деген мақаласында келтірген. Түп нұсқасы орыс тілінде жазылған бұл хатта мынандай жолдар жазылған екен: «Сіз маған Шығыстың осы кезге дейін белгісіз болып келген ғажайып әлемін аштыңыз. Бұл тәнті ететін ерлік пен сұлулық ...  Мен де сіз сияқты, ... даланы көркейткен осы бір тамаша әуендердің гүлдеуіне таң – тамаша болдым» [1, 48-б.]. Алайда, І. Омаровты осынау бай дүниеге мақтаныш сезімнен гөрі оны игеріп, өнер айналымына енгізу мәселесі алаңдатқан еді.

 Ол алаңдаушылығын қазақ композиторларына, өнер қайраткерлері мен әншілерге, музыка зерттеушілеріне айтқан қатал сынымен білдірді. «...  қолымызда бар халықтық бай фольклорды біз дұрыстап пайдалана алмай келеміз. А.В. Затаевич жинаған екі мыңнан астам, Ғылым академиясы жазып алған алты мың өлең мен күйлер бар. Солардың бәрі бүгінгі композиторлаымыздың творчествосында қалай пайдаланылып келеді? – деп, сұрау тастай отырып, оған жауапты ащы да болса әділ сынмен І. Омаров өзі береді: «Бұған жауап беру өте қиын. Бас-аяғы он шақты халық әуендері бір шығармалардан екінші шығармаға ауысып көшеді де жүреді. «Япурайдан» бастап «Балбырауынға» дейінгі тар өріс қана. Біздің композиторларымыз осы төңіректі ғана шарлай береді. Шын мәнісінде әлі де бізге белгісіз, құлағымызға сарыны жетпеген ән  - күйлер көп. Соны аша білуіміз керек. Тіпті, А.В. Затаевич жазып алған екі мыңнан астам халық әндері мен әуендерінің осы күнге дейін игілікке асуында шалалық жасап келеміз». Осы сыннан кейін І.Омаров қазақ халқының музыкалық мұрасын жинастыру мен насихаттаудың жүйелі әрі кешенді бағыттарын ұсынады: «Барлық ән – күйді жинап, оны жеке кітап етіп шығару – жұмыстың бірінші сатысы ғана. Көп жағдайларда ән мен күйлерді жүйеге келтіру жұмысы асығыс жүргізіледі, кейде тіпті көптеген шығармалар жөндеусіз жинаққа кіргізіле салады. Олай болса Затаевичтен бұрынғы ән – күй жинаушылар, тіпті А.В. Затаевичтің өзі, одан кейінгі мамандар жасаған жөндеулерінің ішінен қай ән – күйді алып, қай ән – күйге қайтадан жөндеу жүргізуге болатынын сұрыптағанымыз жөн.

Венгрияда венгер халқының ән – хоры жиырма том болып шықты. Ал біздің қолымыздағы небәрі А.В. Затаевичтің жинағы және оның қайта басылған түрі. Бұл халықтық ән – күй мәдениетіміздің бір тамшысына ғана тең. Менің ойымша, ән «энциклопедиясын» шығаратын уақыт жетті. Шығарғанда тек әндерді ғана енгізбей, оған олардың жөнделген түрін де енгізген дұрыс болар еді. Бізде көп жылдан бері «Грамзапись» жұмыс істейді. Грузиндердің үлгісі бойынша «Грамзапись» қазақтың халық әндерінің антологиясын жасап шығарса ...

Тек осы шараларды жақын уақытта іске асыра алсақ қана халық әндерін, халқымыздың бай қазынасын құрметтеу жөніндегі өзіміздің азаматтық борышымызды аз да болса атқарғанымыз болып саналар еді» [12].

Бұдан кейін І.Омаров музыкалық мұраны ғылыми тұрғыда зерттеу мәселесін де ойласады: «Әрбір мәдени мұра өз дәуірімен тығыз байланысты. Олармен үндесіп жататын тарихи оқиғалар бар. Төгілген қан, қираған қала,  көзден аққан жас, батырлық іс – әрекет, тұлпардың шабысы (табиғат көріністері және бар) өздеріне сәйкес музыкалық мұра қалдырмады десек, тарих алдында қате басқандық болар еді. Біздің атақты музыкалық археологымыз Б.Сарыбаев бір ғана домбыраның қырық шақты түрін тапты. Ол дәлелдеген қобыздың да түрлері көп. Дауылпаз, аса таяқ, кселофон сияқты толып жатқан музыкалық аспаптар да болғандығын дәлелдеп береді.

Әл – Фарабидің музыкалық трактаттары әлі күнге дейін зерттеусіз келеді. Шамасы, біз музыкалық мұраны тек беріден ғана іздейміз. Көбінесе иек арта беретініміз А.В. Затаевичтің еңбегі ғана.

... Тек қана әні деп шығармаларға айдар тағу жеткіліксіз. Ол қай кезде шықты, туу себебі неден болды, әншінің жанын қандай оқиға тебірентті – ғылым жүзінде бұл әлі талдау таппаған қазына», - дейді.

Ұлттық музыканың келелі мәселелерін өрбіте келе, І. Омаров халық ауыз әдебиетінің де қатпарлы қырларын көтереді. Оның мына философиялық ой – түйіні кімді болса да бей-жай қалдыра алмасы анық. «Фольклорды біз сарқылмайтын бұлақ көзі деп көп айтамыз. Бұл – талас тудырмайтын шындық. Халықтық фольклордың таусылмайтын қайнар бұлақ екені рас. Бірақ бұлақтың алысы да бар, жақыны да бар. Бұлақтың жер бетіне ағып жатқан таязы да бар, көзге көрінбей тереңде жатқан қайнар көзі және бар. Мөлдір бұлақтан су ішудің өзі бір ғанибет. Дегенмен қай бұлақтан сусындағанымыз жөн. Жол үстінде кездескен жақын бұлақтан оп – оңай сусындап кетуге болады. Ал енді тереңде жатқан қайнар бұлақтың көзін ашып, оны бір адамның ғана сусыны қылмай, халқымыз қана ішетін мол суға айналдырған абзал. Фольклордағы ән мен күй бұлағы да сол тектес халқымыздың әлі де болса зерттелмей жатқан ән мен күй бұлағынан гөрі өзімізге әбден аян болған берідегі туындыларына көп жүгіру оңай әдет. Бүгінгі шығармаларымызға осыдан ғана нәр алғымыз келеді. Алып та жүрміз. Соның салдарынан көптеген ән ырғақтары, күй сарындары егіз қозыдай бір-біріне ұқсап, айырғысыз болып келеді», - деп, ғылыми – зерттеу жұмыстарының терең әрі жан – жақты жүргізілу қажеттігіне назар аудартады. Бұл ойын Ілияс Омаров былайша тереңдете түседі: «Республикамыздың қай аулына барсақ та, эпостық жырлар мен қиссаларды, термелерді сүйсіне тыңдайтын жұртшылықты көреміз. 

... Мұның сыры неде? Ең алдымен, эпостар мен қиссаларда әр дәуірде үніне сай мазмұн болса, екіншіден, халқымыздың төл өнеріне айналып алған дәстүр бар. Шын мәнісінде эпостар мен қиссаларды орындау – халықтық үлкен өнер. Бар кемішілік өзімізде. Бұл жанрға көңіл бөлмей қойдық. Әр халықтың өзіне тән өнер ерекшелігі бар екені аян. Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміздегі ерекшеліктерге, неге екені белгісіз, қырын қарап келеміз. Эпостар мен хиссаларды, термелерді музыкалық мәдениетіміздің бір саласы деп санайтын болсақ, оны орындау шеберлігін де үлкен өнердің бір түрі деп білуіміз керек», - деп қорытындылайды [12, 5-б.]. 

Қорытынды. Міне, бұл бір ғана музыка саласы бойынша қордаланған мәселелерді ашып, жан-жақты талдап әрі оларды шешудің жолдарын көрсетіп берді. І.Омаров осыдан 50 жылдай бұрын көтеріп кеткен, дабыл қағып кеткен мәселелер толық шешімін тапты деу өте қиын. Бірқатар маңызды істер жасалғанын да жоққа шығаруға болмас. Дегенмен егер шешімін тапса, І. Омаров көтерген өзекті мәселелер бүгінгі күні күн тәртібіне тұрмас еді және «Мәдени мұра», «Тарих толқынында», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламаларының қандай қажеттігі болған болар еді?!. І. Омаровтың қайраткер ретіндегі көрегендігі осында болатын. Біз осы тарауымыздың басында І. Омаровтың «Қоштасу хаты» мен С.Мұқановтың қазақ тілінің жоғын жоқтаймын деп тұйыққа тірелгені туралы деректерді бекер келтірген жоқ едік. І.Омаров өзі көтерген мәселелерін пәрмендірек жүзеге асыра алмады. Оған қол байлау боған, біріншіден, денсаулығының нашарлап кетуі болса, екіншіден, кеңестік – тоталитарлық жүйе артық қадам жасауына мүмкіндік бермеді. Өйткені жоғарыда пікірлері берілген А. Сейдімбек пен Х. Әбжановтың пайымдауына қайта оралатын болсақ: «Социалистік идеология заманында өмір сүру – тағдырдың, жазмыштың ісі. Социалистік идеология заманында коммунистік партия қатарында болу – өмір сүрудің, қажет болса тірі қалудың кепілі болды. Мұндай тотальды (жойдасыз) жүйеде ұлтқа шапағатын тигізетін іс тындыру – арыстанның аузынан жем алғандай шаруа еді. Осындай ахуалда әйгілі, дарынды тұлғалар жалғыз ғана тәсіл қолданды. Ол – өктем идеологияның сойылын соққансып, ішкі қабілетін сыртқа шығарар саңылау іздеді. Яғни, кеңестік өктемшіл заманда рухани дәулетіміздің бәрі де астарлы, емеуірінді, тыйымдалған мәдениет еді. Мұны ұлтымыздың мәдени – рухани тарихындағы «эвфемистік мәдениет» деп атаса қисынды сияқты. Тек атап қана қоймай, тоталитарлық – репрессиялық жүйеде ғана туындайтын сол эвфемистік мәдениеттің ішкі ойын, астарлы сөзін, емеуірінделген поэтикасын аша жору – бүгінгі және болашақ ұрпақтың ең киелі міндеттерінің бірі болуға тиіс», - деп түйіндеуге болады [14]. Шындығында да бұл сол тарихи кезеңге тән қоғамдық құбылыс еді. Алайда «эвфемистік мәдениет» өкілдерінен Ілияс Омаровтың бір ерекшелігі – ұлттық өнер мен мәдениет төңірегінде мәселе келтірілгенде өзінің ой – пікірін батыл да ашық білдіруінде болды деген қорытынды жасауға толық негіз бар деп ойлаймыз.

Әдебиеттер тізімі

1.  Қозыбаев М. Ғұмырнама жанрын зерттеу мәселелері // Қазақ тарихы. - 1997. - №4

2.  Қозыбаев М. Халықтың аяулы перзенті // Омаров Ілияс. – Алматы: Санат, 2003. – 184 б. (146)

3.  Костенко – Карибжанова Е. Казахстан в 50-60-е годы ХХ века. (Десталинизация общественно-политической жизни). – Алматы, 2003. - С. 12

4.   Омаров І. Таңдамалы. Избранное. – Алматы: «Арыс», 2001. – 163 б.

5.  Нұрпейісов К. История Казахстана. – Алматы: Рауан, 1993. - С.30

6. Омаров І. Ақындар айтысы және ол жөніндегі кейбір пікірлер // ҚР ОММ. 2066 – қ., 1 – т., 201 – іс, 16 – п.

7.  ҚР ОММ 2066 – қор, 1 – тізбе, 91 – іс, 5 – 23 парақтар.

8. Омаров І. Ақын Сараның әдебиетіміздегі орны //ҚР ОММ. 2066-қ., 1–т., 193-іс, 1,15-пп.

9.   Омаров И. Проблемы казахской хореографии // ҚР ОММ. 2066-қ., 1-т., 216-іс, 11-п.

10.  Әлімбаев М. Қызыл – күрең дептерді ақтарғанда... // Қазақ әдебиеті. - 1988,. - 2 желтоқсан.

11.  Омаров І. Халқының төл баласы // Қазақ әдебиеті. - 1966. - 14 қазан.

12 Омаров І. Халықтың ән мұрасын құрметтеу хақында // Қазақ әдебиеті. - 1969. - 7 желтоқсан.

13. Омаров І. Қайнар бұлақтың көзі көп // Қазақ әдебиеті. - 1970. - 1 қаңтар.

 14.  Мүсірепов Ғ. Қош бол, қимасым! // Қазақ әдебиеті. - 1970. - 24 шілде.

References

1. Qozybaev M.. Ĝumyrnama janryn zertteu màseleri // Qazaq tarıhy. - 1997. - №4

2.Qozybaev M. Halyqtyń ayaýly perzenti // Omarov Ilıyas. – Almaty: Sanat, 2003. -184 b. (146).

3. Kostenko – Karıbjanova E. Kazahstan v 50-60-e gody ХХ veka. (Destalınızatsıya obchestvenno-polıtıcheskoı jıznı). – Almaty, 2003. - S. 12

4. Omarov І. Tandamaly. Izbrannoe. – Almaty: «Arys», 2001. – 163 b.

5.  Nurpeısov K. Istorıya Kazahstana. – Almaty: Rauan, 1993. - S.30

6. Omarov I. Akindar aıtysy  jane ol jonindegi keıbir pikirler // HR OMM. 2066-q., 1–t., 201-is, 16- p.

7. QR OMM. 2066–q., 1- t., 91- is, 5-23-pp.

8.  Omarov I.  Aqyn Saranyn ádebıetimizdegi orny // QR OMM. 2066-q., 1-t., 193-is, 1,15-pp.

9. Omarov I. Problemy kazahskoı horeografıı // QR OMM. 2066-q., 1- t., 216-is, 11-p.

10. Álimbaev M. Qyzyl – kureń dápterdi ahtarģanda… // Qazaq ádebıeti. - 1988. - 2 jeltoqsan

11. Omarov I. Halhynyń tól balasu //Qazaq ádebıeti. - 1966. - 14 qazan.

12. Omarov I. Halyktyń án murasyn qurmetteu haqynda // Qazaq ádebıeti. - 1969. - 7 jeltoqsan.

13. Omarov I. Qainar bulaktiń kózi kóp // Qazaq ádebıeti. - 1970. - 1 qańtar.

14. Músirepov Ò. Qosh bol, qımasym! // Qazaq ádebıeti. - 19707 - 24 shilde.

А.Т. Каипбаева1

к.и.н., ассоцированный профессор Казахского национального женского педагогического университета. г. Алматы, Казахстан

E-mail: Ainagul6.12.2018@gmail.com

ИЛЬЯС ОМАРОВ И НАЦИОНАЛЬНОЕ КУЛЬТУРНОЕ НАСЛЕДИЕ

Резюме

В данной статье выполнен анализ деятельности известного государственного и общественного деятеля Ильяса Омарова в деле сохранения национального культурного наследия.Культурные процессы нашей страны были под строгим контролем советской идеологии. Тем не менее, выдающийся сын родного народа Ильяс Омаров всегда обращал внимание ученых, искусствоведов и общественных деятелей на актуальность дела изучения национального наследия, которое долгие годы находилось под контролем царизма, оставалось в тени русской культуры, и в период Советской власти – постепенно исчезало и забывалось. В моменты риска потери должности и угроз он не отказался от своих идей и намеченных планов. В статье раскрывается деятельность Ильяса Омарова и его призыв ко всей интеллигенции и объединить все силы для сохранения культурного  наследия, и сплочённо противостоять духовному падению народа.

В заключение, глубоко изучив  деятельности труды Ильяса Омарова, с помощью всесторонних  доказательств можно подытожить, что последний, живя в период господства социалистической идеологии, приносил пользу народу в условиях тоталитарной системы, смело решал проблемы, касающиеся духовных ценностей казахов и придерживался  эвфемистического пути.

Ключевые словаИльяс Омаров, деятель, культурное наследие, идеология, искусство, культура, «эвфемистическая культура».

A.T. Kaipbaeva1

Candidate of Historical Sciences, Associate Professor Kazakh National Women’s Teacher Training University, Almaty, Kazakhstan

E-mail:Ainagul6.12.2018@gmail.com

ILYAS OMAROV AND THE NATIONAL CULTURE HERITAGE

Summary

 Тhe article describes the work of the famous state and public figure Ilyas Omarov in the framework of surviving the national cultural heritage.

The cultural processes of our country were suppressed under the strict of the supervision of Soviet ideology. Nevertheless, the fighter for national development  Ilyas Omarov, has always drawn the attention of scientists, art historians and public figures to the needsof participation in the surviving of national cultural heritage, which for many years was under the control of tsarism andalso were remained in the shadow of Russian culture during Soviet way of life, was gradually disappeared and  forgotten. When the risk of losing his position came, and when he was in danger, he did not refuse this idea and plan. In the article, we enlighted Ilyas Omarov s calls upon the entire intelligentsia, uniting all forces, to seek ways out of preserving cultural heritage,  in order to stand firmly against the spiritual fall of the people.

In conclusion,we can say that the study of posts and articles, as well as the thoughts of Illyas Omarov, with the help of comprehensive evidence. summed up that he lived during the socialist ideology, and gave to the people of  the totalitar system the idea, that they ought to solve  the problems of spiritual life ​​of the Kazakhs and chose to the euphemistic path.

Keywords:Ilyas Omarov, personality, cultural heritage, ideology, art, culture, "ephemistc culture".


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз