Басты бет » Материалдар » ДӘСТҮРЛІ МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ БАҒЫТТАР ЖӘНЕ ПРОТОТҮРІКТЕРДІҢ ЛИНГИВИСТИКАЛЫҚ ГЕОГРАФИЯСЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ АСПЕКТ

Т.Ә. ТӨЛЕБАЕВ, т.ғ.д., профессор, Әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ, Г.Е. ӘБІКЕНОВА, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор, Әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ, Алматы

ДӘСТҮРЛІ МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ БАҒЫТТАР ЖӘНЕ ПРОТОТҮРІКТЕРДІҢ ЛИНГИВИСТИКАЛЫҚ ГЕОГРАФИЯСЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ АСПЕКТ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(17) 2019

Тегтер: сақтар, арийлер, диффузионизм, позитивизм, тілі, түрік, түріктер, лингивистика, бағыттар, Методологиялық, археология, фонетика, грамматика.
Аңдатпа:
Қазіргі кезеңде ғылым методологиясы күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Кеңестік кезеңде бірден-бір дұрыс деп жарияланған эволюционизм бойынша тарихи дамуды толық және терең сипаттау мүмкіндігінің аз екендігі айқындалды. Сондықтан да дүниежүзілік ғылымда пайдаланылып отырған дәстүрлі және қазіргі методологиялық бағыттарды ғылыми зерттеулер барысында пайдалану жаңаша көзқарастар мен тұжырымдар жасауға мүмкіндіктер береді. Бұл шағын мақалада біз позитивизм мен диффузионизмді прототүріктердің лингивистикалық географиясы сияқты күрделі мәселені тарихнамалық тұрғыда сипаттауда пайдалану жолдарын көрсетуді мақсат еттік. Мақалада түрік, татар, орыс, қазақ, қытай зерттеушілерінің еңбектері тарихнамалық дерек ретінде талданады. Тақырып көлеміндегі жекелеген концептуалды тұжырымдар сипаттала отырып, шешімі табылмаған, зерттелуі керек мәселелер де айқындалып, болашақ зерттеушілерге ой салу мақсатында ұсынылады. Кілт сөздер: Методологиялық бағыттар, лингивистика, түріктер, түрік тілі, позитивизм, диффузионизм, арийлер, сақтар, археология, фонетика, грамматика.
Мазмұны:

Кіріспе

Қазақстандық тарих ғылымында біздің арғы бабаларымыз, қазіргі қазақ даласында өмір сүрген ежелгі халықтар, арғытүріктердің тарихи отаны, олардың жер шарына таралу бағыттары, аймағы мен уақыттары, тілі мен жазуының қалыптасу кезеңдері туралы мәселелер толық айқындалмаған, әлі де өзекті болып қалып отыр. Мақалада осы мәселелердің дүниежүзілік көлемде филологтардың, лингивистердің, археологтардың, тарихшылардың, саясаткерлердің еңбектеріндегі зерттелу барысы, оларда қалыптасқан көзқарастар мен тұжырымдар сипаттала отыра, әлі де зерттелуі қажет мәселелер көрсетіледі.

Материалдар мен әдістер.

Мақалада АҚШ зерттеушісі Недим Тунаның, түркиялық Қазым Миршанның, Ресейлік А. Окладниковтың, М. Закиевтың, Г.М. Бонгард-Левин мен Н.В. Гуровтыңүндістандық Дж. Неру мен С.А. Дангенің, қытайлық археологтарТаң Шиәнчун мен Ваң Минжының, азербайжандық Ф.А. Джалиловтың, қазақстандық Ә.А. Ахметовтың, А.С. Аманжоловтың, У.Х. Шалекеновтың еңбектері мен олардың тұжырымдары тарихнамалық дерек ретінде талданды.

Мақаланың методологиялық негіздері позитивизм мен диффузионизм болып табылады. Ал тақырыпты зерттеу барысында теориялық және эмпирикалық зерттеу методтары, нақты айтқанда салыстырмалы талдау, аналогия, болжау және т.б. пайдаланылды.

Талқылау.

Дәстүрлі тарихи лингивистикалық география мен ареалды лингивистика түріктердің ежелгі этникалық тамырлары Ш - ғасырда тек Алтай мен Байкал бойында, аздап Орталық Азияда байқалған деп көрсетеді. Ол көзқарас бойынша 1Ү ғасырда түрік тілдес тайпалар Орта Азияға, кейінірек Батыс Сібір мен Шығыс Еуропаға қоныстанып, жергілікті отырықшы-егінші халықтарды түріктендірген делінеді. Дәл осы тұжырымдар көлемінде зерттеушілер тарапынан кейінгі кездері олардағы шындықтың дәрежесі туралы көптеген мәселелер көтеріліп жүр. Солардың ішінде көп айтылып жүргендері: 1. Қалайша көшпелі түрік тайпалары жергілікті отырықшы халықтарды түріктендірді? Мүмкін дәстүрлі көзқарас бойынша керісінше болар? 2. Түріктер қалайша шағын уақыт аралығында өте тез көбейіп, Батыс Сібір, Азия мен Еуропаны қоныстанды? 3. Түрік тілі мен жазуы қашан қалыптасты? Олардың тарихи тамырлары мен негіздері қайда? Осы аталған мәселелер талқыланады және болашақ зерттеушілерге ой салу мақсатын көздейді.

Нәтижесі.

Кеңестік кезеңде дәстүрлі көзқарас бойынша түрік-сахалар Шығыс Сібірге Байкал бойынан Х-ХҮ ғғ. ғана келді, оған дейін бұл аймақта түріктілдестер болмаған делінген еді. Бірақ А. Окладников бастаған кеңес-америкалық экспедиция бұл тұжырымның дұрыс емес екендігін дәлелдеді. 1975 жылы жарияланған «Первыми американцами были сибиряки» атты мақаласында А. Окладников Америка материгіне Беринг бұғазы арқылы бұдан 20-30 мың жыл бұрын өткен алғашқы американдықтардың тілінде түріктік белгілердің болғандығын айқындады [Окладников А.1975, 16]. Бұл мәселемен бүгінгі таңда кең түрде айналысып жүрген Ә. Ахметов үндістердің түркілік тегі туралы көптеген еңбектерін жариялауда[Ахметов Ә.1992; Ахметов Ә. 2009.].

Ендеше позитивизм, әсіресе Кун, Лакатос, Тулмин, Фейерабенд т.б. жаңғыртқан, әлеуметтік мәдени факторлардың рөлін ғылым динамикасында қарастыру қажеттігін ұсынып отырған, бүгінгі таңдағы постпозитивизм бойынша түрік тілінің негіздері бұдан 30-20 мың жыл бұрын –ақ қаланған деген тұжырым жасаудың ғылыми негіздемесі бар деп есептелуі қажет.

Енді біз сол постпозитивизм бойынша бұл тұжырымымызды дәлелдеп көрейік. 1947 жылдан бері шумер-түрік паралелдері мәселелерімен айналысып келе жатқан түрік ғалымы Осман Недим Туна 1990 жылы жарық көрген кітабында 168 шумерлік сөзге салыстырмалы тарихи талдау жасап олардан ежелгі түрік тілінің тамырларын табады. Олардың фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктерін зерттей келе бұл тілдердің ұзақ уақыт бойы бір-біріне өте күшті ықпал еткендігі жөнінде қорытынды жасаған. О.Н. Туна түрік тілі бұдан 5500 жыл бұрын-ақ фонетикалық және грамматикалық тұрғыда жүйеленген. Ал сол жүйенің қалыптасуы үшін тағы да 5500 жыл кеткен деп есептеген жағдайда түрік тілінің жасы 11 мың жыл болып есептеледі. Сол түрік тіліндегі жазудың беку уақытына келетін болсақ ол бұдан 8000-8500 жыл бұрын болған, - деген тұжырым жасайды [Туна Н. 1990: 49].

Келесі бір түрік ғалымы Казым Миршан «Алфабетик язы башлангычы» («Алфавиттік жазудың басталуы») атты Бодрумда 1994 жылы шыққан еңбегінде руналық және рунаға ұқсас жазбаларды, тастар мен үңгірлердегі суреттерді зерттеу барысында жаңа тұжырымдар жасайды [Миршан К.1994]. Мәселен ол Сібірде, Қазақстанда, Абакан-Енисайда, Лена бойында, Алтай тауларында, Шығыс Түркістанда, в Анадолыда, Румынияда, Грекиеде, Швейцарияда, Италияда, Францияда, Солтүстік Испанияда табылған бұдан 20 мың жыл бұрынғы бояулармен салынған пиктограммаларды, 15 мың жыл бұрынғы жартастар мен тастардағы петроглифтерді зерттей отырып, олардан бірте-бірте алфавит пайда болған, Түріктерде де жазу осылай дүниеге келген, - деген болжам жасаған. Ол тіпті бұдан 4500 жыл бұрын Франция жерінде жазылған глозелдік жазбалар мен прототүрік жазбаларын салыстырмалы түрде талдай отырып, бір кездері Орта Азиядан Францияға дейін созылған орасан зор түрік өркениеті болған дейді. Айта кететін нәрсе оның аталған жазбалардың сырын ашуына Сорбонн профессоры Роберт Лирис көмектескен және ол «глозелдік» жазбаламен этрусскілік жазулардың ұқсастығына да назар аударған.

 А. Аманжолов: «Самая старая надпись Тюркским алфавитом, Иссыкская надписьнаписаная на плоском серебряном кубке, была найдена в 1970 году в королевской могиле расположенной в Балыкчи (Иссык), Киргизском городе у озера Иссык, и была датирована 5-м в. до н.э.», - дейді өзінің «Генезис тюркского рунического алфавита» атты Алматыда 2003 жылы шыққан кітабында [Аманжолов А. 1970: 4]. Ол да түрік алфавитінің б.з.б. Ү ғасырдың өзінде-ақ пайдаланылғанын айтады және оның өте көне замандардан келе жатқанын жоққа шығармайды.

 О.Н. Туна мен К. Миршан Еуропада өткен бірнеше халықаралық конференциялар мен симпозиумдарда өз тұжырымдамаларын жариялап, дәлелдеген белгілі ғалымдар. Олардың тұжырымдары түрік тілінің бұдан 11 мың, ал жазуының 8-8,5 мың жыл бұрын қалыптасқандығы туралы болжамдары негізсіз емес. Олардың және А. Окладников пен Ә. Ахметовтың, А. Аманжоловтың тұжырымдары түрік тілінің негізінің қаланған уақыты туралы біздің болжамымызға арқау болды.

Келесі мәселе кімдер сол көне замандарда түрік тілін негіздеген және пайдаланған? - деген сұрақ көлемінде болуы керек. Бұл мәселені айқындауда және талдауда мәдени-антропологиялық зерттеулердің методологиясы деп есептелетін диффузионизмді пайдаланған тиімділеу.

Әзірбайжан зерттеушісі Фиридун Агасыоглу Джалилов шумер, аккад, ассирия және урарту деректері негізінде б.з.б. ІҮ-Ш мыңжылдықтарда Ассирия мен Урарту аралығындағы Тигр бойында өмір сүрген субарлардың, олардан төменірек мекендеген кумандар, гутилер мен лулулардың және Урмия көлі маңындағы туруктердің түріктілдестігін дәлелдеуде.

У.Х. Шалекенов кейінгі жылдары арийлер туралы жазып жүр[Шалекенов У.Х., 2012: 7]. Арийлер Үндістанға б.з.б. П мыңжылдықта барған деп есептеледі. Олардың арғы отаны туралы мәселені арнайы қарастырған Индияның даңқты қоғам және мемлекет қайраткерлері Дж. Неру мен С.А. Данге болғаны белгілі. Дж. Неру Грекиеге барған арийлерді грек-арийлер, ал Үндістанға барғандарын үндіарийлер деп атайды. Ол атаулар туралы өз көзқарасымды 2008 жылғы мақаламда білдіргенмін [Төлебаев Т.Ә., 2008:8].

 Бұл жерде грек-арийлер ретінде б.з.б. ХП ғасырда Балқан түбегіне басып кірген дорий тайпалары айтылып отыр. Дж. Неру сонымен бірге Персия мен Месопотамияда арийлік қоныстардың болғандығын да атап өтеді[Неру Дж. 1980:9]. Ал С.А. Данге арийлердің кейбір тармақтарының Еуропа мен оңтүстік-батыс және оңтүстік Азияға қоныс аударғанын айта келіп, Индияға олар Гималай, Пенджаб және Кашмир арқылы келді деп көрсетеді[Данге С.А., 1950.] Сонымен С.А. Данге айтқандай Гималайдың арғы жағындағы арийліктердің белгілі бір топтары жан-жаққа қоныс аударғанға дейін олар қазіргі Қазақстан, кейбір зерттеушілер жазып жүргендей Сібір аймағында да өмір сүрді ғой. С.А. Данге арийліктердің ганалары – берік әлеуметтік-шаруашылықтық ұйымдары туралы айтады және оның арғы отанында қалыптасқан жүйе екендігіне назар аударады.

 Мен Г.М. Бонгард-Левин мен Н.В. Гуровтың мына тұжырымына да назар аудару керек деп есептеймін: «миграция индоарийских племен шла волнообразно и в течение длительного времени; что она началась задолго до сложения «Ригведы» как литературного памятника, что в создании гимнов «Ригведы» принимали участие различные индоарийские племена, говорившие, по-видимому, на разных диалектах [Бонгард-Левин, Гуров В.Н.,1988:77]. Бұл зерттеушілер арийлердің Үндістанға Пенджаб арқылы барғанын айтады. Біздіңше арийлердің Еуропа мен оңтүстік – батыс Азияға да қоныс аударуы толқын түрінде өткен.

Белгілі татар зерттеушісі Мирфатых Закиев өзінің «Происхождение тюрков и татар» атты Мәскеуде 2002 жылы шыққан монографиясында арлар, арийлер және гандарийлер туралы Геродот деректерін келтіре отырып былай дейді: «Что касается этнонима гандарии, то он по тюркской этимологии называет также аров/арийцев, но аров, имеющих гана/хана: ганды-ар, где ганды/ханлы‘имеющие хана’»[Закиев М.,2002:12]. Бұған қарағанда М. Закиев арийлерде мемлекеттік басқару болған деп есептейді.

Бүгінгі таңда өзінің арғы тегін арийлерден таратуға ұмтылушылар көбейді. Орыс зерттеушілері арийлердің Индияға қоныс аударуын Кавказ арқылы көрсетіп жүр. «Курды и арийцы» атты қалың кітаптың шығуы да осыны байқатады. Бұл сөз жоқ арийлердің « ең таза қанды халық» ретінде дәріптелуінен. Ал таза қанды деген атақ оларға бекер берілмесе керек. Өздерінің ганаларын мықтай түсу, сырттан басып алу әрекеттерін болдырмау үшін біршама жүйеленген шаруашылықтық-әлеуметтік басқару ұйымын құрған. Ал бұл бізге белгілі «әскери демократия», ру-тайпалық басқа да бірлестіктерге қарағанда адамзат тарихындағы ең алғашқы біршама берік, мықты және сонысымен тұйықталған сияқты көрінетін ұйымдастырылған, жүйелі тәртібі бар ганалардан құралғандықтан шеттен ене алмайтындай болуы себепті пайда болған «таза қандылар» деп қарастырылуы біршама шындыққа жақын деп ойлаймыз. Оның үстіне диффузионизм Үндістандағы ганалары мен касталық жүйенің қалыптасуына арийліктердің ықпалы болған деген тұжырым жасауға мүмкіндік береді.

Қалай болса да біз үшін осы баяндамадағы келесі бір мәселе сол арийлердің өмір сүрген уақытын айқындау болып табылады. Бұл әрине арнайы зерттеуді қажет етеді. Дегенмен біздің ол мәселені зерттеушілерге ой салу мақсатында мынаны айта кеткеніміз жөн сияқты. Арийлер - қазіргі қазақ даласында ежелде өмір сүрген аты белгілі халықтың алғашқысы. П-мыңжылдықта жер шарының біраз бөлігіне таралған арийлер арғы отанында одан бұрын кемінде тағы да екі жүз жылдай өмір сүрген деп ойлаймыз. Бүгінгі таңдағы үндіирандық тіл тобы туралы болжамдарды сынаушылар арийлердің пртототүрік тілінде сөйлегенін айтады.

Арийлерден кейінгі негізгі отаны қазіргі қазақ жері болған халық – сақтар. Бүгінгі таңда сақтардың өмір сүрген уақытымен аумағы, тілі қайта қарауды қажет ететін мәселелер. Бәрімізге белгілі кеңестік кезеңде бүкіл далалы аймақта бірыңғай сақ мәдениетінің қалыптасуы б.з.д. ҮП ғ. деп көрсетілген еді. Міне содан бері бұл датадан арыға бармау қабылданған тәртіп сияқты болып келеді.

Ал Қытайдың белгілі археологы Таң Шиәнчун 1993 жылы «Әдебиет-тарихи білімі» журналының 7 санындағы «Жыужы» атты мақаласында: «1980 жылы Лоб-нұрдың батыс жағындағы Лыулән ежелгі жұртынан бір әйелдің сүйегі табылды. Зерттеуге қарағанда, ол осыдан 4000 жылдың алдында жасаған адам», - дей келе оның сақ екендігі күдік тудырмайтынын жазады[Таным тармақтары, 2005:13]. Ал екінші бір қытай зерттеушісі Ваң Минжы «Іле өзені алқабындағы сақтар» атты 1985 жылы жарияланған мақаласында: «Нылқы ауданындағы Нұрасайдан табылған мыс кенінің орны мен Іле өзені алқабынан табылған көптеген мыс бұйымдарынан біз мынадай ой түйіндейміз. Іле өзені алқабында біздің жыл санауымызға дейінгі 1000 жыл шамасында Соғыс мемлекеттері дәуіріне дейін өмір сүрген сақтарда мыс мәдениеті едәуір дамыған», - деген еді[Таным тармақтары,2005: 48]. Бұл екі тұжырым да сақтар тарихының хронологиясын қайта қарауды қажет етеді. Бұл жазылғандарға қарап, сақтар мыс дәуірінде болмаса да, қола дәуірінде, демек б.з.б. П мыңжылдықтарда өмір сүргендігі көп күмән келтіре қоймайтын сияқты. Бұл да зерттеуді, анықтауды қажет ететін мәселенің бірі. Тарихи уақыттың тарихи кеңістікті өзгертіп отыратының ескере отырып сақтар мен скифтердің біртұтастығын, Ұлы сақ империясын құрғандығын кейінгі кездері жекелеген зерттеушілер жазып, айтып жүр. Бұл бүкіл түркі ғалымдары зерттеуге, айқындауға тұрарлық тұжырым.

Мирфатых Закиев аталған көлемді еңбегіндегі «Скифо-сарматские этнические корни Тюрков» атты тарауында скифтер мен сақтарды бірге қарастырады және олардың ирантілдестігі туралы тұжырымға күйрете соққы бере отырып, түріктілдестігін дәлелдейді. І-П ғғ. өмір сүрген Дионисийдің Каспийдің солтүстік-батысында өмір сүрген халықтар туралы деректерін келтіре отырып: « Из перечисленных им племен все были тюркоязычными: скифы - в основном тюркоязычны, каспи - это также тюрки, этноним которых состоит из элементов кас ‘скала’, пи (бей, бай) - первоначальный тюркский этноним, алан<алуан<албан - этноним тюркских племен, кадус - тюркский этноним, состоящий из первоначального этнонима ус (вариант этнонима ас), определением его выступает кад<кас ‘скала’, кадус ‘асы у скалистых гор’». - дейді. Аталған тарауға қорытынды жасай келе: «индоиранисты, специально отбирая из скифских письменных памятников ираноязычные слова, пытаются представить язык скифов как единый язык иранской группы, а отдельные из них тщетно доказывают, что древнеиранский язык скифов является якобы языком предков осетин.

Мы считаем, что среди скифов большое (основное) место занимали тюрки. Далее мы обращаем внимание читателей на то, что в Центральной и Средней Азии сюны/гуны (хунны) и их разновидности сянби, усуны, табгачи, жужане и эфталиты образовали обширный древний тюркоязычный ареал», - дейді М. Закиев [Закиев М., 2002, 107].

Сонымен аталған мәселелер көлемінде зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында мына тұжырымдарға назар аударылғаны дұрыс деп есептеймін:

1.  Түрік тілінің негіздері бұдан 30-20 мың жыл бұрын–ақ қалана бастаған. Ал фонетикалық және грамматикалық тұрғыда бұдан 5500 жыл бұрын-ақ жүйеленген.

2.  Түрік тіліндегі жазудың бұдан 8000-8500 жыл бұрын болған және жер шарының көптеген аймақтарына оны білетіндермен бірге таралған.

3.  Арийлер - қазіргі қазақ даласында ежелде өмір сүрген аты белгілі халықтың алғашқысы. П-мыңжылдықта жер шарының біраз бөлігіне таралған олар арғы отанында одан бұрын кемінде тағы да екі жүз жылдай өмір сүрген, өзіндік өркениет негіздерін қалыптастырған.

4.  Арийлердің мұрагерлері сақтар б.з.б. П мыңжылдықта өмір сүрген. Сақтар мен скифтер бір халықтық топ. Олардың негізгі отаны қазіргі қазақ жері және уақыт өте келе Алтайдан Фракияға дейінгі орасан зор аймақты мекендеп, иелік еткен ұлы империялық бірлестік құрған.

5.  Арийлер мен сақтар прототүрік тілін негіздегендер.

Әдебиеттер

Аманжолов А. Генезис тюркского рунического алфавита. – Алматы,. 2003. - 4-б

Ахметов Ә. Азия-Берингия-Америка немесе америкалық «үндістердің» азиялық тегі. - Алматы, 1992.

Ахметов Ә. Түбі түркі өркениеті. - Алматы, 2009.

Бонгард-Левин Г.М., Гуров Н.В. Древнейшая этнокультурная история народов Индостана: итоги, проблемы, задачи исследования» // Древний Восток: этнокультурные связи. - М., 1988. - 77-б.

Данге С.А. Индия от возникновения первобытного коммунизма до разложения рабовладельческого строя. - М., 1950. - 41-б.

Дж. Неру. Взгляд на всемирную историю. - М., 1980. 123-б.

Закиев М. Происхождение тюрков и татар.– М., 2002. - 91-б.

Миршан К. Алфабетик язы башлангычы. - Бодрум, 19947 - 77-б

Окладников А. Первыми американцами были сибиряки // Наука и жизнь, 1975. -  №12. - 7-б.

Таным тармақтары. - Алматы, 2005. - 13-б.

Төлебаев Т.Ә. Ежелгі Қазақстанның тарихи кеңістігі туралы. // Халықаралық интеграция мен модернизация жүйесіндегі Қазақстан-Германия қатынастары. - Алматы, 2008. - 56-б.

Туна О.Н. Байырғы түрік тілі. – Анкара, 1990.

Шалекенов У.Х. Арийлер өркениеті негіздері. - Алматы, 2012.

References:

Amanzholov A. Genezis tiurkskogorunicheskogo alfavita. – Almaty, 2003. - 4-b.

Akhmetov Ә. Aziia-Beringiia-Amerika nemese amerikalyq «үndіsterdіn» aziialyq tegі. - Aimatu, 1992.

Akhmetov Ә. Tүbі tүrkі orkenietі. - Almaty, 2009.

Bongard-Levin G.M., Gurov N.V. Drevneishaia etnokulturnaia istoriia narodov Indostana: itogi, problemy, zadachi issledovaniia». // Drevnii Vostok: etnokulturnye sviazi. - M., 1988.77-b.

Dange S.A. Indiiaotvozniknoveniiapervobytnogokommunizma do razlozheniiarabovladelcheskogostroia. - M., 1950. 41- b.

Dzh. Neru. Vzgliad na vsemirnuiu istoriiu. - M., 1980. 123 - b.

Zakiev M. Proiskhozhdenie tiurkov i tatar. – M., 2002. 91-b.

Mirshan K. Alfabetik iazy bashlangychy. - Bodrum, 1994, 77-b

Okladnikov A. Pervymi amerikantsami byli sibiriaki // Nauka i zhizn, 1975. -  №12. - 7-b.

Tanym tarmaqtary. - Almaty, 2005. 13-b.

Tөlebaev T.Ә. Ezhelgі Qazaqstannyn tarikhi kenіstіgі turaly // Khalyqaralyq integratsiia men modernizatsiia zhүiesіndegі Qazaqstan-Germaniia qatynastary. - Almaty, 2008. 56-b.

Tuna O.N. Baiyrғy tүrіk tіlі. – Ankara, 1990.

ShalekenovU.Kh. Ariiler orkenietі negіzderі. - Almaty, 2012.

Т.А. ТУЛЕБАЕВ¹, Г.Е. АБИКЕНОВА²

¹д.и.н., профессор, КазНУ им. аль-Фараби

² к.и.н., ассосированный профессор, КазНУ им. аль-Фараби

г. Алматы, Казахстан

ТРАДИЦИОННЫЕ МЕТОДОЛОГИЧЕСКИЕ НАПРАВЛЕНИЯ И ЛИНГИВИСТИЧЕСКАЯ ГЕОГРАФИЯ ПРОТОТЮРКОВ: ИСТОРИОГРАФИЧЕСКИЙ АСПЕКТ

Резюме

На современном этапе одним из сложных вопросов является проблемы методологии науки. Выясняется, что объявленный в советский период  единственно правильной методологией - эволюционизм не всегда дает возможность глубоко и всесторонне осветить процесс исторического развития. А использование в процессе исследовательской деятельности традиционные и современные направления методологии науки дает возможность сделать новые концепции и повысить степень новизны исследования. В настоящей статье мы постарались показать способы использования позитивизма и диффузионизма в процессе исследования такой сложной проблемы как историография лингивистической географии прототюрков. В статье проанализированы работы исследователей США, Турции, России, Китая и Казахстана, которые являются представителями различных профессии и наук, как историографический источник. Освещая некоторые концептуальные взгляды вышеназванных исследователей, мы выявили все еще не выясненные и требующие дальнейших исследовании проблемы.

Ключевые слова:методологические направления, лингивистика, тюрки, тюркский язык,позитивизм, диффузионизм, арий, саки,археология, фонетика, грамматика.

T.A. TULEBAYEV¹, G.E. ABIKENOVA²

¹Ph.D., Professor, al-FarabiKazNU

² Ph.D., Associate Professor, al-FarabiKazNU,

Almaty, Kazakhstan

TRADITIONAL METHODOLOGICAL DIRECTIONS AND LINGUISTIC GEOGRAPHY OF PROTO-TURKS: HISTORIOGRAPHIC ASPECT

Summary

At the present stage, one of the most difficult issues is the problem of the methodology of science. It turns out that the announcement of the only correct methodology in the Soviet period – evolutionism does not always provide an opportunity to highlight the process of historical developmentthoroughly and comprehensively.And the use of traditional and modern directions of the methodology of science in the process of research activity makes it possible to make new concepts and increase the degree of novelty of research. In this article we have tried to show the ways of using positivism and diffusionism in the process of studying such a complex issue as historiography of proto-Turk linguistic geography. The article analyzes the work of researchers from the USA, Turkey, Russia, China and Kazakhstan, who are representatives of various professions and sciences, as a historiographical source. Highlighting some of the conceptual views of the above researchers, we have identified still not clarified and require further study of the issue.

  Keyword:methodological directions, linguistics, Turks, Turkic language, positivism, diffusionism, arias, Saka, archeology, phonetics, grammar.


Пікірлер
Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 912

Рецензиялар (1)

Жүктеу

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ТҮРІК ҚАҒАНАТЫНДАҒЫ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ Жетісу сақтарының дүниетанымындағы ірі обалардың алар орны ӘОЖ 902 (574) ШІЛІКТІ ДАЛАСЫ ЕЖЕЛГІ КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ ЖЕРЛЕУ ҒҰРПЫНДАҒЫ ЖЫЛҚЫНЫҢ ОРНЫ Т.Т. МҰСТАФИННІҢ ҚОҒАМДЫҚ, ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТІ УДК 902 «63» (574.13) ИЗУЧЕНИЕ КАМЕННЫХ КОЛЛЕКЦИЙ ЗАПАДНО-КАЗАХСТАНСКОГО НАУЧНО-КОЛЛЕКЦИОННОГО КАМЕННОГО ФОНДА И РЕГИОНАЛЬНОЙ ГЕОЛОГИЧЕСКОЙ ВЫСТАВКИ ДӘСТҮРЛІ МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ БАҒЫТТАР ЖӘНЕ ПРОТОТҮРІКТЕРДІҢ ЛИНГИВИСТИКАЛЫҚ ГЕОГРАФИЯСЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ АСПЕКТ ҚОРЫҚ-МУЗЕЙДІҢ ЗЕРТТЕУ НЫСАНДАРЫ ҒТАХР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАМР 03.81.31 ҰЛЫ ДАЛА КӨШПЕНДІЛЕРІ МЕН КӨНЕ ЖӘНЕ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ КОРЕЙ МЕМЛЕТТЕРІ БАЙЛАНЫСТАРЫНЫҢ ТАРИХНАМАСЫ ҒТАМР 03.09.25 ОРТАҒАСЫРЛЫҚ АТ-ТУХФА ҚОЛЖАЗБАСЫНА ТАРИХИ-ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СИПАТТАМА ҒТАМР 03.20.00 АҚТӨБЕ (БАЛАСАҒҰН) ҚАЛАСЫН ЗЕРТТЕУ КЕЗIНДЕГI ТАБЫЛҒАН ДЕРЕКТЕРГЕ ШОЛУ

Автордың мақалалары

ДӘСТҮРЛІ МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ БАҒЫТТАР ЖӘНЕ ПРОТОТҮРІКТЕРДІҢ ЛИНГИВИСТИКАЛЫҚ ГЕОГРАФИЯСЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ АСПЕКТ