Басты бет » Материалдар » ҚЫТАЙДЫҢ БАТЫС БӨЛІКТІ ҚАУЫРТ ИГЕРУ СТРАТЕГИЯСЫ ЖӘНЕ ШЫҢЖАҢНЫҢ ШЕКАРА ӨҢІРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУЫ

Н. Мұқаметханұлы , т.ғ.д., проф., Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Алматы қ., Қазақстан nabizhan.muhamethkanuly@gmail.com, Д.А. Мадиев, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ PhD докторанты

ҚЫТАЙДЫҢ БАТЫС БӨЛІКТІ ҚАУЫРТ ИГЕРУ СТРАТЕГИЯСЫ ЖӘНЕ ШЫҢЖАҢНЫҢ ШЕКАРА ӨҢІРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(17) 2019

Тегтер: стратегия., шекара, Батыс, бөлікті, қауырт, игеру, қауырт, игеру, бойы, маңы, шекара, аудандар, саудасы, Шыңжаңды
Аңдатпа:
Шыңжаң ҚХР-дың батысына орналысқан әкімшілік-территориялық бірлік. Бұл ауданның мемлекет үшін геосаяси, геоэкономикалық, әлеуметтік маңызы өте зор. Сондықтан, Қытай билігі аймақтың саяси тұрақтылығы мен экономикалық дамуына соңғы жылдары ерекше көңіл бөлінуде. Аймақтың географиялық орналасу ерекшеліктері, жер қойнауында жатқан мол қазба байлықтар және сақталып отырған ұлтарылық мәселелерге байланыстыҚКП бұл аймақты түбегейлі өзгерту саясатын жүргізуде.Соның бір парасы - «Батысты қауырт игеру» - «Шыңжаңды қауырт игеру» стратегиялық жоспары болып табылады. Бұл жоспарды жаңа ғасырдан бастап жүзеге асырып келеді.Соның нәтижесінде Шыңжаңның шекара өңіріндегі аудандарының әлеуметтік-экономикалық дамуы тездеді, имфрақұрылымдары жақсарды, кәсіпкерлік дамыды, тұрғындардың демографиясы өсті, әл-ауқаттары артты, әлеуметтік құрылыстар қанат жайып, қалалар қалыптасты, ауыр және жеңіл өнеркәсіп орындары салынды,халықаралық қатынастары кеңейді, шекара бойындағы сауда экономикалық байланыстар дамыды. Шекара бойында ашылған еркін экономикалық зоналардың дамуы, және оның Қазақстанмен ынтымақтастығы, тіпті, Орта Азия және Батыс елдері арасындағы қатынастарының дамуы, туристік байланыстар кеңейді. Жалпы, Қытайдың шекара өңірі әлуетінің күшеюінің Қытай үшін стратегиялық мән-маңызы ең маңызды болып табылады. Бұдан Қазақстан үлгі алуы керек, сәйкесті түрде шекара аудандарын дамытуы қажет. Түйін сөздер: Батыс бөлікті қауырт игеру, Шыңжаңды қауырт игеру, шекара маңы аудандар, шекара бойы саудасы, стратегия.
Мазмұны:

Кіріспе. Қытай Халық Республикасы (ҚХР) ХХІ ғасырдан бастап «Батыс бөлікті қауырт игеру» стратегиялық жоспары аясында Шыңжаңды қаруырт игеру саясатын жүзеге асырып келеді. Соның нәтижесінде қазір Шыңжаңның шекара өңірінің әлеуметтік жағдайы жақсарып, экономикалық сауда байланыстары дамып келеді. Қытайдың бүл тәжірибесінің Қазақстан үшін қолданбалы маңызы бар деп санаймыз. Сондықтан осы мақаламызда осы стратегияның  қабылдануы, жүзеге асыру механизмі және оның әлеуметтік нәтижелерін қарастырмақпыз.

Талқылау. Қытай Халық Республикасының әлеуметтік-экономикалық тарихы мен оның қазіргі  дамуына ғылыми сипаттама берілген кеңес қытайтанушылары мен дипломатиялық корпустың қызметкерлері, олардың ішінде Қ. Тоқаев, К. Сыроежкин, Е.С. Баженова , Ю.В. Фролова  сияқты ғалымдардың  еңбектерін атап айтқан абзал [3].

Деректері

Мақаланың деректік негізі қазақ, орыс, қытай және батысеуропалық деректерге негізделеді. Сонымен қатар, Қытай ғалымдарының жарияланған материалдары мен Қазақстан сыртқы саясатының мұрағатының жарық көрген деректері және Қытай елінен алынған құжаттар қалыптастырады.

Әдістері

Қолданылған методологиялық және теориялық тәсілдеріне келер болсақ, тарихи зерттеу тәсілдері кең қолданылды. Оның ішінде тарихи оқиғалардың қалыптасуын, дамуын, өзара байланысын көрсететін тарихилық тәсілі, эмпирикалық тәсіл қолданылды.

Нәтижесі. Шыңжаңды қауырт игеру және шекара өңірінің әлеуметтік экономикасының дамуы

ҚХР-дың, «Батыс бөлікті қауырт игеру» стратегисы – Қытайдың жалпы әлеуметтік экономикалық даму жоспарының құрамдас бөлігі болып табылады. Осы стратегияның аясында «Шыңжаңды қауырт игеру» саясаты да 2000 жылдан бері атқарылып келеді. Соның нәтижесінде Қазақстанмен шекараласатын Қытайдың Іле Қазақ автономиялы облысы мен Боратала Моңғол автономиялы облыстары өңірлерін басып өтіп Батыс елдеріне қатынап жатқан халықаралық маңызы бар күре жолдардың іске қосылуы – шекара маңы аудандарының әлеуметтік жағдайын дамыта түсуде. Өйткені бұған мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп отыр.

  ҚХР үкіметі Шыңжаңның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жоспарын 2050 жылға дейінгі «Батысты қауырт игеру» стратегиялық бағдарламасы аясында іске асыруды көздейді. Сондықтан олардың алдына қойған басты міндеттері:

1. Аймақтың ауыл шаруашылық саласын дамыту;

2. Әлеуметтік қолдау жүйесін қалыптастыру;

3. Инфрақұрылымды дамыту;

4. Қалалық мекендерді көбейту [1].

  Бірінші міндеттің орындалуы. Шыңжаңның солтүстік-батыс шекара өңіріндегі ауыл шаруашылығы ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған маңызды салалардың бірі болғандықтан оған қашан да назар аударылады.

Қазіргі таңда «Батысты қауырт игеру» бағдарламасының 2011-2030 жылдарға белгіленген екінші кезеңі жүріп жатыр. Жаңа өндіріс орындары, транзиттік тасымалын арттыратын инфрақұрылым және әлеуметтік нысандар құрылысы жүргізілуде. 2016 жылы Іле-Қазақ автономиялық облысында өндірілген өнімнің жалпы құны 156 млрд 230 млн юаньді құраған, бұл 5 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 11.4% өскен [2].

  Шекара өңірінің әлеуметтік-экономикасын арттырып отырған саланың біреуі туризм. Соңғы жылдары аймақта жаңа туристік қызмет көрсету айтарлықтай дамыған. Туризмнің дамуына шекара бойында ашылып жатқан Еркін экономикалық зоналардың үлесі зор болып тұр. Шыңжаңның туристік компаниялары туристерге «Көне Жібек жолы» маршруты бойынша жүріп өтуді, тауға шығу, көне қалаларды аралау, аңшылық, жергілікті халықтың салт-дәстүрімен танысу, экологиялық экскурсия жобалары бойынша қызмет көрсетуде.

   Туризмнің арқасында шекара өңірінің ішкі және сыртқы сауда көлемі, қоғамдық тамақтану желісі өседі, транспорттық байланыс жақсарады, тұтыну товарлары мен дәстүрлі қолөнер өнімін өндірушілер көбейіп, жергілікті экономиканың жандануына септігін тигізуде.

Соңғы жылдары ШҰАА жетекші инфрақұрылымдық салаларының жедел дамуына, оның ішінде авто және теміржол құрылысына, аэропорттар мен гидротехникалық және энергетикалық нысандардың құрылысына миллиардтаған юань инвестиция тартуда. Он екінші бесжылдықтың жоспарына сәйкес ҚХР Үкіметі өңіріндегі транспорттық инфрақұрылымды жақсарту, Батыс Қытайдың негізгі көлік торабының транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында ШҰАА көлік жүйесін белсенді дамытуды бастады.

2006-2010 жылдар аралығында Шыңжаңда көлік және байланыс саласындағы негізгі қорларға 67,2 млрд юань салынды, бұл жоспарланған деңгейден 12,0 млрд юаньға артық. Атап айтқанда, 2010 жылы көлік пен коммуникациялар саласына салынған инвестициялар көлемі 24,8 млрд юаньды құрады, бұл жоспарланған деңгейден 9,8 млрд юаньға артты. 1965 км жоғары жылдамдықты, 3223 км магистральды жолдар, 8000 км ауылдық жолдар салынды. Осы уақыт аралығында теміржол құрылысына 47,6 млрд юань қаражат салынған, ол өткен бесжылдықпен салыстырғанда 11,2 есе артқан. Солтүстік-батыс шекара өңірінде Цзинхэ-Инин-Қорғас, Күйтүн-Бэйтүн және Шыңжаңның басқа өңірлерінде бірқатар стратегиялық маңызы бар теміржол желісі салынды. 2010 жылы Шыңжаңдағы қолданыстағы теміржол ұзындығы 1068 км-ге артып, жалпы ұзындығы 4093 км жеткен [3]. Мұндай инфрақұрылымдық жобалар аймақтың халықаралық байланыстарын нығайтып, экономикалық даму деңгейін арттыруға үлкен септігін тигізеді.

Алашанькоу-Достық бағыты бойынша 2009 жылы (381,5 км) пайдалануға берілген Үрімші-Цзинхэ учаскесі Орталық Азия елдерімен жүк тасымалдау көлемін едәуір арттырды. ШҰАА-нан темір жолмен тасымалданған жүк көлемі 2010 жылмен салыстырғанда 7% -ға артты.

Шыңжаңның автожолдар қатынасына да ерекше көңіл бөлінуде. Ляньюньган-Қорғас автожолы елдің шығысынан батысын көктеп өтіп, Батыс елдеріне баратын бірден-бір жолға айналды. 

Қытай үкіметі шекара өңірінің әлеуметтік экономикалық даму қарқынын жеделдетудің бірден бір құралы ретінде шекара маңы экономикалық ынтымақтастық аймақтарының құрылысын кеңейтіп салды. Бүгінгі таңда, ҚХР-дың шекара өңірлерінде ашылған 14 осындай аймақтың үшеуі солтүстік Шыңжаңның шекара өңірінде орналасқан. Олардың қатарында 1992 жылы құрылған Инин (Құлжа), Тачэн (Шәуешек), Болэ (Боратала-Моңғол автономиялық облысы) шекара маңы экономикалық ынтымақтастық аймақтарды атауға болады.

 2010 жылы Шыңжаңды дамыту орталық кеңесінде, шекара бойына жақын жердегі Қашғар және Қорғас қалалары ерекше экономикалық даму аймақтары болып бекітілді.

2018 жылы Үрімші-Қорғас жоғары жылдам теміржол магистралі қолданысқа берілді. Бұл жолды ҚХР-дың ақпарат кеңістігінде «Қытай жүргізіп жатқан Жаңа Жібек жолының негізі» және «Шекаралас мемлекеттердің қай-қайсысына да стратегиялық маңыз бар темір жол» [4] деп санады.

  2011 жылы ҚХР Мемлекеттік Кеңесі қабылдаған «Қорғас пен Қашғарда экономикалық даму аймақтарын құруға қолдау көрсету туралы ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің бірқатар пікірлері» деген құжатта, Шыңжаң арқылы Орталық, Оңтүстік және Батыс Азияға шығуға, логистикалық мүмкіншіліктерін пайдалана отырып шекара маңындағы сауда-саттықты жүргізуге, және өңірдің жалпы транзиттік, экономикалық әлеуетін арттыруға болады [5] – деп көрсетілген. 

Ал,ынтымақтастық аймағының инфрақұрылым құрылысына және негізгі қорларға салынған инвестиция көлемі 5 млрд юаньнан астам. Экономикалық ынтымақтастық аймағында 435 әртүрлі типтегі кәсіпорындар тіркелген, олардың ішінде 103 өндірістік өнеркәсіп орны, өнім көлемі 100 млн юаньнан асатын 7 кәсіпорын, 10 млн юаньнан асатын 26 кәсіпорын бар. Өнімін ел ішіне де, экспортқа да шығаратын кәсіпорындар шоғырланған [6].

Демек, Қытайдың Қазақстанмен шектесетін өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымы да, экономикалық өндіріс жүйесі де заманауи талапқа сай қалыптасты деуге болады. Мұның өзі белгілі мағынада Қазақстан үшін үлгі әрі сын деп санаймыз.

Шекара бойындағы сауда-экономикалық байланыстарының дамуы

Шыңжаңның шекара өңірі аудандарының әлеуметтік-инфрақұрылымдарының жақсаруы, оның, тіпті жалпы Қытайдың сауда-экономикасының қарқынды дамуына негіз қалады. Сондай-ақ, ол Қытай шекара аудандарының қауіпсіздігін нығайтуға да қолайлы жағдай жасады.

 Шыңжаңның сыртқы саудасы шекара маңы сауда қатынастарымен тығыз байланысты. Соңғы жылдардағы Шыңжаңның сыртқы саудасының тең жартысы шекара маңы сауда-саттығының үлесіне тиеді [7]. Өйткені Шыңжаңның географиялық орнымен дамыған имфрақұрылымы шет елдерімен тығыз сауда-экономикалық қарым-қатынастар жасауына қолайлы болды.

Қытайдың Шыңжаң арқылы Қазақстанмен және Орталық Азиядағы мемлекеттермен шекара бойында сауда-саттық жсау ХХ ғасырдың 80-ші жылдары басталған болатын. 1990 жылы  23 қарашада Қазақ КСР мен ҚХР Шыңжаң  үкіметтері өзара экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты дамыту жөніндегі келісімге қол қойды. Тараптар  тауар алмасу, көлік қатынасы, байланыс, энергетика, ауыл шаруашылығы және  туризм саласында  ынтықмақтастықты дамытуға келісті [8].

  1991 жылы Қазақстан егемендік алғаннан кейін  екі елдің арасындағы сауда байланыстары жаңа даму кезеңге қадам басып, екіжақты сауда-саттық көлемі үздіксіз ұлғайып отырды.

1992 жылы  Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық көлемі 432 милн АҚШ долларды құрады. Мұның ішінде Қытайдың Қазақстанға шығарған экспорт өнімі 205 миллион АҚШ долларына жетті, Қазақстанның импорт өнімінің 43,7% ұстады. Қытай Қазақстаннан 227 миллион АҚШ долларының бұйымдарын импорттады, бұл Қазақстанның экспортның 16,3% құрады [9].

1992 жылы ақпанда  бұрынғы Премьер-министр С.А. Терещенконың Қытайға сапары  екі жақты сауда-экономикалық қатынастың әрі қарай дамуын ілгерлетті. Сапар барысында  бірқатар құжаттарға қол қойылды. Соның ішінде мемлекеттік шекарадан өту-өткізу бекеттерінің ашылуы туралы келісімге (Қорғас  (Қазақстан) – Қорғас  (ҚХР), «Достық» (Қазақстан ) – «Алашанькоу» (ҚХР), «Бақты» (Қазақстан) – «Бақты» («Покиту». ҚХР) бекеттеріне халықаралық мәртебе берілді) қол қойылды.

Екі елдің шекара бойындағы саудасы, 1992 жылы 10 тамызда «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы  шекара бойындағы өткізу бекеттерін ашу туралы  келісімге» қол қойылғаннан кейін жандана түсті.

 1993 жылдың алғашқы жартысында Қытай мен Қазақстанның сауда-саттығы 116 миллион АҚШ долларына жетіп, мұның ішінде Қазақстанның Қытайға шығарған экспорты 84 миллион АҚШ долларды, Қазақстанның экспортының 12,1%-ын құрады.

1993 жылы қазан айында Қазақстан Президенті Н. Назарбаев  алғашқы рет Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды.  Сапар барысында  Нұрсұлтан Назарбаев пен Цзянь Цзэминь  екі мемлекеттің өзара қатынасының қағидаларын айқындайтын ресми құжатқа – «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы  арасындағы достық және өзара қатынастың негіздері туралы Бірлескен Декларацияға»  қол қойды. Онда кәсіпорындардың арасындағы өзара қарым-қатынастар мен ынтымақтастықты жан-жақты дамытады, экономикалық ынтымақтастықтың барлық нысандарын көтермелейді [10, 162-б.], деп мәлімдеді.

 1994 жылы Қытай-Қазақстан екі елдің сауда-саттық мөлшері 218,7 миллион АҚШ долларына жетіп, оның ішінде Қытайдың импорттық үлесі 148,9  миллион АҚШ доллары болса, экспорттікі 69,8 миллион АҚШ доллары болды. Ал, 1995 жылы екі елдің сауда-саттық мөлшері артып, 328 миллион АҚШ долларын құрады [9]. 

1998 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 560 млн доллар болса, бұл көрсеткіш 2001 жылы 1 млрд 570 млн долларға жеткен. Бұл көрсеткіштің тең жартысы Қазақстан мен Шыңжаң арасындағы сауда айналымының үлесінде.

Шыңжаңның Орталық Азиядағы бес елмен 1991-2000 жылдар аралығындағы сыртқы сауда көлемі 6 млрд 892,5 млн АҚШ долларды құраған, оның 70% Шыңжаңның Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен арадағы шекара маңындағы сауда үлесіне тиесілі [11].

ХХ ғасырдың соңы-ХХІ ғасырдың басында Қазақстан мен Қытайдың шекара өңірінде екіжақты сауда-экономикалық байланыстар белсенді  жүзеге аса бастады. Қазақстанмен және Қытай арасындағы шекара бойындағы сауданың қарқынды дамуының статистикалық мәліметтеріне сәйкес,  Шыңжаң мен Қазақстан арасындағы шекаралық сауда көлемі 2000-2006 жылдар аралығында Шынжаңның жалпы сыртқы тауар айналымының 50 пайызынан астамын құрады [12]. 

2000-2008 жылдар аралығында Қазақстан-Қытай сауда байланыстары жаңа деңгейге көтерілді. 2007 жылы Қазақстан мен Шыңжаң арасындағы тауар айналымы  9,2  млрд АҚШ долларын құрады, 2008 жылы- 12,24 млрд АҚШ долларына дейін өсті [1].

  2008 жылы басталған қаржылық дағдарыстың салдарынан екі елдің  сауда көлемі біршама төмендеді. Бірақ 2010 жылы Қытай-Қазақстан сауда көлемі артты. 2011 жылы Қазақстан-Шыңжаң саудасы бірінші рет 10 млрд доллардан асты, ал импорт-экспорттың жалпы құны 10 млрд 597 млн долларға жетті. Қытай Қазақстанның маңызды сауда әріптесі және экспорттық серіктесіне айналды.

Қазіргі таңда Шыңжаңның шекара бойында 15 шекара өткізу бекеті жұмыс істейді, соның бесеуі Қазақстан-Қытай шекара бойында орналасқан. Олардың қатарында Алашанькоу-Достық, Қорғас, Бақты, Жеменей-Майқапшағай,Қалжат-Дулаты (Алматы облысы)секілді кедендік бақылау бекеттері бар. Соның ең үлкені Қорғас бекеті. Бұл өткізу бекеті Шыңжаң Іле Қазақ автономиялы облысының Қорғас (Хочэн) уезінде орналасқан. Ол екі ел арасындағы ең маңызды өткізу бекеті болып саналады.

«Қорғас» өткізу бекеті 1983 жылы 16 қарашада ҚХР Мемлекеттік Кеңес рұқсатымен қайтадан ашылды. 1992 жылы «Қорғас» шекаралық өткізу бекеті халықаралық транзиттік тасымал бекеті мәртебесіне ие болды. «Қорғас» шекаралық өткізу бекетінің өткізу қабілеті жылына 3 млн. жолаушылар мен 2 млн. тонна жүкті құрайды. Қытайдың «Қорғас» шекаралық өткізу бекеті Қытайдың Орталық Азия мен Европаға шығу «терезесі» болып табылады.

Бақты өткізу бекеті Іле-Қазақ автономиялы облысының Шәуешек аймағында орналасқан. Ол  Шыңжаңнан Орталық Азия мен Еуропаға бағытталған жолдың  маңызды өткелі. 1992 жылы қарашада  Бақты шекаралық өткізу бекеті ресми түрде  үшінші елдер үшін ашық болып жарияланды.  Оның өткізу қабілеттілігі жылына 200 мың тонна жүк пен 100 мың жолаушылар тасымалын құрайды [13].

Ал, Жеменей өткізу бекеті Алтай аймағының Жеменей (Зимунай) ауданында. Оның қарсы бетінде Шығыс Қазақстан облысының Майқапшағай бекеті орналасқан. Өткізу қабілеті жылына 100 мың тонна жүк пен 50 мың жолаушыны құрайды [14].

  «Достық-Алашанькоу» өткелі халықаралық статусқа ие. 1999 жылы өткел арқылы өткен жүк көлемі 3, 68 млн.тоннаға жетті, 2000 жылы – 4, 7 млн тонна.  «Достық-Алашанькоу» өткелі арқылы тасымалданатын жүк көлемінің көрсеткіші жылдан жылға артып, 2011 жылы тасымалданған жүк көлемі 16 млн тоннадан асып түскен. Ал 2017 жылдың алғашқы 8 айында, тасымалданған жүктің жалпы көлемі 6 млн 700 мың тоннаны құраған [15]. Жалпы, «Достық-Алашанькоу» халықаралық өткелі жұмыс істей бастаған уақыттан бері, өткел арқылы тасымалданған жүктің көлемі 110 млн тоннадан асқан [16].

  Кедендік бекеттердің Шыңжаңның халықаралық сауда-экономикалық байланыстарын нығайтудағы маңызы зор.«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын (ШЫХО)  құру ҚХР-дың Төрағасы Ху Цзиньтаоның 2005 жылғы 4-5 шілдедегі Қазақстанға жасаған сапары барысында екі ел үкіметі «Қорғас ШЫХО-сының қызметін реттеу туралы Келісіміне» қол қою арқылы бекіткен. Келісімге сәйкес «Қорғас» ШЫХО-сының аумағы Қазақстандағы бөлігі 120 гектар, ал Қытайдағы көлемі 343 гектар жерді құрады. Орталықтың атқаратын негізгі қызметтері:

·  Мемлекеттердің индустриалды-инновациялық саясатын жүзеге асыру;

·  Шетелдік капиталды тарту арқылы аймақтың экономикасын жандандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту;

·  экономикалық интеграция және ҚР өнеркәсібінің экспорттық бағдарлы салаларын дамыту;

·  сыртқы сауда операцияларына халықаралық стандарттар жүйесін енгізу;

·  көліктік-логистикалық және импорттық, экспорттық, сондай-ақ, транзиттік жүк айналымына терминалдық қызметтерді дамыту;

·  Ұлы Жібек жолы бойында туризм, көлік және байланыс инфрақұрылымдарын дамытуды қамтитын халықаралық туризмді дамыту;

·  Жергілікті мамандарды жұмыспен қамту және кадрлардың біліктілігін арттыру болып табылады.

  «Қорғас» ШЫХО 2012 жылы жұмыс істей бастады. Қазіргі кезде мұнда Қытай Өнеркәсіп-сауда банкі, Қытай Ауыл шаруашылық банкі, Қытай Құрылыс банкі, Қоммуникация банкі және басқа банктердің бөлімшелі жұмыс істейді.

  Қорғас шекара бекетінің мәліметінше, 2017 жылдың алғашқы 10 айында «Қорғас» ШЫХО-ға бару үшін 4 млн 650 мың адам кедендік бақылаудан өткен, туристер саны өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 10% артқан. Күн сайын Орталықта 5 млн юаньның тауары сатылады, негізгі тұтынушылар қытайлық және Орта Азиялық саудагерлер.

  Жалпы, Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық байланыстар үздіксіз даму динамикасында. 2016 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 7,9 млрд долларды құраса, 2017 жылы 32,6% артып, 10,5 млрд долларға жеткен [17].

  Демек, шекара өңірлерінің әлеуметтік имфрақұрылымдары мен кедендік өткізу бекеттер құрылысы мен ШЫХО дамуы, Қытайдың халықаралық сауда байланыстарын айтарлықтай дамытып отыр. Әрине, оның жақсылығы мен пайдасы Қазақстанға тиімды болып тұрғанын атап айтуға тиіспіз.

  Қорытынды.  Қорыта айтқанда, Шыңжаңның әлеуметтік дамуы 1949 жылы ҚХР құрылғаннан кейін жаңа тарихи дәуірге аяқ басты. Содан бері Шыңжаң үш үлкен әлеуметтік экономикалық даму кезеңін басып өтті. Оның алғашқы кезеңі 1949-1978 жылдардағы социалистік қайта құрулар мен жоспарлы экономикалық даму кезеңін қамтиды. Бұл тұста Шыңжаңның дәстүрлі қоғамдық құрылым жүйесі түбегейлі өзгеріп, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, өндірістік жүйелерінің базасы қаланды, соған сәйкес шекара өңірлерінің де қоғамдық жағдайы өзгеріп, дами түсті. Ал Шыңжаң дамуынының екінші кезеңі - 1978-2000 жылдар аралы болып табылады. Бұл кезеңде Қытай жалпы реформа және даму дәуіріне қадам басты. Соған сайкес Шыңжаңның әлеуметтік экономикасы да қарқынды дамыды, шекара өңірлерінің әлеуметтік инфрақұрылымдары  айтарлықтай жақсарды, жалпы нарықтық экономиканың жүйесі қалыптасып, сыртқы сауда-экономикалық байланыстары дами түсті.

 Шыңжаңның әлеуметтік дамуының үшінші кезеңі - 2000 жылдан қазірге дейінгі мезгіл. Бұл кезңнің басты ерекшелігі ҚХР үкіметінің «Батыс бөлікті қауырт игеру» стратегиясы аясындағы Шыңжаңды қауырт игеру науқанымен сипатталады. Шыңжаңды қауырт игеруге бүкіл Қытай бойынша 19 қала мен провинция қаржы, техника және адами ресурстарымен атсалысып, Шыңжаңның әлеуметтік экономикасын айтарлықтай дамытты, әсіресе, Шыңжаңның Қазақстанмен шектесетін шекара өңірлерінің инфрақұрылымдары заманауи талаптарға сай қалыптасты.

Соның негізінде Шыңжаңның әлеуметтік-экономикалық дамуы Шыңжаңның саяси экономикалық және стратегиялық маңызын арттыра түсті. Шыңжаң арқылы Қытайдың сыртқы байланыстары мен сауда экономикалық байланыстары кең қанат жайды.

  Ал Шыңжаңды қауырт игеру саясатының жүзеге асуы, шекара өңірлеріндегі тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып, шекара қауіпсіздігін күшейте түсті. Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара маңы сауда-экономикалық байланыстары мен мәдени алмасулар айтарлықтай дамып келеді.

  Жалпы алып айтқанда, ҚХР-дың Шыңжаңды дамытуының, әсіресе, шекара өңірлерінің әлеуметтік-экономикасы мен инфрақұрылымдарын заманауи талаптарға сай құруының саяси экономикалық та, стратегиялық қауіпсіздік маңызы да зор. Сондықтан Қытайдың шекара өңірлеріне қолданып отырған стратегиялық саясаты мен әлеуметтік тәжірибесінен Қазақстан үлгі алуы керек, үйренуі қажет деп санаймыз.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.  Баженова Е.С. Синьцзян и новые горизонты Великого Шелкового пути // Пространственная экономика. -2011. - №2. - С. 137-145 https://cyberleninka.ru/article/n/sintszyan-i-novye-gorizonty-velikogo-shelkovogo-puti

2.  Shan Wei. Weng Guifen. China’s New Policy inXinjiang and itsChallenges. https://www.scribd.com/document/340729295/ART-China-s-New-Policy-in-Xinjiang-and-its-Challenges-pdf

3.  Фролова Ю.В. Экономическая политика КНР в Синьцзян-Уйгурском автономном районе в контексте интересов стран Центральной Азии//Проблемы национальной стратегии №4 (25) 2014г. 65-85 стр.

4.  Statistical Communiqué of the Xingjiang Uygur Autonomous Region Statistical Bureau on 1995 Economic and Social Development. Xingjiang Daily, 27 January 1996. p. 2

5.  Всемерная помощь государства в развитии Синьцзяна. /2003/09/22 http://uz.chineseembassy.org/rus/sgxx/sgsd/t130478.htm

6.  Зона государственного приграничного экономичного сотрудничества Инин http://russian.cri.cn/881/2010/01/06/1s320771.htm 6.01.2010.

7.  Среди субъектов КНР Синьцзян лидирует по объему приграничной торговли. http://www.kazpravda.kz/print/1297655755

8.  Сыроежкин К. Казахстан - Китай: торгово-экономические отношения // Сб. Казахстан и мировое сообщество. - 1995. - № 1 (2). - C. 62-67.

9.  侯同娣、李雪艳.新疆边境贸易研究.边疆经济与文化.2005(9). (Шыңжаңның шекара маңы сауда-саттық жағдайын зерттеу. Шекара аймағының экономикасы мен мәдениеті).

10.  Токаев.К.К.  Преодоление. Дипломатические очерки. - Алматы: ОАО «САК» - НП ПИК «CAUHAR», 2003 - 656 с.

11.  О развитии пограничной торговли в Синьцзяне. http://russian.china.org.cn/russian/153393.htm

12.Интервью Чрезвычайного и Полномоченного посла Республикаи  Казахстан Ж. Карибжанова корреспонденту газеты «Женьминь Жибао// http//internetwebsystem.com/program/kzembassy». 24.10.2003.

13. Сухопутный (автодорожный) КПП «Бахты». http://russian.china.org.cn/russian/153475.htm

14. Сухопутный (автодорожный) КПП «Зимунай». http://russian.china.org.cn/russian/153467.htm

15. Объем грузоперевозок через переходы Достык и Алтынкол. https://ru.sputniknews.kz/economy/20170926/3340677/obem-gruzoperevozok-cherez-perekhody-dostyk-i-altynkol-prevysit-10-mln-tonn.html 26.09.2017.

16. Мустапаева А.Д., Рсымбетова Н.Д. Оптимизациялогистических аспектов транспортно-логистического центра достык как транспортно-логистической системы в цепи поставок грузов в направлении алматы-достыкkazatk.kzmaterial/nauka/practica1/337-340.pdf 2017.

17. Отношения Казахстана и Китая выходят на новый уровень.https://kapital.kz/economic/69671/otnosheniya-kazahstana-i-kitaya-vyhodyat-na-novyj-uroven.html 05.06.2018.

Мухаметханулы Н1.,д.и.н.., профессор, 1КазНУ им. аль-Фараби, г. Алматы, Казахстан

nabizhan.muhamethkanuly@gmail.com

Мадиев Д.А.1  

1КазНУ им. аль-Фараби, г. Алматы, Казахстан

daniyar.madiyev@gmail.com

Резюме

Синьцзян это - административно-территориальная единица, расположенная назападеКитая. Этот регион имеет огромное геополитическое, геоэкономическое и социальное значение для страны. Поэтому власти Китая в последние годы уделяют особое внимание политической стабильности и экономическому развитию этого региона.

Учитывая географическое положение региона, обилье минеральных ресурсов в недрах и сохраняющейся межнациональные проблемы, КПК проводит политику радикального изменения региона. Одним из аспектов этой политики является «Стратегическое развитие Запада» - «Интенсивное развитие Синьцзяна». План осуществляется с начала нового века. В результате улучшилось социально-экономическое развитие районов Синьцзяна, улучшилась инфраструктура, развилось предпринимательство, выросла демография населения и благосостояние народа, были расширены социальные объекты, построены города, основаны тяжелая и легкая промышленность, расширены международные отношения, сложились приграничные торгово-экономические связи.
  Это дал толчок развитию свободных экономических зон, открытых на границе и его сотрудничеству с Казахстаном, и даже развитию отношений между странами Центральной Азии и Запада. А также привел расширению туристических связей в регионе. В целом, стратегическое значение наращивания потенциала Китая в приграничных регионах имеет решающее значение для Китая. Казахстан должен последовать примеру, ему также  необходимо развивать свои приграничные районы.
Ключевые слова: интенсивное развитие западной части, интенсивное развитие Синьцзяна, приграничные районы, приграничная торговля, стратегия.

Mukhametkhanuly N.1, Doctor of Historical Sciences, Professor

1al-Farabi Kazakh National University, Almaty, Kazakhstan

nabizhan.muhamethkanuly@gmail.com

Madiev D.A.1

1al-Farabi Kazakh National University Almaty, Kazakhstan

daniyar.madiyev@gmail.com

Summary

 Xinjiang is an administrative unit located in western China. This region makes a huge geopolitical, geo-economic and social significance difference for the country. Therefore, the Chinese authorities in recent years have been paying particular attention to the political stability and economic development of this region.

Taking into account the geographical position of the region, the abundance of mineral resources in the subsoil and the continuing ethnic problems, the CCP pursues a policy of radical change in the region. One of the aspects of this policy is “Strategic Development of the West” - “Intensive Development of Xinjiang”. The plan has been implemented since the beginning of the new century. As a result, the social, economic and infrastructure development of Xinjiang areas improved, entrepreneurship developed, population demography and well-being of the people increased, social facilities and international relations were expanded, cities were built, heavy and light industry was founded, and trade and economic links were established.

   This gave impetus to the development of free economic zones opened at the border and its cooperation with Kazakhstan, and even the development of relations between the countries of Central Asia and the West. And also led to the expansion of tourist links in the region. In general, the strategic importance of building China’s capacity in border regions is crucial for China. Kazakhstan should follow the example; it also needs to develop its border areas.

Keywords: intensive development of the western part, intensive development of Xinjiang, border areas, cross-border trade, strategy.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз