Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 01:7.07(574) ҚАЗАҚ КИНОДРАМАТУРГИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ КЕЗЕҢДЕРІ

А.К. БАЛЫҚБАЙ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, 4-курс студенті

ӘОЖ 01:7.07(574) ҚАЗАҚ КИНОДРАМАТУРГИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ КЕЗЕҢДЕРІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1 (17) 2019

Тегтер: Қазақ, киносы, киноматография, кино, жанр, кинопленкалар, кинофиксациялау, хроника
Аңдатпа:
Ұлттық кино өнеріміздің даму тарихы кеңестік кино мектебінің қалыптасуымен байланысты болды. Ұлттық кино өнеріміздің қалыптасу кезеңіндегі алғашқы қадамдарын әдебиет, театр және басқа да өнер салаларының тікелей әсері тұрғысынан қарастыра отырып, бүгінгі күнде өз заңдылықтары мен жеке тәжірибелік мектеп дәстүрін қалыптастырып үлгірген қазақ киносының тарихын бірнеше кезеңдерге бөліп қарастырылады. Қазақ киносының даму тарихында өндірістік нəтиже (сандық көрсеткіш тұрғысында) жəне киношығармалардың мазмұндық тереңдігі (сапалық көрсеткіші) жағынан да алып қарай отырып, өрлеу жылдары мен тоқырау кезеңдеріне сипаттама беріледі. Түйін сөздер: Қазақ киносы, киноматография, кино, жанр, кинопленкалар, кинофиксациялау, хроника
Мазмұны:

Кіріспе. Қазіргі заман өлшемімен өнердің алуан түрлі саласының өз даму заңдылықтарын ескергенімізбен де, көркем шығармашылық ағымдардың қалыптасуы немесе жаңа бағыт-бағдардың өркендеп өсуі сияқты құбылыстардың ең алдымен ел өміріндегі, қоғамдағы елеулі өзгерістерімен тікелей байланыста болатындығын мойындаймыз. Өнердегі алуан түрлі ағымдар жүйесінің адам мен адамды қоршаған орта талабы тұрғысынан қаншалықты бағалы екендігін сол жүйеліліктің өз заңдылықтарын қарастыру арқылы сипаттауға болады.

Киноматограф – өнердің бірнеше ағымдарының шығармашылық бірлестігінің нәтижесі. ХІХ ғасырдың соңғы жылдарында пайда болып, аз уақыт даму мүмкіндігі де ерекше болды. Жәрмеңкелік ауқымнан өріс алған сиқырлы киноматограф бүгінгі күні адам санасына соншалықты әсер ете алар ұлы күшке айналып отыр.

Талқылау нәтижесі. Қазақ кинодраматургиясының қалыптасуы мен өркендеу тарихын 1910-1990 жылдар деп жеті кезеңге бөліп, әрбір кезеңнің өзіндік ерекшеліктеріне  сипаттама беріледі. Сонымен қатар тәуелсіздік жылдарындағы қазақ кинодраматургиясының жетістіктері мен даму тенденсияларына зерттеу жүргізіледі. Аталған бағыттағы зерттеулер бұл мәселеге жаңа қырынан қарауға мүмкіндік береді. 

Нәтижесі. Қазақ кинодраматургиясының құрылуы мен даму үрдісінде ресейлік, Орталық Азия мемлекеттері жəне алыс шетел киноөндірісімен байланысты екендігін ашып көрсетеміз. Қазақстанда жəне əлемнің басқа да мемлекеттері мойындаған ұлттық өнердің қиын, əрі жаңа түрін жасау, кино маманын жəне елеулі фильмдерді шығарып, даярлау қазақ кинематографиясы үшін маңыздылығы анықталады.

Негізгі бөлім. Қазақ киносының қалыптасуы мен өркендеуіне Кеңес дәуірі киносының тікелей әсері болды.  Бүгінгі күнде өз заңдылықтары мен жеке тәжірибелік мектеп дәстүрін қалыптастырып үлгірген қазақ киносының тарихын бірнеше кезеңдерге бөліп қарастыру қолайлы болар еді. Жылдар аралығымен өлшенетін хронологиялық сипат барысында ұлттық кино өнеріміздің қалыптасуындағы жеке шығармашылық ағымдардың ерекшелігін жалпы қазақ киносы өнеріне әсері тұрғысынан бағалауға мүмкіндігіміз бар.

Ұлттық кино өнеріміздің даму тарихын «көп ұлтты кеңес киносы» деген ұғыммен тығыз байланыста қарастырмасқа болмайды. Кеңестік кино мектебінің қалыптасу құбылысы Ұлы Қазан көтерілісінің жетістіктерінен туындаған тақырыптық идеология мазмұнымен тікелей байланысты. Қазақ даласына енді ғана етек жая бастаған жаңа өнер – кинематограф ұшқыны 1910 жылы Верный (қазіргі Алматы) қаласында ашылған тұңғыш кинотеатр қызметінен басталғаны тарихи деректерден белгілі. Одақтас Республикалар кеңістігінде әр елдің кино өнерінің даму мүмкіндігі ұлт ерекшелігін ескере отырып, жалпы кеңестік кино мектебінің озық үлгілеріне сүйенген тәжірибелік ізденістер нәтижесімен айқындалады. Бірлік ішіндегі жан-жақтылық принципі тұрғысынан дамыған көп ұлтты советтік кино мектебінің осындай үлгісі әлемдік кино тарихында тұтас құбылысқа айналды [Б.Р. Ногербек, 2005: 9].

  Қай мемлекеттің болмасын тарихында кино өнерінің дамуы белгілі бір сатылардан өтетіні табиғи заңдылық. Көркем жанр қашан да деректі жанр саласының заңды жалғасы іспеттес. Кино өнерінің өріс ала бастауының өзі жеке республикалар тарихында әр кезеңнен басталады. Оның бірнеше себептері бар. Біріншіден, қоғамдық қатынастардағы кезеңдік ерекшелік пен әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктер болса, екінші жағынан, жеке республикалар тарихында ғасырлар қойнауынан қалыптасқан ұлттық өнер мұраларының сақталуы және сол мұралардың ұрпақтан-ұрпаққа таратылу ерекшеліктері де кино өнерінің өз бетінше сала болып қалыптасуына әсері мол болды. Осы аталған ерекшеліктер қазақ киносы тарихында да айқын байқалады.

  Әлемдік кино өнері тарихымен салыстырғанда қазақ жерінде кино өндірісі кешеуілдеп дамыды. 1920-жылдар тұсына дейін Қазақстан өңірінде кино өндірісі әлі қалыптаса қоймаған еді және кино саласында ұлттық мамандар да болмады. Жас Республиканың бұл жылдары мәдени өмірінде бірінші кезектегі маңызды мәселелер қатарында қазақ даласына кинофикация құбылысын кеңінен тарату болды. ұлы Қазан көтерілісіне дейін Қазақстан территориясында бар жоғы 13 ғана киноқондырғы жұмыс жасайды және олардың барлығы дерлік жеке кәсіпкерлердің меншігінде болды. Ең алғашқы киносеанс 1910 жылы Верный (қазіргі Алматы) қаласында «Марс» жазғы кинотеатрларында өтті. Дәл осы жылы Қазақстанның тағы бірқатар қалаларында жылжымалы кинотеатрлар іске қосылады. Екі жыл аралығында Верный (қазіргі Алматы) қаласының бір өзінде ғана үш стационар кинотеатр жұмыс істей бастайды. Киносеансты табыс көзі деп таныған кәсіпкерлер (Омбы қаласынан келген Фабри, Ташкенттен келген Сейфуллин) бір-бірімен өзара бақталастықта болды, дәрежесі мен көрсетіліп жатқан кинотуындылардың көркемдік деңгейіне аса мән бере қоймады. Көп ұзамай-ақ қазақ даласын кинофиксациялау процесі мемлекеттік дәрежеде жүйелендіріле бастады.

1919 жылдың 19 тамызында Халықаралық Комиссарлар Кеңесінің «Фотографиялық және киноматографиялық сауда мен киноөндіріс орындарын мемлекеттендіру» жөніндегі Декреті қабылданды. Осы құжат негізінде 1921 жылдың 24 қазанында Бүкілодақтық Фотокино өндірісінің Қазақстандағы ьөлімі құрылады. Жаңа құрылған бұл бөлімшенің күн тәртібінде кезек күттірмес мәселелердің барлығы дерлік кино өндірісін қалыптастыру бағытында болады, олардың негізгілері:

  – губерниялық аймақтар бойынша фотокино бөлімдерін құру және дамыту;

  – жылжымалы киноқондырғылар жүйесін ұйымдастыру;

  – кинопленкалар диапозатив өндіретін және оны өңдейтін лабораториялар мен фотоательелер ашу;

  – Қазақстан жеріндегі бұған дейінгі барлық кинотеатрларды мемлекет қарамағына енгізу және оларды бір жүйеден басқару жұмысын жолға қою [А.С. Назаров, 1992: 89].

Қазақ киносының қалыптасуы мен өркендеуіне Кеңес дәуірі киносының тікелей әсері болды.  Бүгінгі күнде өз заңдылықтары мен жеке тәжірибелік мектеп дәстүрін қалыптастырып үлгірген қазақ киносының тарихын бірнеше кезеңдерге бөліп қарастыру қолайлы болар еді. Жылдар аралығымен өлшенетін хронологиялық сипат барысында ұлттық кино өнеріміздің қалыптасуындағы жеке шығармашылық ағымдардың ерекшелігін жалпы қазақ киносы өнеріне әсері тұрғысынан бағалауға мүмкіндігіміз бар.

  Алғашқы кезең: 1910-1927 жылдар аралығы – Қазақстан территориясын кинофикациялау кезеңі. Бұл кезең қазақ даласына келген алғашқы жылжымалы қондырғының қызметімен сипатталады, қазақ көрермені алғаш рет экрандық шығармамен танысты, киноның құдіретін көрді, оған аса қызықты. Бірте-бірте кең етек ала бастаған кинофикация кезеңі кино өнерінің қазақ жерінде өріс алып дамуына тікелей әсер етті, ендігі жерде ел өмірінен алынған хрониканы түсіру мүмкіндігі пайда бола бастады. 

  Кеңес кезеңіндегі киноматографиясының тарихы хроникадан бастау алады. 1920-жылдар кинорепертуарында негізінен жас мемлекеттің жаңа саясаты мен идеологиясы уағыздалады. «Кинонеделя», «Госкинокалендарь», «Киноправда», «Совкинжурнал» сияқты апталық киножурналдар ел өмірінде болып жатқан өзгерістерді экраннан үздіксіз көрсетіп жатты. Киноплакат, қысқа форматты кино-очерктер түсірілген алғашқы хроникалық сюжеттер совет киносы тарихында революциялық кинопублицистика жанрының қалыптасуына негіз болды.

Екінші кезең: 1928-1938 жылдар аралығы – қазақ жерінде алғашқы хроникалық сюжеттер киноөндірісінің пайда болу тұсы. Бұл жылдары жалпы әлемдік кино өнері тарихында көп жаңалықтардың келген тұсы болатын. Дыбыссыз кезең өтіп, киноға «тіл бітті», кино өнерінің жаңа сала ретінде теория тұрғысынан дәлелденген терең мүмкіндіктері қалыптаса бастады. Монтаж теориясы жүйелендірілді. Міне, осындай жаңалықтар аймағында кеңес киносы құлашын кеңге жайып, шалғай жатқан қазақ ауылдарына да киноматограф арқылы жаңа үкімет саясатын насихаттауды мақсат етеді.

Қазақстан дербес киноөндірісінің өркендеуіндегі алғашқы кезең 1929 жылы ашылған «Востоккино» акционерлік қоғамының Алматылық бөлімшесінің қызметімен байланысты. Ұлттық кино өнерін өркендету үшін өндірісті жолға қою аздық етеді, сонымен қатар ұлттық кадрлар даярлау қажет және ұлттық кинодраматургиясының қалыптасуына жағдайлар жасалуы міндет. Көркем жанрдың жамуы ең алдымен кинодраматургия саласын дамыту деген сөз. Екінші кезеңнің қызметі «Востоккино» акционерлік қоғамының қызметімен сипатталады, техникалық мүмкіндіктердің шектеулі болғандығына қарамастан ел өмірінен, революция ала келген жаңалықтар жаңғырығының қоғамдағы рөлі жайында хроникалық сюжеттер көптеп түсіріле бастады. Қазақ тақырыбында алғашқы көркемсуретті фильмдер өндірісі де осы трестің қызметімен тікелей байланысты.

«Востоккино» тресінің алматылық бөлімшесі өзінің маңызды мәселелері қатарында сценарийлер жазу ісіне көп көңіл бөлуге тырысты, алайда бұл саланы ойдағыдай дамытуға мүмкіншіліктер бола бермеді. Ашылмай жатып қайта жабылып қалса да, бар-жоғы екі жыл ғана қызмет еткен «Востоккино» тресі Қазақстан кино өнері саласында кинодраматургия жанрының қалыптасуына бірқатар талпыныс жасайды. Осы кезеңде «Востоккино» тресінің сценарий бөлімін басқарған жазушы Ілияс Жансүгіров қазақ қалемгерлерін кино саласына тартуға тырысады. Кино өнері тек экрандағы көрініс ғана емес екендігі белгілі. Әлемдік кино тарихынан білетініміздей алғашқы қысқаметражды фильмдердің өзін алдын-ала қағазға түсірілген жоспар бойынша жүзеге асырылған.

1930 жылдар тұсында экранға шығып фильмдердегі орыс кинодраматургтерінің Қазақстан тақырыбындағы ұлттық характер ерекшелігіне терең бойлай алмағандықтары байқалады. Дәл осы кезеңде Қазақстан кино өндірісінің өсіп-өркендеуіне ұлттық кадрлардың қажеттілігі күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің біріне айналды. Әсіресе, сценарий жазу ісіне ұлт ерекшелігін көрсете білетін жергілікті қаламгерлерді тарту қажеттілігін түсінген Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды жазушылар осы мәселе төңірегінде шығармашылық зиялы қауымға үндеу жолдайды. Әр мекемелерде жиналыстар өткізіледі. Өздерін толғандырған мәселелер төңірегінде жинақталған тұжырымдарын баспасөз беттерінде талқыға салады. Осындай көп шаралардың бірі – «1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісі» тақырыбына сценарийлер конкурсы болды. Алайда, бұл бастама сәтсіз аяқталды, ұсынылған бірқатар сценарийлік жобалар ішінде өндіріске жарамды бірде-бір материал болмай шықты. Нәтижесінде, ұлт-азаттық көтерілісі тақырыбында фильм түсіру жоспары кейінге ығыстырылып, оны жүзеге асыру тек 1938 жылы ғана мүмкін болды. Ол – «Амангелді» фильмі еді [2000: 89].

Қазақ киносының тарихындағы үшінші кезең: 1938-1944 жылдар аралығы – бұл кезеңді ұлттық кино өнеріміздің қалыптасуына алғы шарттар тудырған кезең ретінде бағалауымыз керек. Алматы киностудиясы құрылады, алғашқы ұлттық тақырыпта киносценарийлер конкурсы ұйымдастырылады. Соғыс жылдары алматыда «Мосфильм», «Ленфильм» сияқты ірі-ірі киностудиялардың қызметі ұлттық киноөнеріміздің қалыптасуына тікелей әсерін тигізді. Орталықтан Алматыға кино өндірісіне аса қажетті техникалық жабдықтар жеткізілді және оларды меңгере алатын ұлттық кадр мамандар даярлана бастайды. Бұл кезең қазақ киносының тарихында Біріккен  Киностудиялар Орталығының (ЦОКС) тарихымен сипатталады.  

Ұлттық кино өнеріміздің қалыптасуы мен өркендей бастаған тұсы төртінші кезеңді құрайды, бұл – 1945-1960 жылдар аралығы. Осы жылдары Алматы киностудиясының алғашқы көркемсуретті фильмдері өндіріске жіберілді. Осы кезеңде ұлттық  режиссура мектебі өріс алады. Шәкен Айманов, Мажит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Ходжиков, Шәріп Бейсембаевтардың киноматографиялық жолдары қалыптаса бастады. Кино саласында кәсіби деңгейде мамандар даярлау мүмкіндігі айқындалды.   Бесінші кезең – 1960-1970 жылдар тұсы – ұлттық киномыздың өрлеу жылдары болып есептеледі. Бұл кезеңде қоғамдық жаңа қарым-қатынастардың түр-түрі, әлеуметтік мәселелер тұрғысынан болып жатқан жаңа өзгерістер, өмір шындығы, жеке кейіпкер психологиясы сияқты терең мазмұнды құбылыстар экрандық көркем шығарма тақырыбына айналды. Осы жылдары кино өнері мен ұлттық шығармалардың экрандалуындағы үздік мысалдары бола алатын «Қилы кезең», «Атамекен» , «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Тұлпардың ізі» сияқты кинотуындылар келді. 60-70 жылдар киносы кезеңі, әсіресе, режиссура шеберлігінің кәсіби деңгейіне көтерілуімен сипатталады.

Ұлттық режиссура мектебінің негізін қалаушы режиссерларымыздың шығармашылықтарындағы ең үздік фильмдері («Менің атым Қожа» – 1963 жылы, режиссеры Абдолла Қарсақбаев; «Алдар-Көсе» – 1964 ж., «Атамекен» – 1966 ж. реж. Шәкен Айманов; «Тұлпардың ізі» – 1964 ж., «Қилы кезең» – 1966 ж., реж. Мәжит Бнгалин; «Арман-атаман» – 1967 ж., реж. Шәріп Бейсембаев; «Қыз-Жібек» – 1970 ж., реж. Сұлтан Ходжиков) осы жылдары экранға шығады.

  Алтыншы кезең – 1970-80 жылдар тұсы – қазақ киносында кинорежиссурада тоқырау жылдары болса, кинодраматургия саласында, керісінше, өрлеу кезеңімен сипатталады. Әдеби шығарманы экрандаудың жаңа сатысы киноға театр режиссерларының келуіне ұласады. Бұл жылдары классикалық әдеби шығармалар желісімен көптеген фильмдер экранға шығады: Мұхтар Әуезов бойынша «Көксерек» (1973 ж. реж. Т. Өткеев), Дулат Исабеков бойынша «Гауһартас» (1975 ж. реж. Ш. Бейсембаев), әбдіжімңл Нүрпеисов бойынша «Қан мен тер» (1978 ж. реж. Ә.Мәмбетов).

  Қазақ киносының тарихындағы жетінші кезең – 1980-1990 жылдар аралығы – «жаңа толқын кезеңі. Кино тілінің жаңа мүмкіндіктері жаңа режиссурамен бірге келді. Киношығарманың негізгі мазмұны жеке кейіпкердің ішкі тебіренісі төңірегінде өрбітілді. Жаңа толқынмен экранға тосын кейіпкер келді. Шығармашылық ізденістер қазақ киносын тағы бір деңгейге көтерді, жас режиссерларымызды әлем тани бастады. Соңғы жылдары түсірілген фильмдеріміз аса дәрежелі халықаралық кинофестивальдарда жоғары бағаланып жатты. Бұл, сөзсіз, ұлттық кино өнерінің зор жетістігі болып есептелді.

  Кинофикация жүйесінің Қазақстан жеріне баяулап болса да кең таралуына сол кездегі үкімет тарапынан көрсетілген көмектің пайдасы зор болды. Проекциялау аппараттарының түр-түрі, позитивтік кинопленкалар және тағы басқа толып жатқан техникалық жабдықтар шет елден сатып алынып жатты. Жас мемлекеттің өзіндік киноөндірісінің қуаты әлі де болса тым әлсіздеу болатын.

  Республиканың енді ғана аяқтанып келе жатқан кинофикация органдарының қызметіне жұмысшы комитетінің қолдауымен 1928 жылы құрылған «Совет киносының достары» (ОДСК – общество друзей советского кино) атты қоғамдық үйірменің көмегі аса зор болды. Қазақстандағы аймақтық ОДСК жетекшісі қызметіне Нығмет Нұрмақов тағайындалады. Бұл қоғамның негізгі міндеттері қалалық жерлердегі кино үйірмелерінің жұмысын жолға қою болды. Заводтар мен фабрикаларда, оқу орындары мен мекемелерде кинотеатрлардың репертуарымен таныстыру және киноның маңызы жайында үгіт-насихат жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырыла бастайды.

Киносеанстардан түскен қаражаттың артық түсімі көмегімен үсті-үстіне киноартельдер құрыла бастайды. Ендігі жерде жылжымалы және стационар киноқондырғыларды іске қосатын киномеханиктер мен кәсіби инженерлер қажеттілігі туады. Сондықтан да, ірі қалаларда мемлекет қолдауымен кино мамандарын даярлайтын қысқа мерзімдік курстар ашыла бастайды.

  Кеңес үкіметі дəуірінің кезеңі өтіп, жаңа қоғам орнаған тұста кино өнері саласында да жаңа нарықпен қосарлана келген көп жаңалықтың бірі – жеке шығармашылық кинобірлестіктердің құрыла бастауы. Бұл – ұлттық киноөндірісіміздің сапасы мен сандық деңгейіне тікелей əсер етті. 1990 жж. тұсын ұлттық киномыздың əлемдік деңгейге көтерілген аса бір нəтижелі кезеңі ретінде жоғары бағалауға болады. Бұл жылдары «Жаңа толқын» режиссерларының фильмдерінің көпшілігі əлемдік деңгейдегі дəрежелі халықаралық кинофорумдар мен фестивальдарға қатыса бастады. Токио, Сан-Франциско, Турин, Стамбул, Париж, Бонн, София, Пекин, Вена, Брюссель, Будапешт, Карловы Вары, Москва жəне тағы басқа да бірқатар қалаларда қазақ киносының күндері өтті. Əлем біздің киномызды таныды. Көріп қана коймады, аса жоғары бағалап, қазақ киносының өзіндік ерекшеліктерін мойындай бастады. Бельгия, Франция, Австрия, Ұлыбритания сияқты зор қуатты киноиндустриясы бар мемлекеттер ендігі жерде жаңа инвестиция тұрғысынан қазақ киносына бет бұрды. 2001 ж. Нант қаласында (Франция) ұйымдастырылған «Үш континент фестивалінде» қазақ киносының фильмдері бойынша арнайы бағдарлама өтті [К. Сиранова, 1994: 95].

Қазақ киносының даму тарихында өндірістік нəтиже (сандық көрсеткіш тұрғысында) жəне киношығармалардың мазмұндық тереңдігі (сапалық көрсеткіші) жағынан да алып қарар болсақ, өрлеу жылдары мен тоқырау кезеңдері үнемі алмасып отырғаны белгілі. Бұл сипат қазақ киносының аталып отырған казіргі жағдайына да тəн құбылыс болып отыр.

1990 жылдар тұсында жеке киностудиялардың саны шамамен 30-ға жетті. Бұл киностудиялар мен кинобірлестіктердің экономикалық мүмкіндіктері əзірге тек шағын бюджеттік авторлық фильмдер өндірісі төңірегінде ғана еді, сол себептен де осы жылдары экранға көптеп шығып жатқан фильмдердің біразы аз да болса мемлекет тарапынан да қосымша каржыландырылып отырды.

Мемлекеттік қаражат жəне жеке киностудиялар бірлестігі нəтижесінде 1990 ж. 14 көркем туынды экранға шықты (12 фильм жеке киностудиялар үлесінде, ал 2 фильм мемлекет тарапынан қаржыландырылды). 1991 ж. көлемінде экранға 18 көркемсуретті фильм шыққан болса, оның тең жартысы жеке киностудиялардың үлесінде. Бұдан былайғы жылдарда да жеке киностудиялар өндірісі мемлекеттік қаржыландырулармен тепе-теңдікте болды, тіпті кей тұстарда басымырақ болды деуге дəлел бар: 1992 ж. 12 толықметражды көркемсуретті фильмдердің ішінде 10 фильм, ал 1993 ж. экранға шыққан 15 көркемсуретті фильмнің ішінде 13 фильм жеке киностудиялардың үлесінде. Қоғамдағы экономикалық қатынастардың өзгеруі Қазақстан киноөндірісіне тоқырау кезеңін əкелді.

1991–1997 жж. тəуелсіздіктің алғашқы жылдары отандық кинематография үшін маңызды жылдар болды. Бұл ең алдымен посткеңестік комплекстер мен посттоталитарлық синдромдарды құрту кезеңі болды. Бұл кезеңнің картиналарында кеңестік биліктің орнауы туралы шындық айтылған. Көп жылдар бойы ресми кеңестік идеология айтылмаған, ұжымдастыру кезеңіндегі, Ұлы Отан соғысы, сталиндік репрессия жылдарындағы барлық фактілер осы кезеңнің ең жақсы деген тақырыптарында көрініс тапқан. «Суржекей – ангел смерти», «Жизнеописание юного аккордеониста», «Людоед» фильмдерінде Орталық Азия аймағы халықтарының кеңестік замандағы қайғылы жағдайлары бірінші рет көрсетілген.

Кеңестік кинематографиялық тарихнаманың жетпіс жылдығынан кейін Қазақстанның кинематографистеріне өздерінің елдері мен аймақтарының тарихындағы маңызды деген тарихи тұлғалары туралы айтуға мүмкіндік туды, сонымен қатар тарихтың өзгерісті кезеңдері туралы айтуға үлкен мүмкіндік туындады. Мұндай міндетті «Гибель Отрара», «Батыр Баян», «Юные годы Абая», «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу», «Юность Жамбыла» жəне т.б. фильмдерін құрастырушылар алға қойған еді. Бұл жылдары ұлттық сəйкестілікті іздестіру белсенді түрде жүрді, сондықтан қашу, шексіз жол, Жерұйықты іздеу сарындары көптеп кездесті («Путешествие в никуда», «Айналайын»). Туған үйді сезіну əлі де əлсіз, сондықтан картинаның аты да – «Где твой дом, улитка?», «Квартирант», «Шанхай». Отбасының қалыптасу процесі көрсетілген бірде-бір картина жоқ. Керісінше, əлі де отбасыны бұзу тақырыбы кездеседі. Əсіресе «Голубиный звонарь», «Разлучница», «Сон во сне» фильмдерінде көрініс тапқан [А.С. Назаров,  1992: 152].

Фильмдердің бір бөлігінде кеңестік биліктің соңғы жылдарындағы оқиғалар мен көңіл-күй көрінсе, ол жерде тоталитаризмнің алауыздығы, билігі мен құлауы айқын көрінген – «Любовники декабря», «Аллажар», «Последние каникулы». Əсіресе осы кезеңде кинематографияда ұлтшылдық пен космополитизм, гибридтілік пен түпнұсқалылық идеялары арасындағы шығармашылық даулар анық бейнеленеді. Режиссерлардың бір бөлігі картиналарда қайта құру рухындағы фильмдерді түсірсе, екінші бөлігі ұлттық түпнұсқалылық ортаны белсенді түрде қалыптастыра бастайды.

Картиналар өз заманының рухы мен көңіл-күйін көрсетеді. Жалпы алғанда, əр кезеңдегі фильмдерде Қазақстанның 1990 жж. басындағы тəуелсіздік алуы, 1997–1998 жж. шешілмеген əлеуметтік жəне экономикалық мəселелерден туындаған күйзеліске дейін байқалады. Бұл күйзеліс максималды деңгейде Дарежан Өмірбаевтің «Киллер» фильмінде көрініс тапқан, ол 1998 ж. Канн кинофестивалінде «Особый взгляд» бағдарламасының бас жүлдесін жеңіп алған [К. Айнагулова, К .Алимбаева, 1990: 198].

1998 ж. бастап қазақстандық кинематографияда, киноларда жағымды құндылықтарды орнатуға деген айқын бұрылыс байқалады, жалпы қоғамдағы жағдайдың тұрақтануы жəне отбасының қалыптасуы көріністері фильмдерде орын ала бастайды. Сірə, бұл неге дəл 1998 ж. біздің еліміздің жаңаша тарихындағы өзгерісті кезеңі болғанын түсіндіруге экономистер мен социологтардың алдында тұрған міндет. Бірақ кинематографияда бұл Орталық Азия аймағындағы барлық бес елде бір уақытта тегіс орын алды. Бұған куə – заманауи шындықтың оң бағасын теріске өзгертетін белгілі картиналардың пайда болуы. Қазақстанда бұл фильмдер Серік Апрымовтың «Ақсуат» фильмі.

Жаңаша заманның фильмдерінде айтарлықтай өзгерістер туындады. Тек 1998 ж. кейін кинематографистер өмір шындығының түрлі қырларына қарсы тұрып қана қоймай, кинематографияда жаңа шынайылықты қалыптастыруға жəне ол шынайы өмірдің үлгі тұтатын затына айналатындай жасауға тырыса бастаған ұлттық сана-сезімді құрудың үрдісін жолға қойды.

Қазақстан кинематографиясын Орталық Азия аймағының басқа елдерімен салыстырар болсақ, бұл елдер бойынша мəліметтерді Г.Əбікееваның «Национальное строительство в Казахстане и других странах Центральной Азии, и как этот процесс отражается в кинематографе» еңбегінен көруімізге болады [Г. Абикеева, 2006: 189].

Жаңа толқын режиссерлары арқасында қазіргі уақытта Қазақстан кинематографы кино əлемінде өз орны бар жəне халықаралық белді кинофестивальдерге қатысып, жүлделі орындар алуда. Алайда соңғы жылдардағы жеке көзқарасы мен шығармашылықта өз орны бар режиссерлардың кинематографтан кету тенденциясы орын алуда.

Қазақстан киноөндірісінің қалыптасуы мен дамуы, киноөндіріс қайраткерлерінің шығармашылық өсімі белгілі қиындықтармен қатар жүрді. Бұл қиындықтар қазақ киносының бастапқы кезеңінде, ол өзінің дəстүрі, өзіндік жазуы, ал жұмыскерлердің тəжірибесі болмаған кезеңде ерекше байқалды. Сондықтан Қазақстан кинематографистерінің алғашқы қадамдары өте жасық жəне сенімсіз болды. Оған кино өнерін зерттеп, спецификасын игеруге біраз уақыт, білім қажет болды. Қазақ киносы қайраткерлеріне жұмыста жетістікке жетіп жəне ұлттық кино өнердің дамуын қамтамасыз ету үшін əрдайым шығармашылық ізденіс жүргізу қажет болды [Б.Р. Ногербек, 1998: 169].  

Қорытынды. Қазақ киносының құрылу мен даму үрдісі айтарлықтай дəрежеде ресейлік, Орталық Азия мемлекеттері жəне алыс шетел киноөндірісімен байланысты екендігін ашып көрсеткіміз келеді. Алайда қазақ киносының қалыптасуы мен дамуы барысында шығармашылық кадрлар да өсті: режиссерлер, операторлар, суретшілер, дыбыс операторлары, өндірісті керемет ұйымдастырушылар: директорлар мен көріністі ұйымдастырушылар жəне т.б. Сонымен, Қазақстанда жəне əлемнің басқа да мемлекеттері мойындаған ұлттық өнердің қиын, əрі жаңа түрін жасау, кино маманын жəне елеулі фильмдерді шығарып, даярлау қазақ кинематографиясы үшін маңызды.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 295

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Балықбай А. мақала 1 (1).docx 0.03 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ТАРИХ-И АЛФИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ДЕРЕКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖАЙЫНДА Орта Азияда мекен еткен қоңырат тайпалары жайлы кейбір мәселелер 1920-ШЫ ЖЫЛДАРЫ ТҮРКІСТАН АКСР-ІНДЕГІ БИЛІКТІ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫН ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ТАРХАНДАР ИНСТИТУТЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ШОЛУ (XVIII ғ. - 1917 ж.) УДК 94 (574) : 316. 34 Қазақстандықтардың Украинаны азат ету жолындағы күресі мен ерліктері ӘОЖ 930:94(574) «16/17» ҚАЗАҚ-ЖОҢҒАР ҚАТЫНАСЫ АЛЫС ШЕТЕЛ ЗЕРТТЕУШІЛЕРІНІҢ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ОӘЖ 94(574:347.963(092)ҚАЗАҚСТАН ДЕРБЕС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ (мемлекет қайраткері С.Есқараевтың туғанына 120 жыл) ЛАТЫНДАСТЫРУ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТАРИХЫ ХХ ғасыр басындағы тарих және діни мазмұндағы қазақ кітаптары ӘОЖ 93/94 Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жасауылдар институты тарихы мен қызметі ӘОЖ 929.52 АКАДЕМИК М.Қ.ҚОЗЫБАЕВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ АЗАТТЫҚ КҮРЕСІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ӘОЖ 9; 93/94 ТАНЗИМАТ ДӘУІРІНДЕГІ РЕФОРМАТОРЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ӘОЖ 01:7.07(574) ҚАЗАҚ КИНОДРАМАТУРГИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ КЕЗЕҢДЕРІ

Автордың мақалалары

ӘОЖ 01:7.07(574) ҚАЗАҚ КИНОДРАМАТУРГИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ КЕЗЕҢДЕРІ