Басты бет » Материалдар » 930.001.83 ДАЛА ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ

Ж.Т. ТАҢАТАРОВА Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, т.ғ.д., проф.

930.001.83 ДАЛА ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4 (16) 2018

Тегтер: Тарих., Методология, дала., Өркениет., Дерек., Ұлы
Аңдатпа:
Шигабутдин Маржани (1818 – 1889) – татар халқының көрнекті тарихшысы. Ол патшалық Ресейдің отарлық саясаты қарқынды жүргізілген тұста өмір сүріп, өз соңында мол ғылыми мұра қалдырды. Бұл мұра сол тұста түркі тілдес халықтардың ұлттық қозғалысына серпін берді. Ш. Маржани Ұлы дала тарихына қатысты көптеген деректерді ғылыми айналымға тартқан. Осыған орай мақалада Ш. Маржани еңбектерінде Ұлы дала тарихы мәселелерінің көрініс табуы қарастырылған Кілт сөздер: Ұлы дала. Өркениет. Тарих. Дерек. Методология.
Мазмұны:

Кіріспе. Елбасымыз, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласының мазмұны тарих мәселесін қозғаған іргелі туынды екенін аңғартады. Бұл мақалада «Қазақстан тарихы жеке жұрнақтармен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан түсінікті болуы тиіс» деген пікір білдіре отырып, Қазақстанда тарихи сананы қалыптастырудың  маңыздылығы негізделгені ерекше назар аудартады [Н. Назарбаев, 2018].

Аталмыш мақалада ұлт тарихын жазудың басты принципі ретінде шынайылықтың, яғни объективтіліктің  басшылыққа алынуы тиістігі және халықымыздың тарихын жазуда евроцентристік көзқарастан арылудың жолдары айшықталған. Объективтілік принціпін басшылыққа алу бір халықты екінші халықтан жоғары қоюға немесе белгілі бір халықты кемсітуге жол бермейтіндігі мәлім. Тарихтың шынайылық тұрғысынан жазылуы керектігіне Н.Ә. Назарбаев ерекше мән беретіндігін былайша білдіреді: «Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» [Н. Назарбаев, 2018].

Елбасымыз мақаласындағы тұжырымдар тарихшылар алдына үлкен міндеттер жүктейді. Жаһандық тарихтағы өз рөлімізді ашып көрсетуде Ұлы дала тарихына қатысты еңбек жазған ғалымдардың мұраларына да назар аударғанымыз абзал.

Тарихтың мәні мен міндеті мәселелерін зерттеген неміс халқының көрнекті философы, экзистенциализмнің бірегей өкілі Карл Ясперс адамзат тарихының басым бөлігі жадымызда сақталмағанын, оны тек зерттеушілердің ізденістері ғана белгілі дәрежеде қалпына келтіре алатындығын атап көрсеткен-ді [К. Ясперс,1991: 282].  Дегенмен, тарихты түрліше ұғынуға немесе әрқилы түсіндіруге болатыны белгілі. Бұл мәселеге өткен дәуірлерде  қоғамдық үдердісті зерттеушілер көңіл бөлді, сөйтіп, тарихи танымның ерекшелігін арнайы  түрде қарастырумен айналысатын тарих философиясы пәнінің қалыптасып, дамуына серпін берді [Ю. Семенов, 2003:3]. Мұндай зерттеушілердің қатарында  ағартушы-ғалым, діни қайраткер, өз соңында мол ғылыми мұра қалдырған тарихшы Шигабутдин (Шихаб  ад-Дин) Маржани (1818-1889)  есімін де ерекше атауға болады.

Талқылау нәтижесі.  Ш. Маржанидіңөмірі мен мұралары жайлы еңбектер қатары көп болғанымен олардың ішінде аталмыш ғалымның Ұлы дала тарихына қатысты пікірлері арнайы қарастырылмаған. Тек А. Машановтың еңбегіңде ғана Ш. Маржанидің мұраларындағы Ұлы тарихы мәселелеріне сипаттама берілген. А. Машанов (Машани) өзінің «Әл-Фараби және Абай» атты еңбегінде былайша Ш. Маржаниға былайша жоғары баға берген:  «Маржани татар халқының, сонымен байланысты бұлғар халқының, қала берді барлық Орта Азия мен Қазақстан халқының тарихына негіз қалаған адам» [А. Машанов, 1994; 83].

Нәтижесі. Ш. Маржанидің мұраларындағы Ұлы дала дала тарихы мәселелерін қарастыру арқылы біз тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерін және бұрмаланып түсіндірілген тұстарын аңғарып, оны қалпына келтіруге мүмкіндік аламыз. Сондықтан зерттеу объектісі етіліп алынған бұл тақырыпты ғылыми өзекті мәселе деп санауға болады.

   Негізгі бөлім  

Патшалық Ресейдің империядағы түркі-мұсылман халықтары қоныстанған өңірлерде отарлық саясатын қарқынды түрде жүргізіп, жергілікті халықтардың ұлттық санасын тұмшалау, оларды орыстандыру, шоқындыру бағытындағы іс-шараларын жүзеге асырып жатқан кезде ғұмыр кешкен Ш. Маржани Бұхара қаласынағы «Мір араб» медресесінде білім алған еді [М. Юсупов, 2003: 42]. Ол Бұқарада оқып жүрген кезінде араб, парсы тілдерін терең меңгеріп, Хусаин ибн Мұхаммед әл-Карғали және Низамутдин әл-Илхам секілді оқымыстылардың ықпалымен ортағасырлық араб, парсы тілдерінде жазылған тарихи шығармаларды оқуға ден қойған болатын. Бұқарадан оралғаннан кейін Қазандағы мешітте имам әрі сондағы татар мұғалімдерін даярлайтын оқу орнында оқытушы болып қызмет ете жүріп, Қазан университеті жанындағы Археология, тарих және этнография қоғамының мүшесі ретінде оның жұмысына қызу атсалысып, дінтану, философия саласына, сондай-ақ тарихқа қатысты еңбектер жазуды қолға алып, мұсылмандық Шығыстың беглгілі ғылыми мектептерінің дәстүрін жалғастырып, 30 томнан астам еңбекті дүниеге әкелді. Олардың қатарында сол тұстағы Ресей империясының қол астында болған түркі-мұсылман халықтарының тарихына тікелей қатысы бар  араб тіліндегі «Вафият әл-аслаф вә тахият әл-ахлаф» (Өткен бабалар өмірінен және олардың ұрпақтарға сәлемі) және татар тіліндегі «Мөстәфадел-әхбар фи әхвали Казан вә Бұлгар» (Қазан және Бұлғар туралы пайдаланылған хабарар) атты еңбектерін зиялы қауым өкілдері зор қошеметпен қарсы алды [С. Алишев,1990: 34]. Ш. Маржанидің еңбектерін жоғары бағалаушылардың қатарында қазақ зиялылары да болды.  Мәселен,  1915 жылы, яғни  Ш. Маржанидің 100 жылдық мерейтойының аталып өтуі әзірленіп жатқан шақта қазақтың белгілі қайраткері М. Сералин «Айқап» журналында «Маржани» деген атпен мақала жариялап, онда: «Бұл кісі мұсылман дүниясының басы айналып жатқанда дүнияға шығып, ол заманда жұрттың мұрнына исі де кірмеген тарих ғылымына көп зейін жұмсаған, әр нәрсеге сақ көзімен назар салған, араб жұртына барып тұрмай, Русие мен Бұхарада жүрген кісі болса да араб тілін ең жүйрік шешендерінен кем білмеген бір жан еді! Жазған кітаптарының арасында «Назарат әл-хақ», «Вафият әл-аслаф», «Мөстафадел-әхбар» кітаптары ең машһүрлары еді» [М. Сералин, 2002: 62],– деген еді.

Отарлық билік орындары бодандыққа түскен халықтардың бойында тәуелсіздікте болған кезі туралы жадтың түлеуіне, олардың өзін-өзі билеуінен айырылғанына өкінішпен қарауына жол бермеуді қатаң бақылауға алған тұста  түркістандық зиялы қауым өкілдері арасында Түркістан тарихын жазудың қажеттігі жөнінде мәселе көтеріле бастаған еді. Оған сол кезде Ш. Маржанидің тек татар халқының ғана емес, Орталық Азия халықтарының да өткен дәуірлердегі тарихына қатысты еңбектерінің жарық көруі өз әсерін тигізбей қоймаған-ды. Ш.Маржани өз еңбектерінде тарихи оқиғаларды баяндаумен ғана шектеліп қалмай, тарихтың қоғамда алатын орны мен рөліне жене оны зерттеу әдістеріне қатысты тың пікірлер білдірген еді. Бұл өз кезегінде түркі-мұсылман халықтары арасында өткен тарихқа деген құштарлықты, оны зерттеуге деген талпынысты арттыра түскен болатын.

Мұсылмандық Шығыстың ортағасырлық тарихшылары мен ойшылдарының шығармаларымен терең танысқан Ш. Маржани өзінің еңбектерін жазу барысында оларда тарихтың мәніне байланысты айтылатын ой-пікірлерге ерекше зер салып, мұндай пікірлерді өз тұжырымдарына тірек етіп алды. Оған ортағасырлық араб тарихшысы әрі энциклопедисті Таки ад-Дин әл-Маркизидің тарих ғылымына байланысты айтқан пікірі өз ықпалын тигізбей қалмаған-ды. Ол бұл жайлы былай деп жазған еді: «Тарих ғылымы – ең керемет ғылымның бірі. Оны ойлы, саналы адамдар тәрбиелілік маңызы зор, ізгілікті ғылым деп санайды. ... Заманының лайықты адамдары деп есептелгендердің тарихқа үңілуі, ұлы ойшылдардың тарихқа бас иіп, оған таңдануы бекер емес» [Д. Урсу,1990: 32].  

Ш. Маржани тарихты барлық ғылыми білімнің анасы, аса маңызды құдіретті ғылым деп бағалап, өз замандастарын оған құрметпен қарауға шақырды. Ол тарихтың  міндеті өскелең жас ұрпақты адамгершілікке баулу, оларды адамдар арасында болатын жаман қасиеттерден сақтандыру екенін  негіздеуге күш салып, жастарды тарихқа өмір мектебі ретінде қарауға үндеп, тарихты қараңғылықтан алып шығатын шыраққа теңеді. Тарихтың тәрбиелілік функциясына баса мән берген Ш. Маржани адамгершілік қасиеттерді арттыру, жетілдіру негізінде қоғамдық прогреске кең жол ашуда өткен дәуірлердегі  жағымды құбылыстар мен оқиғалардан ғана емес, жағымсыз жайттардан ла тағылым алу керектігін кеңінен насихаттады [М. Юсупов, 1981: 112]. Ш. Маржанидің  тарихқа деген мұндай көзқарасы бүгінгі таңда  тарихтың теориялық-методологиялық мәселелерін зерттеп жүрген ресейлік ғалым Н.И. Басовскаяның «тарих бірінші кезекте, мәңгілік адамгершілік құндылықтарға жету жолындағы жетістіктер мен адасушылықтарды  аңғартуы тиіс» [Н. Басовская, 2002: 9] деген пікірімен үйлесімділік табады.

Ғылыми білімді діни білімге қайшы келмейді, діни наным мен ғылым бейбітқатар өмір сүре алады, ғылыми білімді насихаттау арқылы қоғамның дамуына негіз жасалады, ал дін өз кезегінде қоғамның адамгершілік тұрғыда жетілуін қамтамасыз етеді деген пікірде болған Ш. Маржани: «Ғылым һәм ағартушылықпен шұғылдану, ақыл, біліммен жетілу – салауаттылықтың көрінісі ... Зерек адамдар мен ақыл иелерінің айтуынша, ақиқаты ашық ғылым – ол ең қадірлі сипаттың бірі, ең мақтаулы жетістік. Ғылым үйрену – рақаттың һәм бақыттың ең жоғары дәрежесі. Пәк Ислам шариғаты ғылым үйренуді һәм ағартушылықты жетілдіруге үгіттеп, қызықтырады» [Ш. Мәржани, 1989: 415], – деп жазған еді.

Халықты ағарту,  білімді әрі жоғары адамгершілік қасиеттегі тұлғаларды тәрбиелеу және өткен дәуірлердегі  рухани мұраларды игеру  дамудың қайнар көзі деп санаған Ш. Маржани тарихтың қоғамдағы рөлін жоғары бағалады. Ол тарих ғылымын бірегей теориялық әдіс негізінде жасалған білім жүйесі ретінде қарастырып, тарихшының міндеті әрбір оқиға мен құбылыстың себепт-салдарын зерттеу арқылы шынайылықты түсіндіру деп санайды. Соған орай өз шығармаларында тарихи оқиғаларды тізбектеп баяндаумен ғана шектелмей, олардың арасындағы өзара байланысты түсіндіруге баса мән берді.  Осылайша, Ш. Маржани тарихилық  принципке сай  тарих  сананы жаңғыртуға және өткен дәуірлердегі оқиғалар мен құбылыстар жайлы түсінігімізідің шынайы болуына қызмет етуі тиістігін, белгілі бір проблеманы зерттеуде өткен дәуір мен өз заманының айырмашылығын көре білу керектігін, объектні қоршаған ортасынан  бөліп алмай онымен контексте қарастыру қажеттігін қолдады.

«Тарих сырттай қарағанда, мемлекеттер туралы немесе белгілі бір кәсіппен шұғылданушылар  жайында, былайша айтқанда, өткен кезеңді баяндайтын мәліметтер жиынтығы іспеттес. Дегенмен, онда өткеннен тәлім алатын үлгі-өнеге жетерлік», – дей отырып, Ш. Маржани тарихтың мәніне үңілу «даналы тұжырым»  жасауға алып келеді деп деп есептеді [Ш. Мәржани, 1989:  88 б]. Оның мұндағы «даналы тұжырым» дегені қоғамның алдағы кездегі  даму жолын тарих аңғарта алады дегенге саятын. Бұл белгілі дәрежеде неміс ғалымы И.Г. Дройзеннің «тарих өткен дәуірлер туралы тура түсінік қалыптастырумен бірге қоғамның ары қарай қандай жолмен  жүру керектігіне бағыт бере алады, тарихи зерттеудегі қателік әйтеуір бір қоғамның дамуына кері әсерін тигізбей қоймайды» [Е. Кириленко, 1992: 82], деген мазмұндағы пікіріне  сәйкес келетін. 

Ш. Маржани өз заманында тарихтың қоғамдағы орны мен рөліне және міндеті туралы жаңа идея ұсына білді. Ол тарихты отарлық езгінің тауқыметін тартқан халықтарды бірнеше ғасырлар  бойғы ұйқыдан оятудың, елді өркендетудің және халықтың өзін-өзі тануының құралы деп есептеді. Осындай міндетті жүзеге асыратын тарихи еңбекті жазуды өзінің және әріптестерінің парызы деп білді. Мұндай еңбек өткен дәуірлердің мысалдары негізінде ұлттық сана-сезімнің көтерілуіне және адамдарды тәрбиелеуге, отансүйгіштік қасиеттердің артуына қызмет етеді деп санды.

Тарихи зерттеулердің басты методологиялық принципі Ш. Маржани үшін оқиғалар мен құбылыстар жайынан мағлұмат беретін фактілерді объективті түрде талдау болып табылады. Ол тарихшының діни немесе саяси көзқарасына орай тарихи шындықты бұрмаламауы тиістігін, бұрмаланған тарихтан алар тағылымның болмайтындығын ескертіп, тарихшыға үлкен талап қойды. Тарихшының өскелең жас ұрпақтың алдында жауапкершілікте екенін, тарихшы атына кір келтірмей халық алдындағы парызын есте сақтауы керектігін ескертеді. Тарихты зерттеу барысында субъективті пікірлерді басшылыққа алып, жіберілген ескі қателіктер мен жаңсақ тұжырымдарды бүркемелеуге болмайтындығын негіздей отырып, мұны зерттеу барысындағы басты ұстаным ретінде ұсынады және тарихи ақиқаттың негізгі өлшемі – адамның ақыл-парасаты деген тұжырымға келеді.

Ш. Маржани тарихи процесті халықтардың рухани дамуының көрінісі ретінде түсініп, түрлі халықтардың рөліне баға беруде олардың жалпыадамзаттық мәдениетке қосқан үлесін өлшем етіп алады. Қоғамның үдемелі дамуын Ш. Маржани біріші кезекте рухани мәдениеттің, ғылымның, өнердің және діннің дамуымен байланыстырады. Ол мәдениетті қоғамның рухани және саяси дамуының нәтижесі, ақыл-ойдың даму деңгейі деп бағалайды [Ш.Марджани, 1999: 9]. Ш. Маржани үшін әлеуметтік прогрестің қозғаушы күші білім болып табылады. Оның пікірінше, қалалардың өсуі, өндіріс күштерінің дамуы білімнің таралуына тікелей тәуелді. 

Ш. Маржанидің қоғамға байланысты көзқарасы ортағасырлық араб ғалымы Ибн Халдунның көзқарасымен үйлесімділікте. Ол да Ибн Халдун секілді қоғам мен мемлекет адамдардың арасында ынтымақтастық сезім орнаған кезде қалыптасады деп санайды. Сонымен қатар адамдардың өмір сүруіне қажетті материалдық игілік адамдардың өзара ынтымақтыстығы мен бір-біріне көмек көрсету сезімі болған жағдайда жеткілікті болады деп есептейді. Ол мемлекетті таптардан тыс құрылым, мемлекет ортақ мақсатқа сай ұжымдар мен адамдарды біріктіріп, қоғамдық үйлесімділікті қамтамасыз етеді деген пікірде болды.

Тарихтағы тұлғалардың рөлі мәселесіне Ш. Маржани еңбектерінде едәуір көңіл бөлінген.  Ш. Маржани тұлғалардың іс-әрекетін дәріптеу тарих ғылымының міндеті болып табылмайды деп атап көрсетеді. Ол тұлғалардың өз соңында қандай мұра, қандай шығарма, ғылыми еңбек қалдырғанын, сондай-ақ адамдарға қаншалықты жақсылық пен қайрымдылық жасағанын немесе зұлымдық істегенін айқындап, олардың әрекеттеріне  баға беріп, халыққа жеткізу тарих ғылымының алдында тұрған басты міндеттердің бірі деп есептейді [Очерки, 2003: 29].

Ортағасырлық араб ғалымдарының, соның ішінде Ибн Халдун дүниетанымының Ш. Маржаниға елеулі дәрежеде ықпалы болғанын қазіргі кездегі зерттеушілер теріске шығармайды. Бірақ  Ш. Маржани Ибн Халдун секілді билеушілердің қызметін, халыққа жасаған қызметін, қайрымдылығын барынша дәріптемеді. Сондықтан да ол Ибн Халдунның еңбегіндегі тұлғалар жайлы мәліметтерді ортағасырлық өзге зерттеушілердің шығармаларындағы мағлұматтармен салыстыра талдады.

Деректерге сын көзбен қарау, жазба мәліметтермен қатар заттай дәлелдерді ғылыми айналымға тарту, тарихи оқиғалар мен құбылыстарды баяндайтын жазба мәтіндер мен ауыз әдебиеті үлгілерін филологиялық тұрғыда және деректанулық негізде талдау Ш. Маржаниді Ибн Халдуннан ерекшелей түсетін. Ш. Маржани Шығыс халықтарының рухани мәдениетінің мол мұрасына дерек көзі ретінде қарап, олардағы мағлұматтардың шынайылық деңгейін айқындауға баса мән берді.

Барлық халықтар ғылымды игеруде бірдей қабілеттілікке ие, қабілеттілік халықтардың бойына табиғаттан берілген деген тұжырым жасаған Ш. Маржани бұл жөніндегі еуроцентристік көзқарастағылардың ұстанымына бірден қарсы шықты. Сол тарихи кезеңде еуропалық ағартушылар арасында көшпелі немесе дала өркениеті өкілдерін отырықшы өмір салт пен мәдениеттің жауы, «жабайылар» ретінде көрсету, еуропалықтардың Шығыстағы үстемдігін негіздеуде еуроцентристік идеяларды методологиялық тірек ретінде пайдалану орын алған-ды.  Мұндай еуроцентристік тұжырымдаманы бірқатар орыс зерттеушілері пайдаланып, патшалық Ресейдің Орталық Азиядағы экспансиялық саясатын «орыстардың өркениеттік миссиясы» ретінде, ондағы отарлық билік орындарын жергілікті халықты еуропалық өркениетпен «байланыстырушы көпір» қызметін атқаратындығын дәлеледеуге тырысып, ұлыдержавалық мүддені жоғары қойған еді. Мәселен, сол тұста  С.М. Соловьев «төңіректегі халықтар – варварлар, олар орыс княздарының жаулау объектісі болатындығын тарихтың өзі белгілеп берген», «орыстар шығысты отарлау барысында едәуір қарсылық көрмей,  құдіретті әрі мықты мемлекет құрды» деген «отарлау» теориясының авторы ретінде танылған болатын [Ш. Сили,2002: 151]. Ш. Маржани еуроцентристік көзқарас шынайылықты көрсетпейді, керісінше, бір халықты екінші халыққа өктем билік жүргізуін, яғни еуропалықтардың үстемдігін ақтауға бағытталған ұстаным деп бағалады. Осыған орай ол өз еңбектерінде  Орталық Азия мен Еділ-Жайық өңірлерінде және басқа да мұсылмандық Шығыс аймақтарта озық өркениет ошақтары мен әлемге танымал ғұламалардың болғанын ашып көрсетуге ден қойды.

Ш. Маржани өз еңбектерін жазу барысында халықтар, мемлекеттер, қалалар, қайраткерлер, философиялық мектептер, діни және саяси ілімдер жайлы түрлі мәліметтер жинастырды. Өзінің мұндай әрекетін әріптестеріне үлгі ретінде ұсынып, тарихшылардың назарынан қоғам өмірінің бірде-бір қыры тыс қалмауы керектігін, зерттеу жұмысының кешенді түрде жүргізілуі қажеттігін жақтады. Ол қоғамдық өмірді толықтай қамтыған энциклопедиялық сипаттағы тарихи еңбекті жазуды қолдағанымен оны жүзеге асыру ерен еңбекті талап ететіндігін түсініп, былай деп жазған еді: «Жекелеген ғалымдар үшін ғана емес, тіпті өркениетті елдерге де толықтай, бәрін қамтитын тарихи еңбек жазу оңайға түспейді. ... Өз ғалымдарына қолдау көрсеткен елде ғана тарихпен, ғылыммен, қолөнермен және философиямен шұғылдану кенжелеп қалмайды».

Ш. Маржанидің еңбегінде әйгілі ғұлама әл-Фарабидің Ұлы даланың өкілі екені ғана негізделіп қоймайды. Сонымен бірге оның еңбектерінде қазақ хандарына да қатысты көптеген мәліметтер кездестіруге болады. Ресей тарихында өзіндік із қалдырған ҚұтлығмұхаммедТевкелевтің шыққан тегі туралы нақтылы мәлімет беретін зерттеушілердің бірегейі ретінде Ш.Маржани есімін ерекше атау қажет. Ол ұсынған шежірелік мәлімет Орынбор мұсылман діни басқармасында 1865-1885 жылдары мүфти болған  Сәлімгерей Тевкелевтен (Қ.Тевкелевтің шөбересі)  алынғандығымен ерекшеленеді. Ш.Маржанидің өзі де кезінде осы діни басқармада қызмет етіп, С.Тевкелевпен тығыз қарым-қатынаста болған. Аталмыш ғалым өзінің «Мөстәфәдел-әхбар фи әхвали Казан вә Болгар» атты еңбегіндегі Орынбор қаласының салыну тарихына арналған тарауында бұл қаланың негізін қалауға Қ.Тевкелевтің тікелей қатысы барлығын айтып, оның  Шыңғыс хан әулетінен екенін атап көрсетіп, Құтлығмұхаммедтің өзіне дейінгі тегін  мынандай ретпен береді:  Орыс хан (Ырыс хан) – Құйыршық  –  Барақ  –  Жәнібек – Жәдік  – Шығай  – Ондан  – Оразмұхаммед  – Дәулетмұхаммед – Мамаш – Тәукел (Тәуекел) [Ш. Маржани, 1989:  261].

  Ш. Маржанидің көрсетуінше, Қ.Тевкелев қазақтың Оразмұхаммед сұлтанының тікелей ұрпағы, яғни оның шөпшегі болып табылады. Бұл мәліметтің шындыққа жанасатындығын И.А. Гилязев та өзінің Тевкелевтер әулетінен ХVІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың басында шыққан  помещиктер туралы еңбегінде қуаттайды. Алайда, И.А.Гилязев Тевкелевтер әулетін Оразмұхаммедтен өрбитіндігін мойындағанымен бұл әулет өкілдерін татар помещиктері ретінде сипаттайды. Бұл бәлкім, Қ. Тевкелевтің Оразмұхаммед, Дәулетмұхаммед, Мамаш секілді аталары мен әкесі  – Тәуекелдің (Тәукел)  және ағайын-туыстарының Керман хандығында ғұмыр кешкендігіне де байланысты шығар. Өйткені, Керман хандығы тұрғындары орыс деректерінде «касымдық татарлар» («касимовские татары», «качим татарлары») деп аталған және бұл тұрғындар кейіннен осындай атпен субэтностық топ құраған. «Қасымдық татарлардың» жалпы саны небір аласапыранды бастан кешкеннен кейін, 1897 жылғы санақ бойынша 4,7 мың адамды құраған. Санақ өткен кезде «қасымдық татарлардың» басым көпшілігі мұсылман дінінің суннит тармағымын ұстанатындығын танытқан.

Жоғарыдағы  шежіре бойынша, Құтлығмұхаммедтің тегі (фамилиясы) әкесінінің аты негізінде Тевкелев етіліп алынғаны да аңғарылады. Бірақ та кейбір мәліметтерде Құтлығмұхаммедтің әкесінің аты  Мамаш деп те берілетіндігін айта кеткен жөн. Шежіреге сәйкес, Мамаш Құтлығмұхаммедтің атасы болып келеді. Мұндай жәйтті Қ.Тевкелевтің шоқынуына, христиандықты қабылдауына орай жіберілген шатастырушылық па деп те қабылдауға  болады. Бәлкім, бұл қазақтар арасындағыдай, ол өзін атасының баласымын деп санағаннан туындады ма,  онысы беймәлім.

Осылайша, қазақтың әйгілі ханы Тәуекелдің інісі – Ондан сұлтан мен оның ұлы – Оразмұхаммед Қ.Тевкелевтің арғы аталары болатындығы аңғарылады. Оразмұхамедтің 13 жасында жетім қалып, Сібір хандығындағы билеушісі Сейдектің иелігінде жүрген кезінде 1588 жылы Тобыл воеводасы Д.Чулковтың айлалы әрекеті нәтижесінде тұтқынға түсіп, Мәскеуге аттандырылғаны, онда алдымен орыс патшасы Федор Ивановичтің, кейіннен Борис Годуновтың қызметіне тартылғаны, орыстардың 1590 жылғы шведтерге қарсы жорығына және басқа да соғыс қимылдарына қатысқаны, сондай-ақ 1600 жылы Б.Годуновтың «қамқорлығы» нәтижесінде Керман  хандығының билеушісі болғаны аян. Сол кезде Мәскеу патшалары Сібірді және оған іргелес өңірлерді иелену мақсатында ондағы халықтардың ашық қарсылығын туғызбайтын тәсілді таңдап, жергілікті билеуші топтардың өкілдерін өзіне тарту, сөйтіп оларды өз мүдделеріне сай пайдалануға басымдық берген еді. Соған байланысты орыс патшалығында өз тарапына өткендерге шен-шекпендермен қатар иеліктер тарту ету және жұртта қалған отбасы мүшелерін алдырып беру, оларды қызметшілермен қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылды. Мұндай шаралар Оразмұхаммедке де байланысты іске асырылмай қалмады. Бұған  Оразмұхаммедтің  алдымен поместье алғанын, Мәскеуден кейіннен Керманда жалғыз емес, үлкен отбасымен және ел жұртынан келген жақын би-бектерімен  бірге тұрғандығын  мысал ретінде келтіруге болады.

Оразмұхаммедтің Керманға хан болғанға дейін оның тұтқынға түсуі Тәуекел ханды толғандырмай қоймаған еді. Тәуекел хан 1594 жылы Мәскеуге Құлмұхаммед елшілігін атандырып, орыс патшалығымен достық келісім жөніндегі ұсыныстар жасаумен қатар Оразмұхаммедті еліне қайтаруды сұрады. Бұл елшілікті орыс патшасы жылы қабылдағанмен, қазақ хандығы Көшім хандығына қарсы соғыс қимылдарын жүргізуі тиіс деп, Тәуекел ханның Оразмұхаммед туралы өтінішіне оның орнына Үсейін ханзаданы аманат етіп жіберген жағдайда босатылады деген шарт қойды. Бұл елшіліке жауап ретінде, 1595 жылы Мәскеуден Тәуекел ханға тілмәш В.Степанов бастаған елшілік жіберілді. Орыс патшасының қойған талаптары Тәуекел хан тарапынан қабылданбады. Мұның артынша, Оразмұхаммедтің өзі де немере ағасы Тәуекел ханға хат жолдап, орыс патшасымен достық қарым-қатынаста болу жөніндегі өтінішін білдірген еді. Оның бұл өтініші де жүзеге аспай, оған тағдыр жазмышымен орыс жерінде қалуына тура келіп, 1600 – 1610 жылдары Керман хандығының билеушісі болды.

Орыс паташалығының тікелей араласуымен 1452-1681 жылы аралығында өмір сүрген Керман хандығында 14 хан билік жасады. Соның онбіріншісі Қ.Тевеклевтің арғы атасы – Оразмұхаммед еді. Ока өзені жағасында құрылған бұл хандық қандай хандық еді деген мәселеге орай Ш.Маржанидің бұл хандықты хандық деп санауға болмайды, өйткені ондағы билік шығыс дәстүріндегідей мирасқорлықпен берілмеді, оның  билеушілерін Ресей патшасы өз ыңғайына сай тағайындады, ол билеушілер орыс патшасына толықтай бағынуға, оған әрқашан әскери көмек көрсетуге ант беріп, тәуелсіз болмады әрі Керман билеушісі атынан ешқандай теңге соғылмаған, ту да көтерілмеген деген пікірімен қосылуға болады [Мәржани, 1989: 178].

Оразмұхаммед 1605 жылы Б.Годуновтың өлімінен кейін орын алған алауыздық кезінде Лжедмитрий ІІ-ші жағына шықты. 1609 жылы  В. Шуйскидің әскері Касимов қаласын алғаннан кейін поляк королі Сигизмундты қолдаған Оразмұхаммед 1510 жылы қараша айында Лжедмитрий ІІ-нің бұйрығымен  қастандықпен өлтірілді. Оның денесін әйгілі Едіге бидің ұрпағы П.Урусов Касимов қаласындғы қорымға жерлейді.

Оразмұхаммедтің өлімінен кейін Керман хандығына Көшім ханның немересі – Арсланғали, онан кейін оның ұлы – Сейіт-Борхан, онан соң Арсланғалидың әйелі әрі Сейіт-Борханның анасы – Фатима ханым билік етті. Патшалық Ресейде  билікке келген Романовтар әулетінің  тұсында Керман хандығы 1681 жылы, яғни Қ.Тевкелев 7 жасқа келген кезде жеке билік құрлымы ретінде өмір сүруін доғарды.

Романовтар билігі кезінде Оразмұхаммедтің ұрпақтары, яғни Қ.Тевкелевтің аталары қоныстанған Керман хандығында патша өкіметінің қолдауымен халықты шоқындыру саясаты жүзеге асырыла бастады. Хандықтың кейбір билеушілері шоқынып,  орыс есімдерін  алуға мәжбүр болды. Мәселен,  Сейіт-Борхан хан шоқынып, Василиий деген есімді иеленді. Шоқындыру саясатының екпін алуымен 1656 жылы Керман хандығының тұрғындары көтеріліске де шықты. Бірақ мұндай әрекеттен нәтиже бола қоймаған  саяси ахуал жағдайында Қ. Тевкелев секілді жасөспірімдер шоқындыру, орыстандыру саясатының құрбанына айналып, болашақ Ресей империясына  қызмет етушілер ретінде қалыптастырыла бастады.

Ш. Маржанидің көрсетуінше, Оразмұхаммед сұлтанның ұрпақтарынан шыққан танымал тұлғалардың бірі Сәлімгерей Тевкелев еді. Ол 1865 жылы Орынбор мұсылмандары діни басқармасының мүфтиі болып сайланды. Оның осындай лауазымға ие болуымен Тевкелевтер әулеті ендігі жерде шоқынған әулет емес, мұсылмандық әулет ретінде танылды. Оның үстіне сол тұста Еділ-Жайық өңірінде христиандықты қабылдаған түркі халықтарының өкілдері арасында миссионерлердің қарсылығына қарамастан мұсылмандыққа өту жаппай етек алып жатты. Осындай сәтте патша өкіметі шеткері аймақтарда тұрақтылықты сақтау мақсатында мұсылмандық элитамен ымыраға келу бағытына бет бұра бастаған еді [28, с.130]. Соған орай патша өкіметі мұсылмандық элита өкілдерін де өзіне тарту ниетінде оларды марапаттай бастады. Мәселен, С. Тевкелев І дәрежелі Анна және Станислав ордендерімен марапатталды.

Уфа қаласында орналасқан Орынбор мұсылмандары діни басқармасындағы қызметі барысында С. Тевкелев 1868 жылғы әкімшілік реформаға сәйкес Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстары қазақтарының діни істері аталмыш  мүфтиліктің қарауынан шығарылып, жергілікті билік орындары қарамағына берілуіне наразылық танытқандардың бірі болды  Сонымен қатар ол билік орындарының бұл облыстардағы қазақтардың діни істеріне байланысты шешім қабылданады деген уәдесіне сенім артты. Ол мұсылмандар арасындағы ахуалды жіті қадағалауға алып, 1866 жылы мұсылмандарға мұсылмандық парыздарын тиесілі орындау жөнінде үндеу таратты. Оның бұл үндеуіне сол кезде  генерал-губернатор Н.А. Крыжановский де құлақ асып, оны барлық уез басшыларына қарамағындағы мұсылмандарға насихаттау жөнінде арнайы тапсырма берді. Бұл өз кезегінде Орынбор мұсылман діни басқармасының халық арасындағы беделінің өсуіне түрткі болды.

1867 жылы Орынбор өңірінде қуаңшылық орын алып, тұрғындар арасында аштық жайлай бастаған шақта С.Тевкелев Ресей мұсылмандарына үндеу жолдады. Ол үндеуде аштыққа ұрынған башқұрттар мен өзге де мұсылмандар пайдасына қаражат жинастыру қажеттігі айтылған-ды. Бұл үндеуге орай мұсылмандар арасынан аштардың пайдасына деп 2431 сом жиналды. Жиналған қаржы аштыққа ұшырағандар арасында имамдар арқылы таратылып берілді.  С. Тевкелев мұсылман қариялары мен  жетім балаларды қамқорлыққа алатын үйлер ұйымдастыру мәселесін де ойластырды. Оның өзі тікелей араласып, Уфа губерниясында мұсылман қариялары мен жетімдеріне арнайы үй ашуға жетекшілік жасап, жұртқа үлгі де көрсете білді. Бұл үйдің қаржылай ауыртпалықтарын көтеруге С.Тевкелевтің Сейітгерей, Бақтыгерей секілді бауырларымен бірге немере інілері де тартылды. С.Тевкелевтің бауырларының атсалысуымен мұсылман қариялар мен жетім балалар үйінің жарғысы әзірленіп, ол Императорлық адамсүйгіштік қоғамы арқылы бекітілді.

   Ресей империясының астанасы – Петерборда тұратын мұсылмандарға арналған үлкен бір мешіт салу мәселесін көтерген де С.Тевкелев болды. Ол Шетдіндер департаментіне бұл мәселені өткір қоя білу арқылы, билік орындары тарапынан оның салынуына рұқсат алды. Ол бұл мешітті Ресей империясындағы басты ислам храмына айналдырудың маңызды екенін имератордың өзіне де жеткерді. 1883 жылдан бастап астандағы мешітті салу үшін империялық көлемде қаражат жинастыратын арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамына С. Тевкелевтің ұсынысымен  А. Баязитов, М. Юнусов секілді т.б. беделді мұсылмандар енгізілді. С.Тевкелев аталмыш мешіттің салынғандығын көзімен көре алмай, 1885 жылы дүниеден өтті. Петербордағы мешіттің құрылысы 1913 жылы, Романовтар әулетінің 300-жылдық мерейтойы қарсаңында аяқталды. Мешіт ғимаратын салу ісіне өзге мұсылмандармен бірге қазақтар да, сондай-ақ, Бұхар әмірі – Сеид Абдул Ахад ханға дейін тартылды.

   Ш. Маржани еңбектерінде Ұлы даланың жаңа заман дәуіріндегі тарихынан басқа ежелгі және ортағасырлық дәуірлердегі тарихына қатысты пікірлері ерекше назар аудартады. Сол тарихи кезеңдерде Ұлы даланың Батыс пен Шығысты жалғастырушы «алтын көпір» қызметін атқарғанын Ш. Маржани нақтылы деректермен негіздеген-ді. Бұған Ұлы даланың әл-Фараби, ибн-Сина секілді ғұламаларының әлемдік өркениетке қосқан үлесін мысал ретінде ұсынады. 

  Қорытынды. Ұлы дала тарихын зерттеуде Ш. Маржанидің еңбектері өзіндік игі ықпалын тигізері сөзсіз. Сондықтан да Ш. Маржанидің еңбектерін қазақ тіліне аударып, жинақ етіп шығаруды қолға алғанымыз абзал. Бұл іс-шараны жүзеге асыру барысында жарық көретін жинақтың ғылыми анықтамалық аппаратпен қамтамсасыз етілгені жөн.

 

Әдебиеттер

Алишев С.Х. Татарская печать о Ш. Марджани и его времени // Марджани: Ученый, мыслитель, просветитель. – Казань: Тат. кн. изд-во, 1990, – 191 с.

Басовская Н.И. Цель истории – история. –М.: РГГУ, 2002. – 536 с. 

Кириленко Е.И. Традиция историко-методологических исследований в немецком  либеральном  историзме // Методологические  и историографические вопросы  исторической науки. – Томск. Изд-во ТГУ, 1992. – 129 с.

Марджани Ш. Вафиат ал-аслаф ва тахиат ал-ахлаф (подробное о предшественниеах и приветствие потомкам). – Казань: «Иман», 1999. – 125 с.

Мәржани Ш. Мөстәфадел-әхбар фи ахвали Казан вә Болгар (Казан һәм Болгар хәлләри турында файдаланылган хәбарләр). – Казан: Татар. кит. нәшр., 1989. – 415 б.

Машанов А. Әл-Фараби және Абай. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 192 б.

Назарбаев Н.Ә. Ұлы даланың жеті қыры // Егемен Қазақстан. – 2018. – 21 қараша.

Очерки Марджани о восточных народах. – Казань: Татар. кн. изд-во, 2003. – 175 с. 

Семенов Ю.И. Философия истории. (Общая теория, основные проблемы, идеи и концепции от древности до наших дней). – М.: «Современные тетради», 2003. – 776 с.

Сералин М. Мақалалары, публицистикалық шығармалары, поэмалары мен аудармалары. – Алматы: «Аударма», 2002. – 344 б.

Сили Ш. Возникновение и источники теории «колонизации» С.М. Соловьева // Вопросы истории. – 2002. – №10. – С. 150 – 156.

Урсу Д.П. Историография истории Африки. – М.: «Высшая школа», 1990. – 302 с.

Юсупов М. Галимджан Баруди. – Казань: Тат. кн. изд-во, 2003. – 208 с.

Юсупов М.Х. Шигабутдин Марджани как историк. – Казань: Тат. кн. изд-во, 1981. – 232 с.

Ясперс К. Смысл и назначение истории: Пер. с нем. – М.: Политиздат, 1991. –527 с.

References

Alishev S.H. Tatarskaya pechat' o SH. Mardzhani i ego vremeni // Mardzhani: Uchenyj, myslitel', prosvetitel'. – Kazan': Tat. kn. izd-vo, 1990, – 191 s.

Basovskaya N.I. Cel' istorii – istoriya. –M.: RGGU, 2002. – 536 s. 

Kirilenko E.I. Tradiciya istoriko-metodologicheskih issledovanij v nemeckom  liberal'nom  istorizme // Metodologicheskie  i istoriograficheskie voprosy  istoricheskoj nauki. – Tomsk. Izd-vo TGU, 1992. – 129 s.

Mardzhani SH. Vafiat al-aslaf va tahiat al-ahlaf (podrobnoe o predshestvennieah i privetstvie potomkam). – Kazan': «Iman», 1999. – 125 s.

Marzhani SH. Mustafadel-ahbar fi ahvali Kazan vә Bolgar (Kazan һәm Bolgar hallari turynda fajdalanylgan habarlar). – Kazan: Tatar. kit. nәshr., 1989. – 415 b.

Mashanov A. Әl-Farabi zhane Abaj. – Almaty: Khazakhstan, 1994. – 192 b.

Nazarbayev N.A. Uly dalanyn zhetі khyry // Egemen Khazakhstan. – 2018. – 21 kharasha.

 Ocherki Mardzhani o vostochnyh narodah. – Kazan': Tatar. kn. izd-vo, 2003. – 175 s. 

 Semenov Y.I. Filosofiya istorii. (Obshchaya teoriya, osnovnye problemy, idei i koncepcii ot drevnosti do nashih dnej). – M.: «Sovremennye tetradi», 2003. – 776 s.

Seralin M. Makhalalary, publicistikalyқ shyqarmalary, poehmalary men audarmalary. – Almaty: «Audarma», 2002. – 344 b.

Sili SH. Vozniknovenie i istochniki teorii «kolonizacii» S.M. Solov'eva // Voprosy istorii. – 2002. – №10. – S. 150 – 156.

Ursu D.P. Istoriografiya istorii Afriki. – M.: «Vysshaya shkola», 1990. – 302 s.

Yusupov M. Galimdzhan Barudi. – Kazan': Tat. kn. izd-vo, 2003. – 208 s.

Yusupov M.H. SHigabutdin Mardzhani kak istorik. – Kazan': Tat. kn. izd-vo, 1981. – 232 s.

Yaspers K. Smysl i naznachenie istorii: Per. s nem. – M.: Politizdat, 1991. –527 s.

 Ж.Т. ТАНАТАРОВА,

д.и.н., проф.  Атырауского государственного университета

им Х. Досмухамедова

ПРОБЛЕМЫ ИСТОРИИ ВЕЛИКОЙ СТЕПИ В ТРУДАХ ШИГАБУТДИНА МАРЖАНИ

РЕЗЮМЕ

   Выдающийся татарский историк Шигабутдин Маржани (1818 – 1889 гг.) жил и творил в период колониальной политики Российской империи, давший мощный толчок дальнейшему развитию национального движения тюрксих народов.

  Исторические взгляды ученого проникнуты глубоким патриотизмом, труды его пронизаны идеей возрождения и пробуждения тюркских народов.

  Ш. Маржани удалось привлечь к исследованию большой комплекс самых разнообразных источников по истории Великой степи. В данной статье рассматриваются проблемы истории Великой степи в трудах Ш. Маржани.

  Ключевые слова: Великая степь, цивилизация. история. источник. методология.

 

  Zh. TANATAROVA

Doctor of Historical Sciences, Professor of the

Kh. Dosmukhamedov Atyrau State University

THE ISSUES OF THE GREAT STEPPE HISTORY IN THE WRITINGS OF SHIGABUTDIN MARJANI

  Summary

  An outstanding Tatar historian Shigabutdin Marjani (1818 – 1889) lived and worked during the period of colonial policy of the Russian Empire, which gave a powerful impetus to the further development of the Turkic people’snational movement.

  Historical views of the scholar are imbued with deep patriotism, his works are permeated with the idea of revival and awakening of the Turkic peoples.

  Sh. Marjani managed involve inhis study a large complex of various sources on the history of the great steppe. This article discusses the history of the Great steppe in the writings of Sh. Marjani.

  Keywords: Great steppe,civilization, history, source, methodology.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз