Home » Materials » ҒТАМР 03.20.00 «ТӘРЖІМАН» ГАЗЕТІ: ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ РУХАНИ ДҮНИЕСІНДЕГІ ОРНЫ МЕН РӨЛІ

М.А. Жолсейтова¹. ¹Т.ғ.к., доцент. Қ.А. Ясауи ат. Халықаралық қазақ-түрік университеті. Қазақстан, Түркістан қ.

ҒТАМР 03.20.00 «ТӘРЖІМАН» ГАЗЕТІ: ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ РУХАНИ ДҮНИЕСІНДЕГІ ОРНЫ МЕН РӨЛІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(25), 2021

Tags: руханият, газет, цензура, баспасөз, азаттық қозғалыс
Annotation:
Мақалада «Тәржіман» газетінің шығу тарихы, газеттің көтерген мәселелері талданып, оның түркі халықтарының рухани өміріндегі орны мен рөлі қарастырылады. ХІХ ғасырдың соңына қарай«Тәржіман» газеті Қырым қаларында және басқа өңірлерге тарады. Басылымға жазылу Ресей империясының барлық губернияларында және ірі қаларында жүргізілді. Газет беттеріндегі мақалалар Ресей империясының барлық дерлік ірі қалаларында оқылып, талқыланды. «Тарджиман» газетінің тілшілері империяны толықтай қамтыды деуге болады. Тілшілер берген ақпараттарға ауқымына қарап, басылымның Ресей империясы аумағында жалпытүркілік рөл атқарған деуге болады. Ақпарат беру ісіне тартылған журналистер қатарында есімдері көпшілікке танымал мұғалімдер, байлар, мырзалар, дінбасылары және т.б. болды. Мұның өзі И. Гаспыралы шығарған аталмыш басылымның корреспонденттері қатарында түркі-мұсылман халықтарының өкілдерімен қатар, ислам дінін ұстанған басқада халықтар болды деуге негіз қалайды. Олардың қатарында қырымдықтармен қатар, Еділ бойы татарлары, башқұрттар, өзбектер, қазақтар, қырғыздар, азербайжандар, түркімендер болды. Бұл жәйт «Тәржіман» газетінің түркі халықтарының рухани өміріндегі алар орнын зерттеу қажеттігін аңғартады.
Text:

Кіріспе. И. Гаспыралының басшылығымен 1883 жылдан бастап Бақшысарай қаласында жарық көрген «Тәржіман» газеті түркі халықтарының мұң-мұқтажын көтеріп, олардың азаттық жолындағы күресінде елеулі рөл атқарған басылым.

Түркі тілдес мұсылман халықтарының арасында жәдидшілдіктің реформаторлық қозғалыс ретінде қалыптасуына бастауыш білім беру саласына «усул жәдид» атты жаңа оқу әдісін енгізумен тікелей байланысты. Оның бастау көзінде И. Гаспыралы тұрды. Жәдидшілдік халықтың санасына қозғау салып, оятуға бағытталған және түркі тілдес мұсылман халықтарды еуропалық мәдениетке жақындастыруды және қоғамды заман талабына сай қайта құруды көздеген қозғалыс болды. Бұл қозғалысқа серпін беру мақсатында И.Гаспыралы Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтарға арналған алғашқы мерзімді басылым «Тәржіман» газетін шығаруды жүзеге асырып, қоғамда қордаланып қалған мәселелерге, әсіресе, халық ағарту саласын және мәдениетті жаңғыртуға жұртшылық назарын бұруға талпыныс танытты. Оның мұндай әрекеті түркі тілдес мұсылман халықтары арасында жаңа саяси күштің қалыптасуына елеулі ықпал етті.

Жәдидшілдік реформаторлық қозғалыс ретінде Ресей империясында мемлекет тарапынан қолдау таппады. Керісінше, патша өкіметі оны өзі жүргізіп отырған саястына қарсы әрекет ретінде бағалап, оған тосқауыл қою шараларын ұйымдастырды. Бұған қарамастан И. Гаспыралы қысқа мерзім уақытта қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерінен құралған өз пікрлестері қатарын көбейтіп, ресейлік мұсылмандарға ғана емес, іргелес орналасқан елдердің мұсылмандарының да дүниетанымына өз әсерін тигізді. Осман империясында сол тұста қарқын алған жас түріктер қозғалысының жетекшілері тарапынан И.Гаспыралының ұстанымы зор құрметке ие болды. Бұл өз кезегінде И.Гаспыралының өмір жолы мен қызметін зерттеу түркі тілдес мұсылман халықтарының арасында ағартушылық идеясының таралуын, жәдидшілдіктің реформаторлық қозғалыс ретінде қалыптасуы мен дамуының ерекшелектірін аңғаруға және оны дұрыс бағамдауға мүмкіндік беретіндігін аңғартады. Бұл ретте алдымен И. Гаспыралының редакторлығымен жарық көрген «Тәржіман» газетінің түркі халықтары тарихында алар орнына ерекше мән берген жөн.

Материалдар мен әдістер. Мақаланы жазу барысында И. Гасрыпалының еңбектерімен қатар, «Тәржіман» газеті бетінде жарық көрген мақалалар деректік мәлімет ретінде пайдаланылды. Ол деректік мәліметтер деректану талаптарына сай талдауға алынды. Деректер өзара салыстырылып барып қолданыс тапты.

Өркениеттілік ұстаным зерттеуде басшылыққа алынды. Осы ұстаным аясында «Тәржіман» газетінің шығу тарихы баяндалды. Соның негізінде түркі халықтары арасында мерзімді басылымды шығару ісінің кешеуілдеп шығуының астары патшалық Ресейдің отаршылдық саясатымен байланыстырылды.

«Тәржіман» газетінің тарихын, оның түркі халықтарының рухани өмірінде алар орны мен рөлін түсіндіруде тарихи зерттеулерде қолданысқа ие анализ бен синтез, ретроспективалық, салыстырмалы-тарихи және сипаттап баяндау әдістері кеңінен қолданыс тапты.

Талдау. «Тәржіман» газетінің түркі халықтарының рухани өміріндегі орны мәселесінің көрініс табуы американдық ғалым С. Зенковскийдің (Zenkovsky, 1960: 345) және түркиялық ғалым Х. Оркунныңың (Orkun, 1977; 115) еңбектерінетән. Бұл ғалымдардың еңбектерінде И. Гаспыралының «Тәржіман» газетін шығаруы түркі тілдес мұсылман халықтары арасындағы саяси оянуға жол бастағаны аталып көрсетіледі. Түркияда 1934 жылы-ақ «Тәржіман» газетіндегі материалдар негізінде И. Гаспыралының атқарған қызметі талданған Қырымлы Сафар Сейдахметтің «Гаспыралы Исмаил бей» атты кітабы (Kirimli, 1934: 250) жарық көрген болатын. Оның бұл кітабындағы материалдарды кейіннен, кеңестік билік ыдырағаннан кейінгі кезеңдегі зерттеушілер – Р.Ф.Мухаметдинов (Мухаметдинов, 1996: 272) пен И. Гилязовтың (Гилязов, 2002: 70) еңбектерінде кеңінен ғылыми айналымға тартылды.

Зерттеу нәтижелері. И. Гаспыралы Ресей империясындағы мұсылман халықтарына арнап газет шығаруға рұқсат алуға 1879 жылдан бастап кірісті. Оның мұны жүзеге асыру үшін билік орындарына берген көптеген өтініштері кері қайтарылды.

1879 жылы 20 қарашада И. Гаспыралы Ішкі істер министрі Л.С. Маков атына өтініш хат жолдап, Бақшысарайда татар тілінде бір мерзімді басылым шығаруға рұқсат сұрады. Өзінің бұл өтінішінде мұсылмандар арасында газет шығару оларды билік орындарының шешімдерімен дер кезінде таныстыруға да ықпал ететіндігін атап көрсетті. Оның бұл айтқаны билік орындарына аз да болса билік орындарына ықпал етіп, бұл мәселе алдағы уақытта оң шешім табатын болды.

Газет шығаруға арнай рұқсат берілгенге дейін И. Гаспыралы 1881 жылы «Тонгуч» («Тұңғыш») және «Шафак» («Шапақ») атты ақпараттық бюллетень шығарды. Бір парақтан тұратын бюллетень де мұсылмандардың дін істеріне қатысты мәселелер талқыланды. Бұл бюллетендер тек Қырым аумағындағы мұсылмандар арасына таратылды. 1882 жылы «Салнамаи тюрки» («Түрік күнтізбесі») және «Мирати жадид» («Жаңа айна») деген кітапшаларын шығарды. «Салнамаи тюрки» атты кітапшасында түркі тілдес халықтардың тарихында орын алған тарихи оқиғалар сипатталса, «Мирати жадид» деген кітапшасында Меккеге қажылыққа барушыларға жол көрсеткіш іспеттес болды. Осы бюллетендер мен кітапшалар И. Гаспыралыны жұртшылық арасында қаламгер ретінде кеңінен таныта бастады.

1883 жылы билік орындары И. Гаспыралыға Бақшысарайда газет шығаруға ресми рұқсат берді. Осы рұқсаттан соң И. Гаспыралы 10 сәуір күні «Тәржіман» («Аудармашы») деген атпен газет шығаруды қолға алды. Бастапқыда бұл газетке тек үкімет орындарының шешімдерін аударып, халықты таныстыруға ғана рұқсат етілді. Мұнана соң И. Гаспыралы газет бетінеде мұсылман халықтары арасындағы орын алып жатқан жаңалықтарды да жариялауға қол жеткізді (Гаспринский, 2006: 65).

«Тәржіман» газетінің бір бетіне орыс тілдіндегі материалдар берілді, ал оның келесі бетінде оның аудармасы берілді. Орыс тіліндегі аударманың ресей империясындағы барлық мұсылман халықтарына түсінікті болуына баса мән берілді. И. Гаспыралы аударма тілін «ортақ түрік тілі» деп атады. оның «ортақ түрік тілі» татар, османдық түріктер және басқада түркі тілдес халықтардың тілінің қоспасы іспеттес болды. «Тәржіман» газеті жарық көргеннен бастап Ресей империясындағы мұсылмандардың басты газеті саналды. Ол аптасына екі мәрте «Тілде, пікірде және істе бірлік» деген ұранмен жарық көріп тұрды. Ол осы газет арқылы Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтары арасына түрік бірлігі идеясын насихаттауды көздеді.

«Тәржіман» газетін И.Гаспыралы өзі түзген әліпби негізінде шығарды. Барлық түркі мұсылман жұрты түсіне алатын ортақ әдеби тілдің қажеттілігін уақыт күн тәртібіне қойған кезең болатын. И.Гаспыралы осы қажеттілікті дөп басып тауып, Ресей империясындағы түркі тілдес халықтардың ортақ әдеби тілдің қажеттілігі мәселесін алғаш көтерді. «Тәржіман» газеті де осы ортақ әдеби түркі тілінде шығарылды.

Бүгінгідей техниканың дамымаған кезінде газет шығару ісі оңай болмағаны анық. И.Гаспыралының газет шығаруда басынан кешкен бейнеті көп жұмысы, оның қиындығы туралы қазақ зиялысы Ә.Бөкейханов былай деп суреттеп көрсетеді: «Исмайыл мырза «Тәржіман»-ды өзі жазған, баспаханада харіпті өзі тізген, мәшинәда өзі басқан, газетаны өзі бүктеген, шаһардағы алушыларға өзі үлестірген. Сөйтіп, бейнеттеніп жүріп «Тәржіман»-ның бір жағын орысша, бір жағын түрікше толтырып, жеті сайын шығарып, таратып тұрған» (Бөкейхан, 2010: 363), – деп көрсетті.

Газеттің көтерген жүгі ауқымды болды. Жер мәселесі, ағартушылық, қыз балаларды оқыту, мұғалімнің хәлі және т.б. мәселелер газет оқырмандарының көңілінен шығатын, көкейдегісін дәл табатын. Мысалы, қазақтың біртуар ұлдары Ш. Құдайбердіұлы, С.Торайғыров, М.Сералин, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Х. Болғанбайыұлы және т.б. газеттің маңызын кезінде жоғары бағалады, қазаққа пайдалы тұсын, я кемшін жерін де ескертіп отырды (мысалы, А.Байтұрсынов тіл туралы). «Тәржіманның» көпшілік оқырмандары, соның арасында қазақ оқырмандары газеттің шығарушысына дән ризашылық сезімде болғанын оның редакторы И.Гаспыралыға деген құрметтерімен де байқатып жатты. Шәкәрім Құдайбердіұлы И.Гаспыралыны өзінің Абайдан кейінгі ұстазы санады және «Анықтық үшін сол кісінің газетін оқып, бек көп пайдаландым. Алла екі дүниеде мақсатына жеткізсін, әмин» (Құдайбердіұлы, 1991: 46) деген болатын. М. Әуезов те Абай туралы жазған еңбектерінде И.Гаспыралының тарихи рөлін: «ХІХ ғасырдың екінші жарымында Шығыс ілімінде майданға шыға бастаған жаңашыл, рационалшылдар дін реформашыларының ішіне араласады… Жәләлиддин Ауғани, Мұхамет Ғабуһи, Шиһабидин Мәржани, Смағұл Гаспринский… Кезі келіп, өріс алса, әлеуметтік жұмысқа ру мен ауыл шегінен шығып, мемлекеттік масштабта араласса, Абайдың шыңдап тоғысатын кісілері осылар. ...«Тәржүмән» газеті Абай кезінде қазақ сахарасына да көп тараушы еді» деп еске алып отырады (Қамзабекұлы, 2013 84). М.Сералин оның бүкіл түркі мұсылман жұртынан шыққан зиялыларға ұстаз болғанын былайша аңғартады: «Русие қол астына қараған 20 миллион мұсылмандардың оқымыстыларының барлығына Гаспринский ұстаз еді. Барлығы да ол ...білуші еді, сүюші еді, сыйлаушы еді... Біздер Исмағилбек арқасында өзімізді тани бастадық, дүнияда қандай ғылым, қандай хабар барлығын көре бастадық, бұрынғы өтіп кеткен аталарымыздың қандай хабарлы екендігін біле бастадық. Жеңіл тәртіппенен оқытудың пайдалы екендігіне өзіміздің ана тіліміз сүйкімсіз тіл емес, ең қадірлі тіл екендігін білдік. Тілсіз жұрт жансыз жұрт секілді екендігін аңғардық, біз бұрын жансыз өлі кеуде едік, Гаспринский бізге жан бітірді, өлі денеге рух кіргізді» (Сералин, 2002:75). Ал С. Торайғыров «Тәржіман» газетінің 1331 нөмірін қарағанын, ондағы «Топырақ, топырақ, топырақ» атты мақаланы оқығанын, мақалада қырым татарларының жер мәселесі көтерілгенін көрсетеді де оны «Айқап» журналының 1913 жылғы № 18 нөміріне аударып бастырады. И.Гаспыралыны тіпті газеттің атымен ««Тәржіман» ақсақал» деп атаған С.Торайғыров «Тәржіманда» шыққан «Топырақ, топырақ, топырақ» деген мақаланы не үшін қазақ оқырмандары үшін қайталап бергенін былайша түсіндіреді: «Суыққа тоңып ыстыққа піскен, ащы-тұщыны ішкен дегендей көпті көрген қариямыз «Тәржіман» ақсақал 1331-інші номерінде жерді шарт жүгініп қолындағы мойыл таяғыменен жерді сабап, «Қазақ, қырғыз, башқұрттар-ау. Топырақ. Топырақ. Топырақ» деп сақалынан суы сорғалап бай-байлап отыр. Бұл бай-бай біздің қазақтың ақсақалдарының бай-байы секілді байларға басым сыйлы болсын, жарамсақтанып, монтансыған байбай секілді көрінбейді, қолымен ұстап, көзіменен көріп басынан кешірген ащы тәжірибені айтып, қарақтарым-ау, қапы қалма, – деп жақыншылықпен жаны ашыған бай-бай секілді көрінеді. Соның үшін «Тәржіман» ақсақалдың төмендегі «Топырақ, топырақ» деген бай-байын көшіріп жаздым» (Торайғыров, 1993: 136). Осы мақаласында И.Гаспыралы қазақ, башқұрт, қырғызды жерінен айрылып тоз-тозы шыққан Қырым татарларынның өткенінен тағлым алуға, «...тас болсын қолға тиген топырақтан айрылма» деп, «мойныңдағы парызың осы» деп жерден айрылып қалмауға шақырады.

«Білесіздер, топырақ Алла емес, бірақ Алланың жаратқан нәрсесінің ең оңдысы, ең қадірлісі, жанға саясы, жұртқа панасы. Адам мақұлықтардың құрметтісі, артығы дейсіздер. Құдай тағала адамды алтыннан жаратқан жоқ, баяғы жақынға сая, жұртқа пана болған топырақтан жаратты. Алтын да топырақтың құтымен болған нәрсе. Жанға құт беретін, ғұмырға берекет беретін, арысаң ат, ашықсаң тамақ болатын топырақ. Топырақ. Топырақ! Айтып-айтып келіп, мынаны айтамын, шырақтарым. Бақ болсын, бақша болсын, қара болсын, тақыр болсын, тас болсын, қолыңа тиген топырақтан айырылма! Мойындарыңдағы парыз осы!» деп жазады И.Гаспринский «Тәржіман» газетінде (Торайғыров, 1993: 137).

И.Гаспыралы газетте: «Құран – біздің қасиетті кітабымыз. Ол бізді лайықты оқуға, жұмыс істеуге және өмір сүруге шақырады. Білім адамзатқа қызмет етеді. Құран мен білім, көптеген мұсылмандар ойлағандай, бір-біріне кедергі келтірмейді» деп жаза отырып, тал бесіктен бастап жер бесікке дейін ғылым үйренуге үндеді. Білім-ғылымға үйрететін мұғалімдердің әлеуметтік ахуалының маңызды екенін газет үнемі нысанаға алып отырды.

«Тәржіман» көтерген ағартушылық идеясы қырымдық, еділ-жайықтық, орталықазиялық, әзірбайжандық және т.б зиялылардың қолдауына ие болды.

Бұл тілдің османдық түріктер мен Ресей империясындағы түркі тілдестерге түсінікті болуына мән берілді. Ортақ түркі тілін жасаудағы мақсаттың бірі түркі халықтарын бір-біріне жақындастыра түсу еді. Мұның астарында түрікшілдік , түрік бірлігі идеясы жатты.

«Тәржіманның» редакторының жан-жақты білімділігі арқасында газет 30 жылдан аса жарық көріп тұрды. «Тәржіман» газеті жарық көрген бойда Ресей империясының түпкір-түпкіріне тарай бастады. Газеттің оқырмандары Ташкент, Баку, Қазан секілді ірі қалалармен қатар қазақ даласында да болды. Тіпті, оның оқырмандары қатарында Ыстамбұл тұрғындары да болды.

Ресейдің мұсылман тұрғындарының саяси, экономикалық және мәдени мәселелерін, сондай-ақ іргелес елдердің жаңалықтарын «Тарджиман» газеті арқылы жұртшылықты хабардар етіп отыруды өз мойнына алды. Газеттің редакциясына И. Гаспыралы танымал қаламгерлерді тартуға мән берді. Олардың қатарында литвалық татарлардың өкілі Мұстафа Давидович та болды. Сондай-ақ газетті шығару ісіне оның зайыбы Бибі-Зегра да атсалысты.

Газеттің редакциясына оқырмандардан елдің түпкір-түпкірінен хаттар келіп түсіп жатты. Ол хаттарда айтылған ой-пікірлер мен жаңалықтар газет бетінде жарияланып тұрды. Бұл өз кезегінде газеттің мұсылман тұрғындар арасындағы орын алып жатқан үдерістермен оқырмандардың дер кезінде таныс болуына мүмкіндік берді. Мәселен, Ташкентте тұратын Әмина Батыршина деген әйел газетте материалдар жариялап тұратын авторлардың біріне айналды. Оның жазған хаттары «Мұсылман әйелдің хаты» деген атпен жарияланып тұрды. «Тәржіман» газеті осыған орай «Бұл мұсылман әйелі Ташкенттегі гимназияда білім алған. Оның өз білімін халық арасында таратуға деген тілегі бізді қуантады», деп жазды.

Шет елдер де орын алып жатқан оқиғалар да «Тәржіман» газеті бетінде көрініс тапты. И. Гаспыралы ағылшындардың отаршылдық саясатын, Африка мен Азия құрлықтарындағы жаулаушылық әрекеттерін сынға алуға баса мән берді. Ол мұндай сынды Ресейдің Орталық Азиядағы әрекеттерімен байланыстырмады. Себебі, мұндай қадамға барған жағдайда билік орындары «Тәржіман» газетіне айыппұл салып, газеттің шығуына тыйым салатын.

Газетте шетелдік жаңалықтары қатарында «Франция хаттары», «Судан хаттары» деген атпен жарық көрген материалдарға орын берілді. Мұндай хаттарды жолдаушылардың қатарында Ресей мұсылмандары да болды. Мәселен, ташкенттік Мулла Аббас есімді саяхатшы Еуропа елдерін және Африканың солтүстігіндегі елдерге 1885 – 1889 жылдары саяхат жасаған кезде өзінің көргендері жайында «Тәржіман» газетіне үзбей хат жолдап отырды. Ол Парижде болған кезде француздар мен ағылшындардың мысыр үшін өзара бәсекеге түскенін хабарлай отырып, өзінің «бұл елдердің мысырды жаулап алуға деген талпынысы діни құқыққа негізделмеген» деген пікірін де білірген болатын.

«Судан хаттары» деген атпен жарық көрген материалдарда еуропалық державалардың Африкаға экспансиясы айыпталып, Судандағы Мұхаммед Ахмад бастаған азттық күресі және Алжирде француз оккупанттарына қарсы Абдулқадыр жетекшілік жасаған күрестің нәтижесі жайынан мәліметтер берілді. И. Гаспыралы шетелдердегі азаттық күрес жайынан материалдарды «Тарджиман» газетінде жариялай отырып, ресейлік мұсылмандар арасында да ой қозғау салуға тырысты. Мұны Л. И. Климович өз еңбегінде «И. Гаспыралы жасырын, бүркемеленген саяси қызмет жүргізді. Ол шет елдердегі азаттық күресті насихаттай отырып, өзінің де ондай күреске әзірленіп жатқанын танытты» деп жазды (Абдирашидов, 2011: 178).

И. Гаспыралы патша өкіметінің қатаң бақылауы жағдайында жұмыс істеді. Ол «Тәржіман» газетін шығару барысында өз ойларын ашық білдірмей, патша өкіметінің отарлық саясатын қатысты пікір айтпауға тырысты. Сонымен қатар патша өкіметінің мұсылмандарға үстемдігін де дәріптемеді. Оның осындай әрекеті үшін Н. Остроумов «Тәржіман» газетін жақтырмады. Ол Н.Ильминскийге жазған хаттарының бірінде И. Гаспыралыны «шектен шығып барады, орыс үстемдігін дәріптемейді» деп айыптады (Абдирашидов, 2011: 293).

«Тәржіман» газеті арқылы И. Гаспыралы халық арасындағы интеллигенция өкілдерін шоғырландыруға тырысты. Оның пікірінше, интеллигеция халық бұқарасын бір идея аясында біріктіріп, жалпыұлттық істерді жүзеге асыратын күш саналатын. Ол интеллигенцияны «халықтың әкесі» деп атады. И.Гаспыралы І Петрді мысалға келтіре отырып, оның «барлық істің бастамасы ғылымда деп есептеп, бірінші кезекте білімді дамытуға мән бергенін» дұрыс қадам деп сандады. І Петрдің орыс тілін бастауыш білімнің негізі етіп алғанын баса көрсетіп, Ресейдегі мұсылмандардың да балалары бастауыш мектептерде ана тілінде білім алуы тиіс деді (Абдирашидов, 2011: 178).

«Тәржіман» газеті басты көңіл бөлінген мәселердің бірі – әйел мәселесі болды. И. Гаспыралы әйел мәселесін көтере отырып, әйелдерге арналған жеке газет шығаруды да көздеді. Бірақ оны сол кезде қалыптасқан жағдайға байланысты жүзеге асыра алмады.

И. Гаспыралы «Тәржіман» газетінде әйел теңідігін насихаттады. Бұл мәселеге арналған мақалаларда неке  жайы, қыздардың тұрмысқа ерте шығуы, қалың мал мәселесі, әйелдердің қоғам өмірне атсалысуы секілді т.б. жайттар қозғалды.

Газеттің әйел мәселесін көтеруіне діндандалар қарсылық білдірді. Олар да бұл күресте мерзімді басылымды пайдаланды. Олар мұндай басылым ретінде Н.Острумовтың ұйымдастыруымен Ташкент қаласында шығып тұрған «Түркістан вилояти газетін» таңдады. Бұл газет бетерінде Шариғат бойынша әйелдер мен ер азаматтар тең құқықты емес екенін негіздеуге күш салды.

Н. Остроумов «Тәржіман» газетін өзінің «Түркістан вилояти газетінің» бәсекелесі санады. Соған орай ол бұл газетке қарсы дін иелерін айдап салуға күш салды. Ол тіпті «Тәржіман» газетінің шығуына тыйым салу керек деген пікірде болды (Абдирашидов, 2011: 104).

«Тәржіман» газетіне қатысты пікірлерін Н. Острумов Н. Ильминскийге хат арқылы білдіріп отырған. Сондай хаттардың бірінде ол «Тәржіман» газеті «орыс мүддесіне қайшы келеді» дей отырып, билік орындарына, оны жабуға әсер ету керек деп санайды. Өз кезегінде Н. Ильминский де мемлекеттік органдардға «Тәржіман» газеті Ресейдің мемлекеттік саясатына қайшы келеді деп шағымданды

Н. Ильминский Қасиетті Синодтың басшысы К. Победоносцевқа жазған хатында «Тәржіман» газеті православиялық орыс мемлекеті мен қоғамына қарсы идеяны насихаттайды деген мазмұндағы шағым түсірді.

«Тәржіман» газетін шығаруды ұйымдастырған И. Гаспыралыны Н.Остроумов «жас татарлар партиясының көсемі» деп сипаттайды. Оның айтуынша, И. Гаспыралы Түркістан халқына көп әсерін тигізуге талпынып, осы бағыттағы әрекеті нәтижесінде Ташкентте көптеген пікірлестерін өз жағына тарта білген. Ол И. Гаспыралының «Тәржіман» газетінің Түркістан өлкесінде табысқа жетуін мемлекеттің халық ағарту ісіндегі орыстандыру саясатына тосқауыл болады деп санады

«Тәржіман» газеті халық ағарту ісіне жіті көңіл бөлді. И. Гаспыралы «ғылымсыз және білімсіз ұлт басқа өркениетті халықтардың қысымымен жоғалады» деген пікірде екенін білдіріп, білім мен оқу ісін дамудың негізі деп есептеді. Соған орай «Тәржіман» газетінде бастауыш мектептерде мұсылман халықтарының балалары ана тілінде білім алуын кеңінен насихаттады. Бұл өз кезегінде Н. Острумов секілді кертарпа күштердің қарсылығын үдете түсті.

И. Гаспыралы «Тәржіман» газеті беттерінде Түркістан өлкесіндегі әлеуметтік-саяси үдерістерді барынша ашып көрсетуге күш салды. Оның ішінде қоныс аудару, жер және орыс үкіметінің білім беру саясаты мәселелеріне ерекше мән берді. И. Гаспыралы осы мәселелерді талдай келе, «Орыс үкіметі бөлу саясатын жүзеге асыруда. Бұрын бір халық болып саналған мұсылмандарды этникалық белгілері бойынша бөліп жатыр. Татарлардың Түркістанда жылжымайтын мүлік алуына тыйым салыну, сарттардың ісін шариат сотында, ал қырғыздардың ісін әдет-ғұрып заңдары бойынша қарауды енгізу осы бөлу саясатының нәтижесі», деп жазды (Абдирашидов, 2011: 297]. Ол осыған байланысты түркістандықтарды этникалық белгілер бөлінбеуге, қырғыздар мен қазақтарды салт-дәстүрге қарай «сарттардан» жырақтамауға шақырып, олардың діндес халықтар екенін насихаттады.

«Тәржіман» газеті беттерінде паташ өкіметінің саясатын сынға алу 1905 жылғы қазан айындағы манифестен соң күшейе түсті. И. Гаспыралы бұл манифестке дейін патша өкіметінің саясатын сынға алудан тартынатын. Осы манифестен соң Түркістанда татарлардың жылжымайтын мүлік алуына тыйым салынғанын сынға ала бастады. Ол мұндай тыйым салу татарлардың қайырымдылық көрсететін ұйымдарға мүше болуына мүмкіндік бермейтінін алға тартты. Сол кезде қайырымдылық көрсететін «Көмек» ұйымының жарғысы бойынша жылжымайтын мүлкі жоқ адамдар бұл ұйымға мүше бола алмайтын. Осыған орай И. Гаспыралы мұны нағыз әділетсіздік деп бағалап, Түркістанда мұсылман халықтарын этникалық белгілері бойынша бөлуді доғаруды талап етті [34, с. 297].

Түркістан өлкесіндегі халықтарды бөлу саясатының негізін Н. Ильминский қалаған еді. Ол 1884 жылы жергілікті халықтардың балаларын бөліп, этникалық белгілері бойынша оқытуды ұсынған болатын. Н. Ильминскиий «сарттарды» «нағыз мұсылман», ал қазақтар мен қырғыздарды әдет-ғұрыпты басшылыққа алатын «жартылай мұсылман» деп бөліп, олардың балаларын бірге оқуына қарсы болды. Оның пікірінше, түркістандықтардың бірге білім алуы мұсылмандықтың таралуына алып келетін. Н. Ильминский «сарттардың», қазақтар мен қырғыздардың балаларын гимназияда оқытуға да қарсы болды. Ол гимназияда оқыған түркістандықтар «еуропалыққа» айналып, өздерінің халқының «көзін ашатын» (Гаспринский, 2006: 81).

Н. Ильминскийдің саясатын оның шәкірті Н. Остроумов Түркістанда жүзеге асыруға талпынды. Ол И. Гаспыралы идеясының Түркістанда таралуына түрлі амалмен тосқауыл қоюға тырысты. Оның үстіне Н. Остроумов пен И.Гаспыралының арақатынасы қарама-қайшылыққа ие еді. Мұндай қарама-қайшылық «Тәржіман» газеті мен «Түркістан вилояти газеті» беттерінде олардың идеялары арасындағы күрес айқын көрініс тапты. Мәселен, Н.Остроумов 1898 жылғы Әндіжан көтерілісін айыптап, мұсылмандардың басқа діндегілердің билік жүргізуіне қарсылығын, еркіндік үшін күреспен байланыстырмай, оны Исламмен байланыстыруын И. Гаспыралы үлкен қателік деп бағалады. И.Гаспыралы егер орыс билігі жергілікті халықты «шамдандандыратындай жағдай қалыптастырмаса», онда мұндай көтеріліс орын алмайтын еді деген пікірде екенін білдірді.

«Тәржіман» газеті беттерінде Н. Ильминскидің түркістандық халықты бөлу саясатын жалғастырушы Н. Остроумов екені ашық жазылды. Өйткені, «Түркістан вилояти газеті» беттерінде жарық көрген Н. Остроумовтың мақалаларының идеясы түркістандық мұсылман халықтарын біріктіруге жол бермеуге және мұсылмандарға деген сенімсіздікке саятын. Н. Остроумовтың мұндай идеясына И. Гаспыралы қарсылық білдіріп, егер осы тұрғыдан келетін болсақ «сөзсіз мұсылмандар Ресей билігіне қарсы келеді» деуге болады деп Н. Остроумовтың тұжырымдарының үстірт екенін көрсетіп берді.

1898 жылғы Әндіжан көтерілісінен кейін Н. Остроумов ресейлік мұсылмандардың қызметін «төніп келе жатқан қауіп» ретінде бағалауды әдетке айналдырды. Н. Остроумовтың мұндай пікірілерінен кейін «Туркестанские ведомости» газетінде түркістандық мұсылмандарға қарсы пікір білдірушілер қатары жиілей түсті. Сондай пікір білдірушілердің бірі бүркеншік атпен «түрлі әдебиеттерді сарт тілінде аударып, бастырып шығарудың еш қажеті жоқ, ол қайта зиянды» деп те жазды. Осы бүркешік атпен жариялаған авторға қарсы И.Гаспыралы «Тәржіман» газеті арқылы жауап жазды. Ол «сарт тілінің» бай тілдердің бірі болып табылатынын, осы тілді қолданушылардың қатарында Әлишер Навои, Бабыр секілді көрнекті тұлғалардың шыққанын алға тартты.

Зерттеуші З. Әбдірашидовтің келтірген мәліметтеріне қарағанда, Н.Остроумов «Тәржіман» газетіне қарсы күресуді өзінің басты міндеті санап, «Түркістан вилоятиниң газетін» түркістандық жергілікті халықты этникалық белгілеріне қарай жіктеуді, олардың бір-бірінен алашақтата түсу арнасына бұрған. Оның мұндай әрекетіне қарсы И. Гаспыралы «Тәржіман» газетінде материалдар жариялаумен жауап берген.

И. Гаспыралы «Тәржіман» газеті арқылы Түркістандағы халық ағарту ісіне байланысты орыс тілді басылымдарда жарияланып жатқан теріс пікірлерге де жауап беруге күш салды. Ташкентте жарық көріп тұрған «Туркестанские ведомости» газетінде «мұсылмандық оқу орындары билік тарапынан қараусыз қалдырылып, оларды татарлардың иелігіне қалдырды» деп байбалам көтеріп, оны талқыға салуына «Тәржіман» газеті қарсылық танытты. И. Гаспыралы «Тәржіман» газетінде жаңа оқу әдісіне көшкен мектептерде татар халқы өкілдерінің бар екенін мойындай отырып, олар мұсылмандық білім беру жүйесін реформалауға атсалысып жатқанын, олар осы әрекеті арқылы орыс үкіметі атқару тиіс жұмысты қолға алағанын алға тарты. Ол мұндай жұмыс жергілікті мұсылмандарды батыстық өркениетке жақындастыра түсуге, сөйтіп, ресейлік қоғамдық өмірге жергілікті халықтың белсенді араласуына жол ашады деді.

ХІХ ғасырдың соңына қарай Халық ағарту министрлігінің «орыс-түзем» мектептеріне кирилицаны енгізу туралы ұсынысы мұсылман халықтары арасында кең талқыланған мәселеге айналды. И. Гаспыралы министрліктің ұсынысын «Тәржіман» газетінде «логикаға үйлеспейді әрі мұсылмандардың намысына тиеді» деп бағалап, «орыс-түзем» мектептерінде араб әліпбиін сақтап қалуды қолдайды.

«Тәржіман» газетінде  Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтарының тарихына қатысты материалдар жариялауға да көңіл бөлінді. И.Гаспыралы көне дәуірдегі тарихи оқиғаларға байланысты деректік мәліметтер жариялаумен қатар, өз дәуірінде орын алған тарихи оқиғаларға да мән берді. Мәселен, Түркістан өлкесін патшалық Ресейдің жаулап алуына қатысты материалдар «Тәржіман» газеті бетінде көрініс тапты. 1885 жылы «Тәржіман» газетінің бірнеше нөмірінде (№21-25) генерал Куропаткиннің «Орыс әскерлерінің Орта Азиядағы әрекеті» деген естелігін жариялады. И. Гаспыралы бұл естеліктегі мәліметтер Түркістанның жаңа заман тарихын тереңірек түсінуге жол ашады деп есептеді. Осы орайда айта кететін бір жәйт, И.Гаспыралы өз дәуірін тарихтың жаңа заман деп есептеуі еді.

И. Гаспыралы «Тәржіман» газетінде Түркістан тарихына арналған мақалалар топтамасын «Түркістанның жаңа тарихы» атты айдармен жариялады. Ол Түркістан тарихының жаңа тарихын жазу барысында оның ортағасырлық дәуіріне де көңіл бөліп, Әмір Темір дәуіріне де назар аударады. Жаңа заман дәуіріндегі Қоқан хандығындағы, Бұхар әмірлігі мен Хиуа хандығындағы билеушілерді Әмір Темірмен салыстыра отырып бағалайды.

Орталық Азияның тарихымен қоса, оның жағрапиялық жағдайымен де халықты таныстыруға «Тәржіман» газетінде арнай бөлім ашты. Бұқар әмірлігі және Хиуа мен Қоқан хандықтары аймағындағы табиғи ерекшеліктер, ондағы халықтың шаруашылығының жай-күйі «Тәржіман» газетінде көрініс тапты. И.Гаспыралыны Бұқар әмірлігіндегі жағдай қызықтырды. Өйткені, ол Бұқар әмірлігін ресей империясындағы мұсылмандардың рухани орталығы деп санады. Бұқар әмірлігінің протектораттық жағдайын империядағы басқа мұсылмандарға қарағанда артықшылықа балады. Ол протектораттық жағдайда болашаққа еркіндікке негіз қаланады деп санап, осы Бұқарада түркі халықтарының тұтастай тарихын жазуға зор мүмкіндік бар деп есептеді.

«Тәржіман» газетінде И. Гаспыралы Бұқар әмірі Әлімханның өміріне және оның атқарып жатқан қызметіне де мән берді. Әсіресе, оның реформаторлық әрекеттерін көрсету басты назарда ұсталды. Газеттегі мәліметерге қарағанда, патша өкіметінің шенеуніктері Әлімхан Бұқар әмірі болып жарияланған кезде, оған бірқатар әлеуметтік реформаларды жүзеге асыруға көмек көрсетуге уәде берген. Осы мәселеге байланысты Түркістан генерал-губернаторлығында реформаларды жүзеге асыруға қатысты бірнеше мәжіліс өткізілген. Патша өкіметі шенеуніктері Бұхар әмірлігінде реформалар жүзеге асырылмаса, ондағы халықтың тұрмысы нашарлап, халықтың бүлік шығаруына алып келуі мүмкін деп санады. Түркістан генерал-губернаторы А.В. Самсонов Ресей империясының Соғыс министрінен  Бұқар әмірлігінде мынандай жаңа өзгеністер енгізуді сұраған еді: бұқаралық шенеуніктерге мемлекеттік қазынадан жалақы белгілеу; тұрғындардан заңсыз ақша жинауға тыйым салу; әмірге түрлі сый-сыйапат апаруға тосқауыл қою; қазыларды Шариатқа сәйкес тағайындау; мауда мен өндірістің дамуына жағдай туғызу, денеге зақым келтіретін жаза түрлері мен өлім жазасына тыйым салу.

«Тәржіман» газетінің келтірген мәліметтеріне қарағанда, Бұқар әмірлігінде жоғарыда көрсетілген ұсыныстарды енгізу қазынаға түсімді азайтатын. Патша өкіметінің шенеуніктері болса, бұл мәселені әмірліктің армиясын қысқарту арқылы шешуді көздеген. Бұқар армиясын қысқарту жайы 1890 жылдардан бастап қарастырыла бастаған еді. Бұқар әмірлігінің 6 миллион сомдық бюджетінің 2,3 миллионы тек армияға жұмсалатын. Бұқар әмірлігінің армиясын қысқарту арқылы патша өкіметі әмірлікте жақсы жарақтандырылған армия қалыптастыруға жол бермейді, бұл өз кезегінде одан төнетін қауіпті сейілтеді деп есептеді (Гаспринский, 2006:.129).

Бұқар әмірлігінен «Тәржіман» газеті редакциясына келіп түскен көптеген хаттар әмірлікте кең ауқымдағы реформалар жүргізу қолға алынғанын хабарлап жатты. Армияны қысқартудан бөлек, әмірлікте салық түрлері де азайтылды және бастауыш білім беру жүйесінде оңды өзгерістер бой көрсетті. И.Гаспыралыға осы өзгерістердің ішінде бастауыш білім беру орындарында зайырлы пәндердің оқытылуы ұнады. Әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге дін иелерінің қарсылық танытуын «соқырлықтың» белгісі деп сынды. Мектептерде зайырлы пәндердің оқытылуын дін иелері Шариатқа қайшы келеді деп бағалап, әмірлікте бүлік ұйымдастырды. Қалыптасқан осындай жағдайда патша өкіметі әмірге көмек ретінде Бұхараға әскер кіргізді.

И. Гаспыралы «Тәржіман» газетінде Әлімханның басшы ретінде атқарып жатқан қызметіне талдау жасай келе, Бұқарада жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар ресей мүддесіне қайшы келмеуі тиіс, әрі халықтың пайдасына қарай шешімін табуы керек деп ұйғарды. Оның бұл ойының астарында, Бұқар әмірлігінде батыстық мәдениеттің жетістіктерін Ресейдің көмегімен енгізіп алған жөн деген пікірді жақтады. Сөйтіп, Бұқар әмірі елде алдымен мынандай реформаларды жүзеге асыруы керек деді: 1) салық жүйесін реттеп, оны қазынаға түсуін тіркеуді қалыптастыру; 2) вакфтарды және мемлекеттік әрі жеке мүліктерді тіркеуді жүзеге асыру; 3) қазылардың шешімдерін қол қойып бекіту тәртібін енгізу; 4) пошта жүйесін құру; 5) халықты сумен қамтамасыз етіп, халық игілігғне арнап көпірлер салу; 6) ұлттық банкті қалыптастырып, қалаларда оның бөлімшелерін ашу; 7) әрбір ауылда заманауи бастауыш білім беретін мектептер ашып, ескі мектептерді реформалау; 8) мемлекеттік мекемелерге қажетті кадрлар даярлайтын жоғары оқу орнын – «мадраси ифран» ашу керек.

И. Гаспыралы Бұқар әмірлігінде патша өкіметі шенеуніктері ұсыныған реформалардың жүзеге асуын қолдады. Сонымен қатар әмірліктің бұдан да басқа өзгерістерді, әсіресе, халық ағарту ісі саласында реформа жүргізуді жақтады. Бұқар әмірлігінің дамуына мүдделілік танытқан И. Гаспыралы әмірліктегі шенеуніктер тарпынан құрметке ие бола бастады. Бұқар әмірлігіндегі ірі шенеуніктің бірі Хаджи Мырза Фазыл И. Гаспыралыны «Бұқарада өте жоғары құрметке ие адам» деп бағалады.

«Тәржіман» газетінде Орталық Азиядағы Хиуа хандығының мәселелері де көтерілді. Хиуа хандығы Мұхаммед Рахимханның билігі кезінде хандықта өзгерістер орын алып, еуропалық мәдентеттің белгілері хандыққа аздап болса да енгізіле бастады. Хиуа ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде Ресей империясының протекторатын айналып, оған контрибуция төлеп тұруға мәжбүр болды. Бірақ Ресей 1900 жылы Хиуаны контрибуциядан босатты. Протектораттық кезінде билік жүргізген ІІ Мұхаммед Рахимхан мен Асфендияр хандықта батыстық үлгідегі өзгерістер жүргізуге ниет танытты. Бірақ олардың бұл жолдағы әрекеттері нәтижелі бола қоймады. Олар «Тәржіман» газетін жаздырып алып тұрды.

И. Гаспыралы ортаазиялық билеушілер билік жүргізудің озық, жаңа тәсілін енгізуін қалады. Осы орайда ІІ Мұхаммед Рахимханның Әмудария өзенінде кеме қатынасын (пороходство) ұйымдастыруын құптарлық іс деп бағалап, оған ендігі кезекте халық ағарту саласын реформалауды қолға алуды ұсынды. Ол Хиуа хандығында да жоғары оқу орнының ашылып, онда мамандардың даярлануын құптады.

1887 жылы Хиуада ІІ Мұхаммед Рахимханның қаржылай қолдауымен 34 бөлмеден тұратын зайырлы мектеп ашып, оған ұстаздық етуге Ташкенттегі мұғалімдер семинариясының түлегі Хусаин Ибрагимовті шақыруын «Тәржіман» газетінде И. Гаспыралы тарапынан зор қолдаушылықа ие болды.

ІІ Мұхаммед Рахимханның мұрагері Асфендиярдың билік құру кезінде де Хиуа хандығында пошта мен телеграф ашылды. Хиуа хандығы сарайында аудармашы болып қызмет ететін Ахмад Агиевтің көмегімен Асфандияр хан орыс және түрік тілдерін терең меңгеріп, орыс, татар, түрік тілдеріндегі мерзімді басылымдарды жаздырып алды және өз кітапханасында тарихқа, географияға және жаратылыстануға қатысты кітаптар қатарын көбейтті. Сонымен қатар хандықта еуропалық үлгідегі ғимараттар салынып, жаңа зауыттар мен фабрикалар іске қосылды. Бұл істе Хиуа хандығындағы бас уәзір Сайид Исламқожа аса белсенділік танытты. Ол Хиуа хандығындағы жаңа өзгерістер жайын «Тәржіман» газеті бетінде жариялауға мүдделілік танытты.

Бұқар әмірлігіндегідей Хиуа хандығында да жүзеге асырылып жатқан реформаларға дін иелері қарсылық танытты. Осындай жағдайда «Тәржіман» газеті арқылы И. Гаспыралы Хиуа ханы Асфендияр мен бас уәзір Сайид Исламқожаға қолдау танытп, олардың әрекеті халықты прогресс жолына түсіруге бағытталған деп бағалады.

Хиуаның билеушілері де өз кезегінде И. Гаспыралының «Тәржіман» газетін шығаруы Ресейдегі мұсылман халықтарын «қараңғылықтан» алып шығуға бағытталған әрекетке теңеді. Сонымен қатар олар өздерінің хандықта жүргізіп отырған өзгерістер жайынан И. Гаспыралымен кеңесіп отыруды жөн санады. Сайид Исламқожа хандықтағы әрбір оң өзгерісті «Тәржіман» газетінде қуана жариялап отырды. Сондай жарияланымдардың бірі Хиуа хандығында алғашқы кинематографтың пайда болуына қатысты еді. «Тәржіман» газетіндегі мәліметке қарағанда, хиуалық Құдайберген Деванов деген азаматтың қоныс аударған Вильгельм Пеннерден кинематографияның қыр-сырын терең меңгеріп, шағын түсірілімдер жасай бастаған.

«Тәржіман» газетін Түркістан өлкесінде үлкен қолдаушылар тобына ие болды. Солардың ішінде ереше дараланғаны Махмудқожа Бехбуди еді. Ол ХХ ғасырдың бас кезінде И. Гаспыралымен тығыз байланыс орнатып, «Тәржіман» газетін Түркістан өлкесіне таратуға және оған қаржылай көмек көрсетуге атсалысты, сондай-ақ оның беттерінде өз мақалалрын жариялап тұрды. Сондай мақаларының бірінде ол өзінің «жазба түрік тіліне» «Тәржіман» газеті арқылы үйренгенін айтып, бұл газетті өзінің «рухани оқытушысы» екенін мәлімдеді.

И. Гаспыралының «Тәржіман» газеті арқылы Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтарының арасында еуропалық өркениетті насихаттап, оларды прогресс жолына түсіруге деген талпынысын М. Бехбуди жоғары бағалап, И. Гаспарлыны «ұстаз», «хазрет» деп атады. Өз кезегінде И. Гаспыралы да М. Бехбудидің ағартушылық көзқарастарын қадір тұтып, оны «Тәржіман» газеті беттерінде «ғұлама» деп қадір тұтты (Бехбудий, 1999: 6).

М. Бехбудидан басқа, Түркістан өлкесінде «Тәржіман» газетін насихаттаушылар қатарында қазы Мұхиддинқожа мен Жорабек есімді ташкенттік тұрғындар боды. И. Гаспыралы Мұхиддинқожа жайлы мақала жазып, оны еуропалық мәдениетті насихаттауын игі іс ретінде көрсетті. Ташкенттік Жорабек деген азамат та «Тәржіман» газетін алғашқы нөмірінен бастап жаздырып алуымен ерекшеленді. И. Гаспыралы «Тәржіман» газетінде «Ташкентте мұсылмандардан құралған интеллигенттер қауымдастығы бар. Олардың арасында әкелі балалы Бабаек пен Жорабек ерекше орынға ие», деп жазды.

«Тәржіман» газетінің Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтарының арасында беделінің артуына оның беттерінде иллюстрациялық материалдардың да берілуі өз әсерін тигізді. И. Гаспыралы газет бетінде бастапқыда Астрахань, Қазан, Бұқара, Самарқан секілді қалардың суреттерін беріп, кертартпа дін иелерінің қарсылығын туғызбау үшін адам бейнелерін бермеуге тырысты. Мұнан соң газет беттерінде озық техника үлгілерінің суреттерін беріп, онымен халықты таныстыруға мән берді. Иллюстрациялық материалдарға оқырмандар көзі үйренгеннен кейін барып, карикатуралық суреттер бере бастады. Ол суреттерде көп жағдайда баларды оқытып жатқан мұғалімдердің, малшылардың, көпестердің және т.б. кәсіп иелерінің бейнесі көрініс тапты.

Ғылым жетістіктерін насихаттау барысында «Тәржіман» газетінде түрлі көрнекі материалдарға орын берілді. Физика мен химия мәселеріне арналған тақырыптарда материяның құрылысына және химиялық элементтердің қосындысына қатысты кескіндемелер мен химиялық реакция көрініс тапқан суреттер берілді. Геогафия мәселесіне арналған тақырыптарда жер шарының суреті беріліп тұрды. Ресейдегі мұсылман халықтарының географиялық білімін жетілдіру мақсатында газет қосымша ретінде «Географиялық атлас» шығарылды.

И. Гаспыралы «Тәржіман» газетінде шет елдердің астаналарымен оқырмандарын таныстыру «Әйгілі астаналар» деген айдар ашты. Онда астаналар жайлы мәліметтермен қатар олардың суреттері де берілді. Ондай суреттерде Санкт-Петербург, Ыстамбұл, Лондон, Париж, Вена, Берлин, Рим секілді т.б. қалалар көрініс тапты (Гаспринский, 2006:395). Газеттің осылайша безіндіріліп шығуы оның халық арасындағы беделін өсіре түсті.

«Тәржіман» газеті өзінің алдына ағартушылық міндетті қойып, бұл істе барлық түркі тілдес халықтарды бірлікке үндеді. Бұл өз кезегінде халық арасында үлкен саяси күштің қалыптасуына алып келді (Гилязов, 2002: 30). ХХ ғасырдың басына қарай бұл басылымды түрік халықтарының саяси күштерін бір мүдде аясында топтастырушы ретінде бағалаушылар саны артты. Сондай қайракерлердің бірі Осман империясындағы жас түріктер қозғалысына қатысып, шыңдалған әрі өзінің түрікшілдік идеясымен танымал қайраткерге айналған Юсуф Акчура (Жүсіп Ақшора) еді. Ол Францияда эмиграцияда жүріп, 1903 жылы алғаш болып «Тәржіман» газетінің шығуының 20 жылдығын атап өту идеясын көтерді. Осыдан соң Бақшысарай қаласында өткен бұл мерейтойға империяның түпкір-түпкірінен өкілдер жиналды. Осы жиында «Тәржіман» газетінің түркі халықтары арасында атқарып жатқан қызметіне жоғары баға беріліп, ендігі жерде зиялы қауым өкілдеріне халық ағарту ісін жетілдіруге жұмыла атсалысуына үндеу тасталды (Мухаметдинов, 1996: 78).

Қорытынды. «Тәржіман» газеті патшалық Ресейдің қол астында отарлық бұғаудың қамытын киген түркі тілдес халықтардың рухани өміріндеорасан зор рөл атқарды. Осы басылымның негізінде көптеген түркі халықтарының өзіндік ұлттық басылымдары жарық көрді деп нық сеніммен айтуға болады.

«Тәржіман» газеті түркі халықтары арасында азаттық ұранын таратып, олардың ұлттық оянуына негіз қалады деуге болады. Газет беттерінде ұлттық мәдениет кеңінен насихатталып, түркі халықтарының өрекениетті елдерден үлгі алуы дәріптелді.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Абдирашидов З. Исмаил Гаспринский и Туркестан в начале ХХ века: связи – отношения – влияние. – Ташкент: «Akademnashr», 2011. – 384 с.

Бехбудий М. Танланган асарлар. – Тошкент: «Маънавият», 1999. – 280 б.

Бөкейхан Ә. Шығармаларының 7 томдық толық жинағы. – Астана: Сарыарқа, 2010. – 5-т. – 560 б.

Гаспринский Исмаил: историко-документальный сборник / сост.: С.Рахимов. – Казань: «Жыен», 2006. – 502 с.

Гилязов И. Тюркизм: становление и развитие. – Казань: КГУ, 2002. – 70 с.

Қамзабекұлы Д. Түркіге жан бітірген Гаспыралы // Ақиқат. – 2013. – 12. – 83-86- б.

Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. –Алматы: Қазақстан: Сана,1991. – 80 б.

Мухаметдинов Р.Ф. Зарождение и эволюция тюркизма. – Казань: «Заман», 1996. – 272 с.

Сералин М. Мақалалары, публицистикалық шығармалары, поэмалары жәнеаудармалары. –Астана: Аударма, 2002. – 335 б.

Торайғыров С. Екі томдық шығармалар жинағы. – 2-т. – Алматы: Ғылым, 1993. – 200 б.

Kirimli C. Gaspirali Ismail bey.– Istanbul: Türkşirketi,1934.–250 s.

Orkun H. Türkçüluğüntarihi.– Ankara: Yenişehir, 1977.–115 b.

Zenkovsky S. Pan-Turkism and Islam in Russia. – Cambridge, Massachusetts: Harvard university press, 1960. –P. 345.

References:

Abdirashidov Z. Ismail Gasprinskij i Turkestan v nachale XX veka: svyazi – otnosheniya – vliyanie [Ismail Gasprinsky and Turkestan at the beginning of the twentieth century: connections - relations – influence in Russian]. – Tashkent: «Akademnashr», 2011. – 384 s.

Bexbudij M. Tanlangan asarlar [Selected works]. – Toshkent: «Manaviyat», 1999. – 280 b.

Bokeihan A. Shygarmalarynyn 7 tomdyq tolyq zhinagy [7-volume collection of writings] – Astana: Saryarqa, 2010. – 5-t. – 560 b.

Gasprinski Ismail: istoriko-dokumentalnyi sbornik [Gasprinski Ismail:]historical-documentary collection – in Russian]/ sost.: S. Raximov. – Kazan: «Zhyen», 2006. – 502 s.

Gilyazov I. Tyurkizm: stanovlenie i razvitie [Turkism: formation and development – in Russian]. – Kazan: KGU, 2002. – 70 s.

Kamzabekuly D. Turkіge zhan bіtіrgen Gaspyraly  [Turke zhan graduated from Gaspyraly]. // Aqiqat. – 2013. – 12. – 83-86- b.

Kudajberdіuly Sh. Turіk, kyrgyz-kazakh һam xandar shezhіresі [Chronicle of Turkish, Kyrgyz-Kazakh and Khans]. – Almaty: Kazakhstan: Sana, 1991. – 80 b.

Muxametdinov R.F. Zarozhdenie i evolyusiya tyurkizma [Emerging and evolution of Turkism  - in Russian]. – Kazan: «Zaman», 1996. – 272 s.

Seralin M. Maqalalary, publicistikalyk shygarmalary, poemalary zhane audarmalary [Articles, journalistic works, poems and translations]. – Astana: Audarma, 2002. – 335 b.

Torajgyrov S. Ekі tomdyq shygarmalar zhinagy [2-volume collection of writings –in Russian]. – 2-t. – Almaty: Gylym, 1993. – 200 b.

Kirimli C. Gaspirali Ismail bey [Gaspirali Ismail bey– in Turkish]. – Istanbul: Türkşirketi,1934.–250 s.

Orkun H. Türkçüluğüntarihi [History of Turkism – in Turkish]. – Ankara: Yenişehir, 1977.–115 b.

Zenkovsky S. Pan-Turkism and Islam in Russia. – Cambridge, Massachusetts: Harvard university press, 1960. –P. 345.

МРНТИ 03.20.00

ГАЗЕТА «ТАРДЖИМАН»: МЕСТО И РОЛЬ В ДУХОВНОМ МИРЕ

ТЮРКСКИХ НАРОДОВ

М.А. Жолсейтова¹

¹Кандидат исторических наук, Международный казахско-турецкий унтверситет им. Х.А. Ясави. Казахстан, г. Туркестан.

Аннотация. В статье анализируется история происхождения газеты «Тарджиман», поднимаемые газетой проблемы, рассматривается ее место и роль в духовной жизни тюркских народов.

Газета «Тарджиман» в конце ХІХ века распространялась в крымских городах и других регионах. На издание проводилась подписка почти во всех губерниях и больших городах Российской империи. Привлекает внимание сеть личных корреспондентов газеты «Тарджиман». Полный анализ именно этой информации может доказать, что издание было общетюркским в пределах Российской империи. Только география и имена известных и почти неизвестных журналистов, учителей, духовников, купцов, мурз, беев и других может указывать на всесословность издания. Таким образом, можно говорить о том, что корреспондентами издания И. Гаспринского были представители почти всех тюрко-мусульманских народов и большинства других этносов, которые исповедовали ислам. Среди наиболее представительных следует отметить крымских и поволжских татар, башкир, узбеков, казахов, киргизов, азербайджанцев, туркменов, тюрков других регионов, нетюркоязычные народы Северного Кавказа и Средней Азии. Это говорит о необходимости изучения места газеты «Тарджиман» в духовной жизни тюркских народов.

Ключевые слова: периодическая печать, газета, духовность, освободительное движение, цензура.

IRSTI 03.20.00

NEWSPAPER «TARJUMAN»: PLACE AND ROLE IN THE SPIRITUAL WORLD OF THE TURKIC PEOPLES

M. A. Zholseitova¹

¹Candidate of Historical Sciences, Akhmet Yassawi International Kazakh-Turkish University. Kazakhstan, Turkestan.

Annotation.The article analyzes the history of the origin of the newspaper «Tarjiman», the issues raised by the newspaper, and its place and role in the spiritual life of the Turkic peoples.

Newspaper «Tarjuman» in the late 19th century was distributed in the Crimean cities and the other regions. The publication was subscribed to in almost all provinces and large cities of the Russian Empire. It draws attention to the personal correspondent of the newspaper "Tarjuman". A full analysis of this information can prove that the publication was common Turkic within the Russian Empire. Only the geography and the names of famous and almost unknown journalists, teachers, confessors, merchants, murz, beys, and others can indicate the omniscience of the publication. Thus, we can say that the correspondents of the publication of I. Gasprinsky were representatives of almost all the Turkic-Muslim peoples and most other ethnic groups that professed Islam. Among the most representative are the Crimean and Volga Tatars, Bashkirs, Uzbeks, Kazakhs, Kirghizs, Azerbaijanis, Turkmens, Turks of other regions, non-Turkic-speaking peoples of the North Caucasus and Central Asia. This suggests the need to study the place of the newspaper «Tarjiman» in the spiritual life of the Turkic peoples.

Keywords: periodical printing, newspaper, spirituality, the liberation movement, censorship.

No comments

To leave comment you must enter or register