Home » Materials » ҒТАХР 03.20.00 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ

Б. Құдайбергенұлы¹, Б.Ж. Кабдушев², М.М. Қозыбаева3. ¹Т.ғ.к., Ш.Ш. Уәлиханов ат. ТжЭИ. ²Т.ғ.к., доцент. Алматы ЭжБУ, 3PhD, Ш.Ш. Уәлиханов ат. ТжЭИ.

ҒТАХР 03.20.00 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(22) сәуір-маусым 2020

Tags: мекемелер, мәдени-ағарту, шаралары, көрсету, көмек, майданға, эвакуациясы, ұйымдар, мен, кәсіпорындар, соғысы, Отан, Ұлы, тарихы, Павлодар, сөздер:, Түйін, білім, беру, жағдайы, денсаулық, сақтау, саласы.
Annotation:
Аңдатпа. Мақала Ұлы Отан соғысы кезіндегі Павлодар қаласының тарихына арналған. Соғыс жылдарындағы Павлодардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-ағарту, білім беру мәселелері архив деректеріне сүйене отырып зерделенеді. Қала экономикасы, оған әсер етуші факторлар ашылады. Павлодар қаласына майдан шебінен эвакуацияланған кәсіпорындар мен халықтардың орналасу тарихы зерделенеді. Көшірілініп әкелінген өнеркәсіп орындарын, мекемелерді орналастыру іске қосу жұмыстарындағы жергілікті билік тарапынан көмек көрсету шаралары қарастырылады. Атап айтқанда, эвакуацияланып келген халықты тұрғын үймен, азық-түлікпен, жұмыспен, медициналық көмек көрсетуде қалалық басшы атқару комитетінің ұйымдастырушылығына баға беріледі. Соғыс жылдары Ертістің Павлодар өңірінен қырық алты мыңнан астам азамат майданға аттанып, сол боздақтардың жартысынан астамы соғыстан оралмады. Он мыңдаған павлодарлық жауынгерлердің түрлі орден-медальдармен марапатталып, соның ішінде жиырмадан астамы кеңес одағының батыры атағына ие болғаны баяндалады. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» ұраны аясындағы еңбекшілердің ерен еңбегі, тылдың майдан қажеттілігі үшін көмек көрсету шараларымен жүзеге асыру жолдары жан-жақты сипатталады. Павлодар еңбекшілерінің жауға қарсы күресін қолдау жан-жақты формада орын алды. Атап айтқанда, екпінді еңбек, ақша немесе құнды қағаздарды қорғаныс қорына тапсыру, авиоэскадрия мен танк колоннасына қаржы жинау, әскерге жылы киім жинау, майдандағы жауынгерлерге сәлем-сауқат жіберу, эвакогоспитальдегі жауынгерлерге, соғыс мүгедектері мен майдангерлер отбасына қамқорлық жасау, азат етілген аудандарға көмек көрсету, эвакуацияланған халықты қабылдау мен жағдай жасау және т.б. Сонымен қатар қиын-қыстау кезеңінде облыс орталығының білім беру, денсаулық сақтау, мәдени-ағарту мекемелерінің қызметі ашылады. Соңында Павлодар қаласының соғыс жылдарындағы экономикалық, әлеуметтік, мәдени өзгерістердің бағыты айқындалып, оған түрткі болған жағдайлар қорытындылады.
Text:

Кіріспе. Адамзат тарихы өзінің ауқымы мен ауыртпашылығы, құрбан болғандардың саны жөнінен 1941–1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысына тең келетін зардапты білген емес. Міне, осы орайда бейбіт өмірдің тыныштығын бұзып, дүниені дүр сілкіндірген соғыс адамзат баласына үлкен зиян тигізгені баршаға аян. Қанды шайқас қазақ жерінде болмаса да біздің ел одақтың құрамдас бөлігі ретінде жеңісіне өз үлесін қосқаны тарихи шындық.

Павлодар қаласының 1941–1945 жылдардағы тарихы өзіндік ерешелікке ие. Себебі осы жылдары қаланың әлеуметтік-экономикалық саласы үлкен өзгерістерге ұшырады. Бұл тікелей сол кезеңдегі қоғамдық-саяси жағдайға да байланысты болды. Сондықтан Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығына орай қала тарихын қарастырудың маңыздылығы жоғары.

Павлодар қаласында өнеркәсіп орындарын соғыс жағдайына бейімдеп қайта құру көп уақыт алған жоқ, өйткені мұнда ірі өндіріс кәсіпорны болған жоқ және жергілікті кәсіпорындар соғыс өнімдерін шығаруды жоспарламады. Аз уақыттың ішінде шикізат пен азық-түлік өндіруді көбейту, мүмкіндігінше көбірек кемелер мен ауыл шаруашылық техникаларын жөндеу көзделді, бұл әрине, еңбек өнімділігін арттыруды талап етті.

Батыс аудандардан өнеркәсіп кәсіпорындарын көшіру кезінде Павлодарда орналасуы жаңа өндіріс орындарының пайда болуын тудырды. Майданды қажеттіліктікпен қамтамасыздандыру үшін және елдің шаруашылығын нығайту мақсатында тынымсыз еңбек еткен Ертістің Павлодар өңірдегі еңбекшілер жалпыхалықтық шарадан тыс қалмады.

Барлық кеңес халықтармен бірге басқа түскен қара түнек соғыстың қызу шебінде қоян колтықтаса 46 мыңнан аса павлодарлықтар соғысып, фашизмге қарсы күресте көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін 10 мыңнан аса павлодарлық кеңес одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Украина мен Белоруссияның батыс аудандарынан, Саратов пен Сталинград облыстарынан, Қырым АССР-дан, Волга бойындағы немістер мен Солтүстік Кавказдан ондаған мың халықтар Ертістің Павлодар өнірінде баспана тапқан еді. Павлодар қалалық басшы атқару комитеті мен қоғамдық ұйымдар көшіп келгендерді тұрғын үймен қамтамасыз етумен, азық-түлікпен, жұмыспен, медициналық көмек көрсету туралы қаулы-шаралар қабылдап, оны жүзеге асыруда зор күш жұмсап отырды.

Ұлы Отан соғыс жылдарында халықтардың қоныстануы қаланың әлеуметтік-демографиялық құрылымына ықпал етті. Атап айтқанда, эвакуациялау нәтижесінде бұрын қала мен облыс жерінде болмаған ұлт өкілдері пайда болса, өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе орыс халқының салмағы арта түсіп, жергілікті қазақ ұлтының үлес салмағы төмендеді. Демек, халықтарды эвакуациялау ісі ұлттық-демографиялық жағдайға кері әсерін тигізді деп толық айта аламыз.

Материалдар мен әдістері. Мақаланы жазу барысында жалпы ғылыми тарихи принципке, жүйелілікке, салыстырмалы талдауға негізделді. Методологиялық арсеналда ғылыми-қолданбалы әдістерге сүйене отырып, зерттеулерді хронологиялық және тақырыптық жүйеде топтастырдық. Тарихи салыстырмалы әдіс бойынша зерттеулер мен деректерге мән беріле отырып, статистикалық деректерге кеңінен қолданылды. Мақалада Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік Архивінің 1479 (мемлекеттік жоспар комиссиясы), 698 (статистика басқармасы), 1692 (халық ағарту комиссариаты), Қазақстан Республикасы Президенттік Архивінің 708 (орталық комитет), Павлодар облыстық мемлекеттік архивінің 17 (қалалық кеңес), 385 (денсаулық сақтау бөлімі), 427 (архив және құжаттама), 526 (Павлодар былғары фабрикасы), 646 (облыстық кеңес), 727(қалалық денсаулық сақтау бөлімі), 738 (Октябрь зауыты), 909 (облыстық статистика басқарма), 1003 (Чехов драма театр) қорларыныңқұжаттары талданып, кейбірі ғылыми айналымға алғаш енгізілді.

Талқылау. Ұлы Отан соғысының жеңісіне биыл 75 жыл толды. Осы аралықта бұл тақырып тарихшылардың назарынан тыс қалмаған және болашақта да маңыздылығын жоймақ емес. Сол кезеңдегі қоғамдық-саяси жағдайға, әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, мәдени-ағарту мәселеріне арналған бірнеше ғылыми зерттеу мақалалар, монографиялар, жинақтар жарыққа шықты.

Осы мәселені зерттеушілердің ішінде Ұлы Отан соғысының тікелей қатысушылары, академик А.Н. Нүсіпбеков (Нусупбеков, 1947: 73-84), тарих ғылымдарының докторлары Г.А. Абишев (Абишев, 1958: 362), В.Я. Басин (Басин, 1965: 164) және Т.Б. Балақаев (Балакаев, 1971: 350). Кейіннен бұл тақырып М.Қ. Қозыбаев (Козыбаев, 1970: 476), Н.Е. Едігенов (Едыгенов, 1972: 208), П.С. Белан (Белан, 1995: 336), К.С. Алдажуманов (Балакаев, Алдажуманов, 1985: 320), К.Ю. Оразов (Оразов, 1975: 134) және басқалары. Олар монографиялар, кітаптар мен мақалалар жазды, 1964 және 1967 жылдары Алматыда «Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан. 1941-1945» екі томдық құжаттар мен материалдар жинағы жарық көрді. Бұл еңбектерде соғыс жылдарындағы ел тарихы, тылдың ерен еңбегі қарастырылды. Іргелі зерттеулерге сүйене отырып, қаhарлы жылдардағы Ертістің Павлодар өңірі тарихын терең түсінуге мүмкіндік берді.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Павлодар қаласының тарихына қатысты С. Сергеенковтың диссертациялық еңбегін атауға болады (Сергеенков, 1973: 24). Зерттеуші кеңестік кезеңге тән методология тұрғысынан эвакуацияланған кәсіпорындар мен халықты орналастыру шара жұмысындағы Павлодар облыстық партия ұйымының ролін көрсеткен. Атап айтқанда, жергілікті партия ұйымын асыра мақтау, партия қызметінің біржақтылығы.Өткен ғасырдың соңында Павлодар облыстық мемлекеттік архивінің ұжымы дайындаған статистикалық құжаттар жинағында облыс тарихына қатысты деректер жинақталған (ГАПО. 1999: 99). Облыс болып құрылғанына 70 жыл толуына орай шығарылған жылнамада облысқа жалпы шолу жасалған.Бұлардан басқа Павлодар қаласының сұрапыл соғыс жылдарындағы тарихының жеке жақтарына қатысты С.П. Шевченконың (Шевченко, 2000: Тереник М.С. (Тереник, 2000: 40) экономикалы-географиялық және ғылыми-публистикалық мазмұнды кітаптары жарық көрді. Павлодар облысындағы диаспораның әлеуметтік- мәдени тарихы А. Аманованың зерттеуінде көрсетілген (Аманова, 2016: 192)

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Павлодар қаласының тарихы ғылыми тұрғыдан арнайы зерттеу нысаны ретінде Б.Құдайбергенұлының (Құдайбергенұлы, 2001: 26) еңбегінде қарастырылады. Архив құжаттарының негізінде қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, мәдени-ағарту, білім беру мекемелері мен денсаулық сақтау саласының тарихы талданады.

Нәтижелері. Соғыс жағдайындағы қала экономикасы. Соғыс қарсаңындағы қырық мыңдай тұрғыны бар Павлодар қаласының өнеркәсібі бүгінгі таңдағы көзқараспен айтсақ, аса айтарлықтай үлкен болмады. Атап айтқанда, кеме жөндеу шеберханалары, сыра және балық зауыттары, ет комбинаты, жергілікті және кооперативтік өнеркәсіп кәсіпорындары болды. Облыс аумағында «Павлодар-тұз» тресті, «Майқайыналтын» комбинаты, Шөптікөл көмір шахтасы, Екібастұз және Жамантұз көмір кендері жұмыс жасады. Қаладағыкеме жөндеушілер шеберханасы еңбек өнімін өсіру туралы облыс кәсіпорындарының ішінде алғашқы болып үндеу жолдады, онда: «Біз тыл басшымыз, сондықтан қорғаныс вахтасын ұйымдастырдық. Отанға: «Туған ел – сен тапсырған міндеттер әскери түрде орындалды дейік», - деп жазылды (Павлодар облысының хронографы: 2008: 48). Соғыс жылдары Павлодар кеме жөндеу шеберханаларының өндірістік көрсеткіштері анағұрлым өсті. Мысалы, 1944 жылы жалпы өнім шығару 1941 жылмен салыстырғанда 818.0 мың сомға,тауар өнімі 1.254.2 мың сомға өсіп, еңбек өнімділігінің артуы шеберхананың кеме жөндеу зауыты болып қайта құрылуына мүмкіндік берді. КСРО Өзен флот жөніндегі халық комиссариятының 14.02.1944 жылғы №44 бұйрығына сәйкес 2-разрядты зауыт категориясына өткен кәсіпорынкеме жөндеу жұмысымен қатар жасау, қосалқы бөлшектер шығарумен де айналысты. Осы жылдары жалпы жасалынған 47 флот түрінің тас көтеруші краны – 27, мотокатер – 9, баркас – 10 болды (ПО МА, 27: 55).

Ауыр тауқымет талабындағы белгіленген жылдық жоспарды орындауда ерен еңбек атқарылды. Архив деректеріндегістатистикалықсандарға сүйене отырып, жылдық көрсеткіштердің өскенін аңғаруға болады. Мысалы. одақ басқарма қарамағындағы қала кәсіпорындарының жалпы өнімі 1942 жылы 19.797 мың сомды құрап, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 134% артқан. Республика қарамағындағы өндіріс орындары 1941 жылы – 4.206 мың сом, 1942 жылы – 10.637 мың сом, (өсім 253 %), жергілікті өнеркәсіп пен өндіріс корпорациясы 1941 жылы – 6.002 мың сом, 1942 жылы – 8.992 мың сом ( өсім 149 %) тауарларын шығарған (ҚР ПА, 487а: 18). Жылдық жоспарды ерте аяқтап, жоспардан тыс жүздеген мың сом өнімін берген Павлодар орталық шеберханалары, қалалық темір жол депосы, кеме жөндеу шеберханасыбүкілодақтық жарыс жеңімпаздарының қатарынан көрінді. Алайда, мұндай жетістікке барлығы қол жеткізе алмады, бұл жалпы жағдайға кері әсерін тигізді. ҚКП Орталық комитетінің «Павлодар облысында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптегі артта қалушылықты жою шаралары» туралы 19.08.1942 жылы қабылдаған қаулысы Павлодар қаласында да тікелей қатысты болды (ҚР ПА 106: 108). Қабылданып жатқан қаулылар мен жүргізілген шараларға қарамастан жергілікті кәсіпорындарда шығарылатын өнімдердің кейбіреулері сапасыз болды. Мысалы, аяқ киімдердің көбі көп ұзамай киюден қалса, кір сабын сапасының төмендігі кірді кетірмей, көпірмеді. Қала бойынша 1944 жылғы өндіріс кәсіпорындарының жоспары 94,4% орындалып, 1.539,6 мың сомның өнімі тапсырылмады. Қаладағы одақтық және республикалық маңыздағы кәсіпорындар жоспарды 94%, кооперативтік және жергілікті өнеркәсіп кәсіпорындары, яғни қала өнеркәсіп комбинаты 95,4% орындады. Бұл сандар Павлодардағы 24 қалалық кәсіпорын жұмысының көрсеткіштері. Жоспарлаған 1944 жылдық межені орындаған қала кәсіпорынның саны 14 болса, соның ішінде одақтық және республикалық маңыздағы өндіріс орны 5, жергілікті және өнеркәсіп кооперациясы 9 болды (ҚР ПА, 938:11).

Ұлы Отан соғысы жылдарында шаруашылық өмірдің әскери жағдайға бейімделуімен қатар қосымша жауапты міндеттер де жүзеге асырылып отырды. Бұл – эвакуацияланған кәсіпорындарды қабылдау, орналастыру және оларды аз уақыттың ішінде іске қосу болатын. Тылдағы ерлік көрінісінің бірі, яғни жаңадан іске қосылған өндіріс кәсіпорындары қала экономикасының жағдайына айтарлықтай әсер еткен фактордың болды. Облыс орталығына 1941 жылдың 16 қарашасында Харьковтан көшіріліп әкелінген былғары фабрикасы бір айдан кейін іске қосылып, толық күш қуатында келесі жылдың 10 қаңтарында жұмыс жасай бастады. Майдандағы жауынгерлерге тон, қысқа тон, былғары желетке, құлақшын, қолғап шығарған фабриканың алғашқы жылдағы өнімі 2.681 мың сомға бағаланды (ПО МА, 9:1). Павлодар облыстық атқару комитетінің және Павлодар обком партиясының 1941 жылғы 19 қарашадағы қаулысына сәйкес облыс орталығына Тула жөндеу шеберханалары орналастырылып, жаңа кәсіпорынға арнайы 670 ш.м мекеме берілді. Көшіріліп әкелінген орталық жөндеу шеберханаларының құрал-жабдықтарын қабылдау мен орналастыру және іске қосу үшін 84 жұмысшы қызметкер де арнайы қоныстанды (ҚР ПА, 1193: 8). Білікті мамандардың тапшылығына қарамастан жергілікті жердің көмегімен аз уақыттың ішінде іске қосылған шеберханалар автокөлік, тракторлар мен ауылшаруашылық машиналардың қосалқы бөлшектерін жөндеумен және жаңадан шығарумен айналысты. Сөйтіп, 1941 жылдың аяғына дейін Павлодар қаласына батыс ауданнан эвакуацияланған Харьков былғары фабрикасы және Тула орталық – жөндеу шеберханалары орналасып, олардың орналасуы мен іске қосылуына жергілікті қала басшылығы мен партия ұйымы зор көмек көрсетті. Аймаққа майдан шебінен эвакуацияланған кәсіпорындар толастамай солардың негізінде жаңа өндірістер қалыптасты. Атап айтқанда, 1942 жылдың ақпанында Павлодарға Ленинград «Монумент-мүсін» көркем құю зауытының жабдықтары мен көркем бедер салу, итальяндық және француздық әдіспен құю тәсілін меңгерген 21 маманның көшіріліп келуі қалада қыш өнімдерін шығаратын кәсіпорынның негізін қалады. Осы жылы Павлодарға Володар сүт консерві зауыты эвакуацияланды. Бұл өндіріс орны қалаға 3 шілдеде келіп, 1942 жылдың аяғында алғашқы кезегі іске қосылып, жылына отыз мың құрғақ сүт шығаратын қуаттылығы болды (ҚР ОМА, 28: 50). Павлодарда жаңакәсіпорындардың қалыптасуы қала өмірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсер етті. Олардың кейбірі майдан шебінен көшірілініп әкелген кәсіпорындар болса, енді бірі жаңадан құрылды. Мысалы, алғашқыда Краснодардан «Октябрь» зауытының құрал-жабдықтарын Павлодарға көшіріп, ауыл шаруашылығы мен әскерге қажетті қосалқы бөлшектер шығару жоспарланған болатын. Алайда, Краснодардан зауыт құрал-жабдықтарының келмегенін архив құжаттары айғақтайды. Бұның іске қосылуы Омбының «Поршень», «Сибзавод», Алматының «20 лет Октября», Саратовтың «Серп и Молот» зауыттарының қолдау жасауымен жүзеге асырылды. Қажетті мамандармен,құрал-жабдықтармен жабдықталған зауыттың алғашқы кезегі 1943 жылдың қазанында іске қосылып, 1944 жылдың 7 қарашасында зауыт электростанциясының қосылуы (күші бір мың киловат) тек зауыт емес, қалаға да электр энергиясын берді. Жыл соңында зауытты электр жарығымен қуаттандыратын екі электрстанциясының күші 2.270 киловатт-сағатқа жетті. (ПО МА, 5: 15).

Архив құжаттары көп жағдайда көшірілінген кәсіпорындар толық күш-қуатында жеткізілмегенін, білікті мамандардың тапшылығын, шикізат өнімнің жетіспеушілігін айғақтайды, бұл әрине өндіріс орнының толық қуатында жұмыс жасауына, жоспардың орындалуы мен өнімнің сапалығына кері әсерін тигізді. Мысалы, Харьков қаласынан эвакуацияланған былғары фабрикасы толық қуатында жұмыс жасау үшін қажетті 15 мың иненің орнына 2 мың ине, қажетті матаның 20 %, марлінің 12 % ғана алып отырды.Сол сияқты, «Октябрь» зауыты жоспардағы 22 млн. сом өнімін орындау үшін 364 түрлі темір металл станоктары болуы шарт, алайда 1945 жылға дейін ол небары 84 станок алған. Бұл факторлардың барлығы өндірістергеәсер етті. Жаңадан іске қосылған кәсіпорындардың нәтижесінде жергілікті және кооперативтік өнеркәсіп кәсіпорындары дайындайтын өнімнің сұрыптамалық түрлері өзгерді. Ұлы Отан соғысы жылдары облыс бойынша жергілікті және кооперативті өнеркәсіптің жалпы өнімі екі есе артып, шығарылатын өнімнің түрі 22 ден 100 ге жетті. Мысалы, бұрын шығарылмаған тауарлар қатарында сіріңке, соды-сабын, қағаз, мата, қыш ыдыс, жұмсақ ойыншық, тігін станоктары, былғары өнімдері.«Октябрь» зауыты ауыл шаруашылық техникаларына қажетті қосалқы бөлшектер жасау нәтижесінде керекті бөлшектердің көбі бұрынғыдай басқа облыстар мен өлкелерден тасымалданбай, жергілікті жердің өзінде шығаруға қол жеткізілді. Зауыт 1944–1945 жылдары облыстық егін далаларындағы тракторларға 744.7 мың сомның түрлі қосалқы бөлшектері мен 382.5 мың сомның тетіктерін жаңадан әзірлеп шығарды. Соғыс кезіндегі маңызды мәселенің бірі халық шаруашылық жұмысын кадрмен қамтамасыз ету болды. Майдан қажеттілігіне аттанған жас ұл – қыздар мен ерлер қатарын әйелдер, қарт адамдар мен жасөспірімдер толтырды.Сол себепті арнайы мамандар даярлау мақсатында кәсіпорындар жанында кешкі мектептер ұйымдастырылды. Қалада жаңадан қосылған өндіріс орындарының нәтижесінде жұмысшылар мен инженер-техник қызметкерлер, білікті мамандар санының сапалығы артты.

Майданға көмек көрсету шаралары.Отанға қауіп төнген қарсы күрес майданына 46 мыңнан аса павлодарлықтар аттанып, соның жартысынан астамы оралмады. 1994-1997 жылдары басылып шыққан үш томнан тұратын Павлодар облысының «Боздақтар» естелік кітабында ұрыстарда қаза тапқан, госпитальдарда жарақаттар мен аурулардан қайтыс болған және 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының майданында хабарсыз кеткен 22.279 павлодарлық жауынгерлер туралы қысқаша өмірбаяндық деректер енгізілген. Павлодар облысының мұрағат қызметінің майданда қаза тапқан, жарақаттардан қайтыс болған, хабарсыз кеткен Ертістің Павлодар өңірінің тумалары, Павлодар облысының қалалық, аудандық әскери комиссариаттары арқылы шақырылған жауынгерлер туралы мәліметтерді анықтау бойынша 2011 жылы басталған жұмысының нәтижесінде павлодарлықтар саны 4.185 адамға көбейіп, нәтижесінде 26.464 адамды құрады. Фашизмге қарсы күресте көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін 10 мыңнан аса павлодарлық түрлі ордендерімен және медальдарымен марапатталып, ортақ Отанды қорғаушылардың сапына тұрған павлодарлықтар арасынан облыста туып өскен немесе еңбек еткен И.В.Бабин, А.Ф. Горобец, А.Н.Елгин, С.А. Елистратов, М.Қ. Қайырбаев, К. Камзин, М.М. Катаев, А.С. Квитков, И.И. Корнев, И.И. Кривенко, И.Н. Кудин, И.В. Кутурга, И.Г. Ледовский, С.И. Маковский, М.И. Милевский, С. Муткенов, К.А. Семенченко, И.А. Скляров, В.В. Степаненко, Қ.М. Сұрағанов, С.К. Токарев, К.Ф. Шувалов кеңес одағының Батыры атағына ие болды. Павлодарлық жауынгерлер Ленинградты, Сталинградты қорғады, Курск шайқасына қатысты. Украинаны, Молдавияны, Румынияны, Венгрияны неміс-фашист басқыншыларынан азат етіп, партизан қозғалысында белсенді араласты.Соғыстын алғашқы күнінен-ақ еріктілерден көп өтініш түсіп, олар майдан шебіне жіберілместен бұрын өзге қалаларда құрылып жатқан әскери дивизиялар құрамын толықтырды. Мысалы, алғашқы соғыс жылының маусым-шілде айларында еріктілердің көбі Павлодар қаласында жасақталған 314 дивизия құрамына алынып, оның 1/3 құраса, Ленинград пен Волхов майданында даңққа бөленген дивизия құрамындағы 1076 атқыштар полкі павлодарлықтардан тұрды. Павлодарлық еріктілер әсіресе №858 артиллерия полкінде, №590 дербес зенитті артилерия дивизионында, №598 дербес саперлер батольонында көп болып, №1076 атқыштар полкінің құрамы түгелге жуық павлодарлықтар болды. (ПО МА, 507: 7). Павлодар қалалық комсомол ұйымы соғыс жылдары Қызыл әскер қатарына 2.286 жас ұландарын жіберсе, еріктілерден жасақталған қатарында нәзік жандардан құралған бөлімшелер де болды. 1942 жылдың 15 наурызына дейін 82 қыздан,бір айдан соң тағы 130 қыздан құралған қыздар ротасы жасақталып, майданға аттанды. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған 19 жасқа толмаған 10 қыздың бірі Г.Т. Шахинаның анасына: «Шеше, бүгін барлық павлодарлық қыздар ерлігі үшін медальмен марапатталдық. Қаза болған құрбыларымыз бен жолдастарымыз үшін кек алуға ант бердік», - деп жазған хат мазмұны жеңістің жақындауына өз үлестерін қосқанын аңғартады(Тереник, 2000: 6).

Павлодар қаласының еңбекшілері кеңес жауынгерлеріне көптеген көмек көрсетіп отырды. Атап айтқанда, көмек көрсетудің түрлері төмендегідей болды: қару-жараққа қаржы жинау, бүкілхалықтық майдан қорына өз үлесін қосу, азық-түлік пен жылы киімдер жинау, майданға сәлемдеме жіберу, жаудан азат етілген аудандарға көмек көрсету, Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне, әскери қызмет адамдарының отбасыларына көмек көрсету. Елді қанды қыспағына алып, шеңгеліне алып келе жатқан сұм соғыстың жақын арада бітпейтінін, әскердің қысқы жағдайда ұрыс қимылдарын жүргізетінін ойластырған үкімет басшылығы жауынгерлерді қысқы киіммен киіндіруге көмектесу туралы халыққа үндеу тастап, осыған орай БКП(б) ОК 05.09.1941 жылы «Жауынгерлерге тұрғындардан жылы киім жинау туралы» қаулы қабылдады (ПО МА, 99: 3). Қызыл әскер жауынгерлеріне жылы киім-кешек жинау үрдісіне қала мекемелерімен қатар жекелеген тұрғындар да қызу қатысты. Жылы киім жинау жұмысының қызу жүруіне облыстық комитеттің бірінші хашысы М. Арменковтің облыстық «Большевистский путь» газетінде жарияланған «Әрбір кеңестік патриот аянбай еңбек етіп қоймай, майданға жеңіс үшін қолындағы барды беруге міндетті. Бұл шараның маңыздылығы жоғары. Біздің жауынгерлер жақсы қаруланып, азық-түлікпен қамтамасыздандырлып қоймай, жылы киім-кешекпен жабдықтандырылуы тиіс. Жылы да жақсы киінген жауынгер жауды одан әрі күйрететіне сенім мол», - деген жалындыүндеуін қала, облыс тұғындары қызу қабылдады. 1942 жылдың басына дейін павлодарлықтар 100 шолақ тон, 568 фуфайка, 200-ден аса жұп пима, 819 құлақшын, жалпы 5.122 жылы киімдер тапсырса, жүздеген жұмысшы әйелдер мен үй шаруасындағы әйел адамдар мүмкіндігінше уақыт тауып, үйірмелерге қатысып, жауынгерлерге қолғап, байпақ, шарф тоқыды. Мысалы, аталған кезеңге дейін олар 1.884 жұп байпақ, қолғап тоқып тапсырды. Қала қоймасына қалалықтардан 1942 жылдың алғашқы екі айында 22 қысқа тон, 199 жұп пима, 228 құлақшын, 301 қолғап, 6 жұп етік, 138 жұп носки, 5 кеудеше, жалпы 1.078 киім түскен. Соғыс жылары майданға көмек көрсету шаралары жалпыхалықтық сипатқа ие болды. Бұған әсіресе, 1942 жылдың 27 қазанында «Правда» газетінде:«Майданға сәлем-сауқат (посылка) жіберу – бұл бір-бірінен бөлінбейтін, біртұтастықты сипаттайтын майдан мен тылдың, әскер мен халықтың мызғымас достығының бір көрінісі»,- деп, жарияланған үндеу аталмыш науқанды одан әрі күшейте түсті. Облыс орталығының кәсіпорындары, атап айтқанда, «Главмаслопром» тресті, Кожевник, Обьединение артельдері бұл салада белсенділік көрсетті. Мысалы, «Главмаслопром» трест ұжымы Қызыл Армияның 24 жылдығына орай майданға 1.200 сом мен жылы киімдер салынған сәлем-сауқат салса, Павлодар былғары фабрикасы мерекеге қарсы шұжық, табак салынған азық - түлік пен 2 жұп пима, 2 қысқа тон, жылы шалбар, 12 құлақшын, 3 жылы қолғап, 10 фуфайкасы бар киім сәлем-сауқатын салып жіберді. Жалпы облыс бойынша 1941 жылдың қыркүйегінен 1944 жылдың маусымына дейінгі аралықта майданға 10.360 жұп пима, 4.190 қысқа тон, 10.709 құлақшын, 10 мың жұп жүн байпақ және тағы басқа киімдер жіберілді. Қалалықтар арасында қорғаныс қорына қаржы жинау жөніндегі патриоттық қозғалыс қызу қолдау тапты Олар өз қаржыларының бөлігін жаңа авиаэскадрилия мен танк колоннасын құруға жұмсады. Павлодар ауданының «Петровка» ауыл шаруашылық артель колхозшылары «Павлодар колхозшысы» танк колоннасын құрылысына қаражат жинау жөнінде ұсыныс үндеу тастап, облыс бойынша қаражат жинаудың бастамашысы болды. Бұған қала, облыс тұрғындары белсендылык танытты. Жалпы «Павлодар колхозшысы» танк колоннасына жиналған қаражат 79 миллион сомды құрады. Айта кетерлік жәйт, павлодарлықтар өзге де жүргізіліп жатқан авиаэскадрилия мен танк колоннасын құруға қызу атсалысты. Мысалы, М. Мәметова атындағы танк колоннасын құру қорына қалалықтар 1.020.705 сом аударған және бұған ризашылығын И. Сталин павлодарлықтарға жолдаған жеделхат жолдары арқылы білдірген. 1945 жылы қалада қаржы жинау жоспары 100.4 % орындалды. Жалпы майдан қорына 24.709 мың сом жиналды. (ПО МА, 154: 108).

БКП (б) ОК 22.01.1943 жылы қабылдаған «Әскери қызмет адамдарының отбасыларына көмек көрсетудегі кеңес ұйымдары мен жергілікті партия ұйымдарының жұмысын жақсарту шаралары туралы» қаулысы партия ұйымдарына әскери қызмет адамдардың отбасыларына материалдық көмек көрсетуді жүктеді. Шара аясында 1943 жылдың алғашқы үш айында 600 әскери адамдар отбасына отын, 221 жұп пима мен аяқ киімдер, түрлі 1446 дана киім, 21 тонна азық-түлік беріліп, 100 мың сомдық ақша қоры құрылып, ол аса мұқтаж болған отбасыларға берілсе, 1944 жылдың басында қалалық мемлекеттік жабдықтау бөлімі майдангерлердің 108 отбасына киім-кишек, 191 жанұяға азық-түлік пен 5400 сом ақша беріп, көмек көрсетті. Сонымен қатар қаланың кәсіпорындары мен мекемелері да майдангерлер отбасыларына материалдық көмек көрсетуден қарап қалмады. Мысалы, «Металлист» артель ұжымы 1944 жылдың басында майдангерлердің екі отбасын пәтермен, отынмен қамтамасыз етіп, 18 әскери адамдар жанұясына материалдық көмек көрсетіп, қаладағы ет комбинаты № 15 мектептегі майдангерлердің балаларын оқытуды қамқорлыққа алды. 1945 жылы қаладағы 2003 әскери қызметкері мен Ұлы Отан соғысының мүгедек отбасыларына материалдық көмек көрсетілуі өз жалғасын тауып жатты. Бір ай ішінде оларға 173 тонна көмір мен 763 куб. метр ағаш отындар, 1.460 кг азық, 1.048 кг ұн, 7.200 кг жарма, 4.103 кг картоп, 1.800 кг ет пен балық, 40.100 сом ақша және тағы басқа көмек көрсетіліп, осы мерзімде 18 соғыс мүгедек майдангер отбасыларының 10 адамы жұмысқа орналасты. (ҚР ПА, 940: 127).

Тыл мен майданның мызғымас бірлігі тылдың ерлік еңбегінен ғана емес, сонымен бірге майданға көмек көрсету жөніндегі бүкіл халықтық патриоттық қозғалыстан, халықтың кеңес әскері жөніндегі орасан зор қамқорлығынан айқын көрініс тапты. Майданға ерікті түрде көмек көрсету жөніндегі халықтық қозғалыс бір мақсатты – майдан мен тылдың бірлестігін нығайтып, жауды талқандауда тездетуді көздеді. Майдандағы жауынгерлерді ұлы ерлікке, тылдағы еңбекшілерді ерен еңбекке жігерлендірген фактордың бірі жеке және ұжымдық хаттар болды. Олар ұжымдарда, жиындарда оқылды. Соның бір мысалы, әскери қайраткер, полковник, полк комиссары А. Баймолдиннің «Неміс басқыншыларын жер жастандырудамын, туысқандарыма және жерлестеріме үлкен сәлем», –деп жолдаған жеделхатын айтуға болдады (ҚР ПА, 620: 166).

Әлеуметтік құрылымның өзгеріске ұшырауы. Ел тағдырының маңыздылығы үшін эвакуация мен өндірісті қайта құру тарихқа халықтық еңбек эпопеясы болып енді. Сұрапыл соғыстың алғашқы күнінде-ақ КСРО үкіметі жанынан арнайы ұйым – эвакуация жөніндегі кеңес құрылып, ол адамдарды, өнеркәсіп орындарын, мемлекеттік қазыныларды және ауыл шаруашылық материалдар ресурстарын орналастырумен шұғылданды. Осыған орай жергілікті жерлерде эвакуация жұмысын ұйымдастыру мен жүргізуде үлкен істер атқарылды. Айта кетерлік жәйт, кеңес кезіндегі зауыттар ол ондаған және жүздеген өзімен орайлас кәсіпорындармен байланысты, оларсыз қалыпты жұмыс істей алмайтын күрделі құрылыс. Соғыс мұндай шаруашылық байланыстарды үзіп жіберіп, ол жаңа орындарда бұларды ұйымдастыру өте қиын болды. Сондықтан, шалғайдарға тасымалданып жатуға жол бермеу үшін және транспорт жұмысын қиындатпау үшін жергілікті жерде шикізаттың бар ресурстарын пайдалануды, қажетті материалдарды өндіру ісін ұйымдастыруды талап етті. Батыстан эвакуацияланған кәсіпорындар қатары Павлодар қаласына да қоныс етіпті. Біз бұл жөнінде жоғарыда тоқталып өттік.

Қалада тұрғын үй қорының жетіспеушілігіне қарамастан Павлодар қаласына эвакуацияланған кәсіпорындар, халықтар мен ұйымдардың қоныс тебуі үй қорын қиындатып жіберді. Облыс орталығынан Октябрь зауытына, Тула жөндеу шеберхана орталықтарына, Харьков былғары фабрика мен Ленинград көркем кұю зауытын орналастыруға берілген мекемелердің көлемі 11,6 мың ш. м. құрады. Майдан шебінен келген кәсіпорындарды, мекемелерді, халықты орналастыру үшін қаланың кейбір ұйымдары ауылдық жерлерге көшуі, тіпті өз жұмыстарын да тоқтатуға мәжбүр болды. Атап айтсақ, КП (б) К обком бюросы мен облыстық еңбекшілер депутаттары кеңесінің 29.10.1941 жылғы «Павлодар қаласына келген жаяу әскер училищесі мен музыка мектебін орналастыру туралы» қаулысына сәйкес қаладағы педагогика училищесі облыстық Семиярск селосына, ветеринарлық - зоотехникум Баянауылға, мұғалімдер курсі Жетінші ауылға, балалар үйі Бесқарағай ауданының Бурас және Беген ауылдарына көшірілді. (ПО МА, 148: 88). Ұлы Отан соғысы жылдарында Украина мен Белоруссияның батыс аудандарынан, Саратов пен Сталинград облыстарынан, Қырым АССР-дан, Волга бойындағы немістер мен Солтүстік Кавказдан ондаған мың халықтар Ертістің Павлодар өнірінде баспана тапты. Депортацияға ұшыраған поляк, шешен, неміс, ингуш, балкар, қараш, кабардин ұлтөкілдері, арнайы көшірілген литва, латыш, эстон, грек, иран халықтары да қоныстанды. Тылдың терең түбінде орналасқан Павлодар соғыстың алғашқы күніне-ақ майдан шебінен эвакуацияланған халықты қабылдау мен орналастыру жөнінде шаралар қабылдады. Павлодар облыстық атқару комитетінің 1941 жылғы 10 шілдедегі №654 «Майдан шебінен эвакуацияланатын халықты орналастыру туралы» шешімі облыс орталығы мен аудандарына қосымша 15.000 адамды қабылдау мен орналастыруды белгіледі. Ұйымдастырушылықты жандандыру мақсатында арнайы эвакуацилық бекет (пункт) ашылып, онда эвакуацияланғандарды қабылдау, орналастыру, тамақтандыру мәселелері жан-жақты қарастырылды. 1941 жылдың шілде айының орта шенінде Қазақстанға халықты әкелген алғашқы эшолондар келе бастады. Павлодарға эвакуацияланған халықтың алғашқы тобы 25.07.1941 жылы келіп, облыс жеріне қоныстанған 23 адамның төртеуі ер, он екісі әйел, жеті бала болды.Шілде айының соңына дейін облыс жеріне 218 адам эвакуацияланып, оның 166-ы майдан шебінен, 13-і Ленинградтан, 39-ы Мәскеу қалаларынан келді. Жалпы келгендердің қатарында 22 ер, 101 әйел, 95 балалар болса, жұмысқа жарамды 124 адамның 32-і колхоздарға, 182-і түрлі ұйымдарға жіберіліп орналастырылды. Сол жылдың қараша айының айының ортасына дейін республикамызға депортацияланған 311.469 неміс ұлт өкілінің 39.835 адамы Павлодар облысына орналасты (ПО МА, 141: 86)

Эвакуациаланған жұрттың тасқыны 1942 жылы да толастамады. 1942 жылдың басына дейін Павлодар облысына көшірілініп әкелген 15.325 адамның 5570 адамы облыс орталығына орналасты. 1942 жылдың басында Павлодар қаласында 42.719 тұрғын тіркелді.Ақпанның басында қала халқы 42.865 болды, осы бір ай ішінде Павлодарға 3.608 адам қоныстанғвнын архив құжаттары көрсетеді (ҚР ОМА, 253: 17). Павлодар облысына 01.03 - 20.03 аралығында 15.325 эвакуацияланғандардың 14.661 адамы майдан шебінен, 661-і Мәскеуден келіп, оның 3503 адамы облыс орталығында орналасты. Сонымен қатар көшіріліп әкелінген кәсіпорындармен бірге 330 адам да қоныс тапты. Одақтың батыс өңірінен қоныстанушылар легі кейінгі айларда да жалғасып жатты. Мысалы, осы жылдың 10 сәуір – 1 мамыр аралығында облысқа келген 15.412адамның 14.751-і майдан, 661-і Мәскеу қаласынан келіп, бұл көрсеткіштің 3.530 адамы Павлодар қаласына орналасты. Үкімет эвакуацияланып келген халыққа жан-жақты қамқорлық жасады. Әрине, соғыс уақытындағы ауыр жағдай эвакуацияланып келген жұрттың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете алмады. Сондықтан, жергілікті халық тарапынан эвакуацияланып келгендерді не қажеттің бәрімен жабдықтау жөнінде көмек ұйымдастырылды. Мысалы, майдан шебінен келген отбасыларға бір рет ақшалай көмек көрсету мақсатында Павлодар қалалық басшы атқару комитеті 22.12.1941 жылы 104 мың сом бөлді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Павлодар қаласындағы, әлеуметтік құрылымның өзгеріске ұшырауына эвакуация ісі тікілей ықпал етті. Батыс аудандардан өнеркәсіп кәсіпорындарын көшіру кезінде Павлодарда орналасуы жаңа өндіріс орындарының пайда болуын тудырды. Соғысқа дейін облыс орталығында ірі өнеркәсіп орны болған жоқ болған жоқ еді. Сондықтан сұрапыл соғыс жылдарында негізгі қаланған кәсіпорындар кейінгі бейбіт өмірде дамуға мүмкіндік алды. Мысалы, Харьковтан эвакуацияланып келген мех фабрикасының базасында Павлодар былғары зауыты қалыптасса, Воладар сүт-консерві зауыты негізде Павлодар сүт-консерві, кейіннен сүт зауыты пайда болды. Сол себепті, өнеркәсіп орындарының Павлодарға эвакуациялануы өзінің оң себебін тигізді деуіміз керек. Бірақ, соғыс жағдайындағы уақыттың тапшылығына байланысты оларды өзге мекемелер мен ұйымдардың үйлеріне орналастыру басқалардың жұмысын тоқтатса, тұрғын үй секторларында қатарға қосылған олар қатты отын жағу нәтижесінде қала экологиясына кері әсерін тигізгенін де айта кеткен жөн. Қиын-қыстау кезеңде одақтың көптеген республикаларынан қоныс аударған халықтар да павлодарлықтардың жылы құшағына, қамқорлығына тап болды. Салмағын салған ауыртпашылық заманда түрлі қиыншылықтарды жеңе білген бірнеше ұлт өкілдерді соғыс аяқталғаннан кейін де олардың туған жеріне қайтпай қалуы сын сағатта жылы қабылдап, қөңілдерінен шыға білген павлодарлықтардың жемісі екенін білдіреді. Бүгінгі таңда Павлодар қаласында тұратын 90 аса ұлт өкілдерінің көбі сол соғыс жылдарында эвакуацияланып келген халықтардың ұрпағы екені ақиқат.

Білім беру және мәдени ағарту мекемелерінің қызметі. Соғыс жылдары міндетті жеті жылдық білімді жүзеге асыру білім беру бағытындағы басты міндеттердің бірі болды. Ұстаздар мен жоғары сынып оқушыларының кейбіреулері өз еріктерімен майданға кетуге байланысты оқушылар мен мұғалімдер контингенті азайып, соғыс жағдайындағы қиыншылықтарға байланысты мектеп саны кеміп, оқу-материалдық база нашарлады. 1941-42 оқу жылында облыс бойынша жұмыс істеген 469 мектептің қазақ тілінде оқытатыны 199 болды. Павлодар қаласында осы жылында жұмыс істеген он бірмектептің төртеуі орта мектептер болды. Бұл мектептерде оқыған 4159 оқушыға (оның 783-і казақ) 164 ұстаз білім берді (ҚР ОМА, 577: 35). Материалдық-техникалық жағдайдың нашарлығы,кадр мен отынның жетіспеушілігі білім беру үрдісіне кері әсерін тигізді. Климаты қатты өңірде мектептерді отынмен қамтамасыз ету көп жағдайда 50-60 %-тен аспады. Туындаған қиыншылықты және мектептердегі түрлі шаруашылық мәселелерін шешу мақсатында облыстық комитет бюросының 04.09.1943 жылғы «Павлодар қаласының мектептеріне кәсіпорындар мен ұйымдарды қамқорлыққа белгілеу туралы»қаулысы оң септігін тигізді (ҚР ПА, 924: 89).

Соғыс қарсаңында облыс орталығында арнаулы білім беретін төрт оқу орны болды: ветеринарлы-зоотехникалық техникум, педагогика училищесі, ет-сүт өнеркәсібінің технологиялық техникумы және медбикелер мектебі (ПО МА, 8: 61). Павлодар педагогика училищесі соғыс жылдары 792 маман даярлаумен қатар, қаланың оқу-ағарту жұмысына белсене араласып отырды. Училище түлектері Қ. Қамзин, С. Мүткенов, Қ. Сұрағановқан майданда ерліктің үлгісін көрсетіп, Батыр атағына ие болды.

Ұлы Отан соғысының басталуымен елді моральды және идеялық тұрғыдан дайындауда үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Баспасөз, кино, радио, әдебиет, өнер арқылы Отанға деген сүйіспеншілікті, жауға деген өшпенділікті күшейтуде түрлі әдіс-тәсілдер қолданылды. Сұрапыл соғыс жылдары патриоттық тәлім-тәрбие жұмысындағы үгіт-насихатта мәдени-ағарту мекемелері маңызды роль атқарды. Госпитальдарда, әскерге шақыру пункттерінде, кәсіпорындарда өнер көрсететін концерттік бригадалар құрылды. Қала, облысжұртшылығына рухани қызмет көрсеткен Павлодар облыстық қазақ драма театрының жұмысына тоқталсақ. Облыс қалыптасуымен бірге 1938 жылы құрылған театр ұжымы сын сағатта көріністері арқылы елге рухани дем берді. Алайда, 1942 жылы театр үйі эвакуацияланған зауыт қажеттілігіне алынып, сахналық қойылымнан айрылғандрама театрсапарлық жұмыс жүргізуіне тура келді. 1942 жылдың алғашқы төрт айындағы 39 концерт пен көрініс қойып, оны 2.909 адам тамашалды (ПО МА, 99: 11). 1945 жылы театр өнерпаздары 29 колхоз бен 131 елді-мекендерде болып, көрерменге қойған 179 көріністі (51 ғана Павлодар қаласында қойылды) 20.831 адам тамашалаған.Қазақдрама театры облыстық атқару комитетінің 19.09.1945 жылғы № 417/25 шешімі бойынша біріккен қазақ-орыс драма театры болып қайта құрылды (ПО МА, 301: 66). Бірақ 1948 жылы біріккен театр жұмысы рентабельсіз деген желеумен облыстық басшылық ұйымы орыс тобын қалдыруды шешіп, қазақ тобы Семей қазақ музыкалық драма театрына қосылды (ПО МА, 10: 7). Дегенмен, 40-жылдары қазақ ұлтының өнері дабылын қағып, Ертіс өңірінің халқына қиын қыстау кезеңде рухани қызмет етіп, еңсесін көтеруге өлшеусіз үлес қосқан қазақ театрына жабылуы казақ ұлттық саясатын аяқ асты таптаудың бір көрінісі болып табылды.

Денсаулық сақтау саласының жай-күйі. Денсаулық сақтау жұмысындағы барлық бағыт-бағдар соғыс уақытындағы шарттарға бағынышты болды. Ұлы Отан соғысы жылдары қала мен облыс аумағына жау басын алған территориялардан көптеген халықтардың қоныс аударуы және сабын-соды, монша мен елді мекендерді дезинфекциялайтын қарапайым құралдар мен дәрі-дәрмектің жоқтығы мен аздығы Павлодар қаласы мен облыс жерінде эпидемиялық жағдай мәселесіне ерекше мән қоюды қажет етті. Себебі, 1941-1945 жылдары эпидемиялық аурлардан қайтыс болған адам шығыны соғыс жарасынан қайтыс болғаннан да артық болды. Сондықтан соғыс басталған жылы қалалық эпидемологиялық станция болып қайта құрылған мекеме эпидемиологиялық аурулармен күресу мен алдын алу шара жұмыстарын жүргізумен айналысты. Павлодар қаласы мен облысында эпидемияға қарсы шараларды кең жүргізу мен санитарлық жұмысты жақсарту үшін обком бюросы мен облыстық атқару комитетінің 14.01.1942 жылғы қаулысына сәйкес эпидемиялық аурулармен күресудің төтенше комиссиялары құрылды (ПО МА, 214: 17). Комиссиялар мен жергілікті үкімет ұйымдарының бақылауында қарапайым дезинфекциялау қондырғысы бар моншалар салу, сабын өндіру, ауыз сумен жабдықтау тұрғындарды, шет жерлерден келген адамдарды тексеру мен санитарлық ем жүргізу мәселелері болды. Эпидемиялық аурулармен күресі жөніндегі төтенше комиссияның 03.01.1944 жылғы шешімі бойынша Павлодар қаласындағы облыстық санитарлы эпидемология станция жанында санитарлық рұқсатнама ұйымдастырылды. Облыс орталығының тұрғындарына 1943 жылы эпидемия ауруларына қатысты 2954 әңгіме, 416 дәріс ұйымдастырылып, қала санинспекциясы санитарлық тәртіпті сақтамаған қаланың 99 объектісіне айып тағып, олардан тәркіленген 4765 сом эпидемиямен күресу жолындағы мақсатқа қолданылды. Ал, 1943-1944 жылдары жалпы 3085 дәріс оқылып, 5083 ауланы қамтыған 19 тексеріс жұмысы жүргізілді.

Соғыс басталған соң, көп ұзамай Павлодар облысында эвакогоспиталь ұйымдастыру қажеттілігі туындады. Бұл туралы 1941 жылдың 29 шілдесінде Павлодар облыстық еңбекшілер депутаттары атқару комитетінің №739 шешімінде: «Қалалық атқару комитеті облыстық денсаулық сақтау мекемесінің қарамағына қосымша №8 орта мектеп ұсынылсын..» делінген. Сөйтіп, бұған дейін білім беріп келген мектеп аз уақыттың ішінде 600 керует-орындық госпитальға лайықталып, жөнделіп, емдеу құрал-жабдықтары мен кереуеттер орналастырып, сол жылдың 9 қарашасында №2448 эвакогоспиталь ашылған. Сол күні алғаш рет санитарлық поезд жаралы жауынгерлерді Павлодарға жеткізіп, олар осы госпитальге орналастырылды. Қараша, желтоқсан айларында мұнда 593 жаралы және 38 сырқат, барлығы 631 адамды қабылдады. Осы мерзімде госпитальде емделген 136 жауынгер қайтадан майданға аттанды (Павлодарская область в цифрах и фактах прошлого, 1999: 99). Бұл емдеу мекемесінде ауру мен жаралы жауынгерлерге 15 дәрігер, 13 медбике, 12 әкімшілік-шаруашылықты қызметкермен қатар дәрігерлік көмек көрсетуге 50 еріктілер жаралы жауынгерлердің қатарға қосылуына күш салды. Эвакогоспитальды таратып, ауру мен жаралы жауынгерлерді Қарағанды госпитальдерінің біріне көшіру туралы жедел хаттың негізінде облыстық атқару комитетінің 04.06.1943 жылы «№2448 әскери эвокогоспитальды тарату жөніндегі комиссия жұмысының нөтижелері туралы» шешімге сәйкес Павлодар қаласында он тоғыз ай қызмет көрсеткен №2448 эвакогоспиталь өз жұмысын тоқтатты (ПО МА, 9: 32-37).

Соғыс жылдары қалада жаңадан денсаулық сақтау мекемелері ашылды. Мысалы, 1941 жылы травматологиялық диспансер, қан құю станциясы, психиатриялық бөлім, 1943 жылы партия қызметкерлерін қарайтын амбулатория, 1945 жылы Октябрь және былғары зауыттарында дәрігерлі-фельдшерлік пункттердің ашылуы денсаулық сақтау ісіне айтарлық үлестерін қосты. 1941 жылы қалалық денсаулық сақтау саласында 75 дәрігер қызмет етсе, 1945 жылы дәрігер саны 88 болды. Осы кезеңде майданға 13 дәрігер кетсе, эвакуацияланғандардың қатарынан 23 дәрігер толықты (ПО МА, 47: 16-17). Жүргізілген шаралардың нәтижесінде және қаржының көбеюі денсаулық сақтау ісіне оң септігін тигізді.

Қорытынды. Басқыншылық пен бомбалаудың, атыс пен шабыстың қорқынышын көрмесе де тыл тамырының бірі болған Павлодар қаласының еңбекшілері фашистік Германияның талқандалуына өзіндік үлес қосты. Қиыншылықтар қақпасын ашып, ауыртпашылықтарды алып келген соғыс заманындағы азық-түлік, киім-кешек, күнделікті тұтынатын тауарлардың жетіспеушілігі мен ауыр еңбек майданға кеткен ерлердің орнын басқан әйелдердің, жасөспірімдер қарт адамдардың иығына түсті. Соғыстың алғашқы күнінен-ақ соғыс жағдайына бейімделе қайта құрылған қала экономикасының қызығушылығы жеңіс мүддесіне жұмыс жасады. Жергілікті кәсіпорындар негізгі ауыл шаруашылық техникаларын жөндеу ісімен айналысып, ұсақ артельдер тұрмыстық өнім түрлерін шығарып, жалпы қала өндіріс орындары соғыс қажеттілігіне өнім шығарған жоқ. Сондықтан, негізінен азық-түлік пен шикізат өнімдерін шыңғарып, жөндеу жұмыстарымен айналысқан кәсіпорындар күш-куаты дамудың қатты жолына түскен жоқ. Дегенмен, жаңадан іске қосылған зауыттар барысында жаңа өндіріс өнімін алуға мүмкіндік туды. Мысалы, Октябрь жөндеу механикалық зауытының  алғашқы кезегі соғыс жылдары іске қосылып, кейінгі бейбіт өмірде бұл ірі өндірістің біріне айналды. Жалпы, Ұлы Отан соғысының ауыр күндерінде бүкіл кеңес халқы сияқты павлодарлықтар да майдан қажеті үшін қолдан келген көмегін аяған жоқ. Барлық ой-тілегі мен іс-әрекеті тұтқиылдан бас салып, елді қанды шеңгеліне қосып келе жатқан фашизмнің бетін қайтарып, Отан тәуелсіздігін қорғау мақсатында павлодарлықтар ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің барлық резервін майдан қажеттілігіне жұмылдыруымен қатар, жауынгерлер үшін жылы киім, азық-түлік, қару-жарақ жасауға қаржы жинап жөнелтіп жатты. Тыл мен майданның мызғымас бірлігі тылдың ерлік еңбегінен ғана емес, сонымен бірге майданға көмек көрсету жөніндегі бүкіл халықтық патриоттық қозғалыстан, халықтың кеңес әскері жөніндегі орасан зор қамқорлығынан айқын көрініс тапты. Майданға ерікті түрде көмек көрсету жөніндегі халықтық қозғалыс бір мақсатты – майдан мен тылдың бірлестігін нығайтып, жауды талқандауда тездетуді көздеді.

Сөйтіп, сын сағатта майдан мен тыл қуаты бір тас түйіндей нығайып, еліміз біртұтас әскери лагерьге айналады. Үкімет пен халықтың ойы, көздеген мақсаты, күнделікті ісі мен әрекеті тұтас ұштасып, бүкіл халықтық жеңіс күшіне бірікті. Миллиондардың қанын жұтқан Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске тылдың қосқан үлесі өз алдына бір төбе. Қаhарлы жылдарда тыл – сарқылмайтын қазына, баға жетпейтін байлыққа, еліміз күш қуатының қайнар бұлағы болды.

Әдебиеттер:

Абишев Г. Казахстан в годы Великой Отечественной войны (1941–1945). – Алма-Ата, 1958. – С. 362.

Аманова А.С. Из истории социально-культурного развития диаспор Павлодарской области (1937–2005 гг.). – Павлодар, 2016. – С. 192.

Балакаев Т.Б. Колхозное крестьянство Казахстана в годы Великой Отечественной войны (1941–1945 гг.). – Алма-Ата, 1971. – С. 350.

Балақаев Т., Алдажұманов Қ. Қазақстан еңбекшілері майдан қызметінде. – Алматы, 1985. – 320 б.

Басин В.Я. Тяжелая промышленность Казахстана в Великой Отечественной войны. – Алма-Ата, 1965. – С. 164.

Белан П.С. На всех фронтах: казахстанцы в сражениях Великой Отечественной войны 1941–1945 гг. – Алма-Ата, 1995. – С. 336.

Едыгенов Н.Е. Участие казахстанцев в партизанском движении в Белоруссии в годы Великой Отечественной войны. – Москва, 1972. – С. 208.

Казахстан в период Великой Отечественной войны Советского Союза.1941–1945.Сборник документов и материалов, в 2 т. – Алма-Ата. 1964, 1967.

Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік архиві (бұдан былай ҚР ОМА). 1479-қор, 3-тізбе, 28-іс.

ҚР ОМА. 698-қор, 14-тізбе, 253-іс.

ҚР ОМА. 1692-қор, 1-тізбе, 577-іс.

Қазақстан Республикасы Президенттік архив (бұдан былай ҚР ПА). 708-қор,

7/1-тізбе, 487а-іс.

ҚР ПА. 708-қор, 6/1-тізбе, 106-іс.

ҚР ПА.708-қор, 9-қор, 938-іс.

ҚР ПА. 708-қор, 5/1-тізбе, 1193-іс.

ҚР ПА. 708-қор, 9-тізбе, 940-іс.

ҚР ПА.708-қор,5/1-тізбе, 620-іс.

ҚР ПА.708-қор, 8-тізбе, 924-іс.

Құдайбергенұлы Б. Павлодар қаласының тарихы. 1941–1991. Т.ғ.к. ғыл. дәр.алу үшін дайынд. дис. авторефераты. – Алматы, 2001. 27б.

Козыбаев М.К. Казахстан – арсенал фронта. – Алма-Ата, 1970. С. 476.

Козыбаев М.К., Едыгенов Н.Е. Труд во имя Победы. – Алма-Ата, 1965. – С. 43.

Нусупбеков А.Н. Могучий арсенал великой Отечественной войны Советского Союза. Известия АН КазССР. Серия историческая. – 1947. Вып. 3. – С. 73-84.

Оразов К.Ю. Рабочий класс Казахстана в Великой Отечественной войне. – Алма-Ата, 1975. – С. 134.

Павлодар облыстық мемлекеттік архиві (бұдан былай ПО МА). 438-қор, 1-тізбе, 27-іс.

ПО МА. 526-қор, 1-тізбе, 9-іс.

ПО МА. 738-қор, 1-тізбе, 5-іс.

ПО МА. 427-қор, 4-тізбе, 507-іс.

ПО МА.427-қор, 5-тізбе, 99-іс.

ПО МА.17-қор, 1-тізбе, 154-іс.

ПО МА.17-қор, 1-тізбе, 148-іс.

ПО МА.17-қор, 9-тізбе, 141-іс.

ПО МА.909-қор, 2-тізбе, 8-іс.

ПО МА.427-қор, 5-тізбе, 99-іс.

ПО МА.646-қор, 1-тізбе, 301-іс.

ПО МА.1003-қор, 1-тізбе, 10-іс.

ПО МА.646-қор, 1-тізбе, 214-іс.

ПО МА.727-қор, 1-тізбе, 9-іс.

ПО МА.385-қор, 1-тізбе, 47-іс.

Павлодарская область в цифрах и фактах прошлого. – Павлодар, ГАПО. 1999. С.99.

Павлодар облысының хронографы. 1938–2008. – Павлодар, 2008. – 48-б.

Сергеенков С.И. Павлодарская областная партийная организация в годы Великой Отечественной войны (1941–1945гг). Автореферат дисс. на соискание уч. ст. к.и.н. – Алма-Ата, 1973. – С.24

Тереник М.С. Павлодарцы на полях сражений. – Павлодар, 2000.– С. 40.

Шевченко С.П. Очерки истории Павлодарского Прииртышья. Часть 2. (ХХ век). – Павлодар, 2000. – С. 240.

References:

Abishev G. Kazakhstan v gody Velikoy Otechestvennoy voyny (1941-1945). – Alma-Ata, 1958. – S. 362.[in Russian].

Amanova A.S. Iz istorii sotsial'no-kul'turnogo razvitiya diaspor Pavlodarskoy oblasti (1937-2005 gg.). – Pavlodar, 2016. – S.192. [in Russian].

Balakayev T.B. Kolkhoznoye krest'yanstvo Kazakhstana v gody Velikoy Otechestvennoy voyny (1941-1945 gg.) – Alma-Ata, 1971. – S. 350. [in Russian].

Balakayev T., Aldazumanov K. Kazakstan yenbekshílerí maydan kyzmetínde. – Almaty, 1985. – 320 b. [in Kazakh].

Basin V.YA. Tyazhelaya promyshlennost' Kazakhstana v Velikoy Otechestvennoy voyne. – Alma-Ata, 1965. – S. 164.[in Russian].

Belan P.S. Na vsekh frontakh: kazakhstantsy v srazheniyakh Velikoy Otechestvennoy voyny 1941-1945 gg. – Alma-Ata, 1995. – S. 336.[in Russian].

Edygenov N.E. Uchastiye kazakhstantsev v partizanskom dvizhenii v Belorussii v gody Velikoy Otechestvennoy voyny. – Moskva, 1972. – S. 208.[in Russian].

Kazakhstan v period Velikoy Otechestvennoy voyny Sovetskogo Soyuza. 1941-1945. Sbornik dokumentov i materialov, v 2 t. – Alma-Ata. 1964, 1967.[in Russian].

Kazakhstan Respublïkasy Ortalyk memlekettik arxïvi (budanari КR OMA).1479-kor, 3-tizbe, 28-is.[in Kazakh].

KR OMA. 698-kor, 14-tizbe, 253-is.[in Kazakh].

KR OMA. 1692-kor, 1-tizbe, 577-is.[in Kazakh].

Kazakhstan RespublïkasyPrezïdenttikarxïvi (budanariКR PA).708-kor, 7/1-tizbe, 487a-is.[in Kazakh].

KR PA.708-kor, 6/1-tizbe, 106-is.[in Kazakh].

KR PA.708-kor, 9-qor, 938-is. [in Kazakh].

KR PA.708-kor, 5/1-tizbe, 1193-is. [in Kazakh].

KR PA. 708-kor, 9-tizbe, 940-is.[in Kazakh].

KR PA.708-kor, 5/1-tizbe, 620-is.[in Kazakh].

KR PA.708-kor, 8-tizbe, 924-is.[in Kazakh].

Kudaibergenuly B. Pavlodar kalasınıñ tarïxı. 1941-1991. T.ğ.k. ğıl. där. alw üşin dayınd. dïs. avtoreferatı. – Almaty, 2001. 27b.[in Kazakh].

Kozybayev M.K. Kazakhstan - arsenal fronta. –Alma-Ata, 1970. S. 476.[in Russian].

Kozybayev M.K., Edygenov N.E. Trud vo imya Pobedy. Alma-Ata, 1965. S. 43.

Nusupbekov A.N. Moguchiy arsenal velikoy Otechestvennoy voyny Sovetskogo Soyuza. Izvestiya AN KazSSR. Seriya istoricheskaya. 1947. Vyp. 3. –S. 73-84.[in Russian].

Orazov K. Rabochiy klass Kazakhstana v Velikoy Otechestvennoy voyne. –Alma-Ata, 1975. –S. 134. [in Russian].

Pavlodar oblıstık memlekettik arxïvi (budan ari PO MA) 438-kor, 1-tizbe, 27-is.

[in Kazakh].

PO MA. 526-kor, 1-tizbe, 9-is.[in Kazakh].

PO MA.738-kor, 1-tizbe, 5-is.[in Kazakh].

PO MA.427-kor, 4-tizbe, 507-is.[in Kazakh].

PO MA.427-kor, 5-tizbe, 99-is.[in Kazakh].

PO MA.17-kor, 1-tizbe, 154-is.[in Kazakh].

PO MA.17-kor, 1-tizbe, 148-is.[in Kazakh].

PO MA. 17-kor, 9-tizbe, 141-is.[in Kazakh].

PO MA.909-kor, 2-tizbe, 8-is.[in Kazakh].

PO MA.427-kor, 5-tizbe, 99-is.[in Kazakh].

PO MA.646-kor, 1-tizbe, 301-is.[in Kazakh].

PO MA.1003-kor, 1-tizbe, 10-is. [in Kazakh].

PO MA.646-kor, 1-tizbe, 214-is. [in Kazakh].

PO MA.727-kor, 1-tizbe, 9-is. [in Kazakh].

PO MA.385-kor, 1-tizbe, 47-is. [in Kazakh].

Pavlodarskaya oblast' v tsifrakh i faktakh proshlogo. –Pavlodar, GAPO. 1999. –S.99. [in Russian].

Pavlodar oblısınıñ xronografı. 1938-2008. –Pavlodar, 2008. –48-b.[in Kazakh].

Sergeyenkov S.I. Pavlodarskaya oblastnaya partiynaya organizatsiya v gody Velikoy Otechestvennoy voyny (1941-1945gg). Avtoreferat diss. na soiskaniye uch. st. k.i.n. –Alma-Ata, 1973. –S.24

Terenik M.S. Pavlodartsy voyuyut na polyakh. –Pavlodar, 2000. –S.6. [in Russian].

Shevchenko S.P. Ocherki istorii Pavlodarskogo Priirtysh'ya. Chast' 2. (ХХ vek). –Pavlodar, 2000. –S. 240. [in Russian].

МРНТИ 03.20.00

ГОРОД ПАВЛОДАРВ ГОДЫ ВЕЛИКОЙ ОТЕЧЕСТВЕННОЙ ВОЙНЫ

Құдайбергенұлы Болат¹, Кабдушев Болат Жоламанович²,

Козыбаева Махаббат Маликовна3

¹Кандидат исторических наук, и.о. заместителя директора по научной работе Института истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова, Казахстан, г. Алматы.

² Кандидат исторических наук, доцент, заведующий кафедрой социальных дисциплин Алматинского университета энергетики и связи, Казахстан, г. Алматы.

3 Доктор PhD, ученый секретарь Института истории и этнологии им. Ч.Ч.Валиханова, Казахстан, г. Алматы.

Аннотация. Статья посвящена истории Павлодара в годы Великой Отечественной войны.В статье изучаются социально-экономические, культурные, образовательные вопросы Павлодара в годы войны на основе архивных данных. Изучается ​​экономика города и факторы, влияющие на нее. Исследуется история расположения предприятий и населения, эвакуированных с фронта в Павлодар, меры по оказанию помощи в размещенииэвакуированных предприятий и учреждений, предпринимаемые местными властями, в частности, дается оценка деятельности исполнительного комитета городской администрации по обеспечению жильем, питанием, работой и медицинской помощью эвакуированных. Во время войны более сорока шести тысяч человек из Павлодарской области Иртыша отправились на фронт, и более половины из них не вернулись с войны. Десятки тысяч павлодарских солдат были награждены различными орденами и медалями, в том числе более двадцати были удостоены званием Героя Советского Союза. Подробно описан труд рабочих под девизом «Все для фронта, все для победы», способы реализации мер по оказанию помощи фронта. Поддержка павлодарских рабочих в борьбе против врага принимала различные формы. В частности, передача заработанных тяжелым трудом денег или ценных бумаг в оборонный фонд, сбор средств для воздушных эскадронов и танковых колонн, сбор теплой одежды для армии, приветствие солдат на фронте, уход за солдатами в эвакуационных больницах, инвалидами войны и семьями ветеранов, помощь освобожденным районам, прием и обеспечение условий дляэвакуированного населения и др. Кроме того, в сложный период была открыта деятельность образовательных, оздоровительных, культурно-просветительных учреждений областного центра. Наконец, были определены направления экономических, социальных и культурных изменений в Павлодаре в годы войны, обобщены обстоятельства, которые привели к этому.

Ключевые слова:История Павлодара, Великая Отечественная война, эвакуация предприятий и организаций, помощь фронту, учреждения культуры и образования, состояние образования, здравоохранение.

IRSTI 03.20.00

PAVLODAR IN THE YEARS OF THE GREAT PATRIOTIC WAR

Kudaibergenuly Bolat¹,Kabdushev Bolat Zholamanovich²,

Kozybayeva Makhabbat Malikovna3

¹Candidate of Historical Sciences, Acting Deputy Director for Scienсe of Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology, Kazakhstan, Almaty.

²Candidate of Historical Sciences, Associated Professor, Head of the Department of Social Sciences, Almaty University of Power Engineering and Telecommunications, Kazakhstan, Almaty.

3 PhD, Academic Secretary of Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology, Kazakhstan, Almaty.

Abstract. The article is devoted to the history of Pavlodar during the Great Patriotic War. Socio-economic, cultural, educational issues of Pavlodar during the war years are studied on the basis of archival data. The economy of the city and the factors influencing it are studied. The history of the location of enterprises and peoples evacuated from the front to Pavlodar is examined, measures to assist in the movement of displaced enterprises and institutions undertaken by local authorities, in particular, the organization is evaluated by the executive committee of the city administration in providing housing, food, work and medical assistance to the evacuated. During the war, more than forty-six thousand people from the Pavlodar region of Irtysh went to the front, and more than half of them did not return from the war. Tens of thousands of Pavlodar soldiers were awarded various orders and medals, including more than twenty were awarded the title of Hero of the Soviet Union. The labor of workers is described in detail under the motto “Everything for the front, everything for victory”, methods of implementing measures to assist the front. The support of Pavlodar workers in the fight against the enemy took various forms. In particular, transferring money or securities earned by hard labor to the defense fund, raising funds for air squadrons and tank columns, collecting warm clothes for the army, greeting soldiers at the front, caring for soldiers in evacuation hospitals, war invalids and veteran families, helping those released areas, reception and provision of conditions for the evacuation of the population, etc. In addition, in a difficult period, the activities of educational, health, cultural and educational institutions of the regional center were opened. Finally, the directions of economic, social and cultural changes in Pavlodar during the war years were identified, the circumstances that led to this are summarized.

Keywords: history of Pavlodar, the Great Patriotic War, the evacuation of enterprises and organizations, assistance to the front, cultural and educational institutions, the state of education, health care.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 197

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ӘОЖ 008323.17(574+5) ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЫҒЫС ЕЛДЕРІМЕН ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАРЫ А. ЯСАУИДІҢ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ТАРИХЫНДА АЛАТЫН ОРНЫ МЕН РӨЛІ ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТЫ КОРЕЙ ЕЛІНДЕ АЯҚТАҒАН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ: КӨШІ-ҚОН ТАРИХЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯСЫ (1926-1959 Ж.Ж.) ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ ҰЛЫ ҒАЛЫМ, ГЕОЛОГ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ЖОҒАРҒЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДАҒЫ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ҰЛЫ ГЕОЛОГ, ҒАЛЫМ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ УДК 327(574:517.3)Сыртқы саясаттағы қазақ-моңғол қатынастарының басым-бағыттары ӘОЖ (87013761225) УДК 94(547).02/.08 1727-1732 жылдар аралығындағы қазақ-жоңғар соғыстары УДК 930.001.83 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ЛИБЕРАЛИЗМНІҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ӘСЕРІ ӘOЖ 940.2 (574) OҢТҮСТIК ҚАЗАҚСТАНДА ҰЛТТЫҚ ҚOҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚҰРЫЛУЫ (ХХ ҒАСЫРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ШИРЕГI) УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДЕГІ РӨЛІ 930.001.83 ДАЛА ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ӘОЖ 94(574): 20/30 373.016 ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ОҚУЛЫҚТАРЫНЫҢ АВТОРЛАРЫ АҚПАРАТ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ТАСУШЫЛАРЫ РЕТІНДЕ: ТІЛ ТҰЛҒАЛАРЫН РЕТРОСПЕКТИВТІ Ш 1920-1940 жылдардағы Түркістандағы кеңестік білім беру жүйесінің қалыптасуы ХІХ ҒАСЫРДЫҢ АЯҒЫНДАҒЫ ОМБЫ УЕЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КӘСІПШІЛІГІ ҒТАХР 03.81.37 ТАРИХ-И РАШИДИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ МОҒОЛСТАНҒА ҚАТЫСТЫ ЖЕР-СУ АТТАРЫ ДЖ. У. БУШ ТҰСЫНДАҒЫ АҚШ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ БОЛЬШЕВИКТЕРМЕН ҚАТЫНАСЫ ӘӨЖ 94 (574.51) ҰЗЫНAҒAШ ШAЙҚACЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ МЕН НӘТИЖЕСІ ҒТАХР: 03.41.91 ШУ ӨҢІРІНДЕГІ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ТӨРТКҮЛДЕРДІҢ СТРАТИГРАФИЯСЫ (Х-ХІІ ғғ.) ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҒТАХР 03.20.00 ЕУРОПАДАҒЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ТАРИХИ БІЛІМГЕ ҚАТЫСТЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ: ТАРИХИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ТАЛДАУ ҒТАХР 11.25.91 ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫ КЕҢЕЙТУ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕСІНЕ ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРДЕГІ ИСПИДЖАБ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ҚАЛАЛАР МЕН ЕЛДІМЕКЕНДЕР ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ "КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ" РӨЛІ ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ «КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ» РӨЛІ ӘОЖ 94(574) ӨКІМЕТІНІҢ ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ДІНГЕ ҚАТЫСТЫ САЯСАТЫ ҒТАХР 03.09.31ТАНЗИМАТ РЕФОРМАЛАРЫНА ЕУРОПАЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ЫҚПАЛЫ ЖӘНЕ МҰСТАФА РЕШИД ПАША ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ ҒТАХР 03.09.03 РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ИСЛАМ ДІНІ ҒТАХР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАХР 03.20.29 СКРИПКАШЫ ӘЛІМ АЛМАТ (ҒАЛЫМЖАН ӘБСӘЛАМОВ) ЖӘНЕ ОНЫҢ МУЗЫКАНТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ ҒТАХР 03.09.31:03,20 СӘТТІҒҰЛ ЖАНҒАБЫЛОВТЫҢ «ДОСАН БАТЫР» ДАСТАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР МИЛЛИОН ИЕРОГЛИФТАН ТҰРАТЫН МАНУСКРИПТ (проф. Т.З. Қайыркеннің «Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы» қолжазбасын зерттеу жобасы негізінде) ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЖЕКЕ АДАМДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ӘДЕПТІК ТӘСІЛДЕРІ ҒТАХР 03.20.09.31 СЕМЕЙ ӨҢІРІНДЕГІ ПАТША ҮКІМЕТІНІҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.41.01 СОЛТҮСТІК-ШЫҒЫС КАСПИЙ МАҢЫ ЖӘНЕ ОҒАН ІРГЕЛЕС АУДАНДАРДАҒЫ САРМАТ МӘДЕНИЕТІ: ПРОБЛЕМАЛАР, ГИПОТЕЗАЛАР ҒТАХР 03.20.29 ХХ ҒАСЫРДЫҢ 30-ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚУҒЫНДАЛУЫ ҒТАХР 03.20.29 ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДА ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ ЭКОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ҒТАХР 03.20.09.25 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ДӘУІРІНДЕГІ ЭЛИТА МЕН ХАЛЫҚТЫҢ ДІНИ ҰСТАНЫМДАРЫ (Ибн Рузбихан және Мұхаммед Әуез еңбектері бойынша) ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ИРАН ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАХР 03.19.00 ҚЫТАЙДАҒЫ МИГРАЦИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (ХХ ғ. аяғы – ХХІ ғ. басы) ҒТАХР 03.20:03.09.21 ХVIII ҒАСЫРДАҒЫ РЕСЕЙ ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК АЙМАҒЫНДАҒЫ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ ҒТАХР 16.00.00 ЛАТЫН ӘЛІПБИЛІ ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНЫҢ ТАРИХИ ТАҒЫЛЫМЫ: ШЕТТІЛДІК СӨЗДЕРДІҢ ЖАЗЫЛУЫ (1929-40 жж. ) ҒТАХР 03.20:03.09.21 ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ҒТАХР 03.20:03.29 ӘЛЕУМЕТТІК ТОП ҰҒЫМЫ АЯСЫНДА ДІНИ ЖАМАҒАТТАРДЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ МӘСЕЛЕСІ ҒТАХР 03.20:03.09.31 ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК ӨҢІРІН ЗЕТТЕУДІҢ ТАРИХНАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАХР 03.09.55 1920-1930 ЖЖ. ШЕТЕЛДІК САЯСИ ЖӘНЕ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫНА ҚАТЫСТЫ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ САЯСАТЫ ҒТАХР 03.20:03.09.55 КЕҢЕСТІК БИЛІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘКІМШІЛІК-ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. бас. Солт. Қазақстан өңірі мысалында) ҒТАХР 03.09.03 ПАТРИОТИЗМ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ ҒТАХР 03.61.91 МАРАТ МҰҚАНОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ОРТА ЖҮЗ РУЛАРЫНЫҢ ТАРАЛУ АЙМАҚТАРЫ ҒТАХР: 03.20:03.09.25 ҒҰНДАРДЫҢ АТТЫ ӘСКЕРЛЕРІ ҒТАХР: 03.20:03.01.09 ҚАЗАҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ КӘСІПҚОЙ ЭТНОГРАФТАРЫНЫҢ БІРІ ҚҰСАЙЫН ТӘКЕЖАНҰЛЫ ҒТАХР 03.01.17 КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІН АЙҚЫНДАУ: ТАРИХ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢ ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ АКСР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ТАРИХЫНЫҢ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ЗЕРТТЕЛУІ (1992-2019 жж.) ҒТАХР 03.81.35 ҚАЗАҚСТАН ӨНЕРКӘСІБІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖЫЛДАРЫНДА ЖӘНЕ НЫҒМЕТ НҰРМАҚОВ (1924-29 жж.) ҒТАХР: 03.20:03.09.31 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҒТАХР 03.61.91 ТҰРМЫС-САЛТ ЖЫРЛАРЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ НҰСҚАЛАРЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ КОНТЕКСТІ ҒТАХР 11.25.19 COVID-19 ПАНДЕМИЯСЫ ЖАҒДАЙЫНДА «БІР БЕЛДЕУ - БІР ЖОЛ» ИНИЦИАТИВАСЫН ІСКЕ АСЫРУДЫҢ СЫН-ҚАТЕРІ ҒТАХР 03.61.91 ДОҢЫЗТАУДАҒЫ БЕСБАЙ ЖӘНЕ ИЗЕНАҒАШ ДІНИ-ТҰРҒЫН КЕШЕНДЕРІНІҢ МЕШІТТЕРІ ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау) ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРДАҒЫ БАЛАСАҒҰН ЭТИМОЛОГИЯСЫ ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА ҒТАХР 03.20:03.09.31 МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫС ҒТАХР 03.29:03.20 ЕУРАЗИЯ КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ ЭТНОЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ АЛҒЫШАРТТАРЫ ҒТАХР 03.20.00 ЖАЗАЛАНҒАН ХАЛЫҚТАР: ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ХАЛЫҚТАРДЫ ДЕПОРТАЦИЯЛАУ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.20.00 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ҒТАХР 03.20.00 МҰРАЖАЙ ТОПТАМАЛАРЫНДАҒЫ ФОТОМАТЕРИАЛДАРДЫҢ ДЕРЕКТЕМЕЛІК МАҢЫЗЫ ҒТАМР 03.20.00 НҰРБАПА ӨМІРЗАҚОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАН КЕЗЕҢІ ҒТАМР 03.20.00 РЕСЕЙ АРХИВ ДЕРЕКТЕРІНДЕГІ АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ КЕЙБІР ҚЫРЛАРЫ (1748–1772 ЖЖ.) ҒТАМР 03.20.00 КӨШПЕЛІ ТАЙПАЛАРДЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРІНДЕГІ АНТ БЕРУ РӘСІМДЕРІ: САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАРЫ ТУРАЛЫ

Author's articles

ҒТАХР 03.20.00 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ