Home » Materials » ҒТАХР 03.09.03 ПАТРИОТИЗМ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ

А.Ғ. Толамисов¹, А. Айдынбекұлы². ¹Т.ғ.к., қауымдастырылған проф. м.а. ²Магистрант. Жансүгіров ат. Жетісу мемлекеттік университеті.

ҒТАХР 03.09.03 ПАТРИОТИЗМ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2 (22) сәуір-маусым 2020

Tags: шовинизм, теория, ұлтшылдық, тәрбие, патриоттық, патриотизм, сөздер:, Түйін, патриот, адам, отансүйгіштік, Отан.
Annotation:
Аңдатпа. Бұл мақала қоғамда кеңінен қолданылатын патриотттық сезімнің теориялық аспектілері қарастырылды. Оның анықтамалары жіктеліп, методологиялық қырлары ашылды. Негізгі формалары мен көріністеріне талдау жасалынды. Патриотизм мен ұлтшылдық және шовинизм мәселелерінің айырмашылықтары ажыратылып, мысалдар келтірілді. Сонымен қатар патриотизмнің жақтаушылары мен даттаушыларының аргументтері келтіріліп, қорытынды ой жасалынды.
Text:

Кіріспе. Қазіргі заманғы қоғамның әр түрлі саласында патриотизм ұғымы жиі кездесіп, қолданылып келеді. Өмірдің түрлі саласында патриотизм өзіндік бір маңызды рөл атқарып, кейбір мәселелерде халықты біріктіріп, алға ынталандырып жатса, кей жағдайларда өзінің кері әсерімен де ерекшеленіп жатқаны анық. Қалай дегенмен де, бұл категория кез келген қоғам өмірінің ажырамас бір бөлігі іспеттес. Себебі «патриотизм», «патриоттық тәрбие» және «патриот» деген сияқты ұғымдар жекелеген жағдайлардан бастап мемлекеттік, тіпті, халықаралық деңгейде де орын алуда, яғни, аталған категориялардың қолданылу мен маңыздылық ауқымдары кеңеюде. Бұның барлығы осы жоғарыда көрсетілген «патриотизм» мәселесінің шығу тарихы мен оның философиялық, тарихи-ғылыми және теориялық алғышарттары мен негіздерін тереңірек қарастыруға әкеліп соғады. Сондықтан да қазіргі ХХІ ғасыр – жаһандану дәуіріндегі патриотизм мәселелерінің кейбір аспектілерін ғылыми тұрғыдан зерттеу өзекті мәселе болып табылатыны сөзсіз.

Осылайша мәселенің өзектілігінен зерттеу жұмысының осы бөлігінің мақсаты айқындалады. Себебі патриотизмнің мәні мен мағынасын жете түсіну үшін «Патриотизм» ұғымының теориялық-әдістемелік негіздерін анықтау басты мақсат болады және оған жету үшін біз аталған категорияның шығу тарихы мен ғылыми айналымға ену мәселесін қарастырып, оның философиялық базистеріне талдау жасау міндеттері қойылды. Оған қоса патриоттық сезім кейбір сәттерде ұлтшылдық және шовинизм сияқты ұғымдармен де салыстыруларға ілінеді. Сондықтан да патриотизмнің ұлтшылдық пен шовинистік көзқарастардан айырмашылығы ажыратылып, өзінің мағыналық шекараларын айқындау да басты назарда ұсталады.

Әдістері. Мақала хронологиялық принципті сақтай отырып, жүйелілік, жіктеу әдістерін кеңінен қолданды. Зерттеу методологиясында проблемалық, тарихилық, объективтілік сияқты ғылыми таным принциптері мен жүйелеу, сыни-талдау әдістерін қолдану мәселені зерттеуде объективтілікке қол жеткізудің басты шарттары ретінде алынды. Аталған ғылыми-теориялық әдістер, концепциялар мен талдау проблеманы жан-жақты, терең қарастыруға, объективті тарихи қорытынды жасауға көмектесті.

Талқылау. Сонымен, патриотизмнің анықтамасы, этнопсихологиялық энциклопедияның мәліметіне сәйкес, белгілі бір тұлғаның немесе адамдар тобының өзінің Отанына деген сүйіспеншілігі мен оған деген өзінің бар ынта-жігерін жұмсауға дайындығын білдіретін әлеуметтік сезім және адамгершіліктік әрі саяси принциптердің жиынтығы ретінде қарастырылады (Крысько, 1999: 75). Бұл анықтама бойынша патриотизм жағдайында адамдар мемлекетінің, елінің, халқының, туған жерінің мүдделерін өздерінің жеке мүдделерінен биік қоятынын, туған тілі мен мәдениеті, салт-дәстүр ерекшеліктеріне деген ерекше ықыласты білдіреді. Ал осындай ерекше сезім адамзат тарихында қалай пайда болды? Оның пайда болуына қандай алғышарттар болды? Бұл сұрақтар да қызықты мәселе.

Ең алдымен, патриотизм сезімінің пайда болуының басты тарихи түпнегізі – тарих беттерінде жүздеген жылдар бойы белгілі бір тілді, мәдениетті ұстанатын, түрлі аймақтарда оқшауланып тұратын мемлекеттердің болуында. Себебі ол мемлекеттер өздерінің мемлекеттік атрибуттарымен адамзатты түрлі елдердің азаматтарына бөледі. Осыдан барып, «біз» және «өзгелер» деген сияқты ұғымдар қалыптасып, «біз» ұғымының өзіндік тарихы мен мәдениетіне, тілі мен дәстүріне деген сүйіспеншілігі орнайды және одан әрі дамиды. Ал негізінен XVIII ғасырда – ұлттар мен ұлттық мемлекеттердің қалыптасу жағдайларында патриотизм мемлекеттік, қоғамдық сана-сезімнің ажырамас бөлігіне айналғаны анық.

Ал «патриотизм» сөзінің өзі шығу тарихын ежелгі грек сөзінен алады. Ол «отандас», «Отан», «Отанды сүю», «Атамекенді сүю», оларды «жаудан қорғау» деген сияқты ұғымдарды білдірді. Және оның мән-мағынасы белгілі бір тарихи кезеңдердегі нақты жағдаяттар мен сол кездегі билік, халық пен басқа да жағдайларға байланысты толығып отырды. Мысалы, 1789-1794 жылдары Ұлы Француз революциясы кезінде монархияны құлатуға тырысқандар өздерін патриоттар деп атаса, Кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдары большевиктер өздерінің идеяларын қолдап, пролетариаттың мүддесін ойлағандарды патриоттар деп жіктеген (Азарова, 2010: 22). Демек, бұл ұғымның тарихи қалыптасқан нақты анықтамасының шекаралары толық анықталмаған. Бірақ бұл бұған дейінгі кезеңдерде патриоттық идеологиясы болмады деген сөз емес. Себебі бұл патриоттық сезім өзінің бастауын ежелгі кезеңнен алады.

Отанға деген ықылас пен махаббаты басты назарда ұстау ерте заманда-ақ басталған. Ежелгі Грекияда алғашқылардың бірі болып патриотизм мәселесі әлеуметтік феномен белгілеріне ие болды. Аритотель, Платондар оған қатысты өздерінің ойларын трактаттарында жазып отырды. Ал римдік Цицерон өзінің «Мемлекет туралы» диалогында «Отанның қамын ойлау – ең асыл қасиет» деп атаған (Утченко, 1994: 87). Ал осы ежелгі римдік ақын Гораций болса, патриотизмді саяси сезімдердің ең жоғарғы формасы ретінде қарастырған. Тіпті, өзінің ойын «өз Отаның үшін құрбан болу – өте асыл әрі тәтті әрекет» («Dulce et decorum est pro patria mori») деп те білдірген .

Жалпы антикалық ойшылдардың барлығы дерлік патриоттық тәрбиені адамзаттың адамгершілік қасиеттеріне жатқызған. Алайда, олардың ойынша, патриоттық сезім тек өзінің Отаны мен туған жерін жаудан әскери тұрғыдан қорғаумен ғана шектелмей, мемлекеттік қоғамның азаматтық өміріне белсенді араласуды да білдірген.

Ал XVIII ғасырдағы француз ағартушы ғалымдары өздерінің философиялық және саяси көзқарастарының бірегей болмауына қарамастан, патриотизм мәселесіне қатысты ойлары көбінесе бір жерден шығатын. Олардың ойынша, патриоттық сезімдер мен адамдардың әрекеттері мемлекет пен оның заңдарына байланысты және оларды патриоттық сезімді туғызатын басты факторлар деп атаған. Оған қоса, Д. Дидро, К. Гельвеций, П. Гольбах және басқа да осы кезеңде өмір сүрген бірқатар ойшылдар адамдардың патриоттық сезімдерін қалыптасуындағы саяси мекемелердің шешуші рөлді атқаратынын атап өткен (Азарова, 2010: 2).

Атақты неміс философы Гегель патриотизмді мемлекетке деген азаматтардың сенімділік сезімімен байланыстырды. Оның айтуынша, адамдар мемлекет немесе халықтың мүддесін ойлап, оларды өзінің мүдделерінен де жоғары қойып, сол үшін ерікті түрде құрбандыққа баратын болса, онда олардың мемлекетке деген сенімдерінің жоғары деңгейде болғаны (Гегель, 1971: 70).

ХІХ ғасырдың ортасынан бастап патриотизм ұғымы Еуропадағы интеграциялық шовинизм мен ұлтшылдық ұғымдарымен байланыса бастады. Яғни, өз ұлты жоғары қойылып, басқа ұлттарды төмендету сезімдері орын ала бастады. Сондықтан да осы кезде патриотизмнің идеялық қарсыластары да пайда бола бастады.

Патриотизм ұғымы еуропалық сөздіктерге XVIII ғасырдан бастап еніп, сол кезден бері берік орнаған. Ал КСРО кезінде 1917 жылдан 1930 жылдардың орта тұсына дейін патриот ұғымы өте нашар мағынаға ие болды. Кейіннен, керісінше, осы ұғым саяси технологиялардың біріне айналды. Тіпті, 1962 жылғы мемлекеттің арнайы заңы бойынша әрбір «комсомолдық» патриот тұлға болуға міндеттелді (Устав Всесоюзного...).

Сонымен қатар патриотизм ұғымының дамуымен бірге оған деген қарсы ойлар да қатар дамып отырды. Олар патриоттық тәрбиенің адамға және жалпы адамзатқа кері әсері тиеді деген позицияны әр түрлі жолдармен жеткізуге тырысты. Олардың ойынша, патриотизм болмағанда тарихта онсыз да көп соғыстар, геноцидтер мен басқа да жан түршігерлік оқиғалар болмас еді.

Мысалы, атақты француз ойшылы Вольтер: «жақсы патриот болу үшін барлық адамзаттың жауы болуы керексің» десе, неміс философы Артур Шопенгауэр «ең арзан мақтаныш түрі – ол ұлттық мақтаныш; өйткені егер адам өз ұлтын мақтан тұтса, онда ол өзінің мақтан тұтатын өзіндік қасиеттері жоқ екенін дәлелдейді» деп сынға алған (Sulzbach, 1943: 84).

Ал атақты ағылшындық әдеби сыншы Самюэл Джонсон патриотизмді «жексұрын адамның бас сауғалайтын соңғы нәрсесі» деп атаса, жазушылар Марк Твен мен Оскар Уайльд патриотизмді ешбір моральсыз әрі күмәнді құбылыс деп атаған (Mitja Sardoč, 2017: 44). Ал осы жазушылармен бір заманда өмір сүрген атақты орыс жазушысы Лев Толстой да патриотизмді қатаң сынаған. «Адамдардың ең дөрекі, қауіпті, ұят әрі ақымақ және адамгершілігі жоқ сезімі ол – патриотизм» деп атаған орыс жазушысы егер әркім өз мемлекетінің патриоты болса, бұл адамзатты бір-бірінен алшақтататын, адамдар арасына жік салатын құбылыс деп санаған. Оның айтуынша, әрбір азамат өзінің патриоттық сезімін ерекше көреді де, басқа елдің азаматтарының патриотизмін түсіне алмайды, себебі өзінің сезімін жоғары бағалайды. Оларға патриотизмнің ақымақтық екенін айтсаң, ол оймен келіседі, алайда, өздерінің сондай сезімдері туралы айтқанда әркім өздерін ақтап алуға даяр тұрады деген ой айтады. Сондықтан да Лев Толстой патриотизм деген адамдарды біріктіретін емес, керісінше, оларды бөлетін құбылыс деп, бұл ұғым мен оның идеологиясына қарсы шығады. Сонымен қатар автор патриотизм мен бейбітшіліктің ешқашан қатар жүрмейтінін айтады. Себебі патриоттық тәрбие берем деген халық бұлардың ешқашан бір уақытта болмайтынын түсінбейді дейді. Сондықтан да Л. Толстой соғысты жою үшін патриотизмді құрту керек, ал патриотизмді жою үшін оның адамзат баласына қандай зиян екенін түсінуіміз керек деп кеңес айтады (Патриотизм или...).

Ал патриотизм ұғымының өзі әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жүйесінде зерттеу жүргізетін ғалымдардың үнемі назарында болып, талай ғылыми-танымдық дискурстардың нысаны болғаны сөзсіз. Олардың барлығы патриотизмнің себебін дискурстық аймақтың мүмкін болар екі мағынасымен түсіндіреді, олар: абстрактты-моральды аргументтер немесе тарихи-фактілі себептер. Әдетте, көп жағдайда саяси теоретиктер мен философтар және тарихшылар патриотизм мен ұлтшылдықтың ара жігін ажырату стратегиясына жүгінеді. Бұл ретте олардың ойлары мен позициялары бірегей емес екені анық: біреулері ұлтшылдықты эгоисттік көзқарас пен агрессия үшін сынап, патриотизмді ұлықтаса, екіншілері – ұлт құрау процесінде ұлттық эгоизм мен қандай да бір аймаққа байланыстылық болу міндетті емес деген ойды ұстанады. Себебі соңғыларының ойынша аталған факторлар шовинизмге әкелуі мүмкін. Қалай дегенмен де, екі жақтың дауларының негізінде Отанға деген махаббаттың моральдық тиімділігі мәселесі жатқаны белгілі.

Ал шын мәнісінде, Отанға деген махаббат қаншалықты деңгейде болу керек және оның практикалық салдарлары қандай болу керек? Отаның үшін кісі өлтіруге бола ма, егер болса, онда қандай жағдайларда немесе қандай негізде Отан үшін құрбан болуға болады? Егер өз мемлекетіңді жаулардан қорғау керек болса – бұл түсінікті жағдай, ал егер өз мемлекетің жаулаушы мемлекет болса ше, онда әрекет қандай болмақ? Әрине, бұл басқа жағдай. Міне, осы мәселелер көптеген зерттеулердің нысаны болғаны анық.

Осылайша ғылымда патриотизмге қатысты бірнеше модельдер қалыптасты. Олардың әрқайсысы өзіндік аргументтерге толы әрі бір-біріне кейде қайшы келсе, кей жағдайларда, керісінше, мағыналық жағынан бірін-бірі толықтырып тұрды. Бұл идеялардың авторлары да өзіндік позицияларын жүйелеп, патриотизмнің мән-мағынасын толықтай ашуға тырысқан. Солардың біріне философ А. Макинтайрды жатқызуға болады. Ғалым «патриотизм адамгершілік қасиетке жата ма?» деген сұраққа бірден қарсы жауап айтқан. Философтың ойынша, мораль ол абсолютті әрі мәңгілік ұғым болғандықтан патриотизмды бұл қатарға жатқызуға болмайды. Себебі патриотизм адамның өзгермейтін қалпында болмайды, кейде, тіпті, еріксіз түрде патриоттық тәрбиені сіңіреді. Ал ол өз кезегінде түрлі саяси, мәдени, идеологиялық жағдайларға байланысты ауысып отыруы да мүмкін екенін ескерсек, онда патриотизмді тұрақты сезім деп айту қиын дейді. Сондықтан да философ патриотизмді қатаң сынаған (MacIntyre, 2002: 77).

Тағы бір философ П. Гомберг де патриотизмді қатаң сынаған ғалымдардың қатарына кіреді. Ол әмбебап моральды ақтай отырып, патриотизм өзінің құрылымы мен риторикасы бойынша кең мағынасындағы нәсілшілдіктен (расизмнен) еш айырмашылығы жоқ дейді. Себебі ғалымның ойынша екеуінде де этникалық және ұлттық шовинизм басым болады (Gomberg, 2002: 107).

Зерттеуші ғалым А. Павкович болса, патриотизмге қатысты моральды өлшеу мәселесін қарастырады. Алайда, бұл автор патриотизмді абстрактты формада емес, эмпирикалық мәліметтер негізінде зерттеулерін жүргізеді. Ғалымның жауабын іздеген басты сұрағы келесідей болды: патриотизм Отан үшін кісі өлтірудің қандай да бір адамгершіліктік себебін ұсына ала ма? Бұған жауап ретінде А. Павкович жері мен елін ұжымдық қорғау үшін ғана қару қолданатын сирек жағдайлардан басқа кездің ешбірінде моральдық себеп болмайтынын айтады (Pavkovié, 2007: 219).

Патриотизм ұғымын айыптайтын көзқарастардың ішінде атақты американдық саяси теоретик Дж. Кейтиб айтқан тұжырымдар да қызық болып келеді. Оның осы мәселеге қатысты басты ғылыми еңбегінің атауының өзінде-ақ автордың көзқарасы айқындалып тұр. Оның кітабының аты – «Патриотизм және басқа да адасулар» («Patriotism and Other Mistakes»). Кітаптың алғашқы беттеріндегі ойларынан бастап-ақ патриотизм деген қате ұғым екенін дәлелдеуге тырысатын теоретик патриоттық сезім адамдардың моральдық қателері және оның негізінде психологиялық абыржу жатыр деген ойды айтады (Kateb, 2006: 3).

Нәтижелері. Осылайша патриотизмнің моральдық немесе моральдық емес жағы талай ғылыми дискурстардың өзегі болғаны сөзсіз. Осы ретте патриотизмді позитивті бағыттарда қарастырып, өзіндік ғылыми тұжырымдар жасаған ғалымдар да аз емес екенін айта кеткен жөн. Олар патриотизмді ұлтшылдық пен шовинистік көзқарастардан бөлек екенін, оның негізінде моральдың жатқанын айта келе, барынша қорғаштауға тырысады. Тіпті, патриотизм ұғымын дұрыстап түсіну үшін оны жіктеп, «патриоттық жобаны» да жасады. Ол жоба бойынша «ұстамды патриотизм», «шарттық патриотизм», «республикалық патриотизм» және «конституциялық патриотизм» деген сияқты жаңа ұғымдар пайда болды.

Алғашқы модель – «ұстамды патриотизм» идеясын ұсынған ғалым С. Натансон абстрактты мәндерді қарастырмай, нақты эмпирикалық мәліметтерді негізге ала отырып, өз ұстанымдарын ұсынған. Оның айтуынша, «ұстамды патриот» әрдайым қаншалықты патриот болғанымен, бәрібір моральдың шегінен шықпайды. Олар «менің елім дұрыс болсын, бұрыс болсын – ол менің елім» деген қағиданы берік ұстанбайды деген ойды айтады (Nathanson, 2002: 20).

Келесі модель – зерттеуші Дж. Шаар ұсынған «шарттық патриотизм». Өзінің тұжырымдамасын инстинктті, «табиғи» және «шарттық» патриотизм сезімдерінің өзара түйісетін жерлері мен шекараларын айқындау арқылы жасаған бұл ғалымның ойынша, «шарттық патриотизмнің» негізінде азаматтық өмірдің ортақ мақсаттарына қатысты адамдардың ортақ қатысуы мен келісімдері жатыр (Shaar, 2002: 150).

«Республикалық патриотизм» ұғымын италиялық саяси теоретик М. Вироли ұсынған болатын. Никкола Макиавелли мен оның замандастарының саяси ілімдерін тереңірек зерттей келе, кезінде Кембридж саяси ойлар тарихы мектебінің өкілдері К. Скиннен және Дж. Покок тұжырымдаған нәтижелерге Вироли да келеді. Осылайша, өзінің көзқарастарын «Елге деген махаббат үшін» атты еңбегінде айқындап, ерекше республикалық негіздегі өзінің теориясын қалыптастырды (Viroli, 1995: 10-15). Бұл теория бойынша, XV ғасырда флоренциялықтар мен венециялықтарға жеке-дара билеп төстейтін билеушіге емес, халық болып қызмет атқаратын билікке бағынатын, жалпы халыққа азаматтық өмірге араласуға құқық берілгендіктен олар патриот болған делінеді. Себебі олардың Отанға деген махаббаттары олардың еркіндіктерінде болды. Сондықтан да Виролидың ойынша, «республикалық патриотизм» халықтың еркіндігінде ерекше көрініс табады. Сонымен қатар Вироли өзінің жоғарыда аталған кітабында патриотизмге қатысты мына пікірі де қызық болып келеді: «Патриотизм тілі ғасырлар бойы саяси институттар мен халықтың жалпы бостандығын, яғни республиканы сүйетін өмірге деген сүйіспеншілікті күшейту немесе ояту үшін қолданылып келді; ал ұлтшылдық тілі XVIII ғасырдың аяғында Еуропада халықтың мәдени, тілдік және этникалық тұтастығы мен біртектілігін қорғау немесе нығайту мақсатында жасалынған» (Viroli, 1995: 1). Бұл жерде автор патриотизм мен ұлтшылдық деген мәселелердің ара-жігін жақсы ашып кетеді.

«Конституциялық патриотизм» ұғымын ғылымға енгізген ғалым Ю. Хабермас болатын. ГФР мемлекетінің халқының көңіл күйін зерттей келе, түрлі тарихи жағдайларға қарамастан, осы мемлекеттегі немістердің ұлттық бірегейлік емес, оларға ортақ мемлекеттік атрибуттар негізінде бірігуінен барып, осы теорияны тұжырымдаған. Себебі автордың ойынша мемлекеттің басты заңын жоғары қою арқылы да азаматтар патриоттық сезімдерге ие бола алады (Хабермас, 2005: 18 б.).

Осылайша патриотизм ұғымы көптеген ғылымдар мен ғалымдардың зерттеу нысаны болды. Оны тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, әлеуметтік антропология, психология мен этнопсихология сияқты әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың өкілдері зерттеп, анықтама беріп, оның өзіндік ерекшеліктерін ашуға тырысқан. Барлық тұжырымдар тек бір саланың шеңберінде ғана емес, сонымен қатар пәнаралық байланыстар қатынасында да зерделенді. Сондықтан да қазіргі кезде әлемдік ғылыми айналымда жоғарыда көрсетілген ғалымдар патриотизмді ғылыми тұрғыдан тұжырымдауға тырысқан. Олар патриотизм белгілерін бір-бірінен ажыратып, жіктеген. Солардың біріне ғылыми айналымда зерттеуші ғалымдар патриотизмді «соқыр» және «азаматтық» деп бөлуін жатқызуға болады.

«Соқыр патриотизмді» батыстық ғалымдар Роберт Шатц, Эрвин Стауб және Говард Лавин қатты сынады. Себебі олардың ойынша, соқыр патриоттық сезім адамдардың өзінің мемлекетіне қатысты ешбір сынды қабылдамай, оны тек жақсы жағынан ғана қабылдайды. Өзінің еліне қатысты олқылықтар мен кемшіліктердің бар болуын мойындамайды. Сондықтан да аталған ғалымдар осындай патриоттық сезімді адамдардың «көзін соқыр қылып тастайды», ешбір сыни нәрселерді көре алмайды деп топшылайды. Ал «азаматтық патриотизм» бойынша адамдар өзінің мемлекетінің артықшылықтары мен кемшіліктерін дұрыс қабылдайды, барлық сыни көзқарастарды қарастырып, оларға рационалды түрде реакция береді делінеді (Schatz, 1999: 157-158). Сонымен қатар аталған батыстық зерттеушілер американдық «соқыр патриот» студенттер арасында зерттеу жүргізіп, олардың арасында көбінесе саяси белсенділіктің төмендігі, ұлтшылдық көзқарастың басым екендігі, ақпараттық ағындарды дұрыс ой елегінен өткізе алмайтын қасиеттердің басым екенін анықтаған.

Оған қоса белгілі бір мемлекетке байланыстылықты ажыратып, оны патриотизм деп атау үшін оның құрамында келесі элементтер болуы тиіс, олар: патриотизмнің субъектісі (кім патриот болып табылады); патриотизмнің объектісі (патриоттық сезімнің нысаны); субъект пен объект арасындағы қарым-қатынастың сипаты (мысалы, сүйіспеншілік) және патриотизмнің негіздемесі (неліктен патриотизм маңызды, керек па ол, әлде жоқ па деген мәселелер).

Сондай-ақ патриотизмнің кез келген ұғымы тік (вертикаль) және көлденең (горизонталь) екі өлшемнен тұрады. Тік өлшем бойынша патриотизм индивидті (патриотизм субъектісін) оның объектісімен, яғни, белгілі бір географиялық аймақпен немесе саяси қауыммен белгіленген мемлекетпен байланыстырады. Бұл өлшем тұлға мен патриоизмнің объектісінің қатынасына қатысты. Біз бұл вертикалды өлшемнің екі түрін ажыратып, анықтай аламыз. Олар: саяси және саяси емес тік өлшем. Саяси тік өлшем бойынша тұлға өзінің мемлекетінің заңдары, принциптері мен фундаменталды құндылықтары негізінде мақтаныш сезімге ие болып, патриот болады. Ал саяси емес тік өлшем бойынша адамның патриот болуының себебі оның халқының тарихындағы, мәдениеті мен ментальдық ерекшеліктеріндегі мақтаныш сезімінде болуында (Mitja Sardoč, 2017: 44).

Патриотизмнің көлденең өлшемі ең алдымен саяси қауымдастық пен оның мүшелері арасындағы әлеуметтік, мәдени және психологиялық қатынастарға байланысты. Бұл көзқараста жалпы саяси сәйкестілік саяси қауымдастық мүшелерінің арасындағы бірлік пен ынтымақтастық сезімін қамтамасыз етеді. Бұл түсініктемеде зерттеуші ғалым Игорь Приморатц атап өткендей, патриотизмді «біздің еліміздің және отандастарымыздың әл-ауқаты үшін ерекше қамқорлықтың міндеті» ретінде қарау керек (Primoratz, 2009: 85). Патриотизмнің бұл өлшемі, бір жағынан, бірдей саяси ұстанатын саяси қауымдастық мүшелерін байланыстырады.

Өзінің сипаты бойынша ғалымдар тарапынан патриотизмді адамдардың сезінуіне байланысты «абсолютті артықшылығы» және «салыстырмалы артықшылығы» бар деп екіге бөледі. Бұл жіктеудің алғашқысы бойынша белгілі бір мемлекет пен қауым мүшелері өздерінің басқа халықтар мен елдерден артықшылығы бар деп сезінеді, өз ұлты немесе аймағының қандай да бір абсолюттік қасиеті бар деп ұғынады. Ал екінші жіктеу бойынша адамдар кейбір жекелеген мәселелер мен салаларда ғана өздерінің артықшылықтары бар деп ойлайды. Бұл сезімдері олардың «салыстырмалы артықшылықтарын» білдіреді (Mitja Sardoč, 2017: 46).

Патриотизмді дамыту керек деп ойлайтындардың пікірі бойынша патриотизмнің дамуының негізге екі мотивациялық (уәждеуші) факторлар тобы бар, олар: сыртқы уәждер (мысалы: соғыс, жаулаушылық әрекет, әскери-саяси шиеленістер, т.б.) және ішкі уәждер. Ішкі уәждерді зерттеуші ғалым Роджер Брубей келесі төрт топқа бөледі: «интегративті испульс», «қайта бөлуші импульс», «орнын толтыру импульс» және «жауапкершілік импульсі» (Mitja Sardoč, 2017: 49).

Бұл жерде интеграциялық импульсі бар патриотизм адамдарды біріктіруге, қоғамның немесе жалпы мемлекеттің барлық мүшелерін бір мақсат пен мемлекеттік мүддеге жұмылдыруды білдіреді. Ол бойынша халық қандай да бір мақсатқа ұмтылып, олардың құндылықтары мен моральдық принциптері ортақ болады. Зерттеуші Чарльз Тейлордың айтуынша, бұндай патриотизмнің басты қызметі «күшті бірегейлікті (идентификацияны) сақтауда» болып табылады (Taylor, 1996: 120).

Қайта бөлу импульсі саяси қоғамдастық мүшелері арасында меншікті қайта бөлуді қамтамасыз етуге бағытталған. Тейлор атап өткендей, демократиялық қоғамдар «терең теңсіздік пен елемеу мен немқұрайдылық сезіміне байланысты туындайтын оқшаулауға өте осал» болып келеді .

Азаматтықтың құқық қорғау тұжырымдамасының либералдық моделінің дәстүрлі сынының атап өтуінше, орнын толтыру импульсі бірінші кезекте саяси қауымдастық мүшелері ие құқықтарды түзету ретінде қарастырылады. Бұл түсіндірмеде патриотизм құқықтарға қарсы және онымен байланысты апатияны, немқұрайлықты және т. б. қоса алғанда, бірқатар теріс салдарлар ретінде қарастырылады.

Бұдан басқа, жауапкершілікке негізделген импульс, бірінші кезекте, әдетте патриотизммен, мысалы адалдық, мақтаныш және т. б. теңестірілетін ассоциативтік ізгіліктерді дамыту механизмі ретінде қарастырылады (Mitja Sardoč, 2017: 49).

Төрт негізгі уәждеуші импульсті баяндаудан көрініп тұрғандай патриотизмге байланысты екі негізгі аспектіні бөліп көрсетуге болады: әлеуметтік аспект және жеке аспект. Әлеуметтік аспект ең алдымен тұрақтылық пен бірлікті құруға, сондай-ақ индивидтер мен түрлі әлеуметтік топтардың үлкен әлеуметтік тұтастығына бағытталған. Патриотизмнің бұл аспектісі саяси қоғамдастық мүшелері арасында тұрақты және бейбіт қарым-қатынасты құруға және қолдауға, сол арқылы бірлік пен ынтымақтастық сезімін туғыза отырып, сондай-ақ түрлі әлеуметтік топтар мен жекелеген адамдар арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді. Осылайша, патриотизм бірлік пен әлеуметтік бірлікті қамтамасыз етудің өміршең тетігі ретінде қарастырылады. Ал жеке аспекті бойынша патриотизм әрбір жеке адамның өмірінде орын алуы мүмкін. Себебі әрбір жанұяда жас балаларды кішкентай кезінен патриотизмнің жалпыға бірдей ерекшеліктеріне жататын қасиеттерді тәрбиеулеу болады. Мысалы, Отанды сүю, қоршаған ортаны аялау, өзінің ұлты мен тілін құрметтеу, тарихын білу сияқты адами қасиеттер үйден басталатын тәрбие мен патриотизмнің негіздері бола алады. Осы ретте айта кететін бір жәйт, ол патриотизмнің жеке аспектісіне байланысты әрбір тұлғаның өзіндік патриоттық деңгейі қалыптасады. Сондықтан да болар барлық адам бірдей деңгейде патриот бола бермейді. Олардың Отанға деген махаббаттары мен көзқарастарында әртүрлілік болуы мүмкін әрі бұл заңдылық құбылыс екені анық. Осыған байланысты зерттеуші Михаил Игнатьевтің айтуынша, «елге деген махаббатты бөлісу керек, бірақ ортақ сезімдер әр азамат үшін бірдей бола бермейді. Себебі патриотизм – бұл даулы эмоция, өйткені елдер бәсекелес болып табылады. Ал азаматтар бір-бірімен елдің не үшін тұруы керек, оның дәстүрі неде және болашақта қандай жолмен жүруі керек деген сияқты мәселелерде әрдайым келісе бермейді» (Ignatieff, 2009: 16).

Қорытынды. Қорыта айтқанда, тарихи тұрғыдан да, концептуалды тұрғыдан да патриотизм адамның саяси тұжырымдамасы ретінде азаматтық қоғаммен байланыстырудың негізгі ерекшелігі мен саяси қоғамдастыққа деген адалдығының және негізгі қасиетін айқындайтын негіздік сипаттамалардың бірі болды. Ол көптеген саяси-әлеуметтік, гуманитарлық, эмпирикалық зерттеулердің нысаны болып, уақыттың елегімен мемлекет өмірі мен саясатының, халықтың қалып-күйі мен психологиясының ажырамас бір бөлігіне айналды. Зерттеушілердің бір тобы патриотизмді ізгі қасиеттерге балап, мемлекетті біріктіруші күш ретінде қарастырса, екіншілері бұл сезімнің тек кері әсерлерін айтады. Қалай дегенмен де, оның адамзат тарихындағы алатын орнына баға беруге тырысады. Бұл жерден патриотизм ұғымының амбиваленттілік қасиеті анықталады.

Сонымен қатар ғылыми айналымда, баспасөз беттерінде патриоттық сезімді ұлтшылдық пен шовинистік көзқарастармен қатар қоятын немесе бұндай салыстыруға мүлдем қарсы топты да байқауға болады. Алдыңғылары патриотизмде де, ұлтшылдық пен шовинизмде де өзінің ұлты мен елін ерекше жақсы көру бар, яғни, белгілі бір деңгейде олар ұқсас деп тұжырымдаса, оған қарсы ғалымдардың пікірі патриотизмді барынша ақтап алуға тырысады. Олар патриоттық сезімді адам бойындағы ізгілікке бағалап, ең алдымен, бұл сезім өзгенің елі мен жеріне құрметпен қараса да, бірінші кезекте өзінің елін-жерін ерекше сүю деген ойды айтады. Яғни, өз еліңді қатты сүйгеннің еш айыбы жоқ деген позицияны ұстанады. Бұл ретте біздің ойымыз жоғарыда аталған «ұстамды патриотизм», «республикалық патриотизм», «конституциялық патриотизм» сияқты модельдердің синтезіндегі патриотизм ұғымын қолдайды. Яғни, өз елін, ұлтын мен жерін ерекше сүйе отырып, өзгелердің сезімдері мен құндылықтарына қол сұқпау, айыптамау және төмендетпеу. Сондықтан да біздің позициямыз бойынша патриотизмді шовинизм мен ұлтшылдық сияқты көзқарастармен бір қатарға қоюға болмайды.

Сонымен қатар патриотизмнің адамгершіліктік, моральдық жағы да ғылыми дискурстардың өзегіне айналған. Зерттеушілердің бір тобы бұл сезімнің адамзатты Отанын сүю сияқты ізгі қасиеттерге баулитынын атаса, екіншілері – патриотизмнің салдарынан әлемде қатыгездік көбейіп жатқанын алға тартады. Олардың көзқарасы бойынша, әркім өз мемлекетінің патриоты болып, өз елін қорғаймын десе, соғыстар неліктен болып жатыр деген мәселені қозғайды. Сондай-ақ, бұл көзқарастың қазіргі жаһандану дәуіріндегі негізгі тенденциялармен ұштасатын атап өткен жөн. Себебі ХХІ ғасырдың басында Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамалары аясында кеңінен таралып жатқан «Әлем азаматы» («Global citizenship») идеясы да жеке тұлғаның бір мемлекет пен ұлтқа ғана байланыстылығын қолдамай, бүкіл әлемнің игілігін ойлайтын жаңа типтегі азаматтарды қалыптастыруды көздейді.

Екінші жағынан, қазіргі кезде патриотизмге қарсы көзқарастардың пайда болуын да түсінуге болады. Әдетте бұндай көзқарастар батыстық елдерде қалыптасқан. Бұның себебі әлемнің батыс бөлігінде жаһандану үрдісінің тез қарқынмен дамуы мен күрделі саяси-әлеуметтік, этникалық әрі демографиялық байланыстарда жатқаны анық. Сондықтан да бұл мәселе бойынша да патриотизм ұғымың стандарттарының жекелеген мәселелерде екіжақты болатынын мойындауымыз керек.

Осылайша жоғарыда аталған аргументтердің барлығын ой елегінен қорыта келе, патриотизмнің жеке адам мен мемлекет өмірі мен әлем тынысына байланысты ерекше рөл атқаратынын байқауға болады. Себебі ол мемлекет тарапынан ерікті немесе еріксіз түрде қандай да бір саяси стратегия, жоба бойынша идеологиялық мақсатта жүзеге асып, мемлекеттің мүддесіне қызмет етеді. Елді, қоғамды біріктірудегі саяси технология ретінде де қарастырылады. Оған қоса, белгілі бір халықты, елді алдыға жетелеуші, мотиватор қызметін де атқара алатынын байқаймыз. Жалпы алғанда, патриотизмнің қаншалықты даулы мәселе әрі салдарларының әр түрлі болуына қарамастан, мемлекет пен қоғамның, жеке тұлға мен саяси қауымның өмірінің ажырамас бөлшегі екені белгілі.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

«Устав Всесоюзного Ленинского Коммунистического Союза Молодежи» (принят XIV съездом ВЛКСМ) // https://ppt.ru/newstext.phtml?id=31067

Gomberg P., 2002 – Gomberg P. Patriotism Is Like Racism. Patriotism. Primoratz I. (ed.). – Amherst : Humanity Books, 2002. – 298 p.

Ignatieff M., 2009 – Ignatieff M. True Patriot Love. – Toronto: Penguin Books. – 345 р.

Kateb G., 2006 – Kateb G. Patriotism and Other Mistakes. New Haven. – L.: Yale University Press, 2006. – 422 p.

MacIntyre A., 2002 – MacIntyre A. Is Patriotism a Virtue? Patriotism. Primoratz I. (ed.). – Amherst : Humanity Books, 2002. – 298 p.

Mitja Sardoč, 2017 – Mitja Sardoč. The anatomy of patriotism. Anthropological Notebooks, XXIII/1. – 2017. – рр. 43-55

Nathanson S., 2002 – Nathanson S. Is Patriotism Like Racism? Patriotism. Primoratz I. (ed.). – Amherst :Humanity Books, 2002.– 298 p.

Pavkovié A., 2007 – Pavkovié A. Killing for One’s Country. Patriotism. Philosophical and Political Perspectives. Primoratz, I., Pavkovié A. (eds.). – Hampshire: Ashgate. – 241 p.

Primoratz I., 2009 – Primoratz I. Patriotism. Stanford Encyclopedia of Philosophy. 2009. – 224 р.

Schatz R.T., 1999 – Schatz R.T.On the Varieties of National Attachment: Blind versus Constructive Patriotism. 1999. – 151-174 рр.

Shaar J.H., 2002 – Shaar J.H. The Case for Covenanted Patriotism. Patriotism. Primoratz I. (ed.). Amherst :Humanity Books, 2002.– 298 p.

Sulzbach W., 1943 – Sulzbach W. National Consciousness. // American Council on Publ. Affairs, 1943. – p. 84.

Taylor C., 1996 – Taylor C. Why Democracy Needs Patriotism. In: Joshua Cohen, & Martha C. Nussbaum (eds.), For Love of Country: Debating the Limits of Patriotism. – Boston: Beacon Press, 1996. – pp. 119-121.

Viroli M., 1995 – Viroli M. For Love of Country. An essay on patriotism and nationalism. – Oxford: Clarendon Press, 1995. – 206 p.

Азарова А.В., 2010 – Азарова А.В. К вопросу об истории развития идеологии патриотизма в России. // Вестник Военного университета, 2010. – № 3 (23). – С. 21-25

Гегель Г., 1971 – Гегель Г. Работы разных лет. Т.2. – Москва: Мысль, 1971. – 630 с.

Крысько В.Г., 1999 – Крысько В.Г. Этнопсихологический словарь. Москва: МПСИ, 1999. – 343 с.

Патриотизм или мир? // http://az.lib.ru/t/tolstoj_lew_nikolaewich/text_0750-1.shtml

Утченко С.Л., 1994 – Утченко С.Л. Политико-философские диалоги Цицерона («О государстве» и «О законах»). Марк Туллий Цицерон. Диалоги. Москва: Ладомир-Наука, 1994. – с. 160.

Хабермас Ю., 2005 – Хабермас Ю. Политические работы. – Москва: Праксис, 2005. – 368 с.

References:

«Ustav Vsesoyuznogo Leninskogo Kommunisticheskogo Soyuza Molodezhi» (prinyat XIV s"yezdom VLKSM) [«The Charter of the All-Union Leninist Communist Union of Youth» (adopted by the XIV Congress of the Komsomol)] // https://ppt.ru/newstext.phtml?id=31067[in Russian]

Azarova A.V., 2010 – Azarova A.V. K voprosu ob istorii razvitiya ideologii patriotizma v Rossii [To the question of the history of the development of the ideology of patriotism in Russia]. Bulletin of the Military University. № 3 (23). – S. 21-25 [in Russian]

Gegel' G., 1971 – Gegel' G. Raboty raznykh let. T.2. [Works of different years. V.2.]. – Moskva: Mysl'. – 630 s. [in Russian]

Gomberg P., 2002 – Gomberg P. Patriotism Is Like Racism. Patriotism. Primoratz I. (ed.). – Amherst: Humanity Books. – 298 p.

Ignatieff M., 2009 – Ignatieff M. True Patriot Love. Toronto: Penguin Books. – 345 р.

Kateb G., 2006 – Kateb G. Patriotism and Other Mistakes. New Haven. – L.: Yale University Press. – 422 p.

Khabermas YU., 2005 – Khabermas YU. Politicheskiye raboty [Political works]. Moskva: Praksis. – 368 s. [in Russian]

Krys'ko V.G., 1999 – Krys'ko V.G. Etnopsikhologicheskiy slovar' [Ethnopsychological Dictionary]. – Moskva: MPSI. – 343 s. [in Russian]

MacIntyre A., 2002 – MacIntyre A. Is Patriotism a Virtue? Patriotism. Primoratz I. (ed.). – Amherst : Humanity Books. – 298 p.

Mitja Sardoč, 2017 – Mitja Sardoč. The anatomy of patriotism. Anthropological Notebooks, XXIII/1. – рр. 43-55

Nathanson S., 2002 – Nathanson S. Is Patriotism Like Racism? Patriotism. Primoratz I. (ed.). – Amherst:Humanity Books. – 298 p.

Patriotizm ili mir? [Patriotism or peace?] // http://az.lib.ru/t/tolstoj_lew_nikolaewich/text_0750-1.shtml [in Russian]

Pavkovié A., 2007 – Pavkovié A. Killing for One’s Country. Patriotism. Philosophical and Political Perspectives. Primoratz, I., Pavkovié A. (eds.). Hampshire: Ashgate. – 241 p.

Primoratz I., 2009 – Primoratz I. Patriotism. Stanford Encyclopedia of Philosophy. – 224 р.

Schatz R.T., 1999 – Schatz R.T.On the Varieties of National Attachment: Blind versus Constructive Patriotism. – 151-174 рр.

Shaar J.H., 2002 – Shaar J.H. The Case for Covenanted Patriotism. Patriotism. Primoratz I. (ed.). Amherst :Humanity Books. – 298 p.

Sulzbach W., 1943 – Sulzbach W. National Consciousness. American Council on Publ. Affairs. – p. 84.

Taylor C., 1996 – Taylor C. Why Democracy Needs Patriotism. In: Joshua Cohen, & Martha C. Nussbaum (eds.), For Love of Country: Debating the Limits of Patriotism, Boston: Beacon Press. – pp. 119-121.

Utchenko S.L., 1994 – Utchenko S.L. Politiko-filosofskiye dialogi Tsitserona («O gosudarstve» i «O zakonakh»). Mark Tulliy Tsitseron. Dialogi [Political and philosophical dialogues of Cicero («On the state» and «On the laws»). Mark Tullius Cicero. Dialogs.]. Moskva: Ladomir-Nauka. – s. 160. [in Russian]

Viroli M., 1995 – Viroli M. For Love of Country. An essay on patriotism and nationalism. Oxford: Clarendon Press. – 206 p.

МРНТИ 03.09.03

ТЕОРЕТИЧЕСКИЕ АСПЕКТЫ ПРОБЛЕМЫ ПАТРИОТИЗМА

Толамисов Амангельды Габдылкаримович¹, Айдынбекулы Аршын²

¹Кандидат исторических наук, и.о. ассоциированного профессора,

Жетысуский государственный университет имени И. Жансугурова,

г. Талдыкорган, Казахстан.

²Магистрант специальности «История». Жетысуский государственный университет имени И. Жансугурова. г. Талдыкорган, Казахстан.

Аннотация. В данной статье авторами рассматриваются теоретические аспекты вопроса патриотизма. Были даны классификации определений патриотизма и раскрыты его методологические стороны. Были анализированы основные формы и проявления патриотических чувств. Различия между патриотизмом и национализмом и шовинизмом были показаны с приведением примеров из истории. Также в статье проанализированы аргументы сторонников и противников патриотизма и сделаны соответствующие выводы.

Ключевые слова: патриотизм, патриотическое воспитание, национализм, теория, шовинизм, патриот, любовь к Родине, Родина

IRSTI 03.09.03

THEORETICAL ASPECTS OF THE PROBLEM OF PATRIOTISM

TolamissovAmangeldiGabdylkarimuly¹,Aidynbеkuly Arshyn²

¹Candidate of Historical Sciences, Associate Professor,

I. Zhansugurov Zhetysu State University.

Taldykorgan, Kazakhstan.

²Master degree student of «History» specialty,

I. Zhansugurov Zhetysu State University,

Taldykorgan, Kazakhstan.

Abstract.In this article, the authors consider the theoretical aspects of the issue of patriotism. Classifications of definitions of patriotism were given and its methodological aspects were revealed. The main forms and manifestations of Patriotic feelings were analyzed. The differences between patriotism and nationalism and chauvinism were shown with examples from history. The article also analyzes the arguments of supporters and opponents of patriotism and draws appropriate conclusions.

Keywords: patriotism, patriotic education, nationalism, theory, chauvinism, patriot, love of the Motherland, Motherland.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 353

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

Орта мектептерде арнаулы күндерді оқытудың тәрбиесі мен мәні ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ ҰЛЫ ҒАЛЫМ, ГЕОЛОГ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ЖОҒАРҒЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДАҒЫ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ҰЛЫ ГЕОЛОГ, ҒАЛЫМ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ УДК 327:329.78:(574.5) Изучение гражданской и этнической идентификации молодежи Южно-Казахстанской области УДК 930.001.83 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ЛИБЕРАЛИЗМНІҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ӘСЕРІ УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДЕГІ РӨЛІ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ АЯҒЫНДАҒЫ ОМБЫ УЕЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КӘСІПШІЛІГІ ҒТАХР 03.81.37 ТАРИХ-И РАШИДИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ МОҒОЛСТАНҒА ҚАТЫСТЫ ЖЕР-СУ АТТАРЫ ДЖ. У. БУШ ТҰСЫНДАҒЫ АҚШ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ ӘӨЖ 94 (574.51) ҰЗЫНAҒAШ ШAЙҚACЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ МЕН НӘТИЖЕСІ ҒТАХР: 03.41.91 ШУ ӨҢІРІНДЕГІ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ТӨРТКҮЛДЕРДІҢ СТРАТИГРАФИЯСЫ (Х-ХІІ ғғ.) ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҒТАХР 03.20.00 ЕУРОПАДАҒЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ТАРИХИ БІЛІМГЕ ҚАТЫСТЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ: ТАРИХИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ТАЛДАУ ҒТАХР 11.25.91 ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫ КЕҢЕЙТУ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕСІНЕ ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРДЕГІ ИСПИДЖАБ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ҚАЛАЛАР МЕН ЕЛДІМЕКЕНДЕР ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ "КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ" РӨЛІ ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ «КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ» РӨЛІ ҒТАХР 03.09.31ТАНЗИМАТ РЕФОРМАЛАРЫНА ЕУРОПАЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ЫҚПАЛЫ ЖӘНЕ МҰСТАФА РЕШИД ПАША ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ ҒТАХР 03.09.03 РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ИСЛАМ ДІНІ ҒТАХР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАХР 03.20.29 СКРИПКАШЫ ӘЛІМ АЛМАТ (ҒАЛЫМЖАН ӘБСӘЛАМОВ) ЖӘНЕ ОНЫҢ МУЗЫКАНТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ ҒТАХР 03.09.31:03,20 СӘТТІҒҰЛ ЖАНҒАБЫЛОВТЫҢ «ДОСАН БАТЫР» ДАСТАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР МИЛЛИОН ИЕРОГЛИФТАН ТҰРАТЫН МАНУСКРИПТ (проф. Т.З. Қайыркеннің «Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы» қолжазбасын зерттеу жобасы негізінде) ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЖЕКЕ АДАМДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ӘДЕПТІК ТӘСІЛДЕРІ ҒТАХР 03.20.09.31 СЕМЕЙ ӨҢІРІНДЕГІ ПАТША ҮКІМЕТІНІҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.41.01 СОЛТҮСТІК-ШЫҒЫС КАСПИЙ МАҢЫ ЖӘНЕ ОҒАН ІРГЕЛЕС АУДАНДАРДАҒЫ САРМАТ МӘДЕНИЕТІ: ПРОБЛЕМАЛАР, ГИПОТЕЗАЛАР ҒТАХР 03.20.29 ХХ ҒАСЫРДЫҢ 30-ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚУҒЫНДАЛУЫ ҒТАХР 03.20.29 ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДА ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ ЭКОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ҒТАХР 03.20.09.25 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ДӘУІРІНДЕГІ ЭЛИТА МЕН ХАЛЫҚТЫҢ ДІНИ ҰСТАНЫМДАРЫ (Ибн Рузбихан және Мұхаммед Әуез еңбектері бойынша) ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ИРАН ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАХР 03.19.00 ҚЫТАЙДАҒЫ МИГРАЦИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (ХХ ғ. аяғы – ХХІ ғ. басы) ҒТАХР 03.20:03.09.21 ХVIII ҒАСЫРДАҒЫ РЕСЕЙ ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК АЙМАҒЫНДАҒЫ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ ҒТАХР 16.00.00 ЛАТЫН ӘЛІПБИЛІ ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНЫҢ ТАРИХИ ТАҒЫЛЫМЫ: ШЕТТІЛДІК СӨЗДЕРДІҢ ЖАЗЫЛУЫ (1929-40 жж. ) ҒТАХР 03.20:03.09.21 ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ҒТАХР 03.20:03.29 ӘЛЕУМЕТТІК ТОП ҰҒЫМЫ АЯСЫНДА ДІНИ ЖАМАҒАТТАРДЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ МӘСЕЛЕСІ ҒТАХР 03.20:03.09.31 ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК ӨҢІРІН ЗЕТТЕУДІҢ ТАРИХНАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАХР 03.09.55 1920-1930 ЖЖ. ШЕТЕЛДІК САЯСИ ЖӘНЕ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫНА ҚАТЫСТЫ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ САЯСАТЫ ҒТАХР 03.20:03.09.55 КЕҢЕСТІК БИЛІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘКІМШІЛІК-ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. бас. Солт. Қазақстан өңірі мысалында) ҒТАХР 03.09.03 ПАТРИОТИЗМ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ ҒТАХР 03.61.91 МАРАТ МҰҚАНОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ОРТА ЖҮЗ РУЛАРЫНЫҢ ТАРАЛУ АЙМАҚТАРЫ ҒТАХР: 03.20:03.09.25 ҒҰНДАРДЫҢ АТТЫ ӘСКЕРЛЕРІ ҒТАХР: 03.20:03.01.09 ҚАЗАҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ КӘСІПҚОЙ ЭТНОГРАФТАРЫНЫҢ БІРІ ҚҰСАЙЫН ТӘКЕЖАНҰЛЫ ҒТАХР 03.01.17 КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІН АЙҚЫНДАУ: ТАРИХ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢ ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ АКСР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ТАРИХЫНЫҢ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ЗЕРТТЕЛУІ (1992-2019 жж.) ҒТАХР 03.81.35 ҚАЗАҚСТАН ӨНЕРКӘСІБІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖЫЛДАРЫНДА ЖӘНЕ НЫҒМЕТ НҰРМАҚОВ (1924-29 жж.) ҒТАХР: 03.20:03.09.31 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҒТАХР 03.61.91 ТҰРМЫС-САЛТ ЖЫРЛАРЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ НҰСҚАЛАРЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ КОНТЕКСТІ ҒТАХР 11.25.19 COVID-19 ПАНДЕМИЯСЫ ЖАҒДАЙЫНДА «БІР БЕЛДЕУ - БІР ЖОЛ» ИНИЦИАТИВАСЫН ІСКЕ АСЫРУДЫҢ СЫН-ҚАТЕРІ ҒТАХР 03.61.91 ДОҢЫЗТАУДАҒЫ БЕСБАЙ ЖӘНЕ ИЗЕНАҒАШ ДІНИ-ТҰРҒЫН КЕШЕНДЕРІНІҢ МЕШІТТЕРІ ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау) ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРДАҒЫ БАЛАСАҒҰН ЭТИМОЛОГИЯСЫ ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА ҒТАХР 03.20:03.09.31 МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫС ҒТАХР 03.29:03.20 ЕУРАЗИЯ КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ ЭТНОЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ АЛҒЫШАРТТАРЫ ҒТАХР 03.20.00 ЖАЗАЛАНҒАН ХАЛЫҚТАР: ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ХАЛЫҚТАРДЫ ДЕПОРТАЦИЯЛАУ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.20.00 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ҒТАХР 03.20.00 МҰРАЖАЙ ТОПТАМАЛАРЫНДАҒЫ ФОТОМАТЕРИАЛДАРДЫҢ ДЕРЕКТЕМЕЛІК МАҢЫЗЫ ҒТАМР 03.20.00 НҰРБАПА ӨМІРЗАҚОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАН КЕЗЕҢІ ҒТАМР 03.20.00 РЕСЕЙ АРХИВ ДЕРЕКТЕРІНДЕГІ АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ КЕЙБІР ҚЫРЛАРЫ (1748–1772 ЖЖ.) ҒТАМР 03.20.00 КӨШПЕЛІ ТАЙПАЛАРДЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРІНДЕГІ АНТ БЕРУ РӘСІМДЕРІ: САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАРЫ ТУРАЛЫ

Author's articles

ҒТАХР 03.09.03 ПАТРИОТИЗМ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ