Home » Materials » 908 (574) КАСПИЙ ҚҰБЫР КОНСОРЦИУМЫНЫҢ ҚҰРЫЛУ ТАРИХЫ

Қ.Мұхитов, т.ғ.к., Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ униерситетінің доценті. Атырау қ. Қазақстан Республикасы.

908 (574) КАСПИЙ ҚҰБЫР КОНСОРЦИУМЫНЫҢ ҚҰРЫЛУ ТАРИХЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3(19), 2019

Tags: Ресей Федерациясы, Оман Сұлтандығы, Қазақстан Республикасы, мұнай құбыры, КҚК, Теңіз-Новороссийск
Author:
Тәуелсіздігін алған жылдары Қазақстан үкіметі өзінің шикізатын экспортқа шығару үшін көптеген жұмыстар жасады. Солардың бірі Каспий Құбыр Консорциумын құру болып табылады. Шамамен он жылдай уақыт бойы ірілі-ұсақ келіссөзден кейін бұл Жоба іске қосылды. Жоба тек қана еліміздің мұнайын сыртқы нарыққа шығарып қоймай, сонымен қатар ішкі инфрақұрылымды да дамытуға ат салысып келеді. Каспий Құбыр Консорциумы халықаралық деңгейде құрылған тұңғыш бірлескен кәсіпорын болып табылады. Сол себепті бұл Жобаның тарихы еліміздің мұнайын сыртқы нарыққа шығару ісін зерттеуде маңызды роль атқарады деп сенеміз. Түйін сөздер: КҚК, Теңіз-Новороссийск, мұнай құбыры, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Оман Сұлтандығы т.б.
Text:

Кіріспе. Бұл мақалада Теңіз кен орнының мұнайын экспортқа шығару үшін шетелдіктермен жасалған Каспий Құбыр Консорциуымының  құрылу тарихы және Теңіз-Новороссийск мұнай құбырының салыну тарихы айтылады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылы Теңіз мұнай кен орнын бірігіп игеру үшін КСРО мен АҚШ арасында келіссөз жүргізіле бастаған болатын. Көп кешікпей Кеңес одағы ыдырап орнына тәуелсіз 15 республика пайда болады. Ендігі жерде АҚШ-ның компаниясымен басталған келіссөзді тәуелсіз Қазақстан өзі жүргізуге тиіс болды. 1993 жылы «ТеңізШеврОйл» ЖШС құрылады. Бұл бірлескен кәсіпорынның міндеті Теңіз мұнайын өндіріп оны шетелге шығару еді. Қазақстан ешбір мұхитпен шектеспейтін құрылық ішіндегі мемлекет болып табылады. Сондықтан, өндірілген мұнайын сыртқы нарыққа шығару үшін міндетті түрде көршілес жатқан бір елдің жерінен өткізуге тура келетін. Қазақстан үшін сол жылдары жалғыз ғана тиімді жол Ресей Федерациясының жерімен тасу еді.

  Бастапқыда Теңіз мұнайын Ресей Федерациясының жерімен Қара теңіз мен Балтық теңізі жағалауларына темір жол транспорты арқылы тасып жүрді. Бірақ, бұл тасу әдісі тиімсіз болатын. Әрі шығарылатын өнім көлемі өте аз еді. Сондықтан Теңіз мұнайын таситын мұнай құбырын салу керек болды. Сол үшін Каспий Құбыр Консорциумын (КҚК) құруға кірісті. Қазақстан Республикасы мен Оман Сұлтандығы бірігіп құрған Каспий Құбыр Консорциумына көп кешікпей Ресей Федерациясы қосылды. Кейін  бұл бірлестікке бірнеше мұнай өндірушілер компаниясы кірді. Сөйтіп, 1999 жылы Теңіз-Новороссийск халықаралық мұнай құбырын салуға кіріседі. Бұл мұнай құбыры егемен Қазақстанда салынған тұңғыш мұнай құбыры болатын. Сондықтан оның тарихи маңызы жоғары болып табылады.

Талқылау нәтижесі. КҚК бұрынғы посткеңестік елдердің ішінде алғаш іске қосылған ірі халықаралық бірлескен кәсіпорын. Бұл Жобаны жүзеге асыру барысында Қазақстан басшылары зор роль атқарды. Әлемдік нарыққа шығу арқылы Қазақстан өзінің шынайы тәуелсіздігіне қол жеткізе алатын. Шетелдің ірі компанияларын тарту арқылы өзінің экономикалық дербестігі мен саяси тәуелсіздігін қамтамасыз ете алады. Мақалада еліміздің саяси тыныштығы мен әлеуметтік тұрақтылығы шетел инвесторларын тартуда басты роль атқаратынын көруге болады.

Нәтижесі. КҚК-ның тарихын зерттеу барысында елімізде құрылған басқа да бірлескен кәсіпорындардың кездескен проблемаларына көз жүгіртуге болады. Ел ішіндегі саяси-әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды роль атқаратынын айта келе, Қазақстанның әлемдік нарықтағы алатын орнына шынай баға беруге мүмкіндік туады.

Негізгі бөлім. 1979 жылы 18 желтоқсанда Атырау облысы Жылой ауданында Теңіз кен орны ашылды. Өзінің байлығы жағынан ол Қашаған кен орнынан кейінгі екінші орынды алатын еді. Теңіз кен орны басқа кен орындарымен салыстырғанда өзгеше болды. Біріншіден, бұл кен орынының мұнайы 4,5-5 мың метр тереңдікте, үлкен қысыммен, әрі жоғарғы температурада сақталған болатын. Оның үстіне Теңіз мұнайы күкіртті мұнай болып табылады. Теңіз мұнайын игеру үшін 1985 жылы «Теңізмұнайгаз» өндірістік бірлестігі құрылды.

  Теңіз мұнайы ашылған кезде КСРО-да құрамында күкірті бар мұнай өндіретін технология болмады. Күкіртті мұнайды халықаралық деңгейде жұмыс жасап жүрген АҚШ-ның кейбір компаниялары ғана өндіретін алатын еді.

  Сексенінші жылдардың екінші жартысында Кеңес Одағында орын алған бұрынғы томаға-тұйық саясат бәсеңсіп, шетелдермен қарым-қатынас аумағы кеңейе бастайды. Бұл мұнай өнеркәсібі саласына да оңтайлы әсер етеді. Осыған орай, 1988 жылы КСРО мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі Теңіз кен орнын бірігіп игеру үшін АҚШ-ның «Шеврон» компаниясын шақырды. (Бакыр Мурат. М., 2003. Стр. 49). 1990 жылдың басында Кеңес Үкіметі «Шеврон» компаниясымен алғаш рет келісім-шарт жасасады. Нәтижесінде «олар игереді, ал оның пайдасын «50 Х 50» етіп бөліп аламыз» деп шешеді. «Шеврон» компаниясы осы келісім-шарт негізінде жоба жасауға кірісіседі. 1991 жылы жобаның сметасы дайын болған соң оны алып КСРО-ның Президенті М. Горбачевке келеді. М.Горбачев сметаның жобасын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа жібереді. Назарбаев ол жобаны зерттеу үшін ҚР Ғылым Академиясына тапсырады. «Әлгі жоба 20 томнан тұрады екен-дейді академик Нәдір Нәдіров, - мұнайды өңдеу мен оны тасымалдау мәселесін зерттеу үшін сол 20 томның екі томын маған берді». Нәдір Нәдіров экологиялық мәселе мен өндіру мәселесінде екі үлкен ескерту жасайды. Біріншісі – неге біздің байлығымыз 50 Х 50 болып бөлінуге тиісті, шетелдік компанияның үлесін екі-үш есеге кеміту керек дейді. Екіншіден –мұнайды біздің жерімізде тазартады. Күкірт пен газды, барлық уды біздің жерде қалдырады да өздері тап-таза мұнайды алып кетеді. Бұл дұрыс емес деді. Басқа ғалымдар да өздері талқылаған мәселе бойынша ескертпелер жасап жатты. Сол себепті бұл шартқа қол қойылмайды. 1991 жылдың ортасында «...бұл не сұмдық, бұларыңыз дүниежүзілік заңдарға қайшы әрекет қой, бұған біз пәлен қаржы жұмсадық!»-деп «Шеврон» компаниясы тағы да айқайлай бастады. Көп кешікпей, КСРО мемлекеті тарап, орнына 15 республика дүниеге келді. 1992 жылы «Шеврон» компаниясы Ресей Федерациясының Президенті Борис Ельцинге шығып, қайтадан Теңіз мұнайын бірігіп игеру ісін жүзеге асыруды ұсынады. Б. Ельцин бұл мәселені енді Қазақстан Республикасының өзі шешетінін айтты. Сөйтіп, тәуелсіз Қазақстанмен қайта келісім-шартқа отыру үшін 1993-ші жылы сәуір айында олар Алматыға келді. (Нәдіров Н.Н., 2007, 28 тамыз, 2-б.). Осы жылы 6 сәуірде ҚР Президенті Н.Назарбаев пен американың мұнай корпорациясының басшысы Кеннет Дерр қол қойып «ТеңізШевройл» ЖШС құрады.

  Егемендік алған жылдары Қазақстанда мұнай өндіру ісі күрт төмендеп кетті. 1993 жылы, Шеврон компаниясымен келіссөз жүргізіп жатқан кезде, Теңіз кен орнынан мұнай өндіру ісі 3 млн тоннадан (1991 жылы 3 млн тонна болды) 1,1 млн тоннаға дейін азайған болатын. Әрбір мұнай барелінің құны 9 долларға дейін төмендеп кетті. Бұл өте төмен баға еді. Мұндай баға тіпті мұнай өндіру үшін жұмсалған шығынның өзін ақтамайтын еді. Сол себепті өндіріс орындары үлкен қаражатқа мұқтаж болды. Қаржы тапшылығының кесірінен жаңа учаскелер игерілмеді. Мұның бәрі мұнай өндіру ісін төмендетіп жіберді. 1994 жылы елімізде өндірілген мұнай көлемі 1991 жылмен салыстырғанда 25,2 млн тоннадан 20,3 млн тоннаға дейін азайып кетті. Тек, 1995 жылы ғана мұнай өндіру ісі арта бастады. Кейінірек, Қарашығанақ пен Теңіз кен орындарында мұнай өндірісі қайтадан өрістей бастады. (Кадыр Байкенов, 17 августа 2009).

  Келісім-шарт барысында Теңіз мұнайын экспортқа шығару мәселесі талқыланды. Сол үшін жаңа маршрут қарастырылды. Ресей Отын энергетика министрлігі өздерінің мұнай құбыры арқылы 3,5 млн. тонна Теңіз мұнайын айдауға мүмкіншілігі барын айтты. Бірақ бұл «Шеврон» компаниясын қанағаттандырмады. Бастапқыда «Шеврон» компаниясы Теңіз мұнайын Волга-Дон каналы арқылы Қара теңізге тасып жүрген болатын. Одан соң, темір жолмен Грузия мен Финляндияға және Одесса қаласының портына тасылымалдады. Бір ғана 1997 жылы темір жол транспорты арқылы 4 млн тонна Теңіз мұнайын тасыған екен. (Бакыр Мурат. Стр. 51, «Новая нефтяная отрасль Каспия», стр. 100-103.).

  Жетпісінші жылдардың басында салынған «Өзен-Самара» мұнай құбыры Батыс Қазақстанда өндірілген мұнайды Ресейге айдап отыратын еді. Бұл мұнай құбырымен жылына 10 млн тонна мұнай тасымалданатын. Самара қаласына жеткізілген Қазақстан мұнайы Ресейде өндірілген басқа мұнаймен араласып, одан әрі «Дружба» мұнай құбыры арқылы Шығыс Европаға жеткізіліп отырды. Дегенмен, «Дружба» мұнай құбыры негізінен Ресейдің мұнайын айдайтын еді. Бұл құбыр арқылы Татарстанның Альметьевск қаласында өндірілген мұнайы айдалып тұрды. Қазақстаннан келген 10 млн тонна мұнайдың тек қана 3 млн тоннасы ғана «Дружба» мұнай құбырымен айдалды. Сол себепті, бұл мұнай құбыры біздің мұнайды тасымалдау үшін тиімсіз болды.

  Осы кезде Атырау «Комсомольская» МАС (мұнай айдау стансасы) -Грозный мұнай құбыры салынып болған болатын. Бірақ, Кавказ аймағының саяси тұрақсыздығы бұл құбырды пайдалануға мүмкіндік бермеді. Оның үстіне Грозныйға жеткізілген Қазақстан мұнайы одан әрі Қара теңізге жеткізілуі керек болды. Яғни, Грозныйдан Новороссийскіге дейін жаңа мұнай құбырын салуды талап етті.

  Кейбір мамандар Қазақстан мұнайын алыс шетелдерге шығару үшін Ресей Федерациясымен қатар Иран арқылы Парсы жағалауына шығаруды, Каспий теңізі арқылы Бакудан Түркияға құбыр тартып, одан әрі Жерорта теңізіне шығаруды ұсынды. Ұсынылған жобалардың ішіндегі ең тиімдісі Ресей Федерациясы арқылы Қара теңізге шығару маршруты еді. (Кайыргельды Кабылдин: КТК-эффективный и надежный маршрут для экспорта нефти). Сөйтіп, Атыраудан Қара теңізге айдай алатын жаңа мұнай құбырын салу керек деген шешімге келді. Ендігі мақсат-осы мұнай құбырын салу мен оны жүргізу үшін жаңа құрылым ұйымдастыру болды.

  1992 жылы 17 маусымда Қазақстан Республикасы мен Оман Сұлтандығы Каспий Құбыр Консорциумын (КҚК) құрды. 1992 жылы 23 шілде де оған Ресей Федерациясы қосылды. Жобаға қатысу жөнінде Әзербайжан Республикасына да ұсыныс жасалған болатын. Бірақ, Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбырын салу жөнінде келісім-шарт жасап қойғанын айтып Әзірбайжан үкіметі бұл жобадан бас тартты.  

  1994 жылы «Теңіз-Астрахань-Новороссийск» мұнай құбыры құрлысын салу үшін Қазақстан үкіметі арнайы қаулы қабылдады. Бұл нарық экономикасына көшкен Қазақстан үшін тұңғыш жасалған жоба еді. Сол жылы РФ үкіметі де Теңіз-Астрахань-Новороссийск экспортты құбыр желісін салу туралы» қаулы қабылдады. (Панорама КҚК). 

  Консорциум құру туралы Келісімге қол қойылғаннан соң, КҚК Директорлар Кеңесі құрылды. Алғашқы отырыста бұл Кеңестің төрағасы болып Қадыр Байкенов сайланды. Сонымен қоса осы Директорлар Кеңесіне ҚР энегетика және отындық ресурстар министрінің орынбасары болған Анатолий Лобачев пен «Қазақмұнайгаз» корпорациясының президенті Болат Еламанов, Ресей Федерациясы тарапынан отын және энергетика министрінің орынбасары Виктор Отт мүше болып кірді. Көп кешікпей оған РФ отын және энергетика министрі Юрий Шафраник қосылды. Директорлар Кеңесінің алғашқы отырысында КҚК-ның Атырау комитеті құрылды. Атырау комитетіне «Магистралдық мұнай құбырлары» ӨБ Бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин мен «Қазақмұнайгаз» компаниясы мұнай тасымалдау Басқармасының бастығы Зинон Әбдірахманов мүше болды. Сонымен қоса Атырау комитетіне Ресей Федерациясы тарапынан «Транснефть» АҚ президенті Сергей Винниченко өкілдік етті.

  Директорлар Кеңесінің алғашқы отырысында КҚК қызметіне қатысты түрлі мәселелер талқыланды. Олардың ішінде күрделі мәселелердің бірі болып, «Құбыр салу жұмысын кім қаржыландырады?»-деген мәселе қаралды. Бұл мәселе төңірегінде ұзақ уақыт бойы айтыстар болып көпке дейін өз шешімін таба алмады. Жұмыс басталған кезде Жобаны ұйымдастыру мен қаржыландыру міндетін Оман Сұлтандығы алған болатын. Айта кететін жәй, Оман Сұлтандығы КҚК-ның құрылуына, мұнай құбырының жасақталуына, инвестициялар негіздемесін дайындауға т.б. жұмыстарға көптеген қаржы бөлген еді. Дегенмен, осы жобаны іске қосу үшін әлі де тағы көптеген қаржы керек болды. Оман Сұлтандығы мұндай қаржыны тауып бере алмайтын айтты. Сол себепті жобаға жаңа инвесторлер тарту керек деп шешті. Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының экономикалық жағдайы әлі тұрақсыз еді. Бұл тұрақсыздық КҚК Жобасының іске қосылуына да көп кесірін тигізді. Оның үстіне, бастапқыда жасалған үш мемлекеттің арасындағы келісім-шартта жаңадан инвесторларды қосу мәселесі мүлдем қаралмаған болатын. Сонымен қатар, Қазақстанда мұнай өндірумен айналысатын негізгі компаниялардың мүддесі мүлдем ескерілмеді. Халықаралық банктер болса бұл Жобаны қаржыландырудан бас тартты. Сол себепті, КҚК Жобасын қайта қарау қажет болды.

  Жобаны қайта қарау мәселесін талқылау ісіне РФ Президенті Б.Ельцин мен ҚР бірінші Президенті Н.Назарбаев ат салысты. Мәскеуге барған бір сапарында Нұрсұлтан Назарбаев Борис Ельциннің ауруханада жатқанына қарамастан жеке кездесуді оның ауруханасында өткізген екен.

  1996 жылы сәуір айында Алматы қаласында КҚК қайта қарау туралы хаттамаға қол қойылды. Құжатта, КҚК Жобасына шетелдік мұнай өндіруші компаниялардың кіруі мен түскен табыстан оларға тиісті үлесін алып отыру мәселесі қарастырылды. 1996 жылдың мамырынан желтоқсан айына дейін Мәскеудің «Метрополь» қонақ үйінде КҚК акционерлерінің жаңа келіссөздері өтті. Қазақстан мұнадай ауқымды жобаға алғаш рет қатысып отырған болатын. «Таңертең тоғызда басталған талқылаулар түн ортасына дейін созылатын. Келіссөздерге Қазақстан тарапынан мен, ҚР Мұнай-газ министрі К.Кешубаев, «Южнефтепровод» өндірістік бірлестігінің бас директоры Т.М.Қасымов, оның орынбасары И.Д.Каспер қатыстық»-дейді Қайыргелді Қабылдин. (Панорама КҚК).

  Ұзаққа созылған келіссөзден кейін, КҚК негізін қалаушы мемлекеттер оның құрылымын қайтадан қарады. Сөйтіп, құбыр жүйесі құрылысын қаржыландыруды мойнына алған жеке мұнай компанияларына КҚК-ы акциясының жартысын сату туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы өз кезегінде қайта құрылған консорциумға нарықтық құн бойынша бағаланған құбыр активтерін беретін болды. Олардың бағасы Ресей Федерациясы үшін-$300 млн, Қазақстан Республикасы үшін-$230 млн деп бағаланды. Осыған орай Ресей Федерациясының үлесі-24 %, Қазақстан Республикасының үлесі-19 %, Оман Сұлтандығының үлесі-7 % болып белгіленді. Қалған 50 % акция «Шеврон КаспианПайплайн Компаниясына» (АҚШ)-15%, «ЛУКАКО» (Ресей-АҚШ)-12,5%, «Мобил КаспианПайплайн Компания» (АҚШ)-7,5%, «Роснефть»-Шелл КаспианВенчурз Лимитед» (Ресей-Нидерланд)-7,6%, «АджипИнтернейшнл Н.В.» (Италия)-2%, «Бритиш Гэс» Оверсиз Холдинг Лимитед» (Ұлыбритания)-2%, «Казахстан ПайплайнВенчерз ЛЛС» (Қазақстан-АҚШ)-1,75% и «ОриксКаспианПайплайн ЛЛПС» (АҚШ)-1,75% компанияларына сатылды. (Александров В., «Нефть из Тенгиза: Проект 21 века»). Олар мұнай құбыры құрлысын қаржыландыратын болды. Кейін, Оман Сұлтандығы өзінің үлесін сатып бұл жобадан шығып кетті. (Кайыргельды Кабылдин).

  Жоба бойынша Теңіз кен орнынан Комсомольскіге дейін аралықтағы бұрыннан бар мұнай құбырын жаңарту жұмыстары белгіленді. Сонымен қоса, Кропоткина мұнай айдау стансасынан бастап Қара теңіз жағасындағы Озереевск резервуар паркіне дейін аралықта, ұзындығы 258 шақырым болатын жаңа мұнай құбырын салу қажет болды.

  Қазақстан үкіметі «Бритиш Газ», «Техасо» және «Лукойлмен» Қарашығанақ кен орнынан Атырауға дейін аралықта ұзындығы 460 шақырым болатын жаңа мұнай құбырын салу туралы өзара мемерандумға қол қойылды. Бұл құбырды салу үшін 440 млн доллар қаржы бөлу жоспарланды (Бакыр Мурат, Стр. 99).

  1999 жылы құбыр салу жұмысы басталды. 2001 жылы Қарашығанақ-Атырау мұнай құбыры салынып болды. Бұл құбыр Теңіз-Новороссийск мұнай құбырына жалғанып, жылынды. (Бакыр Мурат, Стр. 99).

  Теңіз-Новороссийск мұнай құбыры Қазақстан Республикасындағы Атырау облысы мен Ресей Федерациясындағы Астрахань облысы, Қалмақ Республикасы, Ставрополь мен Краснодар өлкесінің жерлерімен жүргізілді. 2001 жылы наурызда оның бірінші кезегі аяқталып алғаш рет мұнай құбырына Теңіз мұнайын толтыру басталды. (Қ. Байкенов: «Мен жобаны ешбір күмәнсіз мақұлдадым», б. 16).

  13 қазанда КҚК Қара теңіздегі Южное Озереевкедегі терминалында танкерлерге тұңғыш рет Теңіз мұнайы тиеле бастады. «13 қазан-сенбі күні, сағат 7.00-де, біз қосалқы кемелердің тұрағынын арқандау үшін шықтық. Кемені арқандау 11:00 шамасында аяқталды. Қоюға рұқсат алғаннан кейін сағат 17:24-те біз кемеге су беруді бастадық. Алғашқы мұнай кемеге шамамен 23:00-де түсті. 14 қазан-жексенбі күні сағат 2:30-да мұнай құю аяқталды және женжемелер ажыратылды»-деді Пит Диксонның алғашқы танкерге мұнай құю барысы туралы берген хабарламасында. (Каспийден Қара теңізге дейін, мұнай жолымен», 39). «Алғашқы танкердің сынамалы түрде тиелуі-КҚК жобасын жүзеге асырудағы аса маңызды кезең,-деді КҚК бас директоры Сергей Гнатченко,-Бұл мыңдаған құрлысшылардың, жобалаушылардың, пайдалану мамандарынан құралған интернационалдық ұжымның қызу жұмыстарының нәтижесі болып табылады» («Прикаспийская коммуна» газеті, 200 ж.  қазан).

  2004 жылы КҚК-на Краснодар өлкесінің «Кропоткинская» стансасында Ресей Федерациясында өндірілген мұнай да айдала бастады. Сөйтіп, КҚК жылына 28,2 млн т мұнай айдап өзінің ең жоғарғы көрсеткішіне ие болды.

  Осылайша, әлдеқайда тиімді Теңіз мұнайын тасымалдайтын мұнай құбыры салынған болатын. Бұл Каспий аймағында өндірілген мұнайды әлемдік нарыққа шығаратын сенімді маршрут болды.

  Қазақстан мен Ресейде өндірілген мұнайдың ұлғаюына байланысты Теңіз-Новороссийск мұнай құбырын кеңейту үшін бірқатар шаралар жасала бастады. Бұл 1998 жылы жасалған Жобадағы техникалық-экономикалық негіздемеде көрсетілген болатын.

  2005 жылдан бастап, КҚК антифрикциондық қоспаларды қолдану арқылы мұнай айдау қуаттылығын артты. Сөйтіп, мұнай айдау көлемін 2010 жылы 35 млн тоннаға жеткізді.

  2009 жылы желтоқсан айында акционерлер бас қосып, КҚК-мы магистарлының мұнай айдау қабілетін 67 млн тоннаға дейін арттыру жобасын бекітті. Бұл жоба 2017 жылы аяқталуы керек болды.

  Осыған орай, Қазақстан мен Ресейде жұмыс жасап тұрған мұнай құбырының өткізу мүмкіншілігі кеңейтілді. Қазақстанда жұмыс жасап тұрған мұнай айдау стансасына қарасты (МАС) 88 км жердегі мұнай құбыры жаңартылды. Қалмақ Республикасындағы 2-ші мұнай өткізу жүйесі өндірістік сынақтан өткізілді. Теңіз терминалында қосымша обьекті іске қосылды. Кеңейту ісі үш кезеңде жүзеге асырылды. Сөйтіп, Қазақстанда екі, Ресейде сегіз, барлығы 10 мұнай айдау стансасы салынды. Осындай шаралардың арқасында, КҚК жылына 67 млн тонна мұнай айдау мүмкіншілігіне ие болды. Сөйтіп, 2018 жылы бұл құбырмен 55,1 млн тонна мұнай айдалған екен.

  Бүгінгі күні Кеңейту жобасы аясында КҚК-да жаңадан «РВС-100000» деп аталатын алты мұнай айдау станциясы (олардың біреуі Қазақстанда, қалған бесеуі Ресейде) мен мұнай сақтайтын алты мұнай қоймасы салынып, үшінші мұнай тиеу айлағы іске қосылды. Кеңейту шараларына басшылықты Консорциум өзі жүргізді. Бірақ, Консорциум жұмысын келісім-шартқа сай «Транснефть», «Казмұнайгаз» және «Chevron» компаниясы бақылап отырды. Кеңейту жобасы КҚК-ны жаңа деңгейге көтеретін алатын еді. Сөйтіп болашақта, КҚК-ы арқылы Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орнынан өндірілетін Қазақстан мұнайы мен Филанов кен орнынан өндірілетін Ресей мұнайын айдау көзделіп отыр.

  Осылайша Теңіз-Новороссийск мұнай құбыры Қазақстан мұнайын әлемдік нарыққа шығарған тұңғыш ірі жоба болды.

  2013 ж мамыр айынан бері әрбір тоқсан сайын «Панорама КТК» деп аталатын корпоративтік журнал шығып тұрды.

  2016 жылдың он айында КҚК-ы Новороссийск теңіз терминалы арқылы 4303 танкермен 460 миллион тоннаданастаммұнайтасымалдады. Жалпы бүгінгі күнге дейін бұл құбырмен 530 млн тонна мұнай айдалған екен. Сөйтіп, өндірілген мұнайды дер кезінде сыртқы нарыққа шығару еліміздің экономикасының дамуына зор септігін тигізді. (Кайыргельды Кабылдин).

  Қорытынды. Өндірілген шикізатымыз сыртқы нарыққа шыққан жағдайда ғана біз бай мемлекеттердің қатарына қосыла аламыз. Қазақстан құрлықаралық елдің қатарына жатады. Мұхитпен шектеспегендіктен өз шикізатын басқа бір елдің жерінен өткізуге тиісті. Олай болса КҚК-ы Қазақстан үшін өте тиімді жобалардың бірі болып табылады.

  ӘДЕБИЕТТЕР

Бакыр Мурат. Объективные условия разработки проекта нефтепровода Баку-Джейхан и история переговорного процесса по его реализации: Автореферат ... канд.экон. н. - М. 2003. - С. 49.

Нәдіров Н.Н. Мұнай бізге дос та, жау да тауып береді // Заң газеті. – 2007. -  28 тамыз.

 Байкенов К. "Я не сжигал за собой мосты" // Новое поколение.  - 2009. - 17 августа

Новая нефтяная отрасль Каспия // Нефтегазовая вертикаль. - 1998. - №5. -С. 100-103.

Кабылдин К. КТК-эффективный и надежный маршрут для экспорта нефти // http: /www.cpc.ru/ru/ press/pressaboutus/. aspx. (дата обр. 20.07.19)

// Панорама КҚК.  - 2016.  - 15 желтоқсан. - №4.

Александров В. Нефть из Тенгиза: Проект 21 века //. Международная жизнь, МИД РФ. -  1998. - №5. - С.89.

Байкенов Қ. Мен жобаны ешбір күмәнсіз мақұлдадым // Каспийден Қара теңізге дейін, мұнай жолымен. Альбом. - М. 2011. - 240 б.

// Каспийден Қара теңізге дейін, мұнай жолымен. Альбом. - М., 2011. - 240.

// Прикаспийская коммуна. -  2001. - 16 қазан.

  References

Bakyr Murat. Ob"ektivnye usloviya razrabotki proekta nefteprovoda Baku-Dzhejhan i istoriya peregovornogo processa po ego realizacii: Avtoreferat ... kand.ekon. n. - M. 2003. - S. 49.

Nәdіrov N.N. Munaj bіzge dos ta, zhau da tauyp beredі // Zan gazetі. – 2007. -  28 tamyz.

 Bajkenov K. \"Ya ne szhigal za soboj mosty\" // Novoe pokolenie.  - 2009. - 17 avgusta

Novaya neftyanaya otrasl' Kaspiya // Neftegazovaya vertikal'. - 1998. - №5. -S. 100-103.

Kabyldin K. KTK-effektivnyj i nadezhnyj marshrut dlya eksporta nefti // http: /www.cpc.ru/ru/ press/pressaboutus/. aspx. (data obr. 20.07.19)

// Panorama KQK.  - 2016.  - 15 zheltoqsan. - №4.

Aleksandrov V. Neft' iz Tengiza: Proekt 21 veka //. Mezhdunarodnaya zhizn', MID RF. -  1998. - №5. - S.89.

Bajkenov M. Men zhobany eshbіr kumansіz maquldadym // Kaspijden Qara tenіzge dejіn, munaj zholymen. Al'bom. - M. 2011. - 240 b.

// Kaspijden Qara tenіzge dejіn, munaj zholymen. Al'bom. - M., 2011. - 240.

// Prikaspijskaya kommuna. -  2001. - 16 қazan.

 

К. МУХИТОВ,

кандидат исторических наук, доцент Атырауского университета нефти и газа им. Сафи Утебаева

г. Атырау, Республика Казахстан.

ИСТОРИЯ СТРОИТЕЛЬСТВА КТК

  Резюме

  За годы независимости Казахстан предпринял много мер для экспорта своего сырья. Одним из них является создание Каспийского Трубопроводного Консорциума. После долгих переговоров (около 10 лет) КТК был пущен в эксплуатацию. Этот Проект связан не только с транспортировкой нефти из страны во внешний рынок, но и  с развитием внутренней инфраструктуры страны. КТК является первым совместным предприятием, созданным на международном уровне. Поэтому мы надеемся, что история этого проекта сыграет важную роль в изучении истории экономики суверенного Казахстана.

Ключевые слова: КТК, нефтепровод Тенгиз-Новороссийск, Республика Казахстан, Российская Федерация, Султанат Оман и др.


K. MUKHITOV

Candidate of Historical Sciences, AssociateProfessor of the Safi Utebayev Atyrau University of Oil and Gas.

THE HISTORY OF THE CASPIAN PIPELINE CONSORTIUM CONSTRUCTION

  Summary

  Over the years of independence, Kazakhstan has taken many measures to export its raw materials. One of them is the establishment of the Caspian Pipeline Consortium. After about ten years of long negotiations CPC was put into operation. This Project involved not only in the transportation of oil from the country to the foreign market, but also in the development of the internal infrastructure of the country. CPC is the first joint venture established at the international level. Therefore, we hope that the history of this project will play an important role in the study of the history of the economy of sovereign Kazakhstan.

Keywords: CPC, Tengiz-Novorossiysk oil pipeline, Republic of Kazakhstan, Russian Federation, Sultanate of Oman, etc.

No comments

To leave comment you must enter or register