Home » Materials » ӘОЖ 9; 93/94 ТАНЗИМАТ ДӘУІРІНДЕГІ РЕФОРМАТОРЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР

Р.С. МЫРЗАБЕКОВА, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасы, т.ғ.к., доцент М.С. МЫРЗАБЕКОВ, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасы, т.ғ.к., доцент

ӘОЖ 9; 93/94 ТАНЗИМАТ ДӘУІРІНДЕГІ РЕФОРМАТОРЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1 (17) 2019

Tags: хроника, Түркия, танзимат, ағартушылық, реформа, Гюльханей, улем
Annotation:
Мақалада ХІХ ғасырда Түркияда болған реформаторлық өзгерістер және өзгерістердің алғышарты мен нәтижелері туралы баяндалады. Реформалар отыз жылдан аса уақытқа созылып, «игілікті реформалар» деп аталды. Танзимат реформалары елдің дамуындағы объективті қажеттіліктер тарапынан пайда болды. Батыстық үлгі бойынша реформа жасамаса, Осман мемлекеті прогресс жолы бойынша дамымайтын болды. Осман мемлекеті билігінде отырған мемлекеттік қайраткерлер тарапынан жүзеге асырылған реформалар, осман қоғамы үшін мазмұны жаңа, тұлғалық құндылықтар туралы, өмір мен жеке меншікке қол сұғылмау туралы, заң алдында империя құзырындағы мұсылмандар мен мұсылман еместердің теңдігі туралы түсініктер орын алып, елдің ағартушылығы мен мәдениетінің дамуында із қалдырды. Реформалардың жаңа сатысы 1830 жж. Еуропада өмір сүрген, танымал саясаткер, дипломат Мустафа Рашид-паша есімімен байланысты. Түйін сөздер: Түркия, танзимат, реформа, Гюльханей, хроника, ағартушылық, улем
Text:

Кіріспе

Түркия, Қытай және Жапония сияқты бірқатар Шығыс елдері үшін XIX ғасыр реформалар нышаны аясында өтті. Оларды зерттеу бүгін де өзекті мәселелердің бірі. Мұндай тәжірибе қазіргі адамзаттың реформаторлық ұмтылуларын сараптау үшін қажет. Әсіресе, экономикалық және ғылыми техникалық үдерістің жылдам қағидасымен анықталатын жағдайлар үшін ерекше құнды болатыны сөзсіз. Түркияда болған реформаторлық өзгерістерге, әсіресе, «игілікті реформалар» деп аталып, отыз жылдан аса уақытқа созылған (1839-1876 жж.) «Танзимат и хайрийе» реформаларын терең зерттеуге деген қызығушылық та осыдан туындап отыр.

Түркиядағы реформалардың жаңа сатысы, белгілі дипломат, саясаткер, 1830 жылдары Еуропада өмір сүрген, Парижде, Лондонда Түркия елшісі болған, Еуропаның саяси өмірімен жақсы таныс Мустафа Решид-пашаның есімімен байланысты. 1839 жылы осы кісінің қатысуымен Абдул Меджид сұлтанның атынан реформа бағдарламасы жарияланды. 3 қараша 1839 жылы сұлтанның Гюльхан сарайының алдында сұлтан бұйрығы жарияланып, түркияда «игілікті өзгерістер» – танзимат-и-хайрийе орын алатындығы айтылды. Араб тілінен аударылғанда, танзим – реттеу деген мағына береді. Бұл Түркия тарихындағы жаңа  реформалық кезең – танзимат – қайта ұйымдастырулар аталған реформалар  дәуірін бастап берді. «Гюльхане хатт-и шериф» үш негізгі жаңарту мақсатын жария етті: 1) діни сенімдеріне қарамастан империяның барлық бағынышты халықтарының өмірін,ар-ұжданын және дүние-мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;  2) салықтарды дұрыс жинау  және әділетті бөлу; 3)әскери қызмет мерзімін қысқарту.

Танзимат реформалары осман қоғамындағы ең маңызды экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени өзгерістерге себепші болды. «1839 жылғы 3 қарашада жарияланған «Гюльханей» деп аталған Декларация туралы бүкіл әлем өз пікірлерін білдірді», - деп жазды XIX ғ. 40-50 жылдарында Кіші Азияға келген орыс саяхатшысы Петр Чихаев [1]. – «Бұл манифест Түркия тарихында жаңа дәуірдің негізін қалап, Түркия үшін Қайта Өркендеу дәуірінің басталғанын жариялады» [2].

Сол жылдардағы оқиғалар қазіргі тарихнамада Түркияның «еуропалануы» деп анықталып жүрген үрдістің бастауы болып, оның мәні, ұзақ онжылдықтарға созылған Осман мемлекетінің әлемдік капиталистік жүйеге интеграциялануында болды.

Талқылау

Осман империясының әлеуметтік-экономикалық тарихы мен оның мәдени дамуына ғылыми сипаттама берілген кеңес шығыстанушылары, олардың ішінде А.Д. Желтяков, Е. И. Маштакова, М.С. Мейер, А.Ф. Миллер, А.Д. Новичев, Ю.А. Петросян, А.С. Тверитинова сияқты ғалымдардың  еңбектерін атап айтқан абзал [3].

Деректері

Мақаланың деректік негізі орыс, түрік және батысеуропалық деректерге негізделеді. Сонымен қатар, Ресей мемлекеттік әскери-тарихи мұрағатының жарияланған материалдары мен Ресей сыртқы саясатының мұрағатының жарық көрген деректері және Стамбул қаласының кітапханаларынан, оның ішінде, Стамбулдағы Исламтану орталығының кітапханасынан алынған құжаттар қалыптастырады.

Әдістері

Қолданылған методологиялық және теориялық тәсілдеріне келер болсақ, тарихи зерттеу тәсілдері кең қолданылды. Оның ішінде тарихи оқиғалардың қалыптасуын, дамуын, өзара байланысын көрсететін тарихилық тәсілі, эмпирикалық тәсіл қолданылды.

Нәтижесі

Танзимат реформалары елдің дамуындағы объективті қажеттіліктерден пайда болды.

Әлеуметтік-экономикалық артта қалушылығына байланысты Осман империясы Еуропаның аграрлы шикізат көзіне айналды. Англия, Франция, Австрия сияқты еуропалық мемлекеттер Осман империясынан жібек, жүн, тері, май өнімдерін, зәйтүн майын, темекі, жаңғақ, опиум сияқты шикізаттарды алып отырды. Осман империясының ішіне кіргізетін тауарлардың қатарын мақта-мата өнімдері, жүннен жасалған маталар, метал мен шыныдан жасалған өнімдер, дәрі-дәрмек, өңделген тері өнімдері құрады. Сұлтан иеліктерінің шикізат көзі мен капиталистік елдердің тауар өткізу нарығына айналуы ауыл шаруашылығының құлдырауына, өндірістің төмендеуіне, жалпы экономиканың әлсіреуіне алып келді.

Еуропада ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өнеркәсіп төңкерісі аяқталғаннан кейін, қала қолөнерінің дамуына мүмкіндік күрт азайып, көптеген салалар құлдырауға ұшырады. Анатолияда дамыған өндіріс орталықтары зиян шекті. Бурса, Анкара, Диарбакыр, Амасья, Токаттағы  мақта-мата, жүн, тері, жібек, метал өңдеу орталықтары құлдырап кетті.

ХІХ ғасырдың 30-шы жылдары Кіші Азияның экономикалық жағдайын зерттеген орыс саяхатшысы М.П. Вронченко, Анкарада жүн өңдейтін станоктардың саны 2000-нан 100-ге қысқарғанын көрсетеді, Себебі, еуропалық ангор жүнінен дайындалған өнімдер екі есе арзан тұрған [4]. 

Сауданың одан ары қарай дамуы мен қалыптасуына, біртұтас ішкі нарықтың болмауы, феодалдық тәртіптердің үстемдік етуі, империяның экономикалық жағдайының тұрақсыздығы ықпал етті.

Осман экономикасының біржақтылығына, баяу дамуына әлеуметтік процестер де өз ықпалын тигізді. Империяның біртіндеп әлемдік экономикалық жүйенің шектері аймағы болу, жергілікті буржуазияның қалыптасуына қиындық туғызды.

Тауар-өндіріс кәсіпкерлігі саласындағы кедергілер, осман қоғамының ауқытты адамдарын жериелену саласына итермеледі. Сипахий жүйесінің жойылуымен, ірі жер иелігі қалыптасты, іс жүзінде бұндай жерлер мемлекет меншігі болып есептелді. Феодалдық абсолюттік тәртіптің қалыптасуы, бұл топтың саяси қуатының өсуіне кедергі келтірді, оның экономикалық билігінің тамырларына ықпал еткен жоқ. Феодалдық топтардың қолында жерге бақылау шоғырланғандықтан, ауылдық жерлерде феодалдық тәртіптер сақталды.

Осман империясындағы мемлекет тұжырымдамасы тек діни сипатта болды. Дін саяси басшылықтың заңдылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етті. Сонымен қатар, дін Осман империясының орталығы мен шеткі аймақтарын байланыстырушы буын болып табылды. Осман империясындағы бүкіл жергілікті басқару ислам дінбасыларының қамқорлығында болды. Олар барлық басқару элементтерінің қызметтерін бақылап отырды. Осман бюрократиясы екі бюрократиялық құрылымнан тұрды. Оның біріншісі азаматтық бюрократия, ал екіншісі медреседе оқыған адамдардан құралған «діни бюрократия» болды. «Діни бюрократтар» мен улемдер үш маңызды саланың, яғни, білім беру жүйесі, сот жүйесі және шариғатты түсіндіру салаларының қызметтеріне жауапты болды.

Діни тұғырнамада тұрған феодал-шенеуніктерге сүйенген түрік сұлтаны (халиф) елді күйреуге ұшыратты. Бір кездердегі мықты мұсылман елі басқарушы таптың, яғни, түрік сұлтаны мен діни тұғырнамада тұрған феодал-шенеуніктердің саясатының салдарынан жойылды. Түрік сұлтаны исламның негізінде қуатты, дамыған мемлекет құруды жалғастырудың орнына, дінді билікті ұстап тұру мен өз халқын тонау құралы ретінде пайдаланды. Мұндай саясаттың салдарынан Осман империясы ғылыми-техникалық прогресске сүйенетін қуатты өнеркәсіп құра алмады.

Осман империясын басқарған элитаның ең көреген өкілдері, әсіресе, Батыс Еуропада болып, ондағы саяси жүйемен, экономикалық және мәдени өмірдің ахуалымен танысқандары, Осман мемлекеті батыстық үлгі бойынша реформа жасамаса, прогресс жолында даму мүмкіндігінен айырылады деген ойға келді.

ХІХ ғасырдың бірінші сұлтаны ІІІ Селим (1789-1807 жж.)  басталған реформалардың одан әрі қарай жылғасуы мен жүйеленуіне мүмкіндік туғызды. Реформалармен ауыртпалықтар да қатар жүрді. ІІІ Селим билігіндегі үшінші жылы, 1788-1792 жж. орыс-түрік соғысы, Яссин бітімімен аяқталды, ол  Осман империясының территориясындағы христиандарды қорғау деген сылтаумен, Қырымның Ресейге қосылуына алып келді.

Танымал батыс тарихшылары Б.Льюис және Ст.Шоу ІІІ Селимнің жаңалықтарын әртүрлі бағалайды. Б.Льюис Осман империясының барлық жағын қамтыған реформаларға үлкен мән берсе, Ст.Шоу бұл өзгерістерді «дәстүрлі реформизм» деп бағалады. Өзгерістердің нәтижелерін өзге империялардағы өзгерістердің нәтижелерімен салыстыра келе, екінші көзқарасты көптеген батыс еуропалық авторлар қолдайды [5].

ІІ Махмуд (1808-1839 жж.) тұсындағы реформалардың маңызы мен нәтижелері құндырақ. Бұл сұлтанның тұсында модернизация процесі барлық империялық құрылымдарды қамтыды. Сондықтан, оның билеу кезеңін тарихшылар «вестернизация» кезеңі деп атайды [6].

ІІ Махмұдтың билікті орталықтандыру жолындағы алғашқы бастамасы 1808 жылғы Сенед-и иттифак (Одақтастық пакт) қызметінен басталды. Ол аяндардың ықпалын азайту үшін күрестен басталды. Оларды Батыс Еуропалық ірі феодалдармен салыстыруға болады, бірақ, олардың өмір сүруін сұлтанның өзі заңдастырған. Уақыт өте келе, аяндар институты мемлекетті орталықтандыру жолындағы негізгі кедергі болды. Ұзақ күрестен кейін, аса ірі аяндардың ықпалы азайтылып, сұлтан беделі қайта қалпына келтірілді.

Осман империясындағы еуропалық мемлекеттердің ықпалынан азайту үшін, ең алдымен, әскери салада реформа бастады. Жаңа әскери бөліктер Низам-и джедид, «жаңа секбандар» отряды (Секбан-и джедид), ІІ Махмуд тұсында «Жеңімпаз әскердің» қалыптасуы батыс мамандары мен кеңесшілерінің көмегімен қалыптастырылды. Әскери теңіз, әскери инженерлік мектептердің қалыптасуы да осындай жолмен іске асырылды. Батыспен жақындасуға мүмкіндік жасаған тағы бір қадам, еуропа мемлекеттерінің астанасында Осман империясының тұрақты елшіліктерінің ашылуы. 1826 жылы әскердегі қайта құруларға наразы болған янычарлар ІІ Махмуд сұлтанға қарсы шықты. Улем кеңесі, янычарларды өлім жазасына кесілуге тиісті көтерілісшілер деп жариялады. 17 маусым күні 500 жылдық тарихы бар янычарлар корпусы таратылды.

ІІ Махмұдттың билігінің соңғы жылдары модернизациялық өзгерістердің белсендірілуімен сипатталады. Ол әскери істер ғана емес, қаржы және мемлекеттік басқару саласында да көрініс алды. 1831 жылы тимар жүйесі жойылды, ол әлеуметтік-экономикалық құрылымды анықтады да, Осман империясында жаңа жер қатынастарының негізін қалады. Осыдан кейін ескірген везират институтының орнына незарет институты, өзгеше айтқанда, министрліктер жүйесі қалыптасты. Мәжіліс сияқты әртүрлі кеңесші органдардың ұсыныстары жаңа реформалардың негізіне жатқызылды. ІІ Махмудтың билігінен бастап, сұлтанның самодержавиясы еуропалық мемлекеттер жүйесінің сипатын біртіндеп қабылдай бастады.

ІІ Махмуд реформалары монархтың жеке билігінің күшеюіне алып келді, түрік қоғамының прогресіне аз үлес қосты. Түріктер өздерін бұрынғыдай империяның қожайынымыз деп есептеді, бірақ іс жүзінде, экономикалық, мәдени, этникалық жағынан дамудан тек еуропа халықтарынан ғана емес, өз қол астындағы халықтардың өкілдерінен де қалып кету, біртіндеп барлық салалардың түріктердің ықпалынан шығып бара жатқанын байқатты.

ІІ Махмұдты ауыстырған оның үлкен ұлы Абдулмеджид (1839-1861 жж.) 17 жасында таққа отырды. Ол осман тарихында француз тілін білетін бірінші билеуші еді. Ол реформаларды өткізуге деген шешуші қимылымен емес, батыс ықпалын қолдаушылығымен тарихта қалды. Алғаш рет, билеуші элитада консервативті қанат қалыптасты, ол қанаттың мүшелері батыстық өзгерістерге қарсы болды.

Қарастырылып отырған мәселе шеңберінде әкімшілік басқарудың әртүрлі бөліктерін жаңашылдандыру, соның ішінде, еди-и вахит жүйесін, салық салу, ақы төлеу, қылмыстық құқық сияқты мәселелерді жаңартуды ерекше айту керек. Сонымен қатар, Стамбулдағы шет елдік елшілердің жеке басының қауіпсіздік мәселесін қамтамасыз ету, яғни, елшінің құқығының қолсұғылмаушылығы да өзгеріске ұшырады. Ферман деп аталатын құжат арқылы шет мемлекеттің елшілерінің қолсұғылмаушылығы қамтамасыз етілді. «Ферман» бағытын алу, Осман мемлекетіндегі өзгерістерді еуропалықтар өз бақылауына алады дегенді білдіретін еді. Танзимат дәуірінің көрнекті қайраткері Фуад-паша осы мәселе туралы былай дейді: «Мемлекетте екі күш бар. Күштің біреуі жоғарыдан әрекет етсе, екіншісі, төменнен әсер етеді. Біздің елімізде жоғарыдағы күш біздің ұсыныстарымызды бейтараптандырады. Халықтың күшін сезіну мүмкн емес, сондықтан біз, сыртқы күшті пайдалануға мәжбүрміз. Елшіліктер сыртқы күш болып табылады» [7].

Қоғамды реформалаумен қатар, сұлтан указы өзге мәселелерді де қамтыды. Бұл жерде отансүйгіштік тәрбие беру туралы алғаш рет айтылады.

Танзимат реформасының өзі екі кезеңді, біріншісі 1839-1856 жылдарды, ал екіншісі 1856-1871 жылдар аралығын қамтыды.

1856 жылғы Танзимат дәуірінің екінші сатысында 9 министерлік – теңіз, сыртқы істер, юстиция, қаржы, халық ағарту, полиция, сауда, қоғамдық жұмыс, вакуф құрылды. Ұлы уәзір канцеляриясы ішкі істер министрлігінің қызметін алды. Ұлы уәзірмен бірге министрлер, империяның Жоғарғы Кеңесін қалыптастырды, олар апта сайын жиналып отырды. Жоғарғы Кеңестің төрағасы сұлтан, ол жоқ кезде Ұлы уәзір болды. Осы кезеңде реформаны жүргізгендер – Али Паша мен Фуад Паша. Жаңа қылымыстық Кодекс енгізілді, оның көп тұстары француздардан алынды. 1844 жылы астанада 800 мың адам өмір сүрді, 30 жылдан кейін олардың саны 1 миллион 200 мың болды. Олардың 620-сы мұсылмандер, 580-і мұсылман еместер еді [8]. Стамбулда әскери-медициналық училище ашылды, алғашқы бастауыш зайырлы мектептер ашылды. 1874-1875 жылдары Стамбулда 264 бастауыш мектеп, 25 қыз балаларға арналған мектеп жұмыс істеді. 1868 жылы Стамбулда бірінші зайырлы орта мектеп – Галатасарай лицейі ашылды. Ол түрік интеллигенциясының қалыптасуына үлес қосты. 1869 жылы жалпыға бірдей білім алу туралы заң шықты.1900 жылы Стамбулда алғашқы үш факультеті бар университет ашылды. Университеттің алғашқы жұмыс істеу жылдары ІІ Абдулхамид кезеңіне келеді. Қалыптасқан цензура ғылым мен оқытушылық қызметтің дамуына кедергі келтірді. 1831 жылы түрік тілінде алғашқы ресми газет  - «Оқиғалар күнтізбесі» түрік және француз тілінде шықты. 1876 жылы Стамбулда түрік тілінде 13 газет болды [9].

1865 жылы Стамбулда «Жаңа Османдар қоғамы» деп аталатын жсырын ұйым құрылды. Оның құрамына 250 адам кірді, негізінен интеллигенция мен шенеуніктердің арасынан шыққандар еді. Қоғам империяда реформаның шешуші түрде іске асуын қолдады. Ұйым мүшелері либералдық көзқарастарымен танылған Мұрадтты таққа отырғызуды көздеді. 1867 жылы көзқарастары ашылып қалған жаңа османдар - Намык Кемаль, Зия Бей Лондонға эмиграцияға кетіп, осында «Еркіндік» деген газет шығарды.  Газет арқылы конституциялық монархияны талап етті. Газет үкіметті танзимат реформасының сәтсіздігі үшін сынады. Елде ағартушылықтың жылдам іске асуын талап етті. Тағы бір ерекшелік, «жаңа османдар» аз ұлттардың азаттық қозғалысына, оларға автономия беруге қарсы болды. Жас түріктердің османизм идеологиясы бойынша, Осман империясының барлық мүшелерінің бір отаны бар, сондықтан,  өзін-өзі басқаруға ұмтылудың қажеті жоқ.

XIX  ғасырдың аяғында түрік интеллигенциясының саны артты. Дәрігерлер, заңгерлер, шенеуніктер, офицерлер әртүрлі компаниядағы қызметкерлер саны көбейтілді. Олардың идеялық көзқарастарында және қоғамдық іс-әрекеттерінде сол кезеңдегі түрік қоғамындағы болып жатқан өзгерістер анық байқала бастады. ХІХ ғасыр Осман империясы тарихында еуропалық мемлекеттердің өркениетіне, зайырлы мемлекет сипатына ұмтылумен сипатталады.

Танзимат реформалары Осман империясының қоғамына маңызды экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени өзгерістер алып келді. Түркияның буржуазиялық жолға біртіндеп ауысуына, ескімен жаңаның күресі нәтижесінде өркениеттің жаңа бетін ашуға мүмкіндік алды.

Батыстан алынған буржуазиялық идеялар әртүрлі салалардан көрініс алды. Атап айтқанда, құқықтан, мемлекеттік басқарудан, ағарту саласынан.

Ал қоғамда реформалық әрекеттерді одан әрі тереңдетуді қоштаған либералдық топ-саудагерлер, кәсіпкерлер еуропалық біліммен тәрбиеленген қызметкерлер мен әскерлер болды. Олар 1865 жылы «Жаңа османдар» дейтін жасырын ұйым құрды. Оның жетекшісі белгілі жазушысы Намык Кемал болды. 1876 жылы бұл ұйымның күшімен либералдар сұлтан Абдул Азизді тақтан түсірді. Сөйтіп, сұлтандық билікке II Абдул Хамит келді. Ол 1876 жылы желтоқсанда конституцияны екі палаталы парламентті бекітіп, азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын жариялады. Конституция мемлекеттік  тіл - түрік тілі, мемлекеттік дін – ислам діні деп жарияланды.

XIX ғасырдың соңында реформаторлықтың жаңа толқыны түріктердің ұлттық қозғалысы түрінде көрініс берді. Түріктердің ұлттық қозғалысы XIX ғасырдың  50-60 жылдары басталды. Қозғалыстың бастапқы кезеңінде артушылық  сипаты басым еді. «Жаңа Османдар» ұйымының мүшелері және белгілі ағартушы, жазушы Намык Кемал бастаған бірқатар зиялы топтар түрік тілінің дамуының және оның әдеби тіл дәрежесіне көтерілуіне, ағарту ісіне зор үлестерін қосты. Ендігі реформалық қозғалыс толқынының өкілдері империяның тұтастығын сақтау шараларын іздестірді. 1889 жылғы Стамбулда «Бірлік және прогресс» (Иттихад ве теракки) партиясы құрылды. Бұл ұйымның бөлімдері провинциялары мен шетелде де құрылды. Ұйымның алға қойған жақын арадағы мақсаты – конституциялық мемлекет құру болатын. Реформалық шаралар жүгізіп, елдің экономикасын көтеру, қоғамды жан-жақты жаңарту көзделді. Бұл қозғалыстың  өкілдерін «жас түріктер»деп атады.

Қорыта келе, төмендегідей пікір білдіруге болады: 1839-1853 жылдар аралығында өткен танзиматтың бірінші сатысы мемлекеттік басқару, экономика, мәдениет саласындағы өзгерістерге толы болды. Атап айтқанда, бұл шаралар елдің буржуазиялық даму жолына түсуге  алғышарт жасады, деревня мен қалалардағы дәстүрлі институттардың жойылуына түрткі болды, еуропалық өркениеттің жетістіктеріне қол жеткізілді. Бірақ олар, империяны сақтап қалу үшін, билеуші топтың өкілдерімен жүргізілді. Сондықтан, қалыптасқан тәртіптерге тек жартылай өзгерістер әкелді. Реформаторлардың өздері қоғамда қолдау тапқан жоқ, тұрғындардың негізгі тобының өміріне жеңілдіктер енген жоқ. Сонымен бірге, шетел мемлекеттерінің араласуын тоқтататын өзгерістерге қол жеткізілмеді.

1856 жылы танзиматтың екінші сатысы басталды. Оның негізгі тұстары 1856 жылғы Хатт-и-хумаюн ережесінде баяндалды. Бұл ішкі өзгерістерді көздеген кең жоба болатын. Танзимат кезеңінде мемлекеттік құрылымдардың ішкі ұйымдары бірқатар өзгерістерге ұшырады. Реформа барысында жаңа ұйымдар қалыптастырылды, бұл ұйымдар уақыт талабынан туындаған – министрлер кеңесі, жалпы империя лық және арнайы ұйымдар, өзін-өзі басқару ұйымдары еді. Мемлекетті басқару мәселесін коллегиалды түрде шешу үшін, азаматтық және әскери басқару ұйымдарында әртүрлі арнайы кеңесші ұйымдар құрылды. Бұндай ұйымдарға – Қаржы, Есеп, Полиция, Почта, Телеграф, Адмиралейство, Жер мәселесі, Өнеркәсіп, Қосымша салық ұйымдары жатады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1. Чихачев П.А. Письма о Турции. Источники на турецком языке.–М. Изд-во вост. лит.,1960.– 86 с.

2. Дулина Н., Новичев А., Петросян Е. Танзимат и Мустафа Решид-паша. – Москва: Наука, 1984.– 256 с.

3. Желтяков А.Д. Печать в общественно-политической и культурной жизни Турции (1729-1908). –М.: Наука, 1972. – 320 с.; Новичев А.Д. Гюльханский хатт-и-шериф 1839 года и его внешнеполитический аспект. Тюркологический сборник. –Москва: Наука, 1973.– 282 с.; Маштакова Е.И. К истории турецкоевропейских литературных связей XVIII в. //История и филология Турции. –М.: Ин-т востоковедения, 1976. – 97 с.; Мейер М.С. К вопросу об изменениях в структуре и составе правящего класса Османской империи в XVIII в. // Проблемы истории Турции. –М.: Наука, 1978. –221с.

4. Сборник некоторых важных известий и официальных документов (с приложениями Смирнова В.Д.). – Санкт-Петербург: Унив. тип., 1881 (Казань). – LXXXV с., 264 с. старо-араб. паг.; 20

5. Султан Махмуд //Вестник Европы. –СПб., январь-февраль 1830.

6. Султан Махмуд и министры его //Сын отечества. –Т. 3. –Ч. V. –СПб., 1839.

7. Убичини М.А. Изображение современного состояния Турции. –СПб.:В Тип. II отд-ния Собственной Е. И. В. Канцелярии ,1854. – 146, 3 с. 

8. Хрестоматия по всеобщей истории государства и права: Уч. пособие / Под ред. З.М. Черниловского. Сост. В.Н. Садиков. – Можайск, 2004. – 412 с.

9. Хрестоматия по новой истории: в 3-х тт./ Под ред. А.А. Губера. – М.: Мысль, 2005. – Т.2. – 752 с.

References:

1. Chihachev P.A. Pis'ma o Turcii. Istochniki na tureckom yazyke. – M. Izd-vo vost. lit.,1960. – 86 s.

2. Dulina N., Novichev A., Petrosyan E. Tanzimat i Mustafa Reshid-pasha. – Moskva: Nauka, 1984. – 256 s.

3. Zheltyakov A.D. Pechat' v obshchestvenno-politicheskoj i kul'turnoj zhizni Turcii (1729-1908). – M.: Nauka, 1972. – 320 s.; Novichev A.D. Gyul'hanskij hatt-i-sherif 1839 goda i ego vneshnepoliticheskij aspekt. Tyurkologicheskij sbornik. – Moskva: Nauka, 1973. – 282 s.; Mashtakova E.I. K istorii tureckoevropejskih literaturnyh svyazej XVIII v. // Istoriya i filologiya Turcii. – M.: In-t vostokovedeniya, 1976. – 97 s.; Mejer M.S. K voprosu ob izmeneniyah v strukture i sostave pravyashchego klassa Osmanskoj imperii v XVIII v. // Problemy istorii Turcii. – M.: Nauka, 1978. – 221 s.

4. Sbornik nekotoryh vazhnyh izvestij i oficial'nyh dokumentov (s prilozheniyami Smirnova V.D.). – Sankt-Peterburg: Univ. tip., 1881 (Kazan'). – LXXXV s., 264 s. staro-arab. pag.; 20

5. Sultan Mahmud // Vestnik Evropy. – SPb., yanvar'-fevral' 1830.

6. Sultan Mahmud i ministry ego // Syn otechestva. – T. 3. – Ch. V. – SPb., 1839.

7. Ubichini M.A. Izobrazhenie sovremennogo sostoyaniya Turcii. – SPb.: V Tip. II otd-niya Sobstvennoj E. I. V. Kancelyarii ,1854.  – 146, 3 s. 

8. Hrestomatiya po vseobshchej istorii gosudarstva i prava: Uch. posobie / Pod red. Z.M. Chernilovskogo. Sost. V.N. Sadikov. – Mozhajsk, 2004. – 412 s.

9. Hrestomatiya po novoj istorii: v 3-h tt./ Pod red. A.A. Gubera. – M.: Mysl', 2005. – T.2. – 752 s.

Р.С.МЫРЗАБЕКОВА, к.и.н., доцент КазНУ им. аль-Фараби, кафедра Всемирной истории, историографии и источниковедения myrzabekovaryskeldy@gmail.com;

М.С.МЫРЗАБЕКОВ,к.и.н., доцент КазНУ им. аль-Фараби, кафедра международных отношений и мировой экономики moldahmet1964@gmail.com

Реформаторские движения в эпоху Танзимата

Резюме

В статье рассматри­вает­ся реформаторские преобразования в Турции ХІХ века, а также ее предпосылки и результаты. Танзимат – «упорядочение», «уложение» – основные законы Турции, обнародованные султаном Абдул-Меджидом 3 ноября 1839 года. Известной составной частью является Гюльханейский манифест, который должен был реформировать политическую жизнь Турции. Это был манифест, определявший принципы, которым намеревалось следовать правительство. Объективно все эти меры способствовали расчистке путей для буржуазного развития страны, разложению традиционных институтов, более широкому внедрению достижений европейской цивилизации. В процессе осуществления реформ создавались новые органы, которые соответствовали потребностям времени. Новый этап реформ в Турции связан с известным политиком и дипломатом Мустафой Решид-пашой, который в середине 1830 гг. жил в Европе.

Ключевые слова: Турция, танзимат, реформа, Гюльханей, хроника, просвещения, улем

R. MYRZABEKOVA, Candidate of Historical Sciences, Acting Professor al-Farabi Kazakh National University, Department of the World History, Historiography and Source Studies, myrzabekovaryskeldy@gmail.com;

M. MYRZABEKOV, Candidate of Historical Sciences, Acting Professor al-Farabi Kazakh National University, Department international relations and world economy moldahmet1964@gmail.com

REFORM MOVEMENTS IN THE EPOCH OF TANZIMAT

Summary

Tanzimat – “streamlining”, “code” – the basic laws of Turkey, promulgated by Sultan Abdul-Majid on  November 3, 1939.  Its famous integral part is Gulkaney Manifesto, which had  been intended to reform the political life of Turkey. It was manifest that determined the principles the government intended to follow. Objectively, all these measures contributed to the clearing of the ways in capitalist development of the country, degradation of traditional institutions, the wider introduction of achievements of European civilization. In the process of implementing the reforms there were established new bodies that met the needs of the time. A new stage of reforms in Turkey is associated with the well-known politician and diplomat Mustafa Rashid Pasha, who lived in Europe in the mid 1930s. 

Keywords: Turkey, Tanzimat, reform, Gulhaney, Chronicle, Enlightenment, Ulem.

No comments

To leave comment you must enter or register