Home » Materials » ӘОЖ 391.745/749 ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР – «БЕТАШАР» САЛТЫ: САҚТАЛУЫ МЕН ЖАҢҒЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Б.К. ҚАЛШАБАЕВА, әл-Фараби атын. ҚазҰУ, профессор, т.ғ.д.

ӘОЖ 391.745/749 ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР – «БЕТАШАР» САЛТЫ: САҚТАЛУЫ МЕН ЖАҢҒЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4 (16) 2018

Tags: Қазақстан, қазақтар, беташар, беташар, жыры, келін, салт-дәстүр.
Annotation:
Мақалада қазақ халқының отбасылық тұрмысында жасалынатын әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің ішінде әлі күнге дейін мән-мағынасын жоғалтпаған дәстүрлердің бірі – беташар ғұрпының ерекшеліктері мен жоралғылары жөнінде сөз қозғалады. Беташар рәсімінің басты ғұрпы келіннің бетін ашу үшін айтылатын беташар жырының орындалу реті және ел арасынан жазылып алынған беташардың кейбір үлгілері көрсетіледі. Сонымен қатар, бүгінгі күні беташар рәсімінің рөлі мен кейпі мәселесі аталып өтеді.
Text:

Кіріспе. Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатта ұлттық дәстүрлеріміздің кейбір озық үлгілерін насихаттай отырып, өркениеттікке деген ұмтылыс ұстанымында қалыс қалдырмайды. Сонымен қатар батыстық өркениеттің ұлттық ділімізге сай келмейтін деп танылған тұстарын сыни тұрғыда зерделей отырып, ұлттық болмысымызды айқындайтын өзіндік төлтума даму жолын қалыптастыруды қалайды. Демек, ұлттық мәдениеттің жаңғыруының тарихи көріністерін зерделеп, қазіргі күйі мен болашағын бағамдау Елбасының «Болашаққа бағдар-рухани жаңғыру» бағдарламасы мен заман талабынан туған сұраныс.

Материалдар.  Мақаланың деректік негізін этнографиялық экспедиция материалдары құрады. Сондай-ақ қазақ халқының салт-дәстүрлер және әдет-ғұрпы туралы жарық көрген материалдар, қазақ зиялыларының ғылыми зерттеулері құрады.

Әдістер. Жұмысты жазу барысында этнографияның келесідей дәстүрлі әдістері кеңінен пайдаланылды: байқау, жергіліктітұрғындармен әңгімелесу болып табылды. Сонымен қатар, тарихи жүйелілік,тарихи-салыстыру, хронологиялық және бақылау әдісі; контент-анализ,салыстырмалы-тарихи, локальды-тарихи, жазба деректерді зерттеу, статистикалық деректерді талдау және т.б. тарихи, тарихи-демографиялық бағыттағы зерттеу әдістері қолданылды.

Талқылау. Мәдениетті бір ұрпақтан келесі ұрпаққа жеткізетін яғни мұрагерлікті жүзеге асыратын да салт-дәстүрлер жүйесі. Ерте замандағы азаматтық қоғам әлі қалыптаспаған тұстағы ырымдар мен әдет-ғұрыптардан қазіргі ұлттық мәдениеттің архетипін байқауға болады. Сонау заманнан келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміздің кейбір көріністері әлі күнге дейін қазақ тұрмысындағы дәстүрлі мәдениетімізді құрайды. Қазіргі заманның өзінде жас ұрпақ, жаңа буын мәдени дәстүрлерді өзгертуді мұрат тұтпайды. Әрине мәдениет түрленіп дамиды, заман талабына қарай өзгеріске де ұшырауы мүмкін, бірақ қайбір мәдениет элементтеріне зер салсақ, ертедегі әдет-ғұрыптардың архетипін байқауға болады.  Әлеуметтік ортада берік орныққан салт-дәстүр адамдардың қоғамдық та отбасылық та тәлім тәрбиесіне ықпал ететіндігі айқын. Себебі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер, жоралғылар, жосындық үрдістер бұлжытпай сақталып, заң ретінде қабылданған.

Нәтижелері. Қазақ халқының отбасылық тұрмысында жасалынатын әдет ғұрып, салт дәстүрлерінің ішінде әлі күнге дейін мән-мағынасын жоғалтпаған дәстүрлердің бірі - «Бет ашар». Ертеде келін түсіру барысында қазіргі үйлену тойы емес, «Беташар» тойы жасалынған. «Беташар той» деп аталу себебі, қыз үйінен ұзатылар алдында басына сәукеле киіп, бетін жауып жігіт үйінің табалдырығын аттайды. Айта кету керек, жігіт үйінің босағасын аттамас бұрын келінге отқа май құйғыздыртып, үлкендер «От-әулие кейде От – ана, Ұмай – әулие, Ұмай –ана жарылқа», деп келіннің бетін сипайды. Келінге отқа май құйғыздыртуда да өнегелі, жолы ашық үлкен қария аналар болуы керек. Отқа май құйғыздырған аналар от жалынына қолдарын тигізіп, маңдайларын, төстерін сипап әруаққа тағзым еткен. Май құйылған отқа алақанын қыздырып алып, келіннің бетін сипайды [Алтынсарин И., 1870: 4-5]. Отқа май құюдың да мәні бар. Ол – ерте заманнан келе жатқан халықтың отқа табынуымен байланысты дүниетанымынан туындаған. От - шаңырақтың түтінін түтетуші деп есептеп, келіннің табалдырық аттарда жасайтын міндетті ғұрыптарының бірі саналған. Табалдырық аттаған келінді алдын ала дайындалған, бөлменің бір бұрышына тұтылған шымылдық ішіне отырғызады. Онда жаңа түскен келін қайынсіңлі, құрбы, т.б. қыз келіншектермен оңаша отырады. Мұнда келін беті ашылғанға дейін көптің көзіне көп түспеу керек, себебі, жаңа түскен келінге жын перілер үйір болады деген ұғым болған.

«Беташар» - келінді сол отбасына мүше ретінде қабылдау, оны жігіттің туған-туысқандарымен таныстыру, сол үйге сіңісу үшін өсиет айтатын әрі тәлімдік-тәрбиелік мән-маңызы жоғары халықтық жыр. Ертеде келін түскен күннен кейін ауыл-аймақты жинап «бет ашар» тойын жасайтын болған. Онда келінді ағайын-туыс, құда-жегжат, көрші-қолаңмен таныстырып, оған түскен жерінде қалай өзін ұстауы, үлкен кішіні қалай  сыйлау қажеттігі жөнінде де ақыл кеңес береді. «Беташар» бүгінде көп жағдайда екі жастың үйлену тойында орындалады. Ал, үйлену тойы көп жағдайда келінді түсіргеннен кейін бір-екі апта не бір немесе бірнеше айлардан кейін, яғни жағдайлары келгенде өткізіледі. Беташарды міндетті бір дәстүр ретінде ғана санап, жастардың той қашан өтеді, сол кезде ғана ашу дұрыс емес. «Беташар» деген сөздің мағынасының өзі – келінді келген жұртына алғаш рет бетін ашып, ел жұртымен таныстыру болып табылады. Сондықтан беташардың мән мағынасын бұзбай, келін түскен бірер күннен кейін қалдырмай өткізу қажет. Беташарда келіннің аяғы астына қой терісін төсеген, оның мағынасы келіннің мінезі қойдай жуас, терідей жұмсақ болсын деген ниеттен туған [Қалшабаева Б.К., 2011: 288].  Қазіргі кезеңдерде көбіне кілем төсейді. Беташарда қолтық сүйейтін жеңгелерге де мән берген. Олар көп балалы, өнегелі келіндер болуға тиіс. Сондай ақ, келін мен оның қолтығын сүйейтін жеңгелердің де киім үлгілеріне мән берілу керек.  Мәселен,  «Беташарда»  ашық-шашық киінген қалыңдыққа халықтық жырды айтып, домбырамен үлбіреген бүркеншікті ашып, сәлем салдыртудың өзі жарасымсыз. Сондай ақ, қолтық сүйеп тұрған жеңгелердің де киім киісіне мән беру керек, мәселен, жеңгелердің жалаңбас тұрып, сәлем салдыртуы да дұрыс емес. Сондықтан да «беташар» салтында келіндердің ұлттық киіммен тұрғаны жарасымды, әрі осыны қалыпқа ендірту керек.

Келіннің бетін оңтүстік шығысқа не құбылаға қаратып тұрады. Келіннің бетін ашатын кісі тақ санды үш әлде бес орамалды бір-біріне жалғап, ұшын  шыбыққа байлайды. Шыбыққа байлаудың мәні шыбықша өсіп-өнсін деген мағынаны білдіреді [Қалшабаева Б.К., 2011: 283]. Бет ашатын әнші жігітке алдын-ала келін түскен үйдің туған-туысқандарының  тізімі беріліп, соған орай өлең жазылады. Бет ашатын әнші сол өлең шумақтарымен жігіт туысқандарын таныстырып, жақсы-жаман қасиеттерін әзіл-қалжың өлеңмен айтып, олардың әрқайсысына сәлем салдыртып, «Осы ауылдың халқына қалаулы, еліне елеулі келін бол», - деп аяқтайды. Қазақ халқының «беташар» дәстүрі қай аймақта болмасын сақталған, әрі әлі күнге дейін жалғасуда. Енді, ел арасынан жазылып алынған беташардың кейбір үлгілерін келтіре кетейік. Беташар жыры: 

Бісіміллә деп бастайын   

Жаңа түскен жас келін, 

Насихат айтып жақсылап,  

Бетіңді ашып тастайын. 

Рұқсат етті көп халық   

Жаңылып сөзге саспайын, 

Сыйлап халқым келген  күн, 

Керіліп топтан қашпайын.   

Ұлы жүз, орта, кіші жүз, 

Үш атаның баласы, 

Біздің де қазақ халқы екен. 

Жаңа түскен келінге, 

Тері төсеп бет ашу,   

Бет ашу қазаққа әдет-салт  екен. 

Айналасы толы адам, 

Бәріңді келін көріп тұр.   

Көргенменен танымай, 

 Қайсысы алыс, кім жақын 

 Сол жері көңілін бөліп тұр,  - [Алтабаева Ұлтай]  деп ары қарай аталған әрбір жақын-туыстың  ерекше қасиетін көрсетіп, кейде қалжыңмен таныстыра отырып ашады.

Қай жерде болмасын алдымен келінге өсиет айтылады, кейін қайын жұртымен таныстырады. Мысалы:

  Айт келіншек айтамын, жаңа түскен жас келін,

  Үлгілі сөз айтамын, болагөр жаным бас келін.

  Сүйрең-сүйрең сөйлеме –аузыңды бас келін.

  Орынсыз артық сөйлесең, ол өзіңе қас келін.

  Сауатығұн малың бар, қарайтұғын жаның бар

  Ұйқыңды сергек аш келін, - т.с.с. [Тәкежанұлы Қ., 2005: 33].  

Қарақалпақстандағы қазақтардан жазылып алынған беташар мәтіні төмендегідей: 

Қазақ  келсе мұңаймас, Ордадай бол келіншек   

Жүрісінен жаңылмас, жорғадай бол келіншек, 

Халық қамын ойлаған, дарғадай бол келіншек, 

Жеңіл желпі мінезге, үйір болма келіншек,   

Сабырсыздықтан сәл жерде, сусып жүрме келіншек, 

Былтырғы сөздің аяғын, қуысып жүрме келіншек, 

 Бір ұрысып үйренген, өшігер дейді келіншек, 

Білімсізді  білімді кешірер дейді келіншек, 

Қайынатаның қызметін, қайыр деме келіншек, 

Қайын ененің жұмысын, бұйым деме келіншек, 

Әлпештеген атаға, тіл тидірме келіншек, 

Айтқан сөзім келінім, көңіліңе әбден орнықсын, - т.с.с. айта отырып,

келген  үйдің тумаларымен таныстырады. Олардың әрқайсысының аты аталған сайын олардың құрметіне сәлем салынып отырады. Таныстыру былай айтылады:  

Келін алдым бүгін деп, кемпірдің алды жүгін деп, 

Қос жүрегі шәукілдеп, қуанып тұр атаңыз, 

Айтып рахмет алғысын, буындары балқысын,   

Келін иіл қайын атаңа, бір сәлем!  

Ауырымды алды келін деп, 

Қос жүрегі дүрсілдеп, қуанып тұр енеңіз, оған да бір сәлем, - [Анаров Әмірзақ]. деп аты аталғандардың барлығына сәлем салдыртады, олар өз кезегінде сый-сияпатын арнайы дайындалған ыдыс не қалтаға салып отырады. Беташардың соңына қарай:   

   Сызылып қара жарыңа,

  Жара салма жанына,

  Көрсе қызар болмағын

  Қанағат қылғын барына!

  Гүлі болғын даланың,

  Анасы бол баланың.

  Келген жерден бақ тауып,

  Жарасып кетсін қадамың, – деген тілектермен бет ашады. Келіннің беті ашылған соң ауыл қариясы жастарға бата береді:  

Бісіміллә, рахмани рахим, 

О, құдайым берсін, айтқаны келсін.   

Келінжан тойларың оң болсын, 

Қадамыңа гүл жаусын, 

Ойлаған мақсатыңа жеткейсің,   

Шоқаң мың болып,  түбің бір болып

Осы ауылдың халқына қалаулы, еліне елеулі келін бол, [Рахымбаева Райхан]–деп аяқтайды.

Қорытынды. «Беташар» дәстүрі қазақ мәдениетіндегі ертеден келе жатқан ұлттық кодының бірі. Бұл дәстүр басқа да түркі тілдес халықтарда кездескенімен мағынасы бір, түрі басқаша болып келеді. Қазақ халқының беташары – жаңа түскен келінге айтылатын ақыл-өсиеті, ел-жұртпен таныстыруы болады. Әр елдің өзінің үлкен-кішісі бар, құрметтейтін кісісі бар, солармен таныстыру болып табылады. Сондықтан жас келін, жиналған жұрт беташардың мазмұнына құлақ түріп, ықыласпен тыңдай білу керек. Беташарды асығыс үйлену тойында айтқаннан гөрі, келін түскен күннен ұзатпай өткізілуі тиіс. Біз осындай ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, болашақ ұрпағымыздың санасын жаңғырту арқылы ұлттық кодымызды ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдыра аламыз.

Әдебиеттер:

1. Алтынсарин И. Очерк обычаев при сватовстве и свадьбах у киргизов Оренбургского ведомства // ЗООРГО. – Казань, 1870. – Вып. 1. – С. 27.

2. Қалшабаева Б.К. Орталық Азия қазақтары (тарихи-этнографиялық зерттеу). –Алматы: Қазақ университеті, 2011. – 406 б.

3. Алтайбаева Ұлтай, жасы 1921 ж. туылған, руы шеркеш, Қарасай ауданы

4. Тәкежанұлы Қ. Қазақтың ежелгі әдет ғұрыптары. – Алматы: Казиздат, 2005. – 84 б.

5. Анаров Әмірзақ, 1919 ж. туылған, руы әлім, Қарасай ауданы

6. Рахымбаева Райхан, 1931 ж. туылған руы адай, Қарасай ауданы

References:

1. Altynsarin I. Ocherk obychaev pri svatovstve i svad'bah u kirgizov Orenburgskogo vedomstva // ZOORGO. – Kazan', 1870. – Vyp. 1. – S. 27.

2. Кalshabaeva B.K. Ortalyк Azija кazaкtary (tarihi-jetnografijalyк zertteu). –Almaty: Кazaк universitetі, 2011. – 406 b.

3. Altajbaeva Ultaj, zhasy 1921 zh. tuylgan, ruy sherkesh, Кarasaj audany.

4. Takezhanuly К. Кazaкtyn ezhelgі adet guryptary. – Almaty: Kazizdat, 2005. – 84 b.

5. Anarov Amіrzak, 1919 zh. tuylgan, ruy alіm, Karasaj audany

6. Rahymbaeva Rajhan, 1931 zh. tuylgan ruy adaj, Karasaj audany

Б.К. КАЛШАБАЕВА

Казахский национальный университет имени аль-Фараби,

и.о. профессора, д.и.н.

НАЦИОНАЛЬНЫЕ ТРАДИЦИИ – «БЕТАШАР»: ПРОБЛЕМЫ СОХРАНЕНИЯ И МОДЕРНИЗАЦИИ

 В статье рассматриваются особенности традиционного обряда – беташар, которое до сих пор не утратило свое значение в системе обычаев и традиции казахской семьи. Показаны традиции исполнения свадебного казахского обряда открывания лица невесты, сопровождаемое традиционной песней-жыр, а также записаны образцы выполнения обряда беташар среди народа. Наряду с этим, рассматриваются проблемы роли ритуала беташар в современный период.

Ключевые слова:Казахстан, казахи, беташар, песня беташар, невеста, традиции и обычаи.

B. KALSHABAYEVA

Al-Farabi Kazakh National University

Associate Professor of the Department of Archeology, Ethnology and Museology

NATIONAL TRADITIONS - "BETASHAR": PROBLEMS OF CONSERVATION AND MODERNIZATION

 The article deals with the peculiarities of the traditional rite - betashar, which has not yet lost its significance in the system of customs and traditions of the Kazakh family. The traditions of the Kazakh wedding ceremony of opening the face of the bride are shown, accompanied by the traditional song-zhyr, and samples of the performance of the betashar among the people are recorded. Along with this, the problems of the role of the ritual of the beta-shar in the modern period are considered.

Key words: Kazakhstan, kazakh, betashar, song of betashar, bride, traditions and customs.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 40

No reviews

Download files

__алшабаева Б. Беташар 1.doc 0.07 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ТАРИХ-И АЛФИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ДЕРЕКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖАЙЫНДА Қазақ халқындағы беташар рәсімі ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ 60-70 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ САЯСИ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ҚАЗАҚТАР МЕН ҚЫРҒЫЗДАРҒА ЫҚПАЛЫ Солтүстік Қазақстандағы "АЛЖИР" әйелдер лагерінің тарихы: тарихнама және мұрағаттық деректер ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ УДК 323.1:94(476) Қазақстандағы белорус этносының өкілдері: қалыптасуының тарихы мен бүгіні Ұлттық идея «Мәңгілік Ел» және оның институционалдық реформа бойынша жүзеге асырылуы ҒТМАР 03.20 ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ НЕГІЗІ- ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗДАНУ, БЕЙБІТШІЛІК САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ҰҒЫНЫСТЫЛЫҚ (1991-2013 жж) (тарихи-саяси бағыты) 902/904 Ф. Х. АРСЛАНОВА ЖӘНЕ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА ЕРТЕСАҚ МӘДЕНИ КЕШЕНІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ ӘОЖ 391.745/749 ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР – «БЕТАШАР» САЛТЫ: САҚТАЛУЫ МЕН ЖАҢҒЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Author's articles

ӘОЖ 391.745/749 ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР – «БЕТАШАР» САЛТЫ: САҚТАЛУЫ МЕН ЖАҢҒЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ