Home » Materials » ӘӨЖ 2.37 (372.8) Заманауи Қазақстандағы мұсылмандық діни білім беру және зайырлы қоғам қалыптастыру мәселесі

Досанов Н.А.

ӘӨЖ 2.37 (372.8) Заманауи Қазақстандағы мұсылмандық діни білім беру және зайырлы қоғам қалыптастыру мәселесі

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3

Tags: Зайырлы, қоғам, дәстүрлі, дін, ислам, діни, білім.
Annotation:
Қазақстан егемендік алғалы бері қоғамдағы дінге байланысты мәселелер жиі туындайтын болды. Мәселе көп жағдайда мұсылман діні мен зайырлылық арақатынасының төңірегінде өрбиді. Аталмыш мақалада дәстүрлі ислам, қазақ халқының мәдениеті, зайырлы қоғам мен мұсылман дінінің байланысы туралы ақпарат беріліп, зайырлы қоғам қалыптастырудағы мұсылман дінінің орны айқындалады.
Text:

Соңғы кездері қоғамда дәстүрлі дін, дәстүрлі ислам деген түсінік жиі айтылады. Бірақ оны әркім әрқалай түсінеді. Мәселен, қазақ халқы үшін дәстүрлі дін – ол ислам діні, ал дәстүрлі ислам – ол ханафи мазһабы мен матуриди сенімі. Осы фикһ пен сенім мектебі қазақ даласында ислам діні таралғаннан бері дәстүрлі ислам ретінде жергілікті халықтың санасына сіңді.

  Орта ғасырларда исламды ғылыми тұрғыда зерттеп, оны мәдени тенденция ретінде қарастырып, араб тілімен қатар парсы және шағатай тілдерінде ғылыми, әдеби бағыттағы шығармаларды жаза бастаған түркі қауымы әлемдік мәдениеттің дамуына орасан зор үлес қосты. Діни білім беретін медреселер, ғылыммен айналысуға арналған кітапханалар сол замандағы меценаттар мен ғалымдар тарапынан қолдау көрсетілу арқылы ашыла бастады.

  Уақыт өте келе түрлі саяси идеологияның әсерінен қоғамдық сана, діни көзқарастар өзгере бастады. Кеңес үкіметі тұсында медреселер мен мешіттер жабылып, діни қызметке тыйым салынды.

Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Кеңес үкіметінің дінге деген көзқарасы өзгере бастайды. Дін бұрынғы заманның сарқыншағы ретінде сипатталып, атеистік таным үстемдікке ие болады. «Дін - апиын» деген ұранмен дін қараланады. БАҚ беттерінде дінге карсы айтылған керітартпа, жалаң пікірлерге орын берген мақалалар жиі басылады. Дінді қаралау күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе болады. [1]

Қазақ интеллигенциясы өкілдерінің барлығы дерлік әуелі ауыл молдасынан сауат ашқан. Содан соң барып қана білімге шақырып, оқу-ағартумен айналысып, ғылым қуған. Сонымен қатар олардың өмір сүру әдебі заманауи түрде көрініс тапты. Себебі олардың дәстүрлі діні зайырлы болуға, заманнан қалмауға, үнемі ізденісте болып, ғалым болуды мақсат тұтуға үйретті.

Академик Ғ.Есім діни-ағартушылық бағыттағы ой-сананың қазақ қоғамында төрт бағытта өрбігенін дәлелдейді. Олар:

1. діни-ағартушылық ой – сананың қазақ әдебиетінде: фольклорда, жыр-дастандарда яғни ауызша және жазба әдебиеттің барша жанрлары мен үлгілерінде және өнер туындыларында: мазарлар, кесенелер, мешіттер т.б. орын алуы.

2. діни-ағартушылық ой-сананың жалпы халыққа білім беру ісімен тікелей байланысты болуы.

3. діни-ағартушылық ой-сананың тәрбие ісімен тікелей байланыстылығы.

4. діни-ағартушылық ой-сананың құқық мәселесінде кеңінен көрініс табуы. («Сыр еліндегі діни-ағартушылық ой-сана» (Марал ишанның 230 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-теориялық конференция материалдары, Алматы 2010, 7-бет).

Бұлардан шығатын қорытынды: Кеңес дәуіріне  дейін еліміз аумағында 2000-ның үстінде мешіт, медреселер болса, оларда жергілікті халық өкілдері тіл сындырса, сауат ашса не ауыл молдасынан алған сауатын әрі қарай білім алумен жалғастырса, Кеңес үкіметіне дейінгі қазақтардың 2-ақ проценті сауатты болған деген деректің жалғандығы өз-өзінен дәлелденбей ме? Басқаны былай қойғанда, Қазан төңкерісіне дейінгі қазақтардың біраз бөлігінің хат танығаны, сауатты болғаны жөніндегі деректерді Сыр елінің өмірінен де көптеп табуға болар еді.  Біздің қолымызда араб харпімен, төте жазумен жазылған, жастардың бір-біріне сүйіспеншілік сезімдерін білдіретін  хаттарының үлгілері бар. Бұндай «Хусни хаттар» жазу дәстүрі бүкіл қазақ елінде болғанына С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», Б.Майлинның «Шұғаның белгісі» шығармаларындағы мысалдар дәлел бола алады. Қазақ әдебиетінде жазба айтыс дәстүрінің  Сыр сүлейлері шығармашылығында ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында пайда болғанын қайда қоямыз?! Сауаттылықтың, білімділіктің деңгейі көркем әдебиетте дәстүрлі мазмұнды түр – жанр қалыптастыруға дейін көтеріліп жатса, Қазан төңкерісіне дейінгі қазақтардың 2 пайызы сауатты болған делінетін әдейі, саясатпен бұрмаланып айтылған деректің жалғандығы өз-өзінен дәлелденбей ме?!

Ендігі бір мәселе сауат ашу мен білім берудің қалай жүргізілгені  туралы болса, жоғарыда айтқанымыздай мешіт, медреселерде ұстаздық еткен Орта Азия, Түркия, Ауғанстан, Мысыр, Үнді т.б. елдерде оқыған, жоғары дәрежедегі білім алған ишандар мен ахундарға қайта ораламыз. Бұлар сөз жоқ – қоғамдағы діни-ағартушылық ағымның өкілдері болды. Соңғы уақыттары айтылып, жазылып жүргеніндей қазақ мұсылмандығын қалыптастыруға, бекітуге қызмет еткен діни-ағартушылардың дүниетанымдық тұғырнамасы, ұстанған бағыт-бағдары сопылық философияға негізделген еді. Жалпы қазақ, түрік  мұсылмандығы жөнінде айтқанда ұлы бабамыз Ясауидың «Менің Хикметтерім құран мәні» деп ғұмыр кешкен, түркілік дүниетанымда мұсылмандықтың жаңа, жасампаз үлгісін қалыптастырған, әдебиет пен өнерде сопылық поэзияның негізін қалаған данышпандық жолын біліп қана қоймай, басшылыққа алып ойлануымыз қажет-ақ. «Ясауи жолы фикхтық жағынан Имам ағзам Әбу Ханифаның, ақайдтық жағынан имам Матурудидің іліміне негізделген, түркі халықтары арасында кең тараған нағыз түркілік мәдениетпен сомдалған, дәстүрлі мұсылмандық түсінігіміздің  айнасы» (Д.Кенжетай. «Ясауи жолы – дініміз бен діліміздің темірқазығы» «Егемен Қазақстан» 2011 жыл, 28 қыркүйек) екенінде дау жоқ. [2]

  Қазіргі таңда қоғамда зайырлылық туралы жиі сөз қозғалады. Себебі дін ұстанып жүрмін деген жастар кейде радикалды ойға екпін қояды. Сауд Арабия елінде діни білім алып келгендер діни доктринаны қолдайды. Ал бұл зайырлы қоғамды қалыптастыруға өзіндік кедергілерін тигізеді.

  Зайырлылық жайында Досай Кенжетай келесідей пікір айтады: «Зайырлылық дегенде оның ішкі және сыртқы функцияларын өзіндік текстпен қоғамға түсіндіру қажеттілігі бар деп есептеймін. Оның үстіне өткен жылы қабылдаған жаңа заңымызда осы «...зайырлы ел» деген тіркестің ішкі мазмұны мен ұстанымдық функцияларына түсіндірмелер жасалу керек деп есептеймін. Ол түсіндірмелер де мәдени, тарихи сана мен діни, өркениеттік тәжірибемізді ескеріп жасалуы тиіс. Себебі дін құбылысы киелі, моральдық тұжырымы бар, діни ғұрыптық қырымен қоса, аксиологиялық сенім мен құлшылықтар институты. Адамның рухымен ожданымен таразыланып қабылданатын Құдайлық заң. Бірақ дін тек қана жеке адамды ғана емес тұтастай қоғамды, мәдениетті қалыптастырушы күш. Діннің әлеуметтік мәні зор. Әрбір қоғам отбасынан, отбасы жеке адамдардан тұратын болса, солардың әрбірі жеке ожданы, өзіне әлемге, мемлекетке тағы сол сияқты Жаратушыға қарсы жауапкершілігі бар тіршілік иесі. Оған қоса дін қоғамдық тәртіп пен жүйеге, жеке адамға, қауымдасып жасайтын амалдар бұйырады. Ал діндар тұлға үшін діннің бұйрықтарын орындау, тыйымдарынан қашу, құлшылық пен мінажаттарын жүзеге асыру ожданының тілегі, жауапкершілігі болып табылады. Олай болмаған жағдайда діни тұрғыдан күнә жасағаны. Осы нәрсе оның ожданында психологиялық күйзелісті туғызады. Бірақ сол адам өз қоғамының ішінде тек діндар ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің азаматы. Сондықтан мемлекеттің заңы мен тәртібін мойындап, конституциясын қабылдап, құрметтеу оның азаматтық борышы, міндеті. Бұл тұрғыдан діндар тұлға екі міндет арасында қалып отыр. Бірі діни міндеті, екіншісі қоғам алдындағы мәдени міндеті. Сондықтан да қоғамның жетістігі мен жеке адамның ожданында тыныштық орнату үшін жаңа мемлекет құқығы зайырлылық ұстанымын таңдап алды. Міне осы жерде зайырлылық ұстанымының функциясы көмекке келуі тиіс.

Зайырлы мемлекетте дін еркіндігі дегеніміз - билік жолы арқылы немесе жеке азаматтар тарапынан, заң арқылы немесе басқа жолдар арқылы қысым көрмей; қорқыту саясатына ұшырамай қалаған дініне сену; оның ақидаларын еркін орындау; сенген дінінің құлшылығы мен мінажатын сол діннің негізі, ереже қағидасы және тілінде жүзеге асыру; сол дін туралы ойлары мен білімін ауызша немесе жазбаша жаю; сол дінді еркін үйреніп, басқасына еркін оқыту; мемлекет тарапынан белгіленген заңға сай әрекет ету шартымен жеке немесе қоғамдық жағдайларда өзінің сенген дінінің жолымен жүру мүмкіндігі деген сөз. Республикалық жүйеде Заң шарттарын орындап діннің тыйымдарын жүзеге асыра алмаса, немесе заң талаптарын бұзбаймын деп діннің шарттарын орындай алмаса, кез келген азамат дін алдында күнә жасаған болып есептелмейді. Себебі ол діндар адам азамат ретінде осыны істеуге мәжбүр деген сөз. Ал мәжбүрлік исламда күнә емес. Ал енді зайырлылық ұстанымы бар, бірақ оны негізге алмайтын мемлекеттерде діни фанатизм немесе саяси лаңкестік билікке үстемдік етеді. Діни фанатизм надан діндардың өзінің діни ақидаларын абсолюттік ақиқат ретінде қабылдап, басқа діни танымдағылардың жолына «ширк» ретінде үкім шығарып, саяси билікті өз ықпалына алып күн көрсетпейтін нағыз дін дұшпаны, мазхаб ерекшеліктерін құрметтемейтін, Алланың атынан сөйлеуге бейім, қағидашыл, қауға сақал бүгінгінің салафилері сияқты болады. Оның мысалын алыстан іздемей ақ өзіміздің Қазақстаннан көруге болады. Мысалы сондай күштердің сопыларды зынданға жаптыруының артында осы құбылыс жатыр. Ал саяси фанатизм белгілі бір тұлғаның саясат, қоғам  туралы өзінің жеке көзқарасы мен ойларын абсолюттік ақиқат деп басқаларды көзге ілмейтін надандықтың дұшпандығы. Сондықтан дін еркіндігін діни және саяси фанатизмге қарсы қорғаудың бірден бір жолы зайырлылық ұстанымы және оның көпқырлы функциялары болу керек деп ойлаймын. Зайырлылық негізінен өлшем, тепетеңдік жүйесі. Зайырлылықтың осы функциясы бойынша билік барлық діни танымдар мен діни жамағатқа бір көзбен қарау мүмкіндігін ешқандай топқа беріп қоймауы керек. Олай болса абыройдан айрылады. Сопылар мен қоғамдағы салафилерді табиғи диалектика ретінде қадағалап отырса билік те қоғам да ұтылмас еді. Есесіне діни білім, ғылым, таным мен діни сана тереңдей түскен болар еді». [3]

  Жаһандану жағдайында, электронды ақпарат алмасу қарқынды түрде жүзеге асып, дамыған және дамушы елдерде әлеуметтік желілердің үлесі артып жатқанда зайырлылықты сақтап қалу қиынға соғуы мүмкін. Себебі радикалды діни топтар ғаламтор арқылы психологиялық манипуляцияға оңай берілетін адамдарды қашықтықтан басқарып, олардың психикасы мен діни көзқарастарын догматикалық принциптермен өзгертеді. Соның нәтижесінде қоғамның біртұтастығы мен зайырлылығына қауіп төндіреді. Осы секілді мәселелер туындамас үшін діни жоралғыларға қатысты құбылыстың барлығы заң аясында жүзеге асып, сол бойынша реттеліп отыру бүгінгі замандағы зайырлы қоғамының басты талаптырының бірі.   

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Досанов Нұрлан. Ғабдул Хәкім Омарұлынан бір ғибрат.

2. http://e-history.kz/kz/contents/view/1468

3. https://abai.kz/post/15090 Досай Кенжетай. Зайырлы ел болу мен дін ұстау мәселесі.


No comments

To leave comment you must enter or register