Home » Electronic magazine "edu.e-history.kz"

Electronic magazine "edu.e-history.kz" № 4(24), 2020

Аңдатпа. Бұл мақалада 1917-1918 жылдары Түркістанда өткен азамат соғысы кезінде орын алған саяси үрдістер мен оқиғалар және ондағы қазақ, жалпы түркістандық зиялы қауым өкілдері мен қайраткерлерінің атқарған рөлі мен орны зерттелген. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Түркістан өлкесінде Жетісу облысында Қазақ комитеттері, Сырдария облысында Қазақ-қырғыз кеңестері, одан бөлек Түркістан өлкесі ауқымындағы мұсылмандардың орталық кеңесі, Түркістан өлкесі Қазақ-қырғыздарының кеңесі, «Шуро-и-Ислам», «Шуро-и-улема», «Туран» секілді т.б. ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар құрылғаны белгілі. Бұл ұйымдардың мүддесі ұлт-азаттық қозғалыспен үндесіп жатты. Сондай-ақ, ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар өздерінің мақсатын жүзеге асыруда өзіндік ұстанымдармен дараланды. Кеңестік билік қару күшімен орнағаннан кейін бұл ұйымдарды заңнан тыс деп жариялап, олардың жетекшілерін қуғындау жолына түсті. Болшьшевиктердің мұндай әрекеті жергілікті зиялы қауым өкілдерінің «Ерік», «Түркістан ұлттық бірлігі» секілді т.б. ұйымдарды құрып, ұлттық мүддені қорғау жолындағы қозғалысын өрістетті. Міне, осындай жағдайдағы ұлттық қоғамдық саяси-ұйымдардың құрылуы мен қызметі кеңестік тарих ғылымында маркістік-лениндік методология тұрғысынан халық тілегіне қайшы келетін, ұлттық буржуазияның мүддесін қорғаушы ұйымдар ретінде бағаланып, объективті тұрғыдан зерттелінбеді.
Мақалада деректанушы, шығыстанушы әрі қыпшақтанушы ғалым, қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Болат Ешмұхамедұлы Көмековтың Отандық деректану саласындағы қызметін қарастырылған. Академик Б. Көмеков Қазақстан тарихы ғылымында өзіндік өрнегі бар тұлғалардың бірі. Қазақстан және Орталық Азияның ортағасырлық тарихын, қыпшақтану, тарихи география және ІХ-XVII ғғ. араб, парсы және түркі жазба ескерткіштерін зерттеуші маман. Бұл мақалада Б.Е. Көмековтің Қазақстан тарихының деректану саласындағы ғылыми зерттеулеріне тарихнамалық тұрғыдан талдау жасалды және ол еңбектерінің отандық тарих ғылымындағы маңызы көрсетілді. Ғалымның көпке сабақ боларлық өмір жолы бар, ғылымда өзіндік мектеп қалыптастырып, отандық тарих ғылымының бірқатар салаларының халықаралық деңгейге көтерілуіне зор еңбектер сіңірген. Сондықтан мақалада тұлғаның осынау дара жолын, әлі де жалғасын тауып келетін өзіндік мектептерін, ғылыми еңбектері мен соны пікірлері арқылы, қоғамға қозғау саларлық тың ойларын арнайы зерделей келе, қолда бар деректер негізінде тарихи баға беру мақсат етілген.
Мақала орта ғасырлардағы Жерорта теңізі аралдары мен Атлант мұхитының тарихи бейнесі мен географиялық ерекшеліктерін айқындау үшін Әбул-Фиданың «Тақуим әл-Бұлдан» еңбегін талдауға арналған. Авторлар Әбул-Фиданың зерттеулерінде суреттелген аймаққа тиесілі жерлердің сипаттарын қысқаша баяндауға тырысты. Ғылыми мақалада Каусоро, Тариф, Тула, Кодис, Йабисаһ, Майорка, Маннурқо, Сардиния, Жирбаһ, Сицилия, Массина, Шамис, Лямрия, Ақритиш, Нақробант, Родос, Кубрус, Британия атты аралдарға «Тақуим әл-Бұлдан» еңбегі желісімен тарихи географиясы анықталды. Әралуан аймақтық географиялық ақпарат әртүрлі аумақтардың табиғи ерекшеліктерін, олардың ресурстық әлеуетін, экономиканың және халықтың жағдайын салыстыруға, бағалауға мүмкіндік береді. Шалғай елдер, тарихи көне өлкелер мен олардың даму ерекшеліктері туралы білім біздің еліміздің табиғатын, экономикалық даму ерекшеліктерін түсінуге және оның ресурстарын тиімді пайдалануға көмектеседі. Қазіргі уақытта аймақтық географиялық табиғатты білу қажеттілігі күрт өсуде. Адамзаттың барлық мәселелері (қоршаған ортаның ластануы, тамақ және энергияға байланысты сұрақтар) барлық елдерге немесе олардың көпшілігіне тікелей қатысты. Әлемдік экономикалық байланыстар, сауда және туризм кеңеюде. Мұның бәрі арнайы аймақтық, тарихи-географиялық білімді қажет етеді. Мақалада Әбул-Фиданың еңбегі негізінде сол замандағы Атлант мұхиты мен Жерорта теңізі аралдарының тарихи географиясы, ондағы елді мекендер, географиялық координаттары мен ландшафтысы зерделенеді.
Аңдатпа. Бұл мақалада Ш. Уәлиханов зерттеулеріндегі Шығыс Түркістанның этникалық-саяси тарихы мәселелері қарастырылады. Ғалымның Шығыс Түркістан халықтарының тарихы мен мәдениетіне арналған зерттеулеріне ХІХ ғасыр тұрғысынан баға беріліп, оның ғылымға қосқан үлесі көрсетіледі. Шығыс Түркістан ХІХ ғасырдың ортасына дейін әлемдік ғылымға белгісіз болып, оның негізгі халқы, мәдениеті мен шаруашылығы жөнінде ғылымда нақты пікірлер мен тұжырымдар болған жоқ. Шоқан Уәлиханов осы бос кеңістікті терең ғылыми зерттеулерімен толықтырды. Сол себепті де, оның бұл ел туралы жазған еңбектері мейлінше маңызды болып табылады. Мәселен, ғалым ұйғыр халқының этногенезін зерттеу барысында халықтың шаруашылығы мен мәдениетін, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, діни наным-сенімдерін кешенді түрде зерттеді. Ол Шығыс Түркістанның негізгі халқы ұйғырлардың этникалық құрамын ғылымда алғаш рет анықтап берді. Ш. Уәлиханов Шығыс Түркістанның ежелгі және ғасырлардағы тарихын зерттеп, онда билік еткен хандардың генеалогиялық кестесін сыза отырып, онда буддизм діні мен ислам дінің үстемдік ету мерзімін анықтауға тырысқан. Ғалым әр уақытта деректерге сын көзбен қарап, салыстырмалы талдау жасау арқылы, өзінің тұжырымдары мен қорытындыларын аса байыппен жасады. Қашғардан алып келген «Сұтұқ Бұғрахан тарихы», «Тұғлық Темір хан тарихы», «Қожалар тарихы», «Абумүслим Мауризи» қолжазбаларына ерекше мән беріп, оларды өзінің еңбектерін жазу барысында кеңінен пайдаланып, ғылыми айналымға бірінші болып енгізді. Қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінен кейінгі ұрпаққа зор рухани мұра қалдырып, Орталық Азия халықтарының тарихын зерттеуде зор еңбек сіңірді.
Аңдатпа. Мақала фольклор және ауыз әдебиеті туындыларын тарихи дерек көзі ретінде зерттеу мәселелеріне арналған. Автор жаңа замандағы Қазақстан тарихының жергілікті деректемелерін қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын зерттеудегі бірегей материалдар тұрғысында қарастырады. Қазақтардың Ресей империясының XVIII-XIX ғғ. отаршылдық саясатына қарсылық қозғалыстарының бай тарихы бар. С. Датұлы, И. Тайманов пен М. Өтемісов, К. Қасымұлы т.б. көтерілістері халықтың тарихи жадында жат жерліктерге қарсы азаттық күресі ретінде сақталған. Фольклор және дәстүрлі ауызша тарихнама бұл кезеңдегі халық наразылықтарының сипатын, себебін және барысын қанық көрсетеді. Жұмыста азаттық қозғалысының кейбір мәселелері осы фольклор мәліметтері негізінде қарастырылады.
Аңдатпа. Ғылыми жұмыста авторлар Шығыс Қазақстан облысы Қалба-Нарым өңірлерінде қола дәуірі кезеңінің зерттелу тарихы жайында мағлұмат берілген. Белгіленген аймақ қола дәуіріне тән көптеген ескерткіштердің шоғырланған жері деп айтуға болады, сондықтан ғылми жұмыста алғашқы зерттеу жұмыстары, археологиялық қазба жұмыстарымен айналысқан ғалымдар жайында сөз қозғалып отыр. Авторлар ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, алынған мәліметтер арқылы осы өлкедегі жүргізілген зерттеулерге қысқаша тоқталып кетеді. Ғылыми жұмыста XVIII ғасырдан бастап 1991 жыл Кеңес Үкіметі құлағанға дейін, аталған аймақта зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар жайында, сонымен қатар жеке коллекционерлердің аймақта алғашқы саяхаты негізінде, табылған заттар жайлы жазылған. С.С. Черниковтың Шығыс Қазақстан, соның ішінде Қалба-Нарым жоталарында, қола дәуіріне тән ескерткіштерге жүргізген, көптеген зерттеу жұмыстары ежелгі тайпалардың материалдық және рухани мәдениетін сипаттайды. Аймақта жасалған қазба жұмыcтардың қорытындыларына авторлар салыстырмалы анализ арқылы тақырыптың мәнін, мағынасын ашып көрсетеді. Ғылыми жұмыста қола дәуірі тұрғындарының дүниетанымында, жерлеу орындарын зерттеу негізінде: от, жоса, астаяқтың маңыздылығы, өміріндегі алатын рөлдері жайлы мәліметтер келтірілген. Атап айтқанда, Талапты-ІІ, Мыңшұңқыр-ІІІ, Құйған обалары, Зевакино селосы, Кіші қойтас, Нұрмамбет қорымдарындағы ескерткіштерге жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындылары орын алды.
Аңдатпа. Мақалада 1941–1945 жылдардағы соғыс, сол тұстағы біртұтас мызғымас Кеңестер Одағы аталған алып мемлекет үшін ғана емес, оның құрамындағы Қазақ кеңестік республикасы (ҚазКСР) үшін де тарихи кезең болғандығы қарастырылады. Бүкіл Қазақстан халқымен бірге облыс жұртшылығы да осынау ауыр сынды абыроймен көтере алды. Соғыстың алғашқы күнінен бастап-ақ облыста халық шаруашылығын майдан талабына қарай бейімдеу қолға алынды. Сөйтіп барлық өнеркәсіп, ауылшаруашылық және т.б. толықтай «Бәрі де майданға, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен майданға үлес қосуға жұмылдырылды. Мақалада көтерілген мәселелер Жамбыл облыстық мемлекеттік архиві құжаттары негізінде баяндалады. Мақала №AP05132125 «Қазақстанның ұлттық әскери құрамалары соғыс майдандарында (1941-1945 жж.)» жобасы аясында жазылды.
Аңдатпа. Мақалада Ұлы дала көшпенділері мен көне және ортағасырлық корей мемлекеттерінің арасындағы байланыстардың тарихнамасы қарастырылады. Түркілер мен корей ата-бабаларының арасында мәдени байланыстың бар екенін көрсетеді. Оған дәлел, жартастағы жануарлардың суреттері мен аттың ер тоқымына қатысты сипаттамалар. Кейбір оңтүстік кореялық тарихшылардың пайымдауынша, қытайлық Хан әулеті ғұндармен байланысын үзу үшін ежелгі корей мемлекеті Чосонды қиратқан дейді. VI ғасырдың екінші жартысынан бастап VIII ғасырдың бірінші жартысына дейін Түркілер Когурё, Пэкче, Силла и Пархэ (Бохай) секілді ортағасырлық корей мемлекеттерімен өзара байланыстың болғандығы туралы мәліметтер жазылып кеткен. «Үш мемлекеттің тарихы» (Корей атауы Самгук саги) кітабындағы ерте ортағасырлық Корей мемлекеті Когуре мен Түркі қағанаты арасындағы байланыстар мысалын келтіреді. Самгук саги «Анналы Когуре» бөлімінде б.з 551 жылы Түрік қағанаты мен Когуре арасындағы алғашқы тіркелген байланыстар баяндалады. Оңтүстіккорей тарихнамасын зерттеу барысында оңтүстіккорейлік авторлардың жұмыстары қарастырылды. Ол жұмыстарда Білге қаған жазбаларында кездесетін Бокли мемлекеті – ежелгікорейлік Когурё мемлекеті деген болжам жасалынады. Ескерткіштің жазбаларына сәйкес, Бокли елінің өкілдері Бумын және Истеми қағандардың жерлеуіне барып қайтты.
Аңдатпа. ХХ ғасырда кеңестік Қазақстанда адам капиталын дамытудың, оның ішінде жұмысшылар мен ауыл тұрғындары санының артуына мемлекеттік саясат ерекше ықпал етті. Кеңес Одағында құрылғаннан бастап қалыптасқан осындай мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі демографиялық процестермен де байланысты еді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи оқиғаларды бағалауға деген көзқарас түбірімен өзгерді. Адамзаттың өткен тарихын өркениеттік, халықтық, ұлттық тұрғыда зерттеуге ден қойылып, Қазақстан халқының, оның ішінде ауыл халқының демографиялық дамуының саяси-тарихи үдерістермен тығыз байланыстылығы жаңа теориялық ұстанымдар негізінде қайта қарала бастады. Көші-қон үдерістерін тарихи демографиялық аспектіде зерттеу қазіргі Қазақстан тарих ғылымының ішкі өзгерістерімен қатар, тарихи білімді жаңарту үдерісін басынан өткізіп жатқан тарих ғылымындағы өзгерістерге қатысты жүзеге асырылуда. Осындай жағдайда ұлттық тарихты оқшауламай, ұлттық тарихтың шындығын қайта жаза отырып, зерттеуде қолданылатын методологиялық принциптердің ғылымдағы ортақтығына көңіл бөлеміз. Мақалада 1945-1955 жылдар аралығындағы Қазақстандағы ауыл тұрғындарының демографиялық процестері мен тарихы зерттеледі. Аталған кезеңдегі ауыл халқының демографиясын, тұрмысын және оған ықпал еткен көші-қон процесін зерттеу – мақаланың басты міндеті болып табылады.
Аңдатпа. Мақалада XV ғасырда жазылған ортағасырлық ескерткіш түпнұсқада қарастырылады. Мәмлүктер билігі тұсында құрастырылған ортағасырлық ескерткіштің жазылу тарихы мен сипаттамасы берілген. Мысыр елінде мәмлүктердің үстем билігі күшті болғаны соншалықты, арабтар түркі тілін яғни қыпшақ тілін үйрене бастаған еді. Осы үрдіске дәлел бола алатын «Ат-Тухфатуз закийату фил луғатит туркийати» қолжазбасын айтуға болады. Ат-Тухфа қолжазбасы – араб халқына қыпшақ тілін үйренуге арналған оқулық. Аталмыш ескерткіш Ат-Тухфа араб сөздік жазу дәстүріне сай жазылғанымен, ортағасырлық түркі халқының айналысқан сенімі, танымы, кәсібі, дәстүрі, салты, шаруашылығы туралы мәлімет бере алады. Ортағасырлық ескерткіште түркі халқы туралы баламасы жоқ лексикалық бірліктер этнографизмдер де берілген. Бұл да өз кезегінде ескерткіштің ортағасырлық қолжазбалар арасында алатын орны ерекше екендігін көрсетеді. Себебі, ғылымда «Диуани лұғат ит-түрк» ортағасырлық қолжазбасынан басқа қолжазбалар танымал емес те, түпнұсқада зерттеу жеткілікті деңгейде қарастырылмаған еді. Қолжазбаға палеографиялық талдау жасалынған. Ат-Тухфа ескерткішінің авторы, жазылған уақыты мен мекені де белгісіз. Автор өз тарапынан жазылған уақыты мен мекені туралы зерттеп, тарихи дәйектемелер келтірген. Қолжазбаның құрылымы мен ерекшеліктеріне сипаттама берілген.
1 2 ... 5 Next